Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Рымғали Нұрғали. «Еңлiк – Кебек» трагедиясы - 3...

21.02.2019 6373

Рымғали Нұрғали. «Еңлiк – Кебек» трагедиясы - 3 12+

Рымғали Нұрғали. «Еңлiк – Кебек» трагедиясы - 3 - adebiportal.kz

IV

Бiр туындыға қайта-қайта оралып, оны әлденеше рет өңдеу дәстүрiн әр түрлi елдер әдебиетiндегi көптеген жазушылардың тәжiрибесiнен көруге болады. Гюстав Флобердiң кейде жалғыз фразаны мүлтiксiз етiп шығару үшiн күндеп отыратыны, Лев Толстойдың бiр шығарманы неше рет қайта жазуы – еңбеккерлiктiң үлгiсiндей.

Қалыңдығы елiден аспайтын Фадеев «Тас-талқанының» құпиясы талант пен шеберлiктi ұштаған суреткерлiк табандылықта. Чехов: «Жазушылық сыза бiлуден басталады», – дегенде творчествоның қиын процесiн нұсқайды.

Қаламгерлiк кемелденудiң сапалы белгiсi – аткөпiр жазып тастай салу емес, пiсiру, жетiлдiру, ширату. Осы қасиеттi дәстүр Әуезов творчествосына тән нәрсе. Таланты марқайып, бiлiмi ұлғайып, ой-өрiсi кеңейiп, шығармадан шығармаға өскен, үлкен жазушылық мәдениетке ие болған Мұхтар Әуезов драматургиясындағы тырнақалдысы «Еңлiк – Кебекке» 1943 жылы бiр, 1956 жылы екiншi рет оралып, пьесаға мол өзгерiстер енгiздi, қайтадан өңдеп шықты.

Ондаған пьеса, әлденеше күрделi прозалық шығармалардың авторы болып, iрi суреткерлiк биiкке көтерiлген Әуезов 1943 жылы «Еңлiк – Кебектi» қайтадан қолға алғанда, пьесаның тұңғыш вариантындағы сюжеттiк желiнi бұрынғы күйiнде қалдырды, соны, бөгде линиялар жоқ. Жаңадан тың қаһармандар да қосылмаған. Қайта драматург трагедияның түп қазық идеясын ашуда жәрдемi шамалы, басты конфликтiнiң өрбiп, асқынуына қатысы аз Абыздың кемпiрi Таңшолпанмен арасындағы әңгiменi, Еңлiктiң әкесi Ақан мен шешесi Қалампырдың үй-iшiлiк тiрлiгiн алып тастаған.

Бұл ситуациялар пьесаның алғашқы нұсқасында тұрмыстық жәйттердi суреттеуге қызмет етсе де, үлкен идеялық жүк көтермеген едi. Трагедиялық конфликтiнiң жойқын көрiнiс беруi үшiн ұсақ бұрылыстарды, жәй кикiлжiңдердi қысқартып тастау қажет болды.

Пьесаның 1943 жылғы вариантында драматург аса үлкен творчестволық табыстарға жеттi. Оның бiрi – Абыз образының бұрынғы нұсқасындағы күйiнен мүлде жаңа, басқа кемерге ойысуы. Аттары бiр болғанмен алғашқы Абыз бен соңғы Абыздың арасы жер мен көктей кереғар, алшақ. Бұлар есiмi ғана бiр, заты бөлек екi адам.

Бiрiншi нұсқадағы Абыз – Тобықтының жыртысын жыртып, шашбауын көтерген ауыл үйдiң қаңбақ шалы. Бал ашып, болашақты көрмек болады – онысы да өз тобының қамы. Алғашқы нұсқада Абыз конфликтiсiнiң дамуында роль атқармайды. Ал Кебек тағдырын болжап айтқан сөз «Еңлiк – Кебектiң» Әуезовке дейiнгi нұсқаларындағы дәстүр қалпында келедi.

Халықтың ертеңдi аңсау арманы, күнi бұрын болжау мұратының бiр ұшқыны Абыздың көрiпкелдiгiмен, жұмбақты сырмен астас. Әуезов 1943 жылы «Еңлiк – Кебек» трагедиясын қайта қараған кезде осы Халықтық даналықты қажетсiз, сапасыз қоспалардан арылтып, даналыққа даналық, ойға ой қосып, оны үлкен жазушылық қиялдың ыстық жалынынан өткiзiп, қазақ әдебиетiндегi классикалық образдың бiрiн жасады.

Алғашқы нұсқадағы Абыз бiрiншi суретте төбе көрсетiп, одан әрi оқиғадан үзiлiп қалып қойса, 1943 жылғы нұсқадағы Абыз трагедияның идеялық нық берiктiлiгiн, конфликтi кесектiгiн ұстап тұрған тұлға. Бұл жағынан алғанда, 1943 жылғы нұсқада Абызға берiлген идеялық, эстетикалық салмақ Еңлiк пен Кебек мойнындағы жүктен де ауырырақ.

1943 жылғы вариант Абыз монологынан басталады.

Абыз: Көкейкестi, Көкейкестi күй не дейсiң. Уа, не қыл дейсiң. Тынбаған көңiл, талмаған көкей (жымиып), күшiк. (Қобызына жағын сүйеп, ырғала толғанып). Паки, пәруәрдiгер. Бе-еу!

Өзектi жарған ащы толғаныс, удай толқын сыртқа үзiк-үзiк дем, толас-толас сөз боп шығады. Дүние арпалысынан әрi қажымағандай сыңайы бар, иесiз шаттағы жалғыз қария не деп тебiренедi. Аңсары ауған өрiс қайсы. Iздегенi қай жайлау.

Тұнығым ылай болды,

Уа, тұнығым ылай болды.

Құтылар қайран жоқ,

Сор қамар сыңай болды.

Қапаның қара түнегi еңсесiн басқан бұ қай қарт. Жүрегiн езген зары не? Жеке бастың күйбеңi ме, мимырт тiрлiк қамы ма, әлде қандай өзiнiң iздеп шолып отырғаны. Тыңдайықшы тағы да. Тасқынды өзен селiндей қуатты монолог тартып әкетiп барады.

Алданар жоқ, арман көп,

Кәрiң кайтiп күн көрер!

Жарастық жоқ, жалын жоқ,

Жарым қайтiп күн көрер!

Асыра, алыстай ойлаған қамқор ой ғой мынау. Тек құлқынының қамы емес, ағайын-ауданды тұтас қамтыған кең құшақ. Мұң шiркiннiң түпсiз тереңiне түсiп кеткен, қарсыласпас боркемiк қайғы емес, жүрегi езiлсе де, ызасын айтып қалар, ашуын жасырмас өр қайғы.

Барары жоқ, байлау жоқ,

Ерiм қайтiп күн көрер.

Бәрiңнiң де нәрiң, жоқ

Елiм қайтiп күн көрер?!

Болды-болды. Ел өрiсi, Халық қамы қабырғасын қайыстырған қайран қарт. Алғашқы монологтарының өзi-ақ характерiнiң дәндi өзегiн ашып бередi. Бұл Абыз пьесаның алғашқы вариантындағы Көбей, Кембай, Матақтардың қолтығына дым бүркiп, Тобықты руының бiр үйiнiң түтiнi тiк көтерiлдi десе, iшкен асын жерге қойып отырған ру ақсақалы емес.

Әуезов алғашқы нұсқадағы Тобықты билерiнiң сөзiн, негiзiнен сақтай отырып, Абыз сөздерiн жаңадан табылған характерлiк сипатына орай қиыстырады. Бұрынғы нұсқадағы бiрiншi актiде конфликт босаң, 1943 жылғы нұсқада тартыс аяқ алысы салғаннан ширақ.

Ел деп емiренiп, халық деп қайғының қара өзенiн сапырып отырған Абыздың сөздерi мен Тобықты билерiнiң сөздерi трагедиядағы конфликтi найзағайының алғашқы шатырлауы секiлдi. Матайды жеңгендерiн, табанға салғандарын айтып жарылардай болып отырған есер билердi Абыз:

«Есебiм озды деймiсiң. Есесi қалды десейшi. Ауылдастың тайы озып тұр ма әлде. Алдың, тыныш деп алмадым-ау»... – деп маңдайдан соғады. Абыз көкiрегiн жарған зар-наланы ұғар билер жоқ, өзара даурығып мақтангөйлеп кетедi. Батырым деп Кебектi мақтайды. Көбей, жас батырдың жұртына еткен еңбегi демейдi. Найманға қылған қысасы дейдi.

Өмiр күресiнде тiрлiктiң мың талқысын тартқан Абыздың кәрi жүрегiне бұ да оқтай қадалады. Тiлден төгiледi у қайғы:

Әреке деген көк ауру,

Сенi тияр талқы жоқ.

Iштi жеген жегiнiң,

Жерге кiрер қалпы жоқ.

Барар жерiң батпақ сор,

Күн түзелер тарпы жоқ.

Бұдан кейiн келетiн Есеннiң Абызбен кездесу сценасы 1943 жылғы вариантта бiрталай өзгерiс тапқан. Есеннiң ұзақ монологы бұрынғыдан әлдеқайда ширап, шыныққан. Батыр мiнезi шу дегеннен атқуылдап бой көрсетедi. Есеннiң мақтаншақтығы да, бiрбеттiлiгi де, қорықпайтындығы да, ру намысы үшiн өлiп кетер кекшiлдiгi де, шынын жасыра алмас аңқаулығы да, қау-көкiректiгi де – мiнезiнiң көп қырынан байқалады.

Бұрын Абыз: «Қайратың адам дұшпаны арыстанға бiткен қайратпен тең екен» деумен тынатын. 1943 жылғы вариантында:

«Батыр десем, белге шықпай ойнап шығар бейпiл ме ең... Азамат десем, ауыл үйдiң тентегi ме ең. Мақтамаймын Кебектi. Құптамаймын сенi де. Ашуды айтсам, Ақтабан шұбырынды ма едi ұмытарым, тастарым. Елдiгiм қайда сондағы. Қусам соны қусамшы. Кесескенiм Кебек болса ертсемшi сол жолға, салыссамшы, жарыссамшы сол жауға сiлтеген қайқы қара жолында... Елiң үшiн ермесе, сонда алсамшы бар есенi. Төңiрегiң торыған жатты көрмей, жағаласар жауың жақының бопты, жарқыным, мен емес ертер серiгiң», – деп Есендi жер қылады.

Шын намыс өз-өзiңдi талап жеуден алыс қиырда жатқанын ашына-ашына айтады. Елдiк деген не, батыр кiм, арман ауылы – осы төңiректегi түбiрлi сұраулар Абыз монологiнде халықтық ұғым, наным арнасында орнықты жауапқа ие болады.

Әр түрлi қаһармандар мiнез ерекшелiктерiнен, дүниетаным кереғарлығынан туған тартысты өрбiте бiлу – драматургтiң мықты қаруының бiрi десек, Әуезов Абыздың Тобықты билерi Көбей, Кембай, Матақтармен, Матай батыры Есенмен кездесу сценаларында осы әдiстi өте шебер пайдаланады. Ағынды тiл, бұлбұл көмей Көбей, тау құлатар аршынды Есен айналып келгенде қатар қонбас жаттай. Абыз – Халық арманын, қасиеттi идеяны арқалаушы жан. Көбейлер ат төбелiндей аз да болса, қасқыр топтың ұстазы; табиғатынан ақжарқын, ұрт, аңғал Есен – қаскөй ортаның құрбаны, сондықтан да қырсықты шоқпарды ерiксiз соғады, ру арасы итжығыс күресiнiң палуаны ол.

Абыздың тентек елдiң ожар биiнiң атқуылдап тұрған сөзiн тыңдап жылаған жүрегi, даңғой батырдың жақыннан жау iздеп желiккенiн көргенде бұрынғыдан бетер зар илейдi. 1943 жылғы вариантта Әуезов Абыз бен Кебектiң кездесу сценасын көркемдiктiң классикалық биiк шыңына шығарып бередi.

Бұл сценада екi буынның өкiлi – зұлымдыққа берiлмеген қарт пен жас арыстандай ойнақшып тұрған, әлi жеңiлiс запысын шегiп, өкiнiш уын татпаған балғын батырдың тамаша сахналық жанды, ширақ монологтары бар. Халық көшiнiң алдыңғы буынының өкiлi – аңыраған ата, соңғы буынының өкiлi – жалынды жас емiрене табысып отыр, ата көңiл жауыз топтан жерiнiп, безiп, жаңа заманның нәзiк сәулесiндей жақсы лебiздi ынтығып құшады.

Әуезов халық аңызындағы балгердiң батырға бал ашып беру деталiн әуелгi қалпынан байытып, өте әсерлi көрiнiске айналдырған. Кебектiң шешен, асқақ монологы осы ретте айтылып, жан дүние сарайы ашылады.

Бұл монолог – қара сөзбен жазылған өлең, төгiлiп тұрған поэзия. Ұйқас тудырған, сыртқы жылтырақ, бояу, теңеумен долбарланған дүниеден iргесi шалғай, биiк рухты жан қуатын, алабұртқан көңiлдiң қырық құйын қалпын бере алатын iшкi ағысты, iшкi тереңдiктi құнттап туған нағыз поэзия.

«Еңлiк – Кебектiң» бұрынғы варианттарының (әңгiме, поэма, пьеса) бәрiндегi бiр үлкен олқылық – тағдыр күшiне, жазмыш бұйрығына иланушылық сарыны жаңа идеямен ауыстырылды. Ол – батагөй дананың жалын жас мiнезiн сынап, тауып айтқан жақсы ақылы – жеңсiк құмарлық емес, баянды, байсалды, махаббат жолы.

Алғашқы варианттағы Абыз: «Иә, аруақ қолда. Жорытқанда жолың болып, жолдасың қыдыр болғай, қорыққанда қолдаушың, сүйенгенде демеушiң, аруағың болсын», – деп, дiндар көңiлдiң әркiмге айтар, от басы ошақ қасындағы батасын бередi.

1943 жылғы варианттағы Абыз батасы – жақсы үмiт, игi арман, өзектi жарып шыққан асыл сөз.

Адалдан бер, ақтан бер.

Пәлекетiн жатқа бер.

Ер маңдайын баққа бер.

Абырой – асар жаққа бер.

Қара түндей қазаны

Қас ойлаған жатқа бер.

Сөнбес күндей шат көңiл

Жазығы жоқ жасқа бер.

Адал жолды аққа бер.

Мерейi асқан өренiм

Кебек сынды таққа бер.

Драматург ауыз әдебиетiндегi кең таралған үлгi – үлкендердiң жастарға, өзiнен кейiнгi өкшелестерiне тiлек етiп, бата беру дәстүрiн келiстi пайдаланып, пьесаға сәттi енгiздi.

«Еңлiк – Кебек» трагедиясының алғашқы нұсқасында оптимистiк идея барды, бiрақ ол әлсiз жанған нәзiк сәуледей ғана болатын. Шығарманы екiншi рет редакциялағанда, Әуезов реалистiк драматургиядағы конфликтiнiң пьеса көлемiндегi шешiмiн ғана емес, перспективалы шешiмiн құнттау тәжiрибесiн терең ойластырып, сол идеялық жүктi Абыз образымен шебер байланыстырған.

Билер сценасындағы халықтық үн, елдiң айдыны алғашқы нұсқада болсын, 1943 жылғы нұсқада болсын: «Кебек Арғыннан ардагерiмiз емес пе... Найманның не п»лесi болса да көтердiк», – деген жiгiт аузынан айтылған, бiрақ қауқары аз, Кеңгiрбайдың бiр ақырғанынан жасып қалған сөзбен ғана көрiнiс бередi.

Абыз образының философиялық маңызын, нағыз Халықтығын терең реалистiкпен бейнелеген бұл сценадан Әуезов талантының өсiп, өрлеп, шығандап барып жеткен ұлы табыстарының бiрiн байқаймыз.

Билердiң – Көбейдiң, Еспембеттiң, Қеңгiрбайдың, Қараменденiң – қара топан, басы-көзiң демей селдете төккен құйын фразасынан Абыз тiлiнiң мақамы да, оралымы да, тыныс ырғағы да бөлек. Ру намысы, кеткен есе, алынбаған кек, жаулық, жаттық дегендердiң бәрi – айналып келгенде қарақан бастың қамынан аспас құр дiлмәрсу. Абыз монологтарының лейтмотивi, өзекжарды тiлi – ел, халық, соның арманы, соның тiлегi, соның күйi, соның мұңы. Абыз елiм, халқым, жұртым демей аяқ баспайды. Ел деген көкейкестi қайырмасы, домбыраның құлақ күйiндей боп жүрекке жылы тиiп, көкiректi шымыр еткiзген әсер бередi.

Дүние жүзiлiк драматургияның бiрталай ұлы туындыларындағы жеке сөздiң лейтмотивтiк мәнге ие болып, шығарманың түпкi идеясын ашуда белсендi қызмет атқаратынын айту керек. Шекспирдiң «Король Лирiнде» – «көз», Островскийдiң «Найзағайында» – «ерiк», Треневтiң «Любовь яроваясында» – «сенiм» сөздерiнiң философиялық жинақтау жасау үшiн ерекше роль атқарғаны белгiлi. Абыз аузындағы «ел, елiм» сөзi осындай күшке ие болған көркемдiк компоненттерiнiң бiрi.

Жұлқысып-жұлқысып алып, ырғасып-ырғасып алып, ақыры ауыз жаласып кеткен бөрi билер Кебек пен Еңлiктi өлiмге бұйырған қаһарлы, қорқынышты сәт. Олардың Халықтан жасырын iстеген зұлымдығын көрер көз, жазғырар ауыз жоқтай болып еңсенi басқан тығырық халдi екпiндей басып кiрiп келген Абыз бұзады.

Бұл көрiнiсте бiр жағынан билердiң опасыздығы ашылса, екiншi жағынан Абыз образының халықтық табиғаты тереңдеп, қомақтана түседi.

Сөзiнде Кеңгiрбайлар тобын жазғыра кiрген қатқыл үн, батыл екпiн бар. Мыналар дауласкер, шешен тiлмар-ау деп кiшiреймейдi, жайдақтамайды Абыз. «Е-е-й, өңкей би. Жас кiрмесе, мен кiрем... Жұрт есiтпесе, мен есiтем кесiгiңдi... Баса кiрдiм үйiңе».

Билердiң кесек характерлерiн алғашқы варианттың өзiнде кескiндеп бере алған Әуезов оларға қарсы қайрат боларлық әлеуметтiк күштi көрсете алмаса, 1956 жылғы вариантта сол олқылық орнын Абыз әрекетi арқылы толтырады.

Кiрген бетте шайнасып жатқан Қараменде мен Кеңгiрбайдың масқара сiлкiлесу сәтiнiң үстiнен түскен Абыз екi бидiң де iшкi сырын ақтарып, қара ниеттерiн таңбалайды. Кейбiр сыншылар: «Қараменде әдiл би кейпiнде көрiнген. Жазушы оның образын әбден тиянақтай алмаған», – деген пiкiр айтқан болатын. Ал шынында Қараменде образының кескiнделiп бiтуi Абыз монологтерiнде жатыр. Сырт көзге қамқор, жаны жылы, қара қылды қақ жарған әдiл би ретiнде көрiнуге тырысып, жылтыратып аптап, күптеп сөйлейтiн Қараменденiң шын тұрпатын ашып бередi Абыз.

Кеңгiрбайдың да сырын ұғыну үшiн Абыз монологына ден қою шарт. Абыз – Қараменде, Абыз – Кеңгiрбай линияларында халықтық идея мен жат сарын шарпысып, трагедиядағы оптимистiк рух, шешiмнiң перспективалы болашағы Абыз сөздерiнен айқын сезiледi.

Би: Бауыр... бауыр... Менiң атам Әнет бабам емес пе.

Абыз: Не дейсiң... Не деп келесiң сен... Әнет бабам, Әнет бабаң серiк пе саған... бұ шақта. О-о-о... Сонау сонау ма...

Қалқаман – Мамыр етпек пе ең. Сұмдық. Ерiнiң жаны бөрiнiң аузына түскен сұмдық заман. Сұм заман...

Кеселдi түйiн шешiлдi, кердең мойын кесiлдi – Кеңгiрбай шынын айтты ақыры. Елдiң елдiк ызасы, ашуы мен кегi лықсып қалып, Абыз аузынан от жалын боп төгiледi.

1943 жылғы варианттағы екiншi зор табыс – Жапал образы. Алғашқы нұсқада қосақ арасында жүрген персонаж драматургтiң жаңаша пайымдауында трагедияның үлкен идеялық салмақ арқалаған орталық қаһармандарының бiрiне айналған. Абыз – даналықтың, ойшылдықтың бейнесiндей болса, Кебек – халық ұғымындағы шын батыр, Еңлiк – махаббат жолында жанын шүберекке түйген асқақ сұлу. Жағымды типтер, галереясын Жапал образы құлпыртып тұр.

Қазақтың бай фольклорында қойшы баланың, малшы-жалшы, еңбекқордың көптеген реалистiк бейнелерi бар. Айрықша көркемдiк жинақтау дәрежесiне көтерiлген Алдар, Жиренше сияқты образдар қалың елдiң сүйiктi жандарына айналып, символдық әсер берерлiк қуатқа ие болған. Әуезов Жапалының сол халық әдебиетiндегi айқын типтермен iштей байланыстылығын көру қиынға соқпайды. Екi қойшының бiрi айтатын дәстүрлi өлеңдi драматург Жапал характерiн бейнелеуде сәттi қолданып отыр. Басқаны былай қойғанда, оның сахнаға шыққандағы тұңғыш лебiзiн тыңдайық:

Шек–шек, шек–шек шегенек,

Мал iшiнде кебенек.

Тасты көрсең телмеңдеп

Жүгiресiң жебелеп

Тынымы жоқ, тыныштық жоқ

Құртты құйрық кебенек.

Трагедияның ең басты тартыс шиесiнiң бiрi – Есен – Еңлiк – Кебек арасындағы ситуацияда Жапал атқарар қызмет осал емес. Ашығын айтқанда, оның өзiнiң жан дүниесi, сезiм күйi, ой-өрiсi, адамдық қалпы осы орайда көрiнiп, мол қырынан танылады.

Автордың 1943 жылғы вариантта тұрмыстық-этнографиялық детальдарды алып тастауы трагедияның iшкi әрекетiн күшейтудi, реалистiк тереңдiктi, құбылыстың әлеуметтiк астарын айқын ашуды құнттаудан туғаны күмәнсiз. Драматург күрделi психологияны, бiр сезiм күйiнен екiншi сезiм күйiне ауысу сәттерiн, ойдан туған ойды, ұшқыр қиялдық шарықтау процесiн Жапалдың алғашқы монологымен шебер бередi.

Бұл монологта Жапалдың мiнез қырлары, дүниеге көзқарасы, арманы, бiр сөзбен, адамдық болмысы тұп-тұтас мөлдiреп көз алдыңызға келедi. Маңдайына әлi тас тимеген, әрекет әлегiне түспеген, тiрлiктен сарыла өзiндiк бет iздеп шарқ ұрған шақ азабын әлi тата қоймаған, өмiр талқысын көрмеген, қажымаған, шаршамаған балғын жас. Сезiмдi жалын аттырып, қиялды тайша тулаттырып қойған ғажап табиғат: кең дүние, керiлген дала, асқақ тау, мөлдiр аспан. Жапал – сол жайсаң табиғат еркелетiп алақанына салған күнәсiз, кiрсiз, пәк перзент. Қоршаған орта әсерi – жас санаға басылған алғашқы таңба.

Тау iшiнде шаң бұрқ етсе, Жапал соғыс, барымтаға балайды. Жүрегi шошынады. Бiлегi жуан жүздi жығып, азулы шайнап, тырнақты бүрiп жүрген заманның ұлы төңiрегiне қарап байлау жасайды. Тұтынар идеяны өзi көрiп, бiлiп ендi шет жағалап ұғына бастаған шындықтар iргесiнен туады. Жапал идеялы – батыр. Соны ойлап, арманға шомып, тiптi қиялдағыны шын көрiп қалар жайы да бар.

Әуезов Жапалдың бай фантазиясының шабытты шағын бейнелеуде эпикалық элементтi қиыннан қиыстырып, жүзiк көзiнен өтердей шеберлiкпен келiстiрiп пайдаланады. Батырлық жайындағы ұзақ әңгiмеге сюжет боларлық материалды Жапалдың жалынды, қысқа қайырылған, драмалы монологында жеткiзiп берген. Батыр болып, қырып-жойып бара жатқан Жапал «Ұрып таста!», «Ұрып таста!» деген дауыстан шошып, бас бағып қалады. Сонда қорыққаны – Еңлiк. Езу тартқызар деталь. Еңлiк пен Жапал арасындағы диалог бiрталай сырдың ұшығын шығарады. Еңлiк – көкiрегi қаяулы жан; арман етiп iздегенi – батыр; Кебек аты айтылады; Жапал бүйрегi ол Тобықтыға бұрып тұрған жоқ. Осылай төбе көрсетiп, өрiстей бастаған тартыс шырғасын ушықтырушы – Есен. Оның Жапалды Еңлiк деп қууы – жаймашуақ күлкiге толы, аса қызықты комедиялық көрiнiс.

Сахналық әрекеттiң байлығы – бұл көрiнiстiң театрда үнемi зор табысқа ие болғандығының кiлтi. Пьесаның алғашқы вариантындағы Есен сөздерi мен монологтарына 1943 жылғы нұсқада кiргiзiлген үлкен қосымша осы орайда. Драматург Есен образына комедиялық элементтердi батыл ендiредi.

Есеннiң махаббат жалынына шарпылған толқымалы шақтың өзiнде кемерiнен асып, шалқып төгiлер фантазиясы шамалы. Шолақ қарым. Жапал бала да болса қайсар. Аңғал батырды мазақтап тұрған да сыңайы жоқ емес, жығылған жағынан тұрмайтын бiрбет. Екi түрлi адам мiнезiндегi сипат ашылумен қоса сәттi комедиялық ситуация жасалған. Аз бояумен, аз сөзбен. «Ой, түбiң түскiр», «ақылды ма», «мiнездi ме», «жаманаты жоқ па», – бұл көрiнiстегi Есен лексикасы осы ғана. Шорқақ Есен «былай» сөзiн келсiн-келмесiн сiлтей бередi. Жапал жауабы – Есен диалогындағы бiр сөздi өзiне қайтара айту. Бұл қайталаулар ерiксiз күлкi тудырады.

Аң қуып келе жатқан батырдың қыр сұлуымен ұшырасып қалу сәтi психологиялық жағынан нанымды. Бiр-бiрiн сырттай естiп, ұнатып, ынтығып жүрген қос мұңлықтың тез, асығыс табысуы онша таңырқата қоймайды. Еңлiк те, Кебек те жүректерiндегi алау атқан сезiмдi жалт-жұлт еткен, жайнаң қаққан сұлу сөз, шешен тiлмен бiлдiредi. Бұл ретте олар Шекспирдiң Ромеосы мен Джульеттасын еске түсiредi. Екi жас қатыгез заманның қанқұйлы заңынан мерт болған сұмдық өлiмнен кейiн сахнаға шығатын Жапал мен Абыз аузынан ғаламат жалынды, керемет тебiренiстi монолог төгiледi. Халықтық, елдiк жайындағы монолог.

Драматург бұл жерде ассонанс, аллитерацияны да, бұлқынған екпiндi ырғақты да, iшкi тебiренiс әсерiнен келте қайрылған астарлы фразаны да қолданады. Азаттық, махаббат, арман, ерлiк, асқақтық жайындағы монолог бұл. Ұрпақтан ұрпаққа кетер, буыннан буынға өтер өсиеттей сөз. Қиракезiк, қара тас заманның қиын тосқауылында ата жүректiң аңырап, көзiнен жас, жүрегiнен қан ағызып тұрып болашақ замандардың жас буынына жолдаған сәлемi. Жасымаған, жабықпаған ер халықтың дана ұлының аузынан айтқан өр сәлемi.

«Еңлiк – Кебек» пьесасының алғашқы нұсқасына енгiзiлген 1943 жылғы мазмұндық өзгерiстер, iрi қосымшалар осындай. 1956 жылы бiр-ақ нәрсе – Абыздың билер сценасындағы сөздерi қосылған. «Еңлiк – Кебектiң» қазiр бiзге мәлiм, театрда қойылып жүрген, Әуезов таңдамалы шығармалар жинағының бесiншi томына енген түрi – 1943 жылғы нұсқа.

Ол қазақ драма театрында 1943 жылы қойылды да, 1956 жылға дейiн еш жерде жарық көрген жоқ. Алғашқы нұсқа мен осы нұсқа арасында түбiрлi мазмұндық, идеялық айырмашылықтар, көптеген стильдiк өзгешелiктер бар. Бiрер мысал.

1922 жылғы нұсқа.

Есен: Сенiмен езiп тұрар жайым жоқ. Сен iздесең, мен де сенi iздегем. Шық, жекпе-жекке.

Кебек: А-а. Кел, кел, ер шекiспей бекiспейдi деген. Сырлас келiнiңнiң алдында мақтанайын деген шығарсың (Екеуi ыңғайланады).

1943 жылғы нұсқа.

Есен: Қысқарт, көрейiн мен соқтығатын сойыңды. Сен iздесең мен де сенi көп тосқам. Шық, жекпе-жекке.

Кебек: А-а... Кел, кел. Бәсе, ер егесi еңiсте. Сырлас келiнiңнiң алдында мақтанайын деген шығарсың. (Екеуi ыңғайланады). Шық, былай.

Бұрынғы сөйлем қысқартылып, оның орнына әлдеқайда бейнелi, образды жаңа сөйлем жазылып отыр. «Iздеу» сөзiн екi рет қайталаудан «көп тосқам» деу сәттi. «Ер шекiспей бекiспейдi» деген болып аяқталған фразаның екпiнi аз, жаттанды нақыш. Ал «бәсе, ер егесi еңiсте», «шық, былай» дегенде әрекет, iшкi күш сыртқа теуiп тұрғандай.

1922 жылғы нұсқа.

Еңлiк: Ендi екеуiңе айтатыным: мен қастарыңнан кетем. Және мен үшiн таласатын, мен мал емеспiн. Менсiз де күштерiңдi сынамақ болсаңдар, сылтау табылар. Екеуiң де жөнiңдi тап, жайларыңмен жүре бер.

1943 жылғы нұсқа.

Еңлiк: Ендi екеуiңе айтарым: қастарыңнан мен кетем. Тек аңғарыңдар, батырлар, мал үшiн, жер үшiн талассаң да мен үшiн таласпаңдар. Әрекет жетер онсыз да, менсiз сылтау аз емес қой, табылар. Екеуiң де жөнiңдi тап, жайларыңмен жүре бер.

«Айтатыным» – «айтарым» болып, «мен қастарыңнан кетем», – «қастарыңнан мен кетем» болып өзгертiлуi диалогтың сөйлеу тiлiне жақындатылуын, ырғағын, ширақтығын құнттаудан туған. Екiншi, үшiншi сөйлемдердегi өзгертулер де Еңлiк характерiн бұрынғыдан күшейте түсетiн сапалы жаңалықтар.

Кейiнгi нұсқалардағы өзгертулер әр түрлi: солғын я қажетсiз жерлердi қысқарту да, жеке сөздердiң, тiркестердiң орнын ауыстыру да, тыңнан, соны сөйлемдер қосу да, бұрынғы сөйлемге жаңа мағына беру де, фразаның сахналық өткiрлiгiн арттырып, ырғағын күшейтiп, ширату да – бәрi де бар.

Образға жүктелген идеялық-эстетикалық салмаққа орай авторлық ремарка жаңарған. Олар алғашқы нұсқада тұрмыстан нақты хабар беретiн дүниелердi жiпке тiзiп берсе, кейiнгi вариантта декорациялық қызмет емес, психологиялық күйдi мегзейдi.

«Еңлiк – Кебек» трагедиясы Қазақ академиялық драма театры сахнасына көп үзiлiстен соң 1957 жылы қайта шықты. Режиссерлерi СССР Халық артисi Қалибек Қуанышбаев пен М. Гольдблад. Трагедияның соңғы нұсқасы туралы көптеген сын пiкiрлер спектакль қойылған кезде айтылды. Ақындар Ә. Тәжiбаев, X. Ерғалиев үлкен драматургтiң кесек табысына шын жүректен қуанып тебiрене толқып жазды. Олар трагедияның драматургиялық қалпын жан-жақты сараламаса да, идеялық қазық, артистер шеберлiгi, спектакль әсерi сияқты мәселелердi жақсы қаузады. Соңғы актының сәл босаңдығы жөнiнде ақындар айтқан күдiктiң жаны бар.

Әдебиетшi ғалымдар Ы.Дүйсенбаев, К.Қанафиева газеттiк рецензия көлемiнде трагедиядағы образдарды талдап, артистер ойынын сөз етiп, спектакльдi жоғары бағалады. «Бұл спектакль драма театрының соңғы жылдардағы аса елеулi табысы, ұлы Октябрь революциясының 40 жылдығына арналған тартымды тартудың бiрi екенi даусыз», – деп жазды «Социалистiк Қазақстан» газетi. Айтылмыш мақаладағы Жапалдың таптық кескiнi айқын емес деген пiкiрдi трагедияның, кемшiлiгi ретiнде көрсету дәлелсiз болатын. Тағы бiр топ рецензияда «Еңлiк – Кебек» трагедиясының Петропавл, Семей, Қызылорда, Ақмола облыстық театрлары сахналарында қазақ, орыс, корей тiлдерiнде қалай қойылғандығы айтылады.

Қазақ әдебиетi мен өнерiнiң Москвада өткен 1958 жылғы онкүндiгiне апарған репертуардың көш басында «Еңлiк – Кебек» трагедиясының тұруы заңды едi. «Известияә газетi: «Тұрмыстық дәлдiктен аулақ бұл спектакль поэтикалық жинақтаумен характерлердiң реалистiк айқындығын бойына жиған», – деп жазды. Абыз ролiндегi Қалибек Қуанышбаевтың, Есен ролiндегi Ыдырыс Ноғайбаевтың, Еспембет ролiндегi Серке Кожамқұловтың, Кебек ролiндегi Нұрмұхан Жантуриннiң, Еңлiк ролiндегi Бикен Римованың, Жапал ролiндегi Сейфолла Телғараевтардың артистiк шеберлiктерi өте жоғары бағаланды.

Театр сыншысы Е. Сурков «Бұл сцена (билер дауы сценасы – Р. Н.) қазақ даласының бағзы тарихының барлық қуатымен, әлем-жәлемсiз сиқырлы сұлулығымен, көз алдымызға кiлт келе қалған ғажап картина», – деп таң-тамаша болды.

«Еңлiк – Кебектiң» Фрунзе қаласында қойылуына байланысты қырғыз әдебиетшiсi Б.Жұмабаев: әТақырыптың анық поэтикалық, терең ұлттық шешiм табуы соншалық, бұл шығарма ұлтына қарамастан әрбiр адамды тебiренте толқытадыә, – деп ақтарыла сөйледi.

Академик Сәбит Мұқанов «Еңлiк – Кебек» трагедиясы – өзiнiң ең сүйiктi шығармасы екенiн айтты.

Сөйтiп, әуел баста халықтық аңыз негiзiнде туған Мұхтар Әуезовтiң «Еңлiк – Кебек» трагедиясы талант құдiретiмен әлденеше рет редакцияланып, жаңғыртылып, байытылу арқасында образдары кесек-кесек, конфликтiсi шыңыраудай терең, тiлi ғажап шұрайлы классикалық пьесаға айналды.

Рымғали Нұрғали. «Еңлiк – Кебек» трагедиясы – 1 мына жерде

Рымғали Нұрғали. «Еңлiк – Кебек» трагедиясы – 2 мына жерде


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар