Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Саян Есжаннан үш өлең...

03.11.2019 4561

Саян Есжаннан үш өлең 12+

Саян Есжаннан үш өлең - adebiportal.kz

УӘДЕ

...Тұманға сіңген жарлы ауыл,

Тұнып тұр қарашығымда.

Қоштасу сірә, жанға ауыр,

Дала, шынында.

− Қол бұлғап қалған қыраттар,

бетегелерім,

ну орман, өзен, бұлақтар!

...Уақыт өте келемін.

Келемін бір күн расында,

«Ұлы» ақының болып!

Мен туған дала тасына

Жанымның жыры ақырын қонып;

...Қимай-ақ кеттім, бір бұлғап

қолымды үнсіз.

(Жол бойы шопыр мың жырлап

өмірді құнсыз.)

...Жылдар да өтті, үйрендім

қалаға нөпір.

Жырлар жазылды...

«сый» көрдім –

(Қалағаны оқыр).

Уәдем бірақ, әлі күн

орындалмады.

− Барамын, ей-хей, жарығым

Өмір алда әлі!..

Жусанды қырлар, қыраттар,

бетегелерім,

ну орман, өзен, бұлақтар!

...Уақыт өте келемін! –

Деймін де,

іштей көңілсіз,

Ойға батамын...

«Барамын» − деймін,

сенімсіз...

Менің шағын қайран,

Отаным!

...Тұманға сіңген

жарлы ауыл,

Тұр әлі түнеп

қарашығымда.

...Бармайтындығым

жанға ауыр,

Қала, шынында.

САҒЫНЫШ

Бұлт ішіне күмп етіп

құлаған күн,

Бұлың тартып, бұлыңғыр

тұман алдым...

Бетегелі беліңе

бара қалсам,

Боз жусанды

бір иіскеп жұбанармын.

Шулы шаһар...

Қалды артта қоңыр ауыл.

Көзге – сәуле құятын,

жаныма нұр.

Тоғыз жол торабында

Тағдырым тұр,

Білмеймін жан бағы ма,

соры ма бұл?!

Келгенмен желік басып,

арман қуып,

Сол арман

бүгінде рас қалған-ды ұмыт.

Өзім де,

сөзім де һәм мың өзгердім,

Жанардың айнасынан

Жалған күліп.

Жылдар-ай, жүйткіп ұшқан

зымырандай,

Қадірін сол күндердің

ұғына алмай...

Осынау ғалам сыйған

жүрегімде,

Барады ауылымның

бүрі қалмай.

Жете алмай аңсарлы шақ –

таңға бұла,

Жеткізбей тарау-тарау

жол да мына.

Адасқан үйірінен

құлыншақтай,

Елеңдей берем

үнсіз жан-жағыма.

Кетіп ем бір кездері

қолым бұлғап,

Қош айтып қалған орман, қорым,

қыр да ақ.

...Ауылдан адам

қалай алыстаса,

Ауыл да солай сірә,

сағындырмақ.

Мезі боп сұр қаладан

сайтандалған,

Теңіз-ой толқынында

шайқалды арман...

Өзендей өміріңнің тамшысы едім,

Табылмай қойған бұл

күн қайта арнаңнан.

...Бұлт ішіне күмп етіп құлаған күн,

Бұлың тартып, бұлыңғыр

тұман алдым...

Бетегелі беліңе барам бір күн,

Содан соң мәңгілікке жұбанармын.

КІНДІКҚАРАҒАЙ

Бұлдырап көз алдымда

бұла жалған,

Сылдырап Хан көлі

үнсіз тына қалған...

Қоңыр жел

күбірлеген құба дөңде,

Құйғытып бара жатыр

құлан-арман.

Жасыл нұр

саулап қоңыр топырақтан,

Боз дала

бұйдасында отыр ақ таң.

Ұлы рух иісі сіңген

ұлы түзде,

Қасиет нілі

тамған топырақтан.

Төсінен жасыл шүйгін

жалдың құлап,

Таранған самал нұрмен

балғын құрақ.

Құба жон құлағында қырат мүлгіп,

Пәк тілде былдырлайды

тарғыл бұлақ.

Тарихын табанына

мәңгі көмген,

Сарыны құйылатын

әнді желмен.

Ех, баталы белдер-ай,

манаты нұр,

Сырласқан таңдай

тұнық Талдыкөлмен.

Рауанның құшағында

балбырап таң,

Мезгілдің жанарынан

солғын атқан.

Ырғалған қарағайлар биіменен,

(Тулайды қара орман Сорбұлақта).

Шіркін-ай, кербез,

көркем, керім далам,

Өмірден қымбат сірә,

белің маған!

Қасиетіңнен айналдым,

қайран Арқа,

Обал жоқ төгілсе

егер жолыңда қан!.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар