Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ескендір туралы қазақ ертегілері және Абайдың «Еск...

08.07.2019 18463

Ескендір туралы қазақ ертегілері және Абайдың «Ескендір» поэмасы

Ескендір туралы қазақ ертегілері және Абайдың «Ескендір» поэмасы - adebiportal.kz

Қазақ ауыз әдебиетінің құрамында Шығыстан келген бірталай жырлар мен ертегілер бар екені баршаға мәлім. Солардың бірі – Ескендір Зұлқарнайын туралы ертегілер. Ескендір туралы қағаз бетіне түскен қазақ ертегілері негізінде екі сюжеттен тұрады. Бір сюжеттің мазмұны мынадай: Ескендір патшаның басында мүйізі бар; мүйізін ешкімге көрсетпеу үшін ол шашын алған адамдарды түгел өлтіріп отырған. Ең соңында бір шаштаразшы тірі қалады. Бірақ ол Ескендірдің мүйізі туралы құпияны жасыра алмай, құдыққа барып айқайлайды. Құдықтан қамыс өседі. Ол қамыстан бір қойшы сыбызғы жасайды. Ал сыбызғы Ескендірдің мүйізі туралы ән салып елге жариялайды.

Бұл сюжеттің төркіні – ертедегі гректердің есек құлағы бар Мидас деген патша туралы мифі. Мұнда да Мидас патша үлкен құлағын елден жасырып жүреді. Бірақ, амал не, жоғарыдағы әңгімедей, оның құпиясын сыбызғы елге хабарлап қояды. Көріп отырсыздар, гректердің мифінде Мидас патшаның есек құлағы бар да, қазақ ертегілерінде Ескендір патшаның мүйізі бар. Басқа еш өзгешелік жоқ. Сюжет біреу-ақ. Ескерте кететін бір жай – Ескендір тек қазақ ертегілерінде ғана емес, көптеген шығыс халықтарының ертегілерінде де қос мүйізді патша боп көрсетіледі.

Қазақ ертегілерінің екінші сюжеті мынадай: Ескендір өзінің Қызыр, Ілияс деген жолдастарын ертіп, қараңғылық жерінен «өлмес» суды іздейді. Бірақ ол суды тек Қызыр мен Ілияс ішеді де, Ескендір таба алмайды.

Бірақ бұл сюжетке құрылған ертегілер халық арасында кең таралмаған. Олар, көбінесе, Құран және басқа да мұсылман кітаптарын көп оқыған адамдарға осы кітаптар арқылы ғана жеткен. Демек, бұл сюжет тек діни адамдар арасында орын алған.

Аталған екі сюжетті сөз қылғанда, алдымен олардың тарихы қандай? Қазақтарға қандай жолдармен және қандай өзгерістерге ұшырап келді? Және ұлы ақын Абайдың «Ескендір» атты поэмасын негіз болған сюжеттің түп төркіні қайда, Абай оны кімдерден алды? деген сұраулар оралады. Мақаламызды осыған жауап беруден бастамақпыз.

Белгілі ғалым Е.Э.Бертельстің дәлелдеуінше, Ескендір туралы алғашқы аныздар мен әңгімелер оның өз сарбаздарының арасында туған. Ол әңгімелерді көпшілікке таратқан да – осы сарбаздар.

Кейіннен бұл аңыздар жинақталып, топтастырылып, белгілі «Александрия» шығармасына айналады. «Александрия» көптеген тілдерге аударылып, Шығыс халықтарына да жайылады. Шығыста бұл шығарма бөлшектеніп, бір елден екінші елге ауыса отырып, олардың ауыз әдебиетіне, кітаптарына, жылнамаларына енеді. Сөз жоқ, мұндай жағдайда аңыз-әңгімелердің өздері де, тіпті Ескендірдің өз образы да көп өзгеріске ұшырады. Мәселен, гректерден сириялықтарға келген Ескендір қос мүйізді болып бейнеленеді де, «Зұлқарнайын» («Қос мүйізді») деп аталады. Содан барып, оған ерекше күш, айбын, тіпті ерте Египеттегі жануар басты құдайлар мен патшаларға тән қасиет танылады. Себебі Шығыс халықтарының ерте заманғы түсінігі бойынша, адамға біткен мүйіз – ерекше бақыттылықтың аса бір ерекшеліктің айғағы есепті. Мұндай түсінік қазақтарда да сақталған. Мысалы, қазақта: «сонда шыққан мүйізің қайсы?» – деген тіркес, «артықшылығың қайсы?» деген мағынада қолданылады. Дәл осы мағынада айтылу қазақ поэзиясында ежелден дәстүрге енген.

...Жиырма беске келгенде,

Ақ балтырың түрініп,

Оймақтай аузың бүрініп,

Қарт бурадай қамданып,

Қас батырдай шамданып,

Сыртыңнан дұспан сөз айтса,

Шыныңменен арланып.

Қызды бақтың бір кезек,

Кәне, шыққан мүйізің?

(«Ер Тарғын»)

«...Қанекей, соныменен шыққан мүйіз,

Қасына сұлу қыздың көп жантайдық»

(Біржан).

Қос мүйізді болған Ескендір басқа елдерге де жетеді. Мәселен, ертедегі сасан ирандарында мүйізі бар Ескендір ахеменидтердің ұрпағы ретінде заңды Иран патшаларының бірі саналып, олардың «Худай – нама» деп аталатын патшалық шежірелеріне енеді. Сасандықтардың бұл әңгімелері араб Диавнаридың «Ал-Ахбар-ат-тивал» атты жылнамасынан орын алады. Оның үстіне сириялықтардың Ескендір Зұлқарнайын туралы аңыздары арабтардың Құранына кіреді (Құран, 18-ші суре, 82-102 аяттар) Ескендірді Құраннан көрген мұсылмандар оны Мұхаметке дейін өмір сүрген пайғамбарлардың қатарына қосады да, Тафсирге де кіргізеді.

X ғасырда арабтарда Ескендір туралы бір әңгіме пайда болады. Ол – Табаридің әңгімесі. Бұл әңгімеде тұңғыш рет «өлмес» суды іздеген Ескендір Зұлқарнайынды көреміз. Е.Э.Бертельстің ойынша, Табаридің бұл әңгімесі сасандықтардың жоғарыда аталған «Хұдай-намасынан» алынған.

Зұлқарнайын туралы аңыздар арабтардан парсыларға жеткен. Бірі – X ғасырдағы Баламидің жылнамасы. Бұл, негізінде, – Табари әңгімесінің парсы тілінде аудармасы. Бірақ Балами өз аудармасын Құранның, Тафсирдің және Хадистің хикая аңыздарымен толықтырған, Мысалы, Балами жылнамасынан Құранда келтіретін Ескендірдің темір қақпа соғып тоқтатқан Әджуд-Мәджуд елі туралы әңгімені кездестіреміз.

Екінші кітап – Фирдаусидің «Шахнамасы». Фирдауси өзінен бұрынғы әңгімелердің бәрін жинап, бір поэма жасаған. Оның суреттеуінше, Ескендір – көптеген жорықтар жасаған Иран патшаларының бірі.

X-XI ғасырларда Ескендір туралы аңыздар түрік халықтарына да келіп жетеді. Дәлел ретінде, Махмуд Қашқаридің кітабынан мынадай бір мысал келтірейік, «Тұтмач» деген сөздің мағынасын түсіндіре келе, М.Қашқари былай деп жазады: «Ескендір Зұлматтан шыққанда, адамдарының азығы таусылып қалады. Аштықтан қорыққан адамдар оған: «бізні тұтма ач» – деген. Сонда Ескендір білімпаздарымен кеңеседі, ал олар бір тағам даярлайды. Сол тағамды содан «тұтмач» деп атасып кеткен»1. М.Қашқаридің «Зұлматтан шыққанда» деген сөздеріне қарағанда, Ескендірдің «өлмес» суды іздегені туралы әңгіме түрік халықтарына X-XI ғасырлардың өзінде-ақ белгілі болғанға ұқсайды.

Ескендір туралы аңыз-әңгімелердің бұрынғыдан да кең тарауына әсер еткен кісі – азербайжан ақыны Низами. Өзінің «Искандер намасын» жазуда Низами өзіне дейінгі екі нұсқаны пайдаланған. Біріншісі – Динавари, Табари және Фирдауси шығармалары, яғни ирандықтар иен арабтардың әңгімелері. Екіншісі – Туртуши мен Газалидің діни жинақтарынан таратан румдықтардың әңгімелері. Низами өзінің поэмасында былай деп ескерту жасайды: румдықтардың әңгімелерінде «Әбілхаят» суын ішкен жалғыз Қызыр емес, оның жанында Ілияс болған», – дейді.

Аса бір ескеретін жай – Низами тұңғыш рет гректердің есек құлағы бар Мидас патша туралы аңызын Ескендірге әкеп таңады. Сөйтіп барып, енді Мидастың орнына Ескендір пайда болады. Бұл – бір. Екінші – Низами ең бірінші болып Ескендірдің «өлмес» су іздеген хикаясына Қызыр мен Ілиясты кіргізеді.

Көріп отырсыздар, Ескендір туралы шығармаларға Низамидің енгізген екі жаңалығы бар. Міне, осы әңгімелер түрік халықтары арасында, оның бірі – қазаққа да тараған. Махмуд Қашқаридің кітабындағы әңгімелерге қарағанда, түрік халықтары Ескендірді қатал, жаугер адам деп білген. Сондықтан да бұл халықтардың арасында Ескендірдің қаталдығын көрсететін Зұлқарнайынның жасырын мүйізі жөнінде және еш күнәсіз өлтірілген шаштаразшылар жөнінде әңгіме кең тараған.

Демек, Ескендірдің мүйізі туралы сюжетке құрылған қазақ ертегілерінің төркіні – Низамидің «Искандер-намасы».

Ескендір туралы қазақ ертегілерінің екінші бір сюжетінің төркінін ашуда көңіл аударарлық шығармалардың бірі – XIV ғасырда жазылған Рабғұзидің «Қисас-ал-анбия» кітабы. Бұл кітап ескі аңыздардың, Фирдауси мен Низами шығармаларының Құран мен Тафсирдің үзінділерінен құралған. Құр үзінді ғана емес, оларға қиял-ғажайып ертегілер де араласқан. Осы кітапта «Ғайнылхаят» суын іздеген Ескендір мен Қызыр туралы ертегіні кездестіреміз. Біздің ойымызша, Ескендір туралы қазақ ертегілерінің екінші сюжеті, яғни «өлмес» суды іздеген Ескендір, Қызыр, Ілияс туралы әңгімелері, осы «Қисас-ал-анбиядан» алынған. Оған дәлел: біріншіден, бұл сюжетке құрылған ертегілер көбінесе хат танитын адамдардан жазылып алынған; ал «Қисас-ал-анбия» – пайғамбарлар туралы баяндайтын діни кітап; екіншіден, егер қос мүйізді Ескендір мен оның шаштаразшысы туралы ертегілерде ол қатал, қанқұмар адам ретінде көрсетілсе, «Әбілхаят» суын іздеген Ескендір туралы ертегілерде ол екі дүниені (о дүние мен бұл дүние) бірдей билеген пайғамбар ретінде бейнеленеді. Осы ертегілерді айтып берген адамдар да «Зұлқарнайын» деген сөзді «Қос мүйіз» емес, «екі дүниені билеген» деп түсіндіреді. Демек, екінші сюжеттің төркіні – «Қисас-ал-анбия».

Ендігі бір көңіл аударарлық жай мынау: 1967 жылдың жазында өзі мұсылманша көп оқыған 85 жасар қариядан осы уақытқа дейін қағаз бетіне түспеген және Ескендір туралы қазақ ертегілерінің арасында кездеспеген үш сюжеттен құралған бір ертегі жазылып алынды. Осы ертегіні оқырман қауымға сол жазылып алған күйі еш өзгеріссіз ұсынуды мақұл көрдік. Ертегі «Зұлқарнайын» деп аталады.

«Зұлқарнайын бір кітаптан өлмес су бар деп оқиды. Соны іздеуге шығады Шығысқа қарай, күн шықпайтын жаққа қарай. Қасына жолдас қылып Қызырды ертіп алады. Қызыр ол кезде Қызыр емес, басқаша аталатын.

Қараңғы жерге келеді. Зұлқарнайынның қолында алтын сияқты жарқырап тұратын тас бар. Сонымен жүреді. Біраздан соң Зұлқарнайын тасын Қызырға береді. Содан екеуі көп іздейді. Бір уақытта екеуі бірінен-бірі адасып қалады. Қызыр әлгі суды табады, ішеді. «Енді Зұлқарнайынды ертіп келейін» – деп іздейді. Зұлқарнайынды табады, «Мен суды таптым, іштім, жүр» – дейді. Бірақ екеуі қанша іздесе де, таба алмайды әлгі суды. Сонсоң Зұлқарнайын тұрып айтады:

– «Қой! Алла тағала бұл суды маған бұйыртпаған екен. Түбі сенен бір керемет шығар. Енді қайталық», – дейді.

Екеуі кері қайтты. Келе жатып, жолда бір үлкен кақпаға кездесті. Қақпаны олай-бұлай итеріп еді, ашылмады, Зұлқарнайын қақпаны ұрып, айқай салды:

– Ей, кім бар? – деп.

Ар жақтан дауыс шықты:

– Бұл есікке саған кіруге болмайды. Мұнда тек еш күнәсі жоқ адамдар тұрады, – деді.

– Мен елге барғанда, не көрдің, не білдің, не әкелдің деп сұрағанда, көрсететін бірдеңе беріңдер маған, – деп, айқай салды Зұлқарнайын.

Бір дорба ұн және бір домалақ сүйек түсті ар жақтан. Зұлқарнайын ашу шақырды:

– Мені қорлағаны қалай, қу сүйек беріп, – деді.

Қасындағы Қызыр айтты:

– Ашуланба, мұнда бір сыр бар, шешіп көрейік, – деді де, таразы әкелттірді. Таразының бір жағына әлгі сүйекті қойды, екінші жағына Зұлқарнайынның өзін тұрғызды. Сүйекті баса алмады. Бүкіл әскерін тұрғызды, баса алмады.

– Бұл қалай, түсіндір! – деді Зұлқарнайын.

Қызыр Таразының бір жағына өзі тұрды да, сүйектің үстіне қос уыс топырақ төге салып еді, сүйекті басып кетті.

– Көрдің бе, – деді Қызыр, – бұл – адамның көз сүйегі, өмірде адамның көзі тоймайды, тек өлгенде ғана көз тояды, – деді.

– Мұның дұрыс екен, енді сен жүре бер, мен үйіме қайтайын, – деп Зұлқарнайын әлгі бір дорба ұнды алып еліне келді.

Келе сап, наубайшыны шақырды.

– Мына ұнға ештеңе қоспай нан пісіріп бер! – деді. Наубайшы тандырға әлгі ұнның қамырын түк жабыстыра алмайды. Қамыр қайта-қайта ағып кетеді, біразы күйіп кетеді. Наубайшы: «Қой, одан да өз ұнымнан аппақ нан пісіріп берейін», – дейді де, әлгі ұнның қамырын тандырдың жанына төге салды. Аппақ нанды пісіріп, Зұлқарнайынға алып барды.

Сол кезде наубайшының он шақты қой-ешкісін жайып жүретін тазша бала бар еді. Ол күнде сол тандырдың түбінде қалған күйіктерді жеп күн көреді екен. Сол әдетімен жаңағы наубайшы тастап кеткен күйік нанды түгел жеп қойды.

Ал наубайшы Зұлқарнайынның бұйрығымен қайтадан жүгіріп келсе, нан жоқ. Патшаға айтады, «біреу жеп кетіпті» – деп. Патша іздестірсе, әлгі таз бала «мен жедім» – дейді.

– Ә, жарайды, ендеше жүр, сенің кереметіңді көрейін, – деп тауға ертіп кетеді. Келе жатып, тазша айтады:

– Анау шөп менің суымды басыңа жақсаң, тазың кетеді деп тұр, – дейді. Патша:

– Жақ! – дейді.

Жағады. Тазы жоғалады. Біраздан соң бала тағы да:

– Анау бір шөп менің суымды жақсаң, шаш шығады деп тұр, – дейді. Патша:

– Жақ! – деді.

Жақты. Шаш шықты. Зұлқарнайын әлгі баланың кереметін көрді де айтты:

– Алла тағала маған өлмес суды да, ұнды да бұйыртпаған екен! – деді.

Әлгі таз бала кейін Лұқпан әкім аталып, мың жасапты...».

Көріп отырсыздар, ертегі үш сюжеттен тұрады. Біріншісі – белгілі – «Қисас-ал-анбиядағы» «Әбліхаят» суын іздеген Ескендірдің әңгімесі. Ал екінші сюжет – Абайдың – «Ескендір» поэмасының сюжеті. Ескеретін жай біз ертегіні айтып берген қарияға бірнеше сұрақ қойып, ол кісінің Абай поэмасын оқымағанын білдік. Және ол кісі бұл әңгімені қай кітаптан оқығанын да есіне түсіре алмады. «Баяғыда оқыған едім», – деп жауап қайырды.

Ал енді Әбдікерім қария айтқан, Абай «Ескендірінде» бар бұл екінші сюжет қазақ топырағына қайдан келді?

Біздіңше, көне дәуір жазба ескерткіші – Библия мен Талмудтың көптеген аңыз-әңгімелері аз ғана өзгерістермен Құранға, Тафсирге және басқа да мұсылман кітаптарына енгені мәлім. Олай болса Талмудтағы Ескендір туралы әңгіме де мұсылман кітаптарының бірінде болуы, ал ол кітапты біздің ертекші ақсақалымыз оқыған деп ойлаймыз.

Ал енді Абайдың «Ескендіріне» келсек, бізге бұл тұста да ерекше бір таңырқарлық, жәйіт кездеседі. Талмудтағы Александр Македонский туралы әңгімені оқыған кісі, сөз жоқ, оның Абай «Ескендірімен» үндестігіне қайран қалады. Екеуінің мазмұны мен құрылысы түгелдей сәйкес. Салыстыруға жеңіл болу үшін аңызды орыс тілінде толық беруді мақұл көрдік.

«На обратном пути остановился Александр для обеда близ одного ручья. Поданную ему соленую макрель (балық – С. К.) царь начал обмакивать в воду ручья – и рыба получила удивительный запах.

– Это доказывает, – сказал Александр, – что ручей этот течет из рая.

Помыв лицо свое в воде ручья, Александр направился по истокам его и дошел до врат рая.

– Отворите! – воскликнул Александр.

– Врата эти – Господни, праведники входят через них, – услышал он в ответ – Но я царь, и я знаменит, – сказал Александр, – дайте же мне какую-нибудь вещь на память.

Дали ему черепную кость. Придя в свое царство, Александр положил на одну чашу весов эту кость, а на другую все серебро и золото, бывшее при нем. Перевешивала кость.

– Что значит это? – спросил Александр у мудрецов.

– Эта кость, – ответили мудрецы, – орбита человеческого глаза, ненасытного в жадности своей.

– Чем вы это докажете?

– Возьми горсть земли и посыпь кость.

Царь сделал так, и золото тотчас перевесило кость».

Көріп отырсыздар, бұл әңгіме – толығымен Абай «Ескендірінің» желісі. Тіпті кейбір эпизодтар мен детальдарға шейін дәлме-дәл келеді. Олар – Ескендірдің бұлаққа кездесуі, суға салынған кепкен балықтың иісі мен дәмінің өзгеруі; бұлақты бойлаған Ескендірдің жұмақ қақпасына келуі, патшаның ашу шақырып, қақпа күзетшісімен сөйлесуі, одан белгі боларлық бір нәрсе сұрауы; қақпаның аржағынан көз сүйегінің түсуі, ол сүйекті алтын, күміспен өлшеуі.

Сонымен, «Ескендір» мен «Талмуд» әңгімесінің желісі бірдей болып шықты. Ендігі туатын сұрақтар: Абай бұл сюжетті қайдан және қалай алды? Әлде ол «Талмудты» оқыды ма? Не болмаса Абай мен «Талмуддың арасында дәнекер көпір бар ма? Міне, осы сұрақтарға жауап беру үшін ең алдымен орыс әдебиетіне жүгіндік. Себебі Абайды ерте дүние әдебиетімен, Батыс Европа әдебиетімен байланыстырған орыс әдебиеті болғаны белгілі.

Біз іздеу үстінде «Ескендір» сюжетін А.С. Пушкиннің ұстазы атақты. В.А.Жуковскийдің «Екі повесть» атты шығармасынан кездестірдік. Сөз жоқ, Абай өз поэмасын Жуковскийді оқи отырып жазған. Бұған дәлел: біріншіден, Абай мен Жуковскийдегі сюжеттік, әрі текстік дәлме-дәл ұқсастық болса, екіншіден, батыс және орыс әдебиетінің классиктерін ұстаз тұтқан Абайдың А.Пушкиннің ұстазы В.А. Жуковскийді оқымауы мумкін емес.

ОҚИҒАНЫҢ БАСТАЛУЫ

Жуковскийде:

Через песчаную пустыню шел

С своей ратью Александр; в страну,

Лежавшую за рубежом пустыни,

Он нес войну. И вдруг пришел к реке

Широкой он. Измученный путем

По знойному песку, на тучном бреге,

Реки он рать остановил;

Абайда:

Есепсіз әскер ертіп, жарақтанып,

Есіткен елдеріне жүріп кетті.

Жүре-жүре бір елсіз шөлге түсті,

Жалтырап сәуле берген бір нәрсеге.

Патшаның ат үстінде көзі түсті.

Барса бір сылдыр қаққан мөлдір бұлақ.

Сол бетімен салып отырып жұмақ қакпасына барады, бірақ Ескендірді кіргізбейді. Бұған қорланып ашуланған Ескендір өзінің жер жүзін жеңген патша екенін айтады.

Ескендірдің бұл сөзін естіген соң, қақпаның аржағынан мынадай жауап шығады:

Жуковскийде:

«...Тебе ж подобным мира

Грабителям, ненасытимо жадным,

Рай затворен».

Абайда:

«Іші тар көре алмастың біреуі сен.

Ондай кісі бұл жерге келмейді тең».

Жуковскийде:

Мудрец сказал: «Великий государь,

Был некогда подобный твоему

Разрушен череп; в нем же эта кость

Была частицей впадины, в которой

Глаз, твоему подобный заключался.

Глаз человеческнй в объеме мал;

Но с ненасытной жадностью объемлет

Он все, что нас здесь в области видений

Так увлекательно пленяет; целый

Он мир готов сожрать голодным взором».

Абайдың Аристотелі:

– Бұл – адам – көз сүйегі

– деді ханға,

Тоя ма адам көзі мың мен санға?

Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,

Өлсе тояр көзіне құм құйылғанда.

Кәпір көздің дүниеде араны үлкен.

Алған сайын дүниеге тоя ма екен?

Осыдан әрі қарайғы жерде Абайда өзгешелік бар. Жуковскийдің тексті бойынша, Александр Македонский ақылгөйдің әлгі сөздерін естіген соң да бөтен елге деген шабулын тоқтатпай, керісінше, «Өмір қысқа, бәрін үлгіру керек» деп, енді Индияны жаулауға аттанады. Елдерді қырып, қандарын судай ағызып, жеңіске жеткен сайын өршелене түседі. Ең соңында: – «Тоймас жаугерді бір уыс топырақ қана тоқтатты», – деп аяқтайды Жуковский өзінің поэмасын.

Абайда, керісінше, Ескендір «Қолын алып жұртына қайта көшеді». Оқиға осымен аяқталады. Одан әрі қарай Абай нақыл айтады (Мұның өзі 16 жол). Ақынның бұл сөздері оның ғақлияларымен, философиялық және ағартушылық көзқарастарымен ұштасып жатыр.

Осы жерде Жуковскийде жоқ, бірақ жоғарыда аталған. Талмудта кездесетін бір эпизод бар. Ол – кепкен балық туралы.

Талмудта:

...«Остановился Александр для обеда близ одного ручья. Поданную ему соленую макрель царь начал обмакивать в воду ручья – и рыба получила удивительный запах».

Абайда:

Барса, бір сылдыр қаққан мөлдір бұлақ

Таспадай бейне арықтан шыққан құлап.

Түсе сала Ескендір басты қойды,

Ішсе, суы өзгеше тәтті тым-ақ!

Кепкен балық келтіртті сонда тұрып,

Сол суға балықты алды бір жудырып.

Исі, дәмі өзгеше болып кетті.

«Ескендір» мен Талмуд сюжетіндегі мұндай жақын ұқсастық неден туған? Абай Талмудты оқығаны ма? Иә, біздің ойымызша, оқыған. Себебі В.Жуковский поэмасының басында былай деп жазады:

Недавно мне случилося найти

Предание о древнем Александре

В Талмуде. Я хочу преданье это

Здесь рассказать так точно, как оно

Рассказано в еврейской древней книге.

Міне, Жуковскийдің бұл сөздерін оқыған Абай сол түп нұсқаның өзі – Талмудты да оқыған (Талмудтың орысшаға аудармасы 1897, 1902 жылдары шыққан). Ал Абайдың «Ескендірі» зерттеушілердің айтуынша, 1900-1902 жылдары жазылған. Одан Абай жаңағы бұлақ пен кепкен балықтың хикаясын алған.

Абайдың сюжетке енгізген енді бір өзгерісі – поэманың басында Ескендірдің аты – жөнін, әкесін, түрған жері мен патшалығын көрсетуі және Ескендірдің ұстазы Аристотельдің образы. Бұл өзгеріс, сөз жоқ, ақынның Александр Македонский туралы тарихи деректермен таныстығының куәсі.

Демек, Абай «Ескендірінің» негізгі арқауы ең алдымен В.Жуковский поэмасы: Абай ол поэманы еркін түрде аударған; Жуковскийде жоқ эпизодты Талмудтан қосқан; сөйтіп, екі шығарманы қатар пайдаланған. Бұл екеуінде жоқ жәйтті өзіне мәлім тарихи деректермен толықтырған. Сөйтіп, Абайдың өзіндік жаңа шығармасы – «Ескендір» поэмасы дүниеге келген.

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ

1968 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар