Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Арман Шеризат. Әмірхан әлемі...

19.05.2019 4150

Арман Шеризат. Әмірхан әлемі

Арман Шеризат. Әмірхан әлемі - adebiportal.kz

Ақын жаны өлеңде. Ол жарық дүниемен қоштасса да өршіл рухы сол өлеңге көшеді. Ақынның жұмбақ болмысын өлмейтін өлеңдері арқылы арқылы ғана тани аламыз. Мағжанша айтсақ, жалғыз-ақ қаламына шаққан мұңы мен сырына жүгінеміз.

Ол нені жазса да ағынан жарылады. Ұстазы – әкесі, досы – кітап, ұстанымы – әділдік болды. Бәрін танып-білсем деген құштарлығы бір сәтке толастаған емес. Ғұмырын сол білімге арнады. Өнерге ғашық жаны суретшілер әлемінің сырына үңілдірді, суреткерліктің шыңына шығарды. Жолға шықса Есениннің жырларын жанына серік етті. Бәлкім ақын жаны Есениннен өзіне бір ұқсастық тапқан болар...

90-жылдары қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелген толқынның ішінде дараланып тұратын тұлға Әмірхан Балқыбек. Ол рухты жырларымен тәуелсіздікке тәу етті. Өзегінде сан ғасырдың өркениеті жатқан аңыз-әфсаналардың тереңіне бойлап, парасат биігіне көтерілді. Интеллектуалды әдебиеттің санаулы өкілдерінің біріне айналды. Қиялы құстай самғады, ақыл-оймен көне дәуір көкжиегін емін-еркін шарлады.

Әдебиет әлемінде өшпес ізін қалдырған белгілі ақын, сыншы, түркiтанушы, мифолог, білгір әдебиетші, ардақты азамат Әмірхан кесек сөйлеп, кеңінен толғай білді. Көне Түркі заманынан тартып «Қасқыр құдай болған кез» атты тарихи танымдық эсселер жазды. Олардың асқақ рухын, наным-сенімін, биік ұстанымдарын сөз етті. Отаршылдық жүйеден әбден санасы сансырап, тамырынан ажырап бара жатқан жұртқа бұл ауадай қажет еді.

Әмірханның әдеби мұрасы бүгінде барша халқының керегіне жарап, рухани азығына айналды. Бір өлеңі - бір елдің мұрасындай ақын жырлары адамның нәзік сезім пернесін дөп басып, оның ішкі жан әлемін шынайы да көркем бейнелейді. Өзі ұстаз тұтқан әке сөзін жырына арқау еткен «Әке жыры» өлеңінде:

Ертеңiңдi ойлаумен-ақ алқындым:

Қызығына түспей атақ, алтынның,

Тек әйтеуiр намысы ояу, жүрегi от,

Азаматы болсаң екен халқымның.

Жарықтық әкесі «Шырағым, жаз, көп жаз. Бiрақ оқуды, әсiресе Абайды зерделеп оқуды ұмытпа»,- деп аманаттаған екен. Әке аманатын арқалаған Әмірхан күнде үйінен шығарда хәкім Абайдың кітабынан бір өлең оқып шығуды әдетке айналдырған. Сөзіне де, зерттеу жазбаларына да Абай сөзін үнемі арқау етіп отырған. Зерделі әке мен зерек ұлдың осыншалық махаббатына еріксіз сүйінесің.

Ақынның жыр жинағын қолға алғанда, өмірдің ащы уын аз татпаған жан сырына одан сайын қаныға түсеміз. Мұндай сәттерді ол еш боямасыз, шынайы жазады. «Анаға хат» өлеңінде:

Жырменен жауламақ ғаламды,

Ақынның жайын шын кiм ұғар?

Ойыннан шаршаған балаңды,

Ендi ой да шаршатар түрi бар.

Шынында Әмірхан үлкен ойшылға айналды. Кемеліне келіп, тереңіне ешкімді бойлатпады. Ақынның өнерге, өлеңге, өзіне қойған талап пен талғамы өте биік болды. Поэзия құдіретін жанымен ұғып, сана сәулесімен ой көкірегінен жарата білді. Адамдық асыл сезімдерді дәріптеді. Өмірдегі ізгілік, сүйіспеншілік атаулының негізі де осы аяулы сезімдер деп түйді.

Иiлместi жатсаңда иiп мейлi,

Арман қуу шынымен күйiк кей күн.

Арман – тау ғой, қаншалық жақындасаң,

Сұлбасы да соншалық биiктейдi.

Оның Арман – тауы ешқашан аласармады. Қол созған ақынның тұлғасы да сол арманымен бірге биіктей берді.

Ол қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында қалың қазақты мойындатқан талант. Абайша айтсақ, жер ортасы 45 жасқа қараған шағында 2014 жылы мынау фәни дүниемен қош айтысты. Артында өшпес мұралары қалды. Өлеңдері «Ауылдан ұшқан аққулар», «Толқыннан толқын туады», «Жас ақындар поэзиясының антологиясы» сияқты ұжымдық жинақтарда жарияланды. 1996 жылы «Метаморфоза», 2001 жылы «Сынған сәуленің шағылысуы» атты жыр жинақтары шықты. 2008 жылы өлеңдері, балладалары, тарихи эсселері мен әдеби-сын мақалалары енген «Қасқыр құдай болған кез» кітабы жарық көрді.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, екі мәрте Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясының иегері. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Шардара аудандық «Өскен өңір», республикалық «Жас алаш», «Ана тілі» газеттерінің, «Парасат» журналының тілшісі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Жас қазақ» республикалық газеті әдебиет және ғылым бөлімінің редакторы қызметтерін атқарды.

Әмірхан поэзиясындағы рухшыл əуен қазақ халқының ой-санасында ғана шектеліп қалмай, күллі Түркі дүниесіне жол тартқаны көңілімізді марқайтады.

Әдебиет кеңістігіндегі Әмірхан әлемі жан-жақты, терең, мөлдір әлем. Оның жырларынан сағыныш лебі еседі.

Ол қазiр – көктемнiң өзiндей,

Ол қазiр – жастықтың желегi.

Жер-Ана толғатқан сезiмдей –

Гүл болып құлпырып келедi. – деп өзі ғашығына жыр арнағандай оның жырлары жаңаша түрленіп, жаңа бір асуға жол тартты.

Ол нағыз ақын болудың қуанышты да азапты екенін сезінді. Әмірхан “ақын болуды”, “ақын болып қалуды” азаматтық мұрат санаған.

Ақын жырларының қайсысын алсаң да, терең ой мен тылсым сезімге толы.

Жаңа өлең және бұл өзi сондай көне өлең,

Болмаса да тегi ақсүйек пенен төреден.

Даланың ұлы қаланы жаулап алуға,

Аттанып едi «Жаушықұм» атты төбеден.

Қиялдап кетсе түнгi Айды жар қып ойнайтын,

Адамның парқын ағаштан биiк қоймайтын.

Сол ұлан мынау ғаламды күллi жаратқан,

Тәңiрiнiң өзi ұлы ақын ғой деп ойлайтын.


Тән көміліп, қара жер төсіне енгенімен, жан өлмейді. Рух мәңгілік.
Адам баласы сонау ықылым заманнан бері Рухтың құдіреті арқылы жырлап келеді. Пенденің басқадан айырмашылығы осы Рухының биіктігінде болса керек.

Өскен ортасының тəрбиесі табиғатынан зерек Әмірханның талантты ақын, парасатты ой иесі болуына зор ықпал етті. Оның поэзиясы интеллектуалдық тереңдігімен, байсалды, сазды үнімен, табиғи сұлулығымен, нақтылығымен баурайды. Ақын поэзиясының құндылығы — жаңа, қуатты идеяларды астарлап болса да жеткізе білуінде. Өмірдің өзіндей көркем өлең жазуды армандайды.

Жанарда жарқ етсе бiр ұшқын,

Сезiм ғой, қалайша сөнедi?

Бiр өлең жазуға тиiспiн,

Өмiрдiң өзiндей әдемi.

Тағдырмен бiтпейдi күресiм,

Жазылмай сол жырдың жолдары.

Өзiмнiң өртiме түбi өзiм,

Өртенiп кетпесем болғаны.

Ақын періште сезімімен оқырманның көңілін ғажап әсерге бөлеп, сезім түкпірінде жатқан әлемді іздеп шарқ ұрды. Жырларында өзгелерге ұқсамайтын дара мінезі мен өзіндік ойлау кеңістігі бар. Қамшының сабындай тым қысқа ғұмырында поэзия биігін бір мысқалдай да төмендетпеді. Әдебиеттің ыстығы мен суығына өз жанын аямай тосатын өр мінезі әлі қанша оқырманның көзіне оттай басылады. Әмірханның жыр әлеміндегі дара бітім-болмысы мен өзіндік қолтаңбасы ел жадында мәңгілік сақталады. Оның халқына айтқан «Өтiнiші» де сол еді.

Қырларың, бауларың,тауларың,

Шомылып жатқанда арайға.

Мендей де бiр ұлың болғанын,

Туған жер, ұмытпа, жарай ма?!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар