Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ
«Ұлы Дала» IV Гуманитарлық ғылымдар форумы...

25.06.2019 20477

«Ұлы Дала» IV Гуманитарлық ғылымдар форумы

 «Ұлы Дала» IV Гуманитарлық ғылымдар форумы - adebiportal.kz

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болып табылатын Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы Қазақстан халқының ғана емес күллі Түркі әлемінің тарихи құжатына айналды. Ғылыми негізде үңілген түрколог ғалымдар осындай түйінге келді. Мақаланың мәні әлемдік өркениеттегі көшпенділердің орыны мен рөлін бағамдауға бағытталған. Түркі дүниесінің қара шаңырағында түркілер өркениеті жобасын қолға алу керектігі де айтылған болатын. Осыны негізге алған халықаралық Түркі академиясы Нұр-Сұлтан қаласында «Ұлы Дала» IV Гуманитарлық ғылымдар форумын өткізді. Түркі дүниесінің өткені мен бүгіні жане жарқын келешегі сөз болған биылғы жиын «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» деген тақырыпқа арналды. Форумға Қазақстандық ғалымдармен қоса Еуропа, Азия және Америка құрлығының 21 елінен 250 – ге жуық танымал ғалымдар мен белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері бас қосты. Елбасының төл тарихымызды бағалап, жаңғыртуға арналған нақты 6 тапсырмасының жүгін көтергендей халықаралық форум да 6 секция бойынша жұмысын жалғады.

Ұлы даланың жеті қырының әрбірі қазақ елінің өміріндегі айрықша асыл мұрасы болып табылады. Атқа міну мәдениеті, алғашқы металл өндіру мен өңдеу технологиясы, өз жазуы мен мифологиясы бар озық мәдениетті Қазақ Елінің рухани байлығының басты белгісі – «аң стилі өнері», бүкіл әлемді таңдандырған Дала өркениетінің жәдігері - «Алтын адам» жауынгері, түркі әлемінің бесігі саналатын Алтайдан бастау алатын Түркі тарихы, әлемдік экономиканың өркенденуіне септігін тигізген - Ұлы Жібек жолы жүйесі, Қазақ Елінің ұлттық брендіне лайықты алма мен қызғалдақтар, еліміздің аумағында орын алған тарихи жәйт қана емес, сонымен қатар әрбір Қазақ үшін де аса қымбат құндылықтар болып есептеледі.

Жаһандану дәуірінде, ұлт тарихының мәдениеті мен құндылықтарын біліп, насихаттау, әрі сақтау елді бекемдеудің тікелей кепілі болады.

Келелі жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Моңғолияның тұңғыш Президенті Пунсалмаагийн Очирбат, Әзербайжан Республикасының тұңғыш Премьер-министрі Гасан Гасанов, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Султан Раев, және Қырғызстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тұңғыш төрағасы Медеткан Шеримкулов қатысты.

Халықаралық жиынның салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды. Хатта:

«Ұлы дала – Еуразия кеңістігін мыңдаған жылдар бойы мекендеген халықтардың тарихи шежіресінің куәсі. Батыс пен Шығыс өркениеттерін тоғыстыратын үндестік пен үйлесімнің бесігі. Ұлы дала кеңістігінде өркениеттің гүлі ерте бүршік жарып, заманалар бедеріне, күллі жаһанның игілігіне айналған құндылықтар толассыз жаңғырып отырған. Сондықтан, бүгінгі форумда талқыланатын тақырыптардың ауқымы кең, мағынасы терең, болашақ ұрпақ үшін тағылымы боларына кәміл сенемін. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтылған адамзаттың рухани кемелденуіне тың серпін беретін құндылықтарды зерделеуге, жаңаша пайымдауға бүгінгі форум зор мүмкіндік берері сөзсіз. Жаһандық сын-қатерлер мен қазіргі заманның күрделі үдерістерін парасатпен жеңуге, кемелдік пен мейірбандықты дәріптеуге гуманитарлық саланың қосатын үлесі шексіз. Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен дәстүрге айналған бұл форум ғылыми интеграцияға тың серпін береді. Ашық пікір алмасулар мен салиқалы сараптамалар түркітану ғылымына зор үлес қосады деп сенемін. Форум жұмысына сәттілік тілеймін»,делінген.

Форумды ашып сөз сөйлеген Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының маңыздылығы туралы айтты. Сондай-ақ Ұлы даланың әлемдік өркениетке қосқан зор үлесін атап өтті.

Барша форумға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Форумның ашылу салтанатында Моңғолияның тұңғыш Президенті Пунсалмаагийн Очирбатқа, Әзербайжан Республикасының тұңғыш Премьер-министрі Гасан Гасановқа, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тұңғыш төрағасы Медеткан Шеримкуловқа, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Дүниежүзі татарлар конгрессі Атқару комитетінің Этнологиялық мониторинг орталығының басшысы Дамир Исхаковқа, ҚР ҰҒА академигі, антрополог, Оразақ Смағұлға Халықаралық Түркі академиясының алтын медальдары табыс етілді.

Түркі әлемінің әйгілі ғалымдарының басын қосқан форум жаңа дәуірдегі тәуелсіз Қазақстанды, Ұлы даланың тарихын арқау етіп тағы бір биік белеске көтерді. Баяндама жасаған әрбір ғалым Ұлы дала идеясын ту еткен Елбасының кемеңгерлігін, рухты халқының жарқын болашағын сөз етті. Әлемдегі бейбітшілік пен келісімнің, достықтың тоғысқан жері, түркі әлемінің алтын бесігіне айналған Нұр-Сұлтан қаласына таңданыстарын жасыра алмады. Ғалымдар әр жыл сайын тамырын терең жайып, өркендеп келе жатқан түркологияның тың жаңалықтарымен, зерттеулерімен бөлісті.

Форум «Түркі мемлекеттігінің қалыптасу мен даму тарихы», «Ұлы дала өркениеті және әлемдік мәдениетке қосқан үлесі», «Түркі әлемінің әдебиеті мен фольклортануындағы өзекті мәселелер», «Түркі әлемінің этномәдени ерекшеліктері», «Қазіргі түркітану: жаңа көзқарастар мен тәсілдер» және «Еуразиядағы интеграциялық үрдістер: кеңістік пен уақыттың көкжиектері» деген 6 тақырыптық секцияға бөлінген.

«Түрк әлемі фольклортануы мен деректенуының өзекті мәселелері» атты І Секция

«Едіге» эпосының 600 жылдығына арналды.

Аталмыш секцияға депутат, академик, Милли Мәжіліс Ғылым және білім комитетінің төрағасы, Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті Габиббейли Иса Акпер оглы мен ҚШР Үкіметі жанындағы Қарашай-Шеркеш гуманитарлық зерттеулер институты Ноғай бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Суюнова Насипхан Хусиновна (Қарашай-Шеркес Республикасы, РФ) сынды қос ғалым модераторлық етті.

Жаһандану үрдісі мейілінше қарқын алған бүгінгі дәуірдегі тіл тіршілігінде термин мәселесін дұрыс шеше білу оның болашағы үшін маңызын филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы сөз етті. Ғалым осыны ескеріп қазақ терминологиясының тәжірибелеріне сүйене отырып, түркі тілдеріне ортақ терминдер жасаудың теориялық, практикалық мәселелерін кеңінен қарастырған. Еуропа тілдеріндегі сөздерден гөрі бұрыннан келе жатқан түбі бір түркітілдес сөз үлгілерін алу, мысалы, қазақ-түрік тілдеріндегі әдебиеттанудағы айтыс – атышма, мақал-мәтелдер – ата­сөздер, әзіл – мизаһ, акт – перде, бақсы – шаман, тақы­рып – тема, жазушы – жазар, тіл білімін­дегі шылау – байлаш, ғылыми тіл – білім тілі, тіл білімі – діл білгісі, нүкте – нокта, қос нүкте – екі нокта, зат есім – исим, дыбыс – сес, сын есім – сифат, термин – терім, шақ – заман, т.б. терминдер бірдей болмағанымен де, екі тілде де түсінікті екендігіне тоқталды.

Ғалымдар Түркі халықтарының тарихына қатысты жазылған қыруар еңбектерге назар аударды. Қай дәуірде де түркология ғылымына қызығып, өмірінің барлық күш-қуатын сарқа жұмсаған ғалымдар есімі жұлдыздай жарқырап тұрары белгілі. Түркі әлемін тануға фольклортану ғылымына жаңаша бағыт пен бағдар ұстау қажет екені айтылды. Бабаларымыздың қалдырған аманатын асыл сөзден танып, бір-бірімен түсінісу, дүниені танып, білудегі сана-сезімі халық мұрасынан танылатыны аян. Сондай-ақ фольклордың сан-салалы, салт-дәстүр, ырым-кәделер, ойын-сауық т.б. қат-қабат тамырласып жатқанын ескерсек, онда түркі тілдес халықтар фольклорын біліп-игеру, тұтастай саралай зерттеу халық пен халықты, ел мен елді жақындастырады. Әрбір түркі халықтары бұл тұрғыдан ойлану керектігі бүгінгі уақыт талабы, ғасырлар тоғысының үкімі мен үзілген тарихтың алға бастар үкілі үміті екендігі анық.

«Түркі мемлекеттігінің қалыптасу мен даму тарихы» атты ІІ Секция

Алтын Орданың (Ұлық Ұлыс) 750 жылдығына арналды.

Бұл секцияда тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер, РҒА Шығыстану институты тарих бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Дмитриевич Васильев пен тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазан Федералды университетінің ғалымы Раиль Равилович Фахрутдинов модераторлық етті.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Сатай Сыздықов «Түркі генезисі» тақырыбында баяндама жасады. Ғалымның баяндамасында қазақ мемлекеттілігінің генезисін алдыңғы дәуірдегі түркі мемлекеттілігінің пайда болу процесінен бөліп қарауға болмайтындығы дәлелденді. Сонымен қатар баяндамашы көшпелі қоғамдағы мемлекеттің құрылу кезеңінде ру-тайпалық институттар жаңа мемлекеттік құрылымдарда сақтала отырып, оңай трансформациялатындығына нақтылы тарихи деректер келтірілді.

Адамның тарихы, биологиялық, генетикалық, морфологиялық, физиологиялық келбеттерінің қалай пайда болғанын зерттеп-зерделеп келе жатқан Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразақ Смағұлове ерте заманнан басталған эволюциялық динамикасы қазіргі халықтарда қаншалықты деңгейде сақталғанына талдау жасады. Кейінгі жарты ғасырдың шамасында Қазақстанда өмір сүрген адамдардың қаңқа, бас сүйектеріне, жоғарыда аталған ерекшеліктеріне, нәсіл, тектеріне біршама зерттеу жүргізгенін айтты. Көптеген нәтижелерін Жапония, Қытай, Үндістан, Түркия, Италия, Германия, Франция, Америка сынды елдерде өткен халықаралық конгрестерде айтып, антропологтармен, генетиктермен, басқа да сала мамандарымен пікір алысқан. Нәтижесінде осы елімізде, жерімізде төрт-бес мың жыл бұрын ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың жерлеу дәстүрі бүгінге дейін сақталғанына көз жеткізген. Ал, славян халқы VII, VIII ғасырға дейін адам сүйегін өртеген екен.

Ғалым бес мың жыл бұрынғы адамдардың бейне-жүздеріне үңіліп,сараптаулар жасайды. Олар көне тектес европеоидтер болған. Пиреней түбегінен Испанияның батысына дейінгі аумақты мекен еткен олардың бүгінгі европеоидтерге еш қатысы болмаған. Сол адамдардың қоңқақ мұрын, тайқы маңдай, дөңгелек жүзді келбеті темір, қола дәуіріне дейін жақсы сақталғанына таңданған. Біз айтып жүрген Сақ тайпасының ерекшеліктері сонша мың ғасыр бұрын Қазақстанда өмір сүрген адамдарға тоқсан пайыз ұқсайды екен. Ал, біздің заманымыздан бес ғасыр бұрын шығыстан азиат тектес тайпалар келіп, араласып, құраласып, бет-бейнелеріне он бес пайызға дейін әсер қалдырған. Сонда он бес пайыз кірмелік жасаған тайпалар Отанында отырған тоқсан пайыз тайпаның мәдениеті мен дінін өзгерте алмаған. Яғни, осыдан екі мың жыл бұрынғы ата-бабаларымыздың діні де, ділі де бір текті болған. Түркі тілдес ұлттардың да тілі сол шамада қалыптасты. Қазіргі қазақтардың генетикасында осыдан төрт мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың отыз пайызға дейінгі ерекшеліктері сақталған. Бұдан ұлтымыздың төрт мың жылдық тарихы бар деген қорытынды шығарып, әлем алдында да жар салуға болатынын айтты. Қытай, парсы деректеріне мән бермей, қысыр әңгімелерді елемеуге шақырды.

«Түркі әлемінің генезисі – ұлы дала тарихындағы жаңа дәуір» атты ІІІ Секция

Талас құрылтайының 750 жылдығына арналды.

Бұл секцияда Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қырғыз Республикасының дипломатиялық академиясының проректоры Зайниддин Карпекович Курманов пен филология ғылымдарының докторы, профессор Иванэ Джанахишвили атындағы Тбилиси Мемлекеттік Университеті гуманитарлық ғылымдар факультеті түркітану бөлімінің меңгерушісі Марина Сергеевна Джикия модераторлық етті.

Қазіргі таңда тамыры терең түркі өркениетін жаңғырту жолында, түбі бір түркі халықтарының өткен тарихы, тілі, әдебиеті, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, мифологиялық діни наным сенімдері мен материалдық құндылықтарынан хабар беретін жазба ескерткіштерді қай қырынан болмасын зерттеп, зерделеу маңыздылығын жоғалтпайды. Сол себепті тек қазақ қана емес бүкіл түркі халықтарының ортақ мұрасы болып табылатын М.Қашқаридың «Диуани лұғат-ит-түрік» шығармасы тілін антропоөзектік тұрғыдан саралап, орта ғасырлық түркілердің дүниетанымы мен болмысын танытатын тілдік бірліктердің этномәдени мазмұнын ашу, халықтың жадында сақталып бүгінгі күнге жеткен салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілік, мәдениетін сипаттайтын тілдік бірліктердің этнолингвотанымдық мазмұнын анықтау маңызды міндеттердің қатарына жататынын Еуразия ұлттық университетінің PhD докторы Қосыбаев Мирас зерттеуіне, баяндамасына арқау еткенін айтты.

«Түркі әлемінің этномәдени ерекшеліктері» атты IV Секция

Әзербайжан ақыны Имадеддин Нәсимидің туғанына 650 жыл толуына арналды.

Бұл секцияда профессор, антрополог, Таяу Шығыс және Орталық Азия зерттеушісі, Индиана университеті Өнер және ғылым колледжі Назиф Шахрани мен филология ғылымдарының докторы, профессор, Әзербайжан ҰҒА корреспондент мүшесі, Нәсими атындағы Тіл білімі институтының директоры Мохсун Зеллабдин оглы Нагысойлу модераторлық етті.

Қазақтың ежелгі даласындағы түркітілді мәдениеттің терең астарлы тарихына үңілсек, онда әлемдік мәдениетке өзіндік үлесін қосатын талай мәдени мұраның қорына тап боларымыз анық. Оның өзара түсіністікті құптайтын, өрбітетін рухани табиғаты бар екенін бүгінгі заманның көзі қарақты гуманитарлық сала мамандары ерекше айтуда. Түркі мәдениетінің кеңістігі туралы сөз болғанда, онда оның аясында қазіргі кезде Орталық және Алдыңғы Азияның ауқымды аумағын мекен ететін отыздан астам этностың өкілдерін қамтитын түркітілдес халықтардың мәдениеті түсіндіріледі. Ерте уақыттарда түркі халықтары Қара және Каспий теңізінен Байкал көлі мен Хинган тауларына дейін, Қара теңіз жағалауы мен Қазақстанның географиясына жатқызылатын далаларға, Орта Азияның құмды шөлдеріне және Әмудария мен Сырдария өзен аралығы жазирасына, Алтай мен Оңтүстік Сібірге, Тянь-Шань мен Памирдің таулы алаптарына дейін созылып жатқан кең байтақ кеңістікте қоныс тепті. Бай табиғат жағдайларының алуантүрлілігі ежелгі түркілердің бай мәдениетінің қалыптасуына ықпал ету жағдайын философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратов ерекше айтып өтті.

Қазақстанда Елбасының бастамасымен іске асқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы ұлттық дара­лығымызды барынша екшей түскені анық. Бағдарлама ауқымындағы көптеген томдардың жалпы мазмұны мен құрылымы осы жетекші идеяға қызмет етті және оқырманды қазақ руханиятына бойлата отырып философиялық сұхбатқа шақырған. Бақсақ әлемнің көптеген мемлекеттері мен қауымдастықтары өздерінің ертеңгі болашағы үшін қазіргі заманауи тарихи кезеңде ел бірлігі мен оның біртұтастығын сақтап қалу үшін пәрменді қадамдар жасап келген. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген халықтың қанатты сөзінде терең даналыққа толы мағына бар. Ұлт ретінде, халық ретінде, бір мемлекеттің азаматтары сипатында өзінің ішкі бірлігін, біртұтастығын жоғалтқан қауымдастық әлеуметтік дүниеде әртүрлі қиындықтарға душар болады, береке мен бірлікті ту еткен халықтың айрандай ұйып отырған жеріндегі әр қилы бағыттағы қатынастарына нұқсан келуі мүмкін. Оған әлемдік саяси тәжірибедегі мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мәселен, Араб елдеріндегі саяси жағдайлар соның көрінісі. Сондықтан өзінің бірлігін, ынтымақтастығын шынайы әлеуметтік маңыздылыққа, ерекше құндылыққа айналдырған халық қана өмірдегі талай асуларды алуға көбірек мүмкіндіктерге ие болады және басқалардың алдында өзінің біртұтастығы жарасқан қадірлі ұлтқа айналары хақ. Міне, осы бағытта Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіздік алған жылдары атқарған жасампаз қызметі орасан зор екені анық және ол Елбасы ретінде болашақтағы қазақ халқының, қазақстандықтардың тарихында ерекше ілтипатпен, құрметпен аталары сөзсіз.

«Қазіргі түркология: жаңа көзқарастар» атты V Секция

Мұстафа Кемал Ататүріктің Самсунға келуінің 100 жылдығына арналды.

Бұл секцияны профессор, Мичиган штаты университеті жанындағы Еуропа, Ресей және Еуразиялық зерттеулер орталығы директорының орынбасары Тимур Қожаоғлу мен филология ғылымдарының докторы, профессор Ташкент мемлекеттік өнер және мәдениет институтының ғалымы Насимхан Аскарович Рахмонов модераторлық етті.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Насимхан Рахмонов:

Қазақстанда түркология ғылымына ерекше көңіл бөлініп, Елбасы Н.Назарбаев үлкен қолдау танытып келеді. Қазақстан түркологияның әлемдік орталығына айналды. Түбі бір Түркі халқын тұтастандыру бағытында Түркі академиясы жұмыс жасап келеді. «Ұлы Дала» IV Гуманитарлық ғылымдар форумы әлемнің түкпір-түкпіріндегі түркітанушылардың басын қосты. Түркі әлемінің болашағы жарқын болғай!

Белгілі түркітанушы ғалым, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы:

Түріктердің дүниетанымының бастау бұлағы, қайнар көзі – Табиғат. Табиғаттың құбылысын, оның ритімін өзгертпестен философиялық ой-тұжырымының, дұниетанымының арқауы еткен. Бұл табиғатпен біте қайнасып бірге өскен, соның өзгеріс, құбылысын жіті бақылайтын көшпелілер әулетінің сезіну, түйсігу, сезінген түсінікті рухани байлыққа айналдырып үлгеруінің жемісі. Салт-дәстүрі наным-сенімі осы табиғатпен біте қайнасып мыңдаған жылдар бойы бірге туындаған ұғымдар жиынтығы болып саналады. «Жаз жайлау, қыс қыстау, күз күзеу» сияқты ұғымдардың табиғат бесігі даланың мал аяғынан тозып кетуін сақтау екенін түсіну қиын емес. Ал әр малдың киесі ұғымы көшпелілердің тіршілігінің қайнар көзі болған шаруашылығын ұлықтауы болса, жер-судың киесіне байланысты ұғымдар көзі тал-бесік табиғатты аялауы болмақ. Осы табиғаттың жаратушысын «Тәңірі» деп танып, оның туындысы табиғатты аялау арқылы Тәңірге табынған. Бұл үрдістің сабақтастығы қазірге дейін жалғасып халықтардың салт-дәстүрінде орын алған.

«Еуразиядағы интеграциялық үрдістер: кеңістік пен уақыт көкжиектері» атты VI Секция

Жүсіп Баласағұнның «Құтадғұ Біліг» еңбегінің 950 жылдығына арналды.

Бұл секцияға Түркияның ЮНЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссиясының төрағасы Өжал Оғұз бен Мичиган штаты университеті жанындағы Еуропа, Ресей және Еуразиялық зерттеулер орталығының директоры Норман Грэм модератрлық етті.

Берекет КӘРІБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

  • Бүгін Елордада Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен

«Ұлы Дала» IV Гуманитарлық ғылымдар форумы өтіп жатыр. Мұның бүгін өтіп жатуының үлкен мән-маңызы бар. Себебі осыдан он жыл бұрын Түркі халықтарының көшбасшылары бірігіп ортақ Түрк академиясын құру туралы ұсыныс жасаған болатын.Сол жиында еліміздің тұңғыш президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаев Түрк академиясын құрудың қажеттілігін айта келіп, орталығы етіп Елорданы алуды ұсынған болатын. Сол ұсыныспен бүгінгі академиямыз құрылған болатын. Бір жағы соның құрметіне орай болса, бір жағы Елбасымыздың «Болашаққа бағдыр: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Түркі өркениетіне байланысты бірқатар ұсыныстар жасалған, соны жүзеге асыру болып табылады. 200 ден астам Түркі әлеміне белгілі ғалымдардың басын қосып осындай үлкен жиын өткізіп жатыр. Бұл форум 6 секция бойынша өтіп жатыр. Әрқайсы негізгі бағыттар ұстанған. Ортақ ауқымды тақырыптар алып, Түркі әлеміне ортақ тарихи даталарға арнаған. Бұл форумда тек тарихшылар мен әдебиетшілер ғана емес, барлық Түркі әлемін зерттеушілер тоғысқан. Маған бүгінгі жиында тағы бір ұнағаны ашылу салтанатында Әзербайжан Республикасының тұңғыш Премьер-Министрі Гасан Гасановтың сөзі болды. Ол түркі халықтарының бірігу тарихына тоқталып келіп, бірімізден-біріміз асамыз деген ішкі бәсекеден арылып, жаңа ғасырға сай ынтымақтастыққа шақырды. Меніңші бүгінгі жаңа заманның ұстанымы солай болу керек. Біз жұмылсақ ештеңе де бөгет бола алмайды. Жаһандық өркениетке тоғысар үлкен күш Түркі дүниесі. Бүгінгі шара сол бірігу жолындағы алғашқы қадамдар деп білемін».

Қадырәлі Қоңқабаев, «Манас» қырғыз-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы:

- Бүгінгі Ұлы дала гумандық ілімдер форумы Түркі халықтары үшін үлкен маңызға ие. Себебі бұған дейін Түркі әлемі евроцентристік көзқараспен зерттеліп, бағаланып келді. Бұл бағыттың да Түркі елдердің танылуына ықпалы зор болды. Тілін, ділін, мәдениеті мен ішкі әлемін білмейтін батыстық көзқараспен біздің бауырлас елдер зерттеліп, бағаланып келді. Ал өткен жылы Қазақстанда түркология ілімі үшін үлкен бұрылыс болды. Елбасы Н.Назарбаев ақсақалдың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы Түркі дүниесін жаңаша бағытқа бұрды. Енді ескі көзқарастардан арылып, жаңа бағытта зерттеп-зерделеуіміз керек. Бізге «Ұлы дала» деген жаңа теория ашып берді. Бұл теория Түркі дүниесінің нығаюына, шыңдалуына алып келеді. Кез-келген мемлкетті нығайтатын шынайылық. Ендеше біз шынайы жолға енді түстік деп есептеймін.

Осы форумда Үндістандық ғалым, Орталық Азия тарихы және Түрк тарихының тәуелсіз зерттеушісі, профессор Мансура Хайдар «Үндістанға Түрк ықпалы» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол өз баяндамасында: «Үндістан жерінде түркілер Дели сұлтандығы мен Ұлы Моғолдар дәуірінде билік құрды. Түркілер үстемдігі 600 жылға жалғасты. Олар Үнді елінде білім мен ғылым саласына жаңа әдіс-тәсілдер енгізді. Мәселен, балаларға білім беру үшін түркілер медреселер жүйесін құрды. Ал ғылым саласында түркілер математика, музыка, астрономия және механиканы дамытуға көп көңіл бөлген. Олар дін, ғылым және технология бойынша жазылған еңбектерді сырт елдерден әкеліп, қолданысқа енгізумен де айналысқан. Біз үшін әсіресе Шығыс ойшылдары Әл-Фараби мен астраном Ұлықбектің зерттеу еңбектері таңданыс тудырады. Олар біздің ойлау жүйеміздің жаңаша негізін қалады»деп, қызықты деректер келтірді.

Халықаралық жиында шет елдік және отандық түрколог ғалымдар арасында әлемдік түркітану ғылымының қазіргі жағдайына, жетістіктеріне, проблемалары мен даму келешегіне талдау жасады, Ұлы даланың мәдени құндылықтарының адамзат өркениетінің дамуындағы рөлі мен маңызын талқылады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы негізінде тұжырымдалған стратегиялық мақсаттар шеңберінде түркі әлемі мәдени құндылықтарының жалпы адамзаттық маңызы мен рөліне талдау жүргізді.

Форум аясында «Халықаралық Түркі академиясының жаңа басылымдары» атты көрме өтті. Көрмеді бауырлас елдер арасындағы әдеби, мәдени, тарихи мұралар топтастырылған. Ақын-жазушылар арасындағы тығыз байланыстың жарқын көрінісі іспетті көркем аудармаларға көзіміз түсті. Сондай-ақ көрмеде манасшы Мергенбай Медеров жырлаған «Манас» эпосының, Шыңғыс Айтматовтың «Балалық шақ» шығармасының, сонымен қатар танымал қырғыз жазушысы, Қырғызстан президентінің кеңесшісі Сұлтан Раевтың «Жанжаза» романы мен «Қазіргі қырғыз поэзиясы» секілді кітаптары, Түркі әлемінің асқақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың 9 тілге аударылған жыр-жинағы, Түркі әдебиетінің атасы Әлішер Науайдың «Хамсасы» алыстан көз тартты.


Түркі өркениеті әлемдік өркениеттердің төрінен ойып орын алады. Себебі, тарихы тереңде, мәдениеті ғажап. Сондықтан да бүгін әлем түркі этносының қайта ояну дәуірінің куәсі болуда. Түркі мемлекеттері, түркі халықтары арасында әртүрлі саяси, экономикалық, мәдени, ағартушылық байланыстар орнауда. Сол істердің алтын арқауы болып отырған Қазақ халқы.

Осылайша халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен түбі бір туысқан халықтардың тарихшылары, антропологтары, түркологияның білгірлері Нұр-Сұлтан төрінде бас қосты.

Тамырымыз – тереңде, түбіміз бір екенін, ертеңіміз де елдіктің, бірліктің арқасында жарқын болатынын кеңінен әңгімелеген ғалымдар жиын соңында түркологияның жаңа бағыттарына жол ашып, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуда ғылымның орыны ерекше екенін атап өтті. Түркі әлемінің тұтастығына жұмыла жұмыс істеп отырған қазақ халқына, Түркі академиясына зор алғыстарын білдірді.

Арман Шеризат

Суреттерді түсірген: Чурсинов Артём


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар