Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

15.02.2019 4957

Актер 14+

Актер - adebiportal.kz

Гүлжанның Найман-Анасы, Шаһизаның Қарлығасы, Әнуардың (Боранбаев) Сырымы, Тілектестің Қозысы, Әшірәлінің Шоқаны, Раушанның Электрасы, Тұңғышбайдың Бақтығұлы, Рахиляның Айбаршасы, Төлеубектің Едігесі... Қарашаңырақтың киелі сахнасында сомдалған осы бір бейнелер аталған актерлермен бір ұғымға айналып кеткен кезең еді. Бекжан Тұрыс ол кезде театр табалдырығын енді аттаған болатын.

Бала кезінен өнерге құштар жан Елубай Өмірзақов, Шәкен Айманов, Әнуар Молдабеков сынды саңлақтардың өнеріне тәнті болып, еліктеп өсті. Алматы облысы Шошанай ауылының тумасы Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтын (қазіргі Ұлттық өнер академиясы) бітіріп, ұлттық өнеріміздің қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына актер болып қабылданды.

Беймаза ізденістің алғашқы белгісіндей болған Балпық рөлі Бекжан Тұрысты үлкен сахнаға бейімдеп, жұртшылықтың ыстық ілтипатына бөледі.

1992 жылы көрнекті режиссер Әзірбайжан Мәмбетов Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясын сахналауға кірісті. Қойылымдағы Балпық рөліне домбыра тартатынын ескеріп, Бекжанды бекіткен болатын. Репетиция толассыз жүріп жатты. Аракідік ізденіс іздері бедер алғанымен, Балпықтың Бекжан тарапынан қосқан бейнесі бедер алмай жүрді. Бірде қойылымды көркемдік кеңес алдында тапсырамыз деген хабар жетті. Ол кездегі көркемдік кеңестің көркемдік деңгейі көкпен тең еді. Сол күні қатты ұйқыға бой алдырған Бекжанды бәрі іздеді. Телефон безілдеген соң шырт ұйқыда жатқан жерінен қарғып тұрды. Апыл-ғұпыл киіне салысымен, академиялық театрға қарай асыға бет алды. Бірақ, бұл ұйқы Бекжанға Балпықты сыйлаған еді. Түсіндегі аян таксиде есіне түсті. Шоқша сақалы, шошақ бас киімі, шәңкілдеген үні... Таксист жігіттен рұқсат алып, көлік ішінде түсіндегі кейіпкердің дауысына салып айқайлай бастады. Айнымаған түсіндегі дауыс, аузынан шығып тұр. Құдайдың құдыреті деген сол шығар... Таксист күліп қояды, екеуі жайлап театрға таяды. Құрыдым, театрдан кеттім, кетсем де осы рөлді жасап кетейін деген ой үстінде таксиден түсті. Есіктің алдында екі қолын артына ұстап-ап Әзірбайжан Мәмбетов тыпырлап жүр. Жүгіріп келе жатқан Бекжанға: «Идиот, быстро одевайся» деп қабағын шытқан кейіп танытты. Терлеп-тепшіп киінетін бөлмеге лезде жетті. Кіріп қалса, көзіне оттай басылып түсіндегі шапан, мен бас киіп ілініп тұр. Соня апай маған мына киімді беріңіз деп жалынды. Соня апайы: сен деген не айтып тұрсың, дайындап қойған киімді ки, суретшінің дайындағанын киесің деп бой бермейді. Бекжан да қасарысып тұрып алды. Жоқ мен мынаны кием, ақыры театрдан кетеді екенмін, кием дегенімді киемін, енді маған шоқша сақал керек. Өзіне керегін таба салысымен, тағы да асығыс сахнаға жүгірді. Қойылым басталды. Айтыс сахнасы. Қазақ үйдің керегесі. Кереге түбінде отырған Балпық-Бекжан тағы да түсіндегі кейіпкеріне ұқсап бағып, шапанының етегін кереге түбіне байлады. Айтыстың қызған шағы. Бір сәтте Балпық қарсыласына сөз үстінде шүйліге бастады. «Өй әкеңнің деп атылады, кереге оны тартып қалады, құлап түседі. Көрермен қыран -топан күлкіге батады. Әкеңнің деп қайта атылады, қайта құлайды. Көрермен қыран-топан, ішек –сілесі қата қарқылдайды. Сондағы Балпықтың сөзі: «Әкеңдей Арыстаным келді міне» деп басталушы еді.

Сонымен қойылым аяқталды. Көркемдік кеңес басталды. Сондағы кеңес мүшесі Сәбира Майқанова: «Әзірбайжан сенің мына спектакліңді сынға алып жатыр. Провал болса провал шығар, бірақ мені қуантқан бір жайт бар. Театрға Елубайдың ізбасары келіпті» - деп баға бергені көзкөргендердің әлі есінде.

Актердің комедиялық рөлдерді игере алатын алғырлығын салған беттен тез байқаған режиссер Әубәкір Рахымов Т.Нұрмағамбетовтың «Бес бойдаққа бір той» қойылымындағы Қырманбай шалдың рөлін оған үлкен сеніммен тапсырды. Өзінің жастығына қарамастан қарт адамға тән табиғатты дәлме-дәл таба білген актердің шебер ойыны спектакльдің негізгі өзегіне айналды.

Режиссер Б.Атабаевтың 1998 жылы сахналаған Чеховтың «Шағаласындағы» - Яков рөлі де актердің қалыптасу кезеңдерінен сыр шертетін шеберлігінен туындаған кейіпкерлер еді. Көпшілік сахнадағы кейіпкер жанын түлетіп, жоқ жерден «бар» жасап, Яков сахнасын он минутқа создырып, көрермен жүрегінен берік орын алған актер еңбегін театр тарихы қалай ұмытар?!

Алғашқыда театрсүйер қауым Бекжан Тұрысты тек комедиялық бағытқа бейім актер деп қабылдаған еді. Бірақ ол комедиялық рөлдермен ғана шектеліп қалмай, біріне-бірі кереғар, психологиялық бағыттағы кейіпкерлерге бейімділігін танытты. Рөл даярлау кезеңдерінде режиссердің айтқандарын ғана қанағат тұтпай, өзінің өмірден көрген-түйгендерін жан жүйесінде, қиял көкжиегінде сұрыптап алып, жұрт алдына шыққанды бек ұнатады.

Б.Тұрыс Ұлттық кейіпкерлермен бірге аударма пьесалардағы қаһармандарды да еркін меңгеріп, күрделі де қиын бейнелер жасай алатын қабілетті сахна шебері. Н.Гогольдің «Ревизорындағы» пошташы Шпекин, Г.Гориннің «Атың шықпаса...» пьесасындағы Криссип рөлдері оның орындауында әртүрлі қырларынан көрінді. Ол Криссиптің өмір бойы сақтықпен ғұмыр кешетін шарасыздығын жан-жағына жалтақтауы және көздерін бір нүктеде тоқтата алмай мазасыздануы арқылы қызғылықты көрсете алған. Бұл актердің ізенгіштігі мен шеберлігін таныта түскендей.

Оның ән біткенді еркін шырқап, домбырада шебер ойнауы көптеген шоқтығы биік кейіпкерді тудыруына себепкер болды. Әсіресе, Шәмшінің (И.Сапарбай-«Сыған серенадасы) нәзік жүрегін жарып шыққан асыл әуендерін нақышына келтіре шырқауы өнер иесінің жан-дүниесін түгелдей түсінгендігі. Сонымен қатар, қабағынан қар жауған Мөржанға тіке қарай алмай, үнемі бұғып отыратын Жабайдың (М.Әуезов –«Қарагөз») бұйығы мінезін сол дәуірдің қатал заңына сәйкестендіріп, қызғылықты штрихтер табуда актер едәуір ізденген еді.

Актердің осы қасиеттерін ескерген театр сыншысы Ә.Сығай: «Бекжан шыға келгенде сахнаға бейне бір қазақ даласы көшіп келгендей әсерде қаламын. Оның дауыс мәнері, үнінің интонациялық бояуы, реңк-ажары қазақы психологияның шуағын шашады. Ойын үлгісінен театр этикасы мен қазақ тілінің нәзік пластикасын терең түсінгендігі байқалады. Әсіресе, сахнаның айшықты бедерлерін дұрыс ашады. Тыныс алуы, сөз аяғын жұтып қоймай, ең соңғы әрпіне дейін құлағыңда қалып қоятындай етіп жеткізудегі шеберлігі мен жауапкершілігі зор актер. Мен Бекжанды «кейіпкержанды» актерлер қатарына қосамын. Сосын, ол-әнші. Ал, әнді шынайы шырқайтын адамның жүрегі қашан да таза. Ән-жүректі жуады, шаяды. Сондықтан осындай актері бар қазақ театрының келешегі зор. Бекжан ілгерідегі ағаларының орынын басады-ау деген үлкен үмітім бар. Лайым, солай болғай! – деп баға берген.

Дулат Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесуінде» (реж.Ә.Рахымов) Ертай, Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесінде» (реж. Б.Атабаев) Болтай, Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күнінде» (реж.Ә.Мәмбетов) Әбілев, Сәбит Мұқановтың «Адасқандарында» (реж.Ә.Рахымов) Мүсәпір, Мұхтар Әуезовтің «Абайында» (реж.Ә.Мәмбетов) Баймағамбет, «Айман-Шолпанында» (реж.Е.Обаев) Жарас, Баққожа Мұқайдың «Сергелдең болған серілерінде» (реж.О.Кенебаев) Нұрбай, «Өмірзаясында» (реж.Қ.Сүгірбеков) Цезар, Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мұхамеджановтың «Көктөбедегі кездесуінде» (реж.О.Кенебаев) Исабек, Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Қожанасыр тірі екенінде» (реж.О.Кенебаев) Қожанасыр бейнелерінде өзінің актерлік мүмкіндіктеріне сай толымды көрінуі Бекжан Тұрыстың болмысын биіктетті.

Жамбылдың «менің пірім Сүйінбай» дегеніндей, Бекжанның пірі «Елубай Өмірзақов» еді. Ең алғашқы қазақтың көркемфильмі «Амангелдісін» көріп өсті. «Алдар көсе» көркемфильміндегі Диуанасын айнытпай салатын. Бірде Қостанайда Елубай Өмірзақовты еске алу шарасы өтіп, режиссер Әубәкір Рахымов театрдың шағын актерлерінен шағын театраландырылған қойылым құрып актердің туған жеріне өнер көрсетуге аттанды. Сонда Бекжан Тұрыс Елағаңның Диуанасымен халықтың алдына шыққан. Қостанай жұртшылығы Елағаң қайтып келгендей күй кешіп, Диуананың бейнесіне тамсанып, күлкіге қарық болған жайы бар. Бекжан Тұрысқа Темірқазықтай бағыт берген Елубай Өмірзақовтың өнер жолы өнегелі еді. 1966 жылы жарыққа шыққан Шәкен Аймановтың «Атамекен» кинофильмі ел есінде шығар. Соғыстан кейінгі жылдары, баласының мәйітін іздеп шыққан шал арқылы, қазақтың қандай болатынын, бүкіл болмысымен берген арқалы актердің актерлік шеберлігі Бекжан болмысына өзгеше әсер сыйлаған. Өзінің бенефисі ретінде көрерменге ұсынған «Ұлым саған айтам» интелектуалдық драмасындағы қолына шырақ алып «қазақ ішінен қазақ іздегенінде» де осы Елағаңның бейнесі елес берген болар…

«Ұлым» деп тұрып, ұлтына қамсау болар құнды сөз арнаған актер, театр деп тағдырын арнап, бақилыққа бет алған бүкіл алдыңғы аға-апаларының рухына тағзым етеді. Сендер болмасаңдар біз бүгін киелі сахна төрінен үн қатар ма едік деген ойға жетелейді.

Реті келгенде батыл айтқан, батырып айтқан жөн. Сахна-тұлғалардың тұғыры. Бірақ, актер біткен тұлға емес.

Қашан да, өнер ұжымын, сахнаның негізгі жүгін алға сүйрер нар тұлғалар, бөлек бітімдер болады. Өнер ахуалын осы біртуар өзгеше жандармен өлшер болар. Олар саны жағынан сирек. Сахнаға шыққанның бәрі саңлақ емес. Ұлттық сахна өнерінің іргесін қалаған ардагерлерді айтпағанда, Шәкен Айманов, Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабеков есімдері аталған тұста, ең болмаса оңашада өзді-өзімізге «осы біз қандаймыз?» деп ой көзімен қарап алғанымыз артық емес. Бекжан Тұрыстың бенефисінде сөйлеген суреттер, тұлғамын деп таңдай қаққан орта таланттарға ой салғаны анық. Осындайда, тұлға деген сөздің өзі үшін де әлі ауылы алыс екенін айта жүретін Бекжан Тұрыс бойындағы инабаттылыққа құрметпен қараймыз. Барды қанағат тұтқан биязы өнерпаз жоғын іздеп өрекпуде өркөкіректік танытып алмауды өзіне мақсат еткендей. Ендеше, өнер шыңында өрең өрге жетелей берсін «Елағаңның ізбасары»!

Мирас Әбіл,

театртанушы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар