Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ОҚУШЫЛАР ПАРАҒЫ
Оқушылар парағы. 5-сынып: Марат Қабанбай...

05.03.2019 7710

Оқушылар парағы. 5-сынып: Марат Қабанбай

Оқушылар парағы. 5-сынып: Марат Қабанбай - adebiportal.kz

Марат Қабанбай - 1948 жылы 22 наурызда Зайсан ауданындағы Қараүңгір ауылында туған. Орта мектепті бітіргеннен кейін құрылыста бір жылдай жұмыс істеп, содан соң аудандық газетке жұмысқа орналасқан.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін «Лениншіл жас» газетінде, «Жалын» баспасында, Қазақ ССР баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетте қызмет істеді.

ҚОСЫМША МӘЛІМЕТ: Марат Қабанбаевтың «Бауыр» әңгімесі – қысқаша мазмұн


Әр жылдары балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалардың республикалық жабық бәйгесінде жүлделі орындарды жеңіп алған.

Жазушы Марат Қабанбаев бірнеше кітаптың авторы. Солардың ішінде сәтті шыққан туындыларының бірі — «Айшылық алыс жол» атты романы. Роман тақырыбы жетпісінші-сексенінші жылдар аралығын қамтиды. Суреттелген оқиғалардың бәрі дерлік күнделікті өзіміз көріп, басымыздан кешіріп жүрген жайлар. Туған ортасынан ертеректе қол үзіп кеткен жетім бала — Ертай ауылға келіп, еңбек адамдарымен араласып, нағыз өмірдің тер сіңген күпәйкесін кигенде ғана қала мен ауыл арасындағы қайшылықты мықтап сезінеді, ауылдағы халықтың рухани дамуындағы кенжелікті аңғарады. Бұл күнде нағыз өмір сүруге ынтық ақ қағаздай жандар бар да, өмірде актер болып ойнаушылар бар. Мысалы, басқаның қолымен от көсейтін Қали-рабкооп, қайда салсаң содан шығып майлы қасықтай жылпылдап ұстатпайды. Қарапайым еңбек адамы Елтайдың жүріп өткен айшылық алыс жолында бұғып жатқан «Бекежандар» бұлар. Роман сондай-ақ қыз бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді қозғайды. «Тұр», «Жат», «Оқы» деген бұйрықпен күн кешкен мектеп-интернаттағы қыз балалар күні ертең ошақ иесі, ана болғанда, тұрмысқа қажетті дағды, әдеттерді қайдан үйренбек ? Қыз баланың шешенің аялы алақанында дәстүрге тән тәрбие алып, бойжетуі табиғи заңдылық деген тұжырымға келеді. Жалпы роман бүгінгі таңдағы әлеуметтік маңызды мәселелерді қамтыған.

ҚОСЫМША МӘЛІМЕТ: Марат Қабанбай: Бұл зиялы – қай зиялы?

Мараттың өзінің талантты, қалыптасқан қаламгер екенін дәлелдеген шығармасы «Пысық болдым, мінеки» повесі. Бұл бүгінгі балалар өмірін бейнелеген повесть. Басты кейіпкері — Досан деген ойлы оқушы, зерделі жеткіншек. Әсіресе оның туған жердің әр түйір топырағынан қасиет іздеп, әр тал шөбіне үңіле жүруін, Аққұм суының шипалық қасиетін ашуын азаматтық десек де жарасады. Повесть балалар өмірін, балалар арасындағы қақтығыстарды суреттесе де, мұндағы негізгі өзекті мәселе — туған жерге деген махаббат. Негізгі тақырыбы — Досанның жеріне, еліне деген ыстық сезімі. Повесть аяқталғанда аппақ топырағы бар, шаңды, шөлді, шипалы суы бар Аққұм ауылын қимайсың. Жігіттерді жігерлі, қыздарды қызыл шырайлы еткен туған жердің қадірін біле түсесің.

ҚОСЫМША МӘЛІМЕТ: Марат Қабанбай. Бұл заманда үндемей қалу – үйдей пәле...

Жалпы Марат, дүниеге бала көзімен қарай білетін, сезіне білетін жазушы. Оның балаларға арналған шығармалары «Бақбақ басы толған күн», «Арыстан, мен, виолончель және қасапхана» повестері. «Бақбақ басы толған күн» повесінің бас кейіпкері — оқушы Заманбек. Өзі ақын, өзі өлең жазады. Мінезі де қызық, ойлағаны да күлкілі. Мұны повестегі он үш жасар баланың қызық қылығы мен қиял қуа жасаған іс-әрекетінен, көреміз. Мысалы, әкесінің томырық мінезін ұнатпауы жайында : «Жуықта Пионер газетіне «Мектебім» атты өлеңім жарияланғанда бетіме ежірейіп қарап отырып, «Ой-ит!»-деген. Басымнан да сипамады. Көкем сондай адам. Тентектік жасасам бишікпен тартып жіберуден тайынбайды, өлеңім шықса мәнерлеп тұрып ит дейді. Бала әкесі Сауытбекті мейірімнен тысқары, суық жан деп есептейді. Оның пікірі әділетті ме, мұны шығарманы оқи отырып оқырман өзі саралайды.

М.Қабанбаевтың бұл шығармалары «Философиялық ойларымен» ерекшеленеді, сонымен қымбат та. Өзгеге ұқсамауға тырысушылық, өмір шындығын өзінше бейнелеуге, соны соқпақ салуға құштарлық Маратқа, оның творчествосына ғана тән қасиет.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар