Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Асылзат Арыстанбек. Әйел...

26.02.2019 8605

Асылзат Арыстанбек. Әйел

Асылзат Арыстанбек. Әйел - adebiportal.kz

Қырық айла - барлық қару-жарағы,

Бір әйелдің бір-ақ тамшы жасына,

Бүкіл әлем батып кете барады.

Әулиеден кем түспейтін дерегі,

Кешір, Құдай,

Сенен кейін адамзат

Әйелдерге табынады себебі.

Күдігіңді күлкісімен күрейді,

Сайтан екеш сайтандардың өзі де,

Әйелдердің санасына түнейді.

Ұсын оған төріңді!

Тырнағыңа татырмасаң, сол әйел,

Тырнағымен қазып берер көріңді.

Әйелдердің аяғына бас ұрып,

Өр кеуделі патшалардың өзі де,

Өліп кеткен

Бұрымына асылып.

Жүрген жерін жіберетін өртеп тым,

Талай әйел кірпіктерін жебе ғып,

Қабырғасын сөккен талай еркектің.

Адас естен!

Сол ма саған керегі?!

Ерініңнен сүйіп тұрып ол сенің,

Ел-жұртыңды жаулап ала береді.

Тұңғиығы батқан сайын тереңдер,

Соғысты да өршітетін әйелдер,

Саясатты жасайтын да әйелдер!

Әуейі қып, от құштырар гүл демі,

Әлем сырын ұғу қиын жалғанда,

Әйел жаны одан бетер күрделі.

О, олардың бөлек мүлдем әлемі,

Шеттерінен шекер, жалын, әдемі!

Кешір, Құдай,

Сондықтан да еркектер,

Әйелдерге табынады әуелі!

Жүрсін Ерманша

Ендікте, мейлі, жер-көкте,

Ерліктің мәні - еркекте.

Жатып-ақ батыр атанар,

Жаялық пенен жөргекте.

Еркексіз қараң күніміз,

Еркекпен ғана іріміз.

Бөрікпен қағып алмаса,

Басылмас еді жынымыз.

Түсініп, бабын таппасаң,

Түсесің су мен отқа сан.

Екі дүниеде оңбайсың,

Еркекке егер жақпасаң.

Ұғына білсең, ұрыспай,

Жігіттің жаны - тыныш жай.

Ешқашан екі сөйлемес,

Еркектің тілі қылыштай.

Санына ешкім жетпеген,

Еркектер бізде көп демен.

Әйелде ешбір қадір жоқ,

Еркектер сүйіп, өппеген.

Елімнің солар өсімі,

Базары менен несібі.

Еркексіз үйдің болмайды,

Есігі менен бесігі.

Қабағы мұздай қарытар,

Жанары тұздай жанытар.

Еңсеңді солар көтерер,

Еліңді солар танытар.

Бағыңды *байлап* ашасың,

Жұпарың соған шашасың.

Әйелдің күні еркекпен,

Еркектер мәңгі жасасын!

Көз

Үш көзім бар, дір етпе,

Екі көзім маңдайда, үшіншісі – жүректе.

Екі көзім көре көзге алдайды,

Кешіп өмір мәз әнін.

Үшіншісі көргенінен танбайды,

Жүрек нені көрсе, соны жазамын.

Иә, солай, үш көзі бар кісің мен!

Кей маңдайдан екі көздің орнынан,

Екі безді көремін мен ісінген.

Көз қуанса, көңіліңнің жуылады кірі кей.

Кейбіреудің екі көзі – екі көр,

Жұтады да жібереді тірідей.

Көз көрместі көргенімен жүрегі,

Үндемейді. Қақпан дей ме құрулы.

Кейбіреулер жалғыз көзбен жүреді,

Оның өзі жұмулы!

Иә, ол да жұмулы, соқыр қоғам сорын-ай,

Жалғыз көзбен қарау қайда жаһанға,

Құнанбайдың құдіреті дарымай.

Бас болған соң көз болуы заңдылық,

Адамизат табиғатқа телиік,

Бірақ мынау бассыз елде қаңғырып,

Көзсіз бастар бара жатыр көбейіп!

Сабыр, сабыр, жүрек-көзім кектенбе!

Астафралла!

Ал мына бір адамның

Басы түгел ауыз болып кеткен бе?!

Түрі жоқ қой кілең көзден арланар,

Дүниенің шындығы мен сұмдығын,

Ауызымен көре ме екен сонда олар?

Құбыжықтай басқа біткен құлқыны,

Көмей текті аңырайған ауызға,

Көзілдірік кигені де күлкілі.

Ол ауыздың іші боқтық, салақ тіл,

Мына бастың көзі түгел болғанмен,

Екі көзі екі жаққа қарап тұр.

Қайран қазақ, өзді өзін алдаған,

Құлыншақ қыз қадап апты көзмоншақ,

Кімнің көзі тиеді екен сонда оған?

Көзмоншағы күннің нұрын қарығыр,

Көзсіз бастар көріктінің бәріне,

Көңілдес деп қарайды ғой бәрібір.

Айналамда кілең соқыр, қырт-қамау,

Шамасы:

Бірін бірі көзге шұқып құртқан-ау.

Осы шығар көр-ақырдың жеткені,

Өз өзінің көзін шұқып, көк көз бен

Қысық көзге құл болғаны неткені?!

Қасіретті, адамзаттың соры нақ,

Ақиқатты көргің келсе, ей, соқыр,

Жүрегімді берер едім ойып-ақ!

Осы менің көргенім,

Екі көздің көргені сол – дарақы,

Өз көзіме өзім сенбей, жүрегіммен қараймын,

Ал жүректің көргені – одан өткен сорақы!

Көзсіз өмір өмір дейді сайтаным,

Сайтаныңды енді қалай жеңесің.

Илана алмай Иллаһымды айтамын,

Төбемізден КӨЗ қарап тұр дегесін!

P.S. Ал Сізде Көз бар ма?



Қаңғыбас

Өзегіме от құйып өлең-жырым,

Қайыр сұрап қоғамнан қаңғып қалған,

Айырмам жоқ менің де сенен бүгін.

Қос қапталдан қапсырып қинайды үр күн,

Өмір жайлы толғаған өлең түгіл,

Қара басым қоғамға сыймай жүрмін.

Біз жазамыз өмірдің шын жарғысын,

Өзің жайлы және де өзім жайлы,

Өлең оқып берейін, тыңдармысың.

Аяғымнан жүретін шалып қалып,

Жартыбасқа жетпейтін өлеңімді,

Қаңғыбасқа оқиын шабыттанып.

Жарамыздың табылар бір күн емі,

Ақын болған шығарсың сен де мендей,

Әкім болған шығарсың, кім біледі?!

Теріп жейтін күнделік күлден асын,

Жертөлесін мекендеп жатқан үйдің,

Өзің құйған шығарсың іргетасын.

Өмір деген осы ғой сан қамшылар,

Жуындысын құятын итаяққа,

Жеңгей сенің сүйіктің болған шығар.

Қақпан қауып, шалынып тұзақтарға,

Мүйізденіп күс басқан қолдарыңмен,

Мөр бастың ба кезінде құжаттарға.

Тағдыр тұсау салды ма аяғыңа,

Теріп жейтін бүгінде түйір нанды,

Теуіп жеген шығарсың баяғыда.

Бұрымдыны бұлдайтын бала ғашық,

Қағыс тиіп қарғысы қатындардың,

Қаңғып қалған шығарсың қара басып.

Бойда болса жеңбейді жігер нені?

Әлдиінде тастаған әлде сені,

Сәбилердің көз жасы жібермеді.

Өткен өмір келмейді шақырсаң да,

Қаңғыбас боп бір түнде шыға келіп,

Таңды мас боп сенімен атырсам ба?!

Бізге енді не қалды көрмегендей,

Менің күнім белгісіз не болары,

Ақын болған шығарсың сен де мендей.

Айдалада анасын сағынады ұл.

...Тағы да бір жарты алып келші, досым,

Өлең оқып берейін тағы да бір.

Сурет: Джованни Больдини «Үлкен шляпалы жас әйел»


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар