Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Қырғыз-қазақ әдеби байланыстары...

10.07.2019 12296

Қырғыз-қазақ әдеби байланыстары

Қырғыз-қазақ әдеби байланыстары - adebiportal.kz

Бүгінгі сөз қырғыз-қазақ әдеби байланысы туралы болмақ. Мұнан артық терең сөз жоқ. Мен бүгін осы байланысты жалғастыратын және оны қолдаушы адамдардың бірі болғанымды мақтан тұтамын.

Ия, өз уақытында бұл туралы көптеген ғылыми зерттеулер жазылған. Мысалы, Халил Бапаевтың "Қырғыз-қазақ, қазақ-өзбек әдеби байланыстары"(1975), Батма Кебекованың "Қырғыз-қазақ фольклорлы байланыстары"(1982), Абдылдан Ақматалиевтің "Қырғыз-қазақ ақындық шығармашылығының байланыстары"(1985), академик Әбділдажан Ақматалиевтің "Шыңғыс Айтматов және қырғыз-қазақ әдеби байланыстары"(1981), "Шыңғыс Айтматовтың және түркі халқының әдебиеті"(1988), ілімпаз Болот Акматовтың "(1930)ж - қазақ-қырғыз әдеби байланыстарының көптүрлілігі"(2000), "20-шы жылдардағы қазақ-қырғыз әдеби байланысындағы жаңа дәуір" (2000), "Мұхтар Әуезов және Ұлы қырғыз жазушылары" (2005). Бұл тізім туған-туыстар, бауырлас халықтар арасындағы әдеби байланыстың қаншалықты терең, жоғары, кең екендігін толық дәлелдейді.

Басқаны айтпағанда, Шөже, Қатаған, Сүйімбай, Эсенаман, Майкөт, Қалмырза, Сарба, Жамбыл, Тоқтоғұл, Қалық, Кенен, Осмонқұл, Исмаил сияқты ақындар төкпелік айтыс өнерінде ең үздік болып табылады. "Төкпелік кезеңінің гүлдену дәуірі алда емес, артта қалды деп ойлаймын", – деп белгілі жазушымыз көрегенділікпен болжағанымен, бұл өнердің бүгінгі көрінісі де жаман емес. Қырғыздар бүгінде қазақ айтыс ақындарын үлкен ықыласпен тыңдайды.

Егерде біздің мәдениетте екі шың бар десек, сол екеуінің де тең сақталуына, өміршеңдігіне бір туған қазақ елінің зор үлесі бар. 19-ғасырдың аяғында Шоқан Уалиханов қырғыз манасшыларының аузынан “Манастың” ең алғашқы үлгілерін қағазға жазып алып, жарыққа шығарса, бұл ісімен ұлы эпостың жазбаша сақталуына себеп болса, сол кезеңде “Манас” тақырыбын жауып, ескіліктің қалдығы деп айтуға, жазуға, іздеуге тиым салынып, тағдыры қыл үстінде тұрғанда, 1952-жылдағы “Манас” турасындағы конференцияда қазақтың мықты ұлы Мұхтар Әуезов қорғап, артық ауыз сөздерге араша түсіп, сақтап қалған.

Сондай-ақ, Мұхтар қырғыздар Шыңғыс Айтматовты қабылдай алмаған кезде "Жәмилаға" жоғары баға беріп, даңғыл жолын ашуға үлкен көмек берді. Бұл мысалдар, бауырлас халықтың ең үздік ұлдарының ұлы ерлігі қырғыз халқының жүрегінде жатыр. Бұл істер “Манас” пен Айтматов туралы сөз болған қандай да болмасын іс-шарада сөзсіз айтылып жүрген тарих.

Өз кезегінде белгілі жазушы Шыңғыс Айтматов: “Менің өмірімде екі Мұхтар болды. Олардың біріншісі маған аталық, әкелік мейірімін төккен ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, екіншісі ақын, менің көптен бергі досым Мұхтар Шаханов” – деп белгілеген. Айтматов пен Шахановтың достығын аңыз қалып, одан ары өркендетіп тұрған – бұл екеуінің философиялық терең мәйегі. “Аскада калган аңчынын ыйы” кітабы екі қаламгердің бір-біріне ішкі төгілісі. Бұған дейін Шыңғыс Айтматов ешбір адамға мұншалық ағынан төгіліп, сырын ашпаған. Дүниені таныған алғашқы күннен бері ауыр да, тағдыр жолындағы құпия сырын, дүниедегі жалғыз сүйіктісі Бүбүсара турасында бүтін дүниені ұмытып қойып, айналасындағы өзінің әрбір сөзін одан ары фантазиялап кете тұғын елді ұмыта сөз қылады. Қазіргі аға-інілік, қаламдастық жылу сезімі сол кезден бері жалғасып келеді.

Айтматовтың шығармаларында екі ел бірдей сөз болып, ол тұрмақ бір кітабының атауы символикалық түрде “Тоолор жана талаалар” деп аталуы бекер емес.

“Көш жүре түзеледі” демекші, әзір де қырғыз-қазақ әдеби байланыстары үзілген жоқ. КР батыры, Қырғыз елі ақыны, марқұм Сооронбай Жусуев аударған “Казак ырлары” атты көлөмді кітабы өзінше бір қазақ поэзиясының қырғыз тіліндегі антологиясы болып қалды.

Талантты ақын Бактыгүл Чотурова Нармахан Бегалиевтің, Шахизада Абдикаримовтың, Нағашыбай Мұқатовтың кітаптарын аударып баспадан шығарып, қырғыз оқырмандарына таныстырды. Ақын Атантай Акбаров пенен қазақ ақыны Саят Камшыгер екеуі бірігіп “Адабият жана искусство” академиясын құрып, әдебиетте бұрын-соңды болмаған істерді жасауда.

Олжас Сүлейменовтың “Азиясын” және қырғыз тілінде шыққан “Аргымак” кітабын басына жастанып оқыған қырғыз бүгінгі күнде Ұлықбек Есдәулеттің жырларын да дәл осылай жақсы көреді. 2014-жылы “Турар” баспасынан жарық көрген “Биз дагы ашык болгонбуз” атты кітабындағы жырларды Қырғыз елі ақындары Сүйүнбай Эралиев, Сооронбай Жусуев, Акбар Рыскулов, қара сөзін мықты сазгер, Қырғыз елі әртісі Түгөлбай Казаков аударды, солардың қатарында менің де болғаныма мақтанамын.

Қазақ әдебиеті маған жақын. Студент кезімде айтулы ақындардың жырларын жанымды салып аударып жүріп, кейін Бишкектен Мұқағали Мақатаевтың “Үч бакытым” атты кітабын 2000-жылы, Мағжан Жұмабаевтың “Теңир от” атты кітабын 2002-жылы жаңа 2018-жылы екінші рет кайыра бастырып шығардым. Сондай-ақ Мағжанның кітабын былтыр Түрксой ұйымы қырғызша екінші рет жарыққа шығарды. Онда да менің аудармаларым бар.

Сонымен қатар, өткен жылы тарихы терең "Ала-Тоо" журналы өзінің бір санын толықтай қазақ әдебиетіне арнады: Әбділда Тәжібаев, Мұқағали Мақатаев, Олжас Сүлейменов, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Күләш Ахметова, Темірхан Медетбек, Нұрлан Оразалин, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Есенғали Раушанов, Жарас Сәрсек, Маралтай Райымбекұлы, Мұратхан Шоқан, Танакөз Толқынқызы, Ақберен Елгезек, үш ұрпақтың ақындарының жырлары, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Талғат Кеңесбаев, Думан Рамазанның прозалық шығармалары, Нұрдәулет Ақыш пен Әділғазы Қайырбековтің әдеби сындары орын алды.

Биылғы жылдағы зор қуаныш – Абайдың жырлары аударылып, қырғыз тілінде жеке кітап болып жарық көрісі. Алдыда “Жүз өлең” жобасының аясында 45 жасқа дейінгі 20 қырғыз және қазақ ақынының жырларының аударлып, жарыққа шығарылуы тұр. Бұл дағы әдеби байланыстың бір жаңа басқышы болады деген сенімім бар.

Ең кейінгі поэзия өкілдерінен Мұратхан Шоқанның “Түнгі лирика” жинағындағы жырлары толық қырғыз тіліне аударылып, баспаға берген кітапта аудармашы жазған алғы сөзде ақын, филология ғылымдарының докторы Аида Эгембердиева: “Мұратханның жырлары үшін қазақ халқын “Манастағы” Көкше ханнан тартып бүгінгі жаңа жарық дүниеге келген нәрестесіне дейін жақсы көрдім. Әр бір елдің осындай ақыны болса екен деп тілек қылдым”, - деп жазады. Ылайым біріміздің жырымыз бірімізге жағып, бірімізді біріміз жақсы көріп, екі елдің қаламгерлері Мұхтар ағалар бастаған ұлы салтты жалғай берсін.

Нұрлан Қалыбеков,

ақын, ҚР Ұлттық жазушылар одағының төрағасы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар