Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Қазақ тарихи романдарының жаңаша болмысы...

29.10.2019 7885

Қазақ тарихи романдарының жаңаша болмысы 12+

Қазақ тарихи романдарының жаңаша болмысы - adebiportal.kz

Ол енді бұрынғыдай Батыс пен Шығыстың қолшоқпары мен көсеуі бола алмайды

Биыл Алтын Ордаға немесе Жошы Ұлұсына 750 жыл толып отыр. 1269 жылы ағысты Талас бойындағы құрылтайда бірнеше Шыңғыс ұрпағы өздерінің билік жүргізу кеңістігін бөліске салған болатын, сол кезде Жошы Ұлұсы дербес мемлекет мәртебесін иеленді. Осы 750 жылдың ауқымында орын алған түрлі тарихи оқиғалар қазіргі қазақ романдарында қалай бедерленгені жайында соңғы кезде жазылған үш туындыға байланысты сөз етпекпіз.

Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында тарихи романдар шеруін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, кинодраматург Нұрлан Санжардың «Жошы – шақырылмаған қонақ» («Нежданный гость – Джучи») атты орыс тіліндегі тарихи романы және Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» тарихи дилогиясындай тамаша туындылар толықтырды («Семсер жүзіндегі серт» «Арланның азуы» және «Семсер жүзіндегі серт» деген қос кітаптан тұратын әлі еш жерде жарияланбаған қолжазба күйіндегі туынды – автор). Осы қатарға соңғы кезде жазылған Тимур Ермашевтың «Воскрешающий легенды»(«Қайыра тірілген Әфсанат») атты тарихи-фэнтези романын да қосуға болады.

Қарым-қайраты әр келкі қаламгерлердің өткен арғы және бергі тарихымызға бет бұруы – қазіргі қазақ әдебиетіндегі шығармашылық процесте бірде тоқырап, енді бірде арнасынан асып төгілетін әдеби құбылыс. Қазақ әдебиеті Батыстағыдай жынысқа қалай бөлінбесе, алаш тарихи романдары тап солай, ешқашан қазақ және орыс тілді деп еш алаланбайды. Оны көкірегі ояу жан қазір шығып жатқан орысша туындылардың қазақилық сипатын танып-білу арқылы көз жеткізеді. Қазақ тарихи романның аз болуы, біріншіден, қаламгерден сарыла ізденуді міндеттейтін ыждаһаттылық пен құнттылықты талап етуінен; екіншіден, нарықтық саудаға шығарылуда ұлттық кітап тарату жүйесі әл-әзір қалыптаспағандықтан кенжелеп отыр.

Христиан және ислам тарихи романдары ділдік жақтан екі бөлек дүние екендігін ескеруге тиіспіз. Біз мұны Тимур Ермашевтің »(«Қайыра тірілген Әфсанат» романына қарата айтқан орынды деп ойлаймыз. Аталған автордың тарихи фэнтезиінің сюжеттік желісінде тылсым жағдайдағы апаттан кейін «Орбұлақ шайқасының» қатысушысына айналған екі достың бастан кешкен оқиғалары арқау болады. Салқам Жәңгірдің жанында оның 600 сарбазының бірі болып, 50 мыңдық жоңғар қолын талқандауға қатысқан екі жігіттің қызықты тағдыры оқырманын бей-жай қалдырмайды. Бұл төл тарихымызды фэнтезиге айналдыру жолындағы сәтті ізденіс екендігі дау тудырмайды. Мультпликаторы табылса, тамаша анимэге де сұранып-ақ тұр.

«Жошы – шақырылмаған қонақ» романының авторы осы туындысының қалай өмірге келгені туралы Forbes.kz сайтының тілшісі Гүлнар Танкаеваға берген сұхбатында кеңінен сөз етті. Г. Танкаеваның «Ол «нағыз» қазақтардың өзіне соқтығарын біле тұра, ештеңкеден жасқанбай осындай қадамға барып отыр. Автордың жаңашылдығы біздің тарихымыздағы Жошының кім екенін бірінші рет таныта білуінде» деген дәріптеуі де көп нәрсені еске салады.

Романның алғы сөзіндегі автордың: «Оян ана мен оның үлкен келіні Бөртө соғыс жетімектерінен жаужүректігі, батылдығы мен қайсарлығы үшін маңғұлдар мен түркілер «каа-сақ» деп ерекше есіммен атайтын болашақ дала қаһармандарын тәрбиелеп шықты. Ерекше көзге түскендерге тағылатын ең жоғарғы «каа-сақ» лақап атауы кейін келе Ұлы Даладағы жаңа этнос қазақтардың жалқы есіміне айналды» деген дәйексөзі бізге көп нәрсені ұқтырады.

«Шыңғысханның анасы туралы» тақырып Н. Санжарға дейін не қазақ әдебиетінде, не қазақ ғылымында ешкім көтермеген мәселе болатын. «Қазақ әдебиетінде зорлықпен жасалған этногенез жөнінде ешкім де ауызға алмады. Дегенмен тап осы жайт түркі тайпалары маңғолдармен шайқасқан шақта біздің сайын далада орын алды. Бір таңқаларлығы: ғалымдар сол кезде қанша түркі, қанша маңғол болғандығы төңірегінде әлеуметтанушылық есептеулер жасап шықты. Шын мәнісінде маңғолдар бар болғаны 10% құрады. Әрі осы 10% қалғандарды қалай құлдана алды? Тарихи жақтан бұны ұйғұр, қырғыз, одан кейін наймандар т.с.с. біршама ірі тайпалар хандық құруға талпыныс жасады деп ұғындыруға әбден болады. Бұл тарихи қанды қырғын еді, осыны маңғолдар пайдалана білді. Сонда қазақтар кейін өздерін жеке этносқа айналдыратын әлдебір субмәдениетті (субкультура) сақтап қалуға тиіс қой? Бұл шынтуайтына келгенде – тіл. Ол түркі аналарының: Оян – Шыңғысханның анасы, Бөртө – Жошының анасының және басқа аналардың тілі. Олар өз балаларына: «Ана тілдеріңді ұмытпаңдар!» деп айтты. Сондықтан біз туған тілімізді «Ана тілі» деп атаймыз. Бізге айтылмай келген бір дүние тіл – ұлтты құрып кетуден сақтайтын бірегейлік коды. Сондай-ақ, «каа-сақтардың» кім екендігі де сөз етілмеді...», – дейді автор.

Қандары маңғол мен түркімен баламатам араласып, әбден былыққан жандар қалай тірі қалуы керек? Олар тек қана қаһарман атануы үшін алғы шепте жан берісіп, жан алысты. Бәрі де осы қадамға барды. Әлсіздері, әрине, шейіт халмен көз жұмды. Міне, сол кезде «Каа-сақ» атауы зор құрметке ие болып, «Каа-сақтарға» түркілер, тіпті керек десеңіз жеке маңғол тайпалары қосыла бастады. Бұл бәрінің бастау көзі-тін, іргетасы-тын, осыдан кейін барып қазақ этносы өмірге орныға, беки түсті. Олар ешкімге бас иіп құл болғысы келмегендер санатынан еді. Бостан болмыстан «Мен туа азатпын» делінетін сақ пәлсәпасына негізделген қазақ этносының қалыптасуының философиялық тұжырымы келіп шығады.

Әрмен қарай бұдан да қызықты бір жайт турасында сөз етпекпіз. Егер марксизм классиктерінің «Мемлекеттің нышаны – территориялық біртұтастық» деген қисынына сенер болсақ, онда тарихаттан бізге «Алтын Орда» атауымен мәлім Жошы Ұлұсы – «Каа-сақтардың», қазақтардың бірінші мемлекеті. Біздің бірінші ханымыз – Керей мен Жәнібек емес, тап осы Жошы» деген концепцияны алға тартады.

Әділбек Ыбырайымұлының әзірше қолжазба «Семсер жүзіндегі серт» дилогиясында Қасым әулетінің кинотуындыға да, жеке телехикаятқа да сұранып тұрған трагедияға толы тағдыры барынша ашылып беріледі. Біз бұл жағына тоқталмаймыз. Бізге керегі – Хан Кененің дәуіріндегі қазақ-қырғыз байланысы автор тарапынан қалайша ашылғаны.

Қазіргі қазақ тарихи романдары өзінің әм ғылыми, әм көркемдік танымымен құнды. Авторлар ештеңеден жасқанбай өзіндік тарихи және авторлық түйінді байламдарын жұрт назарына ұсынады. Мына бір концепция ойлантпай қоймайды: «Жалпы, қырғыздар жиенге жарыған жұрт. Жиендерінің арқасында жіліктеріне май жүгіріп, кәдеге іліккен ел... Қазақ сияқты олар «жиен – ел болмас» деген сөзді айтпайды. Сондықтан ба, жиендері нағашылары үшін халқын да сатып жіберетін», – деп қоқан-қырғыз қатынасының бізге беймәлім тұсын кеңінен толғай сөз етеді.

Абылайдың көзі кеткен соң орын алған орыс-қазақ жағдайы тарихи романдарымызда кеңінен сөз етілген дүние, бірақ қоқанға қатысты, қырғызға байланысты мәселенің басы көбіне ашық қалатындығы жасырын емес. Автор осы мәселені де өзіндік позициясы тұрғысынан аша білген, әрі қазақ-қоқан жағдаятындағы тың деректерді шығарма өзегіне арқау етеді.

«...Алайда, қазақ даласына есі кетіп анталаған аш көздер жеткілікті еді. Олар әлдекімдердің айтағына еріп, қолшоқпары мен көсеуіне айналды. Осындай кең жазирамызға құлқы құлап, қызығып, баса-көктеп жерімізге енген – түбі бір туысымыз қырғыз ағайындар. Жоңғарлардан кейін қырық жылдан астам екі елдің арасында үздік-создық майдандар жүріп жатты. Ақыры азулы Абылай хан бұл жанжалдың шешуін тапты, соғыс тоқтады.

Әйткенмен, екі елдің татулық пен ымырада өмір сүруі сыртқы аларған көзге тиімді емес еді. Олар қайта араға от тастап, бір кезде өшкен күлді қоламтаға айналдырып, қоламтадан өрт тұтатты. Қазақтың тәуелсіздік туын жықпаған, от пен судан тайынбайтын көкжалы – хан Кенеге қарсы айдап салды. Ақыры, боз үйлі қос ағайындының арасынан қисапсыз шығын шығып, аяусыз қан төгілді.

Бүгінде, өмірден озғанына екі ғасырға таяу уақыт өткенде Кенесары хан мен оның жақын үзеңгілестеріне кесілген өлім жазасын екшеу әрі қиын, әрі оңай. Қиын болатыны – екі жақтың бірін ақтап, бірін қаралауға ұрынатынымыз» деп өз төтелі байламын алға тартады.

Роман – Кенесары бастаған халық көтерілісінің хронологиясын жасаған алғашқы туынды. Әйтпесе, бұған дейін оқиға неден басталып, қалай өрбитінін және немен аяқталатынын қалың ел жалпы білгенімен, жүлгелі желісін біле қоймайтын.

Туындыда Жолбарыс ханымыз да, Абылай да, Кене ханымыз да тікелей және жанама себеппен біреулері у беріліп, біреуінің басы кесіліп, қырғыз қолынан қалай қаза тапқаны жөнінде кеңінен сөз етіліп, романды оқу барысында әр қазақты әрқилы толғандырады. Әр қилы ойға қалдырады.

Автор қырғыз бен Кенесары хан иеміздің соғысының бұрын былайғы жанға онша мәлім емес қырларын танытады. Абылай кезіндегі қырғыздың ұлы жүзге көрсеткен құқайлары мен салған ойраны – қазаққа жасаған шабуылдарының барлығы бірінші кітапта жан-жақты сөз етіліп, «Жайыл қырғынына» дейін орын алған «Қазақ басынан мұнара тұрғызу» оқиғасы алғаш рет сөз болады.

«Қазақ батырларының бас сүйегінен Сәдірбала кәлләмұнара тұрғызғаннан кейін арада сексен жылдан астам уақыт өткенде зұлматты іс қайта бір қайталанды. Абылай ханның қос немересі Кенесары мен Наурызбайдың қаны да қиянаттықпен дәл сол жерде төгілді. Ол жолы да қисапсыз қазақ сарбаздары қырылды.

Бәлкім бұл, Абылай ханның рахымымен Жайыл манаптың тірі қалған сегізінші ұлының әке аманатынан туған тірлігі ме екен?..» деген сауалға автормен бірлесе жауап іздейміз.

Осы орайда, Манаптардың бірінші жаулығы – Кененің арғымағын ұрлауы; екінші жаулығы – елшілікке барған Сұраншы батырдың немересін өлтіруі; үшінші жаулығы – өздеріне, Солтыға, жиен болатын Дулат Андастың зиратын қорлауы; төртінші жаулығы – Хан Кенемен Құран ұстап, ант-су ішіп: «Бір ел боламыз!» деп бәтуәласқан конфедрациялық одақты бұзып, қоқан және орыспен жең ұшынан жалғасуы сынды төрт дерек келтірсе, қырғыз қолынан жеңілуін «Ақ патшаға бетін бұрған екі жүзділерді жаныштаймын деп, халыққа да зауал әкелетінін іштей білетін Хан Кене жазалау шараларын сөзінен тайып, теріс айналған қазақ елінің ішіндегі төрелердің ауылдарына да жасады. Енді сондай хал қырғыздардың да басынан өтті... Дәл осы қарашы жұрттың көзіне үйірілген үрей мен көкейіне жиналған кек Орманбет мен Жантайға қырғыз халқын Кенесарыға қарсы көтеруге көмектесті. Бірде қазаққа, бірде қоқанға, енді бірде орысқа жонын бұрған манаптар – бұраттардың өздері үшін – қаһарман батыр қолбасшы бейнесінде көрінді. Сөйтіп, қазақ қолы манаптардың аламандарымен емес, халықтың қарсылығына тап болып, жанкештілікпен күресулеріне тура келді» деп шынайлықпен баян етіледі. Өйткені, автор үшін «Әркезде пасық өтіріктен ащы шындық қымбат!».

Алайда, қазақтың ханы мен сұлтаны «Кенесары-Наурызбай» қырғыз Қатаған ақынның Сүйінбаймен айтысында:

«Кенесары төрөнүн,//Кенесары төреңнің,

Башын кесип алганмын,//Басын кесіп алғанмын,

Ноорузбайдай бегиңди,//Науырызбайдай бегіңді,

Итиме сүйрөп салганмын! (бір нұсқада: Сууга сүйрөп барганмын)//Итке сүйреп салғанмын!

Заты жаман Сүйүнбай,//Заты жаман Сүйінбай,

Кана кегиң алганың!//Кәне кегіңді алғаның!

Алам деп кегин жүргөндө,//Алам деп кегің жүргенде,

Ишинде кетер арманын!//Ішіңде кетер арманың!», – деп жырлағанындай іздеусіз кетті ме? Жоқ. Саясаттың ығына бұлтарғыш төрелер бітеумойын доңыздай басын көтермесе де халықтың арасынан шыққан Қаптағай Тәнеке батыр қазақтың елдік намысын жерге жықпады, хан Кененің кегін қайтарды. Кенесарыны ең алғаш болып тұтқындаған Төрегелді манапты байлап-матап әкеп түрмеге салды. Ұлысын шұбыртып, Қапалға айдап әкелді. Бұл да бұған дейін ешбір көркем әдебиетте көрініс таппаған тарихи оқиға еді.

«...Тәнеке еріксіз күрсінді. Сонау Бөрібай бабасынан бері нешеме аталары ел етемін деген қазақтың туы жығылып, қор болып табанға жаншылуда. Сондағы білектің күші, найзаның ұшы, суша аққан қан... есіл қан – текке шашылғаны ма? Ақырында ата-баба аманатына бекем бола алмаған нәсілі насырға шапқан тағдырлы оқиғаның тақымында көкпарша салақтап барады... Енді бір сәтте түсікше жылымға кететін түрі бар. Аруақ шақырып, айбаттанған Жәнібек, Керейдің құрған хандығы құрдымға батты... Қазақтың да аты құрдымға құламақ... Әттеңі сол – мұны ұғатын, екшейтін адам дәл қазіргі уақытта жоқтың қасы... Жетегі қысқалар мен туа құлдық ғұмыр кешкендер үшін таң қалпынша атып, қалпынша батып жатқандай. Тек, Нысанбай сияқты ақындар мен жыраулар дербестік пен теңдіктің уыстан шығып кеткенін әуеніне қосқан. Жоқтау жырды тыңдағанда басқыншылық буынына түскен ел алпыс екі тамыры иіп, көзінен жасы пора-пора ағады... ол қара қан болып ұзақ ағады...»

Міне, қазақ Тәуелсіздігін жазушы осылай опына сөз өтеді.

«Қазақ Кенесары ханның күйреуімен бір жарым ғасыр бодан елге айналып, құлдық ғұмыр кешті. Санасы ауды, тілінен, затынан айырылды, ділінен адасты... Бірақ, хан Кенеден қалған Тәуелсіздік рух ұрпағын тапты, құлдық ғұмыр кешкен бір жарым ғасырдан соң халықтың жадына жан бітті... Көкжалдың киесі ұлтын оятты...» деп шоқтықты ойын бекемдейді.

Нұрланның «Жошысы» да, Әділбектің «Хан Кенесі» де өз кезіндегі Болат Жандарбековтің «Томирисімен» жаңа тақырыпты көтергені сияқты, әлдебір зор әдеби шығармашылық харакеттің есік ашары. Бәлкім үш жазушының да қаламынан шыққан дүниелер заманалық қазақ прозасындағы ең үр жаңа қадам да шығар!?.. Бүгінгі қаламгер өзімді оқысын дейтін болса, драмашыдай ойға шомып, эпизодын, сценасын, сюжетін әрлеп, кітабын «экшн»-ге айналдыруға тиіс деген жаңа жазушылық стратегияны бізге таныта білді.

Тарихи туынды жаздың екен, ол міндетті түрде әлем жұртшылығы қызыға қаумалайтын кинотуындыға айналуға тиіс. Осы шарттылық үш романның табиғатынан да танылады. Аталған туындылардың соңғы бетін жапқанда «Қазақ тарихи романдарының жаңаша болмысы: бұрынғыдай Батыс пен Шығыстың қолшоқпары мен көсеуі болмауында» деген мақтаныш сезімі бойыңды кернеп, Қазақ боп туғаныңа марқаяды екенсің!..

Әбіл-Серік Әліәкбар,

салыстырмалы әдебиеттанушы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар