Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Серік Қирабаев. Мәлік Ғабдуллин...

06.05.2019 14419

Серік Қирабаев. Мәлік Ғабдуллин

Серік Қирабаев. Мәлік Ғабдуллин - adebiportal.kz

 

 

Кеңес Одағының батыры, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, профессор, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Мəлік Ғабдуллиннің есімі қазақ халқы арасында кең тараған. Оның атын жұрт алғаш рет Ұлы Отан соғысының ауыр бір тұсында, Мəскеуді қорғаудағы ерлігі арқылы естіді. Қазақстанда дайындалып, жабдықталып, Мəскеуді қорғауға жіберілген 316 атқыштар дивизиясы жау жолында, оқтың өтінде тұрған еді. Генерал Панфилов басқарған дивизия 1941 жылдың қазан-қараша айларындағы кескілескен ұрыстарға қатысып, ентелеп келген жаудың жолын бөгеді, ғаламат ерліктер жасады. Бауыржан Момышұлы, Мəлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, Əлия Молдағұлова, Мəншүк Мəметова сияқты алғашқы батырлар осы ерлік күрес үстінде туды. Панфиловшы 28 батырдың есімі əлемге əйгілі болды. Осы топта алғашқылардың бірі болып Мəлік есімі дүрілдеп шықты.

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Жанболат Аупбаев. Мәшһүр-Жүсіптің әулеті

 

Соғыс пен ерліктің неше түрлі хикаяларын шертіп, ауыздан ауызға таратып үйренген халық бұл батырлар жайында да аңызды көп шығарған еді. Атақты орыс жазушысы Борис Полевой «Эпостың тууы» атты очеркінде («Правда », 1943, 25-сəуір ) Мəліктің батырлығы жайында естіген осындай бір аңызды келтіреді. «Мəлік батыр – күшті жəне батыл адам, – депті оған Мəлік жайында əңгімелеген солдат. – Оның айлалығын түлкідей дерсің. Сақтығы еліктей – жау дыбысын өте алыстан сезеді. Оның көзі қыранның көзіндей – жау қайда тығылса да көрмей қоймайды. Оның қолы неміс қорқауларын қанша өлтірсе де бір талмайды, қайта өлтірген сайын шыныға түседі. Мəлік батырдың түрін көргеннен-ақ немістер қаша береді».

 

Жазушы фольклоршы ғалымның өзі зерттеп жүрген қазақтың батырлары туралы аңыздың сарынын пайдаланып, оның ерлігін жаңа эпостың тууына балаған. Сол бір аңыздардың негізінде ғажайып ерліктер жатқанын да қызыға зерттеп жазған.

 

 

 

 

 

Көкшетау жерінде туып өсіп, 1931–1935 жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогтік институтында оқыған Мəлік халық əдебиетін, əсіресе, фольклорлық мұраны жақсы игеріп шыққан жас маман еді. Оқудан кейін кезектегі əскери қызметін атқарған ол сол құмарына, фольклорды зерттеуге 1938 жылы аспирантураға түскен соң ғана мүмкіндік алды. «Қобыланды батыр» жыры жайында кандидаттық диссертация дайындады. Аяқтап қалған зерттеуін қорғауға мұршасы келмей, соғыс бас-талысымен ол майданға аттанды. Оның қиялындағы батырлық аңыздар мен ерліктердің бүгінгі өмірде қайталануы осы тұстан басталады.

 

Алайда, қазақтың ертедегі батырларының соғысы мен бүгінгі техникалық соғыстың айырмасы жер мен көктей еді. Халық Ұлы Отан соғысына батырлардың қолына найза ұстатып, астына арғымақ мінгізіп, үстіне сауыт кигізіп жіберген жоқ. Тіпті батыр болуға да шақырмады, тек елін, жерін қорғауды міндеттеді. Ерлік Отанын сүйген патриот адамдардың рухани күші мен туған халқы алдындағы жауапкершілігі арқылы келді.

 

Жаңа соғыс батырлардың да жаңа типін туғызды. Айғайлап келіп жауға тиетін заманның өткені де белгілі еді. Батырмын деп қоқаңдап, орныңнан ұшып тұрсаң, сені бір қорқақтың жалғыз оғы қағып түсетіні де түсінікті. «Батыр бір оқтық» деген мақалдың күні туды. Ендігі батырлық ақылға, айлаға, сезімге негізделді. Б.Полевойға Мəлік жөнінде əңгімелеген солдаттың сөзі де осы шындыққа сүйенген еді. Асқан ерлікті үлкен адамгершілік қана туғызады. Өз ортасында, өз қоғамында өз жолдас-тары бойына адамдық игі қасиеттер егетін мінезді де сол адамгершілік, ақылдылық береді. Жақсылық үшін, əділдік үшін күрес – сол адамдықтың басты бағыты. Азамат өз қылығы үшін ең алдымен адамгершілік алдында есеп береді. Отан қорғау жолында ол қолдан келгеннің бəрін істей алды ма, əлде жалтарып, қорқақтық көрсетті ме – бəрінің өлшеуіші – адамгершілік пен азаматтық ары.

 

Жайшылықта қой аузынан шөп алмайтын жуас, бір адамға бір ауыз қатты сөз айтып көрмеген, кісі көңілін қалдырмаған Мəлікті соғыста Батыр еткен де осы мінез, осы сезім. Ол соғыстың алғашқы күнінен соңына дейін əскери комиссар болып істеді. Əуелде Алматыдан танкіге қарсы зеңбірек батереясының комиссары болып аттанған Мəлік кейін ротада, батальонда саяси жетекшілік қызметтер атқарды. Ерліктің жолы да осылай, қиян-кескі ұрысты өтіп, жаны қиналып жүрген солдаттың жүрегіне жол табудан, оларды қайсарлық пен өжеттікке, төзімділікке баулудан басталды. Ол халық əдебиетінің білгірі есебінде қиын қыстау жерлерде жол тауып шығуды, жеке ұрыс емес, бүкіл шайқастың нəтижесіне үлес қосуды, ерліктің, табандылықтың сырын əдебиет фактілерімен, ғибрат сөздерімен, нақылдарымен дəлелдей білді. Соның нəтижесінде оның қол астындағы жауынгерлер танктен үрейленбей, жаудың психологиялық шабуылына тура қарауға үйренді. Ұрыста үрей билемей, нық сезінудің, əскери тəртіпті берік ұстаудың мəн-маңызы зор. Өз басы осы бағытта басқаларға үлгі бола білген Мəлік көпті де соңынан ерітті. Əуелде зеңбіректің құрылымын, оны ату тəртібін, ұрыс кезінде оны жасырып көзден таса ұстаудың əдістерін білмейтін ол қысылмай, қатардағы солдаттармен бірге жүріп үйренді. Бұл өнер майдандас достардың бірінің орнына бірі тұрып, танкке қарсы атылатын зеңбіректің бос тұрмауын қамтамасыз етті. Ол ауыр соғысты осылай бастады. 1941 жылдың 2 қыркүйегінде елге жазған бір хатында «Төрт рет майданға еніп шықтым. Ұдайы мен төрт күн, төрт түн соғысқан кез болды»,– деп жазды.

 

1941 жылдың қазан айында Мəскеуді қорғаудың ең бір қиын күндерінде Мəлік қызмет ететін рота Руза өзенінің жағалауына бекінген еді. Олардың алдында немістерді қайткен күнде де өзеннен өткізбеу міндеті тұрды. Кеңес елінің астанасына ызалана, қорқаулықпен ұмтылған жаудың бар күші де осы жерге төгілді. Күн мен түнді айырып болмайтын дамылсыз ұрыстар жүріп жатты. Осындай ұрыстардың бірінде өлген взвод командирінің орнын басып, Мəлік өзен жағасының ауыр бір шебінде аяусыз күрес жүргізді. Оның взводы ақыры жау бетін қайырып, оларды өзеннен өткізбеді.

 

Ұрыстың тынған бір шағында Мəлік рота командирінің де қайтыс болғанын, оларды немістердің қатты ығыстырып барып тоқтатқанын білді. Қарамағындағы адамдар да шағындалған. Барлығы 43 қана жауынгер қалыпты. Азық таусылған, темекі біткен. Ол немістердің оларды айналып өтіп, қоршауда қалдырғанын байқады. Не істеу керек? Барлық салмақ өзіне түскенін білген Мəлік айнала жатып қорғануға бұйрық берді.

 

Бұл күнді олар адам айтқысыз ауыр ұрыспен өткізді. Немістер өзен жағасына үш машина жаяу əскер түсірді . Мəліктің жан ұшырған жауынгерлері ол машиналарды тоқтаған бетте атып өртеді де, адамдарын секіріп-секіріп түскен бойда жусатып салды. Жау күші желке жақтан төнді. Мəлік өздеріне тікелей беттеген танкті, олардың артын паналап жүгіріп келе жатқан автоматты солдаттарды көрді.

 

– Граната дайындаңдар! Жаяу əскерге оқ атыңдар!

 

Ауыр танк окоптағы азғана жауынгерлерді таптап өтуге бет алған еді. Бір сəт Мəлікке одан құтылудың жолы жоқтай көрінді. Осындай бір кезеңде ерлікпен келген қасиетті өлім туралы сезім де жүрегін шаншып өтті. Осы тұста төніп келген танкті Мəліктің бұйыруымен Василий Шашков деген əріптесі лақтырған граната тоқтатты. Окоптан көтеріліп граната лақтырған жауынгер қайта жасырынып үлгермеді. Танктен оқ бұрқ ете қалған кезде Мəліктің:

 

– Жаяу солдаттарды атыңдар! Біздің жолдасымыз үшін, Шашков үшін! – деген үні естілді. Автоматты немістердің алды оққа ұшып, кейінгілері артқа қарай қашты. Қалған 23 жауынгерімен немістермен тағы бір күн соғысып, оларды тоқтатқаннан кейін ғана Мəлік қоршаудан шығудың жолдарын ойластырды.

 

 

 

 

 

Үш күн бойы олар ағаш ішін паналап, кейін шегінді. Азық əбден таусылып біткен. Темекіші жігіттер шыдамай, ағаштың мүгін үгіп тарта бастады. Төртінші күні таңдай құрғап, ауыздағы түкірік те кеуіп кетті. Бірақ жауынгерлер командирінің бастауымен берік тəртіпке мойынсұнып, ауырлыққа төзе білді. Олар қару-жарағын да тастамады, плащ-палаткамен жаралы жолдастарын да алып жүрді. Оларға ұрыс кезінде адасып, қоршауда қалған жалғыз-жарым солдаттар қосылды. Осылай отряд қарасы көбейіп те қалып еді.

 

Аштықтан қажып, теңселіп, зорға қозғалып келе жатқан адамдардың бірлігін, тəртіптілігін сақтау үшін Мəлік командирдің қатал бұйрығын да, комиссардың сеніммен айтылған майда үгіт сөзін де пайдаланды. Осындай бір жиында оның көзі қасында жатқан сыпырғышқа түсті. Бір талын жұлып алып, бір жауынгерге беріп: «Сындыр», – деп бұйырды. Ол командиріне таңырқай қарады.

 

– Сындыр, – деді қайталап Мəлік. Жауынгер сындырды. Мəлік оған тұтас сыпырғышты ұсынды.

 

– Сындыр.

 

Сыпырғыш сынбады.

 

– Міне, осылай, – деді Мəлік сынбаған сыпырғышты ұстап тұрып. – Біз тұтастығымызды бұзбай бірге жүрсек, тəртіпті болсақ, ешқандай жау қауіпті емес . Отряд тəртібін бірінші бұзған адам атылады. Осымен митинг жабық. Сапқа тұрыңдар!

 

Осындай қиын кезеңде қазақтың аңызы, содан туатын ғибрат қазақ ғалымының ойына түсіп, жаңа жағдайда іске асқан еді.

 

Орман ішімен бой тасалап жүріп, кешке бұлар бір деревняның үстінен шықты. Астыртын кісі жіберіп, онда немістер барын, оған неміс əскерлерінің штабы мен үлкен қоймасы көшіп келгенін, бірақ əлі бекініс жасап үлгермегенін білді. Мəлік оларға тұтқиылдан шабуыл жасап, азық-түлік алуды ұйғарды. Таң ата деревняны қоршап, отрядтағы 32 пулеметтен қатар оқ жаудырды. Немістердің есін жиғызбай, деревняға басып кірді. Көше үстінде жекпе-жек басталды. Үрейленген немістер жаралы-лар мен азық-түлігін, қару-жарақ қоймасын тастай қашты. 27 фашист тұтқынға түсті.

 

Осылайша, Мəлік отряды өз дивизиясына жетінші күні келіп қосылған еді. Олар көп қару-жарақпен келді. 12 станокты пулемет, 20 қол пулеметін əкелді. Əр жауынгер винтовкасына қоса неміс автоматын асынған. Өздерімен бірге 16 жаралы жауынгерді алып шыққан.

 

Мəліктің ерлігіне риза болған Панфилов үстіне əскери киім қонбай, солбырайып тұрған жұқа жігіттің дене мүшесіне қорашсына қараса да, ісіне риза болып:

 

– Жарайсың! Жақсы солдат боласың! – деп құшақтап, үш қайтара бетінен сүйді.

 

Осы жорықтан Мəлік үлкен сабақ алып қайтқан еді. Ең алдымен, ол өз күшіне, жолдастарының күшіне сенуге үйренді. Қандай қиындық түссе де, оны ерлік пен төзім жеңе білетінін көрді. Солдат үшін ешқандй қоршау, қамау жоқтығын түсінді. Бұл сенім кейінгі ұрыстар кезінде де оған табыс пен жеңіс əкелді.

 

 

 

 

Келесі бір соғыста Мəлік 13 автоматшыларымен жаудың атқыштар ротасына қарсы тұрды. Бұларға қарсы 5 танк шықты. Олар неміс солдаттарын беттетпей қарсы тұрған жауынгерлерді басып, жаншып өтуді көздеген еді. Мəлік отряды оларды біртіндеп атып, өртеп, тоқтатты. Мəліктің өзі өлімнен кездейсоқ аман қалды. Жарылған өз гранатасынан ұшқан топырақ толқыны оны жатқан жерінен көтеріп лақтырып жіберді. Ол біраз уақыт ессіз жатты. Немістердің оларды аттап өтіп кеткенін білген арттағылар бұларды түгел өлдіге санады. Рота командирі Аникин мен саяси жетекші Жетпісбаев полк командирі Капров пен саяси жетекшісі Мұхамедьяровтың атына мынадай жедел хат жолдады.

 

«Сіздерге бүгін 16 қараша күні таңертеңнен бері Ширяево селосы маңында немістер біздің қорғаныс шебімізге бір батальон жаяу əскері мен оларға қосылған бес танкі бар күшімен шабуылға шыққанын хабарлаймыз. Кескілескен ұрыста біздің жауынгерлер темірдей беріктік, шын мəніндегі батырлық үлгісін көрсетті . Əсіресе саяси жетекші Ғабдуллиннің автоматшылары ерекше көзге түсті. Немістің екі танкін қиратып, 150 жау солдатын құртқан автоматшылар қоршауға түсті де, түгелдей ерлікпен қаза тапты». Ал, шынында Мəлік те, оның автоматшылары да оқ астынан аман шыққан еді. Олар ұрыстың бір сəтінде сытылып шығып, жаудың тылына қарай өтеді де, орағытып өз шебіне қайта оралады. Бұларды көрген Капров пен Мұхамедьяров таңқалып қарайды. Командир жоғарғы жедел хатты Мəлікке ұсынады.

 

– Осының бəрі де рас, тек біздің өлгенімізден басқасы, – деп күледі Мəлік. – Бір де бір жауынгер қаза тапқан жоқ. Төрт автоматшы жарақаттанды. Оларды госпитальға тапсырдық. Қалған тоғыз автоматшы осында.

 

Ғабдуллиннің автоматшылары 22 қарашада Рыбушкин деревнясы маңындағы ұрыста да ерлігімен көзге түсті. Жау əскерлері шабуылды күшейтіп, полкті екі жағынан қоршай бастаған тұста Капров қарсы шабуылға бір рота мен Мəліктің автоматшыларын жұмсады. Рота командирі ауыр жараланды, Мəлік те жарақат алды. Бірақ саптан шықпай, ротаны басқаруды өз қолына алып, қоршауды бұзып шығады. Негізгі əскер күшімен байланысты қалпына келтіреді. Олар Бородино деревнясы үшін болған ұрыста да шешуші қызмет атқарады. Маңызды жол торабын басып алу үшін жасалған жаудың төрт шабуылына тойтарыс береді. Старая Руссадан Новгород облысындағы Холм қаласына дейінгі шабуылдарға да қатысып, ерлік көрсетеді. Олар жау тылын айналып өтіп, Новосвинухово селосына басып кіреді, 18 жау солдатын қолға түсіреді. Автоматшылардың осы жолғы құрамында атақты қазақ сазгері Рамазан Елебаев пен Төлеген Тоқтаров болған. 1942 жылдың 4 ақпанында болған осы ұрыстан кейін Мəлік өзінің автоматшыларымен қоштасып, екінші атқыштар батальонына саяси жетекші болып ауысады. 1943 жылы қаңтарда 1075 полктың комиссарлығына тағайындалады. Бұл кезде полк 23-гвардиялық деген атаққа ие болады.

 

Мəскеуді қорғауда болған осы сияқты қиян-кескі ұрыстар мен ондағы автоматшылар тобының ерлік күрестері оның жетекшісі Мəлік Ғабдуллиннің атын да əлемге əйгілеп жіберіп еді. Ол жөнінде май-дан газеттері мен елдегі баспасөз үздіксіз жазып жатты. Оның аты əскери басшылардың аузына ілікті. Ол «Қызыл жұлдыз», «Қызыл ту» ордендерімен марапатталды. Ең соңында 1943 жылғы 30 қаңтардағы КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының қаулысымен Мəлік Ғабдуллинге «Кеңес Одағының батыры» атағы берілді. Бұл атаққа Мəлік 1942 жылдың басында ұсынылған. Оған Мəскеу түбіндегі ерліктері негіз болған. Оны Сəбит Мұқановқа жазған хаттарында хабарлаған.

 

 

Мəліктің батырлығы туралы хабарды қазақ халқы үлкен қуанышпен қарсы алды. Жамбыл ақын:

 

Батырым – Мəлік беренім,

Жүйрігім, озған өренім.

Халқы сүйген қалаулым,

Жырымды саған төгемін, –

деп, ел қуанышын білдірді.

 

Майдандас дос ағасы Бауыржан Момышұлы:

 

Ел күйзелген кезінде,

Ерлік еткен, бауырым.

Жау жағадан алғанда,

Батырлық еткен, бауырым.

Ел намысын құрметтеп,

Ер намысын ардақтап,

Құтты болсын айтамын,

Шын жүректен, Мəлігім! –

 

деп құттықтады . Борис Полевойдың «Правда» газетіндегі очеркі осы кезде жазылды. Мəлік аты аңызға айналып, ақындар оған өлең арнады. Шиелі ауданының еңбекшілері жинаған қаражатқа жасалған танкке Мəлік аты берілді. Жаңа туған баланың аты Мəлік қойылды. Осының бəрі халқының Батыр ұлына деген құрметі еді. Кеңес Одағының батыры атағын алғаннан кейін Мəлікке бір ай демалыс беріліп, ол елге, туған Қазақстанына келіп кетті. Халық пен республика басшылығы оны зор шат көңілмен қарсы алды. Батыр Жамбыл атасына барып сəлем берді. Қазақстан Жазушылар одағында, туған елі – Көкшетауда, Алматыда кездесулер өтті.

 

Мəліктің батырлығы мен жеңісі Ұлы Отан соғысы майданындағы азаматтық ерлікпен қоса жауынгерлерді патриоттық сезімге тəрбиелеген үлкен идеяның жеңісі еді. Ол əскери өмірдің қай ортасында жүрсе де жауынгерлерге саяси басшы бола білді. Оларды ерлікке сөзімен, керек жерінде ісімен еліктіре алды. Майдан жағдайындағы саяси-насихат ісінің шеберіне айналды. Оған Мəліктің ғылыми зерделілігі, қазақ халқының жəне басқа да туысқан халықтардың тарихы мен дəстүрлерін, батырлық үлгілерін жақсы білуі көмектесті.

 

 

 

 

 

Қобыланды батыр туралы зерттеу жүргізіп, батырдың Отансүйгіш рухын бойына сіңірген Мəліктің майданға аттанар алдында: «Бұл Отан соғысы – атамыз Қобыланды батырдың елін, жерін қорғау күресінің жалғасы. Соғыста Қобыландыдай ерлік көрсете алсақ жарар еді », – деген сөзін Сəбит Мұқанов еске түсіреді. Майданда да ол халықтық батырлар рухын ту етіп ұстады. Қазақ, қырғыз, өзбек жауынгерлерімен əңгімеде: «Қазақ халқының Едіге батырын, Қобыланды, Ер Тарғындарын кім біледі, олар туралы жырды кім оқыды? Қырғыз елінің Манасы туралы жырды кім оқыды?» – деп сұрайды. Жауынгер Нишанов Манастың көп жерлерін жатқа білетінін, Қалиев Қобыландыны жатқа айта алатынын мойындайды. Сəлден кейін окоп ішінде сол батырлар туралы жырлар айтылады. «Əдемі жырдың екпінді ырғағына беріліп, бабаларының қаһарлы ерліктеріне еліктегендей, өткен өмірдің батырлық бейнелері көзге елестеп, ой тербеп, жүректі қозғағандай болды», – дейді оған қатысушылар.

 

Осы жолдағы əрқилы сатыларды өтіп барып, ол 1943 жылдан бастап Калинин (кейін 1-прибалтика) майданы саяси басқармасына қызметке көтерілді. Одан Қызыл армияның саяси Бас басқармасының үгіт бөліміне ауысты. Соғысты осы қызметте, Мəскеуде аяқтады.

 

Бұл тұста атап айтарлық бір нəрсе – Отан қорғау комитеті мен Бас қолбасшы ауыр соғыстың беті қайтып, ұрыс жау жеріне қарай ауысқан кезде соғыстан кейін істелер ұлы істер, халық шаруашылығын қалпына келтіріп, елді ілгері бастайтын кадрларды дайындау жайында осы бастан ойласуға бет бұрған еді. Ғылым, білім қайраткерлерін, шығармашылық адамдарын, жастарды сақтап қалу туралы нұсқаулар берілді. Майданда жүрген жас кадрлардың біразы əскери училищелерге, соғыс өтінен алыстау əскери қызметке ауыстырылды. Мəліктің соғыстан шығып, Мəскеуде Бас басқарманың аудармашы редакторлар тобына бастық бо-лып тағайындалуы да соның бір мысалы еді. Соғыс кезінде қабылданған орыс емес ұлттар жауынгерлері арасында саяси тəрбие жұмысын жүргізу туралы қаулы да осы мəселеге арналған. Саяси Бас басқарманың нұсқауы да Мəліктің жолын жеңілдетіп, оның солдаттар арасында жұмыс жүргізуіне мол мүмкіндік берді. Мəлік осы тақырыпта өткен одақтық, майдандық кеңестерге қатысып, өз тəжірибесі туралы əңгімеледі, бұл саладағы жұмысты жетілдіру туралы ұсыныстар жасады. Майдандарда орыс газеттерімен қоса ұлт тілдерінде газеттер шығару, «Қызыл армия үгітшісінің кітапшасын» басу ісі қолға алынды. Саяси Бас басқарманың Мəлік басқаратын редакторлар тобы соғыс батырлары туралы кітапшалар шығарды. 1944 жылдың 15 қарашасына дейін бұл топ КСРО халықтарының он тілінде 52 кітапша, 260 үндеу басып шығарды. Оның ішінде қазақ тілінде 5 кітапша жəне 28 үндеу басылды . Кейін бұл іс кең өріс алды. 1944 жылдың 15 қарашасы мен 1945 жылдың 15 ақпаны аралығында 13 тілде 24 кітапша, 32 үндеу (оның екі кітапшасы мен 6 үндеуі қазақ тілінде) қосымша басып үлгерді. Олардың ішінде қазақ батырлары Мəншүк Мəметова, Əлия Молдағұлова, Сағадат Нұрмағамбетов, Қарсыбай Сыпатев, Төлеген Тоқтаров, т.б. туралы еңбектер бар еді. Бұл кітаптар мен үндеулердің Отан қорғаушыларды ерлікке тəрбиелеуге, олардың рухын көтеруге қосқан үлесін бүгін де жоққа шығаруға болмайды. Топ бастығы Мəлік Ғабдуллин Белоруссияны, Литваны, Румынияны, Венгрияны, Австрияны азат ету бөлімдерінде болып, майдан газеттерінің жұмысына басшылық жасап, материалдар жинау мен озық тəжірибені насихаттау ісіне белсене қатысты. Сөйтіп , ол майдангерлердің тəрбиеші ұстазы бол-ды. «Оның келуі жауынгерлер үшін бүтіндей бір оқиға болушы еді» – деп жазды Б.Полевой. «Ғабдуллин жолдас – қазір бөлімнің үгітшісі. Оның адамға достық дарытатын жайнақы, ыстық лебізді сөздері əрбір сарбаз бен командирлердің сезімін тербетіп, жанын толқытады. Оның жүрген жерінде өмір, шаттық, жеңетінімізге сендіру», – деп жазды гвардиялық бөлімнің командирі Е.Воропков. «Кішіпейіл, сабырлы, ер жəне асқан өжет Мəлік Ғабдуллин біздің полкке келген соң, аз уақыттың ішінде-ақ жұрт тегіс сыйлайтын беделге ие болды. Көпшілік оны тегіс жақсы көріп, Мəлік деген сөзді сүйікті атқа айналдырды. Жанындай көретін саяси жетекші Мəлік бастаған сарбаздар қандай қамалға болмасын таймай барып, талай рет жаудың талқанын шығарды», – дейді ол одан əрі.

 

 

 

 

Ұлы Отан соғысында Мəлік атқарған тəрбие жұмысының қатарында оның өзі мен жолдастары бастан кешкен соғыс өмірі туралы жазбалары да үлкен қызмет атқарды. Оларда Мəлік өзі көрген өмірдің қызықты да қалтарысты сырын, батырлық пен қорқақтық, төзім мен намыс, достық пен қастандық туралы толғанды. Отан, адамзат алдындағы адамдықтың борышы жайлы тебірене сыр шертті. «Егер біз бүгін уақыт талабы ру-хында іс қылмасақ, болашақ ұрпақ, халқымыздың тарихы біз туралы не айтады? …Біз бүгінде қандай іс жасамайық – жақсы болсын, жаман болсын, біз болашақ адамдар алдында жауап береміз», – деп жазды ол. Оның халықтар достығы туралы ойлары құрғақ үгіттен тумайды, соғыста өзі көрген туыстық, достық сезімнен өрбиді, өмір фактісінен туындайды. Ол туған халқы – қазағы жөнінде ойланады. «Қазақпын деген сөзді мен ұлтын сүю, халқын, елін, туып өскен жерін сүю, халқының батырлық, ерлік салтын, дəстүрін сүю, ғасырлар бойына жасалған ұлттық əдебиеті мен мəдениетін сүю, өз ұлтына адал қызмет ету, өз ұлтының басқалардан артта қалмай, солармен қатарлас (кейде олардан асып түсуін) болуын көксеушілік, соған ұмтылушылық, досқа досша көмектесіп, достың жауымен өз жауынша күресушілік деп түсінемін», – дейді. – «Мен, «қазақпын» десем, оным қазақты асыра мақтап, басқалардан ерекше артық жаратылған ұлт дегендік емес. Мен қазақпын дейтінім – менің сол ұлттың ұлы екендігіме дəлел, өз ұлтымның, оның намысын аса қадірлеп бағалайтыныма, ұлтымды (демек халқымды) шын сүйетіндігіме, ұлтымның ілгері өніп-өсіп өрлеуіне жаным ашитындығына – куə». «Ұлтын жасырушылық – өз ұлтын, халқын сүймеушілік, дүниеде ең ба-рып тұрған тексіздік», – деп жазады.

 

Мəліктің өмір тəжірибесінен туған ойлары кейде нақыл, мақал-мəтел түрінде жинақталып айтылады. «Сүю болмаса, сүйемелдеу жоқ», «Жарың жақсы болса – ырысың, жолдасың жауынгер болса – тынысың. Бұл екеуі нақұрыс болса, Азаматтығың құрысын», «Айлалы адам ажал-ды да жеңеді», «Сақтық та батырлық», «Сыпайылық, сабырлылық – асыл адам белгісі», «Бейнет көрмеген берекесіздік жасайды», «Жүрекке жолдың алыстығы жоқ – бəрі де жақын», т.б.

 

Мəліктің жазбалары мен очерктері майдандас достары генерал Пан-филов, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Бақтияр Меңдіғарин, т.б. Ұлы Отан соғысының азапты жылдарын бірге өткен жауынгер азаматтар туралы əңгімелейді. «Ерліктің , Отанын сүюдің символы – Төлеген Тоқтаров, – деп жазды ол. – Ондайлар бізде аз емес. Ел үшін, Отан үшін қызыл ерлер жеңе де, өле де біледі . Ел біле берсін. Елдегі еңбек – майдан – тыныс, майдандағы жеңіс – ел ырысы». Ол көргенін тізуші емес, ойлы суреткер есебінде соғыс эпизодтары арқылы адамды, оның тұлғасын тануға, жан дүниесін түсінуге ұмтылады. Мəліктің бұл жазбалары əуелде «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланып, алғаш рет «Менің майдандас достарым» деген атпен 1947 жылы басыл-ды. Кейін толықтырылып, «Алтын жұлдыз» (1948), «Майдан очерктері» (1959), «Сұрапыл жылдар» (1972) атты кітаптарда жарық көрді. 1985 жылы алғашқы атымен толықтырылып қайта басылды.

 

1946 жылы Мəлік əскери қызметтен босап, елге оралды. Елінің абыройын көтерген ұлын халқы шын жүректен қуана қабылдады. Сол жылы өткен КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаттығына майдан батырлары алдымен ұсынылды. Солардың ішінде Кеңес Одағының батыры атағын екі рет алған Талғат Бигелдинов пен Мəлік Ғабдуллин бар еді . Ол кезде депутаттыққа кандидаттар партияның тізімімен анықталып, сайлауға түсетін округтан ұсынылатын. Округтік сайлау комиссиясы кандидаттан сайлауға түсуге келісім сұрайтын. Мəкең бірден келісім бермепті. «Менен де батырлығы үлкен Бауыржан Момышұлы неге тізімде жоқ? Мен жолымды сол кісіге беремін. Менен гөрі халық қалаулысы болуға Бауыржан лайық», – депті кішіпейіл Мəлік.

 

– Ертеңіне Орталық партия Комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов шақырды, – дейтін Мəкең. – Ол кісі: Біз «Бауыржанды білмей отырғанымыз жоқ. Ол өзінің жолын өзі кесіп жүрген жігіт қой, қазақша айтқанда, бұл – басқа қонған бақты тепті деген сөз», – деп ұрысты.

 

 

 

 

Мəлік КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаттығына 3 рет (1946, 1950, 1954) сайланды. Халық қалаулысы болып үлкен одақтық, республикалық шараларға қатысты, көптеген шетелдерде болды.

 

Мəлік мансапқұмарлығы жоқ, кішіпейіл азамат еді. «Батырмын» деп кеудесін көтергенін көрген емеспіз. Əскерден абыройлы қайтқан оған лауазымды қызметтер де ұсынылды. Бірақ ол ғылым жолын таңдады. Қазақстан Ғылым академиясының тіл жəне əдебиет институты директорының орынбасары, кешікпей директоры қызметіне кірісті. Негізінен аяқталып, қорғауға үлгере алмай кеткен кандидаттық диссертациясын қорғады (1947). Ол «Қобыланды батыр» жырын зерттеудің проблемалары» деп аталатын.

 

Халықтың батырлық эпосын жəне дəстүрін зерттеу Ұлы Отан соғысы кезінің ең бір өзекті мəселесі болатын. Соғыстың қиын кездерінде ел басшыларынан бастап, жұрттың бəрі батыр аталарымыздың аруағынан қолдау тілеп, олардың рухына сиынды. Қазақтың батырлық дəстүрі мен батыр аталарының аттары қазақ халқының майдандағы жауынгерлерге жолдаған хатында аталды . Солардың ішінде Қобыланды батыр аты да бар еді. Сондай жағдайда Қобыланды батыр туралы арнайы зерттеу жазған Мəлік Ғабдуллин жырдың жиналу, зерттелу тарихын, əртүрлі нұсқаларын салыстыра отырып, оның ұлттық сипатын, ерекшеліктерін толық қамтыған елеулі ғылыми еңбек жасады.

 

Содан басталған Мəліктің ғалымдық жолы түгелдей қазақ ауыз əдебиетін, оның тарихы мен жанрларының дамуы жолдарын зерттеуге арналды. Ол жоғарғы мектепте «Қазақ ауыз əдебиеті» курсынан дəріс оқыды. Дипломдық, кандидаттық диссертацияларға жетекшілік жасады. Осы саладағы ұзақ жылдық еңбегі – «Қазақ халқының ауыз əдебиеті» (1959) атты монография оның докторлық диссертациясына негіз болды. Мəліктің фольклорист-ғалымдығы жолында жəне қазақ ауыз əдебиеті тарихын зерттеу ісінде бұл еңбектің айрықша маңызы болды. Мұнда қазақ халқының бұрынғы дəуірлерде ауызша шығып тараған əдебиетінің үлгілері жинақталып, бір жүйеге түсіп зерттелді. Ол ертерек жазылған М.Əуезовтің, Х.Досмұхамедовтің, С.Сейфуллиннің фольклор тарихына арналған алғашқы зерттеулерін толықтырып, тереңдетіп, жүйелі тарихи еңбекке айналдырды. Онда қазақ ауыз əдебиетінің зерттелуі жолына, жанрлары мен олардың даму ерекшеліктеріне, көркемдік өзгешеліктеріне жан-жақты талдау берілді. Академик И.И.Мещанинов оған үлкен баға берді. Қазақтың фольклорлық мұрасымен Ұлы Отан соғысы кезінде Алматыға эвакуациямен келген тұста танысқанын айта келіп, ол: «Бүкіл батырлық эпосты, ерлік пен тұрмыстық жырларды, тіпті кейде шамандық мистикаға бой алдырып жəне одан тазара бастаған кездің шындығын танытатын мақал-мəтелдерге шейін тұтас бір талдау беретін ғылыми еңбек керек еді. Ондай талдау ұлттық мəдениеттегі демократтық элементтерді анықтайтын зерттеуге негіз болуға тиісті. Мұндай жауапты жұмыс зерттеушіні фольклорлық бай материалды тарихи зерттеулерге пайдаланатын халық тарихшысымен де жақындастырады. Қазақтың халық шығармашылығы жайындағы дəл осындай жұмысты Мəлік Ғабдуллин орындап шықты. Оның зерттеуі жоғарғы мектеп көлеміндегі ең биік талапқа жауап бере алады», – деп жазды. Бұл жерде аспирант кезінде Мəлік Мəскеуге барып жолығып, кеңес алған атақты фольклорист академик Ю.М.Соколовтың «Ғабдуллин Мəлік халық əдебиетін (фольклорды) жақсы көреді. Қолынан іс келетін жастың бірі» деген бағасын, көрегендігін еске түсіру де артық емес.

 

Бұдан кейінгі еңбектерімен де Мəлік қазақ халқының ауыз əдебиеті жайлы зерттеулерді толықтырып, жаңа көзқараспен байытып отырды. Ол ескі мұраны жаңа заман игілігіне, халық мүддесіне пайдалану ісіне белсене қатысты. Қазақ əдебиеттану ғылымының фольклорлық зерттеулерінде көзі тірі кезінде (1973 ж. дейін) Мəлік араласпаған сала, зерттеу болған жоқ. Ол ауыз əдебиеті үлгілерін жаңадан жинау, жариялау ісін басқарды, жаңа зерттеулер, əдебиет тарихына тараулар жазды. Əдебиет жəне өнер институтының фольклор бөлімінің зерттеулеріне жетекшілік жасады. Сол зерттеулер бойынша құрастырылған жинақтарға редактор болды, өз еңбектерін қоса жариялады. Орта жəне жоғарғы мектептер үшін «Қазақ халқының ауыз əдебиеті» курсынан оқулықтар жазды. Оның Т.Сыдықовпен бірігіп жазған «Қазақ халқының батырлық жыры» (1972) еңбегі Қазақстан Ғылым академиясының Шоқан Уəлиханов атындағы сыйлығына ие болды.

 

Қазақ фольклор саласындағы еңбектері арқылы Мəлік бұрынғы одақ көлеміндегі үлкен фольклорист-ғалым екенін ғылыми жұртшылыққа əбден танытты. Қазақтың халық əдебиетін, əсіресе, батырлық жырларды халық тарихының негізгі кезеңдерімен байланыстыра қарау, тарихи болған қаһармандар өмірінің эпостық туындымен қатынасын ашу, түркі тектес халықтар əдебиетімен жалғастықты дəлелдеу, халық əдебиетінің тарихи əдебиетпен, жаңа заман əдебиетімен байланысын тереңдете тану

 

– Мəліктің фольклорлық зерттеулерінің негізгі сипаты болып табылады. Фольклорлық шығармалардың туу, қалыптасу, даму жолдарын салыстыра зерттеу арқылы ол əр дəуірдің өзіндік қоспаларын анықтауға ұмтылды.

 

Ғалымдығымен бірге Мəлік үлкен ұстаз еді. Ол ұзақ уақыт қазақтың Абай атындағы педагогтік институтында, Қазақ университетінде дəріс оқыды. Біз соғыстан кейін жаңа ғана кандидаттық диссертациясын қорғаған жас ғалымның фольклордан алғашқы дəрісін тыңдаған едік. Со-дан кейінгі дəуірде Мəлік алдынан қазақ əдебиетшілерінің талай ұрпағы тəлім алды. Ғылымға аяқ басқан жастардың Мəліктен үлгі алмағаны, ақыл-кеңес тыңдамағаны кемде-кем. Өзіміз білген кезді еске алсақ, қорғалып жататын кандидаттық, докторлық диссертациялардың шаршамайтын, талмайтын оппоненті Мəлік болатын. Бұл – жалпақ шешейлік емес, кеңпейіл, ешкімге «болмасын» деп ойламайтын (қазақ «болмасын» деген «оңбасын» деген ғой) адамның ғылым кадрларын тəрбиелеуге деген ынтасы мен талмайтын төзімділігінің белгісі еді.

 

Мəлік ғылымды жасаушы, жас ұрпақтың ұстазы ғана емес, оны ұйымдастыру жұмысын да көп атқарды. Ол Ұлттық академияның Тіл жəне əдебиет институты директорлығынан (1946–1951) кейін ұзақ жылдар Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогтік институтының ректоры (1951–1963) болып істеді. 1960 жылы РСФСР Педагогика ғылымдары академиясының академигі болып сайланды. 1967 жылы сол академия КСРО Педагогика ғылымдары академиясы болып қайта құрылғанда, оның академигі ретінде ұйымдастыру комитетінің құрамына кірді. Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер атағын алды. Мұның бəрі Мəліктің ғалымдық, ұстаздық, ұйымдастырушылық еңбегіне берілген зор баға еді. Осындай үлкен атақ дəрежесі, биік мансабы бола тұра, Мəлік адамгершілігі жоғары, тіпті қарапайым, өте кішіпейіл жан еді. Мен Мəліктің студенті болып бастап, ол басқарған кафедрада аспирант болған, кейін ұзақ мерзім бірге қызмет еткен, араласқан, інісіндей болған адам есебінде Мəліктің адамсүйгіш, үлкен жүректі жан болғандығына куəлік бере аламын. Ол ректор кезінің өзінде екі қабат есігі бар, кірген адам жүрексініп тұратын үлкен кабинеттің төрінен емес, халық ортасынан табылатын. Студенттер жатақханасында, кафедралар зертханасында жиі болатын. Олармен шахмат ойнап, отырып та қалатын. Кімді де болса, əзіл-қалжыңмен, қарапайымдылығымен өзіне тез тартып алатын. Кісі көңілін қалдырмайтын Мəліктің əркімнің шаруасымен жалықпай жүретінін талай көрдік. Соның бəрі де қарапайым адамдарға қол ұшын беруге ұмтылған кеңпейілді, үлкен жүректі азаматтың ісі екенін Мəліксіз қалған күндерде əбден сезіндік.

 

Оның өзімен сеніскен, араласқан адамдардың бəрін үлкейтіп, ағай, апай деп сөйлейтін əдеті бар еді. Бірде институтта студенттерді қабылдау комиссиясының отырысы кезінде Нағима есімді бір қызды «Нағима апай» деп қалғаны бар. Бала қатты қысылып, қып-қызыл боп кетті. Досы Төкен Əбдірахмановтың əйелінің аты – Нағима еді. Оны «Нағима апай» деп үйренген Мəлік баланы да солай атап қойғанын байқамай, өзі де ыңғайсызданып қалды. «Қайниса апай», «Əлия апай» деп, өзінен кіші əйелдердің өзін көтермелеп, бір жағын əзілге сүйеп қоятын.

 

1968 жылы КСРО Педагогика ғылымдары академиясына мен корреспондент-мүше боп өткен соң, екеуіміз Мəскеуге де ылғи бірге барып, сапарлас та болып жүрдік. Театрларға билет алу, стадиондардағы ойындар сияқты кіруі қиын жерлерге Мəкеңді ертіп баратынбыз. Əсіресе, менің Мəскеуде оқитын балам Мəліктің келгеніне қуанып қалатын. РСФСР академиясы құрамында əуелде президиум мүшесі болған Мəліктің беделі де үлкен, таныстары да көп еді. Ол барған сайын өзі кіретін жерлерге мені ерте барып, көп адаммен таныстырды. Одақтық академия болып қайта құрылғаннан кейін оған ұлттық республикалар өкілдері де кірді. Солардың бəрі Мəлікті қатты сыйлайтын. Мəліктің арқасында мен де көпшілігімен дос болдым. Жолдасы Нəзия да өзім деген достарына ашық, жылы жүректі болды. Бізді бір қонағынан қалдырған емес. Нəзия дастарханының басында біз талай ағалармен, ғылым қайраткерлерімен дəмдес болдық.

 

1973 жылы Мəлік қайтыс болған соң да біз қатынасымызды үзбедік. Нəзияның «Мəлікке хат» деп аталатын естелігінің бір жерінде бұрынғы достарының көбінің алыстап кеткенін айтып, «баяғы өзің жақсы көретін Əлия мен Серік əлі де жиі келіп, мені жұбатып кетеді» деген жолдар бар.

 

Мəлік есімі, өмірі – үлгілі, ғибратты өмір. Ол жастай көзге түсіп, халқының сүйіспеншілігіне бөленді. 16 жасында ҚазПИ-ге оқуға түскенде студенттердің ішіндегі ең кішісі, ең сүйкімдісі Мəлік еді дейді көргендер. 20 жасында жоғарғы білім алып, жазушылық, журналистік, ғалымдық жолға түсті. Батырлық, ғалымдық атақтарды да ерте алды. Бірақ , ол соның бəрінде де асып-таспады, масаттанбады, қарапайым, елгезек күйінде дүниеден аттанды.

 

Ел оны «Біздің Мəлік» дейтін еді. Ол Батыр атанғанда Алматыда осы аттас кітап шыққан (1943). Қазақстан жазушыларының Мəлікке арналған шығармаларынан құрастырылған бұл кітапқа Мəліктің өмірі мен студенттік кезі, қызметі жайлы естеліктер, Ұлы Отан соғысындағы оның ерлігі мен майдандас достары туралы əңгіме-очерктер, мақалалар кірген. Кітапты жазуға қазақ ақын-жазушыларының барлық ұрпағы қатысты. С.Мұқанов Мəліктің өмірі мен оның майданнан жазған хаттарына шолу жасады. Мəліктің ұстаздары Х.Жұмалиев, М.С.Сильченко, Н.С.Смирновалар оның студенттік, аспиранттық кездерін, талабын, ізденісін құптап жазды. Б.Кенжебаев пен Е.Ысмаилов оның халық əдебиетімен рухани байланысының зор екенін еске алды. Ақындар Батырға өлең арнады. А.Тоқмағанбетов, Ғ.Орманов, Ə.Тəжібаев, С.Бегалин, Қ.Бекхожин, Д.Əбілев, И.Байзақов, Қ.Сатыбалдин, тағы басқалардың жырлары басылды.

 

Бұл туындылар тек Мəліктің ғана емес, қазақ жауынгерлерінің, əсіресе, Мəлік қызмет еткен Панфилов дивизиясының ерлік жолы туралы тарихи жəне көркем шындыққа толы еді. Бүгін ол қолға тимейтін, сирек ұшырасатын қазынаға айналды. Қазақ əдебиетінде майдан батырларын жырлау дəстүрі де осы кітаптан басталады. Оларды эпостың батырла-ры сияқтандырып суреттеуден бой тартып, жаңа соғыс ерлерінің нақты кейпін танытуда да Мəлік туралы жырлардың өзіндік орны бар. Ғали Орманов «Мəлік» өлеңінде Батырдың балғын жастығын, «балалықтың ерке табы арылмаған» бейнесін суреттей келіп, оның бойында батырлық туғызған отансүйгіштік сезімді əдемі ашқан еді. «Қыз əдептің қауызын ашу ашқан» шақтарда көрінген батыр қайраты мен «бүкіл ғаламды ойына сыйғызған» парасатын қоса танытқан.

 

 

 

 

Тоқтатты Мəлік сонда, айтты бір сыр.

– Ойлама қорықпайды деп өлімнен құр.

Тəтті өмір, жар, достарды сүйгені үшін

Ажалмен інің батыл шайқасып жүр, –

 

деп жазды Ə.Тəжібаев. Мұнда да батырды ерлікке бастаған адам сүю сезімі баса көрсетіледі. Шын Мəлікті, кішіпейіл Мəлікті замандастары осылай түсінген.

 

Ерлік жолы – Мəлік өмірінің мəн-мағынасына айналды. Ол халық батырлығынан өз тіршілігіне қуат, нəр, шығармасына шабыт алды.

 

Мəлік өмірден ерте озды. Оның алпыс, жетпіс, сексен жылдық тойлары да өзінсіз өтті. Ел-жұрты оның есімін есте қалдырар шаралар ұйымдастырып, мұражайлар ашты. Мəлігін, батырын сүйген ел ағылып-төгіліп , оны еске алуда. Бұл – ер есімінің өлмегені. Сондықтан елі бар жерде, Мəлік аты ұмыт болмайды. «Біздің Мəлік» Алаштың ардақтылары қатарынан құрметті орын алып, жасай берері даусыз.

 

2004


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар