Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Кәмел Жүністегі. Жыл он екі ай амалдары...

12.03.2019 9165

Кәмел Жүністегі. Жыл он екі ай амалдары

Кәмел Жүністегі. Жыл он екі ай амалдары - adebiportal.kz

 

 

16-22 наурыз – Бес қонақ. Бес күн бұлың, кейде боран болады.

 

27-28 наурыз – Құс қанаты. Қалықтап қар жауады. Халық бұл ырымды «Қардың басын қар алар, ханның басын хан алар» деседі. Осы қармен бірге жыл құсы ілесе келеді. Кей жылдары жаңбырға да ұласады.

 

4-5 сәуір – От амалы. Қыстың бір күндік соңғы бораны. Мұнан кейін қыс малға отты біржолата береді.

 

18-19 сәуір – Қызыр қамшысы. Аспанда алғаш рет найзағай ойнап, жаңбыр жауады. (Кей жылдары бір күндік суық та түседі) Отау-отау боп көкте жүзген жаздың бұлты шығады.

 

28-29 сәуір – Бүршік жарған. Бір күндік суық. Тобылғы, қараған бүршігін жарады.

 

9 мамыр – Қызыл жұмыртқа. Бір күндік салқын. Осы күні адал құстар қаз-үйрек жұмыртқасын жарып, қызылшақа балапанын шығарады.

 

17-24 мамыр – Құралай. Осы жаңбырмен қоса киік лағын өргізеді.

 

29-31 мамыр – Үркердің батуы. Үркер шалшыққа батса, яғни осы күндері жаңбыр болса, жаз жаңбырлы болады деген ырым бар. Осыдан бір аптадан кейін шілденің ыстығы басталады. Ол 40 күнге созылмақ.

 

15-17 сарша – Үркердің толғағы. Арқаның табиғаты бұзылмай тұрғанда бұл шамада аптаға созылған жаңбыр болған. Шілденің аптабынан кейінгі осы жауынды халық асыға күткен.

 

14-15 тамыз – Таразының тууы. Халық арасында «Таразы туа таң суыр» деген мәтел бар. Күз нышаны алғашқы суық білінеді. Бұлт қоюлана түседі.

 

21-22 қыркүйек – Сүмбіле жұлдызының тууы. Ел арасында «Сүмбіле туа су суыр» деген мәтел бар. Қабағын түйген күз жаңбырлатып өтеді.

 

4-5 қазан – Боқырау деп аталады. Алғашқы суық бой көрсетіп, боққа қырау тұрады.

 

14-19 қазан – Ақыраптың алты күні деп аталады. Бұл күндері қазақ жұлдызшылары тезектің өте майда күлін сағат сайын ұшырып отырып, желдің бағытын, күшін, бұлттың жоғары-төмендігін, алғашқы ұшқын қардың жобасын байқап, қыстың алты айындағы ауа райын болжаған.

 

18-19 қараша – Қараша қаздың қайтуы. Жаңбыр соңы көктайғаққа ұласады.

 

4-5 ақпан (М.Әуезов желтоқсанды ақпан айы дейді) – Қырбастың қызылы. Алғашқы аяз, Кей жылдары аяз күрт көтеріліп, 30-35 жетеді.

 

17-22-ХІІ ай – Теке бұрқыл. Арқаның атақты бораны. Осы шамада арқар мен киік жұптасады.

 

1-2 қаңтар – Күн таласы. Күн бойы көтереді дейді ел. Жапалақтап қар жауады (Кейде жаңбыр да сіркірейді).

 

17-27 қаңтар – Сары аяз. Қыс шілдесі деп те аталады. Аяздың шарықтау шегі.

 

3-5 Үт – Үркер ауған. Тас төбеге шарықтап шыққан үркер жұлдызы төбеден сәл батысқа қарай сырғиды. Осыдан кейін Арқада 30 градустан асар аяз болмайды. Бұл күндер бірер күндік борасын жүріп өтеді.

 

5-7 наурыз – Толқыма. Алғашқы жылымық, Үркер жамбасқа түсер.

 

17-19 наурыз – Май боран. Бес қонақтың бір күні. Босаға жұлдызының тууына орай Босаға басы деп те аталады.

 

ҚОСЫМША МАҚАЛА:

Кәмел Жүністегі. Наурыз мерекесі ұлттық танымымызға тән болса

 

 

Материал автордың "Темірастау" кітабынан

Сурет ғаламтордан алынды

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар