Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Абзал Бөкен. Қалағаңның «қаһары»

27.11.2019 689

Абзал Бөкен. Қалағаңның «қаһары» 12+

Өмірде ескірмейтін құбылыс жоқ. Көбісі келе-келе мәнін жояды, немесе бір сападан екінші сапаға ауысады. Солардың санаулылары ғана уақыт атты ұлы құзыреттің сүзгісінен өтіп, осынау ұлы кеңістікте әлі де бар екенінен хабар беріп тұрады. Мұның ең алдымен адамдарға қатысты жағы мол.

Қалжың сөздің ұстасы, қара сөздің нұсқасы саналып, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Қалтай Мұхамеджанов та ұлт әдебиетінің осындай ұмытылмас бір ұстыны еді.

Білім деген ұшан-теңіз. Жалпақ жаһанның бүкіл ілім-білімі алақанымыздың астында бола тұра, біз игере алмай жатқан иен игілікті ол кісілердің сонау бір аласапыран заманда жүріп қалай игеріп алғанына таңқаласың. Тәрізі, ғұламалық дегеніміз жаппай жапырып оқуда емес, керектісін тауып, танып оқуда ма демін.

Біз көркем әдебиет мұхитында малтықсақ, олар біздей кезінде танымдық, ғылымдық дүниелерге ден қойған ғой.

Сол сан саланың сардары Қалағаңның қарамағында жұмыс істеу бақыты біздің де пешенемізге бұйырған. Етене жүріп еңбек етіскен уақыттарда байқағаным – ағамыз жұртты ел мен жерге бөлмейтін, жоқ-жітікке көмек қолын созуға дайын тұратын жомарт көңілді жан екен.

Сіріңкенің бір тал шырпысын берсе, қарымына қарағай дәмету бүгін пайда болған үрдіс қой.

Еткен жақсылығына қайтарым күтпеу ол кездің бұлжымас қағидасындай болатын. Мәселен, маған сужаңа пәтерді сутегін сыйлаған ол кісіні бір шәугім шай ішуге әрең көндіргенбіз. «Әуре болып қайтесіңдер, сендер үй болып кеткенше талай заман, одан да керек-жарақтарыңды алыңдар», – деген. Дегенмен, «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» ғой. Үй көрсеткен қарапайым құрметімізді зор қанағатпен қабылдаған.

Енді ұлы адамдардың бірде дана, бірде бала мінезді болатынына дәлел ретінде бір тосын әрекетіне тоқталайын. Қалтай аға бас редакторлық ететін «Түркістан» газетінің жауапты хатшысы қызметін атқарып жүргем. Елде жүргенде кеңшар деректірінен бергі жердегі бастықтарды бастық деп ұқпауға дағдыланған мен үшін бұл қызмет анау айтқандай мансап емес. Бірақ бір адамға бір бастық бола беретінін мен «Жалын» баспасында аз-кем уақыт қызмет еткенде көргем және басқа баспалардан да байқағам. Олармен салыстырғанда жалақысы жоғары, қаламақысы қомақты, жеке жайлайтын көлдей кабинеті, темір жәшігінде сықырлаған теңгесі бар халықаралық газеттің жауапты хатшылығы талайлардың-ақ көкейін тесетін қызмет екен.

Менің өмір бойы ізімнен қалмай ілесіп жүретін екі кемшілігім бар. Оның біріншісі – ылғи да баратын жеріме кешігіп жүретінім. Оқушы кезімде мектепке кешігу, студент кезімде аудиторияға кешігу, қызметкер кезімде жиын-жиалысқа, тіпті, жұмысқа кешігу дағдыға айналған. Екінші кемшілік – қызмет сатысында бір табан жақындығымды пайдаланып, өзінің адамы болғансып бірінші басшының кабинетіне кіргіштей бермейтінім. Өйтпейтінім – кірсем өзіммен бірге сыртқы дүниеден сөз ала кіруім керек. Бұл сөз кейбір әріптесім жөнінде бастығымның пікірін өзгертіп, я пайдасын, я залалын тигізуі мүмкін. Ондайда нем бар? Қақ-соқпен ісім болмау – менің ежелгі принципім.

Суретте: қаламгерлер Баққожа Мұқай, Оралхан Бөкей, Қалтай Мұхамеджанов

Енді осы екінші кемшілігімнің орнын өзгелер толтырмай ма?! Мен кіргіштемеген бастыққа олар кіргіштемей ме?! Сөйтіп, мен жаман, олар жақсы бола бастамай ма?! "Жұмыстан кешігеді", – дейді екен, бірақ жұмысым ақсап жатқан жоқ, "Өзін тым тәуелсіз сезінеді", – дейді екен, бірақ ешкімді тәуелді етіп жатқам жоқ, "Редакцияның атына келген пәтерді алып алған", – дейді, бірақ тартып алғам жоқ. Еңбегімді елеп-ескеріп ұжымның өз келісімімен берілген. Сондағы көздегені мені атқарып жүрген аз ғана қызметімнен төмендету. Бірақ ісім жүріп тұрғанда мен неге одан бас тартайын. Дегенмен, «тау мен тасты жел бұзады, адамзатты сөз бұзады» емес пе? «Мыналар не деп жүр?», – дейді Қалағаң бір күні мені шақырып алып. Мен мән-жайды түсіндіремін. Бірер айдан кейін осы сұрақ тағы қайталанады. Бұл жолы болмашы бір лауазымға тісті бақадай жармасып алған біреу болмай-ақ қояйын деп, я, жұмыстан босату, я, төмендету туралы арыз беремін. Қалағаң мені босатқысы келмейді. Орынбасарлары Бейбіт Спаралин мен Дидахмет Әшімхановты шақырып алып: «Ана ақымақты ақылға шақырыңдар», – дейді де менің арызымды қоқыс салатын қобдиға жібереді.

Осыдан аз уақыт өткен соң оқыс оқиға орын алды. Бас редакторым отбасының өзі бастаған төрт-бес төлқұжатын қолыма ұстатып, пәлен деген мекен-жайға тіркеуге тұрғызып келуді тапсырған. Комхозға барып тапсырылған істі тастай етіп орындап редакцияға оралғам. Бастық орнында жоқ екен. Түстен кейін тапсырармын деген оймен құжаттарды жазу столының суырмасына салып, үзіліске шықтым. Содан сүт пісірім уақытты сыртта өткізіп, жұмыс орыныма келмеймін бе. Келсем құлыптап кеткен есік ашық тұр. Қаперімде қауіп жоқ, мұнысы қалай дегем де қойғам. Түстіктен қайтқан жұрт қарасы көрінгенше жазу-сызуыммен айналыстым. Қалағаң келді-ау деген мөлшерде әлгі құжаттарды алайын десем, іздеген заттарым көрінбейді. Суырманы әрі ақтарамын, бері ақтарамын, қолыма ілігер емес...

Екі көзіммен жер шұқып тұрып болған жайды бастыққа баяндауға тура келді. Жарықтық кең кісі еді ғой. Әлдекімше таусыла сөйлеп, тұқыртып жатпады. Тек, сол кездің салты бойынша "Құжаттардың қолды болғаны жөнінде газетке хабарландыру берейін бе?" – деп едім, «Енді Қалтайдың құжаттары құрдымға кетті деп бүкіл Қазақстанға жаяйын деп пе едің, өзім бірдеңе қылармын», – деп қайтарып тастады. Жым болған күйі табанымды жалтыраттым.

Әйткенмен, бастық кешті екен деп, өзімді кешіре алмадым. Құжаттарға келген жау сырттан емес, іштен екені анық еді. Олардың жымысқы әрекетін бастық та, мен де тыя алмайтынмын. Енді кешіктірсем ұжым берекесінің кетуіне себепкер болармын деп секемденген мен екінші мәрте арыз бердім. Бұл жолы арызымды қанағаттандыратын болған бастық түскі үзіліске үйіне кетті. Әлден соң редакцияның шаруасымен кешігіп келген Нұрқасым Қазыбеков төбе көрсетті. Нұрекең үлкен жазушы, газетіміздің белді, белсенді қызметкері. Жас айырмашылығына қарамастан екеуміз достық рәуіштеміз. Нұрқасым менің кетейін деп жатқан жаңалығымды тітіркене қабылдады.

Ендігі қызықты қараңыз. Осы сәтте әшейінде түстіктен түс аумай оралмайтын басредтің біз отырған кабинетке кіріп келмесі бар ма. Шамасы, кабинетінде ұмыт қалған бір қағазын алуға келсе керек. Бұлан-талан боп отырған Нұрекең: «Қалаға, мына Абзалды жұмыстан неге шығарғалы жатырсыз, мұндай бала шашылып жатқан жоқ қой. Мұны шығарсаңыз, мені де шығарыңыз», – деп салғаны. Аз-кем аңтарылып қалған бастық:

«Ә, солай ма, онда жұмыстан сен де шықтың, Нұрқасым», – деді. Сөйтті де бұйырықтың мәтінін дайындап қоюды өзіме тапсырып, өз «жаназамызды» өзімізге шығартқандай жалт бұрылып жүре берді.

Мені қойшы, әуелден айтқан тоқты. Араша түсемін деп арандап қалған Нұрекеңе обал болды.

Адам табиғаты қызық жаратылыс қой. Кейбіреуінің «айналайынының» өзі арқаңды аяздай қарыса, кейбірінің ашу шақырғанының өзі маңдайыңнан сипағандай майда сезіледі.

Кең Қалағаң, кемел Қалағаң осының соңғысына жатады. Бұған дейін аялы алақанының жылуын талай мәрте сезініп, қайтарым күтпейтін қайырымынан талай рет қуат алған біздер оның бір ашуы түгілі, мың ашуын көтеруге дайын едік. Өйткені, біз оның бөтені емес, біраз уақыттан бері біте қайнасып кеткен рухани жақыны, қалами қандасы болатынбыз. Содан да болар, «енесі тепкен құлынның еті ауырған жоқ». Қайта, бір айналып келіп енесінің емшегіне жармасатын құлындай біз де ағамыздың кең пішілген кісілігінен пана тауып, қашан көз жазып қалғанымызша қадірлес болып өттік.

Өмір озады, адам тозады. Қос аға – Қалтай мен Нұрқасымнан айырлып қалғаныма талай жылдың жүзі болды. Адамның өткені өзіне ыстық болып көріне ме, әлде шынымен солай ма, қазір мұндай кесек турайтын тұлғаларды табу қиын.

Заманына қарай адамы, қайласына қарай қадамы болып кетті. Бірақ жақсының аты, ғалымның хаты өшпек емес. Оларды руханият атты ақ боз үйдің төрінде төбесін балуан уыққа тіреп, әдебиетіміздің «біркиерлерін» бұтағы майыспай көтеріп тұрған АДАЛБАҚАНҒА теңесек жөн. Адалдықтың адалбақаны тозбасын, – десеңізші...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар