Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ербол Бейілхан: Көңілсіздеу қол бұлғаймын құстарға...

10.09.2019 5834

Ербол Бейілхан: Көңілсіздеу қол бұлғаймын құстарға 12+

Ербол Бейілхан: Көңілсіздеу қол бұлғаймын құстарға - adebiportal.kz

МУЗАҒА СЫР

Күрсінейін...
жирен күзге барайық, жүрші деймін!
Ай нұрына шағылған дидарыңнан,
Қайың-тағдыр жүрекпен бір сүйейін!

Қайың – жүрек...
Көңіл сынық, жүр ме екен Айым жүдеп!
Өкпе артып тірлікке не қыласың,
Жорға өмірде жүрістен жаңылды көп?!

Жорға өмір...
Жабы көрдім жол бермес жолда небір!
Сен ақсұңқар құс едің қақ қанатты,
Тоты құсқа жарасар тордағы өмір.

Кейіпкерім...
Көктем іздеп, күзім де еліткенім!
Өлең болған жылдарға өкінбеймін,
Есімді ал, есер ет, еліт мейлің!..

***


Неге, неге күз мезгілі осындай,
Қалды солай сағынышым қосылмай.
Жамалыңды көрсетпеді жарық күн,
Дидарыңды менен кеше жасырды Ай?

Қалай-қалай тергейді бұл уақыт,
Менің аппақ арманымды құлатып.
Сен біреуге сезіміңді сыйлай сал,
Мен біреуді қалайыншы ұнатып...

Сезім қайда, кезің қайда тасынған,
Жаныма кеп, жанымды өртеп басылған.
Көңілсіздеу қол бұлғаймын құстарға,
Жылы жаққа ұшып жатқан басымнан.

Бәрі де өтер, оған кімді күндеймін,
Енді мүмкін түсіне де кірмеймін?!
Қайтқан құстар көктем алып оралар,
Маған көктем кім сыйлайды білмеймін?..

***

Жанымның таба алмас емін,
Ғашықтық ұрттаған құсам.
Мен сені сүйе алмас едім,
Сен жұртқа ұқсаған болсаң.

Жан едің, жамалың бөлек,
Шуағын төкті... қаладым.
Жаралған ақылың ерек,
Ешкімге ұқсата алмадым.

Жүректің көзі... жарық етіп,
Сыр-сандық ашылды қоймам.
Бойыңда бір мін жоқ етіп,
Жаратты шебер қол – Аллам!

Кербезім, нұр алау, керім,
Сағынып, құс болып ұшам.
Сен мені сүйе алар ма едің,
Мен жұртқа ұқсаған болсам?

***


Өлеңім қайда кетті, қайдан келді?
Жүрегім бір ғажайып арманға ерді.
Ұшып жүр мені айналып көбелектер,
Қия алмай жасаурап тұр айнам мені.

Сен бе едің, асыл қалқа өлең деген,
Талдырып жанарыңды елеңдеген.
Шөліркеп бір көңілден су ішпесе,
Тоттанып қалады бұл өнер деген.

Өлеңім қонды қайта, үркітпейін,
Қауызын жаңа жарған бүршіктеймін.
Аққудың ақ төсінен тоят алып,
Қалықтап шыңға қонған бүркіттеймін.

Қайтадан қомдайын бір қанатымды,
Қуанып сені көріп бала сынды.
Күз келсе сағынышқа шомыламын,
Қалқатай, тауса берме тағатымды...

... Өлеңім қайда кетті, қайдан келді?
Жүрегім бір ғажайып арманға ерді.
Ұшып жүр мені айналып көбелектер,
Қия алмай жасаурап тұр, айнам мені.

***


Қызық па тірлік: армансыз, ойсыз, қиялсыз,
Бақыт екен-ау, біреуді сүю қылаусыз.

Қаптаған сәтте: ел, жерін сатқан кіл арсыз,
Үміт сыйлайды бір жанға сену күмәнсіз!

Дүние мынау, айналдырғанда ұршығын,
Алдамас мені, секемшіл, сезім түйсігім.

Ми деген екшеп керексіз жане керегін,
Жүрекке ұйып, жүрекпен жүріп келемін.

әлемнің сырлы жұмбаққа толы дерегін,
Ақынға біткен үшінші көзбен көремін...

Төбеге қонба, аспандай асқақ ойларым,
Иір-қиыр боп тауларға қосыл жолдарым!

Қызық па тірлік: армансыз, ойсыз, қиялсыз,
Бақыт екен-ау, біреуді сүю қылаусыз.

***


Енді қайта қосылар ма жолымыз,
біле алмаймыз оны біз!..
Бұл жүректің кісінері анық қой,
Сені аңсап... торы күз.

Біздің жүрек сағыныштың мекені,
Баста қиял жетеді...
Бақыт деген: бұлдырық құс секілді,
Жақындасаң ұшады да, кетеді.

Ал, бақытты бола ма екен сатуға,
бола ма екен атуға?..
...Өлеңдерін: андай, мұндай, сондай деп -
ренжуге бола ма екен, ақынға?..

Күн батады, ай туады қияқты,
Өмір заңы тұрақты.
Бүгін тағы астаң-кестең көңілім,
Мені ешкім түсінбейтін сияқты!..

***


Ғапыл - дүние! Қалт ете түссең тайғақ-ты,
Шақшалы шалдар, әжелер қайда оймақты?
Қайындап қайтпай, төркіндеп келмей қалған жоқ,
Мекендеп жатыр жер бесік деген аймақты.

Өткенге көз сап, ойланып жүрме бүгінгі ұл,
Қызыл-жасылды екі айналмайтын ғұмыр бұл.
Аулақта қалып, сағым ораған көк торғын,
Сағындырасың, есіме түсіп құлын - жыл!

Сәйгүлік - жылдар, шаң жұқтырмаған шашаға,
Арқан тастамай, құрық сілтемей қашады ә?..
Сері жігіт деп, қыз сүйген бетті, күз сүйді,
Арда көңілім, арыныңды бас, боса ма!?

Таралғым - алтын, болғанмен күміс үзеңгі,
Күп-күрең болған сағынышым бар күз өңді.
«Арғымақ аунап түк қалған» елдің ұрпағы ек,
Тегіне тартар ақыл айтпайық біз енді...

Ғапыл - дүние! Тоқсан тараулы, тайғақ-ты,
Бұл біздің ғасыр - еркіндігіммен ойлантты!..
Сан мыңдап өріп, сайынды жүрсің мекендеп,
Саялы жұртым, қумаңдар енді, сайғақты!

***


Ерке ұлдың үкі таққан кепешінде,
өмір тұр жарасымды.
Таулардың бұлт шөгетін өркешіне,
мұңайып, Ай асылды.

Көне тоз жүкаяқтың оюында,
әпкемнің сыры қалған.
Мүлгіген қара түннің қойынында,
сыңсиды сынық арман...

Әжемнің күмістелген сандығында,
Ақырет жасырулы.
Бір рет өкпе айтпаған тағдырына,
Атам-ай, ғасыр үнді.

Көненің бәрі көшіп өздеріңмен,
қобыздың сазы қалды.
Дүние жалыққан жоқ өзгеруден,
ессіздің «көзін» алды.

Тіршілік мінгізіп ап пырағына,
тербетіп арман бесік.
Жауап жоқ менің мың сан сұрағыма,
барады жалған көшіп...

БІР ТАУ КЕРЕК АЙ ДИДАР АСТАНАҒА...

Көңілімді қайтемін тау іздеген?
Әр адамның ойындай аспан ала.
Руxтанып қайтатын жаны ізгімен,
Бір тау керек ай дидар Астанаға.

Көк кілеммен етегі көмкеріліп,
Арманы асқақ ел едік, ертеңі - үміт.
Айға қарап көл жатса төңкеріліп,
Еркем жүрсе шығарып ерке қылық!

Биігіне үйіріліп бұлт қонақтап,
Бүйірінде қалғымас қала жатса...
Жұма күнгі тірлігін жұрт аяқтап,
Тауға қарай ағылып бара жатса...

Қарағайы, қайыңы, шынар ағаш,
Самсап тұрса өң беріп түсіменен.
Тауға қарап марқайса қалың алаш,
Тауға қарап ұл өссе кісінеген...

Көз ұшында көрінер дара болып,
Түлеп жатса бусанып қыран далам.
Жел жағына қаланың пана болып,
Қолдан соқса бір тау деп қиялданам!

...Көңілімді қайтемін тау іздеген,
Әр адамның ойындай аспан ала.
Руxтанып қайтатын жаны ізгімен,
Бір тау керек, ай дидар Астанаға...

ҚҰЛАЗУ

Ғажайып күндер қолын бұлғап,
Мойныма жылдар асылып.
Алдыңғы толқын ойын бұлдап,
Кейінгі толқын асығып...

Күрең жал күннің кекілі желбіреп,
Күрең тағдырлар кісінеп.
Сеніп ек жұрттың бәрі мөлдір деп,
Кісі еместі кісі деп.

Кісінеп жеткен арғымақ көңіл,
Қаласың кейде күрсініп?
Құпия бүккен балбалдар небір,
Бозінген тариx исініп.

Кеңдікте өскен кереге қанат,
Қырандай құзда түлеген.
Қалалық қамыт жанымды қажап,
Менде бір жүйрік жүдеген...

КӨКТЕМ

Мың бір шебер кестелеген бізбенен,
Көктем, көктем ізгі өлең.
Келген құстың әуенінен ұялып,
Киінеді түзде емен.

Шебер Тәңір, оюлаған зерделеп,
Ай барады дөңгелеп...
Сарыарқадан қашып жүрген көктемді
Ұстап алдық кермелеп.

Құйсын нөсер, бозала аспан гур етіп,
Жердің үрпі дір етіп.
Қысты жеңген ашулы аспан жылап тұр,
Дүниені түлетіп.

...Мың бір шебер кестелеген бізбенен,
Көктем көшер...ізбенен.
Жанымызға жаз жайдары болғанмен,
Сұлу өлең Күз деген.

***


Көбелек қар, жерге қонған көбелек,
Ақ қанатын қаға кеп.
Ақтың бәрін бұл күндері аяимын,
қоғам күйе жағар деп...

Дүние аппақ, қар жамылған дала аппақ,
Ұшқындайсың далақтап.
Ертең біздер топыраққа сіңеміз,
...күнтізбені парақтап...

Көбелек қар, қонба жерге ұшып жүр...
жерде көбі ісіп жүр.
...Жанымның бір көбелегі бар еді,
Түсімде кеп құшып жүр...

...Көбелек қар...

БАҚ СҰРАДЫМ БАРМАҚТАЙ

Айнымасам деген ем, тамырдағы тәлімнен,
Бақ сұрадым бармақтай баянды ет деп, Тәңірден!

Мен Қазақпын: болмысым жүрегіммен, қаныммен,
Неге жүру керекпін, біреу берген әмірмен?

Ұлтым ұлық болса екен: Жаратқаннан тілегім,
Көңіл толмай көп жайға ауырып жүр жүрегім!

Тауға қайдан шығарсың, әрекетсіз «шүкірлік»,
Қауға сақал өсіріп, «қор қызы» деп күпіндік...

Аш тауықтың арманы – түсте көрген тарыдай,
Қазынаға жерім бай, халқым отыр жарымай...

Салт-дәстүрмен алыстық, күл қоспайтын күндестей,
Қалай адам боламыз, сөз бен амал үйлеспей.

Көпіреміз сөз берсе шетімізден көсемсіп,
Қурай басын сындырмай құр сөйлейміз шешенсіп.

Сылдыр-сылдыр сыңғырлап жатқа кетті-ау,Сырғалар,
Қарағайдай мүйізді алжып кетті «құлжалар!..»

Арызданып «Ел» деген ерді сатып жатырмыз,
Хан базардың қызғаны-ай жерді сатып жатырмыз.

Болашақ жас ұланды тәрбиелеп бөксемен,
Экранды толтырдық ыңырсыған бөспемен.

Шындық шықса шырылдап, мылтық атып жасқадық,
Болашақтың биігін тілмен шешіп тастадық.

Ертегі естіп, ой қумай өсіп жатыр ұландар,
Биігіне шықпады, қас таланттар, қырандар!

Қашан төрге озасың, Ана тілім, ардағым,
Есейесің сен қашан, ергежейлі арманым?

Таң қалмасқа бола ма, жабы біткен додашыл,
Жарты қоғам жағымпаз, өлеңші көп одашыл,

Құлдық сана иектеп, сүйекке өтті-ау, бодандық,
Оян, сана, оян жас, оянбасақ жоғалдық!..

Жат мақтаса жақынды дұшпан көріп ісіндік,
Қазаққа дос тек қазақ, соны кештеу түсіндік!

Түлкі бұлан дүние-ай, тырмысып тал қармаймыз,
Өзімізді өзіміз «өмір ғой» деп алдаймыз!..

Қайран еркін ойларым: мойындағы көгенге өш,
Ақиқат пен шындықсыз көсегеміз көгермес!

...Айнымасам деген ем, тамырдағы тәлімнен,
Бақ сұрадым бармақтай баянды ет деп, Тәңірден!

Суреттер ашық интернет кеңістігінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар