Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Нұржан Қуантайұлы. Қазақы жылқы азайған, арғымақ қ...

01.07.2019 7292

Нұржан Қуантайұлы. Қазақы жылқы азайған, арғымақ қайда?

Нұржан Қуантайұлы. Қазақы жылқы азайған, арғымақ қайда? - adebiportal.kz

Тебінде

Ықтасын болмай тау iшi,

Ызғарын ұлытып.

Сары аяз қарып бет-жүзiн, мұз қатып кiрпiк,

Қайың құрығын сүйретiп қайқаңға шықты

Жылқышы малға «һай-һайлап»,

Түз-тағы үркiп.

Елтiрi тымақ кигенi, қасқырдан iшiк –

Суықтан қамсау.

Сары аяз – қас қылған күшiк.

Алашабырланып қоян жон беткейдiң қары –

Ажырап қалған бейнебiр басқұрдан үзiк.

Иiнiнен өтiп құлама, иiрлi жардың,

Тебiндеп кешке шыққаны үйiрлi малдың.

Төсiнде қырдың тебiсiп құлын мен тайы,

Сергiтер бойын, қандырып иiн құмардың.

Үйiрдi мынау үйiрген айғыры күштi,

Шау тартса дағы әлiгүн айбыны сұсты.

Қарагер құлын қалқиған шалынып көзге,

Тегi бiр айғыр есiне тай күнi түстi...

...Аршып тастады айғырдың тұяғы қарды,

Жылқышы көзi жiтiрек –

Қияны шалды.

Бетеге, жусан белде жоқ,

Қыр астын қармап,

Жұғын да болмас жұмырға қияғы қалды.

Қараңғы iңiр қара шат төрiнде жатқан,

Бiр сүйкем жұлдыз шаңытты көгiнен аққан...

Тобықтай оймен толғанар жылқышы шалым

Көп малға қарап қырдағы тебiнде жатқан.

Шыңылтыр аяз алмайды-ау тызақтап тағат,

Сiңiп барады қойнауға түсi аппақ алап.

Әлiмсақтан-ақ тектi мал,

Әлi кеткен бе,

Әйтеуiр қаны сұйылып ұсақтап барат.

...Бұзылып күнi,

Бiлiндi үскiрiп алдан,

Борасын жаяу жүгiрдi – ұшқыны қардан.

Кешегi белдi жылқының ұстыны қалған:

Дәмелi көптiң жылқыдан мiнiп кеткенi –

Ау жетпес шабан,

Алдаған түс қылып арман.

Жылқышы шал да айтып қап iлкiде шынын:

– Жыға танымас кей тантық жылқының сынын!..

Жүйрiктiң сойын бұзғаны бөтен жұрт келiп,

Ұға алмай ұрпақ бұрынғы үлгiнiң сырын.

Қазақы жылқы азайған,

Арғымақ қайда?

Дүйiм жұрт жатыр даурығып, дау құрап ойда.

Рысактардың буданы – ел сүйген тұлпар,

Жүгiртiп мәз бол...

Сабаумен салғылап, қойма!..

...Мал бағу қиын – ес кетiп, жан шығарасың...

Тебiнiп атын жылқышы, қамшыға басып.

Тұлпар шығатын құлын бар,

...Тұғыр да болар,

Жабысы келiп тайына қанжығаласып...

...Жүйрiгi жауыр болды ма, тұғыры – тұлпар?

Дем-күшi еске алынбай: тығыны шырқар.

Озбаса тұғыр –

Иесiнiң сезiгiн секем

Көтерме сүйрер деген бiр ұғымы қымтар.

Көтерме қалмас тоқ үмiт, ұзын дәмемен...

Қарагер құлын ақ қарда қызынған денең!

Тақымға басып құрықты,

Көңiл түбiнен

Жылқышы сонда суырда шыжымдап өлең...

1998.

Күзгі назды әуез

Неге сені ұнатам, неге, неге, сары күз,

Көңіл шіркін жетті ме кенереге, сары күз,

Таусылмас деп жүргенде алаңғасар бәріміз

Опа бермес өмірді орталаппыз, сары күз.

Ұрттап-ұрттап өмірден шала мас боп қалыппыз,

Сүйтсек, айналайынды несиеге алыппыз...

Бұлықсыған бұла күн буырқанып өтті ме,

Қос самайға із тастап жастық шағым кетті ме,

Айтшы, айтшы, сары күз, қайда кетті сол күндер,

Қайырылып қарасаң, біреу бар ма көрдім дер?

Шағылмай-ақ тауымыз, сынбаса да сағымыз,

Сағындырды-ау сол жылдар, сарала бақ, сары күз.

Жапырағы сарғайып, қызарып тұр шоқтайын

Жол жағалай жарыса сап түзеген көп қайың.

Шөп ішінен сары мысық шыға келді үсті кір,

Салбыратып мойынын тістеп апты құсты бір.

Күздің сәні – сары тоғай, сары тоғайды көрмек пе:

Көлеңкесі ақ бұлттың баққа кірді еңбектеп.

Таудан түскен қар кешіп таңғы ауаның сызын-ай!..

Мөлт етті ме бір тамшы, тоңазыған күзім-ай..

Көз жасыңды қайтейін, сарала күз, сал дәурен,

Көңілім бос менім де, өңім суық болғанмен.

...Саржайлауға шықсам да, шығатын-ақ шағымыз,

Неге сені ұнатам, неге, неге, сары күз?..

Мұқағалидың монологы

Өлсем, өлгім келеді ерте көктемде,

Ерте көктем еміреніп жеткенде,

Еміреніп жетсе, шіркін, кетпес пе ем,

Қолым қойып өмір деген дәптерге...

Өлсем, өлгім келеді ерте көктемде,

Алтын күрек жеңіл желпіп өткенде,

Қасат қардың қату жаны елжіреп,

Сай мен сала суға толып кеткенде.

Неден қорқам, не сұмдықты көтерем,

Залымдықтың зар түбіне жетер ем,

Дүниенің жамандығын жинап ап,

Қар суымен жерге сіңіп кетер ем!

Сөйтіп мына дүниеден күсер ем,

Қалса, қайран қаралықтан тыс әлем.

Зұлымдығын қар суымен сіміріп

Жеті қабат жер астына түсер ем.

Түсер едім: айналайын, бізді ұмыт,

Жүректегі жүз уайымды сыздырып.

Дүниенің жамандығын мен алып,

Жер бетінде қалса жалғыз Ізгілік!

Беу, Ізгілік, адамзатқа нұр сауып,

Дүрілдетіп бақыт туын жүрсе алып.

...Ал көктемде сен келгенде, аяулым,

Жас қабірім жатса, шіркін, бусанып.

Ерте көктем өң берер ед көк белге,

Көк белдегі мен жантайған бөктерге,

Өмір тілеп өткен менен кеткенге,

Өлсем, өлгім келеді ерте көктемде...

Тұманды кештің әуезі

Бауырымдап түскенде бұлттар шыңнан көксерек,

Бауырдағы қалаға ауыр тұман шөксе кеп.

Ауыр тұман шөксе кеп аударылып бөктерден,

Ауық-ауық дым бүріксе аусар ауа көк белден.

Кеш батқанда кеулеген қою тұман өзі артық -

Жарқыраған фонарьдың екі көзін бозартып.

Бағаналы көшенің баған-баған шамдары

Боз тұманға оранса, адыра қап арманы.

Күнің қайда еңселі нұр төгетін кешегі,

Сәулесі жоқ фонарьдың маңдай соры бес елі...

Төңірегің боз тұман, жоғалтқанда бояуды

Жалғызсырап қосылар жанды егілткен жаяу мұң.

Жалғызсырап қосылса жанды егілткен жаяу мұң,

Сең қозғалып, дариға-ай, сені еске алам, аяулым!

Сені еске алам, аяулым, үнсіз ғана егіліп,

Мына жалған дүние не түсінер, не біліп!..

Тарам-тарам жас шықса, тас көкірек ашылар,

Қоңылтақсыған көңіл тыншығар да басылар.

Сезімімді ұғар ма: күзгі кештің сыз демі

Қарып екі бетімді әлденені іздеді.

Бір уақытта... шіркінім сырлы әлемге құмар ма:

Жанды егілткен сол бір мұң кетті-ау сіңіп тұманға.

Содан бері, ғажап-ай, сырлы сезім оянды:

Тұман түссе, болғаны, сені еске алам, аяулым.

Ақ көбiк толқын

...Ақ көбiк толқын, қай жерде тудың,

Тереңiнде ме теңiздiң?..

Елжiреп жатқан жағаны жудың

Елесiн таппай көп iздiң.

Жалғызсыраған жағаны жоқтап,

Толқыным менiң, алыстың.

Үздiге шыққан қаралы топтан

Үнiңде жатыр таныс мұң.

Қорғасын түстi теңiзден шауып,

Шағалаларды шулатып,

Шарқ ұрып келдiң жанымды тауып...

...Қайтесiң оны жылатып.

Ақ көбiк толқын, жартасты соғып,

Жартасты соғып өксiдiң.

Қараша күздiң ажары солып,

Қайғырып соған дертсiдiң?..

Жоқтадың ба әлде жастық шағымды,

Жастық шағымды, қалқам-ай,

Булыққан жасты, бастыққан мұңды

Ояттың тағы байқамай.

...Ап қашып едiң теңiзден шығып

Ноқтаға сыймас басыңды.

Мейiрiмi жоқ жартасты ұрып

Тас-талқан болып шашылдың!..

2002.

Түн. Такси

Ей, таксишi, тоқташы,

Мен бiр шерлi адаммын арқалап ап боқшасын

Тастап шыққан клубтың тарғыл-тарғыл поп-сазын.

Қайда апарам дейсiң бе... Бiлмей тұрмын оншасын...

Ей, тоқта ендi, тоқташы,

(Есiктi ашып отырам сықырлатып топсасын)

Үй жоқ, үйге кетер ек... Өзенге тарт шулаған!

Дымқыл үндi көрсiн ол әз жанымды сулаған.

Такси ұшты. Таксиге берiп едiм жалға мұң:

Еңiредi салонда электроорганым.

Прожектор тiлгiлеп бұйра түннiң жүрегiн,

Зар илейдi мәшине, тауып бершi бiр емiн...

Алматының бетiне аш плакат жабысып

Қанын сорып жатыр-ау (жарнаманың табысы...).

Содан қала күйзелiп. Өмiр ұлып iшiмде

Мен отырмын сыр бермей ескi қола мүсiндей.

Демiл-демiл ескен жел, есер ойды құтқарма,

Демiмдi орап қара түн, дегбiрiмдi жұтқанда.

Тартып қалған асығыс сиясындай қаламның

Ағып түстi бiр жұлдыз көмейiнен ғаламның.

...Ендi нөсер жауса ғой, шатырлатып нажағай,

Жылар едi мына түн ағыл-тегiл... Ғажап-ай!

Шiркiн, нөсерлетсе ғой, салқындар едi шоқ қала.

...Бас, бас газды тағы да! Ей, таксишiм, тоқтама...

2002.

Тыныштық

...Ұңғысында мылтықтың ұйықтап жатты тыныштық.

Электр сым аспанға тарс жабысқан. Күн ыстық.

Табиғаттың бойында тәттi дiрiл жүгiрiп

Балбырайды жарықтық. Не ұғамыз, не бiлiп...

Гуiлдейдi ток сымы, уайымы жоқ – шыны,

Жер бауырлап қарлығаш ұшар iздеп жоқшыны...

Шашып тастап шырылын шалғын шөптiң iшiне,

Шегiрткелер көрiнбес шеттен келген кiсiге.

Ерiп барады көлеңкем ыстық өтiп басынан,

Қиық аспан шолп еттi тоқтау суға жасыған.

Маясындай қу шөптiң бу шығарып дем алам...

(Аңға шыққан джиптердi қоршап апты топ адам)

Үндер үнге соғылып, сылдыр етiп тастармен,

Бұлттың дәмi таңдайда татып тұрды аспанмен.

Қара судың жүрегi қандай таза, қарашы,

Сай табаны маужырап, есiнейдi даласы.

Әукесiнен сипатып ерке желге жүгiрген,

Пысылдайды құба дөң құлағымның түбiнен.

Тамырында дүниенiң дiрiл барын бiлсек-тi:

...Тыныштықты шыңғыртып шуда түтiн гүрс еттi!..

2001.

Қансонарда

Көбiк қар басып,

Көк аспан ашылып тұрды.

Қансонар түсiп саяттың басын ұқтырды...

Ұмсынып көңiл,

Ұмтылдық ұмар да жұмар

Көзбенен шiркiн көруге асығып қырды.

Аппақ кар жатыр алаңсыз елең-алаңда:

«Қансонар» дейдi тұрмаймын деген адамға.

Аттарды ерттеп,

Аттандық әбiгер болып –

Аңшылық қалған iз едi көне даламда.

Бұлт та жоқ бүгiн,

Бұл да бiр базына дедiк.

Екпiндей соғып енгемiз жазыға келiп.

Құмай жоқ,

Көп ит ередi көбейтiп қара,

Бүркiтiң қайда, азайған тазы да кемiп...

Қасат қар қалың елтiрi тон жағасындай.

Қиялмен алған көңiлде олжа басылмай,

Қиялап шықтық төбеге,

Белесте көп iз –

Абай атамның шиырлы қолжазбасындай.

Тебiнiп шығып,

Табақтай күн ауытқығанда,

Түлендей желiк ойнайды-ау бiр ауық қанда.

Қарай да қарай әйтеуiр қарасын шалдық

Бауыры аттың бусана қырауытқанда.

Жүгiрдi иттер. Бiз артта шоқырақтаған.

Малтығып қарға,

Алғызбай атырап табан.

Алдырмай барат қу қызыл көлденең шауып –

Ержекемнiң де жете алмай аты мақтаған...

Айқайлап қусақ – бұл дағы бiр кештiң жыры,

Арманда кетпес дәл бұлай түлкi естi күнi:

Қыржыңдап, сорлы жалп еттi ұйтқытып қарды,

Оздырып оғын, «Дүңк!» еттi винчестр үнi...

...Аңшылық солай

Атамнан сарсылып келдi...

Елең де қылмай ербиген паң шiлiктердi,

Еңсенi жазып,

Еңiретiп мылтықты атсақ –

Өзiнше ол да, құдай-ау, аңшылық болды...

1998.

Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар