Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САРҒАЙҒАН ПАРАҚТАРДАН...
Бексұлтан Нұржекеев. Орны бөлек Оралхан...

22.02.2019 7569

Бексұлтан Нұржекеев. Орны бөлек Оралхан

Бексұлтан Нұржекеев. Орны бөлек Оралхан - adebiportal.kz
“Жас Алашта” “Оралханның белгiсiз махаббаты” атты Оралханның “Көңiл күнделiгi” жарияланғаннан кейiн (20.09.03) төрт-бес күн өткен соң бiр әйел телефон соғып:
– Менi таныдыңыз ба? – дедi. Дауысынан тани алмадым. Атын атағанда барып, өткен күндер көз алдымда дөңгелене қалды. Құдай-ау, одан берi қаншама заман өттi?! – “Жас Алаштағыны” оқыдыңыз ба? Сол күнделiктегi қыздың мен екенiмдi сiз ғана бiлесiз, – дедi ол кездегi студент қыз, қазiргi балалы-шағалы әйел.
“Ой, өмiр-ай!” – дедiм iштей күрсiнiп. Әлденеге өкiнiп. Өзiмiз ғана бiлетiн талай оқиға, талай сыр iшiмiзде кетiп барады-ау. Бәрiн айту, тiптi, мүмкiн емес. Айтқаныңмен, дәл өзiңдей ешкiм түсiнбейдi. Түсiнбеген соң, өзiнше, өзгеше бағалайды. Өз кезеңi мен өз жағдайына қарай түсiнбеген соң, оқиға да бұтағынан үзiп алған жапырақтай жалаңаш, байланыссыз қалады. Сондықтан айтуға да жүрексiнесiң: жазықсыз бiреудiң жанын жаралап алам ба дейсiң, жақсы ниетiмдi әлдекiм жамандыққа бұрып әкете ме деп те қорқасың, әйтеуiр, көп күдiк кедергi бола бередi.
Оралханның ол кезгi махабатын түсiну үшiн, Оралханның өз сөзiне жүгiну керек: “Әлi де жазсам деген ойым бар, әлi де бала сүйiп, ұрпақ қалдырсам деген арман бар. “Қалай, кiммен?” – мiне, осы сұрақтың жауабын шешуге еңсемдi басқан зiркiл зiл мұрсат бермей тұр”, – демей ме?
Бұл – бiреу үшiн романтика, бiреу үшiн “белгiсiз махабат” болар, бiрақ Оралхан үшiн өмiрлiк, тағдырлық жағдай. Сөге де алмайсың, қуана құптай да қоймайсың. Алайда ол жағдайдың Құдайдың құдiрет күшiмен қалай шешiлгенiн, Орекең Ардақ атты әйелiнен Айхан деген ұл, Айжан атты қыз сүйгенiн бiлемiз. Оған мың шүкiр.
Жалпы, Оралхан жұртқа жүрiс-тұрысы елден ерекше, киiм киiсi оқшау, мiнез-құлқы кiсiкиiктеу болып көрiнетiн. Ондайы бары бар-ды, бiрақ бiржола солай емес-тiн. Жақындай, сөйлесе, сырласа келе кәдiмгi кiсi Оралханды бiлетiнсiң де, онымен оп-оңай араласып кететiнсiң. Өткен ғасырдың жетпiсiншi жылдарының басында екеумiз де сөйттiк. Ұмытпасам, қызмет бабында таныстық. Ол “Лениншiл жаста”, мен комсомолдың орталық кәмитетiнде едiм. “Лениншiл жас” комсомолдың органы едi де, мен сол жастар баспасөзiне жауап беретiнмiн. Жақын араласып кетуiмiзге оның да, менiң де Кәрiбай, Қуанышбай, Кәдiрбек, Сағат, Серiктермен дос-жар жүруiмiз дәнекер болды. Қазақстанның әр түкпiрiнен Алматыға келген бiздi әдебиет табыстырды. Әрқайсымыз бойымызда таудай-таудай кемшiлiктерiмiз бола тұра, бiр-бiрiмiздiң бойымыздағы тарыдай талантты бағалауды басты мақсат тұттық. Соның арқасында қаншама рет пiкiр таластырып, қаншама рет керiсiп-керiлдесiп қалсақ та, бiр-бiрiмiздi өлiм түгiлi, өкпеге де қиған емеспiз. Қазiр келiспей қалсақ, қазiр бiрге қарқылдасып отыратынбыз. Құдайға шүкiр, қазiр де сол мiнезбен қартайып келемiз. Бәрiмiзде де көкiрек, намыс бар, бiлiм мен талант та бар сияқты, алайда соның бәрiнен бұрын бауырмалдықты бiрiншi орынға қойып келемiз. Өйткенi бiздiң бауырмалдық – халқымыздың бiрлiгi. Ешқайсымыз халықтан биiк емеспiз. Бiрлiктi, бауырмалдықты сақтау – жеке адамдардың әрқашан өзi бiлiп, өзi шешетiн жекеменшiгi емес, ең әуелi халықтық қасиет. Халық үшiн қызмет жасап жүрмiн деген әр адам әуелi досқа, туысқа, жерлеске, таланттыға бауырмал, кешiрiмдi болуға мiндеттi. Бұл – елдiк, ұлттық қасиет. Бiздi о баста – отызымызда бiрiктiрген де, қазiр – алпыстан асқанда адастырмай келе жатқан да – осы түсiнiк. Бұл үрдiсте бiзге үлгi боп жүрген, Құдайға шүкiр, Қалихан, Әкiм, Сайын сияқты татулықтары жарасымды ағаларымыз да бар.
Бiр кезде ауыз жаласқан тату достардың кейiн бiр-бiрiнiң әкесiн өлтiргендей өштесiп кеткенiн өз басым әлденеше көрдiм, көрiп те келем. Бiр қарағанда, олар да мәдениеттi, талантты, бiрақ өте кекшiл, әсiре өзiмшiл, кешiре алмайды, өзгенi түсiне алмайды. Ондай адамдар таланттылығымен халқымызға өте қажет, алайда өзiмшiл, кекшiл мiнезiмен өте зиянды. Бiр қылығы бiр қылығын жуып-шайып кетедi. Оралхан осындай кереғарлықтан ада болатын. Пенделiк осалдықтарын елдiк мүдеге жеңдiре бiлетiн. Шын мәнiнде “халықтың ұлы” деген қасиеттi сөз сондай адамдарға ғана айтылуға тиiс.
Бiз Оралхан екеумiз екi дүркiн “шекiсiп” қалдық. Екеуiнде де Дулаттiкiнде. Бiрде Дулат қонаққа шақырды да, өзi үйiне кешiгiп келдi. Бiз күтпеген жағдайда қонаққа келе қалған Мықтыбай деген қайнағам үшеумiз барғамыз.
Неге ренжiп, неге түңiлгенi қазiр нақты есiмде жоқ, бiр кезде Оралхан үйге кiргеннен-ақ қара аспанды төндiрiп кейи жөнелдi. “Менiң-ақ жолым болмайды, маған-ақ бар дүние терiс айналып тұрады, бәрiнен кенде қалам да жүрем”, – деп түңiлдi. Тегi, қоймай бара жатқан соң, мен қаттырақ айтып қалдым:
– Тап сенiң бүйтiп жылайтын жөнiң жоқ. Қатарымыздың алдысың, атағың, абыройың – бәрi артық. Алсам деген сыйлығыңды алдың; жетсем деген қызметiңе жеттiң. Қанағатсызсың, тойымсызсың, – деп, жеки орнымнан түрегеп кеттiм.
Әйтеуiр, ол үндемедi. Шамшыл, асау Оралхан басылды да қалды. Кешiкпей Дулат келдi, дастарқанға отырдық. Не кеткенше, не келесi күнi, одан кейiн де, өле-өлгенше Оралхан ол күнгi өзiнiң сөзi мен менiң сөзiм жайында ләм демей кеттi. Тек дастарқан басында екеумiз де аз-кем томсырайып отырдық та, бiраздан соң дүрмекке iлесiп екеумiз де дүркiреп, күркiреп, түк болмағандай боп кеттiк.
Содан кейiнгi жылдардың бiрiнде, ортамызда Райымбек Сейтметов бар, тағы Дулаттың дастарқанында отырғанымызда, Алматы көшелерiнiң атын өзгертiп жатқанға байланысты Оралхан қатты бiр кекесiн сөз айтып қалды. Мен үндемесем де болатын ба едi, бiрақ өзiм қасиетiне бас иетiн аруақтың киесiн сыйлап, дереу Оралханмен келiспейтiнiмдi айттым. Бұл жолы алдыңғы кездегiдей қызуланбай, бiрақ зiлденiп айттым. Оралхан тағы үндемей қалды, өзгелер де үндемедi. Одан кейiн де Оралхан маған не өкпе, не ренiш айтқан емес. Сiрә, өз сөзiнiң сәл ағаттау шыққанын аңғарған секiлдi. Сол екi жағдайды еске алған сайын мен оның iшкi мәдениетiнiң мықты болғанына көз жеткiземiн. Кiсiнiң нағыз мәдениеттiлiгi өзiн-өзi билеуiнде ғой. Жалған намысқойлық, соқыр кекшiлдiк Оралханда жоқ едi деп ойлауыма осы екi жағдай нық сенiм бередi. Абайламай айтып қалғанының өзiн алпыс жыл қорғаштап, сол үшiн жақтас жинап, терiсiн дұрыс етуге тырысатын тырысқақтар толып жатқан заманда Оралханның өйтiп өз қате пiкiрiн қолма-қол жұта қоюы кiсi қызығарлық-ақ қылық емес пе?
Бiрiншi жағдайда мен де оны терең түсiнбей қалдым ба екем деп қорқам. Қырықтан асқанша өзiнiң бала сүймей келе жатқанына iштей кейiп жүргенiнде, менiң сөзiм жанына инедей қадалмады ма екен деп күдiктенем. Бiрақ болар iс болып қойған соң, ол жолы Оралханның асқан ұстамдылық көрсеткенiне әрi сүйсiнем, әрi қайран қалам. Өзгенiң сөзiне, iсiне риза болмаса, Оралхан ойын сол сәтте-ақ iрiкпей айтып салатын. Ол оның мiнi емес, мiнезi едi. Басқалардың өзiне де бетiне айтып салғанын ол намыс көрiп, кек сақтамайтын. Ол да оның айрықша, оқшау жаратылысы. Ондай мiнездiлер алдымызда да, соңымызда да сирек. Өзгенi сан-саққа қыжыртып, әзiлдей мiнеп отырғанды ұнататындардың көбi өз атына айтылған жарты ауыз шымшымаға шыдамай, жарылып кете жаздайтынын бәрiмiз де көрiп келемiз ғой.
Мiнезсiз адам жазушы бола ма, оның мiнезi де оңай мiнез емес-тi. Кейде тарыла қалатын, кейде жайыла калатын кезiн көп көрдiк.
Мен Төлен Әбдiковпен университетте бiрге оқыдым, сондықтан онымен Оралханнан бұрын доспын. Ойламаған жағдайда “Қазақ әдебиетi” гәзетiне Төлен бас редактор болып, бұрыннан сол гәзетте iстеп келе жатқан Оралхан оған орынбасар болып қалды. Сонау “Лениншiл жаста” iстегеннен берi өзi баулып, өзi қамқор болып келе жатқан Шерхан көкесiне де “гәзеттiң атағы Шәкеңде, шатағы бiзде” деп отыратын Оралхан бас редакторлықтан бұл жолы қатты-ақ дәметкен едi, оның ретi келмей қалды. Оған ол қатты ренжiдi. Тiптi, онысын Төленге де, бiзге де бiлдiре кейiп жүрдi. “Әй, арамыз осы жолы ажырап кетер ме екен?” – деп күдiктенiп-ақ жүрдiм. Ақыл, мiнез, бiлiм, мәдениет дегендердiң бетке шығып, бiрдеме бiтiретiн тұсы да дәл осындай сәт қой.
Осындай тұста мен “Жалын” баспасына деректiр бола қалдым. Алдын ала айтпай, телефон да соқпай, төтеннен-төтен Төлен мен Оралхан менi құттықтап, кешкiсiн үйге кiрiп келдi. Ой, сондағы қуанғаным-ай! Құдай-ай, қатар адамдардың сыйласып қатар жүргенi қандай ғажап едi! Екi талант иықтасып, бiр-бiрiне қызметке бола қырғи қабақ көрсетпей, екi езулерi екi құлағына жетiп кiрiп келе жатқанда, жүрегiм жарыла қуандым.
Ол кезде Оралхан балалы-шағалы. Дастарқан басында әзiлдеп:
– Оралхан, ендi сен анау болмадым, мынаны ала алмадым дегендi доғар. Құдайға шүкiр, қазiр сенде бәрi бар. Соған сенiң өзiңнен бұрын бiз қуанамыз. Кейде сенiң қабағыңа қарап: “Бала-шағамыз үшiн!” – деп тост айта алмаушы едiк, Құдай ол тiлегiмiздi де бердi, – дегендi айтып тастадым.
Кербұғыша басын шұлғып, бiреудi жақтырмаса, бiресе шаңыраққа, бiресе босағаға қарап, бiрақ әлгi адамның бетiне қарамай сөйлейтiн Оралхан:
– Сен дұрыс айтасың! Тәуба! – деп едi.
Өзi тура айтқанды ұнататын Оралхан тура сөз айтатындардан терiс айнала қоймайтын. Өтiрiк қолпаш, арзан мадақ оның аузынан шыға бермейтiн. Ұнамаған бiреудi не бiреудiң қылығын бiр сөзбен естiрте тiстеп алып отыра беретiн. Соны сол арада айтып тастамаса, әлдебiр есесi кететiндей шыдап отыра алмаушы едi.
Бәрiмiз қатты сыйлайтын бiр әншi бауырымыз ортамызда ән салды. Бұл жолы шаршап, даусының берекесi болмады. Бiрақ бiз ежелгi әдетiмiзбен ә-ә десiп сыр бермей отыр ек, “Бақыра бергеннiң бәрi ән бола ма?” – деп, Оралхан өз ойын айтып салды. Бiз оны естiмегенсiп, үндемей құтылдық.
Жалпы, Оралханның ондай “ерке” мiнезiне, әркiм әртүрлi түсiнетiн кедiр-бұдырларына Шерхан көкесi әсiресе шыдамды болды. Оған шаң жуытпайтын. Iнiсiнiң қай қылығын да қыңқ етпей көтеретiн, маңдайыма бауыр қып сенi жазған Құдайға мен ризамын деп, шексiз кеңдiк танытқан Шәкеңдей басқа ағаны мен әлi көрген де емеспiн, естiген де емеспiн.
Оралханның шығармашылығын талдауға, танытуға бiр кiсiдей қызмет жасаған – Сағат Әшiмбаев бауырымыз. Екеуi “Лениншiл жаста” бiрге iстедi, өздерi көп уақыт көршi тұрды.
Желтоқсан оқиғасынан кейiн кешiкпей Оралхан бiр себеппен бәрiмiздi қонаққа шақырған. Сонда Сағат марқұм Мәскеуден келген, өзiмiзден шыққан шенеунiктердiң қазақтарды қалай “калбит” деп тұрып боқтағанын айтқанда, нанар-нанбасымызды бiлмедiк. “Екi кассета менде тығулы жатыр, керек кезiнде жарыққа шығарам”, – деген-дi. Оның бәрi баяғыда құртылғанын кәзiр шамалаймыз.
Жалпы, Оралхан әлдекiмдi өлiп-өшiп ұнататынын, жақсы көретiнiн желпiлдеп айта бермейтiн, ондайды ол қылығымен ғана танытатын. Сағатты ерекше сыйлайтыны да сондай iс-әрекеттерiнен бiлiнетiн. Қалихан ағасын айрықша құрметтейтiнi де еркелей сөйлегенiнен сезiлетiн.
“Қазақ әдебиетi” гәзетiн басқарып отырғанында, астананы Алматыдан Ақмолаға көшiру қажеттiгiн жүйелi түрде бiр мақаладан кейiн бiр мақала берiп қозғаған Оралхан болды. Бiрде-бiр гәзет, бiрде-бiр редактор дәл ондай табандылық көрсеткен жоқ. Ол мәселенi арнайы тапсырма алған адамша көтердi. Ал оның өте көреген көзқарас болғанына көбiмiздiң көзiмiз ендi-ендi ғана жетiп келедi.
Алғаш қазақ тiлiнiң мәртебесi жайында мәселе қозғалғанда да ол кезде “Қазақ әдебиетiнде” орынбасар Оралхан ортамызда Әбдуәли Қайдаров ағамыздың көреген пiкiрiн уағыздаушы болды. Құрылмақ қоғамның атын “Ана тiлi” деп атау керек пе, “Қазақ тiлi” деп атау керек пе деген тұста зиялы қауымның билiк басында жүрген дуалы ауыздарының өзi саясатқа жалтақтап, “Ана тiлi” деуге қарай қисая бердi. Қасқайып академик °бдуәли ағамыз ғана “Қазақ тiлi” деудiң дұрыс екенiн дәлелдеп бақты. Гәзет бетiнде ол кiсiнiң сөзiн Оралхан батыл қолдады. Ақырында Әуезов театрында өткен алғашқы сиезде қоғамның аты “Қазақ тiлi” боп аталды. Қазiр айтуға оңай болғанмен, ол кезде “Қазақ тiлi” деген атты бар дауыспен үрiкпей-қорықпай айту да оңай болмап едi. Ол жеңiсте Оралханнын да өзiндiк орны бар-ды.
Қатар өскен, қатар жүрген бiзге Оралханның өзi қымбат. Ол ешқашан ел мүдесiн арзан атақ, жеңiл беделге, жеке бастың кегi мен мiнiне айырбастаған емес. Ол да өзгелер сияқты артық-кем сөйлеп қалатын; кейде бiр қылығы ұнаса, бiр қылығы ұнамай да қалатын; бiрақ қазақ мүдесiне қатысты тұста ол кейбiреулерше кiбiртiктемейтiн де, күмiлжiмейтiн де. Оның қай жерде де ойындағысын айтып салатыны талайды сескентетiн. Өзiнiң сөзiне, iсiне өзi күдiктенетiндер одан ығып жүретiн.
Адам үшiн мүшел жас қауiптi деген рас болса керек, ол мүшел жасында дүниеден озды. Елу жасын 1994-жылы елiне барып тойладық. Әрi асын бергендей аза тұттық. “Жетi жетiмi” – жетi досы бардық. Шерхан ағасы мен Қалихан көкесi ортамызда болды. Ол сапарға мен “Жалын” баспасы сол қыста ғана алған су жаңа “Раф” мәшинесiмен шықтым. Тобымызбен бiрге отырып, әнгiме-дүкен құрып баруға қолайлы болды. Қасымызға бiр-екi жеңiл мәшине мiнген iнiлерiмiз iлестi.
Жол Талдықорған обылысын басып өтетiн болғандықтан, мен сол обылыстың баласы болған соң, алдын ала обылыс басшысының орынбасары Гүлша Тәңiрбергенқызына телефон соғып, жол жүрiп бара жатуымыздың мән-жайын айттым. Қай күнi, қай сағатта, қанша адам, қанша мәшинемен шығатынымызды Гүлша тәптiштеп сұрап алды да:
– Беке, бәрi ойдағыдай болады. Жiгiттерге өзiм хабарласам, күтiп аламыз, – дедi.
Қашан көзiм көргенше iштей қауiптенiп-ақ келдiм. Шеткi ауданның жiгiттерi Мұқырға жетпей жол тосып тұрғанын көргенде, жүрегiм орныға бастады. Одан арғысы тiптен тамаша: әр ауданның басшылары өзiне дейiнгi ауданның шекарасынан топтана күтiп алып, аяғымызды жерге тигiзбедi. Бәрiн де атқа мiнгiзiп, дәмi мен ойын-сауығын алдымызға тостырып отырған Оралханның аты едi. Кешкiсiн кезiнде Шоқан қызыққан, орыс әписерлерi әдейi барып әдемiлiгiн көрiп қайтқан Ойжайлауға ат басын тiредiк. Ол арада комсомол қызметiн қатар атқарған Қалиолла Тұрғанбаев деген дос жiгiт деректiр екен, ол бiзге бал шарабын татқызып, Ойжайлаудың таза ауасында демалтты.
Гүлшаның тапсыруымен қайтар жолда да талдықорғандық азаматтар бiздi бiрiнен-бiрi өткiзiп ала отырып қарсы алды. Сөйтiп, Оралханның елу жылдығын талдықорғандықтар да өз жерлесiнiң тойындай өткiзген едi. Бәрiнiң басы-қасында болған Қалихан Ысқақ ағамыз сонда басын шайқап:
– Мен өзiм бұлай ұйымдастыра алмас едiм, – дегенi есiмде. Жетiсулықтарға ағамыздың, сiрә, риза болғаны шығар.
Нұрмолда Алдабергенов ағамыздың атындағы ауыл қайтар жолымызда үй тiгiп, өлеңдетiп күткен едi. Соның бәрi “Оралхан – елдiң ұлы” дегендi айқын танытқан.
Елiн, жерiн көрген соң, көкейiмiзден басқаша, таудың асқақ табиғаты мен орманның қиялшыл кейпi сомдаған Оралхан кетпей қойды. Оның мiнезi туған жерiне тартқан екен. Қатонқарағайдың қалың орманы мен Бұқтырманың асау ағысы, Рахман қайнарының тау үстiндегi сұлу да тәкаппар бейнесi, Шыңғыстайдың шыныдай шырт-шырт сына жаздап тұрған таза ауасы Оралханның бойында бiздiң де үлесiмiз бар дегендi бар болмысымен бiлдiрiп тұрғандай едi.
Әйгiлi сыбызғышы Шанақ Ауғанбаев ақсақалдың баласы Оралханға иә нағашы, иә жиен болып келедi екен. Сол кiсi бiр тобымызды австриялық тұтқындар салған бұралаң жолмен қарағайлы шыңның басына шығарып, бұлтпен тiзе қоса қатар отырғызып қойып, алдымызға дастарқан жайды. Оралханның өр мiнезiн шыңдаған осы тау, осы бұлт дегендей астар бар едi онысында. Тау үстiндегi жазықтың сиқырын бiреудiң айтқанынан ешқашан түсiнбейсiң, оны тек көру керек. Күн батып бара жатқанда жазық жердiң үстiнде тұрсаң, күн батып бара жатқан көкжиек жердiң ең шетi құсап көрiнедi; ал тау үстiнен еңкейiп бара жатқан күн ұшы-қиырсыз кең дүниенiң бiр жықпылына ғана бұғынып қалғандай әсер қалдырады. Тау – қиял жетпейтiн, қиялға қиял үстейтiн, күннiң шыққаны да, батқаны да өзгеше жер. Оралханның туған жерi – сондай тау.
Жасырақ кезiмiзде бiр-бiрiмiзге қонаққа барғанда, әрқайсымыз ән айтып, дастарқанға құрмет жасайтынбыз. Ақселеу: “Айналайын Құдайым, несiбе бер!” – деп сұңқылдаса, Қуанышбай: “Бiр “теректе” бес алма”, – деп адасатын, Кәрiбай: “Күмiс құман-ай!” – деп аңсайтын, Төлен аңыратып күй тартатын, Дулат та “Күләндасын” бар дауысымен “шырқап” кеп жiберетiн; кәзiр ендi бәрiмiз байсалды қалыпқа түсе бастағанда, құдая тоба, Кәдiрбек әншi болды: айт десең де айтады, айтпа десең де айтады: “Бiр ән салып Әлекең бер деген соң”, – деп гүжiлдейдi. Сол бiр серiлеу күндерiмiзде басын бiрер шайқап жiберiп, Оралхан да: “Қарағай басын кессең, шолақ екен, Адамдар бiр-бiрiне конақ екен. Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай!” – деп қоя беретiн. Оның iшi де, сырты да Алтайға сыймай тұратын. Зауқы соққанда, жабыла, жабыса сұрағанымызда, басын бiр шұлғып тастап, “Шұғаның белгiсiн” жатқа айта жөнелушi едi. Қонаққа шақыра қалсақ, Оралхан: “Тегiн шақырыс па, жоқ па?” – деушi едi әзiлдеп. Онысы бiр оқиғаға байланысты ма, жоқ, жай жолдастық шақырысың ба дегенi едi.
Жазушы ретiнде де, жерлестiгi жағынан да Алтайдың азаматтары Оралханды айрықша құрметтейдi екен. 2003-жылы қыркүйекте ол 60-қа келер едi. Алпыс жылдығын атап өткен ел-жұрты Оралханның Шыңғыстайдағы өз үйiн мұражай етiп, оның алдына Орекеңнiң үлкен мүсiнiн орнатты. Осы ауылдағы үйленген әрбiр жас Оралханның ескерткiшiне гүл қойып, тәңiрден: “Оралхан ағадай талантты, атақты ұл-қыз сүйгiзе көр!” – деп сұрамақшы. Демек Оралхан әлi де өз ауылында өмiр сүрiп жатыр деген сөз. Белқарағай орта мектебiне Оралханның атын бердi. Өстiп Оралханның екiншi өмiрi елiмен, жерiмен бiрге әлi жасап келедi.
1993-жылы Оралханның Үндiстанға бара жатқанын Серiк Әбдiрайымiптiң үйiнде қонақта отырғанда өз аузынан кездейсоқ естiдiм. Соңғы рет дәмдес болып отыр екенбiз. Тәкаппарлау, менмендеу көрiнетiн, сол көрiнiсi өзiне жарасып тұратын, ал шын мәнiнде адамды сүйiп, адамды ұнатуда еш тәкаппарлық пен менмендiгi жоқ Оралханның орны бiз үшiн әрқашан бөлек, өйткенi бiз көзкөргендермiз.

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар