Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ұмытылып кеткен замандас.

16.01.2017 6191

Ұмытылып кеткен замандас.

Орал Тансықбаев пен Әбілхан Қастеевтің  113 жылдығына арналады. Екеуі де қазақтың әйгілі кескіндемешілері, график-суретшілері, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылары қатарында орындары бөлек.


782e782196880d06561b4b159823ed27.jpg


Орал Таңсықбаев (14.01.1904 - 18.04.1974) -  Әбілхан Қастеевтің (14.01.1904 —2.11.1973) замандасы. Орал Таңсықбаев  Ташкент қаласында шаһарында, ал Әбілхан Қастеев болса Жаркент шаһарында туылған. Екеуі де қазақтың әйгілі кескіндемешілері, график-суретшілері, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушыларының бірі.  Орал Таңсықбаев  - кескіндемеші, КСРО халық суретшісі (1963), КСРО Көркемсурет академиясының толық мүшесі (1958). Әбілхан Қастеев -  Қазақстанның халық суретшісі (1944). Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы (1945-1956).


Орал Таңсықбаев 1929 жылы Пенза көркемсурет училищесін бітірді. О.Таңсықбаевтың алғашқы творчестволық кезеңіндегі еңбектеріне ("Көш", 1931, Мәскеудегі Шығыс халықтары өнерінің мұражайы) композиция құрылымының монументтілігі тән. 1940 жылдары О.Таңсықбаев шығармаларының көркемдік шешімінде реалистік нақтылық басты орын ала бастады. "Туған өлке" (1951, Ташкент, Өзбек КСР өнерінің мұражайы), "Қарақұм ГРЭС-індегі таң" (1957, Мәскеудегі Шығыс халықтары өнерінің мұражайы), "Шарбақ құрылысында" (Мәскеудегі КСРО Суретшілер одағының қорында) атты пейзаждық картиналарында кеңестік Өзбекстанның әсем табиғаты мен өлке тынысын шынайылықпен бейнеледі. О.Таңсықбаев театр декорация эскиздерінің (В.В.Великановтың "Қалқаман-Мамыры", 1938, Алматыдағы Қазақтың опера және балет театры), монументті кескіндемелердің (Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіндегі Өзбек КСР павильонының панносы, 1952-54) және көптеген портреттердің авторы. Ол Брюссельде Дүниежүзілік ЭКСПО 1958 жылы күміс медалімен марапатталды. О. Таңсықбаев реалистік кескіндеменің негізін қалаған тұңғыш кәсіби суретші. Оның шығармаларының өзектілігі шыншылдығында жатыр. Пейзаждық жанрдағы шығармалары лирикалық сезімге толы, табиғат оның түсінігінде өте ауқымды және шексіз ұғым. Суретшіні өз ұлтымен табыстырған туындысы "Қалқаман—Мамыр" спектакліне жасаған декорациясы. Суретшінің әлемдік өнер көкжиегінде көрініс тапқан картинасы "Көшпенділер". Классик кескіндемешінің әрбір көркем туындысында рең, бояу үндестігі, форма, көлем, пластикалық анатомия, перспектива, ауқымды кеңістік заңдылықтары қатаң сақталған. Ол өз шығармаларында бояу қанықтылығы үндестік нюанстарын, байланыс құпиясын дәл таба білген. Өзбек КСР-інің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1973). Ленин ордені және басқа 4 орденмен марапатталған. Бірнеше еңбектері Қазақтың көркемсурет мұражайында сақтаулы. 


Орал Таңсықбаев пен Әбілхан Қастеев суретші ретінде өзіндік дара қолтаңбасымен ғана ерекшеленіп қоймай, туған жері мен өскен елін перзенттік махаббатпен жырлай алған біртуар суреткерлер. Әбілхан мен Орал — туған жердің әсем табиғатын, оның дидарындағы адам қолының жасампаз өзгерістерін зор шабытпен бедерлей алған суреткерлер. 



Әбілхан Қастеев -  Мәскеудегі көркемсурет студияcында Н.Г.Хлудов пен И.Бродскийден сабақ алды (1929-1936). Халық өмірінің алуан көріністерін шынайы бейнелеген мыңнан астам көркем туындыларды дүниеге келтірген. Әбілхан қолөнерге, одан соң суретшілік өнерге жастайынан бейім болған. Анасы Айғанша кілем, алаша, бау-басқұр тоқуға, сырмақ сыруға, шым ши жасауға шебер адам болыпты. Әбілхан осы халық өнеріне бала кезінен көз қанықтырып, анасына ою-өрнектер салуға көмектесіп, сурет өнеріне қолын үйретіп өседі. Оның 1930-1931 жылдары салған "Қарындастың портреті", "Автопортрет" атты туындылары тұпнұсқаға ұқсастығымен және кейіпкер болмысын ашуға деген талпынысымен ерекшеленеді. Ол бірте-бірте ел өмірінің алуан салалы тіршілік-тынысына ден қойып, тарихи-әлеуметтік өзгерістерге суреткер зердесімен қарай бастайды. Оның "Мектепте" (1930), "Түрксіб" (1932), "Жамбылдың портреті" (1937), "Ескі және жаңа тұрмыс" (1937-1941), "Амангелді сарбаздары" (1970), "Жас Абай" (1945) сияқты туындылары дарынды суретшінің өткен мен бүгінді шыншылдықпен бедерлеген көркем шежіресі іспеттес. Оның "Биік таулы мұз айдын" (1954), "Гүл ашқан алма" (1958), "Менің Отаным" (1959), "Жайлаудағы авто-дүкен" (1963), "Қапшағай ГЭС-і" (1972) сияқты полотнолары эпикалық қарымымен, шыншылдығымен назар аудартады. Танымал туындыларының ішінде «Колхоздағы сүт ферма», «Мақта жинау», «Колхоздың тойы», «Қыз алып қашу», «Сатып алынған қалыңдық», «Алтын астық», «Ақсай карьері», «Медеу мұз айдыны», «Түрксіб», «Талас жағалауы», «Қапшағай даласы». Сонымен қатар Кенесары Қасымов, Абай, Шоқан Уәлиханов, Жамбылдың портреттері; ерекше танымал болып табылатын портреті – «Амангелді Иманов» портреті сияқты танымал суреттері бар.  Марапаттары мен лауазымы - "Қазан төңкерісі" орденімен, "Еңбек Қызыл Ту" орденімен екі рет, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері (1942). Қазақ КСР халық суретшісі (1944). Шоқан Уалиханов атындағы Қазақ КСР-нің мемлекеттің премиясы (1967), «Қа­зақсан жерінде» атты туындылары үшің. Әбілхан Қастеевтың жүз жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілуі: барша қазақ көркемөнеріне деген құрмет, дегенімен Орал Таңсықбаевтың жүз жылдығын ЮНЕСКО болмаса да, Республикалық деңгейде тойланбай қалды...


8d294b1bd133021901fbf095313d947a.jpg

99ccef2e367459480c35194746094572.jpg



Естелік ретінде 

  1. Әбілхан Қастеевтің атымен ҚР мемлекеттік өнер мұражайы, сонымен қатар Қазақстанның бірнеше қалалардағы көшелер аталған. Шымкент қаласындағы көркемөнер колледжі Қастеев атымен аталған, 2009 жылы колледж алдында суретшінің ескерткіші ашылды. 2004 жылы Қастеевтің 100 жылдығына арнап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі монета тиындарын, Қазпошта пошта маркілерін  шығарды
  2. Орал Таңсықбаевтың атымен Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі аталған, оның алдында  2013  мү­сіні ашыл­ды. Ташкенттің бұрыңғы Сабыр Рақымов (2010 жылдан бері Алмазар тұманы-районы) ауданында Орал Таңсықбаевтың құрметіне көшенің аты берілді. 2001 жылы Таңсықбаевқа арнап көрші өзбек бауырларымыз пошта маркілерін шығарды.

1afc8dc79fd2164faa2439ca5961ba82.jpg

1eec820cc0987145dcff8f2a6038aae3.gif



Ендеше суретшілеріміздің суреттерлерінің өзінен "даланың иісі бұрқырап" тұрған даналарымызға лайықты құрмет жасау парызымыз. 

941d071f962e00f800ede50ecfba7a52.jpg

c5c9cb26cc08fb4340892f88e2b98d5e.jpg


18a34db3e91283cf882d68e46aaa9282.jpg


31f713601d22a2ae9337454529a37428.jpg


 Дереккөздер: 
1.Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2
2. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8


                                                                                                                                                              adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: сурет, қазақ, Қастеев, Әбілхан, Таңсықбаев, Орал, өнері
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар