Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ұлыстың ұлы күнінде...

22.03.2019 6079

Ұлыстың ұлы күнінде

Ұлыстың ұлы күнінде - adebiportal.kz

Ұлыстың ұлы күнінде,

Бай шығады балбырап.

Қасында жас жеткіншек,

Тұлымшағы салбырап.

Келіншек шығар керіліп,

Сәукелесі саудырап.

Қыз шығады қылмиып,

Екі көзі жаудырап.

Бозбала шығар бұрқырап,

Ақбөкендей сырқырап.

Құл құтылар құрықтан,

Күң құтылар сырықтан.

Кетік ыдыс, шөміштің,

Түтіні шығар бұрқырап.

***

Ақпан кетті араз боп наурызбен,

Наурыз жүр жоғалған бағын іздеп.

Көктем жетті көрісіп, жанын үзген,

Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен.

Көктем жетті көл-көсір шуақ қуып,

Қыс барады қиылып, жылап тұрып.

Шатырында үйлердің наурыз жүр,

Мұз көргісін ақпанның лақтырып.

Тозған тонын бойына кие алмай бір,

Қайда барса қарт Аяз сыя алмай жүр.

Асқар таулар атасын шақырады,

Ой мен қырын атасы қия алмай жүр.

Қарар емес наурыз атағына,

Алар емес ақпанды қатарына.

Күні бойы жылаған қарт пенденің,

Түні бойы мұз тоңды сақалына.

Мұқағали Мақатаев

***

Көктем

Қарайып жарқабақтар күн ыстаған,

Қырдан қар төмен қарай жылыстаған.

Тосады жалпақ дала күнге жонын,

Денесін жазайық деп құрыстаған.

Жөңкіген көшпелі бұлт бір де тынбай

Ақырын төмендейді қонатындай.

Жеңіл бу жер бауырлап қозғалады,

Қыстың ұшып кететін қанатындай.

Күлімдеп шуақ қонып сан қырына,

Көңілді жатыр дала жаңғырыға.

Табиғат өз перзенті – жас көктемді

Алады шомылдырып жаңбырына.

Ауылдың шығып алып қыр бетіне,

Даланың көзің салшы келбетіне.

Сансыз құс алуан ырғақ, түрлі әуез

Сайрайды жаңа көктем құрметіне.

Құрағы сырын шертіп қоғасына,

Сұлулық бітер көлдің жағасына.

Жаз келіп, көктем жылжып жүре береді

Інідей орын берген ағасына.


Қадыр Мырза Әли

***

Наурызым

Ақбоз үйді үлпілдеткен,

Боз даланы бүлкілдеткен.

Қуанышты күлкің – көктем,

Әсем едің, шіркін, неткен, Наурызым!

Құлпырады сәнді бақтар,

Жұлқынады арғымақтар.

Сылқылдайды бал бұлақтар,

Мерекемсің мәңгі мақтар, Наурызым!

Жарқыраттың шығыс Күнін,

Бар адамдар туыс бүгін.

Тілеп елдің тыныштығын,

Жүректерде жүр ұшқының, Наурызым!

Аңсап жүрсең осы күнді,

Ашып таста есігіңді.

Болайықшы кешірімді,

Ән тербетсін бесігіңді, Наурызым!

Бұл әлем қалғығандай,

Ұшты көкке ән қырандай.

Наурыз көже дәмді балдай,

Сенің көшің сәнді қандай, Наурызым!

Аталардың – Қара Нардың,

Ақ жаулықты Аналардың.

Бас иетін саған әр күн,

Ақ батасын ала барғын, Наурызым!

Ғашықтардың түр-түсінде,

Сәбилердің күлкісінде.

Ел үшін де, жұрт үшін де,

Ибрагим Исаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар