Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Арман Шеризат. Жүрекпен сөйлейтін ғалым...

21.08.2019 5644

Арман Шеризат. Жүрекпен сөйлейтін ғалым 12+

Арман Шеризат. Жүрекпен сөйлейтін ғалым - adebiportal.kz

Отарлау саясаты етінен өтіп сүйегіне жеткен қазақ қоғамына отарсыздандыру саясатының жүру керектігін зиялы қауым айтып келеді. Оны жүргізетін де сол санасы ояу азаматтар. Тәуелсіздік алған тұстан бастап қасиетті қазақ топырағында сондай азаматтар әр жерден бір бас көтеріп жатты. Ол үшін ұлттың ұстазына айналған кешегі Абайлардай, Ахметтердей харекет ету керек еді. Көкірек көзі ашық азаматтар соған талпынды. Жұрт рухани дағдарысқа түсіп, бар мен жоқтың ортасында сенделді. Ұлт ретінде сақталып қалуымыз үшін күрес жүрді. Сол күрес бүгінге дейін жалғасып келеді. Бір сәтке толастаған емес. Себебі рухы қалғыған жұрттың ұрпағы құлға айналады. Нағыз рухани жаңғырудың кілті сана мен жүректе жатыр. Адал еңбек баққа жеткізеді, адамдықтың негізі аққа жақ болуымызда деп білген Шәкәрім атамыз:

Айнымайтын ақ жүрек пен таза ақылды адамның

Таппасы жоқ бұл өмірде, осынымды ұқ, балам! деп насихат айтуы ойымызды бекіте түседі.

Біздің рухани көшбасшыларымыз Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп шығармаларын жатқа соғып, әр сөзіндегі өмірімізге азық болар ой түйіндерін тарқатып, бүгінгі қоғамға ауадай қажет тұстарын әрбір сұхбатына арқау етіп жүрген үлкен ғалым, сондай ұлттық ой мен істің басында жүрген азамат, зерттеуші, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Омар Жәлелұлы.

Бүгінгі тәуелсіз қазақ жастарының Омар ағаны рухани ұстаз тұтуы тегін емес. Адам баласының бойындағы асыл қасиеттерін зерттеп, танып, оны жанына азық етіп, еркін ойлы «толық адам» тәрбиелеуді отыз ойланып, тоқсан толғанған, парасатты ойшыл. Әсіресе ұлттық тәрбиеге ерекше көңіл бөліп келеді. Ғалымның адами қасиеттер қатарына жатқызатын: ақыл, ар, ерік-жігер, намыс, сезім, парыз, ұлттық рух, ұлттық мінез-құлық, ұлттық мақтаныш, т.б. туралы ойлары арнайы зерттеуді қажет етеді. Бұл ойлар әрісі Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», берісі Мәшһүр Жүсіптің: «Құдайдың құдіреті адам арқылы көрінеді» - деген қағидаларымен сабақтасып жатыр.

Омар Жәлелұлы ұрпақ тәрбиесінде, әсіресе ұлттық рухты қалыптастырудың қажеттігін қадап айтып келеді. Бабалар дүниетанымын алға тартып ондағы бала тәрбиесі, отбасы құндылықтары, жақсы мен жаманның аражігі, ер адамның орыны, харекет етудің маңызы, адами қасиеттер, ұлттық құндылықтар аясында ағынан жарылып, сөздің құдіретімен жүректерге жеткізіп келеді. Бұлай болмағанда еліміздің ертеңі бұлыңғыр екенін жақсы түсінеді. Түсініп қана қоймай, онымен күресуді өзі де текті қазақ ұлтының перзенті ретінде азаматтық борышы санайды. Сол үшін «Харекет», «Жақсы» деген кітаптар жазды. Дария дарын иесінің нағыз қуатты ағысы осы тереңде жатыр, рухани ұстаз, ойшыл ретінде Омар Жәлелұын әлі толық танып-білгеніміз жоқ.

Біз ұлт ұстаздарын кемеңгер, ойшыл ретінде танығанымызбен, неге олай деуіміздің мәніне әлі ғылыми түрде зерттеп, таным тұрғысынан көз жеткізе алмай келеміз. Ал олай деп бағалауымыздың мәнін білген адам сөзсіз бір рухани биікке жетер еді. Ой алыптарының мұрасын ғылыми, әдеби айналымға енгізу кезек күттірмейтін өзекті мәселелер. Әлі күнге дейін өзіміздің дегдар мәдениетімізді дәріптей алмай келеміз. Отаршылдық жүйе халықтың талғамын бұзды. Талғамнан айырылған халық еріксіз тобырға айналды.

«Адамзаттың пайдасы үшін күлкі мен қызықтан бас тартқан Хәкім Абай қазақтың сөзін түзетуші. Оның сөзі жанның емі. Абайды жүрекпен түсінуіміз керек», - деп хәкімді жаңа қырынан танып, даналыққа жетуге шақырады.

Омар аға барып жүрген бүгінгі ең үлкен өзекті тақырып қазақтың отбасы құндылығы. Әуелі Отанның өзі де осы отбасынан басталмай ма? Қазақ дүниетанымындағы отбасы ұғымын қайтара аламыз ба? Мәселе осында. Батысқа еліктеп басқаның қаңсығын таңсық көрген жастардың бетін ұлтқа бұра аламыз ба? Ұлттық құндылықтардан алыстап бара жатқандықтан отбасылардың ойраны шығып, ажырасу жыл сайын артып, арадағы бала тағдыры тәлкекке түсуде. Дәстүрлі қазақ отбасында ажырасу болмаған. Отбасы болудың жауапкершілігін сезінсін деп қазақ баласын "он үште отау иесі" етіп, ерте үйлендірген. Үлкендер бақылап, екі жақты жарастырып отырған. Қазақ дәстүрлі қоғамында ер адамның отбасында орыны жоғары саналып, жастар ауыл ақсақалдары мен үлкендерінің сөзін жерге тастамаған. Олар бұзығын тезге салып, отбасындағы жөнсіз ұрыс-керісті болдырмай, өздері бәрін ретке келтірген. Сондықтан ажырасу деген мүлдем болмаған. Ажырасу бүгінде кең етек жая бастады. Ең қорқыныштысы сол, бүгінгі жастар үшін ажырасу қалыпты жағдайға айналып барады. Жалпы қоғамда эгоцентристік (менмендік) көзқарастың басым болып бара жатқанын байқаймыз. Мұндай жағдайда жарастықтың жоғалуы заңдылық. Бақытты отбасында өскен бала ғана бақытты бола алады. Себебі бала көргенін қайталайды. Ұлыбританиялық The Economist журналының дәстүрлі “Әлем статистикасы – 2015″ жинағында еліміз ажырасу көрсеткіші бойынша әлем елдері арасында алғашқы ондыққа кірген. Енді алаңдамай көріңіз...

Еліміз дамып, өркендеу үшін: әр қазақ иманды, білімді, салихалы, сауатты, әлеуетті болуы керек. Әлеуетті болудың кілті де осы даналықта жатыр. Қазақ «харекетке берекет» деген. Омар аға хәкім Абайдың «Адам бол, мал тап» қағидасы төңірегінде адал еңбек етіп, нәтижеге жетудің жолын айтады. Еңбек етуге жігерлендіріп, адами болмысын, ар мен абыройын сақтап қалудың жолында бағыт-бағдар береді. Жаратушы мен пенде, иман, хал ілімі т.б. жайындағы тұщымды ойларымен бөліседі.

Жаратушы берген ақылды нығмет көріп, оны дұрыс әрі пайдалы қолдану арқылы мал табу қажет.

Қанша шешен болсада- дауға салма малсызды..

Қанша батыр болсада- жауға салма жалғызды..

- деп Бұқар жырау айтқандай, кітап авторы оқырмандарды бірлікке, сөзбен емес пайдалы істермен айналысуға шақырды.

Кітапта Қ.А.Ясауи, Бұқар жырау, Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім шығармаларындағы құнды әрі қазақ әдебиетіндегі еңбектің адамшылық өлшемі және әдебиетте ғылымның ең жоғарғы еңбек формасы ретінде айқындалуы баяндалған.

Сыныбында алғаш оқыған «Бозторғай» кітабы ынталы жастың көкірегін де оятып жібергенге ұқсайды. Шатырға шығып алып махаббат жайлы оқыған кітаптары жүрегіндегі адамға, ғылымға деген сезімін ашқан.

Әр заманның идеологиясы адамның санасына өз үстемдігін жасайды. Тарих факультетінде оқыған ғалым КПСС тарихы деген де сабақты оқуға мәжбүр болады. Әдебиетке ауысуды ойлап жүргенде философияға кезігеді. Абай айтқан жақсы ұстазға жолығады. Философия тарихынан сабақ берген Төлеуғазы Әбжанов деген ұстазын үлгі тұтады. Ол кісі дәріс оқыған кезде сол әлемге кіріп кеткендей күй кешеді. Осылай философияға деген махаббаты басталған. Бердяев, Ницше, Леонтьев, Шопенгауэрдің еңбектеріне ден қояды. Философиялық білімі кейіннен өмірлік тақырыбын анықтауға көмектеседі. Осылайша Абай дүниетанымындағы «толық адам» мәселесін зерттеуге саналы ғұмырын арнады.

Омар Жәлелұлы Абайдың ұстаздарын оқымай тұрып оның әлеміне ену мүмкін еместігін айтып келеді. Фзули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Хожа Хафиз әлеміне енбей толық Абайды тани алмаймыз. Шығыс әдеиетінен тамыр тартқан хәкімнің ұстаздарынан үйренгені аз болмаған.

Ұрпақ арқылы ұлтты тәрбиелейтін жақсы әйел. Бұл тақырыпта да кеңінен тоқталып кешегі қазақ қызының көркем мінезділігін Омар аға әр кездесуінде айтып келеді. Себебі, қызға ие болмаған жұрттың ертеңінен қорқады. Әулие Мәшһүр Жүсіп: «Меңіреу әйелден меңіреу бала туады», - деген екен. Қазақтың текті әйел іздеуінің мәні осында жатыр. Ұлттық дүниетанымымызда «иманды әйел», «текті әйел» деуі тегін емес. Текті ұрпақ – текті ер мен әйелден туып, соның шаңырағында тәрбиеленгенде ғана қалыптаспақ. Алла Тағала әйел затын нәзік қылып жаратты және нәзік қалпын сақтауды әмір етті. Бүгінде әйелдер сол нәзіктігін жоғалтып жатыр. Себебі, күйеуін күтіп, бала бағумен, оның тәрбиесімен айналысуы тиіс әйелдеріміз еркектермен жарысып мал табуда. Сөйтіп, карьера қуам деп кейбірі күйеуге шықпай уақытын өткізіп алып жүр. Бұл да еліктеу-солықтауға ұрынған, бастыстың салқыны болса керек. Әйтпесе, қай қазақ ұлын ұяға, қызын қияға қондыруға асықпасын. Сана түзелмей, ел түзелмейді. Ұрпақ тәрбиесіне тікелей жауапты қазақ әйелі өз жауапкершілігін ұмытып барады. Бала тәрбиенің, мейір-махаббаттың басым бөлігін анасынан алатынын естен шығармауымыз керек.


Омар аға өмірдің мәнін Шәкәрімнен тапқан: «Шынды білмек болсаң егер, ең әуелі жанды біл. Ең керекті үш сұрақпен, жан құлағын бұрап қой. Келдім қайдан, қайтсем пайдам, өлгеннен соң не болам?» - дейді. Міне, осы сұрақтарға өзінше жауап іздеген ғалымның жауаптары толымды, ақылға қонымды.

Жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жетеді. Жүрекпен сөйлейтін ғалымнан үйренеріміз көп. Оның ойынша адам тек суық ақылымен қалып қойса, олар хайуаннан да бетер болмақ. Жаратушыны жүрекпен сүйіп, жүрекпен танығанда ғана адамбыз. Әрине бұл жерде ғалым даналық дүниетаныммен жүректі де екіге бөліп қарастырады: ет жүрек, рухани жүрек. Біз сөз етіп отырғанымыз сол рухани жүрек.

Жан азығы мен тән азығын қатар алып, жан қуаты мен тән қуатын тең жұмсай алғанда ғана кемелдікке жетеміз. Ал бүгінгі таңда біз жанның бүкіл қуатын тәнге жұмсап жатырмыз. Демек, өмірлік баланс бұзылды. Бұған сау, таза ақыл ғана таразы бола алмақ.

Бабалардың ілімін жаңғыртып, кейінгі жастарға жеткізуде алтын көпірге айналған ойшыл, ұстаз, ғалым Омар Жәлелұлының Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп ілімін талдауы әдебиетіміздегі үлкен жаңалық дер едім. Қазақ елінің түкпір-түкпірінде еркін ойлы оқырмандары қалыптасқан ағаның еңбегі ұшан-теңіз. Тек ол әлемге еніп, жүрекпен ұғып ғибрат алу, әр адамның өз рухани деңгейіне байланысты болмақ.

Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар