Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Менің тойым болған жоқ

23.12.2019 1124

Менің тойым болған жоқ 12+

«Поэзияға қулық-сұмдық, амал-айла жүрмейді». Бұл – Тоқаш Бердияров поэзиясының құбыланамасы. Шынайы бейнесі. Биік тұғыры. «Поэзия − қабілеттіліктің, тәсіл-әдістің, асқан шеберліктің, толастамас, сендіргіш, жүйелі ақылдың зыр жүгірген «қолбаласы». Оған бағынышты. Осы қасиеттерге әрдайым бұлжытпай қызмет етуі хақ». Бұл – Тоқаш Бердияровтің шығармашылық ұстанымы. Бұлжымас принципы. Айнымас арқауы. Алтын діңгегі. Өткен өмірін еске ала отырып ақын өзі туралы былай дейді: «Мендегі жыр қайнарының алғаш көзін ашқан − Мектеп! Сабақ оқып үйге кайтарда, жоғары класта оқитын өңшең қыздар мені қоршауға алып: «Әй, бала, бізге өлең жазып бер», − деп бұйыратын. Олардан тайсақтап, бір жағынан қорқып дегендей, не керек, көне кетем. Қарындаш, дәптерлерін дайындап қыздар отыр. Мен әрі-бері жүріп: «Ал, жазыңдар» деймін: «Құрбыжан, атыңыз бар жігіт деген, жігіт пе, қыз көңілін жібітпеген? Сіз жақтан келе ме деп жылы хабар, қараймын жолыңызға үмітпенен...» Miнe, осылай шұбатылып кете береді. Қу қыздар «гонорар» беруді де ұмытпайды. Менің ақым − екі түйір шақпақ қант!». Бала күнінде таңдайда дәмі қалған «гонорар» ұзағынан сүйіндірген тәрізді. Жастай жетімдік көрген, қанаты қатпай соғысқа барған, өмірдің ойпыл-тойпылында өрт кешкен ақынды өлеңге деген асқын ынтызарлығы аман-сау алып шыққан тәрізді. Көзкөргеннің айтуынша Тоқаш бір өмірінде өлең жазудан басқаға мойын бұрмаған, үкіметтің көлденең жұмысына, қоғамның мағынасыз итіс-тартысына араласпаған. Ауаша саяқ жүрген. Өтірікке жаны қас, өмірде де, өлеңде де шынайылықты ту еткен ақын алдамшы өмірдің бар қызығын өлеңнің отына айырбастаған. Басқаны мұрат тұтпаған.

Сыншы Құлбек Ергөбек Тоқаш Бердияров шығрмашылығы хақында: «Өлеңді поэзияға айналдыратын – деталь, штрих болса, оны Тоқаң өмірдің өзінен алады. Тұрмыстық детальдар, этнографиялық көріністер өлеңінде самсап жүреді. Кейде өлең емес, этнография кітабын оқығандай болатыныңыз бар. Өлеңі толы өмір көрінісі. Тіпті детальдарға дейін тұрмыстан алынған. Оны айтасыз образды өлеңдеріне баламаны да тұрмыстық суреттерден алады. Бейне өмірді көркемөнерге айналдыратын Биағаң Майлин секілді» дейді. Шынында да Тоқаш Бердияров сынды қарапайым да күрделі, өмірдің өзіндей өткір, өмірдің өзіндей шынайы, табиғи, кірпияз өлең жазу, әр сөздің бояуын нақты беру, қуатын дөп басып айту кез-келген таланттың бағына бұйырмаған суреткерлік. Тоқаш поэзиясы – уақыттың сүзгісінен өткен поэзия. Оның дүбірі ХХІ ғасырды аттаған жаңа ұрпақтың да белін қайыстырып тұр. Тоқаш Бердияров поэзиясы тұтас бір мектеп. Ол заманында Алаштың талай ақынына жол сілтеген. Ұстаз болған. Өр Мұқағали, өрт Өтежан, қаршығадай Төлеген, құрыштай Қадыр, иі жұмсақ Тұманбай баршасы осы Тоқаш мектебінің биік өкілдері. Осы арнаның алтын арқауындай болған қазақ жыр керуенінің бұйдасында Тоқаш Бердияров тұр десек асылық айтқандық болмас еді. Демек, Тоқаш поэзиясы бір дәуірдің жүлгесіндей алыстан айбар шегіп, асқақтап тұр.

Соңғы сөзімізді ақынның өз пайымымен түйіндеп, назарларыңызға бір топ өлеңдерін ұсынамыз.

«Уақыт ағымы, қоғам, замана − о баста асқақ ойлы, дарынды «сүйексіз» ақындарды керек еткен және керек ете береді де! Әдетте, оқырман қауым өз қаламгерлерін мынадай сұрақпен қарсы алады: «Сіз қай уақта, қай мезгілде шығарма жазуды қалар едіңіз?». Мен өз тарапымнан былай деп жауап беруді мақұл көрдім:

Аспанның, астары мен тысы бар ма?

Өлеңнің жазы бар ма? Қысы бар ма?

Тәуір елең жазамын қуанғанда,

Дауыл өлең жазамын қысылғанда».

Ұмтыл Зарыққан

Менің тойым болған жоқ

Менің тойым болған жоқ,

Болмайды да.

Өмірден жарсыз өттім.

Сол қайғы ма?

Шабыттанып, шарқ ұрып анда-санда

Бір желпініп аламын жыр жазам да.

Есік тойым болмапты есейгенде,

Бесік тойым өтіпті бір заманда...

Менің тойым болған жоқ дүрілдеген,

Қосағымның білмеймін түрін де мен.

Үкілі көрпе-жастық қыбыр етпей,

Шымылдығым әлі тұр түрілмеген.

Мұрты бар, жайсаң жігіт болғанменен,

Неке үйіне барғам жоқ «Волгаменен».

Мақсатым, бала-шағам, байлығым боп,

Жүрегім болашаққа жолдады өлең.

Қапелімде бұлт шалса қабағымды,

Жүрегіме жанимын қаламымды.

Сағындырып жазамын өлеңімді,

Сағындырып сүйемін қарағымды.

Болса егер

Суық шалды менің қызыл гүлімді,

О, кешіктім, кешіктім!..

Кез келгенге көз салмайтын едім ғой,

Болса егер «меншіктім».

Жүзе алмайды бүйірлеп,

Бір ескегі о баста жоқ қайығым.

Құрғыр есігім қағылар ма еді, қайтер ед,

Болса егер зайыбым!

Әйткенменен «балалы үй – базар ғой»...

Әне, содан жұрдаймын.

Немеремді жүрер ме едім жетектеп,

Болса егер жұбайым.

«Үйлендіріп» өлеңге,

Бір шүйкебас бұйыртпады құдайым.

Жынды «джинді» ұмытар ма ем, кім білсін,

Болса егер жұбайым.

Бел шешіп бір, тұғырына қона алмай,

Тебірене жырлаймын.

Түсінер ме еді, ұғынар ма еді жанымды, -

Болса егер жұбайым.

Тырс-тырс... құмға сіңген тамшыдай,

Өтіп жатыр күн, айым.

Шіл қиындай шашылмас па ем…

Шіл қиындай шашылмас па ем әркімге,

Болса егер жұбайым.

Қазыналық үй, телміремін әйнекке,

Гуілдейді жан-жағым.

Қымтай түсіп өтер еді-ау, көрпемді,

Болса егер жан жарым.

Күмбірлейді, күмбірлейді бір жұмбақ,

Көкірегімде күй менің.

Жырға зауқым соқпас па еді, кім білсін,

Болса егер сүйгенім...

Неке үйінің алдындағы ой

Мінеки, Неке үйі!

Таксилер...

Қызыл шар,

Қуыршақ...

Күлімдеп тұр жігіт.

Үлде мен бүлдеге оранған сұлу-шат...

Осы бір Ақ отау,

Сан жаққа жүгіртті ойымды.

Осы үйге көз салсам, кейбір шақ,

Қызғаныш билейді бойымды.

Неке үйі – кәдімгі шаңырақ,

Неке үйі – гүлдесте.

Осы үйге кіре алмай кеткен

қыршын достарым

Түседі күнде еске!

Неке үйі – отау үй штабы,

Шат өмірдің ардағы.

Сәулетті осы үй –

Майданда мерт болған,

Он сегіз жасар Солдаттың Арманы!

Сұрапыл соғыс күндері,

Өтті ғой не киын.

Аяғын беріп мүгедек,

Тұрғызды Неке үйін.

Бұл үйге кірді ғашықтар,

Ертіп ап жұптасын.

Ешқашан тот баспайды,

Осы үйдің жылтырақ тұтқасын.

Неке үйі – махаббат үясы.

Ғашықтар, таксидің бұр басын!

Бұл үйдің аша алмай кетті-ау есігін,

Мыңдаған менің көкешім,

Мыңдаған құрдасым?!

Бұл үйге бір соғып өтеді

Махаббат тасқыны.

Бұл үйдің іргесіне

Кірпіш болып қаланған

Батырлардың жастығы!

Біздің «Катюша!» -

Атылған мына шампандар!..

Бұл үйге кіріңдер,

Ивандар, Шуралар,

Жеңістер, Шолпандар.

Әрқашан аялар

Елің бар – саяң бар.

Кіріңдер, кіріңдер,

Қозылар, Баяндар!

Ей, жастар,

Махаббат жырларын әндет, кәні!

Қыршынынан қиылған Ерлер үшін

Толтырыңдар некелік анкетаны!

Таң

Жерден әлде шықты ма?

Көктен әлде түсті ме?

Қона қалды жас сәуле

Шоқылардың үстіне.

Езуінде күлкісі,

Етек, жеңін түрініп,

Шың басынан күн нұры

Келе жатыр жүгіріп.

Ойыстарға үңіліп,

Дөңестерге бір шығып,

Келе жатыр жүгіріп,

Алды – абад тіршілік!

Тораңғыл

Тораңғыл мекен етіп құм даланы,

Сықылды қаса сұлу ырғалады.

Еріксіз құлағыңды елеңдетер,

Сылдырап қызғылт алтын сырғалары.

Ажары атқан таңға жалқындады,

Ерке ғой еркін өскен ол құмдағы.

Бұжыр-бұжыр балтырын қымтайды көп,

Сусыған бұйра құмның толқындары.

Түбінде сылдыр қаққан бұлағы жоқ,

Өзімен сырласатын құрағы жоқ.

Бетке ұстап күз дауылын, қыс боранын,

Өсіпті Сырдария тұрағы боп.

Ағаш та сусыз жерде өседі ме?

Жаз айы шалғыны жоқ төсенуге.

Әкесі тораңғылдың Сыр суы ма?

Немесе кешкен елдің көсеуі ме?

Тораңғыл сыбдыр қағып сол арада:

«Ұрпағым, өмір жүгін мол арқала!»

Дегендей жамыратып жапырағын,

Тұмар қып тағып жатты жонарқама.

Көгілдір ымырт

Қар аппақ.

Тал аппақ.

Дала аппақ.

Маялар – жұмыртқа.

Мұржалар мамырлап боздайды

Көгілдір ымыртта.

Күн қызғылт етегін жиды әне,

Дүниенің сенгендей көз-шамы.

Көгілдір ымырттың жүзінде сусиды

Боз тұман – боз шәлі.

Бұлақтар мұз – сауыт киінген,

Көкпеңбек кел шыны.

Сабалақ күшіктің көңілсіз әупілі

Ауылға сілтейді

Адасқан жолшыны.

Ақ тонды ақпанда

Сұлулық неге жоқ?!

Самарқау көгілдір ымыртта.

Қиялдар жүзеді кеме боп.

Мысықтай сақ басып келеді сары аяз,

Сықырын сезіну қиын-ақ!..

Жұп-жуас қайыңдар мүлгиді

Көктемді ішіне құйып ап.

Кеудем менің терезе

Кеудем менің терезе,

Ар жағында шам боп жанар жүрегім.

Кеудем менің терезе,

Алтын Аймен қол ұстасып жүремін.

Кеудем менің терезе,

О бастан-ақ күн нұрына ғашықпын.

Кеудем менің терезе,

Ілгегім жоқ,

кірер екен ашып кім?

Кеудем менің терезе,

Жарқыратып көрсетіп тұр бөлмесін.

Кеудем менің терезе,

Шторым жоқ, жан дүниемді көр, досым,

Кеудем менің терезе,

Жүзі мөлдір, құпиясы сан қырлы.

Кеудем менің терезе,

Қарсы алатын сабалаған жаңбырды.

Кеудем менің терезе,

Іші оның қараңғы емес түрмедей.

Кеудем менің терезе,

Бір тентектің добы тиіп жүрмегей...

Ымырт

Сыбдырлатып тоғайды жел кезеді.

Лезде ғайып болды да Күн — қызыл доп,

Момын ымырт қағады терезені.

Тылсым дүние, жатқандай өңір мызғып,

Қараңғылық бейне ұрық сай-сайдағы.

Жүректі азынатып көңілсіздік,

Осы сәт еске түсер қай-қайдағы.

Күндік тірлік тым бөтен жандай маған,

Ымырттың қыстауында ол да қалды.

Ойпырай, осы бір шақ қандай жаман

Есік қағар жанның да болмағаны.

Өмірге ғашықтық

Менсіз де арайланып атады таң,

Менсіз де қызғылттанып батады күн.

Менсіз де мына дала жатады паң,

Менсіз де бұл дүниенің шатағы мың.

Тамаша түнгі шақта мүлгіген май!

Жарым бар — ең соңғы рет қыр асатын.

Жасырынбақ ойнайды Күн менен Ай...

Досым бар — ақтық рет сырласатын...

Нән Күнді қарбыздай қып көтермеген

Жасық, шикі адамның, керегі не?

Парызын Отанымның өтелмеген

Тапсырамын ең соңғы өлеңіме.

Мен шаттанып, мұңаям кей уақыт.

Менсіз де қыз бой жетіп, сыланады.

Бермей-ақ қойшы, маған ей, Уақыт,

Ең соңғы қорқынышты сыбағаңды.

Ораларсың, бәлкім, сен

Жанжал!.. Ашу, күйбеңмен

Тысқа шықтың жүгіріп.

Қала бердім үйде мен,

Терезеге үңіліп.

Терезені тамшы ұрды...

Жарқ-жұрқ етіп найзағай,

Қара бұлтқа шаншылды

Үшкір болат найзадай.

Нөсерлетіп қара бұлт

Дауылды бір өлеңмен,

Өте шықты төбемнен.

Өте шықты төбемнен,

...Ақша бұлттан сығалап,

Күлімсіреп күн тұрды.

Жүзінде шық сырғанап,

Дала гүлі құлпырды.

Табиғаттың ашуы

Басылды ғой, жұлдызым.

Ораларсың, бәлкім, сен,

Ораларсың...

Кім білсін?..

Ана

Сүтімен жан-тәнімді мүсіндеген,

Анамды көп көремін түсімде мен.

Қадірін анашымның бала кезде,

Қалайша, әттеген-ай, түсінбегем?

Әлдилеп, арқасынан түсірмеген,

Анамды көп көремін түсімде мен.

Марқұмның сол бір сөзі әлі есімде

«Құлыным бақытты боп жүрсін» деген.

Бұл күндері күнім жоқ күрсінбеген,

Жүрегім алып ұшып дүрсілдеген.

Жүзімді ашытады дымқыл жастық...

Анамды көп көремін түсімде мен.

Анашыммен екеуміз өзекке еніп,

Жүр екенбіз деймін-ау, тезек теріп.

Өксіп-өксіп аламыз оңашада,

Сыздаған көз жасына кезек беріп...

Анамды түсімде мен көп көремін.

Түндерді көзімді ілмей өткеремін.

...Ойбай сап үйден шықты анам байғұс,

Кеткенде мені жығып көк дөненім.

Анамды түсімде ме…

Оңтүстіктің айлы түні-ай...

Оңтүстіктің айлы түні-ай, ақ тамақ,

Сүт аңқиды адырдан да, ойдан да.

Жапырақтар әсте қыбыр етпейді,

Бөлеп оны қойған ба?!

Төңкерілген Айым-ай,

Төкші, төкші ақ сүтіңді тағы да.

Қандай салқын, қандай салқын атырап,

Қалмапты ғой күндізгі аптап табы да.

Жымыңдайды, жымыңдайды жұлдыздар,

Ұйықтамайды түнімен.

Төңірекке төгіледі хош иіс

Жиде ағаштың гүлінен.

Тылсым дүние. Шабындық та тұр мүлгіп,

Жүзінде аппақ нұр ғана.

Оңтүстіктің. айлы түні-ай, ақ тамақ,

Ұйқымды сен ұрлама!

Сүт емес-ау, нұр емес-ау, байқашы!..

Ай жүзінен бал тамған.

Кеше орылған шөмеленің үстіне

Жата кеттім шалқамнан...

Өлеңім

Шөлмектері басымда тұр айранның.

Шынымен-ақ біткені ме сайранның?

Төрт қабырға. Төрт кереует. Бір есік,

Бозторғайлы аспан қайда?..

Қайранмын.

Ғашықтардың жыр-газелін әндеткен,

Сыпайы еді, сұлу еді Ай неткен!

Құстар сайрап, тал теңселіп, таң атып,

Жас тіршілік көлеңдейді әйнектен.

Шілделетіп, борандатып, сыз басып,

Көп шарладық бақыт іздеп, қыр асып.

Шынымды айтсам, дәп қазіргі байлығым:

Бір кереует, бір кружке, бір қасық.

Таусылғандай дәм-тұзым мен қорегім,

Кәдімгідей мен түсімде өлемін.

Ғажап, ғажап!..

Аузыма су тамызып,

Қайта мені тірілтеді өлеңім.

Ұйқыдағы бұлттар

Тамашалап тұрмыз міне, біз қырдан,

Күн де батты, — тіршілікті қыздырған.

Ат шаптырым таудың салқын төсінде

Қыбыр етпей, ақша бұлттар мызғыған.

Жартастарға сұлай кеткен, қонжиған,

Шаршатқан-ау, бұлттарды жол жылдам?!

Кезбе, саяқ кек әлемнің серісі-ай,

Шелек жақтан келдің бе, әлде Шонжыдан?

Мүйізіне қонақтаған «Қошқардың»,

Мынау қонақ бұлттарды қоштадым.

Меймандос қой менің заңғар тауларым,

Алдын-ала ойластырған «көш» қамын.

...Ерте тұрдым, көңілге жыр құйғандай,

Таң сәріде бұлақ шерткен күй қандай?!

Ақша бұлттар ұшып-ұшып кетіпті,

Ақ көрпесі қап қойыпты жиналмай.

Адыраспан

Мекен жайың — адырында Келестің,

Адыраспан, елемейді-ау сені ешкім.

Болсаң-дағы тым аласа селеуден,

Түз даланың сұлтанысың сен деген!

Әжем сені қоржын қапқа теңдейтін,

Дімкәстарды үптеп-сүптеп емдейтін.

Асыл шөптің сыр-сипаты мың қатпар,

Адыраспан түтінінде бір гәп бар.

Бала кезде-ақ мұрныма исі «дыз» еткен,

«Мүңкірлерден» бесігімді күзеткен.

Елестетіп мырза, жомарт даламды,

Жөргегіме исі сіңіп қалған-ды.

Балғын тәнім боз түтіннен нәр алған,

Соның исі өн-бойыма таралған.

Қанымда да адыраспан исі бар,

Бойтұмарым, мүмкін, менің сол шығар?!

Көл оянды

Бұл жерге қысы-жазы із ағылып,

Бастайды сабантойын бұза-тірлік.

Сәуір – шалдың күркірін естімей ме?

Бурабай ұйықтап жатыр мұз жамылып.

Мұншалық неткен ұйқы, неткен тірлік?!

Өзінше мәз болады көктем күліп.

Самал жел көл қойнына қол салады,

Ақ атлас көрпесін ептеп түріп.

Жып-жылы жел еседі өршеленіп,

Көл мұзы жыртылады пәршеленіп.

Жұп-жұқалаң жиюлы қат-қабат тас

Легенге ұқсайды дәршедегі.

Жартастар жыпқыл-жыпқыл жымырайып,

Шуаққа гүл қарайды сығырайып.

Оқжетпес сыланып бір алмақшы еді,

Айдын жоқ, айнасы жоқ... Тұр мұңайып.

Күн-мырза тіршіліктің, жағады отын,

Көлдің сеңі сықылды ала тоқым.

Көрпесінің бір шеті түрілгенде,

Лақ боп ойнақ салды бала толқын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар