Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Тыныштықбектің мұңы...

09.10.2019 6503

Тыныштықбектің мұңы 12+

Тыныштықбектің мұңы - adebiportal.kz

Ақынның табиғи жұпар мұңынан өлең жаратылады. Жанын ұқпас мыңнан алыстатын да сол мұңы, биіктететін де. Кейде ақынды мұңымен өлшеу керек сияқты. Мұңды қайғымен шатастыруға болмайды. Біз мұңнан емес, мұңсыздықтан қорқуымыз керек. Осыны жете ұққан Қадыр ақын: «Мұң дегенің жақсылардың еншісі», - дейді. Ал жыры да, мұңы да бөлек Тыныштықбек ағамыз мұңды тіптен басқаша қабылдайды.

Көз жасың арқылы көрген өмірің – мұңлы әлем.
Көз жасың кебе салысымен... жынды әлем.
Егер, таңдау керек болса,
мен күліп жүрген адамдарды емес,
жылап тұрған сыбызғыны тыңдар ем.

Мұң – ақынның шабыт күйі. Транс. Шығармашылық хал. Сол мұң сезімінің нәзік пернесін түртіп қалғанда жүрегі сөйлеп қоя береді. Тыныштықбек әлемі – терең түйсіктің әлемі. Мұңы да ешкімге ұқсамайды. Өзі бір өлеңінде айтқандай: «Мұңым да – пенделердікінен басқа мұң». Сондықтан күліп жүрген адамдардың сөзінен, жылап тұрған сыбызғының үнін артық көреді. Себебі сол шынайы, сол кіршіксіз, сол терең.

Мұңы болмаса, ұмтылмас еді Күнге өркен.
Мұңы болмаса, назданбас еді күнде еркем.
Мұңлы әлем ғана – қасиетті.
Мұңлы өлең ғана – тым көркем.

Осы уақытқа дейін мұң жайлы толғанбаған ақын кемде-кем шығар. Қалам ұстаған жанның мәңгілік серігі де сол мұң. Мұңының бояуы өлеңге сіңеді. Қасиетті де, көркем болмағының да сыры сонда жатыр.

Мейлі, нәресте болып іңгәла.
Мейлі, ардақ тұтсын сені кіл дана.
Жаныңды мәңгі өлтірмес
табиғи жұпар –
– мұң ғана.

Ақынның ұғымында мұң жаныңды мәңгі өлтірмейтін қасиетке де ие. Мұңданғанда кейде бала болып та іңгәлайды, кейде дана болып та дүниеге бір қарайды. Әсілі, өлең сөзден құралса да, сөзбен өлеңді түсіндіру мүмкін емес. Өлең құрап та жазылады, шабытпен құйылып та түседі. Сом алтындай құйылып түскен өлең – құдірет! Әйгілі Біржан салдың:

«Домбыра күйі келер бұрауменен,

Келмейді сөз жүйесі құрауменен», - дейтіні сондықтан.

Сөз өлең болып жүйесін тапқанда бір жарық нұрға айналып кететіндей. Санаңа сәуле болып шашырып, кеудеңе ыстық сезім болып құйылады.

Әрине, бір Құдайдың барына ел сенер.
Сірә, жиі-жиі жылап та жүреді Сол Шебер...
МЕН ТАМҰҚТЫ ҒАНА АҢСАП ӨЛЕРМІН,
ЖҰМАҚ ТА МҰҢСЫЗ БОЛСА ЕГЕР.

Ол тіпті мұңсыз жұмақтан тамұқты артық көреді. Бұл түйін бұған дейін айтылмаған кесек түйін. Тыныштықбек ақынға ғана тән терең толғаныс. Ақын осы жолдарымен-ақ мәңгілік. Әрине ұққан адамға.

Арман Шеризат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар