Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Асқар Алтай. Марқа сұлу...

05.06.2019 9063

Асқар Алтай. Марқа сұлу

Асқар Алтай. Марқа сұлу - adebiportal.kz

Белгілі жазушы Асқар Алтай «Былғары табыт» атты жаңа роман жазу үстінде. Соның бір тарауы – «Марқа сұлу». Мұнда жазушы таланға түскен жер тағдырын, шекарадағы шындықты баяндайды. Қаламгердің бұл шығармасы «Әдебиет порталы» арқылы оқырманға алғаш рет ұсынылып отыр.

Француздық миниұшақ Шүмек жазаңынан аспанға тез көтеріліп кетті...

Аршын күйеуіне қолын қайта-қайта бұлғады. Күреңшесі жығылмаған жұпарлы жазаңның қақ ортасында «жеңгелеген» Ғазизбен қала берді. Ғазиз де жеңгесінің «бір тал шашын» түсірмеске ант беріп, қуана ыржиып тұрды. Қарағайлы құзардан асқан қара шыбындай ұшақ та көзден ғайып болды.

– Ғазизжан! - деп, ат жақты ару меруерттей тізілген тістерін көрсете күлді. – Мен жалғызбын... Магданы мұңға, сені сорға батырмадым!

– Жаным, менің! Ақылды ақ марқам! Сенің бір амалын табарыңды білдім ғой... Сұңғат та сабаз! Дулатты күдіксіз көндірді... Азамат!

– Дулаттан әйел адамға келгенде, түк те шықпайды. Тым жасық!

– Жасық емес – пасық... Интеллигент сымақ!

– Бас пайданың құлы... Сезімнің құлы емес. Қарау. Сұңғат ер екен.

– Құдай сосын да береді.

– Бар болған соң береді де...

– Бір берсе, бере береді екен. Осы құдай да қызық! Жә, қойшы! Ақмарқам менің, көлге барайық!

– Олар бүгін орала қоймас?!

– Бүгін де, ертең де... Атқамінерлер күтеді оларды. Дастарқаннан босамас.

– Босамай-ақ қойсыншы!

– Босатпайды! Сұңғатпен келіскем... Менің қу тіземді құшақтап жүргенімді біледі. Кеттік!

Екеуі киіз үйге жақын тұрған «Мерседес-Бенс» джипіне жақындағанда, алдарынан Ақжамбы ана қарсы жолықты. Ақ кимешегінің арқасына тастаған ұзын ұшы көгал бетін сипайды.

– Қызым, - деді ана, – бері жүрші! Бір нәрсе айтайын!

– Жарайды, әже! - деп Аршын оңашарақ шыға берді де, Ғазиз көлікке барып отырды.

Ақжамбы әжей мен Аршын әжептәуір сөйлесті... Шыдамы таусылған жігіт ағасы амалсыз көліктің дабыстағысын қосып, жүрейік деген белгі берді. Аршын да айналсоқтап, әжені қимағандай қалып танытты.

Олар Матабайға баратын жолға түскенде, Ғазиз қарағай қалтарысты жол бұрылысын айнала беріп, қалт тоқтады. Аршынға қолы жетпей, өліп жүрген жігіт ағасы арынын баса алмады. Бас салып Аршынды құша берді.

Ол да қарсылық танытпады. Екеуі де құшақ айқастырып қалды.

Таңдайын суыра тілінен сүйген Аршын ер-жігіттің шөлін қандыруға тырысты. Тығыз анарынан уыстата ұстатып, ақ тамағын аймалатты. Бұдан әріге бірақ барғызбады... Еркек кеудесінен намысына тиместей етіп итеріп, аптығын ақырындап басты.

– Есіңді жи, жаным! Ұят болады! Әлі үлгересің! - деп алқынған Ғазизді тоқтатып алды. – Күндіз ғой. Жол үсті.

Әлі де ақылына ие бола алмаған Ғазиз:

– Жолдан шығайын! Қарағай арасы иен... - дей беріп еді, тәжірибелі жас әйел:

– Ғазиз, жаным! Мені ренжітесің сен... Кеш бар ғой, - деп тыйды. – Ақылға кел!

Сонда ғана түзеліп отырды. Қисая құшақтаймын деп, омыртқасы да ауырып қалыпты. «Пәтшағар, қатын!» деген сөз тіл ұшына келіп қалса да, өзін әрең ұстап үлгерді.

– Көлің қайда? Ол жақта үй бар ма?

Ғазиз машинаны оталдырды.

– Ренжіп қалдың ба?

Аршынның дауысы жылы естілді. Ғазизді намыс буса да:

– Жоқ! - деп, дауысы қатқыл шықты. – Ол жақта үй де бар, күй де бар... Бәрі бар.

Джип көлігі орнынан оқыс ытқып кетті. Аршын мырс етіп күліп жіберді. «һім!» деген үні естіліп қалды.

– Сендерге бәрі оңай, - деп ашу қысты Ғазизді. – Әуселеңді кешке көрерміз!

Аршын ішінен «Жеребец ты какой!» деп айтып қала жаздап, үндемей құтылды. Мінезі шапшаң жігітке «Шәргез» деген ат қойып, «қатының жайсыз-ау!» деп ойлады.

Ой-шұңқырлы тау жолы. Шүмектен шыққан жол Тарлаулының қызыл қарағайлы, ақ қайыңды таулы қырқаларын биіктей барып, қайта теріскейге құлады. Бұл жақ жын атқан орман иірімдері екен.

Уық бойы көтерілген күн де орман ұшарын жалап, қара көлеңке ішіне сәулесі жетпей қалыпты. Иен-тегін таулы аймақ алғаш көрген жанды өз ұлылығымен мысын басады. Қазір де Аршынның мысын азамат емес, Алтай басып келеді.

Ғазиз де жап-жаңа джипті ытырынта айдап, құтырынта бұрылтады. Бір жағынан бәденді сұлуға деген ашу да бар, бір жағынан көлге жетсем деген асығыстық бар.

Бір бұрылыстан шұғыл бұрылам деп, инерциямен көлік қапталы көтеріліп, қос дөңгелек жерге тимей қалды. Сол кезде Аршынның дауысы:

– Ойбай! Ақырын! - деп қатты шығып кетті.

Ғазиздің өзін де аударылып кеттім бе деген қорқыныш билеп өтті... Жылдамдықты тежеп, жеңіл джипті баяулатты.

– Қорықпа! - деп қойды қорқынышын сездірмеуге тырысып. – Бұрын мұндай джип көлігін айдап көрмеген басым... Сенімен аударылсам да арман жоқ!

Сөз соңын қалжыңға бұрды...

– Астымда қалып, қиналып жүрме!..

– Оны да көрерміз! Айтпақшы, Ақжамбы әжей не айтты?

– Айтпаймын!

– Айтпасаң да сезем!..

– Иә, нені?

– Мені жамандаған шығар!

– Қателестің. Жаман сөз айтпады. Қайта сені мақтады!

– Қалайша?

– Нағыз азамат деп! Ауру әйелін он бес жыл бойы бағып келеді... Басқа еркек болса, баяғыда далаға тастап кетер еді. Керемет азамат! Әйелі де өзіндей өнерлі еді. Тіл тиді ме, көз тиді ме? Тұңғышын босанғанда «қызыл шу» – сәбидің құбыжық боп көрінген «жолдасынан» көтеріліп кетті деді.

Ғазиз алдына тесіле қадалып, үнсіз қалды... «Жанына тигізіп алдым-ау» деп Аршын да айтуын айтып қап, өз сөзіне өкінді.

– Жаным! Көңіліңе ауыр алмашы! Өмір ғой!

– ... – Ғазиз жауап қатпады.

Аршын сасайын деді.

– Кешірші, Ғазиз! Менен бір ағаттық кетті...

Рульге еңкейе жабысып қалған Ғазиз еңсесі езіліп, кеудесін әрең көтергендей болып көрінді.

Ол:

– Аршын! - деді. – Әйелім сырқат екені рас. Тіпті төсек қатынасына да жарамайды... Жанына жолатпайды. Менен... өзінен туған мылқау ұлымнан көреді... Көктемде – құс келген кезде, күзде – құс қайтқан кезде сырқаты күшейіп кетеді. Сол кезде байлап ұстаймын! Иә, бұл – өмір. Қайтем, көнем де!..

Екеуі де сұлу табиғат ортасында үнсіз қалды. Қия демей, жартас демей жамырай өскен қарағайлар басын самал тербеп тұрды. Олар да мұң пердесін жамылғандай үнсіз қарауытады.

Әлден бір уақытта Аршын:

– Ғазиз, Ақжамбы әже маған «ер-азаматтың көңілін қалдырма!» деді, - деп өтірікті қосып жіберді. – Мен сені сүйіп қалдым!

Аршын анығында шындықты жасырып қалды. Ақжамбының «Қарағым, жас екенсің! Кіммен қарайсаң, сонымен ағар... Азаматтардың басын қадірле! Намысын нәпсіге таптатпа! Күйеуіңнің жасы үлкен деме, басы үлкен деп ұқ! Ғазиз де қасірет кешкен жан...» - деп, Ғазиз жайында айтып, «жүрегін жаралап, қорламауын» тапсырған. Кештетіп қайтып келулерін, күйеуінің ақ шашты ана деп, тапсырып кеткенін арына тигізбей жеткізген.

Бұл бірақ кемпір-семпір сөзіне құлақ асқансып, сынық мінез танытқансып, Марқаға ғана көз салатынын сездіріп, күйеуіне адал жансып, Ақжамбыны сендіргенсіп аттана берген.

Таудың тепең-тепең тепсеңді жолында рульмен алысқан Ғазиз:

– Ақмарқа, жаным! Жол жаман. Креслоңды шалқайтып алшы!

– Жарайды. Мен көзімді жұмайын, басым сонда айналмас...

– Сөйтші, сәулем!

Ғазиз өткен өмірдің көңілсіз ауанынан шығып, өз-өзіне енді келді.

Бұраңдаған қара жол мен бұлдыраған сағым сәуле орман ішін кеулепті. Ғазиз шабан айдап келеді. Терең сай ішін кемерлей аққан суды қайта-қайта кесіп, жол да жыланқұйрық. Қара джип те ылдилаған сайын дөңгелек шанағы ортасынан су жарып, малта тастардан тайғанақтап қояды. Матабай жеткізер емес.

Бұлар сай іші тереңдеп барып, бір тұстан қабырғалай көтеріле берді. Орманды қабырғамен қиялап салынған қырын жол қауіпті болса да, көкірекке жел бітіреді. Азонға қанық ауа жан семіртсе, саумал самал тән сергітеді. Аршын қалғып та кеткен.

Қиялап барып қырқалап тепсеңге көтерілген сәтте жанарды малындырған сұлулыққа тап болды. Матабай тепсеңінен Марқакөл шараға толған сәбидің күнәсіз көз жасындай мөлдіреп жатты. Маңайын ашық күнде көкпеңбек балауса орман-тоғай жынысы тұтып, шалқар көк аспанды өзіне табындырып, үңіле төндіріп, кең дүние шарайнаға сыйып кетіпті.

Ғазиз иығынан аялай сипап, Аршынды оятты. Саф ауадан санасы сәбидей алғаусыз тұнықтыққа бөккен Аршын ояна келе өзінің қайда отырғанын ұмытып:

– Ә-ә!.. а-а!.. - деп барып, оқыс дауыстап жіберді. – Оу-у! Мынау не! Түсім бе? Сұмдық-ай! Осындай да сұлулық болады екен-ау!.. Ғазиз, рас па? Әлде көзім сағым көріп тұр ма?

– Рас, Ақмарқам! Сен де осындай марқасың!..

– О-о, боже мой! Этого не может быть?!

– Может, жаным, может! Бұл Марқа ғой!..

– Вот это, да! Символ красоты!..

– А ты – мой символ... Жаным! - деп Ғазиз таң қалып отырған Аршынды құшақтай алып, жабыса сүйіп-сүйіп алды.

Бұған Аршын да бұлқынбады... Екеуі ұзақ сүйісіп барып, бірін-бірі аялай ажырасты.

Аршын құшағынан босанған жігіт ағасы жас баладай жайраңдап кетті. Тіпті қызбен жаңа ғана сүйісіп үйреніп жүрген жас жігіттей, көңілі желпілдей берді. Джипті де орнынан жұлқи қозғады.

– Байқашы! - деп Аршын кеуде белдікті тақты.

Өзін билеуге тырысқан Ғазиз баяулата түсті де, бірқалыпты жүріске салды. Бірақ Матабайға еңкейген тау жолы тегіс емес еді. Жақпар тасты, жол-жөнекей қақпа бұрмалы болып шықты.

Осы сәт Аршынның ұялы телефоны ән салып қоя берді. Артқы орында жатқан қол сөмкесінен алып, «Алло!» деді. Іле жауаптаса бастады.

– Магда, менде бәрі жақсы! Ғазиз қасымда... Әлі жолдамыз, жетіп қалдық... Матабайдың үстінен түстік. Көл кешегіден де әдемі екен... Таудың үстінен көрдім... Сіздерші? Дәріңді іштіңіз бе? Иә! Ұмытпаңыз! Жақсы!

Телефон құлағын жаба салды.

– Олар бағана жетіпті, - деді Ғазизге қарап.

– Самолет қой.

– «Былғары табыт» жақын ба?

– Ұшып бару – түк емес. Олар бүгін Қалжырға қонады. Ертең ел ұмытқан ескі ауылға барады.

– Ел ұмытқаны несі?

– «Былғары табытты» айтам да... Е-е, ол ауылды жұрт ұмытқалы қашан?! Дулаттың арқасында ауданға аты шығып, дүрілдеп жатыр ғой. Ондай ауыл түгілі, аудан аты да ұмытылып қалған жоқ па?!

– Да-а! Счастия не в красоте, счастия в земле... Астанаға да бақ қонды ғой, Алматыдан бірақ күнде көшіп... «Былғары табыт» та солай!

– «Тақ ауған жаққа бақ ауады» депті осы Марқадан шыққан бір жазушы ағамыз... Сол айтқандай, Арқаға да бақ қонған шығар. Баяғыда ұлы хандарымыз жаз шыға Арқада, қыс түсе Түркістанда отырып, елді екі шылбыр, бір тізгінмен билепті ғой. Ал арғы замандарда ұлы қағандарымыз Алтайдан билік құрып, шартарапты уысында ұстапты. Аттарына дейін алтын жапқан асыл мәйіттері Катон-Қарағай жерінен аршылып алынып жатыр емес пе?!

Ғазиз тақыр жаяу әнші емес, көп дүниеден хабары бар білікті екенін байқатып қалды.

– Көп біледі екенсің ғой, - деп Аршын шын таңырқады. - Қара жаяу әнші ме десем!..

– Алматы мен Астанадан басқа өңірлерде де ақылды азаматтар бар... Мені қойшы! Мені он орап кететін жігіттер жетеді. Тек оларды билікке тартып, бас жіп ұстататын азамат жоқ. Қит етсе, «қызыл шеңбер» ішінде жүргендерден таңдау жасайды... Кезінде аудан мен облыстан жарып шыққандарды жоғарыға жұлып әкететін. Қазір билік қотанынан аспағандарды шыбындатып қоямыз. Одан қалса, құда мен жекжат, күйеу балалар мен құда балалар тізгін ұстап, тыртаңдап жүр... Олар не біледі? Өңшең молокосос. Асфальтный трафарет. Оңбай жүргеніміз де сол. Білікті азаматтардан гөрі билікті жезөкшедей қақтаған жылпостарды, жағымпаздарды тартамыз. Тілімен бал тамызатын «бұлбұлдар» министр болады қазір. Кәсіби мамандар әдірем қалған...

– Сен әнші емес, саясаткер болуың керек.

– Болар ем, о баста өнерді қудық өрлетем деп... Тағдырымыз керітартар болды.

– Онда менімен кездеспес едің?!

– Қателесесің. Жазмыш жазулы... Озмыш жоқ. Сен мендіксің, жаным!

Екеуі түс ауа Матабай ауылына да жетті. Бұл арадан мүлде ұялы телефон ұстамайтын болып шықты. Телефон бағанағы биіктен ғана қосылады екен. Екеуінің сұрағанын құдай көктен емес, Матабай ауылы қоныс тепкен тар қолтықтан бере салды.

Мұнда егерьлердің жап-жаңа моторлы қайығы мен ескі ескек қайық дайын екен. Өзін осы өңірдегі егерьлердің басшысы әрі Сұңғаттың досымын деп таныстырған Темірбек Ауденов Аршынның әдемілігіне ұрлана қарай берді. Аршын да иықты келген ірі азаматқа жанарын аударып өтті. «Оңашада жолықса, балуан білегіне жастанып, бура балтырына мастанып сынайтын-ақ жігіт екен!» деген сайтан ой сумаң етіп өтті.

Өзін бірақ тыйып ұстау керек деп шешті. Кім біледі қандай адам? Тіпті, қасындағы Ғазиз де жұмбақ. Өткенде қамшымен зілсіз сілтеп жібергенінен-ақ секем алып қалған. Ал мынау қандай сойқан, құдай білсін?! Көлге тұншықтыра салып, өзі тұншығып өлді деп жүрмесіне кім кепіл?!

Егерьдің дайын асы бар екен. Картоп қосылып қуырылған ускуч. Ғазизге тақым тиістіре жабыса отырып, тойып алысты. Қызыл уылдырықтан да қарбыта асасты.

Шүмектей шұңқыр емес, Матабай салқын көрінді...

Көл жағасы табанға жұмсақ тиетін жап-жасыл майса. Тұп-тұнық көлдің нәзік толқыны тастақты жағалауды шылп-шылп сүйеді. Иілген тал-терек пен сұлу қайың-қарағай көлдің көркін асырып тұр. Мамыр күнінің сәулесі майда толқын жалына шағылып, кемпірқосақ түспен құбыла шашырайды.

Егерь Темірбек:

– Монша жаққызып қоямын. Кешке Марқа суына шомыласыздар! - деп ізет танытты. – Қайық іші құрғақ. Кең. Сырмақ пен көрпе-жастық салып қойдық. Қармақ та бар. Қалбырда шылаушын жетеді.

– Рахмет, жігітім! Жайырақ келеміз ғой.

– Көл суы қашан жылиды? - деп сұрады Аршын.

– Кешке қарай.

– Ғазизжан! - деді Аршын «жан» деген сөзге әдейі нәзік екпін түсіріп; егерь өзінен дәмеленбей-ақ қойсын дегенді сездірді. - Төсқап пен бояуларым қалып қалмасын! Сурет салатын құралды да ұмытпа!

– Жақсы, жаным! - деп Ғазиз алыста қалған көлікке кетті.

– Суретшісіз бе? - деп Темірбек қызығушылық танытты.

– Жо-оқ, хобби!

– Ұқсас екенбіз!

– Сіз де саласыз ба?

– Менің мамандығым – суретші...

– Онда неғып жүрсіз?

– Сол сурет үшін!

– Қалайша?

– Ұзақ әңгіме... Мұнда ешкімге еліктемейсің. Тәңірі жаратқан табиғаттың сұлулығына не жетсін?! Ұлы суретшінің пейзажына таңданумен жүрмін. Өзіммен-өзім.

– Қызық адам екенсіз?! Бұл жақтың адамдары да түсініксіз! Жұмбақ. Көп нәрсеге мән бермейді... Олар үшін қала маңызсыз. Мәдениет қалада ғой.

– Қайдам! Қала мәдениеті болса, дала мәдениеті де баршылық. Сол қаладан қашқан жандар Марқаға келеді... Ат сабылтып Алтайға тартады. Мұзтау мұзартына мұң шағады Европадан келіп... Мен де сондайдың бірімін. Қалада суретші болып күн көру мүмкін емес! Қабылақ деген бір досым бар, кезінде Мәскеуден суретшілік білім алған, қазір Алматыда... Мемлекетке керегі жоқ. Жылда Австрияға кетеді: көше суретшісі... Қазаққа да керек емес. Нәпақасын Европадан тауып жүр.

Осы кезде Ғазиз да оны-мұныны арқалап оралды. Келе ақборық тақымынан көтеріп, Аршынды қайыққа отырғызды. Егерь жігіт жұмыр да сұлу саннан көз ала алмай қалды...

– Сілекейің шұбырмасын! – Ғазиз дауысы қатқыл естілді.

Аршын да сылқылдай күліп:

– Тау тағысы... сағынып жүр ғой! - деп қара көзін қысып қалды.

Бота көздің отты сағымына шарпылған егерь жігіт жүрегі тулап, бойын ыстық леп аралай берді. «Кешке келерсің!» деген ұры ой оралып өтті. Темірбек өңірге белгілі әнші Ғазизге жауап қатпай, үнсіз көзбен шығарып салды.

Марқа суына су жыландай сумаңдай енген сүйір қайық жағалаудан тез-ақ алыстай берді. Ғазиз де қуатты қарқынмен қолтығын жазып, құлаштай есті.

Көл беті тыныш. Баяу лекіткен майда самал бар. Күн нұрына қыздырынған Марқа сұлу жүзі сүйсіне жыбырлап, сағым ойнаған сәулені ашқарақтана жұтады. Жағадан ұзай бере Аршын да жұмыр иығын жалаңаштай бастады. Қайықты құлаштай есіп келе жатқан Ғазиз қанша жерден құмартса да сезімін ноқталап, сездірмеуге тырысып, іштей «Қандай сұлусың, жаным!?» деп мейірлене күледі.

Аршын да тән сұлулығын таныта түсіп, ғайыптан пайда болған Марқа сұлу табиғатының ортасына ойда жоқта тап келгеніне мастана мейірленеді. Қайық басындағы бұрыштама орынға жайғасқан ол сұлу қара шашын арқасына жайып жіберген. Қайық арқауында қарама-қарсы ескек есіп отырған Ғазизге көзін жұмып, ашық қалған қаз омырауы мен екі аяғын қайшылаған қалпы джинси шалбарлы балтыр, тырсиған бөксесін еркін тастап, ештеңеден қысылып-қымтырылмай рахаттана қыздырынуға көшті.

Жас әйелдей керіле түсіп жатқан сұлу көл келбеті төңіректегі көркем тау табиғатын өзіне сұқтандыра түсіп, Азутау шыңының ақ басын идіріп, дүние біткенді тәкаппар келбетіне төндіртіп тастапты... Ғазиз де көл ортасына сұғына енген сайын дегбірі кетіп, көзін күн нұрынан жорта жұмған Аршын сұлуға телміріп, құмары арта түскен.

Ескек те суға малшынғандай... жүзу де баяулай берді...

Ғазиз қалай ғана ашық-шашық Аршынға ұмтыла бергенін білмейді. Аршын да еш қарсылықсыз азамат аймалауына ыңғайлана көнді... Екеуі де таң атқалы бір-біріне құмартқан жандар ғой, алқын-жұлқын айқаласып, қайық табанына салынған киіз сырмақ пен жұмсақ көрпе үстіне сұлай кеткен-ді.

Қайықтың бел ортасындағы ескекші отырар жалпақ арқау тақтайды Ғазиз жас әйелмен арпалыста аяғымен қағып қалып, суға шалп еткізіп түсіріп жіберді. Арқауға бірақ бұрыла алмады. Аршын тәнін үстіндегі лыпасынан жұмыртқадай аршып, қара тырнақ башпайынан қара шашына шейін өліп-өшіп сүйіп, ыршына түйінделген омырау үрпі мен құлпырған кіндік асты құндыздығынан өбе берді. Ыстық сезім мен құмарлық ырқына беріліп, екі тән де елти шарпысып, екеуі де ес-түстен айырылар күйге құлады... Қос қуатты тәннің құмарта қосылысуын көктен түскен күн шуағы да өртей шомылдырды.

Маңғаз маусым айы ару Марқа айдынын да рахман нұрына малды... Көл суы күн сәлесінің отты шарпуынан жылдам ыси бастады.

Әлден уақта аптықтарын басысып, шөлмектегі суды ішісті. Біріне-бірі жанаса беріп, бір-біріне тоймайтын жас ғашықтардай аялай қарасады. Кеберсіген еріндерімен жалаң тәндерін сүйкей сүйісіп, бір-біріне нәзік сезіммен иісіп, алақанмен сипай тиісіп қалысады.

Қалтқыдай қалқыған қайық түбінде балаша ойнап жатысты...

Жанға жайлы маусым жазы ашық аспан астында, Марқакөлдей маңғаз табиғат бесігінде екеудің армансыз құмарларын тарқатысты. Көл ортасы қайықты баяу шайқап, екеуін кешке дейін ұзақ тербетіп бақты... Күш-қуаты асып-тасқан олар да сезім көліне ықтиярымен шомылып, тұмса табиғат ортасында табиғи ләззат шыңына көтерілді. Қара жер мен көгілдір судай тоғысып, сезім мұхитын мелдектей кешті.

Аймаласқан екеуге кеш те қоңыр көрпесін жапты. Тау төбесін ала жарық жарты ай туды. Су бетін ымырт көлбеді. Көктен жерге түсіп, көлге шомылған ай діріл қақты.

Сонда ғана Аршын:

– Суға шомылам! - деп назданды. – Сенің құшағыңнан су жылы шығар...

– Тоңдың ба, жаным! - деп қалды Ғазиз.

– Тоңазыдым! Су бетінде ай дірдек қағады... Қарашы!

– Байқа, батып кетіп жүрме! Марқаның суы сұлу қыз бен сұлу жігітті құшағынан босатпайды...

– Ондай да құпиясы бар ма?

– Неге «Марқа сұлу» атанды дейсің?

– Иә, қалай?

Аршын бұрала тұрып, керіле қолын көкке соза берді. Балықтай балғын да бұла мүсін ай жарығында жігіт жанарын арбады. Суға үңілген қыздың құлын мүшесі перінің сәулелі тәніндей магнитше тарта түсіп, жігіт көңілі қайта құмарта беріп, тоқ балтырға қолы тиген сәтте Аршын ускучтай бір-ақ ыршыды... Қайық жақтауынан ұша көтеріліп, көл суына сүйріктей сүңгіді.

Мұндай шалт қимылды күтпеген Ғазиз аңырайып қалды... Қайық қалтаң етті.

Бассейінге қарғығандай Марқа суына еркін секіріп, қайқаң етіп атып шыққан Аршын құлаштай жүзді. Жүзіп бара жатып:

– Мамма-мия!.. Жизнь мая прекрасна! - деп айқайлады. – Ғазиз, мен саған ризамын! Сүйемін көлді!

– Алысқа ұзама!

– Қорықпа! Мен жақсы жүзем...

– Байқашы, ботам!

Ай сәулесі ойнаған айдында су перісінше бұлаңдай жүзіп, Аршын шашы түнгі көл түсімен астасты. Қарауытқан таулар арасында айкүміс түске боялған Марқа сұлу да маралдай керіліп жатты.

Енді Ғазиз да шыдап тұра алмады. Суға секірді. Қалтылдаған қайық бос қалды. Екеуі де қоңыр салқын су ішінде рахатқа бата балықша «қуаласпақ» ойнады... Көл құшағында жастық қызыққа батты. Бұла тәндерін салқын су сергітіп, ширата түсті.

Мұңсыз табиғат аясында қос шағаладай мамырлады...

Адамға тән ел-сел сұңғыла сезімді бастан кешіп, талықси шаршаған сәтте қайыққа оралды.

– Қайтайық! - деді Ғазиз.

– Шаршадың, жігітім! - деді Аршын.

– ... – Ғазиз тіл қатпады.

– Үндемейсің ғой?!

– Қысырдың қырық жаны... қырық айласы бар... екенін бүгін мойындадым!

– Солай ма екен?!

– Марқа сұлумен қосылып, қолқа-жүрегімді суырып алдың! Құр сүлдерімді қалдырдың...

– Қайықты қалай еспексің?

– Бір жөні болар.

Ол аузын жиып үлгермей, Матабай жақтан жарығы жанған моторлы қайық дауысы естілді. Жарық алыстан көрінсе де, дауыс күшейе берді.

– Бізге келе жатыр ма?

– Шамасы солай!

– Егерь жігіт шығар,- деп, Аршын есімін есіне түсіре алмады. – Неге іздеді екен?!

Дауысынан әлдеқандай қобалжу білінді.

– Біз кешіккен соң...

Екеуі де жалма-жан киіне бастады. Су ішісіп, сөмкеден алма мен банан алып жеді.

– Марқаның суы керемет екен! Суықтау екен бірақ,-деді Аршын. – Әлгі сұлуларды жұтып қоятыны қайда?!

– Бұл киелі су. Біз сияқты күнәһар жандарды жуытпайды...

– Һім!.. Жуындырса да жұтпайды деші! Сендер неге «Марқа сұлу» дейсіңдер?

– Алтайдай асқақ азаматтың қойнында жатқан ару ғой... Содан Марқа сұлу – Марқа ару дейді. Тек мұздай бұлақтардан, мөлдір тұмалардан құралған тұнық қой... Суы ластанбайтын зипа. Арудың аруы... Тау басында. Тұмалармен жуынады. Қалжырмен тазаланып тастайды. Мұндай суы таза көл әлемде жоқ. Оған кәміл сен!

– Шынында ғажап екен. Түбіндегі тастары мен балығына дейін көрініп жатыр. Хрустальдай жарқырайды.

– Қытайдың қызығып отырғаны да содан. Суымен қоса самырсын сасыған азонын айтсаңшы! Жұпар ауа... Қытайдың Бежін, Шанхай сияқты алып қалаларында қазір ауа жетіспейді. Олардың миллионер байлары осы Алтайдың арғы бетіне ағылады екен, таза ауамен тыныстаймыз деп...

– О жақта мұндай жер жоқ па?

– Оларда да Алтайдың бір шұрайлы бөлігі жатыр, бірақ Марқадай көл жоқ. Марқаның «туған сіңілісі» Қанас бар... Тәңірі жаратқан Мұзтау мен Сарытау секілді екеуі де бір-бірінен айнымайды.

– Ол не? Көл ме?

– Көл. Марқаның бүйрек тұсында... Бұдан бірақ үш есе кішкене. Соны қытайлар жайнатып жіберіпті: маңайына биік-биік үйлер мен қонақ үйлер салып тастапты. Адам деген құмырсқа... Ине шаншар жер жоқ. Қаптаған қалың қытай.

– Оны қайдан білесіз?

– Өткен жылы Сұңғат ертіп барған. Аудан әкімімен бірге... «инвестиция қарастырамыз» десіп. Сонда сұмдыққа кез болдық. «Қытай қорғанынан жөңкілген жұрт» деп сұхбат та бергем елге келген соң, тәуелсіз медиа порталға. Олардан басқа сайттар көшіріп басты. Елең еткен біреуді естімедім!

– Неге елеңдеуі керек?

– Ойбай-ау! - деп Ғазиз күйіп кетті. – Ойбай!.. Қытай Шыңжаңды түгел жұтып қойыпты... Алтай қаласында қазақты көрмедік. Өңшең қысық көз, қисық тіс, кем иек қаптап кеткен. Әйгілі жеті Қабаның бесеуі бізде... Ал арғы беттегі екеуінің бірегейі – қазақ Қыран атайтын, Алтай қаласын қақ жарып ағатын Қыран Қаба өзені бойына шейін туризм деп, қора-қора қытайды қоныстандырыпты. Түрі жаман! Олардың Қаба ауданына қарасты Қанас көлі – қара қытайдың ойнағы. Ойнақ та сонда, ойнас та сонда... Қанас көлін бітіріпті ластап... Ауасы да азып, жері де тозып кетіпті. Суыр мен тышқанына дейін жоғалыпты... «Жеп қойды қара қытайлар» дейді жергілікті қазақтар. Мына қытай іргелес отырған қазаққа төніп келе жатқан апат... Жай апат емес, алапат апат! Аждаһа! Қаныңды бауыздамай ішеді... Жерді тулақ жасайды. Жұртыңнан жұрнақ қалдырмайды.

– Қорқытпашы! Ана егерь де жоламай кетті... Қиыс кетіп барады. Әлде олар емес пе? – деп, Аршын жағалау жақты жанамалай жүзген түнгі катер-қайыққа үңілді.

– Балықшылар болу керек.

– Қойшы, Ғазиз! Қорқытпашы мені! - деп өтірік сынықсыды Аршын. – Мынандай жұмақтан айрылып қаламыз ба деген қаупің де орынды.

– Алтай қазір иен... Ал иен жерге кім көзін сатпайды? Елсіз жер де ерсіз әйелмен тең. Бос жатқан жер іргеден жау шақырады.... Қазір Мұзтаудан басталған Катон-Қарағай мен мына бес Қаба ағып жатқан құйқалы өңір, Марқа мен Күршім жері елсіз. Шекара белдеу иен.

– Мемлекет бар емес пе?!

– Сол мемлекет қой бәрін бүлдіріп отырған... Билік біздің – көрсоқыр. Көздерін шел басып кеткен. Ойлағандары инвестиция деген атпен келіп жатқан топан ақша... Марқаны да инвестицияға сатпақ.

– Қойшы! Қорық қой.

– Қорық бүгін, ал ертең осы қорық дегеннен қорқатын боламыз...

– Қалай?

– Қорықты кепілге қоя салады. Ол және мемлекетке бағынышты ғой. Инвестор сұраған мемлекеттік кепілдемеге де дөп келіп тұр. Мемлекеттік қорық – мемлекеттік кепілдеме... Бұдан артық табылмас. Иесі – мемлекет, а на самом деле – никто!

– Сұмдық! Бұлай бола қоймас.

– Осылай болады. Мұның жоспары баяғыда Қытай мемлекетімен бекітіліп қойған... Қара қытай қаптауға дайын отыр. Шекара бойындағы аудандар сол үшін жабылған. Халық азайсын, шу шығармасын деп... Тіпті басы ауған жаққа тентіреп көшіп кетсін деп. Содан жұрт Алтай мен Тарбығатайдың шекара бойынан, Алакөл мен Нарынқол шекарасы жағынан ауып кетті. Құтты қалмақтың «Ақтабан шұбырынды» заманы келгендей болды... Тау басындағы Шірікаяқ сияқты шұрайлы мекендерден адам қалмай, тентіреп кетті. Енді бос қалған жерге қытай ие болмағанда, кім ие болады?! Қытай сұрамағанда, кім сұрайды?! Астана мен Алматы ауған жұртты қайтарып көр! Мықтылығыңды көрейін, данышпандығыңды таниын! Ерлігіңді сынайын! Оған баяғы Абылай саясаты қажет, Қабанбай батыр руһы керек... Ал қазақтың Павлодар облысы секілді жерінде алты мың халқымен де аудандар жабылған жоқ сол кезде...

– Қалайша? - деді таңырқай түскен Аршын.

Қызынып алған Ғазиз:

– Солай. Парадокс. Әлде орыс ағайындардан қорықтық па?! Халқы отыз мыңнан астам болса да, шекара аудандары қалайша жабылуға ұшырады? Маған осы ойлар әлікүнге маза бермейді... Тіпті мынандай сұмдық сөзді де естідік қой, - деп таусыла түсті.

– О қандай сөз?! - деп Аршынның қызығушылығы артып, дауысы шығып кетті.

Тыныш көл бетінде шолп етіп балық шоршыды.

– «Күллі шекарадан мың шақырымдық жер берілді... Алтай мен Тарбығатайдан, немесе Алатаудан ғана емес, оңтүстіктен де берілді. Шуламаңдар! Найман мен албанның ғана жері ғана дейсің бе, дулат пен қоңыраттан да жырымдалды... Жұртты жылатқан жоқпыз, қонысы қалды... тозған жерлер ғана кетті көршімізге...» дегенді де естідік қой. Тіпті ұшар шыңдарға да ара түсе алмадық қой. Хантәңіріні қырғыз бен қытайға, Мұзтауды орысқа өз қолымызбен үлестірдік... Құтты шүлен таратқандай болдық.

– Қойшы?!

– Арымдай ақиқат! Әй, біздің әкімдерге дауа жоқ! Қазақтың хан жайлауын көкпарға салғанымызда шаруамыз жоқ. Қазақтың хан намысын аяққа таптағанда шімірікпеді ғой! Бәріміз үнсіз қалдық... Үндемес ойнауға етіміз үйреніп кетті. Баяғыда да «үндемес заман» болған. Қазір де соның кебі. Үрейден арыла алмай қалған елміз... Сондықтан да үнсізбіз. Ата-баба аруағы қозғалады әлі... Алла қозғамаса, аруақ қозғайды. Олар ұрпаққа ренжулі!

– Ел білмей қалған шығар!?

– Білді. Білгенде не істейді? Билікке сенді. Үкіметті басқарып отырған басшы мен қосшыларға... Елбасына сенді! Ал билік білгенін істеді... Ақыры мынау. Шекара жезөкшедей жалаңаштанып шыға келді. Жұрт үдере көше бастады. Шекара бойлаған қысық көз қытай анау. Миығынан күледі. «Қазақтың қанды басын бері тарт, арлы басын ары тарт!» деп алақанын ысқылап отыр.

– Мына әңгімеңді мен ғана естиін! Марқа түні естіді... Басқа ешкім естімей-ақ қойсын! Түнде айтқаның да жөн болды. Көл мен жел ғана құлақ түрді... Осы жерде қалсын түнгі әңгіме! - деп, Аршын біреу тыңдап тұрғандай жан-жағына елегізи қарады.

Ай сәулесінде майда толқын діріл қақты.

– Түнгі әңгіме... Иә! «Түн әңгімесі». Біз түнде ғана айтамыз.

Ғазиз ай жарығында әлдеқалай алабұртып, «Түн әңгімесі» деген сөзді қайталай күбірледі. Аршын түн тыныштығына тығыла отырып, санасы мен жүрегін жаулаған шындықтан жасқанды... Марқа тыныштығын алыстағы мотор үні ғана бұзды. Ол да баяу жақындап келе жатты.

Егерь Темірбек те жағалау бойлай жүзіп-жүзіп барып, бұларға түн жамылғысын толық жапқанда ғана бұрылып еді. Екеуінің түнгі сезіміне сызат салғысы келмегендей алыстан орағытып, асықпай жетті.

Олар бірақ мұны жарқылдай қарсы алмады...

– Қарындарың қабысып қалған шығар... Қуырдақ пен ас дайын! - деді ол.

– Арқама жабысып қалды... Кісі жеуге даярмын!

Аршын егерь жігіттің көңілін қалдырғысы келмей, Ғазиз үндемесе де, ол үшін өзі тіл қатты.

– Моншаға түсіп шыққан соң, бәрін ұмытасыңдар... Пардан көл суына сүңгіп шыққанда, сергіп сала бересіңдер!

Темірбек көл ортасында қаңтарылып қалған ескекті қайықты моторлы қайыққа мұрындықтап алды. Түн тыныштығын моторлы қайық дүр етіп отала бұзды да, Матабай ауылына қарай көбең тартқан көл бетін жарық прожекторымен жасқап, су жүзінде зырқырай жөнелді.

Түнгі аспанда ай да түстікке жылжыды...

Дайын дастарханнан қуырдақ пен «виский» аш өзектеріне түскендей болды. Ғазиз тілі демде күрмеліп қалды. Күні бойғы көл үсті малтыққан қызу сезім шәрбаты мен ымырт түсе су перісіндей шарпысқан суіші қимыл азаматтың шипасын бітіріп-ақ тастапты. Диванға отырған жерінде қалжырап, басы бір жағына қисайды да қалды.

«Виский» бойына қуат құйған Аршын қысырдың қымызын ішкендей қайта ойнап шыға келді.

Ол қасында қор ете қалған Ғазизге қарап:

– Слабак! - деп мырс етіп күлді.

Темірбек те күні бойы сұлу әйелді тағатсыздана күтіп, жараған жүйріктей сілекейін жұтынып жүр еді... Аршынға басымен нұсқап:

– Пашли в баню! - деді ақырын ғана. – Пусть отдыхает!

– Пошли! Только тихо!.. - деді Аршын да.

Екеуі есікті шиқылсыз жауып, сыртқа беттеді.

Қарағайлы төңірек қаракөлеңке...

Арсыз ұйқы мен арсыз түн қалжыраған Ғазизді қабағат ұрып, оның мұрындары қос моторлы ұшақтай шұрылдап, қамсыз ұйқы құшағына берілді.

Аршын егерьді белінен құшақтап алды. Қарулы егерь жігіт сылқым әйелдің жұмыр иығынан ұстап, бауырына қыса тартты. Қызыл қарағайдан қиылып, көл жағасына жақын салынған моншаға қарай асыға басты.

Олар сүт пісірім уақыт өте булары бұрқырап, үстеріне ала-құла сейсеп жамылып, тысқа шықты. Аршынның ақ балтырын көк майса жалады... Сол бойда монша іргесіне бұрып әкеп салынған тостағандай тоған шұңқырға күмп етті. Ала сейсеп ағараңдап малта тастар бетінде қалды.

Ай Азутаудың тасасына жасырынды.

Автор туралы:

АСҚАР АЛТАЙ - 1963 жылы 12 ақпанда Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан қаласында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. «Қыр мен қала хикаялары» атты повестер мен әңгімелер жинағы (1998), «Алтай новелласы» атты прозалық жинағы (2001), «Нарық нақыштары» (2003) және «Қызыл бөлтірік» (2006) атты ұжымдық жинақтарда прозалық шығармалары, «Казино» әңгімелер жинағы (2008) жарық көрген.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар