Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Қасым Қайсенов. Ғабеңе ерiп......

21.02.2019 5427

Қасым Қайсенов. Ғабеңе ерiп...

Қасым Қайсенов. Ғабеңе ерiп... - adebiportal.kz

– Ғабең елiне баратын едi. Қайтыс болған ағасы, қарындасының басына бармақ. Жалғыз жiбергенiмiз жөн болмас, ерiп барсаң қайтедi? – дедi Әдекең. Әдекең деп отырғаным – Әди Шәрiпов, сол кездегi Жазушылар одағының бiрiншi хатшысы.

– Барсам барайын, бiрақ... – деп мүдiрiп қалдым. Әдекең неге «бiрақ» дедiң дегендей бетiме қарады.

– Қайдан бiлейiн, ол кiсiге бұрын ерiп көрмеген соң, – дей берiп ем. Әдекең менi не айтқалы отырғанымды түсiндi ғой деймiн.

– Ғабеңмен бiрге жүру рақат емес пе? Сөздi қой, барасың, – деп ендi ол бастықтығын көрсетiп бұйыра сөйледi.

Сөйтiп, Ғабеңе ерiп жолға шықтым. Петропавл қаласына келген соң Ғабең түскен қонақүй номерiне облыс басшылары келiп, ол кiсiге сәлем берiп амандасып жатыр. Дегенмен, Ғабеңнiң көңiлiнен шығамын деп өзiме өзiм сенiп жүрген жоқпын. Сөйткенмен, шамам келгенше ренжiтiп алмауға тырысып-ақ жүрмiн. Бiрақ ол кiсiге iстеген iсiң ұнады ма, ұнамады ма оны Ғабеңнiң сабырлы жүзiнен байқау қиын. Кейде көзiлдiрiгiнiң арғы жағынан маған қарап қояды. Осы қарағаны маған ұрысқаны ма, әлде «жарайсың, Қасым» дегенi ме, оны айта қою оңай емес. Ол кiсiнiң жүрiс-тұрысы, сөйлеген сөзi, бар мiнез-құлқы үлгi үшiн жаралған адам сияқты.

Мiне, қонақ үйде отырмыз. Ғабең әдеттегiсiндей шылымы аузынан түспейдi. Өзiм шылым тартпаған едiм, сонау сұрапыл соғыс жылдарында Украинада астыртын жұмыстарда жүргенде де аузыма алмадым. Кейбiр өлiм мен өмiр беттескен қиын жағдайда украиндық достарым менi аяп: «Вася, шылым тарт аз да болса көңiл күйiңдi жеңiлдетедi», – деп қолыма шылым орап та ұстататын. Әлгi құрғырды бiрер сорсам шашалам, тiптi, құлағым да iскендей болып мазам кететiн. Соны ойлап отырдым да:

– Ғабе, Сiз үлкен адамсыз. Бiреудiң Сiзге ақыл айтуы қиын ғой, дегенмен, осы шылымның зиянды екенiн Сiз менен жақсы бiлесiз. Осы құрғырды неге тарта бересiз? – дедiм. Ол маған қарап отырды да сәлден соң:

– Сүр – ысталған ет көпке шыдай ма, жас ет бүлiнбей көпке шыдай ма? – деп қарсы сұрақ қойды. Сөзiнiң төркiнiн таныдым, бiрақ өтiрiк айтқым келмедi:

– Әрине, сүрi – ысталған ет көпке шыдайды, – дедiм. «Ендеше не айтып отырсың» дегендей сол сабырлы күйiмен менен көзiн алмады. Мен ерiксiзден күлдiм. Жай қалжың ретiнде айтып отырған шығар деп ары қарай сөз таластыруға бата алмадым. «Жарайды, айтқаныңыз келсiн, ысталып ұзақ өмiр сүре берiңiз» дедiм iшiмнен.

Ғабит Мүсірепов

Ертеңiне Ғабең туған жерге аттанбақ болды. Облыстық партия комитетi бiр қызметкерiн қосып бердi. Ендi Ғабеңе көмекшi екеу болды. Жаңадан қосылған жас жiгiт иненiң жасуынан өтiп кететiндей пысық екен. Ғабеңдi былай қойғанда менi «Қасеке» деп асты-үстiме түсiп жүр. Ғабең туған жерi өзiнiң мiнезi сияқты жап-жазық болады екен. Қай жерiнен қарасаң да жердiң дәл төбесiнде тұрғандай сезiнесiң, айналаң да көкжиек тұрған жерiнен төменде жатқандай. Тау, төбе, тас дегенiңдi көрмейсiң.

Ғабең машинаның алдында шылымын жайлап тартып отыр. Екеумiз машинаның артқы жағында бiр-бiрiмiзбен сыбырласып сөйлесiп келемiз. Ақ жауын сiбiрлеп жауып тұр. Бiр кезде жанымдағы жiгiт:

– Ғабеңдi жас жазушылар маршал деп атайды дейдi ғой, – дедi құлағыма сыбырлап.

– Иә, – деп сөзiмiздi естiп қойып жүрмесiн дегендей сұқ саусағыммен аузымды жаптым. Ол түсiнгендей жымиып күлдi. Бiр кезде асфальт жолдан бұрылып едiк, машинамыз сазға батып тұрды да қалды. Екеумiз машинадан түстiк, машинаның артынан итерiп әуре болып жүрмiз. Бiрақ машина iлгерi жылжыр емес. Үстiмiзде батпақ шашырамаған жер қалмады. Бiр кезде машинаны батпаққа өзiм батырғандай Ғабеңе кешiрiм сұрағандай қарасам өз жайында көңiлi қоңыр күздей, астындағы машинасы батпаққа батпағандай жайымен шылымын тартып отыр. Онымен қоймай менiң батпақ болған үстi-басыма қарап:

– Саған сол керек, – дейдi жайлап.

– Неге Ғабе? – деймiн.

– Сонау қырғыннан аман келгенде осыны көрейiн деп келгенсiң, – дейдi.

Сол күнi өзi туған ауданға әзер жеттiк. Аудан басшылары Ғабеңдi құшақ жая қарсы алды. Бiраз уақыт айналып Ғабең аудан шаруашылығымен танысып, оларға ақыл-кеңес бердi. Олар Ғабеңдi туған ауылына алып келiп, қайтып кеттi. Ғабең iнiсi Ыдырыстың үйiне түстi. Ғабеңе келiп сәлем берушiлер көп-ақ. Қонаққа шақырушылар тiптi кезекке де тұрды.

Қасым Қайсенов

Ғабеңдi аяймын. Бiрақ «ол кiсiге тыныштық берсеңiздершi!» деуге аузым бармайды. Өйткенi, олардың барлығы Ғабеңнiң жақындары, туыстары, тұстастары. Ғабең ел жайын тыңдап отыр. Қуанатын да, ренжитiн де жайларды ағайындар айтып жатыр. Ғабең бiрқалыпты ұйып тыңдайды. Жанында бiраз отырған соң сыртқа шығамын. Шаңырағы шағын болғанмен өте қонақжай, көңiлдi ауыл екен. Әсiресе, ауылға көрiк берiп тұрған маңайына қарағай, қайың, терек араласа бiткен орман болса, көшелерiне көрiк – балалары. Бала басы әр үйде баршылық. Тiптi осы өзiмiз түскен үйдiң балалары нешеу екенiн бiрден айта алмайсың. Ал балаларының кiсiге үйiршектiгi ерекше. Есiк алдына шықтың болды сенi айнала қоршап алады. Балалардың басым көпшiлiгi – «партизандар», ер балалар. Ендi осы балалардан «Ерiктi палуандар қоғамын» ұйымдастыруға кiрiстiм. Ең алдымен, олардан «күресесiңдер ме?» деп сұрадым. Олар «күресемiз, күресемiз» деп шулап кеттi. Ендi оларды жастарына, салмақ, бойларына қарай екi топқа бөлiп, қара жолдың екi жағына отырғыздым. Оларға қазақша күрес жайлы түсiнiк берiп:

– Бұл – спорт. Жығылсаңдар жер көтередi. Ыза болмайсыңдар. Бiрақ әлгi мен көрсеткен әдiстердi қолданып жығуларың керек, деймiн өзiм талаймен күресiп, талайын жыққандай.

Күрес екi күнде бiр жүйеге келiп қыза түстi. Ауылдың үлкен адамдары қызықтап, балаларды ата-аналарына қарай, дәл жастарына қарай бөлiп бердi. Ендi көрермендер «Иә, сәт» деп, аталарының аттарын ұран ете бастады. Әрине күрес жай күрес емес, жыққандарына ақшадай (ұсақ ақшаның, 20, 15, 10, 5 тиындық) бәйгесi бар.

Бiрде Ғабеңе ерiп сыртқа шықсам «палуандар» жиналып күтiп тұр екен.

– Ғабе, мынау менiң палуандарым, iшiнде жауырындары жерге тимейтiндерi де бар, – дедiм. Ғабең «не деп тұр?» дегендей әдеттегiсiнше маған қарайды. Сөйткенше болмай, әдеттенiп қалған балалар екiге жарылып отырыса қалысты. Күнде «бас палуан» аталып жүргендерi тiптi, белдiктерiн буынысып бiрiне-бiрi қарама-қарсы бiр тiзерлеп отыра да қалды. Байқаймын, балалардың беталысы Ғабеңе ұнады-ау деймiн, топқа жақындап келiп тұрды. Үйден бiр орындық алдырып, Ғабеңдi отырғызып, «бас палуандарға» «белдесiңдер» деп белгi бердiм. Бұл кезде жұмыстарынан оралған ауыл адамдары да жиналып қалған болатын. «Палуандар» бiрiнен соң бiрi шығып белдесiп жатыр. Жыққандары бәйгелерiн алып, жан-жақтарына мақтана қарайды. «Өзiңе қарай тарт», «Iштен шал», «Иә, сәт!» деген дауыстар. Магазиннен ұсаттырып алған ұсақтарым да азайып қалды. Ғабең жайлап күлiп мәз болып отыр. Ең соңында:

– Соңғы түйенiң жүгi ауыр дегендей, ендi «түйе палуандарым» күш сынасады, – деп хабарладым. Оларым аяқтарын басқанмен әлi тiлдерi шыға қоймаған, екеуi де бiр жарым жастардағы балалар едi. Екеуiнiң де үстерiнде шолақ, қолдан тiккен майкаларынан басқа ешнәрсе жоқ. Бiрi шашы алтын сияқты сап-сары да, екiншiсi томпиған таңқы танау қара домалақ бала. Екеуiн ортаға шығарып белдерiне белдiк буып берген соң:

– Күресесiңдер ме? – деп сұрадым. «Күресемiз» деуге екеуiнiң де тiлi шыққан жоқ. «Күресемiз» дегендей екеуi де бастарын изедi. Оларға Ғабең мәз болып отыр. Екеуiн бiрiнiң белiнен бiрiне ұстатып «ал күресiңдер» дедiм. Бiрiнен бiрi ұстап тұрып екеуi де құлап қалып, екеуi де жылады. Дереу орындарынан тұрып бiр-бiрiне жармасуға жықтым деп жыққан белгiсiн көрсетуге де ақыл ауқымы әлi жетпей жатыр. Жұрт күлiп жатыр. Екi баланың әке-шешелерi де анадай жерде күлiп тұр.

– «Түйе палуандар» жығыса алмады. Бәйгенi екеуi тең бөлiп алады, – деп хабарладым. Жұрт қол шапалақтап «палуандарына» құрмет көрсетiп жатыр. Әрқайсысының қолына бес тиыннан ақша ұстатып, екеуiнiң беттерiнен сүйiп, бастарынан сипап уатуға тура келдi.

Сол жылы Ғабең аудан орталығына қайта оралып, аудан азаматтарымен бiрнеше шаруашылықты аралап аудан болашағы, табиғатты қорғау жайлы ағалық ақылын айтты.

Ғабит Мүсірепов қаламгерлермен

Ғабит аға берген сурет

Бiр күнi сәтi түсiп Ғабеңнiң үйiне бардым. Жалғыз отыр екен. Сол баяғы өзгермес сабырлы қалпында қабылдады. Бiраз отырып келген шаруамды тындырған соң, орнымнан тұрып столының үстiнде жатқан республикамыздың саяси картасына көзiм түстi. Бұл кiсiге картаның неге керек болғанын ойлап тұрып қағазға түсiп көлбеп жатқан байтақ жерге қарап:

– Ғабе, тегiнде бiздiң бабаларымыз мықты болған ғой деймiн. Заңсыз күш қолданатын «ұр да жық» заманда осынша жердi иеленiп сақтап қалу деген мықтылықтың, батырлықтың айғағы емес пе? – деп бұрыннан көңiлде жүрген ойымды айтып ой шашуға сараң ол кiсiден пiкiр тартпақ болдым. Ғабең өңiн ешбiр өзгертпестен маған қарап үнсiз отыр. Әрине, өзiмен терезесi тең не сырлас адамдарына шешiлiп сыр ашатын шығар, ал маған тағы бiраз сынай қарағандай үнсiз. Мүмкiн ел тарихынан хабарым шамалы екенiн ойлап отырды ма, кiм бiлсiн. Әлден уақытта жайлап тұрып кiтаптар сiресiп тұрған шкафтың бiрiн ашып үш-төрт кiтаптың арғы жағынан сары қағазды алып кiтаптарды қайта орындарына қойды. Өзi қайта келiп орнына отырды да әлгi сары қағаздың орауын ашып бiр суретке, ең алдымен өзi қарады. Маған «отыр» дегендей өзiнiң қарсы алдында тұрған орындықты нұсқады. Орындыққа отырдым. Маған осы суреттi ұсынды да:

– Мынау Абылай атаң. Хан Абылай, – дедi. Әрине, Абылай ханды естуiн қай қазақ естiмедi, мен де естiгенмiн. Бiрақ ол Атаны «хан» деп, «Қанiшер» деп атайтын атаулар есiмде жүретiн. Шынымды айтсам, ол кезде Абылай атаның тарихтағы орнынан хабарсыз едiм. Ал мына суреттi бiрiншi рет көрiп, оның бүкiл айбынды алып тұлғасына қараған адамының өңменiнен өтер көзқарасына сүйсiне қарап отырмын. «Ал, Абылай атаң қандай екен?» дегендей маған қарады да:

– Сен партизансың ғой, басқа жұрттай қорқа қоймассың, осы суреттi ал, саған берейiн. Бұл атаңды кейiн бiлесiң. Бұл кiсiнiң заманындағы ел, жер қорғап қан кешкен батырларды да бiлгенiң жөн. Сонда әлгi маған қойған сұрағыңа өзiң де жауап бере аласың деп орнынан тұрды. Бұл суреттi қашан, қайдан алғанын сұрауға бата алмадым. Сұрағанмен жауап ала алмайтынымды түсiндiм. Оның үстiнде «қабылдауым бiттi» дегендей орнынан тұрып қойған соң, суреттi өзi орауын ашқан сары қағазға қайта орап алып ағамен қоштастым. Келiсiмен суреттi кiтап тұрған суреттiң көрнектi жерiне қойдым. Үйге келген адамдар көрiп кейбiреулерi «қайдан алдың», «маған берiңiз» деп сұрап та жүрдi. Кiмнен алғанымды да айтпадым, сұрағандарына да бермедiм. Оның аяулы қолынан алғанымды бiреуге беру де ойыма келген емес. Бұл сурет қазiр жарық көрiп жатыр ғой, бiрақ суреттiң бұл данасын қайдан алса да, бастан кешкен қилы-қилы уақыттарда ұлт тарихына жанашыр әдiлеттi болашақтан үмiт үзбеген қайсар Ғабит ағаның берген суретiнiң осы данасы менiң қолыма қалай келгенiн айтқым келдi.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар