Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДЕГЕН ЕКЕН
Әлібек Асқаров. Әдебиет әлемінің әзілдері - 3...

01.02.2019 5406

Әлібек Асқаров. Әдебиет әлемінің әзілдері - 3

Әлібек Асқаров. Әдебиет әлемінің әзілдері - 3 - adebiportal.kz

Әйгілі сыбызғышы Шанақ Ауғанбаев өмір бойы ат үстінде жүрген, зейнеткерлікке шыққанша Өр Алтайдағы үлкен бір ұжымшарды басқарған кісі екен. Сол кісі жетпісінші жылдардың басында зейнеткерлікке шыққан соң партиялық билетін ауданға әкеліп рақметін айтып тапсырыпты да, өзі ауылға барып молдалық құрып кетіпті. Жазушы Оралхан Бөкей (1943–1993) елге барған бір сапарында Шанақтың ауылын іздеп барып, ақсақалға арнайы сәлем береді. Әңгіме арасында Оралхан:

- Шәке, біз сізді коммунист деп ойлаушы едік. Енді, міне, молда боп кеттіңіз. Осы екеуінің қайсысы шындық? – деп әзіл-шыны аралас сұрақ қояды.

Сонда Шанақ аспай-саспай:

- Екеуі де шындық, шырағым. Менің коммунистігім бергі жағында еді де, молдалығым – арғы жағында, тереңде шөгіп жатқан болатын, – деп жауап беріпті.

* * *

Есімдері қалың оқырманға кеңінен таныс қазақ қаламгерлері Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров, Әкім Тарази бірінің сырын бірі бозбала күндерінен жақсы білетін жан достар екен. Бірде төртеуі бас қосып, әңгіме шертіп, сыр тарқатып дегендей, бір үйде ұзақ отырып қалысады. Түннің бір уағы болып, үйге қайтар мезгілде:

- Осы әйелдерімізді бір сынап көрейікші, күйеулерінің қайда жүргені туралы кім қалай жауап берер екен, – деп келіседі.

Алдымен Қалихан Сайынның үйіне телефон шалып:

- Әлгі біздің қандыбалақ досымыз үйде ме? – деп білмегенсіп Сайынды сұрайды. Сәкеңнің бәйбішесі Мәрия жеңгей:

- Үйде қазір жоқ... Ол досың үйге қашан келерін бізге айтушы ма еді! – деп жауап береді.

Ендігі кезекте Сайын Әкімнің үйіне телефон шалады. Ол үйдегі Әлима жеңгеміз:

- Қайдан білейін қайда жүргенін... Рамазанмен ішіп жүрген шығар бір жерде, – деп жауап береді.

Енді Әкім Рамазандыкіне звондайды. Ол үйдегі Күлмәшкен жеңгеміз:

- Әй, Әкім, Рамазанның қайда жүргенін досы сен білмей тұрғанда, үйдегі мен қайдан білейін, – деп жауап береді.

Сосын Рамазан Қалиханның үйіне телефон шалады. Сонда ол үйдегі Дәмеш жеңгеміз:

- Қалихан бағана, сағат тоғызда келген. Шаршап ұйықтап жатыр. Сен, Рамазан, бүгін оның мазасын алма! – деп жауап беріп, телефонның құлағын іле салыпты.

Сөйтіп “әйел жарыста” Қалекең ұтып, достарының алдында мәртебесі бір көтеріліп қалыпты.

* * *

Барлық саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге, олардың эстетикалық талғамын қалыптастыруға, әсемдік әлеміне көздерін ашуға сарп еткен Алматыда бір ғажайып жан болды. Ол – Бақтажар Мекішев, Қазақ университетінің қарапайым мұғалімі, тіпті кандидаттық атағы да жоқ. Бірақ университет жанынан “Жеті муза” клубын ашып, оның атын күллі Қазақстанға мәшһүр еткен кісі. Соншалықты әуреге түсіп тер төгіп, қаншама қиындықтарға кезіксе де, әлгіндей қоғамдық шаруалардан әсте жалыққан емес. Онысы үшін өзгеден де, өкіметтен де айлық сұрап, қол жайып көрмеген азамат.

“Жеті муза” клубында өтетін Бақтажардың қоғамдық лекциясына филология ғылымдарының докторы, ол кезде Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Рымғали Нұрғалиев (1940–2011) жиі-жиі қатысып жүреді екен. Мұны байқаған бір досы бірде Рымғалиға:

- Әй, профессор, членкорр жолдас, жай ғана мұғалімнің лекциясын тыңдап не көрінді саған? – деп таңданғандай сұрақ қойыпты.

Сонда Рымғали:

- Мен членкорр болсам, Бәкең өз саласында академик. Сосын да ол кісінің лекциясы маған аса құнды, – деп жауап беріпті.

* * *

Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Мұзафар Әлімбай “Балдырған” журналының іргетасын қаласып, отыз жылға жуық сол журналдың бас редакторы болған кісі. 1987 жылы Мұзағаң құрметті демалысқа – зейнеткерлікке шығып, оның орнына “Балдырғанға” бас редактор болып ақын Тұманбай Молдағалиев (1935–2010) тағайындалады. Редакцияда ауыс-түйіс боп жатқан осындай бір кезеңде “Балдырғанның” жауапты хатшысы Сұлтан Қалиұлы көшеде белгілі фольклоршы ғалым, әрі балалар ақыны Бүркіт Ысқақовпен (1924–1991) кездесіп қалса керек.

- Иә, Сұлтан, өмірде не жаңалық? – деп сұрайды Бүкең.

- Не жаңалық болушы еді... Түк те жоқ, баяғы,– дейді Сұлтан иығын қиқаң еткізіп.

Сонда Бүкең:

- Неге жаңалық жоқ дейсің? “Балдырғанның” отыз жыл бойғы мұзы еріп, енді тұман түсіп жатқан көрінеді ғой! – депті жымиып.

* * *

Тәуелсіздік жылдарының басында республика парламентінде тілші болып істеп жүрген белгілі журналист Марат Тоқашбаев пен ақын Ғафу Қайырбеков көшеде әңгімелесіп келе жатады.

- Шүкіршілік, қазақ депутаттары да қазір сөз сөйлеуді үйреніп келеді, – дейді Марат. – Сөйлей-сөйлей шешен боларсың дегендей, осылардың арасынан билер де шығар деген үміттеміз.

Сонда Ғафағаң:

- Маратжан, сен бір нәрсені ескермей келесің... Бүгінгі депутат пен кешегі бидің айырмасы, керісінше, аз сөйлеуде болып тұр ғой! – депті.

* * *

1956 жылы ақын Қайнекей Жармағамбетов белгілі бір себептермен партиялық сөгіс алып қалады. Арада біраз уақыт өтіп, бірде қалбалақтап асығып көшеде келе жатса алдынан ақын Мұзафар Әлімбай кездесе кетеді.

- Қайда асығып барасың? – дейді Мұзағаң.

- Ойбай, атама... Баяғыдағы сөгісімді алдырайын деп обкомға безектеп бара жатырмын, – дейді Қайнекей.

- Ондай болса, қалтаңда ақшаң бар ма, бата берейін? – дейді Мұзағаң.

- Бар! – деп Қайнекей балаша қуанып кетіп, он сомдықты ұсына береді.

Сонда Мұзағаң қолын жайып, көшенің дәл ортасына тізерлеп отыра қалыпты да, сөгіс алған досына былай деп бата беріпті:

– Бердім саған батамды,

Кешірсін обком қатаңды.

Қатыныңды жылатып,

Пәмиләңді шулатып,

Көтере берме көрінен

Кәрі аруақ атаңды,

Әумин!

* * *

Наурыз мейрамы кезі екен, соған орай Алматының бір алаңында ұлан-асыр той болып, кітап жәрмеңкесі өтіп жатады. Жәрмеңкеге бір топ ақын-жазушылар шақырылып, оқырмандар олардан қолтаңба алумен болады. Дөңгелек жүзді, аққұба бір жігіттің кімнен қолтаңба аларын білмей қысылып, бірде ұзын үстелдің арғы шетіне, бірде бергі шетіне шығып, именіп батпай жүргенін ақын Мұзафар Әлімбай байқап қалады.

- Әй, балам, бері кел! – дейді Мұзағаң. – Атың кім?

- Қабай.

- Дабай!

Солай дейді де, әлгі жігітке мынадай қолтаңба жазып беріпті:

“Ұсындым кітап Қабайға,

Бізді де оқып абайла.

Көңілімізді бермейміз

Өзге түгіл – Абайға”.

* * *

Халқымыздың сыршыл ақыны Тұманбай Молдағалиевтың бірде Жапония еліне жолы түсіпті. Сол сапарынан Тұмекең әйеліне сыйлыққа әсем безендірілген, әлеміштеп боялған желпуіш ала келеді.

- Тұмаш, Жапониядан әкелген әлгі желпуішіңді сындырып алдым, – дейді оған бірде әйелі.

- Сынып қалғаны қалай? – дейді Тұмекең таңданып.

- Білмеймін... Әйтеуір сынып қалды.

- Жапондар сынатын дүние жасамаушы еді ғой?

Сен онымен қате желпіген шығарсың?

- Қате емес, кәдімгідей былай желпідім, – деп әйелі алақанымен желпіп көрсетеді.

Сонда Тұмекең мырс етіп:

- Жапонияның желпуішімен олай желпімейді. Желпуішті ұстап тұрып, басты шайқайды, – деген екен.

* * *

Әйгілі партизан-жазушы Қасым Қайсенов (1918–2006) бозбала күнінде бәйбішесі Асыл апамызды он алты жасында алып қашқан екен. Қасекең сол кезде от алып, ораққа түскен өжет жігіт болса керек. Содан қайын жұртына әне барам, міне барам деп жүргенде соғыс басталып кетеді. Сөйтіп Қасекең қайын атасының алдынан да өтпей майданға кете барыпты. Соғыста дүркіреп атағы шығып, батыр партизан атанып, екі омырауы ордендер мен медальдарға толып, соғысты тамамдап аман-есен үйге оралған соң, келіншегі екеуі қайын жұртына жиналады. Бұрынғы тентек күйеуді, кейінгі батыр күйеуді қайын атасы да жақсылап күтіп алады. Құйрығы төңкерілген қазақы ту қойды алдырып:

- Ауылда мал соятын еркек кіндікті қалмады. Күйеу, сен тұрғанда, енді қойды мен соям ба? Бауызда мынаны! – деп қайын атасы Қасымның қолына пышақ ұстатады.

- Құп болады! – деп Қасекең пышақты алады да, қойдың аяғын да байламастан жерге алып ұрып, тізесімен басып тұрып, тамағын осып-осып жібереді. Ұят болғанда пышақ өтпейді екен, қарулы қолмен екі рет осқанда кеңірдегін ғана кеседі.

- Мынау пышақ емес, тесе ғой, – дейді де, Қасекең пышақты лақтырып жіберіп, тыпырлап жатқан қойдың басын екі бұрап жұлып алыпты. Батыр күйеуді кызықтауға жиналған бала-шаға, көр- ші-қолаң оның мына қылығын көргенде, у-шу болып қаша жөнеліпті.

Қаперінде дәнеңе жоқ Қасекең:

- Пах, мына қойдың басы пашестің басынан да мықты екен,– деп, алақанын сүртіп, орнынан тұра беріпті.

* * *

Бір жиені үйленіп, Мұзафар Әлімбай 1977 жылы Павлодар қаласына тойға барады. Ол тойға Мұзағаңның туған жері Маралдыдан да бір топ ағайын-жекжаттар келеді. Араларында ақынмен бірге оқып, бірге өскен жора-жолдастары да бар екен. Солардың бірі – Қабылқақ деген құрдасы Мұзағаңмен құшақтасып, төс түйістіріп амандасады да:

- Мұскен, сен өзің шашың селдіреп, қартайып қапсың ғой? – дейді таңданғандай болып.

Сонда Мұзағаң іркілместен:

– Қабылқақ, рас айтасьң,

Шашымнан тарақ қалды,

Аузымнан арақ қалды,

Ойыннан қартам қалды,

Қойыннан қалқам қалды,

деп өлеңмен жауап беріп, тойға жиналғандарды ду күлкіге батырыпты.

* * *

Әйгілі музыкатанушы, есімі әлемге танымал профессор Иосиф Исаакович Дубовский (1892– 1969) көзі тірі кезінде бірер жылға Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы консерваторияда дәріс беріпті. Бірде консерваторияның сол кездегі ректоры Құддыс Қожамияровқа жоғарғы жатқан, “Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Еспаев, Әсет Бейсеуовтерді оқуға қабылдап, нота үйретіңдер” деген мазмұндағы нұсқау түседі. Ректор халық таланттары нағыз мықтының өзінен дәріс алсын деген оймен бұл мәселені Дубовскийге тапсырмақ болады. Сонда Иосиф Исаакович ректордың өтінішін сабырмен тыңдап болғаннан кейін:

- Мен Шәмші, Әбілахат, Әсет секілді біртума таланттарды оқытуға өрем жетпейді, олар бұрынғыдай өз халқынан үйрене берсін. Егер оларды біз теорияның тар шаблонына салып, жұғысып кетсек, әндерінде аңқып тұрған ұлттық бояуды оңдырып аламыз, – деп, нағыз білімдар ақсүйекке жарасатын аталы сөзбен жауап беріпті.

* * *

Халқымыздың тамаша ақындарының бірі Әбдікәрім Ахметов (1924–1983) ұзақ жыл әскер қатарында офицер болған, кейін Алматыдағы Жоғары партия мектебінде оқыған кісі. Әбекеңнің үлкен бастық болуға да негізі бар екен, бірақ өзіне әйел тұрақтамай, жиі-жиі ажыраса берген соң, бастықтық қызметтен жолы оңғарылмапты. Әйел үшін сөгіс те алады, ұрыс та естиді, партиядан да шығарылады. Әбекеңнің сенделіп жүрген сондай бір кезінде ақын Сырбай Мәуленов досына арнап мынадай өлең жа- зыпты да, хатпен үйіне салып жіберіпті:

– Тәңірім сені жаратты ақын етіп,

Аңқылдақ Әбдікәрім Ахметов!

Тастаған әйелдерің жиналып ап,

Жүрмесе жарар еді зақым етіп...”

* * *

Сексен бестің сәуірінен соңғы жаңалыққа да, жаңаруларға да толы алғашқы үш-төрт жылда баспасөз беттері ұрандаған мақалаларға, “қайта құрған” ақыл-кеңестерге толып кеткені белгілі ғой. Бірде Сырбай Мәуленов сондай газеттің бірін оқып отырып, күрсіне басын шайқапты.

- Сыраға, қатты күрсіндіңіз ғой, не болды сізге? – дейді қасындағы інілерінің бірі.

Сонда Сырағаң:

– Алдында бөгет жоғын көрді дағы,

Бұл күнде білгіш болды елдің бәрі.

Осынша шешендер мен көсемдерді,

Қалайша көтеріп тұр жердің шары,

деп табанда өлеңмен жауап беріпті де, тағы да күрсініпті.

* * *

Жазушылар одағында жиналыс, басқадай да жиын-терін бола қалса – үнемі белсеніп мінбеге шығып, тисе терекке, тимесе бұтаққа дегендей, әйтеуір сөйлей беретін, сөйтіп бір көрініп қалуға тырысатын қаламгерлер де кездесіп қалады.

Ділмәрсіп ұзақ тұрып алған ондайларды жазушылар кейде амалсыз қол шапалақтап, сөзін естіртпей, “қошеметтеп” мінбеден қуып түсіреді екен. Жиналған жұрттың уақытын алып, зықысын кетіріп жүрген сондай “белсенділер” туралы ақын Мұзафар Әлімбай бірде былай деп жазыпты:

“Жиын бар ма бүгін” деп,

Жыны буып шығады.

Мінбе тапса дүрілдеп,

Сұсты-суық шығады...

“Былшылдаған бұ кім” деп,

Халық қуып шығады.

* * *

Жазушы Мұхтар Мағауин оқырмандарға о баста аса талантты ғалым ретінде танылғаны белгілі. Мұхаңды қаламдас аға-достары кейде “Қазақтың жазба әдебиеті тарихын бес ғасырға жылжытқан ғұлама” деп те атайды екен. Қазақ әдебиетінің бастаубұлағын Мұхаң қалайша сонау XV ғасырға апарып жүр? Бұл жөнінде ел арасында да әртүрлі алып-қашпа әңгімелер бар. Әрине, ондай әңгімелердің қоспасы да көбірек, бояуы да қалыңырақ болуы мүмкін. Ал біздің айтып отырғанымыз – Мұхаңның өз аузынан орайы келгенде суыртпақтап жазып алған дүниелер еді.

1966 жылы “Мектеп” баспасында “Ертедегі әдебиет нұсқалары” атты хрестоматияның қолжазбасы талқыланады. Кітапты құрастырғандар Мырзатай Жолдасбеков, Ханғали Сүйіншәлиев, Мұхтар Мағауин екен. Ол Мұхтар Мағауиннің кандидаттық диссертациясын дайындап, түрлі кедергілерге кезігіп, жұмысын өткізе алмай жүрген кезі болса керек. Соны білетін қолжазбаның редакторы Бақытжан Хасанов редакциялық кеңес басталмай тұрып Мұхтарға:

- Қажекең ренжіңкіреп, ашуланып отыр. Ол кісі сөйлейтін болса, сен үндемей-ақ қой. Ертең қорғап жатсаң кедергі боп жүрер, – дейді сыбырлап. “Қажекең” дегені – Қажым Жұмалиев (1907–1969) академияның корреспондент-мүшесі, профессор, атағы жер жарған ғалым, әйгілі әдебиет зерттеушісі.

- Жарайды, арыстанмен айқасып не көрінді маған, – дейді де, Мұхаң бір бұрышқа барып үнсіз отырады.

Қолжазбаны талқылау басталып кетеді. Біреу мақтайды, біреу даттайды дегендей, әртүрлі пікір, ойлар, ұсыныстар айтылып, кеңес мүшелері ортақ бір шешімге келе алмайды. Осы кезде Қажекең дауыс көтеріп:

- Оның несіне дауласасыңдар... Шалкиіз деген жоқ, Доспамбет деген жоқ, Қазтуған деген жоқ... Бәрі де ойдан шығарылған аттар, – дейді.

Жиналған жұрт сілтідей тына қалады.

- Мына кітапқа Шалкиіздікі деп тықпалаған дүниенің бәрі де – Махамбеттің өлеңдері, – дейді Қажекең сөзін жалғап.

“Арыстанмен айқаспаймын, тыныш отырам” деп уәде берген Мұхтар Мағауин дәл осы тұста орнынан атып тұрады:

- Ойдан шығарылған жоқ, Қажеке! – дейді лықсыған сезімін барынша тежеп.

Қажекең жас жігітке бұрылып, бір қарайды да:

- Қарағым, бұл өлеңдер Махамбеттің 1925 жылы шыққан жинағында басылған, сіз соны білесіз бе? – дейді.

- Білемін, – дейді Мұхаң да табандап, – бірақ бұл өлеңдер сіз айтып отырған кезден тура 50 жыл бұрын, 1875 жылы Шалкиіздің өлеңдері деп Орынборда басылып шыққан.

- Сен, бала, қой! – деп Қажекең айқай сала- ды. – Сен айтқаннан 50 жыл бұрын Махамбет бұл өлеңдерді өз аузынан шығарған!

Ұрыста тұрыс болсын ба, енді жас Мұхтар да дауысын көтеріп, қаттырақ кетеді:

- Қажеке, сіз айтып отырған уақыттан тура 500 жыл бұрын қазақ бұл өлеңдерді Шалкиіздікі деп айтып жүрген болатын!

Қажекең мүдіреді.

- Ендеше, мен бұл мәселені басқаша қоям! – дейді күбірлеп.

Сонда Мұхтар:

- Мен жақында қорғаушы едім, әңгімені сол жерде жалғастырайық! – дейді екпінін баса алмай.

Мұхтар Мағауин диссертациясын қорғайды. Шақырылған Қажым Жұмалиев ғылыми кеңеске келмейді. Арада тағы да біраз уақыт өтеді.

Бірде екеуі Жазушылар одағының кезекті бір Пленумының мәжілісінде кездесіп қалады.

- Өжет жігіт екенсің, диссертацияны сәтті қорғады деп естідім, құтты болсын! – дейді Қажекең Мұхаңның қолын қысып.

- Рақмет! Сізді де алпысқа толған мүшел тойыңызбен құттықтаймын! – дейді аға сыйлай білетін Мұхаң да ізетпен.

- Әрине, сен кандидаттық атаққа әбден лайық жігітсің. Бірақ ұстанған концепцияң қате... Шалкиіз бәрібір әдебиет тарихына енбейді! – дейді Қажекең.

Сонда Мұхтар:

- Қажеке, – депті саусақтарын бірінен соң бірін санай бүгіп, – менің жасым қазір жиырма жетіде. Сіз жасыңыз келген ақсақалсыз. Сондықтан таяудағы 50 жылдың ішінде Шалкиіз әдебиет тарихына енеді деп алдыңызда уәде бере аламын! – деген екен.

* * *

Мұзафар Әлімбай бірде Алматы облысының бір ауданына қонаққа барады. Тамақ ішіліп, дастарқан жиналған соң, жігіттер ақынның көңілін ауламақ болып, “преферансқа” кіріседі ғой. Іштерінде Шымберген деген мектеп директоры бар екен, сол кісінің қалтасында ақшасы болмай, ұтылып қалған соң, Мұзағаңның ұтысын жарым-жартылай ғана төлепті.

- Жарайды, сені қинамай-ақ қояйын... Бірақ бермеген ақшаңа өлең айтсам қайтеді? – дейді Мұзағаң әзілдеп.

- Айтыңыз, айтыңыз, – дейді отырғандар ақынды қаумалап.

Сонда Мұзағаң былай депті:

– Ау, Шымберген, Шымберген,

Қонақ едік бір келген.

Екі тиыннан келісіп,

Бір тиыннан құн берген,

Бұл сұмдықты кім көрген!

* * *

Сәбит Мұқанов (1900–1973) таяғын тықылдатып, бірде Жазушылар одағына қарай аяңдап келе жатса керек. Көше бұрышындағы үйді айнала берген кезде қарсы алдынан шашы желкілдеген, өзі желпілдеген бір жас жігіт ұшыраса кетіпті:

- Ассалаумағалейкум, Сәбе! – деп жігіт жазушыға қос қолын ала ұмтылады.

Сайтандай сап ете қалған жігіттің дауыстай берген сәлемінен Сәбең селк етіп, сасып қалады.

- Уәликүмсәләм! – деп, кідіріп барып сәлемін алады.

“Бұл жігіт кім болды екен, аңқылдап тұрған баланы танымағаным ұят болды-ау”, – деп іштей қысылыңқырап та қалады. “Е, дәу де болса ауылдан келген ағайындас біреу шығар”, – деп жорамалдайды да:

- Иә, қашан келдің, ел-жұрт аман-сау ма? – деп сұрайды.

- Сәбе, нені сұрап тұрсыз? Мен осы Алматыда тұрам ғой... – дейді жігіт.

- Жо-жоқ, мына жерге қашан келдің деп сұрап тұрмын? – дейді Сәбең аяқ астындағы асфальтті тықылдатып.

- Келе жатқан бетім осы еді, Сәбе.

“Қап, бәлем, бұл басқа жігіт болды ғой”, – деп Сәбең іштей тағы қылп ете қалады. “Ұялған тек тұрмастың” қамын жасап:

- Қалай, үйдегі келін аман-сау ма? – дейді.

- Сәбе, мен әлі бойдақпын, – дейді жігіт те лыпылдап.

- Жо-жоқ, сенің шешеңді айтам... Ол маған келін болмағанда кім болушы еді?! Соны сұрап тұрмын, – дейді Сәбең қолма-қол сөз тауып.

- Е... ол кісі аман-сау, шапқылап жүріп жатыр...

- Шапқылап жүріп жатса, сол келінге сәлем айт! – деп Сәбең жылжып жүріп кетіпті.

* * *

Алпысыншы жылдардың ішінде ақын Сырбай Мәуленов Ұзақбай деген кісімен көп уақыт бойы дос болып жүреді. Ұзекеңнің өзі әзілкеш болғанымен, кей-кейде оның өзіне әзіл айта қалсаң, қыз сияқты қысылып, ұялып қалатын қызық мінезі бар екен. Ұзекеңнің сол мінезін жақсы білетін Сырағаң өлеңмен ол кісіге мынадай мінездеме жазыпты:

Білемін баяғыдан Ұзақбайды,

Ұзекең қызды әзілмен тұзақтайды...

Сондайын айтсаң болды бетін басып,

Ұзақбай қызараңдап тызақтайды.

* * *

Сырбай Мәуленов шығармашылық сапармен бірде Жамбыл облысын аралайды. Ол жақтағы жергілікті бір жас ақын Сырағаңды қолтығынан жетелеп, үйіне қонаққа апарады. Жас ақынның аздап кеудесінің желі бар ма, айтар сөзін ұйқаспен, өлеңмен айтуға тырысады екен. Сырағаңды төріне жайғастырған бойы, өзі де тізе түйістіріп отыра қалып:

Сыраға, отырайық өлеңдетіп,

Әр жолын өлең сөздің көлемді етіп, –

деп сөз тастайды.

Сонда Сырағаң:

– Өлеңді жеңіл-желпі айта салып,

Бағасын не қыламыз төмендетіп, –

деп іле жауап береді. Әлгі жас ақын Сырағаңның осы сөзінен соң өлеңмен сөйлегенді сап қойыпты.

* * *

Жазушылар одағында кезекті бір жиналыс өтіп жатады. Одақ басқармасының хатшылығына әртүрлі адамдар ұсынылып, жұртшылық кезек-кезек мінбеге шығып сөз сөйлейді. Сөйлеушілердің көпшілігі біреуді мақтап, біреуді даттап, бұра тарта берген соң, жиналыстың соңы айтысқа, дау-дамайға айнала бастайды Даудың сондай қызған бір тұсында мінбеге айқайлап сөйлейтін ұраншылдау бір қаламгер шығады. Ол кісі қолын оңды-солды сілтеп, жылтыр сөздің майын тамызып, саясатты соққан кезде, ауылдан келген бір жас ақын:

- Мұзаға, мына кісі кім еді? Менімше, ақылды сөз айтып тұр, – деп қасында отырған Мұзафар Әлімбайға бұрылады.

Сонда Мұзағаң “үндеме” дегендей ишара жасапты да, қойын дәптерінің бір парағын жыртып, жас әріптесіне мына бір өлең жолдарын жазып беріпті:

“Ақылды ма?

Атама! Шала есі бар...

Шұбатылған жыландай пәлесі бар,

Көсеулікке татымас бұл шіріктің

Көсемдіктен, о, тоба, дәмесі бар!”

* * *

Ежелгі Тараз қаласы XVIII ғасырдың аяғынан бастап “Әулиеата” аталғаны, ал, 1936 жылы поэзия алыбы Жамбыл Жабаевтың (1846–1945) құрметіне “Жамбыл” деп өзгертілгені тарихтан мәлім.

Сол Жәкең көзі тірісінде, 1940 жылдың көк- темінде өзінің атымен аталатын қалаға сапар шексе керек. Пойыз Жамбылға жеткен кезде:

- Әулиеатаға келіп те қалдық, балалар! – дейді Жәкең вагон терезесінен сыртқа көз тастап. Қасында отырған әдеби хатшысы Ғали Орманов:

- Әулиеата демеңіз... Жамбыл деңіз, Жамбыл қаласына келдік деңіз, – деп Жәкеңнің сөзін түзеткен болады.

Сонда Жамбыл:

- Басқа ат құрып қалғандай, әулиенің атын тартып әпердіңдер ғой, әйтеуір, – дейді әзілдеп. Сосын қолын жайып, күбірлеп былай деп дұға оқыпты:

- Қасиетіңнен айналайын, Әулие ата, Атымды ап қойды деп болма қапа, Әумин!

* * *

Өткен-кеткеннен сөз қозғап, ескіден сыр тартып, қазақтың танымал каламгерлері Асқар Сүлейменов (1938–1992) пен Ақселеу Сейдімбек (1942–2012) бірде Алматының ағашы мол, саялы бір гүлзарында насыбай атып, дем алып отырыпты. Қағаз-қарындашын қолтықтап көше бойлап безектеп бара жатқан суретші Еркін Нұразханов оларды көреді де, сәлем бере кетейін деп, екі ағасына қарай бұрылыпты. Сәлемнен соң Ақселеу:

- Асеке, сіз бен біздің өзіміз біле бермейтін қасиетімізді бадырайтып көрсетіп салып жүрген суретші інің осы болады, – дейді алақанындағы насыбайдың қалдығын қағып жатып.

Асқар Еркін інісін бұрыннан да жақсы таниды екен, ерінін орамалдың ұшымен бір іліп сүртіпті де:

- “Қасиетіміз” дегеніңе шүбәм бар, Ақселеу, осы Еркін біздің қасиетсіздігімізді бадырайтып көзімізге көрсетіп жүрген секілді, – деген екен.

* * *

Асқар Сүлейменов жылдар бойы шығармашылық демалыста болып, үйде жұмыссыз отырған кісі екен. Содан кейінгі жылдардағы нарық шөміштен қыса бастаған соң, амалдың жоқтығынан 1991 жылы “Парасат” журналы редакциясына қызметке тұрыпты.

Бірде Асекеңнің өзі қатты сыйлайтын дарынды інісі Иранбек Оразбаев бір шаруамен “Парасат” журналының редакциясына бара қалады. “Сәлем бере кетейін”, – деп Асқардың есігін ашса, Асекең әлдебір мұңға батып, жағын таянып, терезеден сыртқа телміріп үнсіз отыр екен дейді. Бөлмесіне кіріп кел- ген Иранбекке көңіл де аудармайды, біреу келді-ау деп бұрылып та қарамайды, терезеге телміріп отыра береді.

- Ау, Асеке, сізге не болған? – дейді Иранбек ағасының бұл отырысынан көңіліне секем алып.

- Ә, Иранбекпісің... Сен “Матросская тишина” туралы бірдеңе білуші ме едің? – дейді Асқар.

- Мәскеудегі түрме ғой, әлгі “гэкэчепистер” қамалған... – дейді Иранбек.

Сонда Асқар бет орамалымен мұрнын бір сүртіпті де:

- Мынау кеңсенің жұмысы деген қолды байлап, еркіндіктен айырады екен. Мен де сол “Матросская тишинаның” темір торлы терезесіне тап болғандай күйзеліп жүрмін, – деп қаламдас інісіне мұңын шағыпты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар