Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Интернационалдың қазақша мәтіні Википедияда бар ма...

06.11.2019 6371

Интернационалдың қазақша мәтіні Википедияда бар ма? 12+

Интернационалдың қазақша мәтіні Википедияда бар ма? - adebiportal.kz

6 қараша – Эжен Потьенің өмірден өткені күні екен. «Эжен Потьесі кім тағы?» - деуі мүмін, бүгінгі ақпаратқа әбден мелдектеген заманның жас ұрпағы. Бүгінгі күннің жас буыны Эжен Потье түгілі, ертеңгі 7 қарашаны өз әкелері мен аталары қалай қарсы алып, алаулатып-жалаулатып жүргенін де білмейді-ау, шамасы. Білмей-ақ қойғаны да дұрыс па дейсің. Шындығында осы 7-қараша мен Эжен Потьенің арасында бір тарихи, рухани желілік байланыс барын аға ұрпақ жақсы біледі. 7-қараша – ХХ ғасырдағы орасан оқиғалардың бірі – Ресейдің астанасы Петроградта Қазан төңкерісі жасалған күн.

Ал Эжен Потье кім сонда? Эжен Потье – француз ұлтынан. Төңкеріс жыршысы, француздың Махамбеті десек те болар еді. Эжен Потье 1816 жылы 4 қарашада Париж қаласында қорап жасаушы жұмысшының отбасында дүниеге келеді. Бастауыш білім алған соң, 13 жасында әкесінің шаруасына көмектесу үшін оқудан қол үзеді. Ол жастайынан өлең жазып, әйгілі тұлға болуды аңсайды. Бұл жолда басын тауға да, тасқа да соққан десе де болады. 1830 жылғы Екінші француз немесе Шілде төңкерісінде он төрт жасар балақай бостандық туралы өлең жазып, онысын Лувр көшесінде өршелене оқып жүріпті. Ал 1848 жылғы француз төңкерісін белсене қолдаған Эжен Потье бірнеше жалынды өлеңдер жазады. Бірақ бұл өлеңдері де оған соншалықты үлкен даңқ әкеле қойған жоқ.

1871 жылы 18 наурызда Париж қаласында әлемдік пролетариат тарихындағы тұңғыш ірі төңкеріс жеңіске жетіп, Париж Коммунасы құрылғаны белгілі. Францияда 72 күндік ғұмырлы болған бұл төңкерістік биліктің тәжірибесі кейін Патшалық Ресей империясының жұртында жеңген Қазан төңкерісіне 70 жылға азық болды. «Іздегенге сұраған» дегендей, Эжен Потье Париж Коммунасына белсене қатысып, төңкеріске көптеген жырлар арнайды. Солардың бірі – болашақ әлемге әйгілі жыр «Интернационал» болатын. Бірақ «Интернационалдың» кейіннен күллі әлемге әйгілі болған мәтіні 1887 жылы ғана жарық көрген екен. Осыдан бір жылдан соң бұл өлең мәтінінің атағы аспандай берді. Француз композиторы Пьер Дегейтер мәтінге музыка жазды. Міне, осыдан бастап «Интернационал» күллі әлемді шарлап жүре берді.

«Интернационалдың» танымалдылығы артқаны сондай, ол РСФСР-дің 1918-1944 жылдардағы, Кеңес Одағының 1922-1949 жылдардағы, Қиыршығыс Республикасының 1920-1922 жылдардағы, Украин ССР-інің 1918-1949 жылдардағы, Белорус ССР-інің 1919-1952 жылдардағы, Қытай Советтік Республикасының 1931-1937 жылдардағы, сондай-ақ Закавказ ССР-інің гимні ретінде пайдаланылған екен.

«Интернационалдың» 92 тілдегі аудармасын Википедия бізге ұсынып отыр. Күллі Еуропа мен өзге де ірі елдерді айтпағанда, ат төбеліндей қырғыз бен монғол көршілердің тілінде де «Интернационал» төгіліп тұр-ау. Мысал үшін қырғыз бауырлар былайша ырлатады:

Typ, кapгыш менен тамгаланган

Бүтүн дүйнөдө aч кyлдар!

Kaйнап биздин aкыл aчынган,

Maйданга кандyy дабдайаp.

Ecки дүйнөнү кыйpaтабыз,

Tүбүнөн түpө биз бyзyп.

Eзилген eлди жыpгатабыз,

Жaңыдан дүйнө тypгyзyп.

«Апырау, қазақ тіліндегі нұсқасы шынымен де жоқ па екен?» - деп тоқсан екі тілдің тізімін бірнеше рет айнала сүзіп шығып едім, бірақ таба алмадым. Бірақ әлемнің барша дерлік тіліне аударылған бұл туынды қазақ тілінде жоқ емес бар және оны «Еңбекшілер ұраны» деген атпен ең алғаш тәржімалап берген Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытов еді ғой. Мұны «Интеранционалды» оқып білмесе де, тест жауабын қуалаған кез келген мектеп оқушысы біледі. Жүсіпбек Аймауытов «Интернационалды» бұдан жүз жыл бұрын, яғни 1919 жылы аударыпты. Коммунистік биліктің талғамына татитын жыр болғандықтан, Кеңес Одағы дәуірінде Жүсіпбектен кейін де қаншама аудармашылар өзінше тәржімалап көрген екен. Оның себебі де белгілі ғой, алашордашыл, халық жауының аты-жөні пролетариат оқулығында тұрмайтындығы айдай ақиқат.

Оян, қарғыс таңба басылған,

Жалаңаш, аш құл – қайрат қыл.

Қайнап баста ақыл ашынған,

Майданға қанды айдап тұр.

Қиратамыз ескі жалғанды,

Жаңа тұрмыс орнатамыз.

Жарылқаймыз жарлы қалғанды,

Дәулеттен сонда татамыз.

Кеңестік дәуірдің аудармашылар, тыраштанса демей-ақ қояйық, қаншама талаптанса да дәл осы аудармадан асырып тәржімалай алмапты. Әйгілі ақын Әбділда Тәжібаев бұл тұрғысында былай деген екен: «Жастайынан жазушылық, ғалымдық, педагогтік жолдарын қатар ұстанған, еркін меңгерген Жүсіпбек шебер аударушы болды. Ол шапшаң қимылдап, бізге кезінде бүкіл әлем еңбекшілерінің ұранды жыры «Интернационалды» қазақшалап берді. Кейін «Интернационал» тексін екі рет қайта аударған болдық, бірақ Аймауытов аудармасына жете алмадық». Шыңына жетпей қиылған қаншама шығармашыл ғұмырды ойлағанда, сталиндік зұлматтың құрбандары емін-еркін еліне қызмет ете бергенде қазақ әдебиеті мен мәдениеті, соның ішінде аударма ісі қаншалықты алға озған болар еді дейміз де.

1887 жылы 6 қарашада өмірден өткен Эжен Потьенің даңқы аспандаған дәуір – күллі әлемді коммунистік төңкеріс идеясы жайлап, Кеңес Одағы бастаған социалистік мемлекеттердің гүлденген тұсы – ХХ ғасырдың алғашқы үш ширегі. Қазіргі күні де «Интернационалдың» даңқы соншалықты келмеске кеткендей күйде деуге болмас. Коммунистік түзімдегі мемлекеттер қазір де өмір сүріп жатыр. Кешегінің тілімен айтқанда, қанаушы тап бай капиталистер мен қаналушы кедей тап бар уақытта, Эжен Потье тастаған азатшыл ұран да ескірмесі анық.

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар