Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Үміт Шарипова. Ұрпақты тəрбиелейтін туынды...

03.10.2019 4715

Үміт Шарипова. Ұрпақты тəрбиелейтін туынды 16+

Үміт Шарипова. Ұрпақты тəрбиелейтін туынды - adebiportal.kz

Қолымда мəңгілік махаббат жыршысына айналған қаламгер Əзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық, мол жылдар» кітабы. Мен үшін əр беті ыстық шығарманы сонау бойжеткен бұла шағымда жаным елжіреп, жүрегім тулап, жанарым қуанып, жүзім алабұртып оқығаным елестеп өтті...

Қайран уақыт!

Теріп бердің даланың гүлдерін де,

Сəл мұңайып сағынып жүргенімде.

Ақ қайыңға айналып кетер едім,

Жастығымның өтерін білгенімде..

– дейді қимас көңілім.

Арманға ұмтылған талай бойжеткен мен бозбаланың алғашқы ұяң, алау, пəк сезімдерінің таңғы шықтай мөлдір, тау суындай таза болып қалыптасуына ықпал еткен туынды ғой бұл! Мұқабасы тозғанша қолдан-қолға көшіріп, жастана жатып оқыған кітабың қайсы болды десе, дені қазақ осы шығарманы атаса таңданбаймын.


Өзін қазақпын деп танығанның жүрегіне нұр құйған туынды несімен құнды? Ол - жазушының адамгершілік қағидаларын көркем шығарманың қазығы етіп, махаббат дейтін ұлы сезімді асқан сүйіспеншілікпен аялай отырып, оқырманының жүрегіне жеткізуімен құнды! Шығарманың негізгі кейіпкерлері Ербол мен Меңтай махаббатының соншалық таза, шынайы суреттелуі жүрегі тастан жаратылған адам болмаса, елжіретпей, толқытпай қоймайды-ау! Керісінше, Ошақбаев сияқты тоғышар, қоғамды ірітіп жүретіндердің бейнесі жиіркеніш сезімін туғызады. Бүгін де ошақбаевтардың дəурені оңынан туып тұрған жоқ па?..Заман бұзылған жоқ, заманды бұзған өзіміз, адамдар! Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретін пысықайлар қаптады. Мұның бəрі рухани жұтаңдықтан, ізгілік тəрбиесінің ақсауынан деп ұғынуымыз керек. Кітапта сол заманның жақсы жақтарының бірі – адамдар пейілінің кеңдігі, қарапайымдылығы, кісілігі жарқырап көрініп, бүгінгіге арман болған ұят, ар, ынсап дейтін қасиеттердің жарқырай ашылуы туындының бағасын одан əрі асқақтата түседі.

Ербол мен Меңтайдың, оның замандастарының бойындағы адами қасиеттерді беруде айналасымен қарым-қатынасқа түсіру арқылы жақсы, жаманды қолмен ұстағандай əкеліп алдыңызға қояды, ой салады, адамгершілік, ізгілікке үндейді. Қаламгер мақсаты да осы. Талай буынды тəрбелеген туындының өміршеңдігі де осында. Тартымды оқиғалар шығарманың өнбойында шиеленісе түсіп, оқушысын еш жалықтырмай, көркем де шебер тілмен баяндалады.

Жазушының миссиясы да сол - еңбегінің жүректерге жетуі ғой. Міне, нағыз өміршең туынды деп осындай еңбектерді айтса керек.

Романды оқи отырып алған əсерім - жас, албырт шақта оқығандағы көңіл күй таудан сарқырап құлай аққан тау суындай алапат болса, осы күндері оқығаным теңіз бетіндегі майда толқындардың самал желмен ақырын ғана ойнағанындай сезім сыйлайды екен.

Сонда менің көңілім не дейді?.. Жастық – өзінше бір əлем. Жастықта бəрі əдемі, жарасымды. Жас шақта алған білім де – өмірлік ірге тас. Білім мен еңбектің, адалдық пен жауапкершіліктің, достық пен сыйластықтың жастық кезеңде тамыры тереңге бойлаған болса, кейін өміріңе нəр, бойыңа қуат, жаныңа нұр себетінін көңіл таразысында қорытасың, түйсігіңе тоғытасың, ойға қаласың. Сондағы ойлағаным: қазір біз қандаймыз? Өз ішімізге үңіліп жүрміз бе? Адами қасиеттерімізді жоғалтып алған жоқпыз ба? Сүю, сүйікті болу үшін де адамгершілік керек, бойыңдағы мінез-құлқыңды тəрбиелеу үшін білім керек. «Сүйекке сіңбеген тəрбие – тəрбие емес» деп қорытады жазушы.

Кітаптың тұла бойы тұнған тəрбие сабақтары! Меңтайдың апасының айтқандары ше? Оқисың, толғанасың, сүйсінесің, күйінесің, еріксіз елжірейсің, тіпті көзіңе жас аласың...Сен де оқы жас буын! Əзілхан ағаның «Ұл-қызым, саған айтам» деген ақыл-кеңесін тауып оқы, санаңа сіңір, түйсігіңе тоқы, жас дос!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар