Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Әділбек Ыбырайымұлы. Дос туралы бір үзік сыр...

12.09.2019 6070

Әділбек Ыбырайымұлы. Дос туралы бір үзік сыр 12+

Әділбек Ыбырайымұлы. Дос туралы бір үзік сыр - adebiportal.kz

Көптен бері құрдасым туралы жазуды ойға алған едім... Бір қызығы, журфакта бірге оқыған жігіттердің барлығы дос болып кетеді. Ол менен бір курс жоғары оқитын еді, әрі ақындығымен дүйім жұртты аузына қаратқан көркем жігіт. Қыздар ма? Қыздар екібастан ғой... Сұңғақ бойлы, ат жақты, қияқ мұртты, аялы тұңғиық көздері, қап-қара мөлідей қайратты шашы қарындастырды селт еткізбей қоймаған. Және онысын өзі жақсы біледі, үпір-шүпір қаракөздер қайшалысқан дәліздер мен залдарда алшаң басады. Жанында марқұм Табылды, иманды болғыр Бауыржан (Үсенов), заманауи телевизияшы Арман, қазіргідей саясатқұмар емес сауыққұмар Әміржан және көптеген ығай мен сығайлар ұйлығыса шұбырады.

Екеумізді әуелі жақындастырған өлең, сосын отбасылық жағдай. Ол мектепті бітіре салып оқуға түскен екен де, журфакта бір жыл оқып әскерге аттаныпты. Мен әскерден кейін оқуға іліккенде, ол отан алдындағы борышын өтеп, екінші курсқа оралды. Әуелден үйіндей болып кеткен факультетте қысылмай-қымтырылмайды, еркін. Аңқылдаған, адамды жатсынбайтын мінезімен баурап, аз уақытта жақын достарға айналып кеттік. Сол достығымыз күні бүгінге дейін жалғасып келеді.

Біз көрген өткен ғасырдағы сексенінші жылдардың екінші жартысы әдеби шараларға толы еді. Журналистика факультетінің Мұхамеджан Сералин атындағы әдеби бірлестігі көшпелі академия сияқты. Оны талантты жазушы, марқұм Есжан Айнабеков басқарады. Апта сайын жинап ап, шығармаларымызды талқыға салады. Бас төрешілеріміз сабырлы да салиқалы бесінші курс студенті Бауыржан Омаров, одан кейін үшінші курста оқитын Амантай Шәріпов сияқты өзге де білгірлер. Олардың тарапынан жылы сөз естіп қалу – жарты бақыт.

Осындай өлеңді талдаған, әдебиетті сөз еткен жиындар мен жыр кештері көп болатын дәурен еді. Сондай жыр кешінің бірінде менің досым қаумалаған топтың алдына шығып, жұдырығына бір жөткірініп, сосын, көмірдей қара шашын оң қолымен сол жағына қарай қайырып тастап, өлең оқитын.

Жақсыны даттап – жоқ қылдық,

Жаманды мақтап – көптірдік.

Қанденге қасқыр алғызып,

Құмайға тышқан соқтырдық.

Жалғанның жалған екенін,

Қос мүшел жасқа кеп білдік.

(«Жүректегі ақынның жазбалары» кітабы, 5-бет)

Ақтамберді жыраудың арынымен осы өлеңді жазғанда ол 21-лердің шамасында. Өмірдің кереғарлығын сол кезде аңдап, жақсыларға қарағанда жамандардың аты озып шығатынын кескінді суреттеген. Көптіріп, мақтап-мақтап қандендерді бүгінде «арлан» жасап жүргеніміз жасырын емес. «Терең су үнсіз ағады» дегендей, ұстамы мықты таланттылар үнсіз ғана әдебиетке еңбек етіп жүр. Томаға тұйықтықтың бір жаманы – олар назардан тысқары қалып қойған. Шығармшылық ұйымдар да, тобырлар да қасақана қатарға қосуға құлықсыз. Әркім барып жатқан сырттағы жиынды былай қойғанда, елдегі әдеби жиындарға да шақырмайды. Өнер адамын өлтіргің келсе, көпе-көрінеу елемей қою... Сосын, кеуде ұрып, көкірек жыртуды хош көрмейтіндер бұйығы мінезімен бүгінгі тірлігін қанағат тұтады.

Ауырып жүрмін, түсімде Өлең көріп,

Жазылмаспын жалғанда мен емделіп.

Өмір сүріп келемін өлең үшін,

Көрінбейтін бір күшке көгенделіп.

Жиып-теріп жоқ-барды тізбектедің,

Сияр еді жүз жолға жүз беттегің.

«Өлеңіңді сүймесе өлемін» деп,

Қорқытпашы, оқырман қыз деп пе едің.

Лермонтовтың жасына лезде кеп,

Лепіріп, түк айтпаппыз түрі өзгерек.

Айға да азу

біледік ақымақ боп,

«Ақын аға, – дегенге, – мінез керек».

Тірілте алмас секілді Абайды актер,

Бізден ақын шықпас-ау, абайлап көр.

Талай дәптер жоғалды.

«Ішкен жанның

Бәрі Мұқаң болмайды».

Солай депті ел.

Жұтармыз-ау арақты жұта алғанша,

Не жұбайдың жүйкесі жұқарғанша.

Мұқаңдарша мұңайып отызға кеп,

Ұлы бола алмаппыз Мұқаңдарша.

Отызында өліпті Сергейді алсақ,

Сергей, Сергей!

Не арман бар сендей болсақ.

Бізге еліктеп жүрмесін кейінгі жас,

Өліп кетіп, кенеттен өлмей қалсақ!

(сонда, 77-бет)

Ол Жұмекен Нәжімеденовті терең ойлы өлеңдері үшін өте қастерлеп, биікке қойып келеді. Әр жолында тұтас бір ғұмырлық пәлсапа жататын жыр шайырын олай қастерлемесе болмас.

Солдан оңға қарай Табылды Досымов, Бауыржан Үсенов, Рая Абдуллаева, Әубәкір Сымайылов, Арман Сқабылұлы, Болатбек Қожанов және екі жігіт.

Жарасқан Әбдірашевті ұшқыр да өтімді өлеңдері мен олардың әралуан нұсқасы үшін төбесіне көтере құрметтейді. Шынында да Жарасқан ақынның ұйқастарының өзі бес, алты, кейде жеті, сегіз буыннан тұрады. Тіпті, шумақтың бірінші қатары екінші қатарымен тұтас ұйқасып отырады. Сосын Жұматай, Есенғали, Байбота, Мейірхан, Ұлықбек ағаларының сөз саптастарына тамсана тәнті болады.

Тұманбай Молдағалиевтің «Студент дәптері» жыр жинағын құлай оқыды. Риза болғаны сондай «Тұма-ағаның бұл кітабы не бәрі 22 жасында жарыққа шығыпты, сонда ондағы дүниелері жиырмаларында жазған өлеңдер ғой... Шіркін, осыдан кейін ол кісі өлең жазбай-ақ қоюы керек еді немесе жастай өліп кеткенде, мінсіз қалпында қалар еді» деген ойын опынған халде бірнеше қайталағаны жадымда...

Бәлкім, осындай ұстанымға ертеден бекінгендіктен болар, өзі де өлең жазуды доғарғанына ширек ғасырдың ауқымы болып қалды. «Жүректегі ақынның жазбалары» деген бір ғана кітап шығарды. Оны да өзі емес, өлең сүйер қауым кітап етіп ұсынды. Анықтамасында «Кітапқа автордың әр жылдары жазылған және республикалық басылым беттерінде жарияланған туындылары енгізілді» деп көрсетіпті.

Мүмкін, дарынды досымның жазбай кетуіне мемлекет қалыптасудағы өтпелі кезеңдегі өләра шақтың аласапыраны әсерін тигізді ме екен? Өйткені, үлкен өмірге араласар шақта қайта құру дәурені шарықтап кеп, кеңес өкіметінің күйреген тұсына дөп түстік. Қолымызға диплом алып, таңертеңгі ақыл түске ас болып жарымайтын ашкөз қоғамның ортасына мидай араластық. Жанашыр жан жоқ, ал баспана екібастан... Мемлекеттің өзі қайда бет бұрарын білмей сансырап қалған. Базарлар мен дүкендер сөрелері жылан жалағандай... Ал көшеде аңырып, сеңдей соғысқан ел...

Бір айтпай кетпейтін нәрсе, тұрмыстық тауқыметтің салдарынан менің қатарластарымның бәрі жазуды тастап, күн көрістің қамымен ақша төлейтін жақтарға лажсыз ауысты. Екінші жағынан, отбасын асырау үшін қуана ауысты. Досым да Қазақстан қорғаныс министрлігінің офицері болып шыға келді. Әйтеуір, сосын, бірер жылда пәтер тиіп, көшпелі өмірінен құтылды. Бірақ, ақынның шығармашылық өмірі қым-қуыт әскери саланың бодауына байланды. Үлкен бір талант иесі шығармашыл бағытын үзді. Өкінішті...

Кездесу

Қызықты бізге ел сонда,

Қызғанар менде жоқ әдет.

Екі жас үлкен болсаң да,

Еркелеуші едің «аға» деп.

Әйтеуір әлем болды әсем,

Дария бойы, тымық түн.

Есіңде бар ма, әлде сен,

Әлде сен бәрін ұмыттың.

Ерніңнен сүйіп мен еппен,

Деуші едім: «мәңгі біргеміз».

Кенеттен, иә, кенеттен,

Бөлініп кетті іргеміз.

Өзгерді өмір, жаңғырды,

Жадымда сол бір оқиға.

Жат жұрттық болып, жан құрбы,

Жөнелдің мәңгі-бақиға.

Күдікті білмей жүріпті,

Жақсыға құмар жас көңіл.

Біздерді тосып тұрыпты,

Басқа ошақ, Басқа үй, Басқа өмір!

...Арада өтті алты жыл,

Сергітіп сәл-пәл қайғыны.

Төңірек түгел алқызыл,

Көшеге шықтым май күні.

Тәрізді тағдыр тар қамау,

Кездесу қиын десе де.

Сол күні, жолым болған-ау,

Жолығып қалдық көшеде.

Өзгерген өңің сәл ғана,

Күлкің бе?

Күлкің – бұрынғы.

Сүйдім мен қысып, толғана,

Сені емес, сенің ұлыңды!

(Сонда, 47-бет)

Ол ұлдың сол сәтте қаншада екенін біз білмейміз. Білетініміз, шағын өлеңде тағдыр мен драма жатыр. Ару бейнесіндегі поэзиялық кейіпкер оның шығармашылық жолы сияқты, кенеттен айырылып кетті... Өлеңді оқып біткенде өзегіңде әлдебір өкініш қалады. Жүрегің мұңға сазып, сыздағанын аңғарасың.

Өлеңнің миссиясы да сана мен жүрекке салмақ түсіру ғой. Бұл жағынан оның дүниелері мүлтіксіз барып нысанаға дөп тиеді. Сондықтан да қазақ поэзиясының Фаризасы оны өте жақсы көрді, ілтипаты ерекше еді. Ол кісінің үмітін ақтап, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының тұңғыш лауреаты атанды. Ал бүгінде «Дарынды» кім алмай жатыр...

Кеше ғана өткен Азия елдері қаламгерлерінің І форумында ақын Олжас Сүлейменов «Ақылды адамдардың қатары күрт қысқарды, инттелектуалдар сарқылды, әдебиет қожырады» депті. Солайы солай шығар. Негізінен, мұндай ойды қалыптастырып жатқан, отардың алдында жүретін топ ешкі сияқты селтеңбайлардың шығармалары ма деймін... Нағыз ай мүйізді ақ қошқарлар қалыңның ортасында тоқкөңілмен, самарқау жүрмейтін бе еді. Ал олардың туындылары насихатталып, назарға ұсынылмайды. Егер оқылғанда, бәлкім, «әдебиет жоқ» деген жаңсақ пікірдің жолы кесілер ме еді...

Маймыл туралы аңыз

Қорлық-ай бұл,

Келбетім бар деді екен өңді қайбір,

Абайсызда қолына айна түсіп,

Алғаш рет өз-өзін көрді маймыл!

«О, Тәңірім, осынша шебер ме едің,

Бізден басқа әйтеуір жоқ ермегің.

Тіл тартпай-ақ өлер ем титтей жерім,

Ұқсас болса мынаған егер менің», –

депті маймыл.

Бұл – бірі көне аңыздың,

Естігенбіз аузынан анамыздың.

(Жаңамыздың көбісі көне дүние,

Ұмыт қалған қуысында санамыздың).

Кей әзілдің іш-тысын сезбей неге,

Күледі адам, мұны жәй сөз ғой деме.

Аңыз-аңыз, әйтсе де оқасы жоқ,

Оңашада қарап ал өз бейнеңе!

(Сонда, 6-бет)

Жиырмасыншы ғасырдың соңындағы «жоғалған буын» әдебиетке деген әділдігінен айныған жоқ және бойындағы тектілігін де таныта алды. Сондықтан олар бір кітап жазып тастап, еңбегін міндетсіне өлермендікпен өршеленбейді, даңғаза қумайды, атақ іздемейді.

Күні бойы сөз етіп отырған Әбубәкір досым соның нақты дәлелі. Ол кітабының бірінші бетіне:

«Мен ақын емеспін. Абай айтпақшы «өлеңге таласым» да жоқ. Бірақ, әр адамның жүрегінде бір ақын өмір сүреді деген әдемі аңызға имандай сенемін.

Менің де жүрегімде бір ақын өмір сүруші еді, соның саңқылдаған дауысы көптен бері естілмей кетті, қайда жүр екен?..» деген пікірін қалдырыпты.

Әбубәкір Смайылов бір кезде топты жарып жарқ етіп шығып назарда жүрді де, бірте-бірте ізі суып, қалың нөпірдің ішіне сіңіп кетті. Бірақ, оның түсіне өлең еніп, маза бермейтінін білемін...

Өлілер туралы естелік жазу, олардың шығармасын түгендеу тірілерге тән нәрсе. Ал, көзі тірі ақынды жоғалту – қоғамның үлкен күнәсі болса керек... Ертеректегі немістің бір кезде ауызға ілініп, кейін ұмыт болып қалған жазушысы Лафонтеннің тағдырын ешкімге жазбай-ақ қойсын.

Алайда, «Өнерде өліп кетіп, пенделердің арасында өлмей жүру» қаншама қасірет екенін, былайғы жұрт біле бере ме екен.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар