Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұхаммед Салық. Қылыштар көз ілгенде

29.12.2019 1462

Мұхаммед Салық. Қылыштар көз ілгенде 12+

Қаңыраған үй

Есіктің алдында,
күннің астында, қазір
қаңыраған үй сынды шал отыр, әне:

қызы оның алыс жерлерге ұшақпен ұшты,
ұлы да пойызбен кетті адамның.

Кейін, оны тәрк етті,
тістері,
шаштары,
келбеті;

енді анау кеудесіндегі ең соңғы досы
жүрек те заттарын жинауда...

Ал қазір сол ескі есіктің алдында,
күнге қыздырынып қаңыраған үй отыр, әне –
сол үйдің ішінде бір кемпір өмір сүреді екен жалғыз...

Портрет

Сурет сол күйі ауыспады,
iлініп тұр әлі,
ілінген жерінде кілем –

әлі күнге дейін
сол сурет жымиып тұр онда,
кілемге ілінген мылтыққа қарап.

Ол соқыр,
екі көзі де соқыр мылтықтың.

қасіретке толы жымияды сурет
аянышты мылтықтан көздерін алмай...

Сен кеткеннен кейін

Бір күн өтеді сен кеткеннен кейін
жалғыздықтың бірінші күні.
Екінші күн бірақ,
баяулатады жүрісін.
Үшінші күн одан да баяу
терезе алдына ақсаңдап барады,
төртінші күн болса өтпейді мұнда –
аяқтары жоқ төртінші күннің!

***


Біз сенімен қоразды емес
біз сенімен таңды күтіп отырмыз.

Ит


Құйрығы кесілген мүсәпір ит,
саған тек жаным ашиды менің.
Хәліңе жылау үшін
бір маймыл керек.
Бірақ ол да жоқ мұнда...
Барлығы хайуанаттар бақшасында дейді.

Құйрығы кесілген мүсәпір ит,
иеңнің алдында
қай жерінді бұлғаңдатасың енді?

Ақын
(Рауф Парфиға)


Темекі түтініне тұншыққан қабырға,
қонақтардан шаршаған дастархан –
ол жерде алмалар мен
ғайбат сөздердің қалдығы жатады;
ал шеткі орындықта көздері мұңды бір құс отырар
шаштары ағарып кеткен бір құс.

Ән салуды ұмытып,
біздің тілімізде сөйлей бастаған құс.

Біздің тілімізде сөйлей бастаған күннен бері
шаштары ағарып кеткен бір құс.

Ақ


Басымдағы мына ақ
қар ғой, жарығым;
көктен емес,
жерден жауған қар...

Тордағы тышқан


Тордағы мына сұр тышқан
кезінде бұлбұл еді,
заманында пырылдап ұшатын,
енді кеп аяқ астында сүрініп жүргені осы.

Әуелде аңшыдан қорқатын байғұс,
ал қазір мысықтан үрейі ұшады.

Мына бір сіз көрген сұр түсті тышқан
ұйқымыздан оятатын бізді
саһар уақытында шырылдап...

Болатын бала


Аристотельден дәріс алмастан бұрын,
Азияға жолы түспей тұрып,
соғыс оқиғаларынан әлі хабарсыз,
Ескендір де сіз сынды бала кезінде

көшені көру үшін бойы жетпейтінін біле тұра
терезе жақтауына тырманатын,
тырнағы қанап, қолы жырылатын еді,
маңдайын болса мұздай бір тер басады және;

дәл осы күйімен көшеге қарайды ол
сонда тек кәлләларды ғана көретін,
мыңдаған кәлләлар көзінің алдында
көшеден ағып бара жататын...

Сенің үйің


Жазмыш әлі білмейді
белгісіз бір мемлекеттің,

белгісіз бір қаланың маңында
салынған кішкентай үйінің бар екенін.

Жазмыш ол қараша үйдің
әдемі бөлмесіне қойылған
айнаның да бар екенін білмейді.

Жазмыш сөзсіз хабарсыз
өз бейнесінің
өзінен ұзақта, ол айнада
дірілдеп тұрғанын да білмейді.

Ең қарапайым бәйіт

Терезенің артында: бақтар,
көшелер,
қалалар,
таулар,
оның да арғы жағында теңіздер,
жолдар.
Жол,
жолдың соңында қайғылы көздер.

Ай сәулесінде


Әйелге ұқсайды анау аппақ бұлт.
Кезінде сүйілген,
сүйген әйелге,
көңілі дегеніне жетіп
тағдырына риза әйелге ұқсайды.

Дәл осы әйелге ұқсаса бұлт,
тағдырына риза әйелге,
онда, ай,
бұлттың астында жатқан ай,
әйелдің лақтырып тастаған айнасы,
енді ешқашан қарамаймын деп лақтырған айна.

Үрей


...ол тағы жарықты жақты
қарады,
үстелде тып-тыныш пышақ жатыр.
Жарықты қайтадан сөндіріп жатты.

«Әлі де ол үстелде ме екен?» деп
жарықты жақты,
қарады,
әлгі пышақ әлі үстелде жатты...

Өзбек тілінен аударған: Файзулла Төлтай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар