Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Зылиха Жантасова. Екі әңгіме...

12.10.2019 6103

Зылиха Жантасова. Екі әңгіме 18+

Зылиха Жантасова. Екі әңгіме - adebiportal.kz

СҮЙІСПЕНШІЛІККЕ СҮРІНГЕН

Табалдырықта келіншек керенау тартып, тапжылмай ұзақ тұрды. Кенет бойды тоңазытар салқындық сезінді. Үйдің ішін әлдене іздегендей аласұра қарап шықты. Тізесін бүкті де, жан-жағына алақтады. Жоғалтқан кісісінің жылуын іздеп отыр екен. Мүлгіген тыныштық оған қателіктерінің жазасындай сезілді. Өткен күннің естелігі жүдеген жанын жұбатпаққа тізіліп өте берді.

Жанатбекпен ең алғаш танысқанын есіне алды. Күлімсірегендей бір рең жүгіріп өтті. Мейірімге шөлдеп жүргендіктен, жылы сөйлегеннің құлдығына айналуға іштей даяр еді.

Жалдамалы пәтерде тұрғанына көп болған. Сенбі, жексенбі жамбаспұлдық пәтерін тастай қашып, ауылға асығатын. Иә, сондай кезекті жолсапарының бірінде, қалаға қайтар жолда Жанатбекті кезіктірген. «Жол үсті – тағдыр» дегені рас шығар. Жолайрықта тұрғанда, жанына жеңіл көлік тоқтай қалды. Айнасынан бұған көз тастаған көлік иесінің тым жүдеулігін бір қарағаннан аңғарып үлгерді. Үйіне дейін жеткізіп салып тұрып, өзінің жалғыздығы жайында, отбасылық өмірінен зәразаптығын жәйімен ұқтырған. Дауысы жыламсырағандай еркектің қолына көзі түсті. Неке жүзігін қарамақшы, себебі отбасылы «бойдақтар» көбейгенін сезінетін. Кенет панасызды көргендей, жанын аяныш кернеді. Мұң кіреукеленген жанарынан, аңғал үміт сәулесі жылтылдайды. Мына өмірден әлі де аласы барынан күдер үзбеген сияқты.

– Үнемі маған осындай жылауықтар ұшырасады, - деген ой жүгіріп өтті. Сан жылдар бойы керемет батыл да асқақ бейнені кездесер деп күтуден шаршамады. Тағы да үмітін үзбей күтсе, қиялының құрбандығына айналатынын іштей мойындай бастаған. Анасы қызының жалғыздығына жабырқап: «Қызым,ана болу да тандырдың бір мезет қызуындай кезең ғой, сол мезетті өткізіп алсаң, ана болудан да қаласың», – деген қорқынышын күйіне отырып жеткізетін.

«Жанатбек» деп танысқан сол жанмен кездесуге жаны аши баратын. Үмітпен телміре қараған жанары таңғалдыратын. Көнтерлі жүзінде мейірімге орын қалдырыпты. Жансая өз бойында сүйіспеншіліктің жеткіліксіз екенін сезінсе де, отбасы болуға қарсылық танытпады. Жалғыздықтан жүдеп жүргендіктен, тағдырына мойынсұнған. Жарының сүймейтінін іштей сезінетін Жанатбек жанына жат сезімге қарсы қорғанысы ма: «Мені сүюің шарт емес. Бәлкім, бірте-бірте жәймен сүйіп кетерсің», – дейтін мұны, не өзін жұбатқаны беймәлім күйде. Тынымсыз күн кешіп, жиғандарын қосып-шатып бір баспана тұрғызды. Енді бір шарана болса, арасындағы сызат та жоғалатындай. Иә, тек қана бір шикіөкпе тілейтін. Ал Жанатбек осы өмірін қанағат тұтатын. Өз перзенті, үміт еткен ұлы ержеткенде шайпау шешесінің тіліне еріп, мұны таяқтап, өз үйінен қуып шыққанын тісінен шығармаса да, жаны мұздайтын. Жансая Жаратқаннан перзент тілеп жатса да, тіс жармайтын.

Өзінің Жанатбектен перзент сүйе алмасын сезгесін, бойындағы аянышы ызаға, кекке айналып кеткендей. Суып сала беріп, сырттан бақыт іздейтінін күйеуі сезе тұра, сезбегендей түр танытты. Жүректегі тілек бір күні ақтарыла:

– Жанатбек, сені сыйлаймын, сезіміңді сыйлаймын, менің ана болғым келеді. Сенің перзенттерің бар, арманым саған аса қажет емес. Ал мен ана болу бақытынан құр қалғым келмейді, – деп шешімін жария еткен.

Жанатбек жерге шұқшиып отыра берді. Өзін кінәлі сезінді ма жабырқай күлімсіреді. Жұбатып та жарытпайды. Бір кезде есік алдындағы өрік ағашына сүйеніп, қырдағы зиратқа телміре қарады. Қақпадан шыққан жол зиратқа апаратын.

Жанатбек соңғы уақытта ішімдікті жиілетті. Өлгісі келетінін де жасырмады. Жансаяға кектенуді шығарды.

– Егер мен өлсем, саған жақсы болатын шығар. Мына үйге біреуді кіргізіп алсаң, балалы да боларсың, – дейтін күмілжіп. Сөзінде сүйгенін де қиындықпен қол жеткізген жып-жылы баспанасын да қимайтын еріксіздігі сезілмей қалмас еді.

Жансаяның суынып біткенін сезіп жүр. Жақынының жатқа айналғанын, қымтаулы құпиясын біліп қойғаны үшін де жазғыратындай. Өзін үйдегі керексіз ескі жиһаздай сезінді. Сықыр-сықыр үн шығаратын жиһаз сияқты жүрегі ме, өкпесі ме сырылдай бастады. Күйіне отырып, жаураған жанына жылу іздеп келіп, қатты тоңып қалған күйін түйсінді. Күйеуінің налаға толы жанарынан қаймықты ма, Жансая үйден кетті. Тағы да пәтер тұрғынына айналды.

Жанатбек Жансаяға телефонмен хабарласты да жылы жаққа кететінін ескертті.

– Саған не болды? Қандай жылы жақ? - даусына абыржу араласты.

– Иә, саған қиын. Бәлкім тым қиын да болмас. Ал мен жақын арада көшемін. Иә, қырға көшемін. Шаршадым бәрінен.

Жансаяның жүрегіне қорқыныш ұялады. Үйіне қарай асықты. Ауласына жақындағанда, қаумаласқан көпшілік пен жедел жәрдем машинасын көзі шалды. Жанатбек ащы суды ішіп, үйге от қойыпты. Көршілер өрт сөндірушілерді шақырған. Құтқарушылар Жанатбекті үйден алып шыққанда, аласұра бір күрсінді де, жаны байыз тапты. Құрысып қалғандай бүк түсіп жатыр. Өкініші өзегін өртеп кеткендей. Өлер сәтте не ойлады екен?

Жансаяға балалық шағында алғаш рет өліммен беттескені елестеді. Сабаққа бара жатқан, жолдың қарсы бетінен кенет құлақ тұндырар дауыс шықты. Бұл қорқыныштан дірдек қақты. Қар көшкіні екен. Таудан қатты екпінмен жөңкілген де аялдамадағы адамдарды жұлып, сайға қарай құлдилаған. Жағалаудың бергі жағында тұрып, бұл барлығына куә болған. Қар құрсауында қалған екі адамды іздестіруге бүкіл ауыл тұрғындары жұмылдырылған. Қазаланған екіншісін табу қиынға соқты. Қар астынан алдымен көзілдірігі шыққан. Екінші күні ғана Жансаяның әкесі әлгі кісінің денесін тауыпты. Марқұм тым ісініп, үлкейіп кетіпті, бірнеше адам зорға көтерді. Өзі кішкене ғана еді, - деп күрсінген әкесі. Сол түні бірден есейіп кеткендей, кеудесін қорқыныш пен үрей кеулеген. Көзілдірігімен өмірдің қай тұсына соңғы рет қарады екен? - деген сұрақ қоса мазалаған. Сол күннен бастап, танысы қайтыс болса: «Соңғы рет не деді екен, не айтты?» - деп сұрауды әдетке айналдырды.

Ауылда өзі жақсы көретін кейуана қайтты. Ұлы опат болып, келінің қолында қалған қария өлерінде өзі жинаған дүние-мүлкіне қимай қарап: «Осының бәрі қалып бара ма?» - деп күбірлепті.

Ал күйеуі ше, өртеніп бара жатып, опасыз дүниені кінәлап, шексіз сүйген жүрегін жазғырды ма екен.

Туған-туыстың барлығы жылады. Қатігез тағдырындай әйелі де, жетесіз ұлы да қамыққандай көрінді. Жансая да өзін шексіз сүйген пендеден айырылғанына сенерін де, сенбесін де білмей, жағдайын сұрағандарға жәймен ғана:

– Сүйіспеншілікке сүрініп кеттім, – дей берген, көз жасы мөлтілдеп. Өзін енді ешкім Жанатбектей сүймейтінін, еркелете алмайтынын түсінді. Жарық дүние де бүк түсіп, жақынын бағалай алмағанды жазғырып жатқандай көрінді.

Мұның жабырқаулығына жаны ашығандай, арада аз уақыт өткесін, Жанатбек өзі асылған бөлмеде көкпеңбек көйлегімен елестеді. Көзін жұмып еді, бөлмесінің қабырғасынан таныс сұлба өзіне жақындап, мүсіркей қарағанда, тұла бойы мұздап қоя берді. Орнынан қарғып тұрды да, әлгі сұлба алдына қалбалақтап барып, тізерлей күбірледі: «Иә, қадіріңді түсінбедім. Сезімім де шынайы болмады. Тек аяй қарадым. Иә, мен сенің тап-таза сүйіспеншілігіңе сүрініп кеттім. Ойым жазықты болғанымен, сені аяқасты етер қадамға бармадым. Оған арым жібермеді. Бірақ жазықсызбын деп ақталғанды ар санадым. Сен жазғыра жазалап қарап тұрғанда: «Жоқ, жоқ, қателесесің, мен тазамын, адалмын», - деп ақталуды жөн санамадым. Өміріңді қияды деп ойлаған жоқпын».

Жансая елес алдында жиі ақталатын. Елестің сырын діни сауатты молдадан сұрап еді:

– Жаназасы таза шығарылмаса, адамның қайтыс болған жерінде жаны қалады, - деп түсіндірген.

Жаны кезіп, тасбауыр тағдырының несін қимай жүр екен...

ЖАРТЫ ЖҮКТЕМЕ

Шырайлы қаланың жаңа мөлтекауданның тұрғындары, үйге дейін арнайы көлік қатынамағасын басқа бағыттағы автобустан түсіп қалып, қиыршық тас жолмен жаяулатуымызға тура келетін. Таңертеңмен жауған жаңбыр мен қар араласып, ми батпақ жүрісімізді өндіртпеді.

Алдымда бара жатқан көршімді қуып жеттім. Жағдай сұрасып, жол қысқартпақ ниетпен әңгіме тиегі ағытылды.

– Қайдан келесіз?

–Ауылдағы тойдан . Қайынәпкем зейнеткерлікке шыққан. Зейнет тойын жасап, ағайын-туғанды шақырған. Күйеуім алыста жұмыста болғасын, өзім барып келе жатқан бетім.

– Той деген жарықтық көбейді ғой...

– Иә. Әпкеміз мекемеге бойжеткен кезінде жұмысқа кіріп, кемпір болып зейнетке шықты. Тілек айтқан ұлы: «Анамның еңбек кітапшасында екі сөйлем бар. «Бірі сол мекемеге медбикелікке қабылданғаны, келесісі зейнетке шыққаны», - деп сөйледі.

– Жақсы екен. Бұрын ондай жәйттар кездесетін. Қазіргі кезде арман. Менің апайым ғылыми орталыққа ғылыми қызметкерлікке қабылданып, директорлықтан зейнетке шықты. «Үш қабатты ғимараттың әр басқышына аялдап, өткен өмірім есіме түсіп, көзіме жас үйіріліп қимай қоштастым. Бір кездегі ана басқыштармен жүгіріп шығатынмын, енді байсалды басып кетіп барамын. Тұтқаларында қолымның жылуы қалғандай, аялай сипап қоштастым», - деп еді.

– Ондай бақыт кез келгенге бұйра бермесі хақ. Әсіресе мынау аумалы-төкпелі көңіл-күйдің заманында, - деді жанарын жасырып. Әрі қарай қазбалап сұрамадым.

Біраз жүрді де жүзіме қарады. Үйімізге жақындап қалыппыз. Үндемей қалдым. Миы шығып жатқан жолға қараймын.

Мен өз қиялыммен әуремін. Үйде де арыла алмадым сол ойдан. Кешқұрым құрбым Гүлсезім үйге іздеп келді. Сырлас құрбы болғандықтан оқта-текте кездесіп, сырлы сұхбат өрбітетінбіз. Тым жабырқау әрі жан-жағына салғырттана бастағандай көрінді.

– Жұмыстан қысқартылып қалдым, – деді хал-жағдай сұраған сауалыма. Ол қаладағы бір жоғарғы оқу орынында ұстаздық ететін.

– Қиын болыпты ғой.

– Қиын екені рас. Ал мені одан да қатты қинайтын жәйттер бар.

Гүлсезім өз мамандығын қатты ұнатушы еді. Өмірінің көңілсіз сәттерінде де мамандығына деген сүйіспеншілігін кейде өмірінің мәніне, кейде тіршілігінің алданышына айналдыратын. Төзімі түте-түтесі шыққанша еңбектеніп бағатын.

Шайды дайындап, Гүлсезімнің қарсы алдына жайғастым. Тыңдауға даяр екенімді ұқтырғаным сол,құрбым ақтарыла жөнелді.

Балалық шағымда мұғалімдікті армандадым десем, сөзім жалғандау шығар. Мектеп табалдырығын аттағанда, алғашқы ұстазым қаталдау еді. Үстіндегі жасыл жейдесі мен қара белдемшесі өзінің ұқыптылығын айғақтайтын. Өмірдегі ең үлкен жан ұстаз деп ұқсам керек, бірге оқитын Жанарға мұғалімнің туысы деп қызыға қарайтынмын. Ұстаз аз күлуі тиіс деген қағидам сол кезден қалыптасса керек. Ата-анасы қызмет ететіндерге іштартатынын бала жүрегім сезіп қалғанымда, қарапайым кенші әкеме деген іштей реніш туындайтын. Маған тиесілі мақтау қағазын әкесі басшы бір балаға бұрып жібергені жаныма өте ауыр тиді. Әділетсіздікке қатты өксіп жылағаным сол күндерден еміс-еміс естелік, ұстаздыққа деген құштарлығымды содан бәсеңдеген шығар.

Гүлсезім естеліктерге терең шомып, баяу тіл қатады. Балалыққа барлау жасап алды да бүгінгі халіне де жайбарақат аяңдады. Жекеменшік оқу орны көбейгесін, студенттердің келуі азая бастады. Мұның төлемақыға да тікелей қатысы бар.. Жылда жазда табанымыздан тозып ,үгіт-насихат жүргіземіз. Бір талапкер келсе, оқуға түсші деп таласамыз. Қара базардағыдай күй кешеміз. Себебі, студент әкелмесең, жұмыста қалмайсың.

Жаңа оқу жылында әкелген студентіне байланысты сағат бөлінеді. « Кандидат болмақ түгілі, доктор болсаң да» деген өктем-өктем сөзден кейін , өкпең өшіп «адам аулауға» шығасың. Адам аулай алмасаң, қысқартыласың. Өйткені,сенің жүктемең оқуға әкелген адамыңның қанша екендігіне байланысты.

Оқытушының беделін қалай көтереміз деп сауал қойып сансырағандарды көргенде, көңіліңді бір әлсіз мұң әлдилейді. Әр талапкерге жалынышты күн кешетінін білгендіктен бедел жайында бас қатырмауға да болады . Оқу жылы басталарда оқуға «адам аулай» алмадым. Бұл кешірілмес кінә саналады . Қысқартудың құрығына іліне кеттім. Жағдай жүктеменің тапшылығынан туындаса да туламас едім. Мені қысқартып, өзге адамды қабылдағаны қатты батты.

– Бұл әділетсіздік қой, сағат жетпесе кафедраға неге басқа оқытушы аласыздар? – дегенімде:

– Оны үлкен бастыққа айт, қызметке келген адам жоғарыдағылардың танысы, – деген мысқыл мысымды басқан.

Бірден басқа кафедраға ауыстырылып, жарты жүктемеге әрең қол жеткіздім. Кімнің бүтін болғысы келмейді. Кім жарты күн кешкісі келер дейсіз. Кім несібесінің кеміп, көңілінің жартыланғанын қалайды дейсіз. Ақын Ә.Тәжібаевтың :

Маған жарты керек емес қайғы да,

Мен жартылай ала алмаймын, Айды да, –

деген өлең жолдарын еске түсірсем, халімді тереңірек түсінерсің.

Ол жарты жүктемені зейнеткерлігіне қарамай бейнеткерлігінен жазбай жүрген бір оқытушының жарты жүктемесін алып берген. Сәлемі түзу әлгі кісі жарты жүктемесінен айырылғасын, менімен амандасуды қойды. Жарты жүктеме жылы сәлемді мұздатарын түсіну күйзеліске түсірді . Өзім де талай жыл жарты ғұмыр кешкем. Енді, енді бүтінделіп едім. Алла,бүтіндігіме ризашылық танытқандай. Адамдар жарты күйге түсірді.

Иә, Гүлсезім биыл ғана тұрмысқа шығып, өз теңін тапқандай Ол мұқият тыңдап отырғанымды көргесін, әңгімесін әрі өрбітті.

– Бізде бастық болғысы келетіндер көп. Мәдениеттен жұрдай талай бастықтың құқайын да көрдік. Орынтақтан айырылмас үшін арсыздыққа да арамдыққа да барады. Өткенін де, келешегін де ұмытады. Ұнамағанның соңынан шам алып түседі. Кетірудің барлық әдіс-айласын шеберлікпен іске асырады. Кектене кірісіп, өшпенділікпен қарайтынын көргенімде, Жаратқаннан оның жүрегін жібітуін тіледім. Көздегенінің орындалуы үшін жанталаса жолдағының барлығын жапырған жөнсіздігінің тасасында талай қызметкердің еркіндігі сығалайтындай. Ұрда жық мінезіне, менмендігіне, сенімсіздік танытып шындығыңа да күдікпен қарау күйзеліске ұшыратады екен.

Кафедрада біреуге шүйлікті, жұмыстан шығару үшін барлық жамандықты үйіп-төкті. Оған қарсы акт түзілді. Ең жаманы – өз мүддесіне өзгелерді де араластырғаны. Өкініштісі, сол қызды кетірмекші актіге өзім де қол қойғанмын.

– Жұмысымды сүйемін, - десе де, тыңдамадық. Күлдік. Арыз жаздық. Сүйдірмедік. Кетірдік. Соны ойласам ,өзімді жек көріп кетемін. Өзгенің кірлетуіне жол берген жұмсақтығым үшін өзімді кешіре алмаймын.

Басшылар кейде біреуді жығуға, оны өзгелерді сабатуда «ойын» ұйымдастырады. Себебі, өзінің кінәсін жуып-шаюда ақталу үшін жағымпаздардың қолымен от көсеп, тамашалайды. Жиналыста жағымпаздар дауысын жырта, жығылғанды жұдырықтауға аса шабыттанатын ойын үлгісі дамыды. Өтірігін қорғауда өлерменденіп, шыққан биігің оңайлықпен аласартқысы келмей арпалысатындарында. Жан бағудың әдісін солай меңгеріп алған. Аянышты. Өзім биік адам деп санайтын,елге үлгі болар деген азаматтарға аянышпен қарадым.

Биік,б иік таулардың

Жаурадым көлеңкесінен –

деген өлең жолдары көңілімде жатталса да жаныма жақын емес еді. Себебі, мен таулардың асқақтығын ұнататынмын. Таулардың паңдығына қызығып өскен басым, таулардың көлеңкесі ызғарлы екенін ескермеппін.

Құрбыммен арадағы әңгіме есіме түсіп, жаурап кеттім.

Зылиха Жантасова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар