Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Жомарт Оспан. Катонқарағай қайырымдары...

03.10.2019 6401

Жомарт Оспан. Катонқарағай қайырымдары 12+

Жомарт Оспан. Катонқарағай қайырымдары - adebiportal.kz

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы» деп атап өткен болатын. Соған орай «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасы жасалғаны белгілі. Оған Қазақстанның табиғи ландшафт объектілері, археологиялық және архитектуралық ескерткіштер, ерекше ардақ тұтатын діни нысандар және тарихи тұлғалардың және саяси оқиғалармен байланысты киелі орындары енген болатын. Сол тұрғыда еліміздің шығыс қақпасы – өр Алтай, оның ішінде Катонқарағай жері елімізге ғана емес, әлемнің көптеген елдеріне етене таныс. «Қазақстанның киелі жерлері» тізіміне мұндағы Берел қорымы, Мұзтау шыңы енген. Аталған орындар бүгінде тұрақты саяхат, альпинизм орнына, зерттеу нысанына айналған.

1. Қалихан Ысқақтың інісі

Биыл ғайыптан тайып ғажайып табиғат мекені, қазақ байтағының қиыры – Алтайға, Катонқарағайға жол түсті. Бірінен бірі бой асырған әсем таулар, басына бұлт ілінген құзар шыңдар. Бәрі-бәрі әр тараптан шығып, айналып келіп ерке Ертіске құятын Бұқтырма бастаған Бүркіт, Қабырға, Күлмес т.б. сияқты ағынды өзендер. Қарағай, қайың, самырсын, терек басқан түкті таулардың баурайынан бастау алып, сылдырап емес, арқырап, бұрқырап ағып жатқан сансыз бұлақтар. Осынау жердің жұмағына айбын беріп, түнеріп тұрған алып жартастар, тылсым тарихтан тамыр тартатын түрлі тұнжыр қойтастар. Көз суырады, көңіл толқытады. Қарай бергің, тамашалай бергің келеді, осынау тіл жетпес сұлулықты жанарыңа, санаңа барынша сіңіріп алғың келеді. Алтай туралы Жерұйық іздеген әлем жиһангерлерінің қалам тартпағаны кем де кем екен. Оның сыртында, Алтайдың барша көркем көрінісі мен киесін, тым асқақ тәкаппарлығын талмай жазу, жырлау, суреттеу үшін бұл өлке халқымызға Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімханұлы, Әлібек Асқаров сынды сұрапыл сөз зергерлерін сыйлаған. Олардан асырып не жазғандайсың?!.

Сол ыңғайда Катонқарағайға бет алғанда біз де жарытып жаза алмаспыз, тамсанудан әрі аса алмаспыз, тек «Қалиханның Топқайыңын», «Оралханның Шыңғыстайын» көрсек, арман не?» деген ой жетегінде болған едік. Сабақты ине сәтімен деген, ат басын бірден ауыл іргесінде орналасқан «Топқайың» сауықтыру-демалыс кешеніне тіредік.

Топқайың! Қазақ прозасының қара нары атанған қаракөк қаламгер Қалихан Ысқақтың туған жері. Болашақ жазушы үлкен өмірге осынау айналасына топ-топ қайың өскен алақандай ауылдан қанаттанған. Балалық шағы, бозбала дәурені отты, аласапыран жылдарға тап келген ол ерте есейген. Алдындағы жасы үлкен аға-әпкелеріне қолқанат болып өскен.

Қалихан Ысқақтың інісі Сайлаухан аға

Ауыл шетіндегі мешітке бас сұғып, аруақтарға құран бағыштап шыққан соң, біз осында тұратын жазушының інісі Сайлаухан ақсақалдың үйін бірден таптық. Жасы сексеннің сеңгіріне жақындап қалған ақсақал әлі тың, сергек екен. Өсіп-өнген ұрпақтарының ортасында бақуатты тіршілік кешіп жатыр. Бізді бар бала-шағасымен, жақсы ілтипатпен қарсы алды. Сайлаухан ағай бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз. Алматыда оқып, қазақ тіл-әдебиеті пәнінің маманы атанған соң, туған ауылына оралып, осындағы орта мектепте табан аудармай еңбек еткен. Ауыл мектебінің суығына тоңып, ыстығына күйген. Сандаған жылдар сорабында мыңдаған шәкірттер тәрбиелеп шығарған. Ел мен жер тарихына аса жетік, өткен өмір, кешкен бейнет, көшкен ел туралы шебер әңгімелей біледі. Әңгімені Қалихан ағаймен туыстығынан бастады.

– Біз өзі негізі үш ағайындымыз. Үлкеніміз – Қалихан, ортаншысы – Роза, кенжесі – мен. Дегенмен біз Роза екеуіміз ғана бір бауыр болып өстік. Себебі, анамыздың әкесі Ысқақ пен шешесі Күләштің үш қызы болыпты да, ұлы болмапты. Ысқақ ортаншы қызын тұрмысқа бергенде: «Менің қолымда тұрасыңдар. Бірінші сәбилерің ұл болса оған таласпайсыңдар, менікі болады. Алланың алдына дейін» деген екен.

Бұрын қазақтар бала асырап алғанда, мүмкіндігінше жаттығы жоқ өзінің ағайын-туыстарының немесе ең жақын деген адамдарының баласын бауырына салып алған ғой. Онда да «Ақыретке дейін» не «Алланың алдына дейін» деп алған. «Ақыретке дейін» деп алған баланың қайтыс болғанда жаназасын өз әкесінің атынан шығарған да, «Алланың алдына дейін» деген баланың жаназасын сол асырап алған адамның атынан шығарған, оған ешқандай талас болмаған.

Анамыз да, барша туған-туысқандар да, бүкіл ауыл адамдары да Қалиханды Ысқақтың баласы деп кеткен. Қалихан маған «жиен» деп әзілдейтін. Нағашы әжем Күләш: «Мен Қалиханды жеті жасына дейін емізгенмін» деп отыратын. Әжеміз 1949 жылы қайтыс болды. Қалиханды шешеміз Зағимен бірден емізген екен. Қалиханға қырық күн толмай Күләш апамның төсінен сүт шығып, содан ол түбегейлі сол кісілердің асырауында, бауырында болған. Біз бір үйде өскенмен, екі отбасының баласындай едік. Шешем Қалихан туралы өмірден өткенше бір ауыз сөз қозғаған жоқ.

Қалихан пайғамбар жасынан асқан соң жыл сайын жаз шыға Топқайыңға келіп жатып, Алматыға күз түсе, күн суытқанда бір-ақ қайтатын әдет тапты. Алғашында апайым Розаның үйінде болатын, кейіннен өзі үй тұрғызып алды. Бұл жөнінде екеуіміз бір оңаша әңгімелесіп отырғанда: «Мен сенің үйіңде неге жатпаймын? Оның бірнеше себебі бар, ең бастысы мына Қалихан қартайғанда бауырын тауып алды деушілер шығады. Елдің барлығы бірдей емес, сан саққа жүгіртеді. Жалпы айтатын көп хикая бар, оны кейін бір айта жатармын» - деген де қойған. Сол әңгіме ақыры айтылмай кетті...

Қалихан жас кезінен-ақ жақсы қырынан танылды. Ұқыпты, іскер, шаруашылыққа, әр нәрсеге бейім болып жетілді.

– Бала кездегі бір көрініс жақсы есімді қалыпты, - дейді Сайлаухан ағай. – Қалихан қолшанамен отын әкелетін. Сол отынды әкеле салып бұтақ болса бұтақтың, томар болса томардың үстіне ұқыптап тұрып тап-тұйнақтай етіп жинап қоятын. Жылда шабатын шабындық жерін айтсаңшы! Кейін көп жылдар сол жердің шөбін мен шауып жүрдім. Көлденең жатқан бір бұтақ, бір томар, тіпті көртышқанның үйме топырағы да жоқ болатын. Қолғабыс еткен адамдар қызыға шауып, мұндай шабындық жер бұл маңайда жоқ деп, Қалиханды мақтаушы еді. Үй шаруашылығына керекті саймандарды өзі баптап, саптап, дайындап, жұтындырып қоятын. Студенттік кезеңнің алғашқы жылдары да елге келіп, қыстыгүні даладағы шөпті қораға тартып беруші еді.

Мені тартпамен шөп шабуға үйреткен де Қалихан болатын. Тартпаны қалай шыңдау, қалай жану керектігін көрсетіп, жұмыс барысында шөлдемеудің жолдарын айтатын. «Шөлдемеу» демекші, мені кішкентай кезімде сол шабындыққа алып барушы еді. Өзі шөп шауып кетеді де, мені қайың көлеңкесіне отырғызып, жаныма арпа көже құйылған торсықты қойып кететін. Сол көже біткенше күтіп отыратынмын. Бертін келе көже біткен соң қашып кететін болдым. Өйткені, жолды жақсылап жаттап алдым ғой. Кешке келгенде мен тайсақтап, қашқалақтап жүремін. Сонда ол бір уыс бүлдірген немесе бір топ сындырып әкелген қарақатын ұсынатын да «ертең көрсетемін, өзің теріп жейсің» дейтін. Амалсыздан шыбынға таланғаныма қарамастан, ертеңінде соңынан еретінмін...

Жазда демалуға келгенде қолына қалам ұстамайтын. Оның жөнін сұрайтындарға: «Мен демалуға келдім, жазуға келгенім жоқ» дейтін. Расында да, шығармаларының барлығын Алматыда үйінде немесе санаторийлерде жатып жазған еді. Қалиханмен бірге мұнда көптеген жазушылар, достары келіп тұратын. Солардың ішінде Әкім досы табиғатты тамашалаумен бірге жазуға да үлгеріп жүретін. Екеуінің арасындағы әзіл-шыны аралас, қоспасы көп әңгімелер естеріңде шығар...

«Туған жер бала кезіңнен бастап, кейінгі көп нәрсенің барлығын есіңе қайтадан оралтады. Бір сөзбен айтқанда, ауыл кітаптың беті сияқты. Соны қайтадан оқып шыққандай боласың. Табиғаттың ортасында отырып, қолма-қол, дәл сол уақытта ештеңе жазбайсың. Ауылдан ұзап шығып, елден алыстап кетіп, сағынып отырып жазамын»,- деген екен жазушының өзі, туған жері туралы берген сұхбаттарының бірінде.

Алматыда 60 жылға жуық тұрған жазушы өмірінің соңғы кезеңінің көп бөлігін туған ауылында өткеріп қана қоймай, «Өлсем, мені Алматыға тастап кетпеңдер, алып келіп, мына Қоңқайдың бауырына жерлеңдер» деп аманаттаған екен. Айта кету керек, Топқайың ауылының тұсындағы Қоңқай Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесінде суреттелетін Қоңқай тауы емес, Алтайда бірнеше Қоңқай тауы бар көрінеді. Біз сол Қоңқай тауының баурайындағы қара қорымға жерленген жазушының басына барып, арнайы құран бағыштадық. Осы жерде отырып Сайлаухан ағай бір өкінішін айтты:

– Қалиханның сырқатының беті бері қарамасын білгеннен ауылға алдыртуды, ақтық демінің осы жерде үзілгенін қалап едік. Бірақ Дәмеш жеңгеміз де, балалары да оны құптамады. Өздерінің қолдарынан, Алматыдағы қара шаңырағынан шығаруды жөн көрді. Ол да дұрыс шығар... Мұндағы жаназасына сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған атқамінерлер, ақын-жазушылар болса-болмаса, көп келді. Алты Алаш Қалиханды Ысқақ деп таниды ғой, дегенмен құлпытасына, туған әкесін қосып, жақша ішіне болсын Қалихан (Қабатайұлы) Ысқақ деп жаздыру керек пе еді деп те өкінемін кейде..

.

Біз өз тарапымыздан көкейімізге келген бір ойды іркіп қала алмадық. Қалихан аға да, Катонқарағай кентінің кіре берісіндегі қорымда жатқан жазушы Дидахмет Әшімханұлы да көп бейіттің ішіне жерленген екен. Уақыт өте келе қалың қорымның арасында қалатын түрі бар. Кейінде басына тәу етуге келген адамдардың іздеуіне, табуына қиындық тудыратыны көрініп тұр, қазірдің өзінде солай... Алтайда не көп тау көп, биік көп. Аталмыш саңлақтар көпшіліктен бөлініп барып, бір қыраттың басына неге оқшау жерленбеді екен, әттеген?!

Топқайың мектебінің ауласындағы жазушының кеудемүсіні

Жазушы Қалихан Ысқақтың ауылдағы қазақ орта мектебінде шағын мұражайы бар екен. Соны аралап көрдік. Қаламгердің өмірі мен еңбек жолы туралы жан-жақты мәлімет алып, жазушының шығармашылығы мен өзі ұстаған жеке заттарымен таныстық. Қайсыбір жылы мектеп ауласына, Катонқарағай кентінің қақпасына қойылған келісті Қаратай батыр ескерткішімен қатар, жазушының бюсті орнатылыпты. Мектепке жазушы Қ.Ысқақ атын беру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Сондай-ақ, болашақта жазушының Топқайыңда тұрған үйін мұражайға айналдыру жоспарланып отыр екен. Жазушы ескерткіші жанында отырып Сайлаухан ағай белгілі сөз зергері Асқар Сүлейменовке күйеу бала бола жаздаған «қызығын» да әсерлі әңгімелеп берді.

– Алматыда оқып жүрген кезім еді. (Сөз арасында айта кеткен жөн, Сайлаухан ағай ҚазМУ-дің филфагында қазақ поэзиясының жұмбақ жұлдызы Жұматай Жақыпбаевпен, жазушы Нұрқасым Қазыбеков т.б. бір топта оқыпты). Бір күні қос жазушы Асқардың қарындасы мен екеуіміздің басымызды бір жерге қосып, Асқар салған жерден: «Біз сендерді үйлендіргелі отырмыз. Шешеміздің рұқсатын әзер алдық» деп қойып қалды. Асқардың сүйегі қожа ғой, оның үстіне анасы Айтоты аса мінезді, айбынды адам болған деп естиміз. Біз не дегендейміз? Бір-бірімізге қарап үнсіз отырмыз. Бұрыннан таныстығымыз, сыйластығымыз болатын. Отырыстан соң біз оңаша, бөлек кеттік. «Ағалардың айтқанына қалай қарайсың? Бір түйткіл – мен ауылдағы шешемді тастап мұнда келе алмаймын, дұрысы – шешем мені жіберер-ау, өзі келмейді. Ал сен алыс ауылға бармайсың ғой...» дедім мен. Қалиханға келіп жөнімізді айттым. Содан ауылға кетіп қалдым. Бір жылдай тосқан екен, кейін тұрмысқа шығып кетіпті. Мен де бақытымды ауылдан таптым...

Біз сол күні Қалихан ағайдың өз қолымен тұрғызған үйіне түнеп шықтық. Сайлаухан ағайдың баласы, бүгінде ауыл мектебінің директоры Айдын айтады:

– Қалихан атаның ауылда болғаны бір дәурен еді. Кешкілік, ел орынға отырған соң мені шақырып алып, үйдің алдында, мына орындықта отырып әңгіме-сыр шертуден жалықпайтын. «Айдың нұрына, жұлдыздардың сәулесіне көзімді суарып, дем алдыртып отырмын» дегенді жиі айтатын. Ол кезде ненің мәнісін білгендейміз? Кейде ұшы қиырсыз ұзын сонар әңгімесінен жалығып та кетуші едім. Қазірде ойлап отырсам, сол әңгімелер таусылмас, таптырмас тағылым екен-ау...

Дастархан басында Сайлаухан ағаның немересі, 7-8 жасар Айхан жазушы қайтыс болғанда ақын інісі Ұлықбек Есдәулет шығарған, «Қаламы Қалиханның қайталанбас, қадірін тіл жеткізіп айта да алмас. Алтайдың мұзбалағы қайта қонбас. Өзіңдей жарық жұлдыз қайта жанбас. Қалаға, Сізді оқысам арқа қызған, қаншама шәкірт өрді қалқаңыздан?! Дәл Сіздей бұл қазақта кім бар еді, тілімен жүрегіңе бал тамызған?» деп келетін аза жырын жатқа оқып берді. Атасына қатысты тағы басқа да біраз өлең-жырларды жатқа біледі екен. Айханның екінші аты Жанкөбек екен, Қалихан атасы қойыпты. Жанкөбек – арғы бабалары болып келеді. Бірақ Қалағаң қойған ат қосарланып жүріп, жазушы көз жұмған соң, ата-анасы қойған Айхан аты ғана қалыпты.

Біз түнімен ұйықтамай, Қалихан ағаның осында жинаған кітаптарын ақтардық. Көпшілігі ескі, көнерген, авторларының қолтаңбасы қалған жәдігер кітаптар. Мәселен, жазушы Қ.Жұмаділов «Соңғы көш» романының 1974 жылы шыққан алғашқы басылымына: «Абылайдың әкесіне Арманның әкесінен ескерткіш» деп қолтаңба жазыпты.

Сөз жоқ, төр Алтайдың төл перзенті Қалихан Ысқақ өзі өлсе де, артына атын өшірмейтін өшпес мол мұрасын қалдырып кеткен классик жазушы. Оның «Менің ағаларым», «Бұқтырма сарыны», «Қоңыр күз еді», «Күреңсе», «Дос хикаясы» повестер жинақтары, «Тұйық», «Қара орман», «Ақсу – жер жаннаты» атты романдары бүгінге қазақ әдебиетінің асыл қазынасына айналған.

1967-1972 жылдары жазушы «Қазақфильм» киностудиясында Олжас Сүлейменов, Әкім Тарази, Асқар Сүлейменов, Сайын Мұратбековтермен бірге жемісті еңбек еткен. Олар бірлесе жұмыс істеп, қазақ киносына жаңа леп әкелген. «Қазақфильмнің» бір кезеңі сынды «Сарша тамыз», «Ұшы-қиырсыз жол», «Күзет бастығы» фильмдері осы жылдары түсірілген.

Топқайыңдағы қорым. Қалихан Ысқақтың құлпытасы

1992 жылы «Ақсу – жер жаннаты» романы үшін ҚР мемлекеттік сыйлығына ие болды. Жазушы әдеби сын, театр сыны, эссе жанрында, публицистика, саяси-әлеуметтік тақырыпта 100-ден астам мақала, очерктер жазды. Оның шығармаларының көркемдік құнары өз алдына, төгілген тіл, ішкі ырғағы ерекше. Қазақ әдебиетіндегі Жүсіпбек Аймауытовтың дәстүрін, осы тіл құнары жағынан да жалғастырған жазушы Қалихан Ысқақ деген орныққан пікір бар. Жазушының жекелеген шығармалары өзбек, қырғыз, тәжік, татар, башқұрт, шешен, орыс, украин, словак, болгар тілдеріне аударылды. Өзі де аударма саласында да көп еңбек етіп, Толстойдың, Чеховтің, Тургеневтің, Куприннің, Буниннің шығармаларын тәржімалады. Нобель сыйлығына ие болған 7 драматургтің пьесаларын қазақ тілінде сөйлетті.

Қалихан Ысқақтың драматургия саласына сіңірген еңбегі де зор. Оның «Қараша қаздар қайтқанда», «Таңғы жаңғырық», «Есеней – Ұлпан», «Жан қимақ», «Саботаж», «Қылкөпір», «Мазар», «Ерліктің екі сағаты», «Приказ остается в силе», «Двое в степи», «Апатай», «Жөке-жөкетай», «Сайқының тұқымдары» пьесалары республикамыздың көптеген театрларында қойылды.

Топқайыңдағы Қалихан Ысқақтың үйі. Інісі Сайлаухан, Сайлаухан ағаның ұлы Айдын, келіні Ақгүл

Жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған зерттеулер, танымдық мақалалар, тұщымды ой-пікірлер көп. Өзі өмірден өткен соң, солардың басы қосылған «Қара сөздің хас шебері» деген жинақ та жарық көріпті. Біз сөз түйінінде соның бір-екеуіне тоқтала кеткенді жөн көрдік.

«Бір Бұқтырманың суын іш­кен Оралхан мен Қалиханның әдебиет туралы шешіліп әңгімелескенін көрген кезім сирек. Екеуі қатар отыра қалған кез­де көбіне тілге тиек етерлері ел мен жер­дің жайы, қара шаруаның қамы ғана болатын. Ал оңашада Оралхан маған: «Қазақтың уыздай нәрлі, тас бұлақтай таза тілі қазір санаулы ғана жазушыда қалды ғой. Солардың арасында Қалиханның жөні тіпті бөлек. Сөздік қорының ересен байлығымен қоса, оны бейнелі, бедерлі пайдалануы қандай! Бұған және біріне-бірі қайталамас кейіпкерлер об­разын қос, әрқайсысы бір-бір тип. Ал та­биғатты суреттегенде... алдына жан сал­майтын жалғыз қара – тағы да Қали­хан шығар» дер еді». Бұл – катонқарағайлық тағы бір танымал қаламгер, өмірден ерте озған Дидахмет Әшімханұлының жазбасы.

«Менің әдебиеттегі ғана емес, тұтас ғұмырымдағы рухани арқа тұтар ағаларым ретінде жазушылар Қалихан Ысқақ пен Оралхан Бөкейді ерекше айтар едім. Бұл екі қаламгер де қазақ әде­биетіндегі өзіндік орындарымен ұлтымыз үшін, барлық кезеңдегі ұрпақтар үшін үлгі мен өнеге мектебі болып қала бермек. Қалихан – әдебиетіміздегі үлкен тұлға. Қалихандай қазақ тілінің қаймағын сарқып ішкен жазушы бізде сирек, тіпті жоқтың қасы. Қалихан сияқты қазақ тілінің құдіретін, қазақтың қара тілінің мәйегін ішкен адам санаулы екенін бәрі мойындайды»,- деп жазады қайраткерлік қажыры мен қаламгерлік қалыбын қатар ұстаған жайсаң жазушы Әлібек Асқаров.

Ауыл көрінісі

«Алтай түске дейін адамға шапағын бүр­кіп дем салады, аруағын көтереді, түстен кейін көкірегіңді басып, пысымен қорқытады. Алтай түске дейін күліп отырады, түстен кейін күңіреніп отырады. Мінезі осындай. Шамырқанып тас­па, шамаңнан аспа дегені де…» Бұл – жазушының туған жер туралы кезекті бір толғауы. Осы қысқа үзіндінің өзі-ақ оның ойлау, жазу тәсілі қазақтың сөз өнеріндегі мол мүмкіндігін, қанатының кеңдігін, тамырының тереңдігін көрсетіп тұрғандай.

2. Оралхан Бөкейдің досы

Катонқарағай жеріне табаның тигеннен көкірегіңді бір жылы шуақ, жақсы әсер кернейді. Көркем табиғат, келісті көріністер өз алдына, осы өлке туралы ертелі-кеш оқыған, естіген хикаялар, аңыз әңгімелер көңіл түкпірінде күмбірлеп, қиялыңды қиян биіктерге бастайды. Міне, мынау Өрнек ауылы... Бұл Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» новелласындағы Өркен ауылы ғой. Арай атты студент қыздың жолдан түсіп қалып, кішкентай ауылы мен күре жолдың ортасында қасқырға жем болатын жері...

Оралхан Бөкей жеріне барлауды, жөніне бойлауды Катонқарағай кентінің орталық бөлігіне орнатылған жазушы ескерткішіне тағзым етуден бастадық. Ескерткіш жазушының 70 жылдығына орай орнатылған екен.

Катонқарағай кентінен 25 шақырым әрі орналасқан Шыңғыстай ауылының бүгінгі екінші атауы – Оралхан ауылы. Ауылдың кіре берісіне «Алтай жыршысы» деп әспеттеп жазып, жазушының суретін бейнелеп қойыпты.

Шыңғыстай! Алтайдан ұшқан Алаш ұл, қазақ көркем сөзіне қормалы олжа салған ұлы суреткер, жер ортасына жетпей қыршынынан қиылған қайран Оралханның туған ауылы ғой бұл... Ауылға аяқ басқаннан жазушы шығармаларының мазмұнын, кейіпкерлерінің бейнесін санамызда жаңғыртумен болдық. Осы ауылда Оралхан туып-өскен, үлкен өмірге осы аядай ауылдан қанаттанған деген ойдың өзі көңіл толқытады. Ауылды қоршаған биік таулардың аңғарынан, айналып аққан өзендердің арнасынан да жазушы шығармаларының сұлбасын іздегендейсің. Көшеде кездесе қалған әрбір жасы ұлғайған адамды Оралханмен бірге өмір сүрген, сәлем алысып, амандық білісіп тұрған деп сезінудің өзі қандай ғанибет! Ауылдан шығып, орманды тауға беттеп бара жатқан анабір салт атты «Тоқадан қалған тұяқтың» тұяғы емес пе екен? Астындағы мінгені «Тортай мінер ақбоз атқа» келіңкірейді... Мына бір қойтастың үстінде Күлпәш ана ұршығын иіріп отырды-ау кезінде... «Албания, шалбариясын» айтып тыныш жүрген Құмарды ағызып әкететін арынды Бұқтырма өзені ауыл іргесінде буырқанып жатыр. «Сайтан көпір» сонау тұста, Алатай қыстағы мына таудың арғы жағында деп жөн айтады ауыл тұрғындары. Жазушының жақын достары жайын сұрастырған едік, «Қар қызындағы» үш тракторист жігіттің екеуі әлі күнге осы ауылда тұратынын білдік. Аманжан ағай әлдебір шаруамен сапарлап кеткен бе, үйінде ешкім жоқ, қара құлып тұр. Нұрлан ағайды үйінен таптық. Бақсара жеңгеміз екеуі бізді аса бір жылы шыраймен қарсы алды. Нұрлан ағай «Қар қызындағы» тракторшыдан бөлек, «Мынау аппақ дүниеде» повесіндегі, «Шұғыла» әңгімесіндегі Нұрланның прототипі... Жазушының бала кезден бірге өскен жан жолдасы.

– Оралханмен бала күннен, тіпті ес білмейтін кезден бірге өстік, - дейді Нұрлан аға. – Бөкей мен Сейтен – менің әкем, үй арасында үй жоқ, көрші тұрған. Содан, өздерің де бала болдыңдар, екі үйден екі қара домалақ бала қатар шығады. Ойынымыз, ұрыс, егес, төбелесіміз бір дегендей. Бірінші классқа да бірге бардық. Ол кез соғыстан кейінгі жоқшылық, тапшылық кезең. Оралханның бір шығармасында: «Бардың қадірін сезіну үшін жоғалту керек екен, тоқтықтың қадірін білу үшін ашығу керек екен» деген жолдар бар. Сол сөз – сөз! Қолымызда шешеміз матадан тігіп берген дорба – сөмке. Оның ішінде кітаптарымыз, сия сауытымыз, шешеміз жүрек жалғайсың деп салып берген қара нан қатар жүреді. Кейде сия төгіліп қалады. Киетініміз – әкеміздің етігі, күпәйкесі. Біз өзі он-он екі бала, бір толқын қатар өсіп жетілдік. Бесінші сыныптан бастап қазірде мұражайға айналған мектепте оқыдық. Майдангер Ахмадин Найманғали деген ұстазымыз болды. Қатал адам еді, ұрып-соғатын өзімізді. Біз де дұрыс болмадық, білем.

Мен үйдегі он баланың үлкені болдым. Әкейдің бір-екі інісі бар еді. Оралхандар – төрт қыз, бір ұл. Бөкей ақсақалдың үш інісі, үш қарындасы бар, алты отбасы бірге тұрды. Он-он бас адам бір бөлмеде қатар жата беретін. Қазіргі ұрпаққа мұндайды қанша айтсаң да сенбейді, түсінбейді, түстеріне де кірмейді.

Сөйтіп, ерте есейдік, еңбекке ерте араластық. 13-14 жастан бастап үлкен жігіттерден қатар жұмыс істедік. Жаз шыға мына Шабанбай деген шабындықтан қоғамдық малға жемшөп дайындау науқаны басталады. Біз сонда алғашында пагонщик болдық. Күрке, қос тігіп алып, жаз бойы сонда жататынбыз. 15-16 жасымызда ат шалғысына ауыстық. Бертін келе ДТ-54 тракторлары келіп, шөпті тіркеме косилкамен шабатын болдық. Бұл кезеңдегі оқиға Оралханның «Шұғыла» әңгімесіне арқау болған. Онда өзінің атын өзгертіп алып, менің атымды сол күйі қалдырыпты... Бір жыл шөп тасыдық, ол кезде стогометатель деген жоқ, шөпті қолмен артатынбыз.

Жазушы Оралхан Бөкейдің досы – Нұрлан Әкімбаев

Оралханның әдебиетке, жазуға деген құштарлығы мектеп қабырғасында жүргенде жақсы білінді. Біз мұғалімдерді сыйлап, қорқып оқыдық қой. Ұстазымыз Нұрғазин Жомартхан деген мықты әдебиетші адам болды. Алматыдан ҚазМУ-ді бітіріп келген. Баршамызды, оның ішінде Оралханды туған әдебиетіміздің тұма қайнарларынан сусындауға, кітап оқуға бейімдеді. Әйелі Рәбиға деген, Әмина Өмірзақовамен бірге оқыпты. Осында әртістер келіп тұратын сол кісілерге.

Оралхан әуеліде ақын боламын дейтін. 5-6 сыныптан бастап жазған-сызғандарын мұғалімдерге көрсете бастады. Ол кезде қабырға газеті деген бар, соған тақпақтары шығатын. Жалпы, мұғалімдерге жақын болды. Жаңағы он-он екі баланың ішінде қара күші мығым мен едім. Содан маған «шойынқұлақ» деген кличка берді, Оралханды біз «қиқар» дейтінбіз. Өйткені, ол ешқашан сұраққа дұрыс жауап бермей, кері сөйлеп, кекеп, мұқап, менсінбей тұратын бәрімізді. Ауылдың бай кітапханасы бар еді, Оралхан соның бәрін оқып тауысты. Аса қымбат «Жұлдыз» журналы, «Лениншіл жас» газеттерін үзбей жаздырып алатын. Одан оқыған дүниелерін, алған әсерлерін менімен бөлісетін. Кейде түн баласы ұйықтамай, есік алдында, көше кезіп жүріп әңгіме соғатынбыз, сыр шертісетінбіз. Біз айтпаған әңгіме, ашпаған сыр қалмаған шығар, сірә...

Мектеп бітірген соң бәріміз әскер қатарына алынып жатқанда, Оралхан әскерге бармады. Бала кезінен аурушаң, кеудесінде дімкәсі болды, сондай-ақ аяғында да жарақаты бар еді. Еңбек жолын мектепте пионервожатый болып бастады. Кейін аудандық газетке ауысты. Алғашында әріп теруші болып, кейін сатылап өсті. Қаламы қарымды журналист ретінде танылды. Содан терең ойлы, кең тынысты очерк, мақалалары белгілі жазушы, редакторлардың көзіне шалынып, республикалық газеттен бір-ақ шықты ғой. Ол жөнінде аз жазылған жоқ. Оқуды да сырттай оқып тауысты. Алматыға орныққан соң мені де оқуға шақырған еді. Бірақ мен бара алмадым, ауылда айналып қалдым. Механикалық курсты бітірген соң осында механик, бригадир, бөлімше басқарушысы болып еңбек еттім.

Оралхан үйленгенде мен күйеу жолдас болдым. Ауылда комсомолдық той жасадық. Алғашқы әйелі Айман қара торының әдемісі, көзі мойылдай, көркіне мінезіне сай, аса бір парасатты жан еді. Бөкей ақсақал жалғыз ұлының тойына барын салды, тойды дүркіретіп өткізді.

Оралхан аса өнімді жазушы болды ғой. Жазған әңгіме, хикаяттары, повестері бірінен соң бірі шығып жататын. Кейіпкерлері негізінен осы Алтайдың адамдары. Жазушы дегендеріңіз оқиғаны сол күйінде баяндамай, қиялға ерік беріп, қосып, өзгертіп жібереді емес пе?! Осы ыңғайда мен кейбір шығармаларын түсінбей, қабылдамай, келіспей, баяғы достығымызға басып, өзімсініп, Оралханмен дауласып та жүретінмін.

Оралхан көп дүниелерін осы Шыңғыстайда жатып жазды. Жаз болса, еңбек демалысында курорт-санаторий жағаламай, ауылға тартатын. Әкесінің ескі-құсқы киімдерін киіп, жанына біз сияқты достарын ертіп, тау-тасты атпен аралаудан жалықпайтын. Бір жолы маған костюм алып келіпті.

– Өзіме деп алып ем, кеңдеу екен, сен маған қарағанда етжеңділеусің ғой, сен ки, - дейді. Мен салғаннан «алмаймын» дедім.

– Неге?

– Күні ертең костюмді жарқыратып киіп шықсам Нұрлан Оралханның костюмін киіп алыпты демей ме?

– Онда тұрған не бар? Сөзді қой да ки!

Сол костюмді мен бес-алты жыл киіп, тоздырдым. Осы жайды өткенде Шымкентте әңгімелеп беріп едім, сол костюмнің жұрнағы бар ма деп жата жабысқандары жергілікті жігіттердің...

Айта кетелік, Оралхан шығармашылығының жанкүйерлері, табынарлары жер-жерде жетіп артылады ғой. Соның бірі, бүгінгі тілмен айтқанда Оралханның «фанаты», шымкенттік Дулат Назарбекұлы Әбіш деген мың болғыр азамат 2009 жылдан бері осында тұрақты түрде келіп кетіп жүр екен. Нұрлан ағайды Шымкентке Өскемен арқылы ұшақпен арнайы алып барып, оқырмандармен кездесу өткізіпті. Ағайды Оралханның көзіндей көкке көтеріп, барынша сый-сияпат көрсетіпті.

Дулат Назарбекұлы – кәсіби журналист, баспагер, бүкіл елімізге танымал тұлға. Еңбек жолын мұғалім болып бастап, кейінде түбегейлі журналистика саласына ауысқан. Тілші, ұзақ жылдар түрлі басылымдарда редактор болып қызмет еткен. 2000 жылдан бері – аймақтық «Айғақ-медиа» ЖШС-нің президенті.

– Оралханның қазасы бүкіл халықтың қабырғасын қайыстырған оқыс оқиға болды ғой... – деп сөзін жалғады Нұрлан ағай. – Алдында, мамыр айында аудан басшылығы маған хабарласып, осы күзде досыңыз 50-ге келеді. Соған қазірден қам жасайық, ауылды абаттандыру, көріктендіру жұмыстарын қолға ала беріңіз деп тапсырма берген. Қайғылы хабарды естісімен аудан басшысы мен аудандық газеттің редакторы маған жетіп келіпті. Қара шаңырағына барып, апайларына көңіл айталық деді. Барсақ, олар естіп отыр екен – жылап, сықтау... Аудан басшылығы: «Сіз, машина дайын, бір жылқы, бес-алты қой артып алып, Алматыға жолға шығыңыз. Туған-туысқандары арнайы автобуспен барады» – деді.

Алматыға жеткен соң марқұмның мәйітін көру үшін, Ақселеу, Төлен, Кәдірбек, тағы басқа да достары бар, бір топ жазушымен бірге кірдім. Жүзі аппақ, үлбіреп жатыр екен. Қасымдағы адамдар шығып кеткен соң да, қимай, көңілім қобалжып отырып қалған екем. Бір жігіт кіріп: «Кімі боласыз?» деп сұрады. «Бала кезден бірге өскен досы едім...» «Мұнда көп отырмаңыз, аға. Марқұмның денесі бальзамданған...»

Оралхан Кеңсай зиратына, батыр Бауыржанның бейітіне жақын тұсқа жерленді. Айман құрбымыз, алғашқы жары төменіректе жатыр екен. Басына аялдап, біраз тұрдым... Көз алдымнан естен кетпес есіл күндердің елесі, көп көріністер сырғып өтіп жатты.

Нұрлан аға, жұбайы Бақсара

Кезінде азаматтың қадірін білмей, кейін өкініп жүретін халықпыз ғой. Оралханның өкінішті өлімінен соң шығармаларын қайталап, тереңдеп оқуды қолға алдым. Оның ой орамдарына, сөз саптауларына, көп-көп нәрсеге өрем жетпесе де, тырысып, түсінуге талпынатын болдым. Мына Белқарағайдағы мектеп Оралхан атында ғой. Туған күніне орай, 28 қыркүйекте түрлі шаралар ұйымдастырылады. Сонда, басқа да жерлерге қазірде кездесулерге көп шақырады. Кездесулер барысында мен Оралханның шығармашылығынан бөлек, досымның адамдық бекзат болмысы, азаматтық айбыны туралы көбірек айтуға тырысамын. Оралхан – өжет еді, жаратылысынан тым асқақ, тәкәппар еді. Аса ұқыпты болатын, үсті-басына қылау түсірмейтін. Ескі-құсқының өзін үтіктеп, таза ұстайтын. Одан кейін, он бес-он алты жастан қыздарға көз салу, қырындау деген басталады ғой. Оралхан керісінше, анау-мынау қыздарды менсінбей, үстінен қарап жүретін. Бұл қасиеттер оған тумысынан дарыған. Қаратай ішінде Ұзақ болады бұлар, ата-бабаларының да шақарлықпен, өзгеше мінез-құлықтарымен аты қалған...

– «Мынау аппақ дүниедегі» Нұрлан жөнінде не айтасыз, аға?

..

– Ой, ол да ұзақ, бір қызық хикая. Бізге әдетте медик, механик, агроном, радист деген мамандар сырттан келеді ғой. Бірде сондай агроном болып неміс қызы келе қалды. Шашы алтындай жарқырайды, көзі көкпеңбек. Сырт сымбаты қандай?! Алыс ауылдағы қара қазақтар үшін хор қызындай елестеп, есімізді алды. Содан біз, он бес-он алты жасар бозбалалар сықсиып көз айырмаймыз әлгіден. Повесте өзінің ішкі сезімдерін, жан толқынысын маған таңып жіберіпті Оралхан... Кейіпкерлерінің ішінде қазірде ортамызда жүргендердің бірі – «Бәрі де майданда» суреттелетін Орынбай, мына көрші ауылда тұрады.

Нұрлан ағайдың өмірлік жары Бақсара апай бүкіл саналы ғұмырында денсаулық саласында істеген, ауылда акушер болған. Осы өңірдің жартысынан көбісінің кіндік шешесі. Апай:

– Оралханның жөні бөлек еді ғой, – деп сөз қосты. – Оның әрбір елге келісі біз үшін бір мереке еді. Ол келді дегеннен қонақ етеміз деп әбігер бола бастаймыз. Ал Оралхан болса арнайы шақыруды күтпей, жетіп келіп тұратын кейде, сағынады ғой. «Бізге не шақыру керек?» дейтін. Дастархан басында шашын сілкіп тастап отыратын келісті кейіпі күні кешегідей көз алдымда...

Сөз соңында Нұрлан ағай бүгінгі ауылдың мұң-мұқтажын да айтып қалды:

– Кезінде осы ауылда үш жүзге жуық түтін болушы еді. Қазірде оның жартысына жуығы ғана қалды. Ел көшіп жатыр... «Біздің жақта қыс ұзақ» – жеті айға дейін созылады, оның үстіне қатал. Тұрмыс, тіршілікке аса қолайсыз, екінің бірі шыдай бермейді. Ауылымыздың жай-күйі кетіп-ақ тұр...

Ауылдың осындай бет ажары Оралханның қара шаңырағы, бүгінде мемлекеттік сыйлықтың лауреаты О.Бөкейдің мұражайына айналған үйдің жайынан да байқалады. Үй иесіз, күтімсіз. Алдына орнатылған жазушы бюстінің де сыр, сыны кетіп қалыпты. Оған қарағанда осыдан екі жыл бұрын қайтадан қалпына келтірілген мектеп-мұражайдың ғимараты сәнді, сәулетті көрінді. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын дәл осы Шыңғыстай ауылында Шығыс Қазақстан өңіріндегі алғашқы қазақ мектептерінің бірі бой көтерген екен. Білім ордасын өз қаржысына Шыңғыстайда 25 жыл болыс болған, Ресейдің Мемлекеттік думасына екі мәрте делегат ретінде қатысқан Әбдікерім Ережепұлы салдырған. ХХ ғасырдың басында бұл мектепте Әбдікерім болыстың арнайы шақыруымен алаш ардақтысы, қазақтың көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров сабақ беріпті. Осындай тағылымды тарихы бар қара шаңырақ Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында қараусыз қалып, быт-шыты шығып, бұзылып, тек іргетасының орны ғана қалған екен. Катонқарағайлық азаматтар мектептің ашылғанына 100, Әбдікерім Ережепұлының туғанына 150, Алаш Орда үкіметінің құрылуының 100 жылдығына орай тарихи ғимаратты қалпына келтіруді ұйғарыпты.

Оралхан Бөкей тұрған үй

Сұлтанмахмұт дәріс берген білім ордасында Оралхан Бөкей, Баламер Сахариев, Бошай Кітапбаев, Сәрсен Аманжолов, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімхан сынды қазақтың небір тұғырлы тұлғалары тәлім алған. Көсем сөзімен, ұлан-асыр білімімен ел мерейін асырған аптал азаматтарды түлеткен тәрбие ошағын қалпына келтіру – баршаның парызы болса керек. Мектеп-музей бірнеше бөлмелерден тұрады. Оның бірі Әбдікерім Ережепұлына, екіншісі Оралхан Бөкейге арналған. Үшіншісі сол замандағы сыныпты бейнелейтін жеке бөлме ретінде ашылған. Бөлмелерді жалғайтын үлкен дәліз мектеп тарихы мен оның түлектеріне арналыпты.

Жалпы, Катонқарағай – сұлу табиғатымен ғана емес, шежірелі тарихымен де терең тамырлы, тағылымды. Бір ғана Берел қорғандарының өзі неге тұрады?! Ал Шыңғыстай – ұлы жазушының туған ауылы. «Алтайдың кербұғысы», «Мұзтаудың мұзбалағы» – О.Бөкей туралы сөз қозғала қалса осы эпитеттер ауызға алдымен түседі. Өр Алтай деген құнарлы табиғаттың тылсымына терең бойлап, оны өзінің өлмес туындыларына айналдырған көркем сөздің хас шеберінің көлемді, толымды шығармаларын былай қойғанда, кез келген ұсақ әңгімесінен, мақаласынан туған жеріне, тіпті оның әр бұта, қарағанына деген, жалпы адамзат баласына деген сарытап сағынышы сезіліп тұрады. Оның басты мектебі – осы айналайын ауылы, соның ақжүрек адамдары, Өр Алтайы, оның таңғажайып табиғаты болатын. Соған тамсануын тауыса алмай, таңырқауын түгесе алмай, өмірден тым-тым ерте озды. Қат-қат қабырғалы дүниелерін, жазып үлгермеген абадан кітаптарын өзімен бірге ала кетті.

Жазушы Алтайды, қоғам өмірінің сан түрлі саласында ерліктің үлгісін көрсетіп жүрген адамдарын тек өзіне ғана тән, алғаусыз пейілмен сүйе білді, суреттей білді. Олардың сан-салалы, қилы-қилы тағдырларын өзінің үлкенді-кішілі шығармаларына өзек етті. Жазушының қандай да бір шығармасын қолға алып, парақтай бастасаңыз оның әр бетінен ауыл иісі, ауыл тұрмысы аңқып тұрады. Асқар Алтайдың кербез табиғатын, тамылжыған сұлулығын Оралхан Бөкейдей сүйген, суреттеген жазушы сирек. Ол – ауыл сыртында жазылып тұрғандай, Алтайдың асқақ жыршысына айналған тума талант. Оралхан кейіпкерлерінің басты ерекшелігі – олар арманшыл, қиялшыл болумен бірге ойшыл, мұңшыл, жан дүниелерінде сағынышқа толы аңсау, шынайы сүйіспеншілік, шексіз ынтызарлық, үміт пен өкініш, сыбызғыдай сызылған сыр жатады. Олар: Нұржан («Қар қызы»), Қаршыға («Қайдасың, қасқа құлыным»), Аман, Ерік («Сайтан көпір»), Тасжан («Жетім бота»), Ақтан («Мұзтау»), Ақан («Бәрі де майдан»), Таған («Атау кере»), Қиялхан («Жасын»), Жеңісхан («Ұйқым келмейді») т.б. болып тізіліп кете береді. Аталмыш шығармаларды қайталап оқып отырып, солармен бірге сағынышқа толы белгісіз бір мұңға беріліп кеткеніңді өзің де байқамай қаласың.

Бір қаламгер жазушының Қиялханына елігіп, қиялдап: «Ел айтады: «Оралхан Бөкей тіпті де өлмепті. Ол түз тағысына – Кербұғыға айналып, Алтайдың құзар шыңдарын гуілге толтырып жүр екен...» деп толғаған екен. Біз де осы пікірге ден қоямыз. Ұлы жазушының өлмес туындылары тұрғанда, оның рухы да халқымен мәңгі бірге жасайды. Сол үшін де оның шығармаларына алтын арқау болған асқар Алтайға, аяққа құйған астай аяулы ауыл Шыңғыстайға жиі ат ізін салып тұру керек!

Жомарт ОСПАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар