Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Лодонгийн Түдэв. Егеуқұйрық ...

31.12.2019 5769

Лодонгийн Түдэв. Егеуқұйрық 12+

Лодонгийн Түдэв. Егеуқұйрық  - adebiportal.kz

ӘЛЕМДІ ЕН ЖАЙЛАҒАН ЕГЕУҚҰЙРЫҚ

Тышқан әлемнің әйдік жазушылары Марк Твен, Эрнест Хэмингуэй, Вальтер Скотт, Виктор Гюголардың шығармаларынан да орын алған екен. Ал тышқандардың адамнан да ақылды, әккісі егеуқұйрық жайлы Монғолияның көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлық сахибы Лодонгийн Түдэв сонау 1984 жылы эссе жазып, егеуқұйрық жайлы таңданарлық құбылысқа баға берген ұлы ғалым Энштейіннің даналығына тәнті болып, басын иіпті.

Таңқаласыз, егеуқұйрық адамннан айлалы, адамнан көп. Өйтпесе, тышқан жыл басы бола ма?!

Егеуқұйрық

(Эссе)

«Егер тышқаннның салмағы 20 келі болса, адам ешқашан әлемнің иесі бола алмас еді», - деген екен ұлы ғалым Энштейн. «Әлемдік ғылым адамзаттың рухани мәдениеті, өркениеті тарихында бүкіл-бүтін бір дәуірдің ғылымын алға сүйреп ғажайып жаңалық ашқан ақыл-ой кемеңгері неліктен осылай деді екен?» - деп таңданған кездерім болды. Салыстырмалылық теориясын ашып, атомның құпиясын түсінген адамның ойына құйтақандай тышқаннан үрейленуі таңданыс туғызбауы мүмкін емес еді. Әлемді әп-сәтте күлпарша ете алатын қауіпке ие атомның қуаты жайлы ол жақсы біле тұра, тышқан бастатқандарды немен болса да жоя салуға болады деген ой қаперіне кірмегені ме! Егер тышқаннның салмағы қазіргіден 20 ғана келі ауыр болса, әлемге иелік ету құқын адамнан тартып алар еді деген сөз теория жүзінде негізсіз десек кім де болмасын бас изер еді. Өйтсе ұлы ғалым негізсіз нәрсе айтып, жаза ма!

Тышқанды ұлы ғалым несімен осығұрлы пәлекет жәндікке санады екен!? Бұл туралы алпыстық жыл санаудың (күнтізбенің) XVI ғасырындағы соңғы жыл 1984-тышқан жылында әлемдік құбылыстардың әр қырына ой жүгірту арқылы, ұлы ғалымның ойына амалсыз илануға тура келді. Энштейін айтқандай егеуқұйрықтың салмағы небәрі 20 келі болса, шынында адамзатқа ырық бермейтін жәндік екен. Бақытымызға қарай егеуқұйрықтың салмағы 20 келі емес, небәрі 200 грамм ғой.

Егеуқұйрық алғаш Азия құрлығынан дәлірек айтсақ, Моңғолия жерінен әлемді шарлау саяхатына шыққан көрінеді. Бірқаншасы оңтүстікке бет алып, Үндістан, Қытай арқылы мұхит жағалауына, бірқаншасы Жайық дариясына қарай бет түзепті. Оңтүстікке бет алған егеуқұйрықтардың түсі қара болған. Олардың ата-бабалары қазіргі Гурвансайхан тауында мекендейтін «бозлог» атты тышқандар дейді. Оңтүстікке сапарлаған егеуқұйрықтар ұлы мұхитқа қамалып, аялдаған тұста кереметтей өсіпті. Егеуқұйрықтар Африкада, Кіші Азияда құжынап сыймай кеткен. Дәл сол кезде Еуропадан кемелер Үнді мұхиты және Жерорта теіңзі арқылы көптеп жол тартып, жиһангез тышқандарға көлік болыпты. Азияның егеуқұйрықтары Батыс саудагерлерінің, теңіз қарақшыларының көліктеріне «отырып», Еуропаға жайлы жетіпті. Осыдан көп ұзамай егеуқұйрықтар Австралияға да саяхаттай барыпты. Австралияның иен жазирасында егеуқұйрықтар емін-еркін өсіп, егіс алқаптарын қиратып, тып-типыл еткенде ғана ақылдары кірген фермерлер 1880 жылдан бастап 40-тай жыл бойы зор күш жұмсап, 5353 миль жерге қабырға тұрғызып, тышқандардан іргесін аулаққа салудың жолын қарастырса керек. Егеуқұйрықтардан қорғануға арналған бұл қабырға қытайдың Ұлы қорғанынна бір кем емес, басқаша айтқанда Лондон мен Бейжін арасын жалғайтындай ұзын құрылыс еді. Сонау балаң дәуірде көшпенділердің шабуылынан қорғану үшін салған қорқақ қытайлардың Ұлы ақ қорғанын тарихтан білеміз. Өйтсе автралиялықтардың егеуқұйрықтардан қорғанып ұзынынан ұзаққа созылған ақ қорған соғуы да тарихта қалыпты. Австралиялықтардың бұл қорғаны тек егеуқұйрықтардан емес, әредік жабайы жыртқыш иттерден, кеміргіш қояндардан да қорғануға жарапты. Австралияда егеуқұйрықтарға осылайша соғыс ашып жатқан кезде олардың кеме арқылы Еуропаға жеткен тобы оба таратып үлгіріпті. Егеуқұйрықтар обасымен еуропалықтар жаппай ауырып, төрттен бірі жаһанамға аттаныпты. Оба деген сөз осы сәттен басталып еуропалықтар тілінде мағынасын ауыстырып, қарғысқа айналыпты.

Азиядан солтүстік батысқа бет алған сары егеуқұйрықтар 1727 жылы Жайық дариясына жетіп, «кеме шақыртпай-ақ» жай ғана жүзіп өтіп, ары қарай «жаяу аяңдапты». Әлденеше жүз мың егеуқұйрық Жайық өзенінің бетін жауып жүзіп бара жатқаны жайлы дерек сол кездегі жазба беттерінде қалған екен. Жайықты кесіп өткен сары егеуқұйрықтар үш жылдан соң Англияға «ат басын тірепті». Әрі қарай 1755 жылы Оңтүстік Америкаға сары егеуқұйрықтар жолаушылай барғанда немере ағалары қара егеуқұйрықтар да оңтүстіктен Америкаға бас сұғып, бақандай 200 жыл жайлы мекен етіп өмір сүріп, өсіп өніпті. Қара, сары екі егеуқұйрықтар адасып жүріп, ағайынын тауып, осы құрлыққа патшалық етіп, Марк Твен, Эрнст Хэмингуэй, Вальтер Скот, Виктор Гюголардың шығармаларынан орын алып та үлгеріпті. Америкаға дейін жолаушылаған қара егеуқұйрықтар Гонконг, Кантон сияқты ірі қалаларға оба таратып, осы маңдағы 1,5 миллион адамның өмірін жалмапты.

Еуропаның, Американың халқы егеуқұйрықтарға нағыз соғыс жариялап, құртудың қыруар әдісін қолданумен болған. Қақпан, тор, тұзақ, ұрғы дейсіз бе, ойлап таппаған құралы жоқ. У қорғасын, шуақ шешек, сілті, қышқыл... қойшы, у атаулының бәрін қолданды. Бірақ егеуқұйрықтар өсіп-өнумен болды. Түрлі уға денесін үйретіп, не жесе де қорытуға асқазанын жаттықтырып, күресумен бүгінге жетті. Қазір жыл сайынғы әлемдік астықтың 20 пайызын, оның үстіне 50 миллиондай тонна азық-түлікті егеуқұйрықтар жеп-ішіп, рәсуа етуде. Мұнтаздай Париж қаласының 2000 шақырымдық тунельдері мен 3 миллиондай жертөлелерінде егеуқұйрықтар сау-саламат өмір кешуде.

Егеуқұйрықтардың тұқымын тұздай құрту үшін адамдар электр энергиясын, улы газды, төменгі жиіліктегі дыбысты да пайдалануда. Осы әдіс-шаралардың бәрін жіпке тізсек, егеуқұйрықтардың 90 пайызын құртуға жететін есеп шығады. Алайда егеуқұйрықтар адамның айла-тәсілінің бәрін «зерттеп», денесін үйретіп, тірі қалу қабілетін онан сайын күшейтіп, қазір жөбі-шөкім уға көз жұмбайтындай, төзімге ие бола білген.

Алпыстық жыл санаудың (Шығыс халықтарының байырғы күнтізбесі) XVI ғасырындағы ең соңғы жыл 1984-тышқан жылы әлемдегі адам саны 4 миллиард 700 миллионға жеткенде егеуқұйрықтар да осынша өскен. Адам мен егеуқұйрықтар саны 4,7=4,7 миллиардтық тепе-теңдікпен тышқан жылымен қауышуымыз көңілді құлазытады. Өйткені 4,7 миллиард адамзаттың біршама бөлігі ауырушаң, жартылай немесе мүлдем аш, жарымжан, кемтар, абақтыда қамалған, сіңісті ауруларға шалдыққан. Керісінше 4,7 миллиард егеуқұйрықтардың барлығы дерлік дені сау, түбіті түлеген семіз, жұтқаны жұмырында, тоқ, емін-еркін, тыныш та тыраш өмір кешіп, өсіп-өніп, аптасында жеті күшігін өмірге әкеліп, бір жылда бір жұп тышқан 800-ге көбейіп, әлемде әр үш жыл сайын егеуқұйрықтар саны 128 миллионмен толығуда. Олардың асқазаны қорытпайтын ас жоқ. Тіпті электр сымының ток оқшаулайтын сыртқы сыдырмасын да құшырлана жеп үйренген. Үлкен қалаларда ара-тұра электр тогының үзіліп, жұртты әбігерге салуы да осыдан. Синтетикалық талшықтар да егеуқұйрықтардың жеңсік асы. Табиғат сыйлаған денесі ортаға мұқият үйлескен осы бір жәндіктің физиологиялық құпиясын ғалымдарымыз әлі танып болған жоқ. Әлемде алғаш пайда болған сүткоректілердің ата-тегі болғандықтан осындай жаны берік шығар. Қазбалай берсек, егеуқұйрықтар пілдің атасы, жылқының әкесі, қарсақтың ағасы дегендей кәрі дүниенің көнекөздерінің бірі екен.

Егеуқұйрықтардың осындай керемет жәндік екенін ұлы ғалым Энштейн шарасыз білгендіктен оның күшін де дәл анықтапты деп ойдаймын.

«Арлан апанында хошуақ» дегендей егеуқұйрықтардың туған жеріне қайта оралмағанына шүкірлік етейік. Өвөрхангай өлкесінде көк тышқандар қаптап кеткенімен олар егеуқұйрықтан ойлағанда өрмекші сияқты әлсіз жәндік. Алайда «ғұмырының соңында егеуқұйрық туған жеріне қайта оралуы мүмкін» дегенді биологтар ескерген жөн. Өйткені егеуқұйрықтардың ірі қаларды сағалайтын әдеті бар. «Алтын құсатын жыл басы ақ тышқан – 12 жылдың төресі бақ тышқан, тышқан жылым, төрлет!» деп әнге қосумен бүгінге жеткен моңғолдарға егеуқұйрықтар әзірге қорқыныш әкелмей тұр.

Лодонгийн Түдэв

Моңғолияның мемлекеттік сыйлығының сахибы

1984 жыл

Моңғол тілінен аударған Бодаухан Тоқанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар