Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Біржан Ахмер. Кеннанның жолжазбасы немесе Абай ізд...

24.07.2019 4399

Біржан Ахмер. Кеннанның жолжазбасы немесе Абай іздеген кітаптар 16+

Біржан Ахмер. Кеннанның жолжазбасы немесе Абай іздеген кітаптар - adebiportal.kz

Американдық жазушы, саяхатшы Джордж Кеннанның (1845-1924) есімі қазақ сахарасында кеңінен танымал болмаса да, ғылыми кітаптарда, әсіресе Сібірге жер аударылған орыс зиялыларына қатысты деректерде жиі кездеседі. Оның әлемге танымал «Сібір және қуғын-сүргін» кітабы – орыс және Орталық Азия елдерінің тұрмыс-тіршілігінен, әдет-ғұрпынан, тарихы мен мәдениетінен, ең бастысы саяси өмірінен жан-жақты мәлімет беретін бірден бір елеулі жинақ. Ағылшын саяхатшысының орыс әлемін зерттеудегі ізденісі күрделі әрі қиын дәуірмен тұспа-тұс келді. Дегенмен, XIX ғасырдың соңындағы әлемдегі аумалы-төкпелі саяси процестерге қарамастан, Джордж басын бәйгеге тігіп, ұзақ сапарға шығады. Оның алдында – ұшы-қиыры жоқ шексіз дала мен жұмбаққа толы алып империя тұр еді.

Жазушының алғашқы білім баспалдағы да осы АҚШ пен Ресей арасындағы байланысты, саяси ара-қатынасты зерттеуден туған еді. Джордж орыс революционерлерін жақтап, американдық қауымды жаңа, маңызды деректермен қайран қалдырып отырды. Міне, осындай іщденістен кейін 1885 жылдың мамыр айынан 1886 жылдың тамыз айына дейін қаламгер суретші Дж. Фростпен бірге Сібірге саяхат жасады. Бұл өзекті саяхаттың мақсаты – Сібірге жер аударылған саяси тұтқындардың өмірін, олар жатқан түрмелерді зерттеп, барлық мәліметті қағазға түсіру болатын. Кейін осы кітаптың қаншалықты маңызды болатынын жазушы болжамаған да шығар. Десе де, тарихтың ақтаңдақ беттері барлығын айғақтап, саяси-әлеуметтік шындықтың шымылдығын ашты. Міне, осы ащы ақиқаттың астарында – алып жүйеге бағынғысы келмеген азат ойлы тұлғалардың ғұмырдариясы жатыр. Тіпті, бұл жүйе орыстың белгілі жазушылары Ф.М.Достоевский мен А.И.Солженицинді де аямады. 1854 жылы мемлекеттік биліктің заңына бағынбағаны үшін Ф.М.Достоевский Омбыдан Семейге жер аударылады (Жазушы Семейде 5 жылдан артық (1854-1859) тұрды. «Записки из мертвого дома», «Дядюшкин сон», «Село Степанчиково и его обитатели» атты танымал шығармаларын осы қалада жазған). Міне, осы секілді мысалдар архив құжаттарында, Джордж Кеннанның «Сібір және қуғын-сүргін» кітабында жан-жақты бейленген.

***

«Сібір және қуғын-сүргін» («Сибирь и ссылка». В. Врублевский баспасы, 1906. — 458 бет.) кітабы – тарихи деректерге толы жолжазба десек, қателеспеспіз. Мұндағы дәйекті мәліметтерді оқи отырып, сол заманның тынысын анық көруге болады. Түпнұсқасы ағылшын тілінде жазылған кітаптың орыс тіліне аудармасы біраз өзгеріске ұшырағанын да аңғару қиын емес. Әйтсе де, біздің негізгі мақсатымыз – осы жолжазбадағы қазақ қалалары, мәдениеті жөнінде жазылған пікірлерді жіті зерттеп, оның айшықты тұстарын оқырманға тиісті деңгейде дәріптеу. Ресейдегі Сібір жерінің түрмелерін зерттеу құлшынысы қайдан пайда болғанын Джордж өз кітабында былай дейді: «1881 жылғы Александр II патшаның өлімі және маңызды орыс революционерлерінің Забайқал кеніне жер аударылуы менің Сібірге деген қызығушылығымды тудырды. Сондай-ақ, тағы бір мақсатым – қуғын-сүргіннің жүйесін жан-жақты қарастырумен қатар, революциалық қозғалыс өршіп тұрған Ресейдің кейбір мекендерін, түрмелерін зерттеу. Мәскеу мен С-Петербург қаласынан нигистер мен мұндай өзекті әлеуметтік құбылысты таппасым әу бастан белгілі еді. Ал 1878-1879 жылдардағы революциялық қозғалыстың басты күштері өз «қайнарларында» императордың құпия полициясынан қашып, жасырынып жүрген-тін». Одан кейін қаламгер 1884 жылы бұл саяхатқа қолдау білдірген «Century Magazine» баспасын айта келіп, саяхатта жазылған жолжазбаны журналға жариялауды уәде еткенін тілге тиек етеді.

Сонымен, екі саяхатшы (Дж. Кеннан, А.Фрост) 1885 жылдың мамыр айында Нью-Йорктен Ливерпульге, одан кейін Лондон мен Берлинді асып, С-Петербургке (С-Петербургке негізгі қайнар көздерді табу үшін және орыс билігінен рұқсат сұрау үшін барды) жетеді. Мұнда жазушы Ресей Сыртқы Істер министрлігінің өкілі Влангали мырзаның қатысуымен Сібірдегі түрмелерді зерттеуге орыс билігінен рұқсат алып, Мәскеуге аттанады. Мәскеуден Төменгі Новгород, Қазан, Пермь, Екатеринбург, Тюмень, одан асып Ертіс бойындағы қалалар Павлодар, Семей, Өскемен, Барнаулға жетеді. Сөйтіп, ұзақ жолдың тауқыметін тартып, қаламгер Сібір қалаларының саяси жағдайымен, қозғалыс күштерімен, құпия түрмелерімен танысады. Біз барлық қалаларға тоқталмай, тек Семейге қатысты тұсын қарастырмақпыз.

Сібір аймағы, 1929 жыл

***

XIX ғасырдың екінші жартысында Семейдің рухани-мәдени өмірі жаңа қарқынмен дамып, өлкенің тағы бір тынысы ашылды. Себебі мұнда жазасын өтеп жатқан бір топ зиялы қауым бар еді. Осындай серпіннің нәтижесінде қала бірнеше мәдени ошақтар, кітапханалар бой көтеріп, көпшілікті білім мен өнерге шақырды. Олар: Петербург университетінің студенті, ғылыми хатшы Е.П.Михаэлис, дәрігер Н.И.Долгополов Н.Я.Коншин, С.С.Гросс, А.А.Леонтьев және т.б. орыстың оқымысты тұлағалары еді.

«Дүйсенбі күні таңертең мен облыстың начальнигі, генерал Цеклинскийдің қабылдауында болдым. Оған сыртқы және ішкі істер министрлік өкілдерінің хатын тапсырып, оның ризашылығын алдым. Содан кейін ол көңілі жайланған соң маған түрмені толық аралап шығуға мүмкіндік берді. Және менің қауіпсіздігімді ойлап, қасыма жергілікті полицейді ерітті. Полицей екеуіміз қаладағы мәдени орындар мен мешіттерді аралап шығатын болдық. Сондай-ақ генерал менің қамым үшін өзінің қоластындағылардың барлығына ашық хат (открытое письмо) ұсынатынын айтты», – дейді Семейдегі саяси ахуал турады Дж. Кеннан. Міне, осындай құрметке бөленген қаламгер Семейдің мәдени-рухани ошақтарына емін-еркін баруға, жан-жақты зерттеулерін жүргізуге қол жеткізеді. Сөйтіп, алғашқы таныстығын қаладағы қоғамдық кітапханадан бастайды.

Тарихқа үңілетін болсақ, бұл кітапхана (кейіннен Гоголь атын иемденген, қазір Абай атындағы кітапхана) жазушының келер алдында, небәрі екі жыл бұрын 1883 жылы Михаэлс пен Коншиндердің қатынасуымен ашылған-тұғын. Осылайша екі жылдың ішінде шетел және орыс, қазақ әдеби кітаптарының мол қоры бар кітапханаға айналып үлгерген. Тіпті, жаратылыстану, философия, тарих ғылымдарының кітаптары және сөздіктер, әртүрлі ғылым салаларынан энциклопедиялар, анықтамалар да болатын бұл ғимаратта.

Гоголь кітапханасы

(Қазір бұл ғимарат банк бөлімшесі)

«Қоғамдық кітапханадан Спенсер, Бокль, Льюис, Милль, Тэн, Лэббок, Гэксли, Тэйлор, Дарвин, Лайелл, Тиндалл, Алфред Валлас, Мэкензи Валлас, Генри Мэннің еңбектерін, Скотт, Диккенс, Мариэт, Джордж Эллиот, Мак-Дональд, Троллоп, Эркман-Шатриан, Эдгар Аллэн По, Бреть-Гарттың романдары мен повестерін көріп қайран қалдым. Саяси экономика тақырыбындағы ғылыми еңбектер мен шығармалар аса ұқыпты жағдайда орналасқан. Шыны керек, асыл қазыналардың көптігі мен қолжетімділігі үшін кітапхананың негізін салушыларға алғыс айтуға болады. Олар менің Семейге деген көзқарасымды жақсартты, басқаша айтсақ тамсандырды», - дейді саяхатшы. Расымен де, осындай бағалы қазына қаланың ғана тұрғындарын емес, сол қала маңындағы ауыл адамдарының көзін ашып, білім мен ғылымға құмартты. Осы кітапханаға хәкім Абай үнемі барып, кітап алып тұрғанын ескерсек, жоғарыда аталған авторлардың (философ, дәрігер, ақын-жазушы т.б.) абайтану ісіне қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мына бір деректі айта кетейік: «… Мен осындағы Бокльді, Милльді, Дреперді оқыған бір қырғызды білемін. Бірінші кездескенде ол менен индукция мен дедукцияның (Платон мен Аристотельдің философиялық әдістері) арасындағы айырмашылықты өзіне түсіндіруді сұрады. Ол ағылшын философтарының және аталған авторлардың шығармаларын зерттеп жүр екен. Мен оны тексеру үшін, Дрэпердің «Европаның ақыл-ойының даму тарихы» атты кітабының төңірегінде екі кеш бойы әңгімелестім. Сонда оның оқығандарының бәрін түсінетініне көзімді жеткіздім», – дейді А.А.Леонтьев Дж. Кеннанмен болған бір әңгімесінде. Мұндағы Леонтьевтің «бір қырғыз» деп тұрғаны – Абай. Ал біз Абай мен Леонтьевтің достық қатынаста болғанын білеміз. Ендеше, данышпан Абай оқыған авторлардың кейбіріне тоқталып, олардың еңбектеріне шолу жасасақ, артық болмас.

1. Г.Спенсер (1820, Дерби - 1903, Брайтон) – ағылшын философы, XIX ғасырдың соңына қарай кеңінен таралған эволюционизм ғылымының негізін қалаушыларының бірі, либерализм идеологі. Спенсердің көзқарасы бойынша эволюционизм мен философия бірігіп, тұтас дүниетаным қалыптастырады. Оның «Негізгі бастаулар» (First Principles, 1862), «Синтетикалық философияның жүйелері» (A System of Synthetic Philosophy), «Социологиялық зерттеулер» кітаптары бар.

2. Г.Бокль (1821-1862) – ағылшын тарихшысы, шахматист. Ол социология, позитивизм, географиялық детерминизм идеяларын насихаттады. Бокльдің «Англиядағы өркениет тарихы» («History of Civilization in England»), «Әйел және оның еркекке әсері» атты танымал еңбектері бар.

Ғимараттағы ескерткіш тақта

3. Д.Милль (1806, Лондон - 1873, Авиньон) – британ философы, экономист, саясаткер. Ол сөз еркіндігін көксеп, қоғамдық дамуды тежеген цензураға қарсы шықты. Өзін демократияның жаршысы ретінде танытып, саяси-экономикалық тұрғыда елдің сауатын арттырды. «Логика жүйесі: силлогистикалық және индуктивтік» (1843), «Саяси экономиканың негіздері» (1848), Утилитаризм (1861) еңбектерін жазған.

4. И.Тэн (1828, Вузье - 1893, Париж) – француз философы, әдебиеттанушы, публицист. Ол өнертану саласында мәдени-тарихи мектептің негізін қалап, адамзат өміріндегі өнердің орнын, оның сан қырлы эстетикалық құндылықтарын дәріптеді. «Қазіргі Францияның тарихы», «Өнердің философиясы» шығармалары кеңінен таралған.

5. Дж. Леббок (1834-1913) – британдық энциклопедист, археолог, жазушы-моралист, Кембридж және Оксфорд университетінің құрметті докторы. Леббок археология саласына неолит және палеолит ұғымын енгізді. Құмырсқалардың ультракүлгін сәулесінің қабылдау әсерін алғаш ашып, «Құмырсқалар мен аралар» кітабын жазды.

6. Т. Гэксли (1825-1895) – ағылшын зоологы, Чарлз Дарвиннің ағымын насихаттаушы ғалым. Ол ғылымға ангостицизм бағытын әкеліп, адамзаттың эволюциялық дамуын жаңа қырынан зерттеді. «Физиология негіздері», «Органикалық табиғаттағы құбылыстардың себептері туралы» кітаптарын жазған.

7. Ч.Диккенс (1812-1870) – ағылшын жазушысы, әлем әдебиетінің классигі, XIX ғасырдағы белгілі романистерінің бірі. Диккенстің шығармалары – реалистік ағымның биік шыңы десек, артық айтқанымыз емес. Оның «Домби және бала», «Дэвид Копперфилд» романдары, «Пиквикс клубының соңғы жазбалары» («The Posthumous Papers of the Pickwick Club») атты әйгілі мақалалары бар.

8. Ф.Мариэт (1821-1881) – египтология ғылымын зерттеуші, археолог. Ол Каирдегі алғашқы Египет музейінің негізін қалап, Саккардағы пирамидаларды, ескі қолжазбаларды зерттеп, ғылыми айналымға енгізді. Қазіргі таңда музейдің алдында Мариэттің ескерткіші бар.

9. Дж. Эллиот (1819-1880) – ағылшын жазушысы. Шын есімі – Мэри Энн Эванс. Алғашқы еңбегі 1857 жылы «Дінбасылар өмірінің көріністері» тақырыбымен «Блэквудз мэгэзин» журналында жарық көрді. Одан кейін «Адам Бид» (1859), «Сайлес Марнер», «Ромола» романдары көпшіліктің көңілінен шығып, есімін елеулі қылды.

10. Э.Аллэн По (1809-1849) – американдық жазушы, ақын, эссеист, әдебиет сыншысы, американдық романтизмнің ірі өкілі. Ол детектив жанры мен психологиялық прозаның жаңа формасын жасады. Тіпті, оның кейбір туындыларын ғылыми фантастикаға да жатқызуға болады. Эдгар По өзінің «үрейлі» мистикалық шығармаларымен, «Қарға» өлеңімен әлем оқырмандарына танымал.

Байқасаңыз, Абай әр ғылым саласынан білімі болған, әрі осындай жан-жақты ілімді іздеп, адами құндылықтарды бойына сіңіре білген. Егер хәкім Абайды толық танығымыз келсе, осы авторлардың өмірбаянына, шығармашылығына тыңғылықты түрде талдау жасауға тиіспіз. Ақын нәр алған үш қайнардың бірі батыс әдебиеті (шетел әдебиеті) десек, мұндай кітаптардың абайтану ғылымында маңыздылығы жоғары екенін көреміз. Кітап – адам көкжиегін кеңейтіп, ой-санасын жаңа деңгейге көтеретіні анық. Қараңғылық пен надандықтан құтқаратын бірден бір маңызды құрал да – осы білімде жатыр. Джордж Кеннанның жолжазбасын оқи отырып, қазақтың мәдениетіне қатысты біраз деректерге қанық болдық. Абай мен Кеннанның қандай қатысы бар деген сұраққа толымды жауап берілді деген ойдамыз. Ал жалпылай алғанда, саяхатшының біз сөз етіп отырған «Сібір және қуғын-сүргін» кітабы толықтай зерттеліп, ғылыми айналымға енуі керек. Сол арқылы біз хәкімнің ортасы, Семейдің тыныс-тіршілігі, жер аударылған оқымыстылардың тағдыры, рухани ортаның жай-жапсарын тиісті деңгейде білеріміз кәміл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар