Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Мәдина Сейітмағамбетова. Жүректің лүпіліндесің...

23.11.2019 5565

Мәдина Сейітмағамбетова. Жүректің лүпіліндесің 12+

Мәдина Сейітмағамбетова. Жүректің лүпіліндесің - adebiportal.kz

Мәдина Сейітмағамбетова 1975 жылы Қызылорда облысы Арал ауданы Арал қаласында дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік гуманитарлық университетінің түлегі. Облыстық «Жыл мұғалімі-2000» байқауының жеңімпазы. Республикалық «Жыл мұғалімі-2000» байқауының «Ұлттық дәстүрлерді насихаттаушы» аталымының иегері. Өлеңдері Сырдың жас ақындарының «Теңіз даусы», «Жас қалам» атты топтама жыр жинақтарына енген. ҚР Тұңғыш Президентінің Құрмет грамотасымен және т.б. марапатталған. 2018 жылдан «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі.

***

Сәулелі сәттерімдесің,
Қамкөңіл дәптерімдесің,
Өлең!

Сезімнің бүршігіндесің,
Ұялшақ кірпігімдесің,
Өлең!

Жүректің лүпіліндесің,
Қанымның бүлкіліндесің,
Өлең!

Жанардың мөлтіліндесің,
Әнімнің мұң-тіліндесің,
Өлең!

Баламның күлкісіндесің,
Сүйемін шын түсінгесін,
Өлең!

Тамшы-сыр тырсылындасың,
Ойымның тылсымындасың,
Өлең!

Жанарға жасырынғансың,
Аяулы асылымнансың,
Өлең!

Тұп-тұнық бастауымдасың,
Жазмыш-дастанымдасың,
Өлең!

Қауырсын қаламымдасың,
Жап-жарық ғаламымдасың,
Өлең!

Ант, дұға, тілегімдесің,
Ып-ыстық жүрегімдесің,
Өлең!

***

Жаудырай қалған жанарда,
Үзілмей жүрген тамшы бар.
Болмаса мекен жан Арға,
Қысылар жүрек, жаншылар.

Өмірге қанша кетті есе,
Көңілім сап-сап тіл байлар.
Тірліктің дерті кетпесе,
Босаған төрді мұң жайлар.

Жалғанның мынау дауы мың,
Күмілжи шығар бағзы үні:
Сілейтсе обал-жауыным,
Еш кетер емі бақсының.

Жылт еткен шуақ жылытса,
Жер жібіп, тоңнан аршылар.
Жайыңды көптің бірі ұқса,
Оның да өзі бақ шығар...

***

Қыз:

Қолыңдағы аппақ гүлді кім үшін деп жинадың?

Күні-түні кімді ойлаумен өзіңді-өзің қинадың?

Махаббаттың лағыл тәжін кімге арнап жасадың?

Ай арудың мәрмәр өңін кімге қарап қашадың?

Кімді құшып қиялыңда, шөп үстіне құладың,

Қай сұлудың шөлін басар кәусар өлең-бұлағың?

Жаратқаннан жылап тұрып кімге бақыт сұрадың?

Арманыңды қай жанардың жарқылынан құрадың?

Сүмбіл шашын бір сипауды аңсауменен егіліп,

Кімді сонша сағындың сен ет-жүрегің езіліп?

Жігіт:

Соны ғана сүйіп өту – ардай қымбат кесімім,

Білгің келсе, мен айтайын періштемнің есімін.

Қыз:

Айтпа, атама, керегі жоқ, естімесін құлағым,

Жүрегімді өртейтіндей сендік ыстық сыр-ағын.

...Бәрін-бәрін, бәрін-бәрін, жаным, енді түсіндім,

Көздеріңнен күле қарар менің нәзік мүсінім.

***

Аппақ-аппақ қар бетінде,
Көрінбейтін кір жатыр.
Құламалы жар шетінде,
Сынық қанат тұр пақыр.

Мыстан тағдыр айрылмады,
Қыса түсіп шеңгелін.
Қарлығашым қайрылмады,
Қара тұтып, сенгенім.

Бұлт екеш бұлт кәрін төгіп,
Мінгізбеді жонына.
Жалғыздығым таудай шөгіп,
Жатып алды жолыма.

Өшті ме көк арайы шын,
Мұзға оранды гүл-өңір.
Сәл жылынып алайыншы,
Құшақташы, ей, өмір...

***

Елік-ару, жаудыраған жанары,
Жанарында – ғаламы,
Аппақ ары – Самарқанның қамалы.
Үр бейнесін сыйғыза алмай өлеңге,
Сорлы ақынның тосылады қаламы.

Күндей көркем, айдай сұлу жамалы –
Шайырлардың ғазалы.
Құсни көңіл масаң әрі мазалы,
Сарқығанда бар қуатын жүректің,
Келер анық ажалы.

Дүр жігіттер болған жауға мазары,
Үгіп іштей тағдырының мазағы –
Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылып,
Ғашықтықтың дерті батып, азады.
Өз-өзіне көрін солай қазады.

Раушан гүлім, болмысы асыл, әз аты,
Сенің жүзің – көзімнің нұр, ләззаты
һәм шабыттың қанаты.
Сен мұңайсаң – мұңаяды әлем де,
Сенің күлкің – сезімдердің науаты.

Перизат қыз тілді байлар ажары –
Күншілдердің құтын алар азабы.
Беу, сұлулық,
Дүниенің көктем-күйі, жаз-әні,
Басымды идім, Тәңірінің ғажабы!

***

Тал басынан төгілуде жапырақ,
Сұлуларды жатыр құшып атырап.
Сол құшақта неден діріл қақты екен,
Бейшаралар тоңды ма әлде қалтырап?

Үзілді, әне, тағы да бір жапырақ,
Үзілді мұң жүрегімнен тамшылап.
Ал аяқтар өтіп жатыр тоқтаусыз,
Аруларды еш аяусыз жаншылап.

Жаз-жігітті аңсап іштей өрекпір,
Жапырақтар – жырымдалған жүректер.
Сұқ саусақтар нұсқау беріп әмірлі,
Төкті апарып бір аулаққа күректер.

***

Өзгелерден сезіліп тұлғаң бөлек,
Түн ұйқымды төрт бөлсең, мұңға бөлеп,
Сен кінәлі емессің.

Бір көруді сыртыңнан медет тұтып,
Көше кезсем, сабырды сарқып, үгіп,
Сен кінәлі емессің.

Өз-өзімнен жылап ап айқайлап бір,
Дүр сілкініп, оқысам балқаймақ жыр,
Сен кінәлі емессің.

Өз-өзімнен күлсем де жынды адамша,
(Сынайды екен тағдырым әлі қанша?)
Сен кінәлі емессің.

Өзің жайлы ән айтсам гүл, ағашқа,
Самал жел кеп сырымды ала қашса,
Сен кінәлі емессің.

Әз жанымды қисаң-дағы айыпқа,
Сезімімді шырақ етіп мен кетермін ғайыпқа.
Ерінімде күбірім:
Сен кінәлі емессің.

***

Күн сәулесін құйып алып көзіме,
Қараған ем әлемге.
Енді аң-таңмын тіпті өзім – өзіме,
Ішім түгел айналғандай өлеңге.

Сырлы, сиқыр бұл шақты
Көңіл сүйіп ұнатты.

Жақын барып, хал сұрадым ағаштан,
Қайсарлығы жығылмайтын ту сынды.
Бұтақтарын өн бойына жарасқан
Иіп әкеп, үшкіл гүлін ұсынды.

Мың мәртебе, сарбазым,
Мақтау күтпес маңғазым.

Қанаттымен жарысуға бекініп,
Бір, екі, үш... Кеттім ұшып, алақай!
Тау-тас, дала үн қатады желпініп,
Самға, – дейді, – бәрекелді, балақай!

Жерге ешқашан түспеймін,
Берді Тәңір құс кейпін!

***

Күзгі кеш. Сыңси салған желдің әні,
Тірлікті жадыратар сазың кәні?
Санасын жас ақынның сансыратқан
Жалғыз ой:
өткінші дүниенің бар ма мәні?

Ағашта жапырақ жоқ самсап тұрған,
Жан тыншыр құбылаға жүзін бұрған.
Өзегін мұң өртейді бір арудың.
...Қай белде жатыр екен күміс сырғаң?

Шам сөнген. Жұрт ұйқыда – тәннің қамы,
Бала отыр кітап оқып – жанның қамы.
Түн өтсе, бір жарықтың жетері анық,
Бұ-дағы көңілді аулар өмір заңы...

***

Бір кезде кеудем күмбір үн еді,
Әуезін төре, хан ұққан.
Жаныма қайдан мұң кеп түнеді,
Бағдарсыз күндер қажытқан.

Менің де бар-тын тұңғиық көлім,
Арнасы кеуіп, шөлдедім.
Еркімді билеп сұрқия өлім,
Бағым не сор деп бөлмедім.

Ал бүгін... бәлкім, түсім бе екен,
Естіліп сазы гүл-дәурен.
Түлеумен кенет, түсіндім бекем,
Емесін, өмір, бір әурең.

Көңілім енді шын тағат таппақ,
Ғаламды сүйіп, жыр құшып.
Киелі құсым, қанаты аппақ,
Айналып мені жүр ұшып.

***

Сендік ойлар тыншытпайтын кезі мың.
Бірақ неге шатпын?
Пәкпін. Ақпын...
Жаза басып ұмытқаным, кімсің, айтшы есімің?
– Махаббатпын.

Махаббат?!
Мен білмеген, о, не деген ғажап ат!

– Қалауың не?
– Бар қалауым – Адалдық,
Адамдардан үмітін еш үзбейтін,
Жоғалтып ап іздейтін.
– Адалдық!
Сенің заңың біреулерге көрінер боп қаталдық,
Сені үркітіп алғандардан күтем қандай Тазалық?!
Күмілжимін...
О, қаншамыз ізгі әніңді сала алдық,
Сенің ұшар биігіңде қала алдық...

Махаббат!
Сенің ұлы есіміңнің енді бірі – Шапағат.
Сүрініп қап құлағандар,
Қиялмен бақ құрағандар,
Иә, сені бәрінен де артық көріп қаламақ,
Сен өйткені – Тәңір сыйы ғаламат.

Махаббат!
Сенсің, сірә, ең мерейлі жеңісім,
Сені кие тұта алғанның бәрі осылай дері шын.
Нұрыңды төк жер бетіне,
Тар пейілдер кеңісін,
Мұз боп қатқан тас жүректер ерісін.

Сосын... сосын... алау отпен тәнді мүжіп, жанды же,
Бұдан асып сезімдерді аяулы етер тағы не?
Ей, Махаббат,
Сен өзіңді бізге осылай бағалат,
Сенің мұңың – азап әрі рақат.

***

Құлап түстім жазатайым,

Бұла көңіл жасыды.

Алатауым – ағатайым,

Шуағына жылынатын күн бола алмай,

Құшағына тығылатын түн бола алмай,

Долы өзендей тасыды.

Сығып біттім жанның жасын,

Таба-тоқпақ ісінді.

Күңкіл сөздер жалын-жасын,

Көлбең қағып солымнан да, оңымнан,

Шырқыратып таспа тіліп жонымнан,

Өртеп кетті ішімді.

Наламды артып сұм өмірге,

Хақ өлімді аңсадым.

Қалт-құлт еткен ар-көпірде,

Көктен медет тілей алмай,

Шөккен еңсемді тіктей алмай,

Шар-ша-дым...

Мейірімі жоқ міншіл қауым,

Әуре болма бекерге,

Тоңдыра алмас енді мені қар, жауын.

Есігімді қатты жаптым,

Дертті жүрегіме сая таптым,

Жалғыздық дейтін мекенде.

Сурет ашық ғаламтор кеңістігінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар