Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Түркістан: өнер майталмандары не дейді?...

26.11.2019 4477

Түркістан: өнер майталмандары не дейді? 12+

Түркістан: өнер майталмандары не дейді? - adebiportal.kz

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жарлығымен 2018 жылы Түркістан өз алдына жеке облыс болып құрылды. Аталған бір жыл аралығында Түркістан жаңғырып, даму жолына шықты. Елбасының бастамасымен Түркістанның дамуына серпін беру мақсатында «TURKISTAN» экономикалық аймағы құрылды. Қаншама мәдени-рухани халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өтіп, туризм саласының қарқыны арта берді. Дәл осы уақыт аралығында жаңа облыстың құрылуына ықпал еткен Елбасы Н.Ә.Назарбаев Түркі әлемінің ең жоғары орденімен марапатталды. Осы орайда, өнер саласының майталмандарының пікірін білген едік.

Ерлан Рысқали, дәстүрлі әнші:

Түркістан облысының құрылғанына өзім қатты қуандым. Неге десеңіз, бұл алты Алаштың, түркі әлемінің ерекше құтты мекені. Бұл туралы қазақтың ақиық ақыны, есімі күллі түркі әлеміне ортақ Мағжан Жұмабайұлы «Түркістан» атты өлеңінде:

«Түркістан - екі дүние есігі ғой,
Түркістан - ер түріктің бесігі ғой»,

- деп жырлаған. Сондықтан Мағжан ақыннан асырып айта алмаймыз ғой. Десе де, Түркістан облысының түркі әлемінің руханиятынан алар орны зор. Мен Түркістан қаласының облыс орталығы болуына дейін, ол жерге бірнеше рет сапарлап барып қайтқан едім. Ол кездегі Түркістан шынын айтқанда әлі дедаму жолына сұранып тұрғн еді.Облыс орталығы болып жарияланғаннан кейін де болдым. Әрине бұрынғы шаһарға қарағанда, анағұрлым көш ілгері. Күннен - күнге дамып келе жатыр екен. Бір жыл уақыттың ішінде жаңа ғимараттар салынып, көшелері тазаланып, жинақталып, жан - жақты іргелі басып, өркениетке қосылып дамып келе жатқанына көзім жетті. Сондықтан, мұндай құтты мекеннің оның ішінде Түркістанның облыс орталығы болып қайта құрылып, оны тікелей Елбасы мен Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қарауында болып, қадағалап дамуын қолға алуы бұл қаланың келешегінің зор екенін білдіреді. Біздің алты алаштың азаматтары өзінің түп тамырын, тарихын білетін ағайындарымыз бұл шешімге оң көзбен қарайды деп ойлаймын. Түркістан ежелден руханият ордасы. Біздің елімізде қанша қала болса да, Түркістанның руханият ордасы екені ақиқат. Өзге қалалардыңда өзіне тән қазіргі заман тілімен айтқанда бренді бар. Мәселен,Нұр-Сұлтан – елордамыз, жасқала, паң қала, ал Алматы – өнер ордасы,шығармашылық аурасы сезіліп тұрады. Қазақтың әр мекені киелі. Бірақ мұнда Түркістанның орны орасан зор. Ұлы бабаларымыз Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи жерленген киелі топыраққа табанын тисе, сонау ықылым замандағы тарихтың, рухтың демі сезіледі.

Енді осы жылы Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Түркістанды жеке дара облыс ретінде құрып, оңтүстіктің шырайлы шаһары Шымкентке мегаполис дәрежесі бар елордамыз Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының қатарыына қосып, жеке стау беруі бұл ең сарабдал түйін болдыдеп есептеймін. Бүгінде міне Түркістан дамудың дара жолына түсті. Жана жоғарыда айттым ғой Түркістанда жақында ғана болдым, шынымен жаңғырудың демі сезіледі. Бір жылдың ішінде шыққан нәтиже нашар емес. Оны бұқара да көріп отыр. Халықтың әлеуметтік жағдайына да басым назар аударылатыны айтылды. Бәріміз білеміз ғой, Түркістан болсын, осы оңтүстік өңір жалпы жеке шаруашылыққа, кәсіпкерлікке бейім ғой. Осы тұрғыда және экономиканы әрі қарай дамыту мақсатында «Turkistan» экономикалық аймағы құрылды. Халықтың әл-ауқатын арттыру болсын, жеке облыстың деңгейін көтеруде мен мұны жақсы бастама деп білем.

Сонымен қатар Түркістандық ағайындарға, жалпы қазақ еліне қасиетті мекеннің облыс орталығы болып құрылғанына бір жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын. Іргелілеп дами берсін, келешекке қарыштап қадамдай берсін дегім келеді. Көркейе берсін. Қаланың мәдениеті, өркениетінің дамуы бұл тікелей сол елді мекеннің тұрғындарының қолындағы дүние. Сондықтан осы қасиетті Түркістанның гүлденіп, өркендеп өніп дамуына әр қайсымыз үлес қосуға жалықпайық.

Ерлан Малаев, актер, әнші:

Кең байтақ Қазақстанның күнгей өңіріндегі Түркістан қаласы облыс орталығы болып құрылғаннан бері аттай бір жылдай уақыт өтіпті. Атаулы дата әрине. Түркістанға тікелей Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен облыс мәртебесі берілген болатын. Меніңше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі Түркістанның қасиеттілігін, киелі мекен екенін ескеріп, осындай мәртебе берген. Бұл мекен - біздің екінші меккеміз және қасиетті қаламыз. Қазақ халқы бұл мекенге о бастан тәубе етеді. Барлығымыз Түркістан топырағында талай хандардың, батырлардың, билер мен игі жақсылардың сүйегі жатқаннан кейін де кие тұтамыз. Тарихы тереңде жатқан, ел тарихында өзіндік орны бар мекен екені бәрімізге аян. Ол жерді Түркияның қазіргі Президенті Ердоғанның өзі түркі тілдес халықтардың орталығы санасақ деген пікір айтқан болатын. Ол тегіннен тегін емес деп ойлаймын. Бұрын Йасы, Шағбар деп аталды. Орталық Азиядағы көне қалалардың бірі. Демек, оның орталық болуы әбден дұрыс. Түркістан облысы болғанына тек мен ғана емес, бүкіл қазақ елі қуанышты деп ойлаймын. Өйткені туристік аймақ болғандықтан қарыштап, дамып жаңа құрылыстар жүргізіліп жатыр. Түрлі нысандар бой көтеруде. Экономикалық ілгерілеу әрине баршылық. Қазіргіден де гүлденсе, керемет болатын еді. Түркістан туралы айта берсек сөз таусылмайды. Мен бұл қалаға облыс болмай тұрғанда барғанмын. Қазіргі елордамыз сияқты құрылыс жақсы жүріп жатыр екен. Табиғаты да өте керемет, жұртқа да жайлы. Халқы да жақсы, қонақжай, бір-біріне мейірбан. Көркейіп, болашақта тұрғындарына жайлы шаһар болып кетеді деп ойлаймын. Нұр-Сұлтан біздің астанамыз болса, Түркістан біздердің рухани астанамыз деп сенемін.

Осы орайда айтқым келетіні Түркістанның негізі туризмдік әлеуеті басым шаһар ғой. Бұрын облыс орталығы болмай тұрып та мұнда халықтың қарасы азайған емес. Себебі біздің қасиетті ата-бабаларымыз Түркістанның киелі топырағында жерленген. Осынау киелі мекендер шынымен өткеннен қалған бір белгі, мұра ғана емес, сөйлеп тұрған тірі тарих. Түркістан тек Орта Азия я жалпы түркі жұртының ғана емес, барша әлемде ойып тұрып орын алар тарихи мекен болуы тиіс деп санаймын. Сол себептен бұл шаһардың туристік әлеуетіне ерекше мән беріп, соны арттыру керек. Әлбетте, экономикалық, әлеуметтік, инфрақұрылымдық дамуы да баса мәнге ие. Алайда туристік әлеуеті Түркістанға бар жаһаннан қонақтар тарта алуға әбден қарымды. Тек соның жөн-жосығы мен жоспарын, шетелдік қонақтарға ғана емес, жалпы өз халқымызға да тың дүниені танып, рухани әсер алуға лайықтау керек.Себебі сырлы Түркістанның әлі де ашылары, берері мол деп білемін.

Құдайберген Бекіш, әнші:

Түркістан облысының құрылғанына бәріміз қуандық. Өйткені Түркістан ежелгі тарихи қала. Талай мұралар сол қалада жатыр. Ол жердің тарихы тереңде жатқанын бәріміз жақсы білеміз. Президеніміздің қолдауымен үлкен бағдарламалар жасалып жатыр. Болашақта туризм де жақсы дамиды деп сенемін. Анда-санда туған жеріме бара жатқанда Түркістанға соқпай кетпеймін. Анам бала кезімнен Түркістанға әкеліп құран, дұға үйреткен болатын. Біз Түркістан мекеніне келгенде құтты бір ертегіге келгендей, ежелгі тарихқа бір сүңгитінбіз. Сол кезден алған әсеріміз, жігеріміз әлі күнге дейін маған дем береді. Атына заты сай мекен болып тұр. Мен өзім елдің азаматы ретінде қатты қуандым. Бұл – қасиет қонған мекен. Бала кезімде әпкемнің көзі көрмей қалған болатын. Анам жылап - сықтап Түркістанға әкеліп, мешіттің жанына түнедік. Содан көзін сумен жуып жүрдік. Сол кезден бастап көзі ашылып кетті. Мен сол сәттен-ақ Түркістанның тек құт дарыған ғана емес, қасиет сіңген, топырағы құдіретке толы мекен екенін сезінген едім. Өзім қашан да Түркістанға барған сайын үлкен рухани ләззәт алып қайтамын. Өзімнің сонау балалық шағым, көкейдегі асыл армандарымды және бүгінімді Түркістанның қасиет қонған мекендеріне алыстан көз тастап барлап отырып, еске аламын. Бұл тек рухани сезім ғана емес, жеңілдеу, ерекше бір серпілу дер ем.

Ақиқатында қазақтың бар жеріне қасиет қонған ғой. Анау Батысымызды алып қараңыз, Шығысымыз, Сарыарқамыз, Көкшеміз, Оңтүстігіміз қандай. Әрқайсысы әйтеуір тірі тарих дерсін. Асылында қазақ халқының ұлы, қастерлі тарихының еншісінің көбі Түркістанда жатыр. Қаншама батырлар, ақындар, қаншама хандар сол жерде жерленген. Ол жердің рухы, энергетикасы ерекше ғой шіркін. Барсаң басқа планетаға түскендей боласың ғой. Құдіреттің бар екенін сонда барып түсінгендеймін. Ол жердің ерекше аурасы бар. Түркістан облысына барсам, міндетті түрде Арыстан бап пен Қожа Ахмет Яссауиге соқпай кетпеймін. Мен үшін Түркістан облысы жер жәннәті. Бүгінде Түркістанымыз тек қазақ елінің ғана емес, барша түркі жұртының, Орта Азияның өркениет ошағына айналды. Жыл сайын мұнда қаптап келетін туристер санын да атап өту керек. Оны барша бұқара көріп отыр ғой. Енді міне Түркістанымыз тек өркениет,руханият қана емес, экономикасы да жақсы дамыған, әлеуеті де биік аймаққа айналды. Бұл әрине мақтан көрерлік жайт. Мұнымен біз мақтануымыз керек. Түркістан көркейіп, бүкіл дүние жүзінің халқы біле берсін. Мен үшін ол үлкен жетістік деп білемін. Әрі қарай да көркейе берсін.

Қайрат Байбосынов, әнші, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Түркістан қаласы түркі әлеміне белгілі киелі мекен. Түркі халықтарының сыйынатын, тәубе қылатын жері ғой. Әрине Түркістанның өз алдына облыс болғанына қуанамыз. Өйткені біздің еліміз, жеріміз өсіп, өркендеп жатыр. Түркістан облысының экономикалық, инфрақұрылымдық, салалық я әлеуметтік болсын әлеуеті жоғары. Оны көзіміз көріп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістанға облыс статусын беру туралы тарихи шешім қабылдады. Осы шешімнің де маңызының қаншалықты жоғары екені онсыз да ұғынықты ғой. Бұл тұрғыда бүгінде Түркістанның даму әлеуетін байқап отырмыз. Үлкен экономикалық аймақ құрылды. Бұл халықтың әл-ауқаты әрі қарай жақсарады дегенді білдіреді. Түркістанда қазір қай сала болсын дамып жатыр. Бірақ қай жағынан алып қарасаң да Түркістан руханияттың ордасы ғой. Бұл шаһардың үлкен өркениеттік қауқары да өте жоғары. Бұл қала да тұмса тарихтың, бір рухани күштің, сезімнің ұшқыны бар. Мінеенді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен Түркістан өз алдына облыс болып шыққалы жаңашылдыққа бет бұрды. Қалада әлі талай әсем ғимараттар бой түзеп, жаңашылдық пен ықылым заманның сарқыншағындай болып тұрса, бұл – керемет. Келетін туристер саны да жыл санап артып келеді. Менің айтып отырғаным – шетелдік. Өзіміздің халық бұл қасиетті аймаққа бұрыннан табан тіреп келіп,ата-баба рухына тағзым етіп,қастерлеген халық қой. Түркістанның да өзіміздің жас қала болса да бүгінгі бас қаламыз Нұр-Сұлтан сияқты әлемдік аренаға танылуына мүмкіндігі өте көп. Елордамыз салынып жатқан уақыттың өзінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен халықаралық бітімгерлік орталығына айналды десем жаңылыспаймын. Оған мына жұрт өзі де куә. Қаншама мәмілеге толы жемісті іс-шаралар өтті, ЭКСПО көрмесі бар. Міне, Түркістанның да руханиятты жаңғыртып, қалың қазақтың тарихын танытуда әлеуеті жетеді. Мына Арыстан баб пен Қожа Ахмет Яссауи бабаларымыздың өзінің кесенелері сөйлеп тұрған тарих дерсін.

Түркістан облысы жеке шаңырақ болып шығуы халықтың көңіліне қуаныш ұялатады. Қай қазақ болсын Түркістанды кие санаймыз. Кесенелерге барып зиярат етеміз. Туристеріміз, саяхатшыларымыз көп келеді. Мұсылман дінінің мызғымас қазығындай болады деп ойлаймын. Облыс қарыштап дамып, ғылыми институттар, үлкен деңгейде оқу орындары ашылса деймін. Түркістан облысының халықтары диханшы, еңбекші ғой. Сондай еңбекқор халыққа жұмыс табылып үлкейіп жатыр. Сондықтан халық білу керек рухани патриоттық сезім оятатындай жер екенін. Елдің барлығы сонда ағылу керек. Меккеден кейінгі екінші орындағы мекен.

Ақжол Мейірбеков, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Түркістан өңірі түркі халықтарының астанасы ғой. Ол сөзсіз. Киелі Түркістанның бар болмысынан-ақ сонау ықылым заманның лебі сезіледі. Кесенелер, ол заманнан қалған қаншама жәдігерлердің өзі тарлан тарихтан сыр шертіп тұратындай. Түркістан талай ірі тарихи процесті бастан өткерген аймақ. Ұлы Жібек жолында болып, қаншама өркениетті былайша айтқанда көзбен көрген шаһар ғой. Бүгін уақыт өтіп, ғасырлар артта қалса да,Түркістан өзінің осынау бір ерекше асқақ, тарихи болмысын жаңғыртып келеді. Міне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен облыс атанғалы бері мұнда жаңа тарих жазылып жатыр. Экономикалық аймағы құрылып, қаншама шетелдік, отандық кәсіпкерлермен инвестициялық, т.б жобаларға қатысты шарттар мен құжаттарға қол қойылды. Енді олардың әрқайсы шаһарымызға кереметтей бір-бір ғимаратты түзіп береді. Бұл халықтың әл-ауқатын ғана емес, оның рухани мәдениетіне де ықпал етеді. Бұрын рас Түркістан кішкентай ғана қала болды. Анау айтқандай әлеуметтік нысандары да көп емес еді. Ал қазір қараңыз, күн өткен сайын жанданып, бой түзеп келеді. Болашақта үлкен ғимараттар соғылып, үлкен әуежай керемет қала болады деп сенемін. Түркістанды басқа халықтар жақсы көреді. Зиярат етіп жиі келеді. Түркістанның туризм орталығына айнала алатын үлкен әлеуеті бар. Соны бізге ұтымды пайдалану керек. Жақсы қонақ үйлер салып, мынау қатынас, транспорт жағын реттеп, Түркістанды танытатындай бір мобильді қосымша дейміз бе орнатса, бұл меніңше керемет болады. Қазір өзі сондай заман болды ғой. Телефоннан ашып бәрін қарап, білгін келген ақпаратпен қаруланып отырасын. Қазір жақсы құрылыстар басталып кетті. Алдағы уақытта шырайлы Шымкент шырайлы Түркістан болайын деп тұр. Облыстың қазіргі ахуалы жақсы ғой. Мен жетпісінші жылдары бірінші рет зиярат етіп барғанымда тіпті жолда жоқ болатын. Ал, қазір бәрі керемет. Менің жалпы халыққа, туристерге Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи сынды кесенелерге оңай қатынайтын әдемі электрлі қатынас пойызын жасаса екен деген тілегім бар. Уақыт аралығын әрбір он бес, жиырма минут қылып қойса, тіпті тамаша болатын еді. Халықтың қолайлылығы үшін сол дұрыс деп ойлаймын. Сосын шетелден келген турисін болсын, өзіміздің отандасымыз болсын, киелі Түркістанды пойызбен де бақылап, алыстан көз тастар еді. Әрі тез арада қасиетті орындарға табан тіреп, өткенге біркөз жүгіртер еді. Бүгінде Түркістанның әл-ауқаты жақсы. Аймақта жасалып жатқан кез келген жаңа жоба болсын, конференциясы болсын бақылап отырамыз. Жақсы бастамалар да өте көп. Енді олар сәтті жүзеге асса, Түркістанға әр табанымыз тиген сайын таңдай қағып кетеріміз хақ.

Руханият ордасы, ертеңі кемел, тұмса таихтың алпауыт мекені. Міне, отандық өнер майталмандары Түркістанды осындай айрықша параметрлерден көреді. Рас, облыс болып құрылғалы Түркістан түледі, тың даму жолына түсті. Ежелгі тарих жаңғырып, жаңа тарих дәл осы киелді шаһарда жасалып жатыр. Ертең мұнда бой түзейтін әр ғимарат тарихқа айналады. Өткеннен сыр шертетін талай нысандармен бірге келер ұрпаққа қазіргі тарихты айтатын болады. Сондықтан Түркістанның қалай да болсын бәсі жоғары, келешегі кемел деп білеміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар