Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әмірхан Балқыбек: "Кешiр, Есiл кетсе менен бiр айып..."

19.05.2015 423

Әмірхан Балқыбек: "Кешiр, Есiл кетсе менен бiр айып..."


3adf50186dc25bdf904c06d9551658a6.jpg




БАБА-ЫРЫМ

 

Бабалар ырымы бойынша тiлi шығуы  кешеуiлдей бастаған сәбиге итаяқтан  су iшкiзедi екен. Сондай жағдай менiң басымда да қайталаныпты.



Жұтаңдаумын, демен бiрақ жарлымын,

Баба ырымы, әлегi емес жарғының.

Қызыл тiлдi сөзге иiлту үшiн де,

Итаяқтан суды да iшкен бар күнiм.

 

Итаяқтан суды да iшкем, сөкпегiн,

Айыптарға өзге күнәм көп менiң.

Ырзығымды табам қазiр еңбекпен,

Тiлдi бiрақ иемдендiм теп-тегiн.

 

Итаяқтан суды да iшкен бар шағым,

Кез еместi ол көңiл күптi, арса мұң.

Сен шаршадың сәндi қуып, мен байғұс,

Баба-ырымға баға таппай шаршадым.

 

Итаяқтан суды да iшкем, Бабаның

ырымына мiнезi жат қаланың

көшесiнде көп – көрiктi қызбен де,

Қызып кетсем ырылдасып қаламын.

 

Осы болды-ау замананың өлеңi,

Көп болған соң көр сезiмi, көбеңi.

Исi тiлге илiкпеген тiлдерге,

Итаяқпен тамақ бергiм келедi,

Құдай сақтасын.

 

1990 ж. 11 наурыз

 


ХАТ

 

Сен сұлусың,

Сабырлымын мен бiрақ,

Әнге айналсаң,

Еститұғын мен құлақ.

Бұлтсың ба,

Тосқауылың тау да мен,

Сенi қуған желдi демен

жау көрем.

 

Бозара атқан таңым болсаң,

Ертеңмiн,

Көрiктiсiң,

Күлкiң оттай.

Өртендiм.

Өртенiп ем өшкенiм жоқ,

Қайтаға

Жалындаған жырға айналдым

жайқала.

 

Сенi көрсем өзектi өртер шоқтай мұң,

Сырымды ұқсаң менiңдағы жоқ қайғым.

Сен көксiң бе, ернi кепкен жерiң мен

Саған содан бар құпиям көрiнген.

 

Биiктесiң,

Төмендемiн.

Бар ма амал

Сұлулыққа сезiм барда арбалар,

Жан-жағымнан жетi ел сәлем берсе де

Жалғыздыққа болып алдым арланар.

 

Ғашық адам не демейдi,

Күлмегiн.

Жасып айтқан сөзiм емес бұл менiң.

Қалай сүйем

Бiле алмадым, бiлмедiм

Болмаса да ерiнде айып, тiлде мiн.

 

Шешiмiңдi айт,

Бос сөздi ұғар жоқ шама,

Мен қақсадым,

Ал сен бiрақ қақсама.

Сенде анар,

Алақан бар ал менде,

Арыстанмын

Жеме-жемге келгенде.

 

Тыңдаушым сен,

Содан болар,

Кергiдiм.

Төрттағанмен төрттабандап қалатын

Хаям болмай

Көп бөскенiм –

Ерлiгiм.

 

Апта тастап келдiм тағы араға,

Сен де менi жайымды ұғып бағала.

Айлы түнде әңгiмем бар айтатын

Иттi үргiзбей шықсаңшы ендi далаға.


1990 ж.

 

 

*  *  *

 

Махаббат үшiн бiр екен ессiз, естiң де,

Шын ғашықтарда болмайды екен ес мүлде.

Дәл мендей сенi сағына аңсап жалғанда,

Дәл мендей сенi сүймеген шығар ешкiм де.

 

Дәл мендей сенi сүймеген шығар ешбiр жан,

Өзiңдi iздеп тал түсте көше, кеш қырдан,

Мен қазiр, жаным, шайыр боп жүрмiн жаны мұң,

Махаббат жайлы жазатын әр түн бес жырдан.

 

Қарақат көзiң есiме түссе ес кетiп,

Қаңғып та кетем көшенi кезiп, кештетiп.

Жанарым тұнып, жасып та қайтам үйге мен,

Меңiреу халде түсiре алмайтын еске түк.

 

Бәрi де сенi ұмытсам деген бiр тiлек,

Бiр тiлек болмай отырам тағы жыр күреп.

Көктемнiң түнiн жарық қып жарқылдарымен,

Қауышқан бұлттар жатқан шақ көкте күркiреп.


1990 ж.

 

 

ШАМЫРҚАНУ

 

Өр теңiздiң

Қайтуы мен тасуын

Ай бiледi...

Бiр бұл емес жасуым.

Жарылуға шақ-шақ қалды шыдамым,

Одан бетер келiп кеттi ашуым.

 

Пайғамбар деп құрметтеген арабта

Көрiпкел деп дәрiптеген Бабылда,

Ақын ұлын теңеп берген жарымға

Не бетiммен көрiнемiн мына елге,

Не айтамын мына ессiз қауымға?

 

Кешiр,

Есiл кетсе менен бiр айып,

Ақыл айтқан ауызыңды ұрайын.

Саналарын сәлде ағартқан молдалар

Жайнамазға бас қойғанда

Жырға бас ұрғандығын сезбей ме екен,

Құдайым!

 

Мен туған шақ

Мезгiл сiрә өлiара,

Қасиеттi қамайтындай қораға

Жалаңаяқ деп сөгедi, ал өзi

Жалаңаяқ бармайтындай молаға.

 

Жүйелi ойдың жетегiнде жүрмей ме!

Тек тәттi емес,

Қатты айтады-ау тiл кейде.

Қойныма салса қызын қақпас шал

Менен батыр ұл туарын бiлмей ме?

 

Жолсыз түнде

Жұлдызынан адасқан

Бiр мен бе екем,

Ол жайлы ендi жақ ашпан.

Бақытым бар бiр басыма жететiн,

Өз далам бар, жұтар ауам, бар аспан.

 

Өр теңiздiң

қайтуы мен тасуын

Ай бiледi...

Бiр бұл емес жасуым.

Күн көзiнен ұялды ма көктегi,

Сабасына түсiп қалды-ау ашуым.

 

Еш өкпем жоқ

Жарымаған жатырда,

Жетесізге, Жүгенсізге, Батырға,

Мен қоярмын, қоярмын мен өлеңдi,

Жұрттың бәрi айналғанда ақынға.

Бiр қияли керек шығар елге де.


1991 ж.

 

 

 

САҒДИ ҒАЗАЛЫ

 

Хорасанның,

Бәлкiм Шираз түбiнде,

Ай қорыған махаббаттың түнiнде,

Өзiне-өзi күбiрлейдi қайыршы

Құда елiнiң шайырының тiлiнде:

 

Пайғамбарлық пейiлiммен құлаған,

Бiр қылығың үшiн сонда ұнаған,

Жанын жалдап,

Тәнiн сатқан күн неме,

Аршып сенi алмап па едiм күнәдан.

 

Ұмыттың ба?

Ұмыттың-ау!

Ұмыттың.

Мұң боп келiп,

Мысым бастың, құрыттың.

Жаны еркiн кiре алатын жұмаққа

Аңқау басым көрдi әкесiн құлыптың.

 

Сонау күндер

Түсiретiн сенi еске,

Көз алдымда, айналған жоқ елеске

Махаббатта жүрек жалғыз,

Жалғызға

Пайғамбар мен қайыршы бiр емес пе?

 

Құдай куә,

Пайғамбарлық еркiммен,

Қайыршы боп жер басуға көндiм мен.

Қайыс болып осу үшiн арқаңнан,

Шайыр болып сүю үшiн ернiңнен.

 

Амал қанша,

Амал қанша сен менiң,

Жыртық тоннан шын бейнемдi көрмедiң.

Қақпа алдында құр телмiрген кезбемен

Қырық шырағың бәрi бiрдей сөнгенiн

 

Аязды түн

Ақыл тiстi қақсатып,

Түйсiгi жоқ тұл мойында бас қатып

Жабыққанда, бататыны жаныма,

Сенi бай да алмайтыны, тас қатын.

 

1991 ж.

 


*  *  *

 

Тау да ұйыған бұл сәтте, Аспан тұнып,

Жұлдыздарды сұсымен жасқандырып

Түнi бойы салданған салқын аяз,

Ұшып бара жатады тастан күлiп.

 

Қалаларға асығып мұнаралы,

Жел де тастап кетедi бұл араны.

Түнде жалғыз жылаған жапырақ қыз

Әлдененi үмiт қып жұбанады.

 

Бiр iзгi ойға басқадан қалыс бекiп,

Көп опынған болам деп әр iсте тiк,

Әкесi оның дiң-дi анау  ғұмыр бойы

Көлеңкесiнен көрмеген алыс кетiп.

 

Бұтағы оның балтаның сабына әлi

айналған жоқ, бар шығар бағы да әрi...

Жүрекке алып баратын сара жолдан

Мұндай сәтте мұң дағы жаңылады.

 

Ысты өкпеге ауасы iшпей дауа,

Мұндайда еске ештеңе түспейдi-ау-ә.

«Өңкей жалғыз, дүниенiң тұтастығын

«Сездiңдерме-ей?» - деймiн мен iштей ғана

«Бәрiңе ортақ ұзамай күн шығады».


1991 ж.


                            *  *  *

 

Иiлместi жатсаң да иiп мейлi,

Арман қуу шынымен күйiк кей күн.

Арман – тау ғой, қаншалық жақындасаң,

Сұлбасы да соншалық биiктейдi.

 

Көргенiңе көңiл бұл көнбес бiрақ

«Тақыр жерден батырың өлмес құлап»

дейсiң дағы тартасың тауға тура,

Көкейiңде сенiмiң – сөнбес шырақ.

 

Ардан жаным садаға, жетемiн деп,

Тау шықсаң, Аспан асып кететiндей.

Жүре-жүре бiр күнi жантаясың

Кер төбеде не таудың етегiнде:

 

Сенiмiңнiң орнына сапарың қап,

Арманыңның орнына атағың қап.

Ақыреттi күтетiн мәңгi ауылда

Қалжыңы ортақ қасыңа қатарыңды ап.

 

Сырға толы әр қырын сүйiп, бекiп,

Оған дағы өзiңдi сүйiктi етiп,

Ой-Дала мен Арман-Тау арасында

Туған жердi бiр мысқал биiктетiп.


1991 ж.

 

 

ШАБЫТТЫ ШАҚ

 

Табиғаттан бiр бөлек күй аңғарып,

Сол күйге елтiп, ерiксiз қиялданып.

Ой қаламға ұстатпай отырғанда,

Сүйкелмеген сауытта сияң қалып.

 

Көзiңдi арбап сан бояу төңiрегiң

Сезiмiңе көшiрiп өңiр өңiн

Күпiнгенде көңiлiң көңiл емес

Гүл қаптаған қырдай боп көрiнедi-ау.

 

Еш ойда жоқ мезi қып мипаздамақ

«Бүкiл дүние қыз жиған жиһаздай-ақ»

екен-ау деп, кеудеңдi самалға ашып,

Желпiнесiң содан соң жыр жазбай-ақ!


28.04.1993 ж.

 

 

 

АҒАШ АЙТТЫ...

 

Суығы өтсiн жаһанның жауырыннан:

Ымырасыз ықпасам дауылынан.

Дiлiм таза болса, ол – Табиғаттан,

Дiңiм тiп-тiк тұрғаны ал Тамырымнан.

 

 


АҢЫЗ


Жiгiт пен қыз бiрiн-бiрi

Сүйген едi сонау бiр шақ.

Суық пенен сол суықты

Жылытатын алау құсап.

 

Серт байласты бiр-бiрiне

Жар болуға адал мәңгi.

Рас едi екеуiнiң

Бiр-бiрi үшiн жаралғаны.

 

Рас едi, рас бұл да,

Арман отқа оранғаны,

Туған жерге жау пиғылы

Қанжар болып қадалғаны.

 

Кiрiп кеттi қан майданға,

Оқ тидi де өлдi жiгiт.

Тәнмен бiрге топыраққа

Көмiлдi арман, көмiлдi үмiт.

 

Қайғы жанды сыздатады,

Кiмге керек қаралы арман?

Көп ұзамай қыз байғұс та

Құлап өлдi жаға жардан.

 

Қажет болса құрбандыққа

Махаббат та шалынады.

О дүниеде, амал қанша,

Бiрiн-бiрi танымады.

 

Бiрi тозақ, бiрi бейiш

Тұрғынына айналғасын,

Жәннат бақта сайрандасын,

Көңiл қалай қайғы алмасын?

 

Түстi Құдай көңiлi де:

Ұлы сезiм өтеуiне

Бұл фәниде табысуға

Ғұмыр бердi екеуiне.

 

Қанат жайып шуақты арман,

Жайлы сырға жанды бөлеп.

Бiрiн-бiрi тану үшiн

Әлi қанша ай, күн керек?


1992 ж.

 

 

ДУЭЛЬ ҚАРСАҢЫДАҒЫ ДИАЛОГТАР


(Пушкиннiң соңғы сәттерiнен)


Баллада

 

Өз ойымен өзi әуре боп, алмақшы ма тыңайып,

Самдал шамның жарығында ақын отыр мұңайып.

Ақын отыр, жыр жазбақ па еске түскен өткен күн,

Елесiнен сәулесiн ол iздемек пе көктемнiң.

Көңiлде қыс, өңiрде қыс, қар астында жайлана,

Дала жатыр, себезгi мұң себелеп терезеден  жымияды ай ғана.

Ал ақынның кеудесiнде жатпаса да жыр тұнып,

Күдiктi ойлар қанат қағып жатқаны рас қым-қуыт:

 

– Қайран жарым, қуанышым, жаны аппақ, қайыңым,

Емiп өскен, күн күлкiсi, бұта сыбдыр, ай үнiн.

Өлең сөзбен өрмек едiм жымиысын жаныңның.

Құдiретiмдi көрсетпек ем,

Шерiмдi айтып шағынғым келмеп едi,

Ел де менi сыйлайтынды сол үшiн.

Қиналғанда бермедiң-ау, бермедiң-ау қол ұшын.

Қырсыққанда қарағайдай қайғым болдың еңселi,

Өсек өршiп, сөз еткелi, сөз еткелi ел сенi.

Жiбек емес, бөз өткенi осы шығар шамасы,

Жүректе тас, көзiмде жас, жыр жазуға шамам да жоқ,

шамам да жоқ, қарашы...

Өз ойымен өзi әуре боп алмақшы ма тыңайып,

Самдал шамның жарығында ақын отыр мұңайып.

Әлсiз ғана жылтырайды самдал шамның жарығы,

Сол жарықтай құлағында талықсиды жар үнi:

– Күллi Ресей мақтан қылған атағың бар, даңқың бар,

Күншiл көздер көп қадалса қалмайды ғой алтында ар.

Сан-сарсаңның ортасында маған деген сезiмiң,

Кешiр менi, деп ойлап ем, кешiр менi, салқындар.

 

Ғасырлардың алыс көшiн аралап,

Асылдарды, жасындарды саралап.

Жазылатын жырларыңды мақтан қылдым ғаламат,

Мақтан қылдым және де сол мақтанымнан үрiктiм.

Әлдебiр көз қарағанда күлiп тым,

Ескегiне ерiк берiп күдiктiң,

Сол күдiктен қызғанышым оянып,

Сенi, жаным, қайрап алуым үшiн де,

Шықпауым үшiн жадыңнан өңiң түгiлi түсiңде,

Сұлулығымды бұлдадым,

Түсiнбеппiн сезiмiңдi,

Кешiр жайсыз сезiгiмдi,

Кешiре гөр, гүл бағым.

 

Өңiрде қыс, көңiлде қыс,

Қар астында жайлана,

Дала жатыр,

Себезгi мұң себелеп терезеден жымияды Ай ғана.

Ал ақынның санасында жатпаса да жыр тұнып,

Күдiктi ойлар қанат қағып жатқаны рас қым-қуыт.

– Әркiмнiң өз тағдыры бар, өз соқпағы, өз әнi,

Әнiн шырқап айта алмаған көңiл ерте тозады.

Көңiл ерте тозады да ажалға қол созады.

Ертең-ақ ол күл боп ұшар өшкен оттың тозаңы.

Мен осыны ерте ұғып ем, жаныма мұң жамалды,

Махаббаттың әнi едi ғой әлдилеген санамды.

Сол әнiммен сапар шегем тәңiрiме соңғы сәт,

Ең соңғы дем жарыма адал, арыма адал бол құшақ,

Амал бар ма Қыран жолын кесiп ұшса күшiген,

Сезiм гүлiн аяла сен күз түспестен үсiген.

Кешiр қайың,

Кешiре алсаң,

Жоқты сенiң айыбың.

Ертең менiң саған деген сезiмiмдi дәлелдеп,

Барса келмес арғы бетке ап өтедi қайығым.

 

Сенiң арың – менiң арым, махаббаттың атынан,

Ертең оны жекпе-жекте атысуға шақырам.

Көңiлде қыс, өңiрде қыс, қар астында күллi алап,

Бiрi күлiп, бiрi ендi көңiлiне гүл қадап,

Екi тұлға омбы қарда бiр-бiрiне тұр қарап.

Көп кешiкпей оқ атылды, құлап түстi гүл көңiл,

Қар ұяттан қызарды да, күңiрендi күллi өңiр,

Күңiрендi тау, су, орман, ұшып жатты қарғалар,

Күн көзiне шағылысты аппақ қарға тамған ар.

 

Қаншама ару қызғаныштан алды ақынын өлтiрiп,

Ғашық жүрек әрқашанда сезiм-сазға бол түрiк.

Бұл әрине мақтан емес, дастан емес толағай,

Сын есiмнiң орнын басса одағай,

Бөрiлердi талап жатса бөлтiрiк,

Қаншама ару қызғаныштан алды ақынын өлтiрiп.


1991 ж.

 

 

АУА ТҮСТЕС ЖЫР


әкем Жұмабекке

 

Өткен күндер әсерлерiнiң өңi әлi

Кеткенi жоқ көңiл – көзiмнен жоғалып,

Бала күнгi әңгiмеге өмiрiммен өзектес,

ауық-ауық, жиi-жиi соғып тұрамын оралып.

 

– Сөйлеп берсең тiлiңнен сөз емес бал тамады,

Әй, әй, әке, әйтсе де бiтiргенiң шамалы.

Егiн ектiң, жер жырттың, бiрақ одан не пайда,

Осыны да айтшы, әке, мәндi өмiр деп атай ма? –

 

Деп кергiдiм,

Менiң де кергитiндей жөнiмдi,

Сол бiр оқу жылында еңбек етiп өнiмдi,

Бәрiн беске бiтiргем,

Кiтабым бар оқыған.

Оқу өтсе маңдайдан,

Қалай тыныш отырам.

Айтып салдым бәр-бәрiн, ой келтеде сөз бұзық,

Түктi көрмей шамасы кеткен болды-ау көз қызып,

Айтып салдым бәр-бәрiн, не күтесiң тентектен,

Әкем бiрақ еш қабақ танытпады селт еткен.

Сәлден соң сөз бастады,

Ойға алғанын бақылап,

Айтқан сынды жымыңға толып кеттi атырап:

–Байқа, балам, қыр – сары, менiң бағым көкпеңбек,

Төккен тердi кiм айтар, қане, босқа кеткен деп.

Бұның бәрi Тәңiрдiң iсi десе нанасың,

Бәрiнен де ауасын, ауасын айт, ауасын.

Таза ауамен, қарағым, қолқа тынысың аршылар,

Тек таласпа,

Кiтаптан оқығаның бар шығар,

Бiр адамның ғұмырын асырайды әр шынар,

Олай болса менiң де бiр iзгi iсiм бар шығар.

Оған бола ешкiмнен сый сұраған жоқ күнiм,

Осы менiң бар болса көңiлiмнiң тоқтығы.


P.S

Әке сөзi сананы салмақтатты,

Ауа түсiн аңсызда аңғармақ кiм?

Жаңа, жаңа байқадым:

ауа таза

екен, екен мен жұтқан.

Бiлмегенiм,

шығады екен-ау ойнақтап тiлге менiң,

Дұрыс, дұрыс болмапты тiлдегенiм

Әке, сенi,

Кешiргiн,

жүр екен-ау

тек кеуде емес,

сен айтқан сөзден ұқтым,

Сен өсiрген ағашта, гүлде демiм, –

дегiм келдi, ештеңе айта алмадым,

сездiм тек әлдененiң шайқалғанын.

Әкем еккен сол бiр дән көңiлдегi,

түйсiк – топырағыма көмiлгелi

Мен де ауаны тазартқыш өскiндеймiн.

Елемеген еңбегiм ешкiм мейлi,

Болса болсын,

Әйтсе де түйген түйiн –

Өскiн барда әсерлер ескiрмейдi.

Өткен күндер әсерлерiнiң өңi әлi,

Кеткенi жоқ көңiл көзiмнен жоғалып,

Жаңағы жайға өмiрiммен өзектес,

ауық, ауық, жиi-жиi соғып тұрамын оралып.

Содан берi өтiп кеттi қанша күн,

Ең соңғы дем қалып қойды кеудесiнде

қаншаның

Шүкiр, қазiрге тарылған жоқ тынысым,

Алатаудың ақ шыңына басты тiреп жыр жазам,

Өз жайымен жүрiп жатыр жұмысым.

 

Ауаны сол кiм бередi, адам ба?

Табиғат па?

Оған да

Кездерде бар ой бөлместен кететiн,

Тек кей кезде қапырық боп жететiн

Жаздың күнi тынысты тарылтпаса өте тым.

Бiрақ әсер сол бiр күннен жадымда,

кей сәт қызу байқалғанда қанымда,

Содан берi жатқан дарбыз теңкиiп

Мен үшiн құр қабық емес,

Таза ауаның қамбасындай көрiнетiн секiлдi.

Кейде өмiрде әсерлер бар не түрлi,

Қарапайым әкем де тәңiрi тектес

сезiлетiн секiлдi,

Қапырық күн жел желпiсе бетiмдi,

Сол әкемнiң күс-күс қолы секiлдi

Көрiнедi,

Ей, Таза Ауа, саған мен,

Қолдан келсе жырдан сарай салар да ем,

Көзiң болса кереметiме нанар да ең.

Оған шейiн есебiңнен өзiңнiң

Өзiмдi сәл жеңiлiрек сезiнгiм

Келiп кетсе,

кешiрiм ет,

маған да

оңай емес мына ессiз заманда.

Қиял құсын қанат қаққан ұшырып,

Танауы емес, түйсiгiмен түсiнiп,

Менiң де сол ауа түстес жырыма

Әлдекiмдер жатса деп тұшынып.

Мендегi сол кiсiлiк пен кiшiлiк.


1992 ж.

 

 

МЕТАМОРФОЗА


Баллада

 

Балалық шақ шық болар таңда демi,

Тамсандырған тылсым сәт аз ба менi,

Мөлдiр едi айдыны көңiлiмнiң,

Көршi аулада өскен гүл арман едi.

 

Арман едi, сезiм – көк шиырланып,

Жеп қойғаны шындықты миымды анық.

Сонда-дағы қойғам жоқ көз сүзудi

Көршi аулаға гүл өскен жиi ұрланып.

 

Аспан сезiм көңiлде, өңiрде өмiр,

Мен де бiрмiн, жанбаған көмiр де бiр,

Ғашығыңа көз сүзу ғажап шығар,

Қолың жетпеу әйтсе де өмiр ме бұл?!

 

Күндер ақты саудырлап парақтары,

Саудыр күнмен гүл де өстi, қанаттанып.

Көршi аулаға көз салар үмiттене,

Үзсем деген менде сол талап қалды.

 

Талап, талап... талапты елеп, ескер,

Күнiм құрсын деп сезiммен ерегескен.

Көршi гүлге бiр күнi айқай салдым,

«Сен өскен жер маған да жер емес пе?»

 

Неге, неге мен жаққа қарамайсың,

Бойың биiк болса да әлi баладайсың.

Саған деген көңiлiм ақ, ақ көңiлдi

Елемей қанша тағы жаралайсың.

 

Көзге iлмейсiң қалғандай өзiң боп қап,

Сұлулыққа орын жоқ сезiм тоқта.

Неге, неге мен жаққа қарамайсың,

Қасiретiмдi көрместей көзiң жоқ па?

 

Тербелдi гүл өзiнiң шеңберiмен,

Тербелгенiн тылсыммен тең көрiп ем.

Аспан сезiм мендегi сезiп қалды,

Бояу иiсi аңқуын жөргегiнен.

 

«Ер мақтаса қыз жүрер жасап қалып»

Деген сөздi дәл айтқан жас-а-ақ халық.

Шуағында тербеле көктем – күннiң,

Гүл сөйледi көркiне масаттанып:

 

«Неге, неге дейсiң-ау, неге, неге,

Көп негеден көңiлiң көгере ме?

Бойың анау тапалтақ тарбақталған,

Қуыс кеудең құр босқа төбелеме.

 

Неге керек мәнсiздi сынақтамақ,

Көркiме тамсанғанша құлап қарап.

Күнге ұмтылған, өзiңдi дәлелдегiн,

Мен десең сол қоярым бiр-ақ талап.

 

Гүлдiң сөзi намыс-ә, намыс қатты,

Сезiмiм жұпарды емес, шаң ұстапты.

Бағым менiң кетiптi өткен күнмен,

Күнмен өскен гүл менен алыстапты.

 

Сезiм қайғы-ызамен қабатталып,

Мен де өстiм өкiнiштен қанаттанып.

Таңданыс пен алданыс арпалысқан,

Санама сол бiр сәттен сабақ дарып.

 

Күндi көрiп, көрместен мүлде маңым,

Өстiм, өстiм, есте тек гүл талабы.

Мұңның жасы көзге тек шел қаптатар,

Басы болса бiрбеткей жүлде алады.

 

Жылуы екенiн байқатпай қай қабақтың,

Өр талабын күн сайын қайталап күн.

Сезiм ояу бұл күндер, көзiм жұмық,

Өстiм, өстiм, қанша өстiм, байқамаппын.

 

Өсетұғын шыбық деп елеп менi,

Ер екенi белгiсiз, ел еккенi.

Өз бойыма қарасам көзiмдi ашып,

Тұр екенмiн бiр күнi терек болып.

 

Қалай өстiм, ұғар-ау миы бар жан,

Дiңiм тiп-тiк, төменге иiле алман.

Бiр өтеуiн жасымның берер Тәңiр,

Айрылғаным барлығын жиып алдан.

 

Сезiм өртте ойға орын табылған ба?

Бiр сәт демеу iздеген дамылдан да,

Төмен жаққа қарап ем, бас айналды,

Гүлге қолым жетпедi қағынғанда.

 

Өс, өс дедi, менде өстiм санамменен,

Жүректiң лүпiлiмен жанар денем.

Көршi аулада өскен гүл, рахмет,

Пейiлiм ақ, өкпем жоқ саған деген.

 

Өттi күндер мен биiк, ол төменде,

Жанарда жас көкте күн көлбегенде,

Ол мақтады мен жасып қалғанымда,

Мен нәр болдым гүлiм сол шөлдегенде.

 

Жапырағым бар да әлi жалбыраған,

Тәттi әсерге көздiнi нандыра алам.

Гүл үзiлдi бiр тойдың құрметiне,

Биiктiкке құмарту қалды маған.

 

Құдiрет-ау сезiм боп тасқанда адам,

Дастаным сол әлi күн басталмаған.

Тауды аламын тұлға қып өлеңiме,

Төрелiкке мен күллi аспанды алам.

 

Әр күннiң қанатында жүйiткiген,

Мен шексiз сұлулықты сүйiп келем.

Өлмеймiн мен, тамырым тү-у-у тереңде,

Арманға өлшем барда биiк деген.

 

Қайшы келмес заңына шариғаттың,

Жан дүниесiн арлы ұлдың тани жатқын,

Қиялында күллi әлем – әуен тұнық,

Жырларында өзi бар табиғаттың.


 

 

ЕСКI САРЫН


баллада


«... Гүл шығады ғой тасқа да»...

                                     Төлеген Айбергенов

 

«От любви цветы умирают...»

                                       Федерико Гарсиа Маркес

 


Тасқа аунаған шабыт – бұлақ, таспа құр,

Көкке құмар көзден аққан жас па бұл?

Думан болып төңiрек түгел дүрлiккен,

Бiр көктемде жарып шықты тасқа гүл.

 

Сұлулығы сандалтар сан серiнi

Сол гүл сынды сезiлдi ме келiнi,

Қарт таудың да мейiрленбес өмiрi

Қабағына қатқан қары ерiдi.

 

Өңiр де осы өлең құмар өңiр ед,

Гүл көркiне тамсанады төңiрек.

Гүл өмiрi өлең едi өйткенi,

Соның бәрiн ұстап тұрған көңiл ед.

 

Тас та жасқа иетiнiн аңдамай,

Ақын бiткен аңсап өткен арман-ай.

Өңiрiне өң кiргiзген сол бiр гүл,

Көңiл көзiн тұра алмады арбамай.

 

Ойы, қыры, оң жақ, сол жақ қапталы,

Паң ырғалып шабыт қысқан шақтары.

Гүл көркiне аузын ашты күллi алап,

Бiрақ ешкiм сөз айтуға батпады.

 

Армандаса ақылды аға, ер iнi,

Сол болғанын қалағанмен серiгi.

Өзiм үшiн деу болар ед барлығы,

Одан көрi қымбат ед гүл көңiлi.

 

Жiгiт боп сөз айта алмады ешкiм кеп,

Еленбесе сұлулық та ескiрмек.

Ай таң қалды, жұлдыз бiткен жамырап.

Гүл шайқалды жұмбағымды шешкiн деп.

 

Ерлiкке бар тумаппын деп бiр ердi,

Түсi қашып төңiрек түгел түнердi,

Бұл сезiмге ауыр тидi, амал не?

Гүл бiрақ та үзгенi жоқ күдердi.

 

Өмiр ғой бұл, төңiректе жоқ тыным,

Бiрi барын, бiрi айтып тоқтығын.

Ойсыздардың отырғаны той болып,

Ойлыларды опындырып өттi күн.

 

Теңдесiмен табысарын түбiнде,

Есiне алса қоя берер күлiмдеп,

Мұңсыз едi, ойсыз едi себебi,

Гүл бұлардың бiлгенi жоқ бiрiн де.

 

Тар маңдайға десек-тағы қайда бақ,

Тiк түспесе күн нұры да тайғанап,

Кететұғын тасқа өскен сол гүлдi

Бiр күнi бiр жiгiт тұрды аймалап.

 

Мұңды қуып, жұбататын жетiмдi,

Жыр оқитын сiлкiп тастап кекiлдi

Сол жiгiттiң ныспысы, аты Жел едi,

Еркiн едi ақын жаны секiлдi.

 

Өсер өскiн өз парызын өтесiн,

Ойыңа орал, той тойлап не етесiң.

Сол өңiрде думан болды, Тау қиды,

Жел ақын мен ару Гүлдiң некесiн.

 

Бұған дейiн айтылған жай ертектi,

Көп ұзамай бұлтын айдап Жел кеттi.

Жел жiгiт ед еңiреген елiм деп

Және сәл-пәл қаны қызу тентек-тi.

 

Қуандырар атыздағы жандарды,

Түз даланы көгерту бiр арманды.

Ақын жiгiт арманына аттанды,

Көз ұшында қолын бұлғап жар қалды.

 

Өмiр болып өтiп жатты күн тыныш,

Қатар самғап құлшыныс пен күрсiнiс.

Сондай бiр күн сейiл құрды сол маңда,

Серi жiгiт пен желiк қуған жыршы қыз.

 

Соны көрiп еске алды гүл өткенiн,

Аппақ жауын тасты иiткен көктемiн.

Есiне алды ол арман қуған ақынын,

Шарлап жүрген туған жердiң бөктерiн.

 

Сезiм жоқта, қырағы көз, қалғығын,

Амал қанша, жiгiт пен қыз дәл мұның

Бейхабар ед сырынан сол, бiлместiк

Бiр жарқ еттi жүзiндей боп шалғының.

 

Опасы жоқ топастардан тектi ана,

Тас болса да тегi ана ғой, шөктi ана.

Бүрдiң ғой деп аш белiнен мiн артпа,

Гүлдiң сырын саусақ сездi тек қана.

 

Көңiл көгiн күл болғандай от қарып,

Одан арғы жайды айтуға жоқ шабыт,

Бүкiл өңiр көзiн сүзген сол гүлге,

Қыз омырау бара жатты боп табыт.

 

Аспан көңiлi жылағанмен жауындап,

Ештеңенi айта алмады тау ымдап.

Адам қолы жасаған сол күнәнi,

Қыз омырау бара жатты ауырлап.

 

Өзiн өзi әлi ұқпаған мас әлем,

Қарс айрылмай шыдап қалды тас әрең.

Туған жердiң түнегi мен шуағын

Түсiнуге тырыстың сен, жаса, өлең.

 

Қой, мұңайма, күт келесi көктемдi,

Тастың мұңын зарлағаның жеттi ендi.

Жазалы, рас, гүлдi жұлған сол бiр жан,

Ал Ажал ше? Асыл сезiм боп келдi.

 

Есiл сезiм ел есiнде ендi ұмыт

Боп қалған кез, тастамасыншы ердi үмiт:

Гүл орнына тасқа тiреп маңдайын,

Жер бауырлап жылап жатты Жел жiгiт.

 

Таңсәрiде, ымыртта не iңiрде,

Тәркi дүние белгiсi бар түрiнде,

Тереземдi соққылайды күз күнi,

Әлдебiр мұң мәжнүн самал тiлiнде.

 

Өз орны бар ортасында сан құрдас,

Сыңғырлама, рюмкалар қаңғырлас.

Жүрегiме отырады қонақ боп,

Әлдебiр жан жаны желмен тағдырлас.


1992 ж.

 

 

 

 

ШЕЛЛИ АЖАЛЫ


Ұлықбек Есдәулет ағаға

 

Шелли ақын суға батып өлерде,

Ненi ойлады асау толқын көмерде?

Сездi ме екен асыл жүрек тұншыққан,

Өлiмi де айналарын өлеңге.

 

Туған жердiң тәркi еткендей қолатын,

Не себептi суға кеттi сол ақын?

Iштарлық па досынан да сезiнген,

Құштарлық па тек шабытта болатын.

 

Жықтырмастан сұлулықтың жалауын,

Серт қып түйiп жүрегiнiң қалауын

Өлдi Шелли, өлiмiне өзгеше

Өлең ғана бердi әдiл жауабын:

 

– Ажалдың да батыл қақса есiгiн,

Ақындарға болу керек кешiрiм.

Жер бетiнен таза парақ таба алмай

Суға жазды, дейдi ол, Шелли есiмiн.

 

 

ЕСКЕРТУ


Бiр ғасырдың аяғы, бiр ғасырдың басында,

Шабыттары құлыпта, шашы ағарған отызда,

Қырығында қарт болған ақындардың да

                                                           болғанын

Еу, Уақыт, ұмытпа!


1994 ж.

 

 

 

                            *  *  *


Дәл бұлайша қарама, жаным, жаным,

Сезiмдi сол келмейдi сағымдағым.

Кiрпiгiңе келiп тұр сүйенгiм-ақ,

Жанарыңда келiп тұр дамылдағым.

 

Кiрпiктерiң тiзiлген бiр түп қайың,

Төзiм – көктi тұратын түртiп дәйiм.

Қайың, қайың – махаббат белгiсi ол деп,

Соған арнап ой өрiп, жыр жұптайын.

 

Ал жанарың... жанарың даладай деп,

Қуат алған жаныма аралай кеп.

Алыс жүрiп сағынған ботаң сынды,

Еркелегiм келiп тұр баладай боп.

 

Деп сөкпешi ойынға батыл-ақ тек,

Ойымды айтсам түйiнген бақылап көп...

Жанарыңнан ақпасам тамшы болып,

Кiрпiгiңнен ұшпасам жапырақ боп.

 

Дәл осылай қарашы, құралайға

Жарасар сол, айтылар сыр алайда

Өзгеше едi, жанардан от өшкенде,

Биiгiнен кiрпiктер құламай ма?

 

Құламашы, қайыңдар, қадалып қал,

Сезiм болып бойыма таралып қал.

Жанар менен кiрпiктiң арасында,

Ғұмыр дейтiн, байқасаң, аралық бар.

Кiрпiк, жанар өлеңнiң өз елi деп,

Көтергенмен шарапты көзенi көп.

Ешкiм әлi айтпаған шығар, бәлкiм,

Кiрпiк, жанар өмiрдiң өзегi деп.

 

Жоқ, әйтсе де еш себеп уайымдарға,

Айлар барда ойлайтын жайыңды алда.

Туған жерге шын ғашық жүректердей,

Топырағына құламай ма қайыңдар да?!

 

Дәл осылай қарашы жаным, жаным,

Сезiмдi сол келместен сағымдағым,

Қайыңыма сүйенiп, дала жастап,

Сәл азырақ кеп кеттi-ау дамылдағым.


1992 ж.

 

 

 

                           *  *  *


Жолдар, жолдар,

Бiрi тәттi, бiр ащы,

Менiң өлең дәптерiмдi құрасшы.

Бiр ойымнан жеңiлденiп қалайын,

Бiр ойыма жуығырақ барайын.

 

Жұмыс барда шабыт дейтiн қасқаға,

Ақ парақтан мойын бұрмай басқаға,

Жазсам деп ем, жазсам деп ем жырымды,

Кездерiмде ақыл тiсiм қақсаған.

 

Адам болып мына өмiрге келгесiн,

Тергесе де ел тек жақсылығымды тергесiн.

Адал тауып жесем деп ем нанымды,

Адал бассам деп ем жердiң кеудесiн.

 

Адал болса алған демiм әр менiң,

Адал болса адымым да әр менiң.

Шалыс басқан сәттерiм де болса адал,

Одан артық не болады, бiлмедiм.

 

Ойлар, ойлар,

Бiрi тәттi, бiрi ащы

Тағы бiр жыр дәптерiмдi құрасшы.

Айтқанымнан айтпағаным көп едi,

Бәрiн, бәрiн айтып кеткiм келедi.

Сен де сезбей,

Маған ненiң керегiн.

Халiң мүшкiл болып тұр-ау, өлеңiм.

Табытымда тыныш жату үшiн де,

Тiрлiгiмде түзу болсам деп едiм.

Ойлар, ойлар!

 


 

                            *  *  *


Еркiн жел ем жаз шалқитын жайлауда,

Күй дегенiң күйшi қолын байлау ма?

Тағдыр менi нән шаһарға ап келдi,

Құрекеңдi жiберткендей айдауға.

 

Басындағың болмағасын нәби ми,

Көңiлдегiң қайдан болсын арий күй,

Жүрек жалғас өңешiммен шыңғырам,

Бiрақ ол да боп шықпайды табиғи.

 

Тас сүрлеуге табанымды жара қып,

Қу молама кiрем кешке қабарып.

Қыл көпiрдiң азабынан өтетiн,

Мұнда менi деп атайды қалалық.

 

Қайырмасын тас дуалдар тонаған,

Тереземдi соққылайды самал ән.

Аяғанмен есiгiмдi ашпаймын,

Сөнген шырақ жанбайды деп жаңадан.

 

Тар бөлмеде кең тынысым тарылып,

Жалғыз ғана отырамын жабығып.

Жаным еркiн жайлауымды сағынам,

Бiрақ та құр не iстей алам сағынып.

 

Жанды тербеп мәңгiлiктiң ағыны,

Тән арыды, Арман бiрге арыды!

Жанарымды қытықтайды нұрымен,

Мың жыл бұрын сөнген жұлдыз жарығы.

Жаным жұлдыз жылдамдығын қосқанда,

Сәлем айтып кейiн қалған достарға,

Бұл қаладан кетем түбi көкке мен,

Кетемiн мен Сегiзiншi Аспанға.

Деймiн iштей,

Дейдi iшiмде бiр дауыс.

 

 

                            *  *  *


Жүрегi нұр қазағымның гүл қызы,

Менiң жаным сенiң нәзiк жаныңның көшiрмесi.

Тағы оянды үмiтiмнiң жұлдызы

сен соны өшiрмешi, сен соны өшiрмешi.

 

Тамшы жасқа жiберетiн тасты үгiп,

Мүмкiн емес бiр дiр етпей қалмауың

Саған деген сезiмiмдi паш қылып

Жауып жатыр ақ жауын.

 

Бүгiн, сiрә, ұйықтамаспын түнiмен,

Таң атқанда көз iлем.

Сөйлейтұғын даналықтың тiлiмен

Бәлкiм, мүмкiн, Қызыр қартқа кезiгем.

 

Тәңiрiден бата алған бабамнан

Жалғыз ғана сұрайтұғын тiлегiм:

Жан дүниесi нұр мен жырдан жаралған

Сол қыздiкi барым, арым, жүрегiм.

 

Өмiр – теңiз айдынына қол созамын құлаштап

Еш қақым жоқ налуға

Саған деген сезiмiмдi растап –

Түн. Ақ жауын жаууда.

 

Жүрегi нұр қазағымның гүл қызы,

Сезiмiмдi сезiмiңе көшiр де,

Тағы оянған үмiтiмнiң жұлдызын

Өтiнемiн, өшiрме!



                      *  *  *


Жан екенсiң мiнезiң ашық қана,

Мөлдiр көңiл менде сол, ашып қара.

Жанарлы қыз, ал саған қараса тек,

Қарасыншы құмарта ғашық қана.

 

Iзгi тiлек тiлеймiн жаңа-жаңа,

Қауыз ашқан гүл қызға жаңа ғана:

Ақын жүзiн жыр жазса жабатын мұң

Қалқа қыздың жанарын қамалама.

 

Қалқа бала-ай... Мiнезiң көзде ме едi?

Көрiктiсiң, көркiңдi көз көредi.

Жанарың тұнық екен көл сияқты,

Жел тұрса тек көл жүзi өзгередi.

 

Өзгерме, өзгермешi, жанар боп қал,

Серттен таймас жырдағы Қамар боп қал.

Армандардың ауылына алыстағы,

Ақын көңiл жолдайтын хабар боп қал.

Мен де бiр күн сағынар заман боп қал.


1993 ж.

 

 

 

                   *  *  *


Айдын болған сан арманға,

Маған арна саған да арна.

Шығар-ау бұл балаң сұрақ,

Дала, Дала, анаң бар ма?

 

Анаң бар ма, жүзi қандай

Жан шығар-ау қызығардай.

Сенiмiнен шыға алдың ба,

Iзгi үмiтiн үзiп алмай?

 

Анаң қандай, бiлдiр маған,

Сәбисiң бе былдырлаған?

Түсiнбедiм не дегенiң,

Не болса да сен өлеңiм.

 

Түнгi аспаның жұлдыз жымың

Мен де сендей жұлдыздымын.

Өзiңде әлi анам менiң

Есiне алып жүр қыз күнiн.

 

Ауа ма едi анаң, дала,

Олай болса, алаңдама.

Ауа, Ауа – бар бiлерiм

Саған ана маған да Ана.

 

Әр терегiң анаң үшiн

Болса, Ауа ғой, жарады шын.

Анасы үшiн терiн төккен

Сен де мендей баламысың.

Әр қырыңның көктегiнi

Ана үшiн ғой көк қорегi.

Саған ана маған да ана

Мейiр қалай шектеледi.

 

Құйып жанға құстар әнiн,

Жыр қалам боп ұшталамын.

Ақындығым шығар менiң,

Дала, саған ұқсағаным.


2.01.1993 ж.

 

 

 

              *  *  *


Қиқуы сынды ұранның

Ауаны оттай жандырып.

Шын самғай бiлген қыранның

Сорғалауы да заңдылық.

 

Көз тiкпей көкке қояр ма

Арманшыл адам баласы –

Маған да мекен болар ма

Аспан мен Жердiң арасы?!


1993 ж.

 

 

 

                    *  *  *


(Игорь Тальковтан).

Еркiн аударма)

 

Нағыз ақын туылмайды оқыста,

Бар олардың өмiрде өз орыны.

Жер бетiне келедi олар соғысқа,

Тоғысқан шақ жұлдыздардың шоғыры.

 

Сұлулықтың кеңейтуге өрiсiн,

Қолына алып қалам – қару жарағын,

Ең шешушi сәт туғанда Жер үшiн,

Келедi олар алып көктiң хабарын.

 

Ұлы Жұмбақ – бiр тылсым күш жоғарғы,

Емдесiн деп адам жанын, қоғамды.

Жер бетiне жалғыз не топ, легiмен,

Өз еркiмен жiбередi оларды.

 

Өмiрге олар келедi өз еркiмен,

Жүрегi нұр перiште жан пiшiнде,

Бiр тылсым күш Күн ұялар көркiнен,

Оларға аян бередi ылғи түсiнде.

 

Алыс жұлдыз нұры ойнап өңiнде,

Тек iзгiлiк, тек жақсылық тiлеуi.

Үмiт болып кiредi олар көңiлге,

Жүректерге сенiм болып кiредi.

 

Қайсар ақын қарсы жүрер уайымға,

кетедi олар парыздарын атқарып,

жер бетiнде перiштелер жайында,

қалады өлең, қалады аңыз сақталып.

 

Жұлдыздардан тү-у-у жоғары жақтағы,

Ойы жерге нұр боп жетiп жататын,

Уақытқа бағынбайды ақындар,

Күллi ғалам – Ақындардың Отаны.

 

Жер бетiнен салып жүрген сайтан ән,

Дақ түсiрмей намысы мен арына,

Жұлдызына кетедi олар қайтадан...

Кетедi олар келу үшiн тағы да...


1994 ж.

 

 


БЕЛГIСIЗ ҚАЛА


Тоғыз жолдың тоғысқанмен торабы,

Қайда екенiн таба алмайтын қонағы

Бұл қалада көктемдi ешкiм бiлмейдi

Мұнда өйткенi он екi ай қыс болады.

 

Алып тауға байлап қойған шынжырлап,

Бұл қаланы қарғыс атқан мың жылға.

Жер жылжуда, жермен бiрге қала да

Қара жылым жаққа баяу жылжуда.

 

Нөкерлерiн ертiп шығып моладан,

Бұл қалада түнде сайтан салады ән.

Бiраз адам айырылады ұйқыдан,

Ал көп адам айырылады санадан.

 

Жын-жыбырдың болғаннан соң мекенi,

Бұл қалада тосын жайлар жетедi.

Даналықтың басын жарып тасада,

Сұлулықты шешiндiрiп кетедi.

 

Бұтқа пұттай табынғасын қашаннан,

Шал-құтаны жас қыз аулап жасарған.

Бұл қаланың, ең ғажабы, құдайы,

Көкте емес, көк қағаздан жасалған.

 

Арман мұнда қалталарға батады,

Сонда өледi, ешкiмнiң жоқ шатағы.

Мұнда Муза қайыр сұрап көшеде,

Ал, ақындар мас боп бара жатады.

 

Бұл қалада тiзе берсең көп қызық,

Көр, арала, босқа уақыт өткiзiп

Алып жүрме. Тек перiште болмағын

Қала жайын жүрер көкке жеткiзiп.

 

Тоғыз жолдың тоғысқанмен торабы,

Қайда екенiн таба алмайтын қонағы,

Бұл қалада көктемдi ешкiм бiлмейдi,

Мұнда өйткенi он екi ай қыс болады.

 

Жұлдыз бiткен көкте бетiн шымшылап,

Бұғау буған жатыр қала су сұрап,

Жылтылдаған сәулесiндей үмiттiң

Әр қабатта сөнбейдi тек бiр шырақ.


1995 ж.

 

 

КҮЗГI ЖАПЫРАҚ ҚАЛТЫРАЙДЫ КҮНГЕ ҰҚСАП



Бiрде, ашық, Бiрде шашық аспаны

Күз көтерiлiс бастады.

Кесiп алып тастады әлде өлi етiн,

Әлде сырлы бiр жыр жазып тастады

Жүрегiме,

Әттең, оны оның өзi бiледi ме?

 

Жалғыздықтан жабығыңқы көңiлiм

Әлдененi iздедi:

Топтала ұшқан тырналардың тiзбегi.

Туған жерге қош айтысар күздегi?

Көк төсiнде көрiнбейдi iздерi.

 

Сезiмiмдi қолшатыр қып табиғаттың түнiне,

Күзгi гүлдi сыйлау үшiн гүлiме,

Тентiреймiн жағалауға жете алмаған толқындай

Тас жол бойлап, түспейдi әттең бәтеңкемнiң бүрi де.

Не айтамын анау жалқыз күнiме?

 

Саған деген сезiмiм бұл, бiл, еркем:

Әппақ болып оянасың күнi ертең

дейтiндей ме Аспан Жердi құшақтап?

Қараңғы түн ғашықты кетпесе екен пышақтап?

 

Бiрде ашық, бiрде шашық аспаны

Күз көтерiлiс бастады.

Құздан құлап өлсiн дедi, кiм бiлсiн,

Қыз есiгiн ашпады.

Осы бiр шақ Ай қамалған қораға,

Құздан құлап өлер едiм,

Ешкiм бiрақ бармайды ғой молама.

 

Күйiнiштен тырналардың тiзбегiне қосылып,

Кетер едiм, керегi не қанатымды бос ұрып.

Туған жерге жетерiм не жетпесiм

Белгiсiз ғой әнге бөлеп келесi жыл көк төсiн.

 

Сыңарымды iздедiм мен күнiмен,

Сыңарымды iздедiм мен түнiмен,

Сен ақ та мен сұрың ем,

Сенен басқа ешкiмге айтқаным жоқ бұны мен;

Тiзбегiмен ұша алады тырналар,

Ал аққулар ұшса тек ұшады ғой жұбымен.

 

Мұңлы уiл жел айтатындай құлаққа,

Айдын көлдiң тағдыры айналғанын сұраққа.

Бiрде жылау, бiрде сұрау аспаны,

Күз көтерiлiс бастады.


1992 ж.

 

 

 

                            *  *  *


Аузымды ашсам кеудемде күрсiндi өлең,

Ойлар өлдi жанына нұр сiңбеген.

Шақ та болды жанарға жас тығылған,

Кез де болды күн кешкен құр сүлдемен.

 

Бәрi болды бұл баста,

Жасырмаймын.

Кейде момын, кейде ендi тасырдаймын.

Түн қойны төсегiмде тыншытпайды,

Әр сәтi сананы езген ғасыр – қайғым.

 

Бәрi болды, бұл баста қарабақыр,

Түн қойнында сұлқ түсiп қала жатыр.

Барлығының ойында заманақыр,

Тұңғиыққа жәй жылжып бара жатыр.

 

Заманақыр – бұтаның дiрiлiнде,

Заманақыр – желдiң жәй уiлiнде.

Заманақыр – ол менiң санамда тек,

Еш дауаға бой бермес уы мүлде.

 

Бұл Басқа не боларын кiм бiледi?

Ойлы қыздың ерiнi үлбiредi.

Өз сенiмi өзiнде мықты жiгiт,

Бәрi де түс қой, түс деп күлдiредi,

 

Түс болса неге ұзаққа созылады?

 

 

                       *  *  *


Қатулансам Шыңғысхандай қатал ем...

Ата мұңға батады ендi баталы ер.

Бiр қыз көрiп күзгi аспандай бүлiнген

Ғұмырыма болып алдым қапагер.

 

Жаугер рух бастар жердiң шетiне –

Жалаң желдiң байлап қойып өтiне

Орта ғасыр батырлары өр намыс

Осым үшiн түкiрмей ме бетiме.

 

Дақ түсiрмей аруағы мен атына,

Ту астынан табылатын батырға

Бедел iздеп етегiне сүрiнген,

Мазақ болу оңай деп пе ең қатынға.

 

Өледi деп iшкi дертiн жасырған

Мәжнүн болсам затыма сай расында

Бейдауаға – замандасым күлмей ме, –

Орын жоқ деп жиырмасыншы ғасырда.

 

Халқым, саған сол болса егер керегi,

Қалды жорық,– сендiк жеңiс, мен ендi.

Шайыр болам бiр қызыңа күн мүсiн

Түнде сарнап шығаратын өлеңдi.

 

Суық түнде шығып алып шоқыға

Жылынатын махаббаттың отына.

Қас батырдан бiлегiне сенетiн

Айналам да жаны сақы сопыға.

Қылышымен жарып шыққан жатырды

Ақылынан алжастырған батырды

Анам деймiн асқақ басым иiлiп,

Осы қызды тапқан қазақ қатынды.

 

Қас батырлар, айта көрме оза сын

Сендердi де ойландырсын сөз асыл.

Пәк арудың ақ бiлегi ұсынған

Бейбiт күннiң iшсем деп ем бозасын.

 

 


ОЙ АҒЫНЫ


Баллада


(Ересектер арасындағы сайысқа алғаш қатысқан жас былғары қолғап шеберiнiң монологы)


Жалқаулықты шығаратын терменен,

Жекпе-жекте еш жеңiлiп көрмеген,

Ойнайтұғын тек бiрiншi жақпенен

Бойшаңырақ, атақтырақ ол менен

 

Сiңiрге емес, сазға iлiккен сүйегi,

Оның ұрыс тәсiлi де би едi.

Ал ана қыз соны, соны сүйедi,

Ол да маған жұдырық боп тиедi.

 

Филиппиндiк өр Абоны құлақтан

Қадап ұрып, бiрiншi де-ақ құлатқан

Оныменен сайыс маған әзiрге

Тұрады ылғи шешiмi жоқ сұрақтан.

 

Бiздiң сайыс аяусыз деп аталған,

Ал махаббат заңы одан да қатал заң.

Орын алған ең бiрiншi қатардан

Ондай ару таба алмайсың шаһардан.

 

Төпеу соққы,

Қалай қарай бұрылам?

Бұрылсам да

Жұдырыққа ұрынам.

Бұл кезекте, амал қанша, ес-түссiз

Бiр бұрыштан бiр бұрышқа қыдырам.

 

Соқыр соққы

Сорымды әбден қайнатты,

Сорпа болдым, ашуым тек айбатты.

Бұл кезекте жеңiстi ол алып тұр,

Келесi раунд көрсетермiн қайратты.

 

Мiне, үзiлiс,

Аузыма алам тобаны,

Ал кеудеме күдiктi ой кеп қонады.

Қарсы бұрыш бұрышы ма Бермудтың,

Қарсыласым көзiмен де соғады.

 

– Асылып қап құр ауаны бос ұрма,

Арандатқан қимылына қосылма.

Қашықтықты сақта,– дейдi Бапкерiм.

Құшақтасар, кiм ол, менiң досым ба!

 

Гонг үнi,

Екiншi раунд басталды.

Бұл кезекте былай қойып қашқанды,

Сәтi түссе бiр соғармын сiлейте,

Оған сөйтiп көрсетермiн аспанды.

 

Деп кiжiнем,

Бәрi iштей әзiрге,

Мәзiрменен жауап берем мәзiрге.

Ей, бiрiншi қатардағы күлiмкөз,

Жанға жайлы әзiлiңдi әзiрле.

 

Басталғанша-ақ

Соққы тидi жағыма,

Ауытқудан аман қалдым бағыма.

Қарсыласым тек бiрiншi жақта әлi,

Деп жүргендей қалай, бала, тағы ма?

 

Ох, қандай сәт,

Иек асты ашық па?

Бұл соққыны тарту етiп ғашыққа

Соққан ләзiм,

Қап, сытылып кеттi, әне,

Ал жұрт менi балап жатыр жасыққа.

 

Екi ессiзге есi кетiп елерген,

Ысқырады мың екi жүз көрермен.

Ысқырады қарсыластың қолғабы,

Ашық жердi iздеп бастан, денемнен.

Ертең сiрә шыға алмаспын көшеге

Мына бетпен көгала боп көгерген.

 

Қарсыласым бiр бұрышқа қамалды,

Құтылатын қалдырмастан амалды,

Майдан қылып мына шаршы алаңды,

Жалаң қолмен соқсам ба екен жаманды.

 

Бiр ой басқа келген сайын

Жұдырық

Сарт етедi,

Басты иықтан сыдырып

Жiберердей,

Қарсыластың алдына

Мiне, тағы келiп қалдым қыдырып.

 

Қауқар болса

Бұл мазаққа көнем бе?

Өзiмдiкi емес сынды денем де.

Самайымнан тиген соққы

Иектен тағы ескенде,

Жалп еткiздi-ау еденге.

Жүдеу аттай

Жолға шығып болдырған,

Он саусақты бүгiп тұрдым орнымнан.

Қамыққанда қолғабыма қараймын,

Бiр дәл тимей

Қасқа басты қор қылған.

 

Мұндай топта алғаш түскен балаға,

Бес жас үлкен – жарайды ол ағаға,

Жеңгенi аздай арқамнан кеп қағады,

Тұз сепкенін сезбей ме екен жараға.

 

Құрбы алдында

Қадiрiмдi кетiрген

Бұл ұятты

Қалай жуам бетiмнен?

Ендiгiде күтiп алам шабуылдан,

Шабуылдауға алға қарай секiрмен.

 

Қол жетпеген аруым едi

Немесе

Әңгiмесi жанға жайлы жеңеше

Деп атармын сол бiр қызды,

Менi де,

Ах, менi де сондай бiр жан жебесе!


1994 ж.

 

 

 

ЖҰЛДЫЗДЫ ШАҚ


Ескi түркi тiлiнде қатын сөзi анаға, әйел

затына құрмет белгiсi ретiнде қолданылған.

 

Мынау қай түн?

Жыр жазар түн ақындар.

Толған, ақын,

Өрт сезiм бар, ақыл бар.

Ақ қағазға көзiңдi сүз

Тiрлiктен

Төсегiне қисайғанда қатындар.

 

Қатыныңның келбетiне қарада,

Басыңды iй ұйқыдағы анаға,

басыңды iй жатыр жайлар балаға.

Мынандай түн

Бүгiнiң мен ертеңiң

Ұйқы-тұйқы ұйқаспаса бола ма?

 

Жетпiсiнде жар құшып бел шайқаған,

Шал қуатын сідігінен байқаған,

Қатын болған,

Ал сен оның қасында

Ақынсың деп бiрақ кесiп айта алам.

 

Солай, ақын,

Сенiң сәби өлеңiң

Дүниенi өзгертердей көремiн.

Өзiм соған сәбидейiн сенемiн.

Мен де өйткенi

Түнгi аспандай көнемiн.

 

Түн бiр уақ боп қалды ма,

несi бар.

Сәт болады құрсау көңiл ашылар.

Түн қойнында Ай көшедi аспанға,

Сен қатынның қойынына көшiп ал.

 

Қанша сайра, жетер емес ақылым,

Ер парызы – босамасын тақымың.

Жұлдызды жыр жазылмаса,

Мына түн

Жұлдызды ұлды жазсын саған, ақыным.

 

Түн аспанды көмкергенде гүлменен,

Бақ қалмайды адам жаны кiрмеген.

Өр ақын мен балдай ару жазатын

Бiлген жанға

Жұлдызды ұл – бұл да өлең!


1995 ж.

 

 

 

ҚАТАРДАҒЫ ӨЛЕҢ


Тақыр жерге соқыр жаңбыр жауады,

Көзi соқыр тағдырым, ашылмады-ау, қабағың.

Басымнан бақ бұлт сынды ауады,

Сенi сүйгiм келiп едi, қазағым!

 

Ыстық жазда суық түстер көремiн,

Тамыз тамшы тамызбастан қинады.

Қуа алар ма қауқары жоқ өлеңiм,

Жауабы жоқ сауалдарды мидағы.

 

Күтiнем деп шомылған көк түтiнге,

Тағдырыма боп алдым хас наразы.

Еш дауы жоқ Күн мен Түндi Бiтiмге,

Шақырады көршi ауланың қоразы.

 

Бiр басында төрт тауық,

Оны ұйқыдан оятпайды түнде өлең.

Басымнан бақ бұлт сынды кеттi ауып,

Бақыт ауа түстi екенiн бiлмеп ем.

 

Өлмейтұғын махаббатым бiр қызға,

Қыршын кеттi, көмейiмде көмiлдi.

Кiм бiледi, жұмақ дейтiн жұлдызда,

Ол да ендiгi жүрген болар көңiлдi.

 

Жылатпаса жұбатпайды басқа ерiн...

Басқа елге керегiм жоқ менiң де,

Шыдай алмай шалғанда өксiк жас демiн,

Өзiн-өзi буындырсын дедiң бе?

Қай кезде де қасиеттi саналған,

Қатардағы жауынгерi ем өлеңнiң.

Мәңгi өмiрдi тартып алып ажалдан,

Өлсем де мен алғы шепте өлермiн.

 

Өлеңiмнен рухымды табады,

Iздеген жан балдай тәттi таза мұң.

Көзiмнен жас жұлдыз сынды ағады,

Сенi сүйгiм келiп едi, қазағым.

 

Сөзге сенсең иiрiмi сан жырдағы,

Дала дейдi... дала емес бұл айдала.

Қонақ болдым қараша үйге қырдағы,

Жарымаған қара нан мен шайға да.

 

Ақ жаулық пен қара бала қамы үшiн,

Найза ұшына тiгiп едiм жанымды.

Өлдi ұяттан жүрегi ояу намысым,

Намысты да жерлейтiн жер табылды.

 

Өзен қайда өткел салар араға,

Жұтым су жоқ, жалғыз белгi жар ғана.

Мына дала айналады қалаға,

Айнала ма ақ қаз қара қарғаға?

 

Ыстық жазда суық түстер көремiн,

Сезiмдi де суықтаттым тамызда,

Ей, Көк Аспан, жоқ болса егер керегiм,

Мен де қыртпын, аузыма су тамызба!

 

Дүние ауса да дiлi, тiлi тазаның,

Көтере ұстап көк бөрiлi байрағын.

Сенi сүйгiм келiп едi, қазағым,

Сайтан алғыр, қара ендi, қайдамын?


1995 ж.

 

 

 

ӨМIР


Жаңа өлең және бұл өзi сондай көне өлең,

Болмаса да тегi ақсүйек пенен төреден.

Даланың ұлы қаланы жаулап алуға,

Аттанып едi «Жаушықұм» атты төбеден.

 

Аттанып едi,

Бапталып едi арманы,

Шаттанып едi, көңiлде тағат қалмады.

Үкiлi үмiт бердi ел сөйле деп сөзiн даланың,

Батасын бердi өңiрдiң өзек шалдары.

 

Серт қылып түйiп таң атар шақтың шапағын,

Шығарсам деп қалай далам мен бабам атағын,

Көшпелiлерден қалаға келдi бiр ақын,

Жердегiлерден жұлдызы биiк тұратын.

 

Анасы қалды шыққын деп балам асқарға

Даласы қалды қосатын бұны дастанға,

Ұғатын едi көкөзек жаңа қылтиған,

Ұғатын едi сол ұлды құм да, тастар да.

 

Қиялдап кетсе түнгi Айды жар қып ойнайтын,

Адамның парқын ағаштан биiк қоймайтын.

Сол ұлан мынау ғаламды күллi жаратқан,

Тәңiрiнiң өзi ұлы ақын ғой деп ойлайтын.

 

Ойлайтын едi,

Тоймайтын едi қиялы.

Қиыр жоқ оған,

Қиялға бәрi сияды.

Үйкүшiк емес, көкқұмар қыран болам деп,

Тастап та шықты ол бiр күнi сөйтiп ұяны.

 

Қалаға келдi,

Адасты ол қанша көшеде.

Думанға кiрдi, азапқа түстi нешеме,

Жайылып жүрдi даланың еркiн желi боп,

Қайыры болмай даласы тұрмақ шешеге.

 

Адасып жүрдi, адасқан ұлға кешiрiм,

Шақырды дала сол ұлды атап есiмiн.

Өйткенi дала баласы түгiл байы өлген,

Ана деп тегi жылатқан емес жесiрiн.

 

... Бүгiнгi iсi ертеңге болар өнеге

Жатпайды сол ұл жаңаға және көнеге,

Өр Едiл менен Мүдеге әке болады ол

Болады және Қаһан Шыңғысқа немере...

 

Жауламақ жырға қыры жоқ қырдың қаласын,

Сол ұлан бүгiн жаспенен жуып жарасын

Жанарын көкке қадайды жиi, себебi ол

Жалғамақ ендi Дала мен Жұлдыз арасын.


1994 ж.

 

 

 

                              *  *  *


Алғашқы жол, сен қашанда ауырсың,

Жауындардың алдындағы жауынсың.

Самалсың сен беттi желпiп ойнайтын,

Не болмаса тамыр жұлқар дауылсың.

 

Мүмкiн ол да, гүл боп көздi арбауың,

Не болмаса құс боп көкке самғауың.

Әлде мүмкiн мәңгiлiк боп келерсiң,

Сол үшiн де, алғашқы жол, өнерсiң.

Өлеңдердiң iшiндегi өлеңсiң.


1994 ж.

 

 

 

 

            *  *  *


Жанарда жарқ етсе бiр ұшқын,

Сезiм ғой, қалайша сөнедi?

Бiр өлең жазуға тиiспiн,

Өмiрдiң өзiндей әдемi.

 

Дүниенi шомдырып арайға,

Тiрлiктi күзетер көз iлмей,

Жазуға тиiспiн қалайда,

бiр өлең өмiрдiң өзiндей.

 

Ол өлең өрт болсын, бәрiбiр,

Тайсалмай жақындап барамын.

Арманды әрi алқа, әрi жыр,

Қалайда табамын, нанамын.

 

Тағдырмен бiтпейдi күресiм,

Жазылмай сол жырдың жолдары.

Өзiмнiң өртiме түбi өзiм,

Өртенiп кетпесем болғаны.

 

 


ӨТКЕЛДЕ


Ауру емес,

Қасап қолдан өлем мен.

Сүйер ару

Ерiнiмнен көгерген.

 

– Түсiнбеппiн

Ғұмырыңды ұранды,

Кеш,– деп жылар

Алдыңдағы күнәмдi

 

Мен күнәңдi,

Кешкем сонау тiрiмде,–

деп айтар ем,

Шықпайды, әттең, үнiм де.

 

Жүрегiме

Жатқанымен жас толып,

Айта алмаймын,

Жағым қалған тас болып.

 

Ұлым тұрар

Қос жанары мөлдiреп.

Ойламайды ол

Бiрақ менi өлдi деп.

 

Батасы игi

Бабалардың жолымен.

Жамандықтан

Қорғап жүрем оны мен.

Осы бiр шақ

Жұлдызыма жөнелген.

Бәрi шындық,

Бәрi өтiрiк дегенмен.

 

Басыма кеп

Жылап тұрар үш адам.

Өлмейдi олар

Мен өлдi деп құсадан.

 

Шындық үшiн

Мен кесiлген тiлдеймiн.

Үшiншiсi

Кiм екенiн бiлмеймiн.

 

 

 

                       *  *  *


Мен Пушкин емеспiн,

                                      бұл анық,

Болмасам болмайын, уайым ба.

Жер басып жүргенге жұбанып,

Жыр жазам ғашықтық жайында.

 

Махаббат – сезiм бұл киелi,

Деймiн де оранам жалынға.

Жүрегiм сол қызды сүйедi,

Кеудемде тiршiлiк барында.

 

О дүние бар болса егерде,

Онда да сүйемiн нұрлымды.

Уақытқа махаббат көнер ме,

Үйренер әлi-ақ ол мың тiлдi.

 

Мың тiлде сөйлейдi жырларым,

Жоғалтпай нәшi мен бояуын.

Сезем мен жырға айтқан

                                      сырларын,

Ғашыққа ел ескерткiш қояды.

 

Тұғырдан тұрармын қарап мен,

Бейдауа ғашықтың көзiмен.

Әр таңын атырған талаппен

Құрдас боп заманның өзiмен.

 

Әйтсе де керек пе жанға сол,

Тас тұғыр, бар да әлi өмiрлер –

Жырымды жатса оқып

                                      сан ғасыр,

Сандаған перiште көңiлдер.

 

Сезiмдер өлмейдi түбiнде,

Шабытқа шағында шөлдеген,

Көктемгi жауынның тiлiнде,

Жыр болып оралам жерге мен.

 

Мұндай бақ Пушкинге

                                      қонбаған,

Абайдың кiрмеген түсiне.

Содан соң ғашықтар жолдаған,

Жүрермiн хаттардың iшiнде.

 

Кеудеге ұялап жыр емген,

Сезiмiн тоңдырмай ызғарға,

Әлi де сан ғасыр жүрем мен,

Жер басып көк тайғақ

                                      мұздарда.

 

 


АУЫЛ СУРЕТI


Шаңқан ауылын арманның атап қонып,

Қыз қолынан шай iшу атақ болды.

Сұрақ болдың – себебi сұлулығың,

Бiр шешiмiн таппадым, шатақ болды.

 

Екi түрлi ой, ортада сызық, сiрә!

Өзiме аян жүрмегенiм қызық сұрап.

Арысы – бiр сезiм пернем тентектеу де,

Көп болса – бiр тәттi ойым бұзық шығар.

 

Көңiл шiркiн әлденеге құлшынғалы,

Мен де отырдым, шалбарымнан қыр сынбады.

Екi қолым қалықтап кесенi iздеп,

Екi көзiм қызықтап қымсынғаның.

 

Көбiк сөздiң тауысқандай шайқап бәрiн,

Көмейiмнен үн шықпады, шай батпады.

Сен де қызық жансың-ау сырың жұмбақ,

Тереңдегi ағысың еш байқатпадың.

 

Қысылғанда мен қысылдым, көп терледiм,

Көңiлiмнiң жыртығы көктелмедi.

Тентек ұлына ұяң шал басу айтып,

Бiр тәттi арман қуып ем, жеткермедi.

 

Шыдар-ау сынға дәл мұндай сiңiр – сезiм,

Сонымен кеш боп қалды iңiр түсiп.

Жонарқамнан тарс жапты қақпа есiгiн,

Қара кемпiр – қарауылың қыңыр кiсi.

 

Қырсыққанда ендi қайдан тұрақ табам,

Көкейiмде шешiмi жоқ сұрақ қана.

Өз қолынан мұң қыздың шарап iшiп,

Жырды алданыш қылармен бұл аптада.

 

Түнгi аспанға қарап ем, түк таппадым,

Менiң-дағы кеп-кеттi ме-ей бұлтақтағым.

Бар қалғаны сол сәттен әсер ғана,

Және балаң жiгiттiң жыр шатпағы.

1992 ж.

 

 

 

АЛТЫ АРНАУ

М-ға

                        I

Ләйлi мен Ләйләнiң қатары ең,

Ғашықтың жайын шын бiлер кiм?

Қара тас сияқты қатал ем,

Сен менi нәзiк қып жiбердiң.

 

Өзiне бағынбас өз басы

Көгiнен бұлттар жиi ауып,

Бiр сәтке тыйылмас көз жасы

Аспан боп кеттiм мен жылауық.

 

                             II

Мен оқыған кiтаптардың төресi,

Үндiлердiң құдай жайлы жырында

Жыр туралы керемет ой айтылған

Балдай тәттi түсiнiкпен ұғымға.

 

Жанға қимас жанымның шын төресi,

Сол туралы ең бiр асыл сырымда.

Нұрдай қызға қаншама өлең жаздым мен

Балдай тәттi түсiнiкпен ұғымға.

 

Көркемдiгi көрiктiммен қарайлас

От кеудемде талай жырлар тұтады.

Оларға тең келе алады тек қана

Үндiлердiң құдай жайлы кiтабы.

Жанымның сол жүлгеленген жырлары

Жеткен шақта ғасырларға келесi

Олар жайлы айтса-ау бiреу осы ед деп

Мен оқыған өлеңдердiң төресi!

 

                            III

Саған сәлем бере алады көп кеще,

Ең құрыса соның бiрi болмадым.

Амал бар ма, көздiң жасы кеппесе,

Көк тайғақ боп қалып жатты жолдарым.

 

Борандарда мұңға оранып жүрдiм мен,

Сен жайлы ой жылу берiп жаныма.

Шақтарда да ұмытқам жоқ жүзiңдi

Жүзiм суы шарпылысқан қаныма.

 

Жабыққанда сан жұбатты-ау жыр тiлi,

Қар да ерiдi басқа түскен қайғымнан.

Құдайға да алғыс айттым бiр күнi

Менi осынша байтақ мұңға бай қылған.

 

                      IV

Тамсантқан түс емес өңiмде

Ерiксiз айырып еркiмнен,

Бiр ғажап бейненi көрдiм де

Құдайдың барына сендiм мен.

 

Армандап келсе де сан ғасыр

Көрмеген ақындар әлi елi,

Әсер боп түйiлдi жанға асыл

Сол бейне пейiштей әдемi.

 

Жаны мен тәнi тең жарасым,

Айқабақ тұратын мұндалап.

Гүлiмнiң қиыла қарасын

Жындымын, берер ем жырлап-ақ.

Санасын сезiмге жеңдiрген

Мәжнүн өзiм боп бұ маңда,

Сол қызға бағымдай сендiм мен,

Софыдай сенетiн Құранға.

 

Шабыттың шалқыған кезiнде –

Жырменен нәштеген Құранын,

Есiмде, бой ұрып сезiмге,

Құдай да ақын деп тұрғаным.

 

Құр жыр не дедiм де содан соң

Бейнесiн зердемде зерледiм.

Тәңiрдей тәкаппар болған соң

Ол оның бiрiн де көрмедi.

 

Ал сосын бақытсыз пендедей

Белшеден баттым да күнәға,

Кеттiм мен өңдi де өң демей

Ол бар деп мен көрер жұмада.

 

Тартайын тауқымет көп мейлi,

Тым қатал және де ең iзгi

Ол жайлы ой басымнан кетпейдi

Бейкүнә көлеңкем тәрiздi.

 

                              V

Ғайыптан ғажайып боп кезiккенiм,

Мен сенi қиялда да құшқаным жоқ,

Тек ессiз есiмiңдi ежiктедiм.

Қиын-ау табыспаған, қарыштаған

Қиялдан қажып кетiп көзiм жұмсам,

Жұмақтай елестейдi таныс ғалам.

 

Басымнан қыс көшiрдiм, жаз көшiрдiм,

Жұмбағын шешсем дедiм пешенеммен

Осынау есiмдi алған сазды есiмнiң.

 

Бiлдiм мен жыр етерiм кiм екенiн,

Бағзыдан қалған кiтап айтып бердi

Құдайдың жүз атының бiрi екенiн.

 

Бұны бiлiп көңiлiм жатты түлеп,

Құдайдың жүз атының бiрiн бiлген

Тағы айтқан сол кiтапта бақытты деп.

 

Бақыттан бас айналды, мас та болдым,

Ерiнiм кезергенде ернiңдi аңсап,

Жанардан тамып кеткен жас та болдым.

 

Құп-құйттай жүрегiмен халыққа алаң

Сенiң сол тегi бөлек есiмiңдi

Әлдекiм қатты айтса да налып қалам.

 

Айыра алмайтұғын бақтан мұңын

Әумесер әпербақан қайдан бiлсiн

Құдайдың атын атап жатқандығын.

 

                       VI

Жүректе жас арман бекiнiп

Жатқанда,

             жүрместен жайыма,

Басы асау шабыттан лепiрiп

Жыр жаздым Аспанның Айына.

 

Қолыма қон дедiм асылым,

Ал қонса үлдеге орардай.

Мен дедiм Мәжнүндей ғашығың,

Бейнебiр ол Ләйлә болардай.

 

Күн өттi өрiлiп көп өлең,

Жыл өттi жүктi боп жырларға.

Ал қазiр бiлмеймiн не дерiм

Сондағы сол ессiз сырларға.

 

Аспанда Ай жалғыз әлi күн,

Жалғыздық шаршатты менi де.

Сол жұмбақ Айымның жарығын

Жыр қылып тарттым мен елiме.

 

Иттерi тасадан үрген көп

Ақын деп таныды аймағым.

Мен бiрақ ол кезде бiлгем жоқ

Жерде де қол жетпес Ай барын.

1994-1995 ж.ж.

 

 

 

                      *  *  *


Аялағым келiп аппақ гүлiмдi,

Ең қуатты сезiмдермен сiңiрлi

Өзiңе арнап жазған жырдың бәрiн де

Жер, Су, Ауа, Күн өзiне сiңiрдi.

 

Айтары бар ақыным деп кергiтiп,

Сенiм артып отырса да ел күтiп,

Басқа бақтан бақыт тапқан бұл бетпен

Саған қарай аламын ба ендi тiк?!


1994 ж.

 

 

 

АРМАН


Теңiз, Теңiз! Мына сенiң толқының,

Маған, маған бiтсе екен деп толқыдым.

Бiте қалса, сыр шертiсiп жағамен

Табиғаттың төл әнiне салар ем!

 

Теңiз, Теңiз! Мына сенiң көлемiң,

Маған , маған бiтсе екен деп келемiн.

О, бiтсе егер, бiте қайнап даламен,

Туған жерде мәңгiлiкке қалар ем.


1994 ж.

 

 

 

КIШКЕНТАЙ ОҚИҒА


Терезеден ай сәулесiн түсiрген,

Еңселi үй, жатын бөлме iшiнде,

Жiгiт пен қыз бiрiн-бiрi құшақтап,

Тар төсекке қисайғанда түсi аппақ,

Сыртта әлдекiм атағандай есiмiн,

Не қаққандай жүрегiнiң есiгiн.

Жан сияқты әлдененi iздемек,

Орынынан тұрады ыршып қыз кенет,

Бұл бөлменi кiм құтқарар қырсықтан,

Әлдеқайдан үн шығады тұншыққан:

– Кекетесiң көкмисың деп көкiме,

Ол аз болса, түкiресiң бетiме.

Айтшы жаным,

Саған, саған не жаздым,

Бар болғаны төрт бүктелген қағазбын.

Әлдекiмнен iздегендей қорғаныш.

Тағы да әлсiз күбiрлейдi сол дауыс:

– Дәл осылай сала ма екен көзге шөп,

Мен болмасам мұныңды ол да сезбес ед.

Жаным саған,

Саған, саған не жаздым,

Бар болғаны тілдей ғана қағазбын.

Сырт қақпағын кiттеп те жаппаған,

Қыз әлдебiр қағазды алып тартпадан

Үнсiз ғана үңiледi бетiне,

Ал қағаздың жас тамады шетiне.

Ұмыт қалып жар төсегi, күйеуi,

Қыз ернi үнсiз ақ қағазды сүйедi.

Бейне жүрек ерiн iзi әдемi,

Дiрiлдейдi, не дегiсi келедi?

Сол сәт жылу жүгiргендей жанына,

Талықсыған үн шығады тағы да:

– Болды, мен де сезiммiн ғой, сүйiктiм,

Жыламашы, жаста иiсi бар күйiктiң

Егер еркiн соқсын десең жүрегiң,

Өрте менi, саған соңғы тiлегiм:

– Бақытты бол жаңа тапқан жарыңмен,

Қуант соны қызуыңмен, барыңмен.

Жiгiтiңнiң жан-жүрегiн жауларда,

Күл, күл маған назарыңды еш аударма.

Мен дегенiң белгiсiндей бағы аздың,

Бар болғаны жыр жазылған қағазбын.


1995 ж.

 

 

 

                       *  *  *


Мiне, сенi көрмегелi он апта,

Тек бейнеңдi шақырамын қонаққа.

Сенiкiнен сәл мұңдылау қабағы,

Кеш болғанда ол есiгiмдi қағады.

Үнсiз ғана тербетiлiп етегi,

Сонсоң үнсiз төр бөлмеге өтедi.

Байқамастан жоқпын ба әлде бармын ба,

Үнсiз ғана отырады алдымда.

Арамызда жатпаса да қашықтық,

Кеспесе де аспанда әуе жолдары,

Жауап болып сезiмiме ғашықтық

Мойыныма оралмайды қолдары.

Ешкiмге әлi құпиясын ашпаған,

Баяу ғана айналады таспада ән.

Бейнең сонсоң баяу тұрып орнынан

Қиялымды оятады қалғыған.

Сазды әуеннiң ырғағына айналып,

Екеуi үнсiз би билейдi ойланып.

Күнде осылай, өзiң емес, елесiң

Күнде, күнде қонағым боп келесiң.

Шыныменен осылай ма бәрi де,

Бәрi орнында, орнында емес неге есiм?

Таң атқанда жоқ болады ол қайтадан,

Қайда кеттi, қалай кеттi, байқаман.

Құлағыма сыбырлайды түнгi ызғар:

Ешқашан да қосылмайды жұлдыздар.

Ешқашан да қосылмайды, неге мен

Жалаңаяқ қар кешкендей көгерем?

Түк түсiнбей шыңғырады сабырым:

«Жұлдыз емес, адаммын мен, Тәңiрiм...»


1995 ж.

 

 

 

 

 

                                       *  *  *


(Н.Гумилевтен)

 

Ұйықтап кетсем, түс көремiн, түсiмде,

Сенi сонша сүйгендiгiм үшiн бе,

Көрем ылғи өзiңдi һәм ананы,

Ал, ол сенi ренжiткен болады.

 

Құлақ аспай қысқы түннiң күйiне,

Жан ұшыра жүгiремiн үйiңе

Сенi анадан құтқарғым-ақ келедi,

Әлi жаным, сүйемiн ғой себебi.

 

Үйiң бөтен, күйiң бөтен, бар тағы

Күйеу жiгiт қалталы һәм арқалы.

Түнi бойы терезеңнiң түбiнде

Дұға оқимын тiлекшiнiң тiлiнде.

 

Iштен күбiр үн келедi құлаққа,

Есiгiңдi қаға алмаймын бiрақ та.

Ұмыт болып әйел өкпе, ер мiнi

Табысқан да шығарсыңдар ендiгi.

 

Сезiмiм бар, жан дүнием бар қорынған,

Көп тұрамын қозғала алмай орнымнан.

Тәңiрiнiң суланған ба жанары.

Көз алдымда көктен жұлдыз ағады.

Ең соңғы рет ширығады бар шыдам,

Қиналамын, суық терге малшынам.

Бетiм ысып оянамын сол сәтте

Жанарымнан ағып кеткен тамшыдан.

 

Көзден тамшы, бастан бақыт қашпаса,

Бәрi мүмкiн болар ма едi басқаша.


1995 ж.

 

 

 

 

ДОН ЖУАН


(Н.Гумилевтен)

 

Қарапайым, асқақ әрi арманым,

Ат үстiнде өтсе деп ем өмiрiм.

Сәлем жырды қанша аруға арнадым.

Қанша арудың таптым екен көңiлiн?

 

Қартайғанда еске ап мәсiх iлiмiн,

Күн кешермiн қоңырқайлау бiр қалып.

Балын сорып сұлулардың тiлiнiң

Ал әзiрге қалу керек жырғалып.

 

Ойсыз басым тойсыз күндi жек көрер,

Қылыштаймын менсiнбейтiн қынабын.

Көмейiме бiр кектi айқай кептелер,

Һәм зарыңды естiмейдi құлағым.

 

Осы ғана қалған белгi көп күннен.

Кетер сәтiм кеудемдегi сөнгенде от.

Бар айтарым пенделерге көрден кеп:

Жер бетiнде үнсiз азап шектiм мен,

Еш әйелден бала сүйiп көргем жоқ,

Еш еркектi бауыр деген жоқпын мен.

 

 

 

ЕСIҢДЕ МЕ?


 

Есiңде ме?

Ол кешегi күнi не деп едi?

Ол айтқан-тын:

Маған жалғыз керек өлең едi.

Тәркiдүние дүниеге не бередi,

Не қалады, болмаса не өледi.

 

Ендi бүгiн

Өзге әуен, басқа мақам.

Тәркiдүние сарнайды.

Ол айтады:

Мұң-зарымды тыңдашы, Аспан-Атам.

 

Өлең жаздым бiр қызға

Алтын жүрек.

Сен де мендей ғашық боп

Алқыншы деп.

 

Өлең жаздым сол қызға,

Аты жылан,

Сезiмiмнiң ақ құйып

қатығынан.

Берсем деймiн барымды

жүрегiне,

Көрсем дедiм

Өзiмдi жатырынан.

Бiлегiнiң ақтығы

Қардан да арман

Арман, арман

Сол ару Мардан қалған.

 

Жүрегi алтын,

Бiрақ та өзi жылан

Қарамады сол ару

Бозбалаға

Көзi қыран,

Сөйлесе сөзi құран.

 

Көз ұшында сол ару,

Көрер елес.

Өттi бастан

Күнi-түн нелер егес.

Махаббатым жүректе өлiп қалды,

Ендi оған өлең де керек емес.

 

Тәркiдүние Аспанға қолын сермеп,

Жыр оқиды осылай түн қойнында.

Кiм бiледi, сайтанның ойыны ма?!

 


                   *  *  *


Кеудесi кендi шабыт пен

Қонаққа ғана шөлдеген,

Бұл қазақ бес күн жалғанда

Бiр-бiрiн жүзге бөлмеген.

 

Бұл қазақ жүзге бөлмеген,

Аруақты, сенiм-нанымды,

Тектiлiкпенен

Тек қана

Тәңiрге ғана табынды.

 

Сұраса салып жол үстi,

Әп-сәтте өре-шөре боп,

Әңгiме шоғын қыздырар

Адай мен найман бөле боп.

 

Әпшесiн алса,

Оңай ма!

Сызылтып айтса сөз де сын.

Қоңырат қызы қинайды-ә,

Дулаттан шыққан жездесiн.

 

Кiрмеген қайсы ауылға

Ұзақ жол, шаршау, түн айдап,

«Ықылас жауыз жауыз ғой,

Ықылас күйшi ұнайды-ақ»

 

Деп төсiн тосып самалға,

Көресiң қартты отырған.

Ұнайды маған

О, қазақ,

Бағзыдан сенiң сол тұлғаң.

 

Даласы тұнған даналық,

Ұлдары шеттен дарынды,

Жұлдызы биiк қашаннан

Қазақтың қарға тамырлы!


1996 ж.

 

 


ЖАС ҒҰНҒА


Желмая мiнiп жаһаннан

Жерұйық мекен iздеген,

Бабалар ерер ұл барда

Ертеңнен үмiт үзбеген.

 

Қиналған шақта бабаның

Аруағы жебеп қолдаған,

Садақ та тартып сол ұлан

Жаудан да жерiн қорғаған.

 

Осылай болған әрдайым

Азаттық сынға түскенде.

Кiшкентай қазақ, дайын бол,

Ертеңгi ұлы iстерге.

 

Мен де ертең елдiң бiрлiгiн

Табыстап Алатауыма,

Кеткенде,

Барып қонады ол

Сәбидiң Алақанына.

 

 


ӘКЕ ЖЫРЫ


Оңашада үйiр екен ойға мұң,

Ұлым сенiң ертеңiңдi ойладым.

Кей ойыңның мiнезiнен шошынып,

Кей қиялдың тәттiсiне тоймадым.

 

Ботақаным, бауыр етiм, бүлдiршiн,

Сенi әйтеуiр бейбiт күндер күлдiрсiн.

Қазiр әкең – тас қамалың жаныңда

Ертең халiң не болады, кiм бiлсiн?

 

Екi ой басып, бiрi – күдiк, бiрi – үмiт,

Отырғаным бiр суып, бiр жылынып.

Сенi мақтан қылар ма екем, жоқ әлде

Бiр iсiңнен кетер ме екен түңiлiп.

 

Ертеңiңдi ойлаумен-ақ алқындым:

Қызығына түспей атақ, алтынның,

Тек әйтеуiр намысы ояу, жүрегi от,

Азаматы болсаң екен халқымның.


1996 ж.

 

 


                        *  *  *


Кiргiзетiн кiшкене үйдiң қызуын,

Қызым менiң, кiп-кiшкентай қызығым.

Қазiр сенiң былдыр қаққан бесiгiң,

Ашар ертең кең дүниенiң есiгiн.

Аспан, күндi өз көзiңмен көрерсiң,

Жаратқанның құдiретiн сезерсiң.

Ой ойларсың ұзақ түнге жатып ап,

Не болмаса сол ойлыны бақылап.

Тек әйтеуiр адал болсаң болғаны,

Осы болды жан әкеңнiң арманы.

Жағалауға жүзген жандай жан сала,

Басы қатты ой-қиялдан қаншама.

Сол ой-қиял сенi де алып кетердей,

Мiне, отыр ол қасыңда

жөтел қысса да жөтелмей

Тiлек айтпас дана бол деп ол саған,

Тiлек айтпас бала бол деп ол саған,

Ерте ме кеш балалық шақ өтедi,

Бiр ғұмырға бiр балалық жетедi.

Кезiң келер таным-талғам толысқан,

Тек аман бол, өз iсiңе бекем бол,

Бiр адамға бiр ғұмырға жетер сол.

Жан әкеңдей сыйла туған тiлiңдi,

Тiл деп жүрiп жүрегi оның тiлiндi.

Мiнезiмен ұқсап қалған далаға,

Оған емес, ұқсашы ана анаңа.

Көшесiне әкең ойы шашылған,

Мына қала сипамайды басыңнан.

Бiр тұрғанда дала желi әкелген

Өзгерек бол, кiшкентайым, әкеңнен.

Алда талай сырласар сәт бар әлi,

Шешең сынды болсаң алғыр жарады.

Ниетi мен пейiлiн де бiрге алғын,

Әлi талай жазылатын жырымда,

Екеуiңдi егiз қылып жырлармын.

Қызым менiң, кiп-кiшкентай қызығым,

Кiргiзетiн бiздiң үйдiң қызуын.


1997 ж.

 

 

ЖАЛҒЫЗДЫҚ


Бес қаруды асынғам жоқ әлi мен,

Таңсәрiде қан майданға кiрмедiм.

Оқ пен Оба,

Көз бен сөздiң бәрiнен,

Сендер менi қорғаңдаршы, пiрлерiм.

 

Қызыр баба,

Ғайып ерен қырық шiлтен,

Сары атамның аруағы!

Жауырын не,

Мазасыз бiр сезiмнен

Жүрегiм де жаурады.

 

Алатаудың әрбiр шыңы әулие,

Бiлмесем де бiлемiн.

Береке-бақ тiлеп едiм әр үйге,

Неге қабыл болмай жатыр тiлегiм.

 

Бiр тазымен бiр ауылды асырар

Заман өткен,

Қапамын.

Қамбар емен және мен.

Көшеменен кетiп бара жатамын

Жоқ жан сынды дәнеңем.

 

 

 

 

             *  *  *


Мiнi жоқ адам бола ма,

Кемшiлiктер де көп менде.

Ол үшiн салма табаға

Ол үшiн менi жек көрме.

 

Маңдайға түскен әжiмнiң,

Бұралаң, бiлсең жолдары.

Жанымның табиғатына

Келмесем қайшы болғаны.


1997 ж.

 

 

 

АҚ ПЕЙIЛ АҚИҚАТ


(Поль Элюардан)

 

Адамдарда оттай ыстық бiр заң бар,

Шарап сүзiп жүзiмнен,

Жылу алып көмiрден,

Сәбилердi сүйiсуден жасайды.

 

Адамдарда және қатал бiр заң бар,

Қарамастан қасiрет пен соғысқа

Һәм ажалға келетұғын оқыстан,

Әдiлдiктi, туралықты сақтайды.

 

Адамдарда тағы да iзгi бiр заң бар,

Асау ағыс өзенiнен жарықты ап,

Армандардан күнделiктi шындықты,

Қас жауынан нағыз досты таниды.

 

Адамзаттың заңы осы көнеден,

Заңы осы бүгiнгi де көреген.

Балалық та, даналық та бар бұл заңда

Ұққан жанға мағынасын өремен.


1997 ж.

 

 

 

                    *  *  *


Ақындық қиялмен iлгерi,

Ұмтылам өмiрдi бiлгелi.

Бар оның мазасыз күндерi,

Бар оның ғажайып түндерi.

Бейтаныс әуендер әлемi

Әлдилеп тербетiп жүр менi.

 

Жарымның қабағы жыр қандай,

Көзiнде күллi әлем тұнғандай.

Жұмекен мұңая үңiлiп,

Төлеген аңғарған сырлардай.

Жаныма жайлы әсер тастайды,

Қиялды қиянға бастайды.

 

Қараймын, қараймын ұрлана,

Кейде ол үйiрсек мұңға да.

Бәрiбiр, бәрiбiр әдемi

Жанары жайлы нұр төгедi.

Есiме салатын ақ гүлдi,

Сүйем мен осынау пәк нұрды.

 

Өмiрiм, өмiрiм, өмiрiм,

Өзiңдi жарыма телiдiм.

Даланың тәкаппар тұмасы,

Аяулы ғашығым, серiгiм.

Қылығы жаныма жағулы,

Сүйем мен осынау аруды.

Сезiмдер тербетiп не түрлi,

Бетiне тосамын бетiмдi.

 

Жарымның қабағы мен үшiн

Өмiрдiң қабағы секiлдi.

Жарымнан үйренем ендi мен

Адамға бақыт боп жетудi,

Өмiрден өлең боп өтудi.


1997 ж.

 


 

                        *  *  *


Қанат қаққан әлде қиял құсы ма?

Iлiнбеген еш қылқалам ұшына

Әдемiлiк көрдiм бүгiн, көрдiм де

Салмақ түстi жүрегiмнiң тұсына.

 

Мона Лиза одан көрi кекселеу,

Не болмаса жай ғана бiр әлемiш.

Мұндай жанды мүмкiн бе екен көксемеу

Заманымыз бөлек және әрi егiз.


1997 ж.

 

 


                            *  *  *


Көктем келiп жатыр ғой дала гүлдеп,

Бала гүлдi көбелек алады үрлеп.

Самал, самал, желпiшi сезiмiмдi,

Өлеңiме жетпей тұр әдемi леп.

 

Ой жүгiртiп өткенiм, алдағыма,

Қол созайын тағы да арманыма.

Күллi дүние жасарып кеткен сынды,

Жоқ әлде мен ескiрiп қалғамын ба?

 

Думан, күлкi, қуаныш – бәрi осында,

Әуейi жел, қаңғырмай қал осында.

Ойға шомып отырмын, қиял қуып,

Мәңгiлiк пен қас-қағым арасында.

 

 


              *  *  *


Тiршiлiк бұл шақ қалақ көз iледi,

Көктемнiң әрбiр сәтi думан қызық.

Бұлттар гүлдестедей сезiледi,

Сұлу қыз жiберетiн суға ағызып.

 

Жел емес, сезiм шығар қуып барған,

Бауырына тұман емес,арман тұнды.

Алатаудың әр шыңы бұлттардан

Басына гүл тәж киiп алған сынды.

 

Аққан-ау бұлт-гүлдер дамыл таппай,

Қыз-көктем ақпасына қояды ма!

Тау жаққа таңдай қағып қарай берем,

Таңданып табиғаттың бояуына.


1997 ж.

 

 


          *  *  *


Күн кеше қапырық боп едi,

Бүгiн кеп бұлт жауын себедi.

Қиқарлау қылықты қыз сынды

Табиғат не деген әдемi!

 

Тамшылар тiршiлiк тiлiнде,

Тарсылдап жатыр ғой бiр үнде.

Әдемi әуен боп кетердей,

Ән болып кетердей түбiнде.

 

Жаныма жағады осы үн,

Тыңдаймын табиғат қошығын.

Маңайым тамаша боп кеттi,

Жалаңаш бұтақтар көктептi.

 

Ойнақы қан аунап тамырда,

Жүрегiм тәттi сыр түйсiндi.

Баяулап басылды жауын да,

Сағадан үзiлген күй сынды.


1997 ж.

 

 


              *  *  *


Сен менi сынама, жарай ма, қарағым,

Өлеңге өлеңнiң көзiмен қарағын.

Дананың ойлары бар мұнда,

Қиялы бар мұнда баланың.

 

Бар мұнда арман да, үмiт те,

Кей жолда күдiк те кездесер.

Көктемнiң кермеқас шағы да,

Шақтарда төгетiн күз нөсер.

 

Бар мұнда қызғалдақ қыздардың

Қиянат жүрмейтiн ұғымы.

Бар мұнда қырдағы гүлдердiң

Балара жинайтын шырыны.

 

Ащы да, тәттi де бар мұнда,

Жыр тiлi бәрiн де айтады.

Бастысы, өмiрiм бар мұнда,

Сол өмiр өр ме екен, байқағын.


1997 ж.

 


 

                      БIЗДIҢ КЕЗЕҢ


Құр ауаға қалды асылып қанша әнiм,

Жер бетiнде сенделем бе әлi көп.

Мен жарықты күте-күте шаршадым,

Ендiгi өмiр түс сияқты мәнi жоқ.

 

Уақытымды күте-күте бiттi әлiм,

Маңай тұман, жұлдыз бiткен адасты.

Кiм бiледi кiмдер не iстеп жатқанын,

Кiмдер қалай жұбатарын алашты?

 

Қасiретiмдi түсiн мейлi түсiнбе,

Өз талайын әркiм өзi тапқандай.

Жонарқамда, жұлынымның iшiнде,

Жауынқұрты қабiр қазып жатқандай.

 

Тас төбемде шұбалады бұлттар,

Шұбалшаңдай қорқынышты көздерi.

Бiздiң кезең, кiм бiледi, Рухтар

Жер бетiне түсе алмайтын кез бе едi?

 

Осы болды-ау зар-заманға жалғас ән.

Есiмдi алып арқан қиған алқымдар

Жапан түзге шығып алып зарласам,

Сырласым боп қарға ғана қарқылдар.

 

Мен ендiгi өмiрiмдi түс көрем,

Не боларын оянғасын болжармын.

Бұрын соңды ешбiр әруақ түспеген

Ортасында жүргендеймiн жанжалдың.

Мешiт сайтан, шiркеу болса iбiлiс,

Қырсыққанда ақыл берер аға аяр.

Ендiгi жер неге керек кiдiрiс,

Жер бетiнде не қалды ендi аялар?!

 

Оянғанды алда көпiр күтедi,

Қайта ұйқыға кетедi ол да құласа.

Маған, маған қас-қағым сәт жетедi,

Барлығын да көру үшiн жаңаша.

 

Кеудемдi өртеп жанарымнан жас тамар,

Жас емес пе ем, қалай ғана алқындым?

Ендiгi өмiр түс сияқты, басқа амал

Қалмағасын оянуға талпындым.

 

Тас төбемде шұбалады бұлттар,

Шұбалшаңдай қорқынышты көздерi,

Бiздiң кезең, кiм бiледi, Рухтар

Жер бетiне түсе алмайтын кез бе едi?

 

Сана сайтан, жүрек болса iбiлiс,

Кез болып тұр арлы үшiн де арланар.

Ендiгi жер неге керек кiдiрiс,

Жер бетiнде не қалды ендi қарманар?


1998 ж.

 

 


                            *  *  *


Осы бiр түс сағым ба әлде бағым ба?

Жан талықсып мызғып кеткен шағымда.

Көрем ылғи әуен ойнап көңiлдi,

Сол әуенге тербетiлген өңiрдi.

 

Бiр кездерi сезiм кешiп жайдарман,

Жүрген жай ма Адам Ата, Хауа Ана?

Бұл өлкенiң ауасы әнге айналған,

Не әуенi айналғандай ауаға.

 

Сол әуендi бұлақ елтiп тыңдайды,

Қайырмасын көтермелеп құс бiткен.

Бұрын соңды көрiп пе едiм мұндайды,

Мұндай сазды бұрын соңды естiп пе ем?

 

Отырамын тауға апарар қыраттың

Жотасына шығып алып, жайланып.

Көрiнiстерiн осы тылсым тұрақтың,

Бiр әдемi күйге түсiп, ойға алып.

 

Өзiм сынды бұлт та, шың да, ағаш та,

Жан дүниеме сiңiп кеткен секiлдi.

Тау өзенiн табамын да адаспай,

Шаям сосын күнге күйген бетiмдi.

 

Көкжиекке күн батады ұзамай,

Бiр қиырдан ай шығады қиялай.

Осы бiр сәт сыр ашпаған музадай,

Осы бiр маң жанға жайлы ұядай.

Тән дамылдап, жан қапасын ұмытып,

Қисайған шақ шатыр қылып аспанды,

Жамбасымды жер жатады жылытып,

Бiрге тыңдап жұлдыз шерткен дастанды...

 

Әлде елес өткен күндер көшiнен,

Бiр күнi әлде бәрiн бастан кешiрем.

Осы бiр түс маған маза бермейдi,

Осы бiр түс айырады есiмнен.


1998 ж.

 

 

 

КIМ БОЛАР ЕДIМ ШЫНЫНДА?


Кiм болар едiм, Юрий?

Он ғасыр бұрын туғанда?

Олжас Сүлейменов

 

Он ғасыр бұрын туғанда,

Бабамның жолын қуғанда,

Тоғысқан тоғыз тораптың

Таңдау боп бiрi тұрғанда.

Бойыңды, ойым жасырма,

Кiм болар едiм,

Расында?!

 

Болар ма ем бақсы,

Жоқ әлде

Буддаға тәуеп етер ме ем,

Құбылай хандай құбылып

Қытайға сiңiп кетер ме ем.

Жоқ әлде Рим жетер ме ем,

Шоқынған қырда көшпелi

Парызым болып өтелген.

 

Туылсам сонау ғасырда,

Кiм болар едiм расында?

Молда боп әлде жүрер ме ем,

Сән болған сәлде басында.

 

Бақ кетiп Тәңiрi елiмнен

Түсiнем сiздi,

Батырлар,

Рухы онға бөлiнген...

Есiл ер екi өлмес те,

Ол күндер кеттi келмеске,

Белдессең жауың жау емес

Құдайлар сынды көрiнген!

 

Кеудемдi бiр мұң тырнайды,

Ырыл ма,

Әлде ыңыл ма?

Былғанған суға күрiштiң

иiсi келер мұрынға.

(Ақынның бәрi ақымақ)

Ойланам сосын жатып ап:

Он ғасыр бұрын туылсақ

Кiм болар едiк шынында?


1998 ж.

 

 

 

БАЛБАЛ ҚАЛА ҚОНАҒЫ

Аптап.

Ыстық

Ақыл-естен тандырған,

Дұрыс болар кең далада қаңғырған.

Қонатұғын жер жоқ деме,

Қыр асты

Балбал қала қарсы алады алдыңнан.

 

Бәрi осында,

Қас батыр да, қаған да,

Бәрi осында,

Арғы атаң да, анаң да.

Айтшы досым,

Өзiңдi емес,

Өзiңнiң өзегiңдi көре бiлсең жаман ба?

 

О дүниеден тiлегiңдi ап шығар

Мұнда да ел

Игiсi бар, жақсы бар

Құтты қонақ болғаным де, бауырым,

Шораў биiн билеп берсе бақсылар.

 

Өзiңдiкi емес сынды өз есiң,

Ендi iшпеуге шараң жоғын сезесiң.

Балбал тастар – бiр кездегi бабалар

Берiк бол деп көтергенде көзесiн.

 

Шын таң қалсаң жан бiтедi тасқа да,

Думан мұнда, мойын бұрма басқаға.

Аяулыңыз,

Бояулы қыз,

Бәрi қап

Балбал қызға көзiң түссе, масқара!

 

Қала жақта жанжал болса жан-жағың,

Балбал жiгiт сыйлар саған қанжарын.

Шiлде айында,

Күн өткен шақ шекеден,

Шын достықтың сезiнесiң салмағын.

 

Ер мұратын қолдағандай дауыс көп.

Тостағанда түк қалдырмай тауыс тек.

Бала болып аттанасың далаға...

Дана болып ораласың қалаға...

Сосын сенi ойлайды жұрт ауыш деп.

 

Қала өмiрi.

Ит тiршiлiк тағы да.

Асау мезгiл маза бермей қаныңа

Шөлдегенде...

Тостағанын ұсынған

Балбал тастар оралады жадыңа.

–––––––––––––––––––––

1 Шора – Тәңiр биi.


1998 ж.

 

 

 

                        *  *   *


Ол өткенде күлiм қағып көшемен,

Салтанатын жеткiзе алмас неше өлең.

Қарамайды,

Қараса ғой,

Қайран бас

Аспан ары бәйтерек боп өсер ем.

 

Мықын қандай,

Бөксе қандай,

Бел қандай,

Кеудесiне қос Хан-Тәңiрi қонғандай.

Мұндай қызды құшу керек,

Құшпасаң

Құрдымыңа тастай батқын сормаңдай.

 

Деген екен бағзының бiр шайыры,

Содан кейiн аударылып қайығы,

Суға кеткен,

Ғарық бопты ғарiбiң,

Сұлулыққа сұқтанғаны –

Айыбы

 

Суға кеткен сол шайырдай мен де ендi,

Жөн санаймын көресiмдi көргендi.

Жазған, бiлем,

Талайыма, бағыма

Жанарыңа шымдай батып

Өлгендi.

 

Қасқыр сынды кiрiп кеткен қораға,

Түрiм мынау,

Тiлiм келмес тобаға.

Айтсаңшы ендi,

Үздiктiрмей,

Үзiлтпей,

Анау ара айнала ма молама...

 

Содан кейiн

Арманы асқақ ақынға

Өткендi айтпай,

Өкпеңдi айтпай,

Ары жүр,

Сұлулықтың сырын ұққан пақырға

Жұмағың не,

Тозағың не,

Бәрiбiр!


1997 ж.

 

 

 

РОМАН


(Жан-Артюр Рембодан)

 

Он жетiде жұрттың бәрi ақымақ! –

Маусым. Ымырт. Шулы кафе iшiнде.

Албырттықтың белгiсi бар түсiнде.

Жастық желiк әлдеқайда шақырмақ.

 

Бiр тамаша әсер баурап көңiлдi,

Жол қарайсыз жөке ағашы түбiнде.

Қаңғыбас жел масаң леп бар үнiнде,

Жiбередi әдемi ғып өмiрдi.

 

                                      II

Бұталардың арасынан көк аспан,

Жыртындыдай көрiнген сәт көзiңе –

Жаңа ғана өмiр үшiн таласқан

Аппақ жұлдыз сәлем жолдар өзiңе.

 

Маусым. Жастық. Он жетiнiң әлегi,

Шараптан да бетер жанды мас қылар.

Ессiз түн бұл... Жалғыз қалғың келедi,

Бiрақ сезiм байыз таппай састырар.

 

                            III

Басқа әлемге ап кетедi сiздi арман...

Кенет бәрiн тәттi елестiң сап тиып,

Қыз өтедi ақ торғынға оранған.

Әкесi бар, сәмбi талдай қақшиып.

 

Жүгiрудiң қажетi жоқ соңынан,

Көзiнде сыр... дейтiн менi көрдiң бе,

Өте берер бөгелместен жолынан

Сiзге таныс әуен ойнап ернiңде.

 

                            IV

Сiз ғашықсыз... ол да құлақ түредi,

Жырыңызға тамыз айы келгенше.

Достар бұны бос әуре деп бiледi,

Кеттi бәрi күлдi-дағы өлгенше.

 

Кенет қыздың хаты келер бiр күнi;

Сiз жайында мысқылдап-ақ жазыпты.

Қылығыңыз көрiнiптi күлкiлi...

Бәрi тосын. Жастық шақ па жазықты?

 

Сол бiр кеште... Сiздi қайта шақырар,

Шулы кафе, ойсыз өмiр, даңғаза.

Он жетiде жұрттың бәрi ақымақ,

Дiңге есiмiн тұра алмайтын жазбаса!


1998 ж.

 

 

 

ҚОС АҚҚУ


Нұр шашылған аспанның аясында,

Мынадай сұлулыққа тоясың ба?

Көзiң түссе өзiңдi ұмыттырар,

Махаббат та, мәрттiк те, бәрi осында.

 

Көне өлеңiң секiлдi жаңа өлеңiң,

Табиғат-ай, не деген шебер едiң?

Осынау ақ айдынның қос еркесiн,

Ләйлi мен Мәжнүн десе сенер едiм.

 

Маңай бiткен қалғандай сыр тыңдасып,

Тұрмын ба киелi елдiң жұртын басып:

Ойы жоқтар ойнай ма осылайша,

Сүймесе су шаша ма сылқым ғашық?!

 

Келiп ем көл шетiне қайғымменен,

Айырылдым қайғы-мұңнан қай күнгi мен.

Қос аққу қанатымен мөрленетiн

Отаны махаббаттың айдын, бiлем.


1998 ж.

 

 

 


ТАМЫЗ АЙЫ. ТҮН


Жаның ынтық жазылмаған өлеңдей,

Түн көгiнде жұлдыз неткен көп едi.

Қаз қаңқылы таяп қалды дегендей,

Жаз да, мiне, тәмамдалып келедi.

 

Оны маған самал айтты таңдағы,

Айтты және күнтiзбектiң парағы.

Қуаныштар аз ба күткен алдағы,

Соны ойласам, жаным жылып қалады.

 

Жазды өттi деп кiнәлауға бола ма,

Қаз да кетсiн жылы жаққа ауып бiр...

Елiме құт-берекелi даламда,

Құт-береке жұлдыз болып жауып тұр.

 

Өңiрге осы қарататын тың көзбен,

Өмiрге де бойлататын жаңаша.

Жанға жайлы бiр ғажайып үн кезген,

Тамыз, түнiң тамаша екен, тамаша.

 

Түнiң, айым, ерлер шарлар ағызып,

Өзi ме едi атам айтқан аңыздың:

Тамыз, тамыз, бер жаныма тамызық,

Дәптерiме бiр жұлдызды тамызғын.

 

 

                    *  *  *


Қоя ма сабыр етсең де,

Қиялым қақты қанатын.

Қияға шығып кетсем бе,

Қырандар ұя салатын.

 

Әйтеуiр, асқақ бiр арман,

Жаныма маза бермейдi.

Ажарын бүкiл ғаламның,

Биiктен барлап көр дейдi.

 

 

 

 

КЕШКIСIН


Лақылдақ батырлар-ай,

Бақылдар уақыты ма?!

Куә боп жатыр маңай,

Бақалар бақытына.

 

 

 

 

ҚЫСҚЫ КЕШ, ҚАР ЖАУЫП ТҰР


«Жел шiркiн жиi ойнайды шашымменен,

Ауыр ғой, көтермегi  бекер бiлем.

Осы мен ақ қар шалған басымменен,

Түбiнде шыңға айналып кетем бiлем».

 

Қысқы кеш, қар жауып тұр, қиял ғажап,

Ойлайсың, тәттi ойларға ойлайсың ғой.

Қаншама шарласаң да қиялға сап,

Көркiне мына өңiрдiң тоймайсың ғой.

 

Тоймайсың, тоймасыңды сезiнесiң,

Сезесiң сұлулықты беру күшiн.

Үйге кеп ақ төсекте көз iлесiң,

Таңертең пәк даланы көру үшiн.

 

 

 

КӨРIНIС


Терезем картасындай

Құйындар әлемiнiң.

Осынау көрiнiсте

Бiр мұң бар,

Әдемi мұң.

 

Тоңғам ба,

Жаурағам ба,

Жылытсын демiм ненi?

Көз салсаң

Аула маңай

Мөлдiреп көрiнедi.

 

Ойына не келдi екен,

Беймезгiл алқынды үнiм.

Ұқтым ба қас-қағымда

Сұлулық салқындығын.

 

Кiм бiлсiн,

Ренжiтiп алды ма

Бала батыр,

Қысқы кеш,

Қарды кешiп

Қыз бала бара жатыр.

 

Осынау көрiнiсте

Бiр мұң бар – әдемi мұң

Терезем картасындай

Құйындар әлемiнiң.


9.12.2001 ж.

 



САҒАН ДА СОНЫ ТIЛЕЙМIН


Келместен қойдың күттiрiп,

Суық кеш, желдiң өтiнде.

Өртенiп жатқан кеудем бе?

Өртенiп жатқан бетiм бе?

 

Табаннан ылғал тұр өтiп,

Таусылып төзiм қалмасын.

Көнбеуге бiрақ, амал жоқ,

Табиғат басқа салғасын.

 

Түстi еске

Ауыл,

Пеш түбi,

Анамның алақаны да.

«Тоңдырды-ау, алыс жол мынау,

Ауыр боп балапаныма».

 

Дейдi ме

Дауысы анамның

Ызғырық боран iшiнен.

... немесе боран уiлiн,

Iшiмнен солай түсiнем...

 

Әйтеуiр,

Жаны тұр ашып,

Осынау кездiң дәл маған.

Кетсем бе қармен жарасып.

Сезiмнен мендiк аумаған.

 

Күтiп-ақ тұрмын,

Сүйем ғой.

Суық жел, боран өтiнде.

Өртенiп жатқан сезiм бе?

Өртенiп жатқан бетiм бе?

 

Келмесең келме, жүр есен,

Ретi жоқ тiптi үрейдiң.

Өзiме ненi тiлесем,

Саған да соны тiлеймiн.

 

Жалындап жатқан пеш түбi

Жылы орын,

Жайлы төсекте,

Өзiңе ғашық бiр адам,

Қайтты деп аман есепте.

 

Бұрқасын болсын

Мына түн,

Айналсын соңы құйынға.

Оранған жанға сезiмге

Борандатып жүру бұйым ба?!

 

 

 

ЭТЮД


Жетпекшi ед жердiң шетiне,

Жiбермеген-ау жол аппақ.

Кiп-кiшкене көлдiң бетiне,

Қалыпты аяз қонақтап.

 


 

ТЫНЫШТЫҚ


Беймәлiм жүк артып жондарға,

Тұр мүлгiп тау, су да, орман да.

Туған жер төсiнде не жетсiн,

Бiр мезгiл ойланып алғанға.

 

 

 

 

АЙЫРЫЛЫСУ


(Павел Васильевтің «Мұхан Башметовтың өлеңдерiнен» топтамасынан)

 

                   II

Орыс қызы! Кеткенiң бе шынымен!

Кеткенiң бе бұрылмастан арқаңа.

Сүйiктiңе, оны қайдан бiлiп ем,

Әлде үйiңе, қайдан бiлем оны мен,

Әлде бәлкiм беймәлiм жақ тарта ма...

 

Өткелде анау толқын жуған көбiк кiл

Бәрiн шешiп жол екiге айырылды, –

Кете бардың абыройды төгiп бiр,

Қарғыс атқыр – қайтарғым-ақ келiп тұр, –

Қарғыс атқыр, ер едiм ғой айбынды.

 

Арғымағым ренiштен мынадай

Шыңғырмақ едi жiбермедi ауыздық.

Ол күтедi жарқырар деп шырадай

Жалына өзiң таққан лента-тамыздық.

 

Не iстеу керек? Қалай етсем? Бiлмеймiн

Кең даланы меңiреу мұң тұр басып.

Шоқ-шоқ дей ме, намыссыз деп тiлдей ме

Жерге түскен кезқұйрық құс сұлбасы.

 

Жалғыз көршiм сол ғана ма... сенбеймiн

Өлтiрсем бе? Кiнәлi ме ол бiрақ,–

Одан көрi неге өзiм өлмеймiн,

Екi қолым бұрымыңда қалтырап.

 

Өзiмдi өзiм өлтiргенде күдiктiң

Бiрақ шешiп сауалы мен жауабын.

Тыныштықты табарымды шын ұқтым,

Бiрақ сенi қайдан, қалай табармын.

 

Қайраттымын – қарғыс атсын қуатты!

Ерде тiкпiн – қарғыс атсын ердi де!

Кеттiң алып жаныма сеп шуақты,

Үмiт оты шынымен-ақ сөндi ме?!

 

Сезем бiрақ кетуiңнiң себебiн,

Сол үшiн де өртенемiн ұяттан.

Қамшыдайсың арқаға уын себетiн,

Ру ара араздықты оятқан.

 

Сондықтан да бет түзедiң батысқа,

Басқа желге омырауың төседiң...

Қатысың не бiрақ ондай шатысқа,

Қайта оралсаң, жаным, бәрiн кешемiн.

 

Өр едiм мен, ездiк ермен ойнар ма,

Көп үшiн де ерекпiн деп ойлайтын!

Мың сан құрым жұрт жиналған тойларда

Бұқаларды жығып салып тойлайтын.

 

Қызғаныштан айналғанда жауға дос,

Өрекпитiн жайым барды он есе.

Көншiмейтiн көкпар тартсам делебем,

Ақсақалдар ер екенсiң демесе.

 

Даңғой басым, қане, қашан шаршап ең,

Жiгiт едiм сезiмi ұшқыр, тiлi өткiр.

Сүю жайлы шығарсам да қанша өлең,

Құшағыңда қалай қалам, бiлмеппiн.

Айғырлардың кiсiнеген үнiне

Байталдардың құмығыңқы үн жауабын,

Екi ортада сезiм оты жанарын

Естiп, көрiп жүрсемдағы күнiге,

Сезiнбеппiн тырналардың тырауы

Екендiгiн қоштасар сәт жылауы.

 

Арамызға үшкiл тырна тiзбегi

Тұр қадалып, тағдырымыз бұл ендi...

Мұқан, Мұқан! Заң қатал ғой бiздегi,

Қалай елге көрсетесiң төбеңдi.

 

Иә, иә, ән боп желпiп өттiң сен,

Сұңғақ, әсем һәм аяулы қалпыңда.

Қызарушы ең ұялып не көп күлсең,

Мазақтаушы ең ойға батып жөткiрсем,

Одан бiр сәт кемiген жоқ даңқыңда.

 

Құюы алтын жүзiгiңнiң көзiнде

Жатушы едi-ау күллi ғалам өртенiп.

Сол жүзiкте бiр сыр барын сезiнсе

Жаным қоя беретұғын дерт емiп.

 

Бәрi есiмде! Еске алуға жоқ күшiм!

Күн өтуде естелiкпен ғана тек!

Жаным рас ендi маған жоқпысың,

Көзiңе ұқсас едi-ау, шiркiн, ана-ау көк.

 

Көңiлде мұз... Туған ауыл шетiне,

Келiп тұрмын. Қан жылайды жүрегiм.

Қалай қарайым туған-туыс бетiне,

Қайран ауыл, саған қалай кiремiн?

 

Мiне, бiр қыз бара жатыр су алып

– Амансыз ба? – дейдi.

Шындық мұнысы

Жылы сөзге жан сезiмiм тұралып,

Кеттi атқақтап жүрегiмнiң ұрысы.

 

...Тағдыр тезi тағы қанша созылар,

Қаракөз-ай, халiмдi шын сездiң бе?

Жан-жүректi жылататын кезi бар,

Кейде осылай тiлегi iзгi сөздiң де...

 

 


САПАР


Ана жерде мола болған деседi,

Мына жерде қала болған деседi.

Мына бел мен ана белдiң арасы,

Жер бетiмен сағым-аңыз көшедi.

Жүрегiңдi жалғайтұғын мәңгiге,

Жол бойына таусылмайды әңгiме.

 

Түйсiнуге туған жердiң кеңдiгiн,

Сезiнуге бабалардың ерлiгiн,

Сыр қылуға қошқыл исiн жусанның,

Жыр қылуға мұзарт шыңның өрлiгiн

 

Шарлау керек тауын, қырын, бөктерiн,

Көру керек жазын, қысын, көктемiн

Туған жердiң!

 

 

 

КЕШЕГI КҮННIҢ ОҚИҒАСЫ


Өткен күндер оралмайды қайтадан,

Бар болғаны сағынғаннан айтам ән...

 

Күнi бойы көз сүзсем де бақылап,

Көгермедi кеше үсiген жапырақ.

 

Көгермедi, кешегi күн бесiнде

Оның соңғы дем алғаны есiмде.

 

Қай қауымнан, дiнi қандай, сұрама,

Жаназасын жел шығарды ғұлама.

 

Соқыр ажал ылғи-дағы өстедi,

Кеуiп қалған кәрi бұтақ «Хош-ш-ш» дедi.

 

Тамыз-ғұмыр түстi сөйтiп табанға,

Ендi жәннат мекен болар оған да?

 

Жазғы қардай қиын боп тұр сауалым,

Сауалымның қайдан табам жауабын.

 

Дiлi көктем, туа дегдар болмысы,

Сыпайыма серiк болар хор қызы?

 

Өз ойыма өзiм сенгiм келедi,

Өйткенi оның мiнсiзтiн-дi өлеңi.

 

Шабыты да, керек болса ерегес,

Мұхамедтiң шабытынан кем емес.

Бауырымның ауа өндiрiп, нұр емген

Перiште жан екендiгiн бiлем мен.

 

Көк өскiн боп у жұтқаны болмаса,

Қызық көрiп жарытқан жоқ ол аса.

 

Санаң жетсе, түйсiнiп ал атырап,

Перiштенiң бiр бейнесi – жапырақ!

 

Жаны адалдың сөзiн айтып ел-жерге,

Ендi арбасын сүйреп кеттi ол да өрге...

 

Өткен өттi, оралмайды ол қайтадан,

Бар болғаны сағынғаннан айтам ән.

 

 

 

ШӘМБI ТУРАЛЫ БАЛЛАДА


iнiм Нұрсұлтанға

 

Бұрында да тұрмаған-ды жұтынып,

Тiршiлiгi қазiр тiптен жұпыны

Қарсы алды ауыл ақын ұлын будақтап,

Мың үйiнiң мұржасының түтiнi.

 

Хал-жағдайын бiлу үшiн бауырдың,

Жиналатын әдетi ғой ауылдың.

Әр қиырдан сыр тартып-ақ отыр ем,

Шығатұғын көңiлiнен қауымның.

 

Мiнезiн кiл қыңырлықтан құраған,

Кенет iнiм жасы төртке құлаған,

Бұл көкемнiң көргенi көп дедi ме,

Қызып кетiп қызық сауал сұраған:

 

– Әжемiздiң ашатыны пал кiлең,

Үш құмалақ түседi ылғи алдымен.

Кеше бiрақ сiздi шайдан көргенбiз,

Шыққаныңыз рас па, аға, шәмбiден?..

 

Ар жағында қалып қойған көп белдiң,

Еске түстi балалық шақ, өткен күн.

Осынау бiр лебiзiнен iнiмнiң,

Исi аңқыды-ау қарлы қыста көктемнiң.

 

Еске түстi сағынғаным ауылды,

Сағынғаным мына мiнсiз қауымды.

Қайғы-мұңға көнтерiлеу жүрегiм,

Осы жолы қуаныштан ауырды.

 

Отарба да әрең тартар ойымды,

Сол ойды һәм көтере алар бойымды

Үйге келiп тiктедiм мен,

бiлгесiн

Бiздiң ойды бiлген бала ойынды.

 

Алғашқыда ырым ғой деп күлiп ем,

Кейiн бiлдiм тамырласын дiлiммен.

Туған ел-ай, ақиқатты тұспалдап,

Айтқызатын сәбиiнiң тiлiмен!

 

 

 

                           *  *  *


Шаруаның баласы болсам да,

Шаруаға қырсыздау өсiп ем...

Киелi жерлерге қонсам да,

Неге осы ылғи да кешiгем?

 

Бiр iсiм бiр iспен жымдаспай,

Бәрiнен кешiгiп жатқаным.

Тiрлiгiм төсекпен мұңдастай,

Көрмеймiн таң күлiп атқанын.

 

Көрсем деп, шыным сол, асығам,

Бәрiбiр кешiгем нелiктен?

Бәрiн де бастардай басынан,

Өмiрге әлде ерте келiп пе ем?

 

Әлде кеш келдiм бе, бәрiнен,

Сондықтан құр қалып жүрмiн бе?

Айырылған нәрiнен, әрiнен,

Солғаны тиедi гүлдiң де.

 

Кешiгем ойларға, тойларға,

Алғашқы қарларға кешiгем.

Кешiгем қазына қойнауға,

Жаны iзгi жандарға кешiгем.

 

Кешiгем бақтарға шуақты,

Қадiрлi кешiгем досыма.

Кешiгем ашуға бұлақты,

Жоқ, әлде, шын өмiр осы ма?

 

Киелi жерлерге қонсам да,

Келелi iстерге кешiгем...

Шаруаның баласы болсам да,

Шаруаға қырсыздау өсiп ем...

 

 

 

                            *  *  *


Жастық шақ соғардай қайтып бiр

Өзiмдi келсе де алдағым,

Гүлдеген өрiк тал айтып тұр,

Шашыма ақ кiрiп қалғанын.

 

Айтып тұр көркiмен сездiрiп,

Менен де бiраз қыс өткенiн.

Тағынған ақ гүлiн көз қылып,

Бұрымы көгiлдiр көктемiм.

 

Не көрiп, өмiрден не бiлдiм,

Ол жайлы айтпауға қақым бар.

Сәттерiн жырлаған көңiлдiң,

Менсiз де аз ба екен ақындар.

 

Мен мұны ұғынып отырмын,

Өткендi қайталап не пайда?

Одан да жаңа өлең оқырмын

Әулие бағбан атайға.

 

Атай-ай, өрiк тал әдемi

Әсерлер сыйлады жаныма.

Анау бiр қызылкөз пәленi

Бекер-ақ қосыппын қаныма.

 

Мен ендi көктемдi өрiк тал

Түсiндей қайтадан ағарам.

Бойымнан нәрiмдi өрiп бар,

Қайтадан ағарам, жаңарам.

 

Жастық шақ соғардай қайтып бiр

Өзiмдi келмейдi алдағым.

Өйткенi өрiк тал айтып тұр,

Шашыма ақ кiрiп қалғанын.

 

 

 

АНАҒА ХАТ


Жырменен жауламақ ғаламды,

Ақынның жайын шын кiм ұғар?

Ойыннан шаршаған балаңды,

Ендi ой да шаршатар түрi бар.

 

Анау жыл кетiп ем албұртып,

Ол жайлы қызыма айттың ба?

Мен емес, немерең сағынтып,

Кеш болды, базардан қайттың ба?

 

Тағы да суық үй баяғы,

Тағы да от жағар өзiңсiң.

Соны ойлап жүрегi жаралы,

Балашың қалайша көз iлсiн.

 

Тiрлiкте тауқымет бiтер ме,

Ол жайлы мен де ендi ойланам.

Шырқасам өзiңе жетер ме,

Кеудемдi кернеген қайран ән.

 

Сезем ғой, сондықтан сұранам,

Анашым, өтiнем күрсiнбе.

Қызымды жұбатып жылаған,

Өзiң де жұбанып жүрсiң бе?!

 

Жол қайда тартуға төтелеп,

Қыс өтсiн, көктемде жетермiз.

Алыстан сағыныш жетелеп,

Бiздер де, келiнiң екеумiз.

 

Ұлың ем арманын арқалап,

Қарамай жол тартқан талайға.

Қай жаққа тартып тұр оң қабақ,

Анашым, аман бол, жарай ма...

 

 

 

                       *   *  *


Таң бозарып атады, күн қызарып батады,

Бояуларда осынау ешкiмнiң жоқ шатағы.

Туған жердiң киесiн қанатына қондырып,

Күз қайтқан құс көктемде қайта келiп жатады.

 

Ғажап екен сезгенге табиғаттың мақамы.

Ал бiзде ше? Баяғы сол түрткi, әлi сол ойын:

Маза бермей жатады  әлдекiмнiң атағы,

әлдекiмнiң сақалы,

Маған батса, ей, Дүние, тек сол жерiң батады.


 

 

АВТОПОРТРЕТКЕ ШТРИХ


Бұл халық па, бала халық бұл әлi,

Ақындықты жындылық деп ұғады,

Еркелiгi ессiздiк боп шығады,

Батырлығы көзсiздiк боп шығады.

 

Айт дегенге айтар ем-ау, айтар ем,

Осы халық өзiм десем, қайтер ең?

 

Бұл халық па, дана халық бұл әрi,

Ұлылығы Абай болып тұр, әнi.

Ақындықты адалдық деп ұғады,

Батырлықтан жаралдық деп ұғады.

 

Тамағымды кенеп қойып егер мен,

Сол халықты менмiн десем, сенер ме ең?


1999 ж.

 

 


ШIЛДЕ


Толқытып жастардың күлкiсi,

ҚазМҰУ-ым, қастерлi қалашық.

Көгiңде қалықтап жыр құсы,

Тұрсың ба жазыңмен жарасып.

 

Оңтүстiк оғыздар елiнен,

Сонау жыл жол түсiп бағыңа.

Мен саған шiлдеде келiп ем,

Шiлдеде кеткенмiн тағы да.

 

Бәрi де жеңiл ме өткеннiң?!

Шулатып Жетiсу аймағын.

Мен сонда-ақ сезiнiп кеткенмiн,

Жерде де қол жетпес ай барын.

 

Тағы да оянып жатыр ма,

Сол сезiм кеудемде шым-шымдап.

Онда аңғал, ендi естi батырға,

Бiр ару күледi сыңқылдап.

 

Күл, қалқам, күлкiңмен жебегiн,

Жаралы ақынның жүрегiн.

Тiлiн де таба алар жебенiң,

Мен саған Жiбек деп сенемiн.

 

Несi бар тiл мен жақ жаңылса,

Үлгi алып өрiмдей өреден.

Елiмнен Төлеген табылса,

Мен мұнда Шеге боп келер де ем.

 

Ал қазiр жалғызбын, тағы да,

Жанымда жабырқау мұңым бар.

Сендер сәл сабырды сақтаңдар,

Сендер сәл дамылдай тұрыңдар.

 

Тағдыры ұштасқан аңызбен,

Түгендеп не жайсаң жүздерiн,

Өтейiн орталық дәлiзбен,

Еске алып өткен күн iздерiн.

 

... Япыр-ау, мына есiк таныс қой,

Таныс қой, көзiме тым ыстық.

Таныс қой және де алыс қой,

Не деген ұзақ бұл тыныштық?

 

Ашсам ба, жол әлде ашпасам,

Ашпасам арманда қалам ба.

Не айтам онда анау балаға,

Не айтам қалаға, далаға?

 

Өрiң не, қарсы сап ағынға,

Жанымды шөлге де сүйреген.

Сонау бiр бозбала шағымда,

Осында бiр қызды сүйген ем.

 

Сүйген ем... әлi де сүйемiн,

Не опа сүйгендi жасырып.

Сол кезден жаныма түйгенiм,

Сүюдiң соңы өрт, басы үмiт...

 

Япыр-ай, бұл қандай сиқыры,

Ашылған есiктiң өзi ме?

Бiр тәттi түс көрген ұйқылы,

Сенбесем, сенсем бе көзiме.

 

Тағы да сол ару жымиып,

Қозғалсам, кеудеме құлардай.

Қарсымда нұр болып құйылып,

Көркiмен көзiмдi тұр арбай.

 

Шынымен тартылып барам ба,

Тылсымдай демiне тым ыстық.

Не деген баянды бақыт бұл,

Не деген ғажап бұл тыныштық!

 

Көз салып осынау кейпiме,

Әлi де мың тұрып, мын құлар.

«Апайдың танысы-ау» дейдi де,

Күледi студент құрбылар...

 

Аманда пәк сезiм жұлдызы,

Таусылмас махаббат дастаны.

Елiмнiң бiлiмпаз ұл-қызы,

ҚазМҰУ-дың қиялшыл жастары.

 

Сол жанды көре алар күнiге

Сендердей бақытты ұрпаққа,

Мың бояу түр қосып үнiме,

Арман не, оқысам жыр жатқа.


2000 ж.

 

 

 

 

АУЫЛДА


Көшелер дейдi ме кеш жарық,

Кеудемде тербелiп өлеңiм.

Өткен күн сәттерiн еске алып,

Ауылды аралап келемiн.

 

Ақын боп, шатаққа жақын боп,

Кеткенде дейсiң деп оңар кiм.

Момын ұл болуға мақұл боп,

Мен бүгiн қайтадан оралдым.

 

Армысыз аталар, әжелер,

Аулалар ақын ұл кiрмеген.

Және де түп-түзу көшелер,

Мен ғана түп-түзу жүрмеген.

 

Тұр ма ауыл, ойыңа елестеп,

Салған ұл сайранды бағыңда.

Басбұзар бұзақың емес пе ем,

Балауса балалық шағымда.

 

Алғаусыз арманды қуам деп,

Ауырлап кеттi ме ойларым.

Бiр басқа болар деп күнәм көп,

Мен қазiр бәрiн де қойғанмын.

 

Елге аян естi ұл екенiм,

Һәм ояу кеудемде намысым.

Мен саған оралдым, мекенiм,

Тәу етер Меккем деп жан үшiн.

Қош айтып кеткенмен мұңайтып,

Балдәурен сәттерi бал қылық.

Жанымды жатқандай тыңайтып,

Санамда қайтадан жаңғырып.

 

Сынаққа ап шырт етпе төзiмдi,

Сөзi өтiп тұрғандай дәуiрлеп,

Еске сап беймаза кезiмдi,

Бiр күшiк үредi шәуiлдеп.

 

Күшiк-ай, шын танып үрдiң бе?

Сол төбет, шамасы, көкең-ау.

Сезiмнiң бағасын бiлгенге

Бұл да бiр естелiк екен-ау.

 

Онда мен ессiз ем, аңғал ем,

Арман ем аяқтан тұрмаған.

Сол кездер үйретiп жатыпты-ау,

Ақындық мiнездi бұл маған.

 

Қабаған иттерден қашпайтын,

Өзiм боп бұл маңның батыры.

Әдемi ойларға бастайтын,

Ана үйдiң қызғылттау шатыры.

 

Сол үйде әдемi қыз барды-ау,

Қыз барды-ау өзi де қызғалдақ.

Сол үйге қиялым жүз барды-ау,

Күнiге қақпасын жүз барлап.

 

Бар әлi бас сипар атам да,

Ол кезде не ұғып, не бiлем.

Шәлкестеу шартпа-шұрт шақарға,

Сол бiр қыз жұмбақ боп көрiнген.

 

Сол бiр қыз... не деген момын ең...

Қаншама қарасам тоймайтын.

Көздi алар көкала добымен,

Аулада алаңсыз ойнайтын.

 

Бiлдi ме... мен бе әлде қорланған,

Бiр тәттi ой кетердей жырақтап.

Осынау беймәлiм қорғаннан,

Шықпаушы едi ол бiр аттап.

 

Арандар апта не айына,

Иттiкпен келдi ме қоштасқым,

Тентектiк қалды да жайына,

Сол үйдiң итiмен достастым.

 

Ертпестен бiрге ойнар достарды,

Қырандай қиырды шолатын,

Бұл менiң ең алғаш жоспарлы,

Жасаған тiрлiгiм болатын.

 

Қолда нан... беремiн күнiге,

Төбет те қалғандай көндiгiп.

Доспыз ғой, халi жоқ үруге...

... Әлде мен алдым ба сендiрiп.

 

Бiр күнi... жоқ әлде бiр заман,

Құрбы қыз көрiнбей көп кеттi.

Онда мен көшеде зырлағам,

Онда мен бiлемiн мектептi.

 

Күттiм бе, жоқ әлде күтпедiм,

Бiлмеймiн, ол жағы жоқ есте.

Қоңырау күмбiрiн күту де,

Балаға алданыш емес пе.

 

Кезiм ғой iсiм жоқ бұрыммен,

Бәрi де жадымда өрулi.

Кiнәм не, сол қыздан бұрын мен,

Ұмытсам итке нан берудi.

 

Үресiң шәуiлдеп, жазған-ау,

Мiнi не бейтаныс кiсiнiң?

Бiр өкпе сол кезден қалған-ау,

Мен сенi түсiнем, күшiгiм.

 

Шатақшыл ақыннан қашпайтын,

Өзiңсiң бұл маңның батыры.

... Әдемi ойларға бастайды,

Ана үйдiң қызғылттау шатыры...


2000 ж.

 

 

 

СЫРЛЫ ӨЗЕНМЕН ҚОШТАСУ


Көгiн де, даласын да,

Көзiме көшiрер ме ем.

Осы өзен жағасында,

Ата-анам өсiп-өнген.

 

Жыр жазар қауырсын ем,

Қалайша ауырласын.

Маған осы осы маңға,

Жөн едi-ау бауыр басу.

 

Мүсiнi бала қайың,

Бұрымы бұрау бұрым.

Сүйсем-ау қарапайым,

Ауылдың бiр аруын.

 

Қол созбай ерден гүлге,

Табар ма бақ қазақты?!

Сол ару талай түнге,

Тарттырса-ау тәттi азапты.

 

Қымыз бен қырмызының,

Иiсi араласқан.

Жатсам-ау қыр қызының,

Бал төсiн таба алмастан.

 

Бар ма амал, бiрақ олай,

Болмайды, сезедi iшiм.

Жолшымын соққан жолай,

Мынау бiр кезең үшiн.

Солқылын шер кеуденiң,

Басуға жетер ме әлiм.

Сағым боп келген едiм,

Сағым боп кетем тағы.

 

Шығамын ертең жолға,

Сырлы өзен түсiнесiң.

Қаздарың салып хорға,

Жылқылар кiсiнесiн...


2000 ж.

 

 

 

ЕСТЕЛIК


Жүректе жазылмас жарасың,

Қайтейiн, қайран жоқ, көнем де.

Деп едiң – ұлы ақын боларсың,

... Құл болып кеттiм мен өлеңге.

 

Сен маған жерiмдi сүюдi,

Үйреттiң өзiңдi сүйдiрiп.

Үйреттiң ел үшiн күюдi,

Некемдi өлеңмен қидырып.

 

Тауға да, тасқа да сыр аштым,

Қырлардың гүл демiн жырладым.

Көлдермен хал-жағдай сұрастым,

Белдердiң бөлiстiм сырларын.

 

Солар ғой өлеңнiң өзегi,

Өндiрдей өлеңнiң өзi де.

Туған жер өлеңнiң өз елi,

Екенiн алдым мен сезiне.

 

Ақынмын ел бiлген бағасын,

Жаным-ай, көрiпкел ме едiң шын!?

Жүректе сыздаған жарасың,

Көкейден кетпейтiн шерiмсiң.

 

Азғантай наз да бар бұл менде,

Күлкiлi-ау, әйтсе де күлмегiн.

Менi ақын етудi бiлгенде,

Сүюдi қалайша бiлмедiң?..

 

 

 

                        *   *   *


Көргенде қыз бейне өлеңдi,

Сөз табу қиын-ау ақынға.

Мен сенi сүйемiн дегендi,

Жанарым айта алмай жатыр ма?

 

Жанарың... анарың... тамағың...

Мүсiнiң тал шыбық бұралған...

Қаншама құмарта қарадым,

Шыға алмас болсам да құмардан.

 

Ұрлана зер салдым қаншама,

Қылығың тауысып төзiмдi.

Болғаны-ау өзiңдей ханшаға,

Ұрлатып алмасам өзiмдi!

 

Күттiрме, кешiкпе, кел ендi,

Көрiктiм құшуға жаралған.

Қалайша ала алам мен ендi,

Көзiмдi көзiңе қамалған.

 

Көргенде қыз бейне өлеңдi,

Сабыр да қалмайды-ау ақында.

Жаным-ау, сүйемiн дегендi,

Жанарың әлi ұқпай жатыр ма?..

 

 

 

 БОРАНДЫ ТҮН ӘНГIМЕСI


Сүйкiмдiсiң, сүйдiресiң, сүйесiң,

Бұл жайында айта алады жел кiмге?

Ойымда не, оны өзiң де бiлесiң,

Бiле тұра, дейтiндейсiң келдiң бе?

 

Сыртта боран азынап тұр, азынап,

Табиғаттың бұл қай тағы мазағы?

Кеудемдегi күнәлi ойдың сазын ап,

Әлде әлдекiм ән айтуда азалы.

 

Қабағымда қар еридi, жылынып,

Бiр аңсау жас жанарыңды жуады.

... Мен ... мен мұнда келгенiм жоқ тығылып,

Боран... боран... бәрiне де кiнәлi.

 

Шешiн дейсiң, шешiнбеуге бола ма,

Шай iш дейсiң, iшiледi шай-дағы.

Отырамыз құлақ түрiп далаға,

Әңгiме боп қайдағы мен жайдағы.

 

Дегендейiн жетер, шаршап қалдым ғой,

Қарлы боран ұйлыққанда қорада.

Түседi еске құмар сезiм, албырт ой,

Түседi еске келгендiгiм қонаға.

 

Асықпастан сен де төсек саласың,

Жорта өкпелеп қала кеткен ағаға.

Ара-тұра әзiлдеген боласың...

Бейне менi балайтындай балаға.

 

Өп-өтiрiк күйiнесiң, күйесiң,

Ол жайында айтады екем мен кiмге?

«Ойымда не, оны өзiң де бiлесiң,

Бiле тұра – дейтiндейсiң, сендiң бе?»

 

Сәлден кейiн шам сөнедi, бiлем мен,

Сәлден кейiн басталады тәттi азап.

Осы түнi айырылармын сiлемнен,

Жас келiншек құшағында шаққа қап.

 

Аппақ жастық қап-қара шаш жайылған,

Ащы жастың куә болса дәмiне,

Сезiмдердi тағатынан айырған

Боран... сосын түн кiнәлi бәрiне.

 

Ал әзiрге сезiкшiлсiң, сөгесiң,

Алды-ау боран деп мазасын елдiң де.

... Не болса да құшағында көрерсiң,

Ерiгiңдi қонағыңа бердiң бе?..

 

 

 

                    *  *  *


Сүйемiн сiздi қарындас,

Сүйемiн Сiздi, Сiздi де.

Деймiсiз сосын табылмас,

Сүйетiн жандар бiздi де.

 

Махаббат шығар ағартқан,

Ағарған болса самайым.

Бiздi де сүйдi қанша қыз,

Бiз-дағы сүйдiк талайын.


9.10.2002 ж.

 

 

 

                      *   *   *


Бiлмеймiн, алда не тұр күтiп...

Өлең деп жүрiп шын өлем бе?

Жыр жазам үрейдi үркiтiп,

Жұлдызым барына сенем де.

 

Деп едiң ұлы ақын боларсың,

Қоштасып бара атып мәңгiге.

Қимайтын күндерден, қарашы,

Қалғаны осы тек әңгiме.


2002 ж.

 

 


 

                        *  *  *


Көркiнен көзiмдi алмасым

Жат болып кеттiм деп жасқанба.

Сен жайлы айтары болғасын

Әдемi боп кеттi тастар да.

 

... Әлi күн әнiм боп келесiң...

Оянар сезiмдер көп менде,

Еске алып әз күндер елесiн

Сен жүрген жерлермен өткенде.

 

Сен жайлы естелiк аз айтпас

Есiк те мен талай телмiрген.

Батылым жетiп шын аша алсам,

Бақыттың бағына ендiрген.

 

Көкейде орын жоқ кiрбiңге,

Болсаң да жанымның әлегi.

Сен жүрген жерлердiң бұл күнде

Бәрi де, бәрi де әдемi.


29.10.2003 ж.

 

 

 

                       *   *   *


Жанымның жүзi ұқсас арайға,

Көркiне көп қарап тоймаймын,

Ол менi сүйедi қалайда

Өзiм де сүйдiртпей қоймаймын.

 

Жасы, рас, жас менен бiршама,

Тәнi де талдырмаш тамаша.

Арада сан бөгет тұрса да

Қиялдар боп алдым балаша.

 

Ол маған әзiрге күледi,

Ағалап тұрады өбектеп.

Аманда оның пәк жүрегi

Ойламан үмiтiм сөнед деп.

 

Деп пе едiм бұл кепке қалармын,

Қайтейiн, көңiлдiң күйi ғой.

Сезiмдi оятқан адамның

Сезiнбей кеткенi қиын ғой...


2003 ж.

 

 

 

                       *   *   *


Ол қазiр – көктемнiң өзiндей,

Ол қазiр – жастықтың желегi.

Жер-Ана толғатқан сезiмдей –

Гүл болып құлпырып келедi.

 

Гүлiмнен қошамет көрсем де,

Бақыттың таба алмай баянын,

Симайтын пендеуи өлшемге,

Өзiмдi мұңайып, аядым...


2003 ж.

 

 

 


                   *   *   *


Аманхан Әлiм ағаға

 

Өрт түскен өзегiме

Дауа не, бiлмегем бе?

Жеткен ем өзенiме

Жиде ағаш гүлдегенде.

 

Сырлы өзен арнасында

Жатқан шақ толып ағып.

Көп тұрдым жар басында

Қолымды кеудеме алып.

 

Осы ма табиғаттың

Бояусыз ғазалдары.

Ән салды айдынымның,

Ай мүсiн сазандары.

 

Кешiкпей күн де батар,

Қызылқұм нарттай жанып.

Неге уақыт мұнша қатал,

Мына әуен тоқтай ма анық?

 

Беу, неге бебеулейсiң

Бұрауы босаң көңiл?

Дегенге сенердейсiң,

Баянды осы-ау өмiр.

 

Қарап ем толы арнаға,

Үйiрiлдi көзiме мұң.

... Неге мен өзiмдi өзiм,

Жартыдай сезiнемiн?

 

 


              *   *   *


«Не бастар не тапты ойланып,

Бiзсiз де жетедi ақымақ.

Жүрiңдер, жiгiттер, тойлалық,

Бiр шиша бақытты сатып ап».

 

Дегiм кеп тұратын бiр кезде,

Қоя ма жастықтың желiгi.

Неге үйiр боп алды мұң көзге,

Қажыр-күш нелiктен кемiдi?

 

Бұл күнде үй таппай адасам,

«Бақыттан» бас доптай айналып.

Төңiрек тас түнек, қарасам,

Тағдырым, барасың қайда алып?

 

Осы ма ед қазақтың ғұмыры,

Жырменен жұбатар жүрегiн.

Көзiмнен от қайда құрыды,

Неге мен өзгеше күлемiн?

 

Неге мен? Неге мен? Неге мен?..

Не деген көп сауал жауапсыз.

Мен бе әлде өзiмдi жерлеген

Жоқ әлде уақыт па сауатсыз?

 

Тағы да не таптым толғанып,

Бұл баспен онсыз да ақымақ?..

Беймәлiм сауалға байланып,

Бәрiбiр ойланам жатып ап.


27.04.2002 ж.

                    

 


                *    *   *


Жастық шақ өттi ме, бiлмеймiн,

Жоқ ендi баяғы қызбалық.

Жерлерде жұрт сөзiн iлмейтiн

Болғаны отырам сызданып.

 

Бейнебiр мен емес секiлдi

Сонау бiр кездегi жас бала.

Сотқармен шекiссе не түрлi,

Бой бермес өзiнен басқаға.

 

Аязды даланы сағынып,

Боранда қар кешiп ойнайтын.

Әрдайым жүретiн қағынып,

Бiрақ та бәрiбiр қоймайтын

 

Сол бала өр едi ғажайып,

Өзi де өзгеден ерек-тi.

... Оты әлде қалды ма азайып,

Жоқ әлде басқа өмiр керек-тi?!

 

Ол бүгiн бәрiн де доғарған,

Мен десем бiреулер сенер ме?

О, қайдан табамын жоғалған

Қажеттi қызуды өлеңге.

 

Анам-ай бекер-ақ айтыпсың,

«Қызбалық жақсылық емес» деп.

Көтерем мен ендi қайтiп сын,

Күн кешсем iс емес, кеңес көп.

 

Өмiрден бiлгенiм, түйгенiм,

Бәрiбiр еркiңмен санаспас:

Қиратқын, күйдiргiн, күйрегiн,

Қызбалық көрде тек жараспас.


28.04.2002 ж.

 

 

 

 

МӘЖНҮН ЖЫРЛАРЫ


(Қайыс ибн әл-Муллавахиден)

 

Ләйлi киген сәтен көйлек қос анарын сүйедi,

Мойынына оралады, денесiне тиедi.

Мен құшуым керек едi-ау, сол едi ғой мақұлы,

Қызғаныштан өртенемiн, қалай жеткен батылы?!

 


*   *   *


Ынтықтығым саған деген – шерлi жүрек, назалы жас,

Дәмге, тұзға қарамайды Мәжнүн болған жазалы бас.

Саған ғашық болып едiм, табынамын саған ғана,

Көктен көмек сұрамаймын, қол созбаймын Құранға да.

 


 

                     *   *   *


Туған жер тамаша-ау таныса!

Даламда жаңбырға жуынған,

Көктемгi гүлдермен жарыса

Осында бiр кезде туылғам.

 

Қай заман ол гүлдер солғалы,

Гүл-тағдыр – тым қысқа емес пе!

... О, сонда даламның жолдары,

Бастайтын жол ма едi  келмеске?!.

 

Жоқ, олай ойламан тiптi де,

Санада жарқ етер сауалдай,

Мынау гүл сезбейтiн түктi де,

Бiр гүлден сондағы тұр аумай...

 

Кел, гүлiм, тiл бiтер дөңеске,

Жырлайық туған жер даласын.

Мен кетсем кетермiн келмеске,

Сен бiрақ осында қаласың.

 

Сондықтан салып ап құндаққа,

Өзiмдi көргендей қайта бiр.

Болашақ бәйшешек ұрпаққа,

Мынау бiр жырымды айта жүр.

 

Қыс болып келетiн қар  басқан,

Ұры деп елемей уақытты.

Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан,

Туған жер гүлi де бақытты...

 

О, сонда тамаша-ау таныса,

Туған жер жаңбырға жуынған,

Жырымды гүлдермен жарыса,

Осында бiр кезде туылған!..

 

 

 

 

ЭКСПРОМТ


Қайтейiн, қалқам, кездестiң

(... Қызықтау жанмын өзiм де...)

Жырына Құдаш ақынның,

Ғашық боп қалған кезiмде.


23.01.2003 ж.

 

 

 

 

ӨТIНIШ


Қырларың, бауларың, тауларың,

Шомылып жатқанда арайға.

Мендей де бiр ұлың болғанын,

Туған жер, ұмытпа, жарай ма?!

 

Ұмытпа жанымен сүйгенiн,

Тауыңды, қырыңды, бауыңды.

Көркiңдi көңiлiне түйгенiн,

Кезiңде дауылды, жауынды.

 

Өзiң ең өзегi жырымның,

Туған жер, ұмытып кетпегiн.

Өзiңнен аумаған бiр ұлдың,

Өзiңде өмiрi өткенiн...

 

 

 

 

                     *  *  *


Жия алмай есiн жүр өлең,

Кiм сүртер көздiң жаңбырын.

Айықтырғыштарға түнеген,

Тағдырым менiң, тағдырым!


4.01.2005 ж.

 

 

 

                      *  *  *


Осы бiр қыз әдемi ғой кекiлдi,

Әдемi ойлар кештiм көрiп не түрлi.

«Сүйемiн» деп зорға айтамын былдырлап,

Тiлi ендi-ендi шыққан сәби секiлдi.

 

Сәл шет кетсем жеткiм келер қасына,

Сүрме болып жағылғым бар қасына.

Ойлап па едiм әз сұлулық осындай,

Күннiң күнi сор болар деп басыма.

 

Жақындасам тағаттан түк қалмайды,

Ал ол болса жас баладай ойнайды.

Арбалам да қалам нәркес көзiне,

Қайтем, көзiм сұлулыққа тоймайды.

 

Бойы қандай, дәл ақ қайың секiлдi-ау,

Ойы балдай, тiл үйiрер секiлдi-ау.

Шайыр бiткен тамсанып сан жырлаған

Жұмақтағы үрдiң қызы секiлдi-ау.

 

Омырауы ғазиз далам сияқты,

Жет ендi деп ұйқымнан сан оятты.

Осы қызды көрдiм дағы ес кетiп,

Ұмыттым мен ар намыс пен ұятты.

 

Жанарында Күн күлiмдеп, Ай тұнған,

Сол қыз менiң сұлулыққа бай тұлғам.

Көрiктiме кеудемде жан барында,

Шаршамаспын сүйемiн деп айтудан.


15.05.2005 ж.

 

 

 

АКРОӨЛЕҢ


Гүлдей көркем мына қыздың,

Үлбiреген жаны қандай.

Ләйлi оны сiңiлiм деп,

Нестан өзiн танығандай.

Ақ маңдайлы аруым сол

Зарықтырған ғашығым да,

Ғұмырыңның бойтұмары,

Аш құшақты, жасырынба.


 

 

                 *  *  *


Көз алдымда Аспен мен Жер арасы,

Арасында туған жердiң даласы.

Ауасын бiр жұтайыншы толғана

Жүрегiмнiң жеңiлдесiн наласы.

 

Туған жерiм ұмытпап па ақынын

деп сұрасам көбелектен ақырын,

Не дер екен қанаты гүл перiштем,

Не дер екен, жетер емес ақылым.

 

Ненi айтуда шегiрткенiң шырылы,

Ненi айтса да, ненi айтса да ол жыр ұлы!

Туған жерiм ұмытпаса болғаны,

Ұлын мынау түкке де жоқ жұғымы.

 

Қайта келдiм жылдар салып араға,

Жылдарды артып жүйкем менен санама.

Далам исi сенiң исiң екен ғой,

Балаң соны жаңа сездi, жан ана.

 

О, туған жер, көңiлiмнiң кеңдiгi ең,

Мен де өзiңде тамыр жайған өндiр ем.

Өзенiңнiң ағысымен сырласып,

Ағашыңмен дос боламын ендi мен.

 

Желiңменен жұп құраған жыр едiм,

Ол да бiр күн үзiлерiн бiлемiн.

Гүлдерiңе қуат беру үшiн де,

Түбiнде кеп топырағыңа сiңемiн.

 

Сонда ұғар ма келер ұрпақ, мекенiм,

Арасында емен, терек, жөкенiң,

Бұтақтары көкке қарай жайылған,

Бiр дiңiңнiң менiң қолым екенiн.  


15.08.2006 ж.

 

 

 

 

ЕКIҰШТЫ ТАҒДЫР


Әкеме


Тiршiлiкке бейiмi жоқ ұлыңа,

Қазiр сенде болып жүр-ау аз өкпе.

Кiтап алып қаламақы пұлына

Екi-үш жырым басылғалы газетке.

Бала кездегi өлеңнен

 

Айтышу ең Омар Хаямды,

Оқушы ең жырын жатқа да.

Деушi едiң тек жыр баянды.

Басқаны, балам, мақтама.

 

Сағдимен сырлы мазалап,

Жәмимен жора қылып ең.

Хафиз боп бiрде ғазалдап,

Бедiл боп бiрде күлiп ең.

 

Ауылдың жайлы кешiнде,

Жұмекен дедiң жыр пiрi.

Сол бiр сөз әлi есiмде,

Есiмде әлi жүр тiрi.

 

Ақыннан елге қалары

Екi-үш жыр дедiң болғаны.

Жыр жазғын нөпiр қаралы –

Қалғаны соның жолдары.

 

Екi-үш жыр... жаздым, жазбадым?

Иемiн екi жинаққа.

Ақында басқа аз ба мұң?

Екi-үш жыр... менi қиналтпа!

 

Жоғалмас мәңгi жарқылы,

Сендердi жазбай кетем бе!

Екi-үш жыр... ақын тағдыры –

Екi ұшты тағдыр екен де...            


2005 ж.

 

 

 

 

                *  *  *


Анадай сәбиiн аңсаған,

Сәбидей қанбаған құмары –

Махаббат тiлiнде мен саған

Әлдене дегiм кем тұрады.

 

 

 

                *  *  *


Ей-хей, менiң тағдырым, тартынба да алқынба,

Жас отыздан асқасын ажал үйiр ақынға.

Менде өмiрге көңiл қап, өмiр маған өгейсiп,

Өкiнумен өтем бе өксiк толып алқымға.

 

Не бiтiрдiм өмiрде, не көре алдым, не бiлдiм,

Мiне, тағы жатқаны күйi келмей көңiлдiң!

Басқа түгiм жоқ едi, тұс-тұсыңа шашылып,

Күлкiм менiң саф алтын, қай жерлерге төгiлдiң!

 

Жас отыздан асқасын ажал үйiр ақынға,

Осы бiр сөз тағдыр ма, тақап келе жатыр ма?

Әлi түк те айтқам жоқ, айта алғам жоқ әлi түк,

Туған жерiм және де анау бiр қыз қақында.


25.06.2005 ж.

 

 

 

                   *  *  *


Кеудемде бiр ағын жылжыды,

Сен оны түсiншi, өлеңiм!

Ұқпадым жапырақ сыбдыры

Не жайлы айтқысы келгенiн.

 

Мынау бiр ақ қайың анамдай,

Тұр ма әлде жанымды ұғынып.

Мен оны сүйер ем самалдай,

Жырымнан табылса жылылық.

 

Аман бол ақ қайың – анашым,

Менде бiр балаңмын жаны ақын.

Көңiлi тапқанда жарасым,

Жырлары бүршiгiн жаратын.

 

Жұлдыздар нұр шашқан жымыңдап,

Гүл болып құлардай табанға.

Кетем бе қайтадан түн ұрлап,

Қонақ боп келiп ем ғаламға.

 

Беймәлiм толқу бар санамда,

Бейдауа дiрiл бар ерiнде.

Мәңгiлiк жұлдыз боп қалам ба,

Жоқ әлде туған жер көгiнде?

 

Кеудемде бiр ағын жылжыды,

Сен оны түсiншi өлеңiм...

Ұқпадым жапырақ сыбдыры

Не жайлы айтқысы келгенiн.


25.06.2005 ж.

 

 

ХАБАРШЫ


Поэма


Қайсы маңда қай ауыл, кiм бiледi, Түн қара,

Түн қарада түсiп ем қара жолға мұңдана.

Ашуланып кетiп ем, басылмады ол-дағы,

Бұралаңдау себебi бұл маңайдың жолдары.

Жел кеулейдi етектен, елiм деп ем еңiреп,

Қыбырлаған мен ғана, селт етпедi төңiрек.

Селт өтпедi төңiрек, шаққа күлдiм зорланып,

Кететiндер әдетте кетедi ғой қорланып.

Жалғыз досым жел ғана, оның өзi әулекi,

Қызық қусам әкемнiң жетпес пе едi дәулетi.

Түн қарада түзiмде зорға жүрдiм тiстенiп,

Орға жықпай әйтеуiр қорғап жүрдiм, күш берiп.

Астымдағы атымның аты ғана ат деген.

Құстай ұшқаны болмаса қолға қонған бақ дер ем.

Өзегiмдi өрт қаулап, өр жолында бұралаң,

Жануармен жалы бар жортқаныма жұбанам.

Астымда ат, алдымда бұралаң жол, бұралаң,

Бұралаң жол, бетi боз құран далам тұр аман.

Әйтеуiр бiр мақтаныш, әйтеуiр бiр желпiнiс,

Ап келедi көңiлге жатқандығы ел тыныш.

Қанша ауылға бардым мен, қақтым қанша қақпаны,

Әлде суыт жүрiсiм. әлде өр тұлғам жақпады.

Ашылмады есiгi, бесiктегi ұлына,

Бермес пе едiм батамды серттi байлап жырыма.

Қайсы ауылға барсам да, меңiреу түн қап-қара,

Елiң болса меңiреу, тыныштығын мақтама.

Деген сынды иттерi қарсы алады абалап,

Өткiзбейдi төрiне төбеттерi табалап.

Қарсы алады итiмен, шығарып сап тағы да,

Абалану жоқ әлде ер жiгiттiң бағы ма.

Сұрар едiм, жоқ, әттең, ақсақалы бұл елдiң.

Ақсақалың жоқтығы қалмаған-ау киеңнiң

Деймiн iштей, ал сырттай не айта алам, не бiлiп,

Түндей ыза көңiлдi бара жатыр кемiрiп.

Ақыл айтар аға ада не ел берген бағам жоқ,

Түн қарада көп жорттым төккен терiм арам боп.

Жұбатады жалғыз жел, сыр тартады жаһаурап,

Тағы жортам содан соң аһау, аһау, аһаулап.

Астымда ат, алдымда бұралаң жол, бұралаң.

Оттай ыстық далада өрден ойға құлаған.

Өртенгенде құлап ем өрден ойға мен-дағы,

Ойдан өрге қайтадан шығатындай болмады.

Қондырмады бiр ауыл, қарсы алмады бауырлап,

Соның бәрiн бұл көңiл жүре бердi ауырлап.

Жалғыз қару мендегi намыс едi от қарыған,

Деп кесiп ем тар шақта ту астынан табылам.

Қайсы ауылға барсам да ит үредi абалап,

Тiлегiмдi тәрк етiп, жүрегiмдi жаралап.

Қатындары бұл елдiң бала емес ит таба ма,

Дедiм-дағы тағы да сiңiп кеттiм далаға.

Түн қарада түзбенен тарта бердiм туралап,

Тамырлы ағаш қураса, тiп-тiк тұрып қурамақ.

Құласам да орнымнан тiк құлармын түбi бiр,

Қаһарланып қайтемiн қара орманға құрығыр.

Қараша ауыл қырдағы қой-қорасын қорыған,

Жаны тыныш жатқанын жақсылыққа жорыған.

Ұйқың тыныш болсыншы, таң атқанын байқамай,

Көрер күнiң тағы да боп кете ме әрқалай

Деймiн iштей, ал сырттай не айта алам, не бiлiп,

Түндей ыза көңiлдi бара жатыр кемiрiп.

Тағы жорттым содан соң жанарымнан жас парлап

Көңiлiме тауды алып, сенiмiме аспанды ап.

Тағы жорттым, төбемде Ай жарысады атыммен,

Мәз шығар-ау, ол-дағы жарысқанға батырмен

Кiрiп бардым тағы да бiр ауылға төтеден,

Өзiм деген көңiлдiң бар өкпесiн көтерем.

Тағы бұрдым ат басын, қатты қақтым қақпасын,

Қонақ емес, сақтаса қарақшыдан сақтасын.

Шамы өшпеген сол үйдiң сенiп қақтым есiгiн,

Мен де өйткенi ұл едiм, ата қойған есiмiн.

Есiк ашты ақ бас шал – төрлет,– дедi, ер бала,

Бөлiсейiн барымды, бөлiсiлмес көр ғана.

– Ата,– дедiм, төрiне шыққаннан соң жайланып,

– Ермiн,– дедiм далаға қалып қойған байланып.

Қанша жорттым, даламнан кете алмадым кең мекен,

Елiм деген ерлерiн ел бiлмесе жөн бе екен.

Қанша ауылға кiрсем де елең еткен жоқ бiрi,

Шынымды айтсам бұл елдiң бақыр түгiл боқ құны.

Болар бала боғынан демеп пе едi арғы атам,

Өзiмдi-өзiм қарғайын, жатқа қалай қарғатам.

Керегi жоқ түгiңнiң, онсыз да өзiм түктiмiн,

Түктiлiгiм түк емес, күнiн кешсем күптiнiң.

Жер ошақта жатқан шоқ жылтылдады көзiм боп,

Тер боп ақты самайдан қысқан ашу сезiм боп.

Қазандағы қара су сорпа болмас құр қайнап,

Құр қайнақ су менiң де қос қолымды жүр байлап.

Қапалымын, ей, ата, өзгеге емес, өзiме,

Безiне алман елiмнен ел емесiн сезiне.

Соңғы сөздi айт, ата, орындауға серт берем,

Кең даладан осынау кет десең де кектенем.

– Балам,– дедi ақ бас шал,– далаң аман тұрғанда,

Момын халық бұл халық малдан басын бұрған ба.

Еркелейсiң елiңе елемедi деп менi,

Еленердей соншалық өткiзгенiң көп пе едi.

Не керегiн елiңе түсiнбестен таусылма,

Өзiңе өзiң өкпелер, өзiңе өзiң жаусың ба.

Момын халық бұл халық, бала халық тағы да,

Балалығы, кiм бiлсiн, соры ма әлде бағы ма.

Сәби сенiм кiм бiлсiн сезiм қуған, мал бағып,

Жатқан шығар бiр сәттiк тыныштыққа алданып.

Жалаң қылыш басында жалаңдасын демесең,

Бақ болатын далаңа жат боламын демес ең.

Жеке бастың наны емес, жеп жүргенiң ел қамы,

Жырың бiрақ жұлдыздың жылуындай болмады.

– Ата,– дедiм ақырын, – менiң де бар ақылым,

Сынаса жұрт осылай сынайды ма батырын.

Қанша ояттым болмады, оянбады жұлдызым,

– Жұлдыз сынды,– дедi шал, –  менiң де бар бiр қызым.

Тама берсе көк тасты теседi ғой тамшы да,

Сен де, балам, ат емес, талабыңды қамшыла.

Батыр батыр бола ма бауыр етi жылымай,

Құнын ұқпай қаңғырған ұрыншақтау ұлым-ай.

Ат артына мiнгестiр қызды мына, тастама,

Балалы үй базарлы баталы ұлға астана.

Қыз жымиды, жылуы күннен артық шынында,

Жар киесiн ақ бас шал балады ма ырымға.

Атқа қондым тағы да, алдымда жар, түн қара,

Түн қарада тағы да жолға түстiм мұңдана.

Астымдағы атымның аты ғана ат деген,

Құстай ұшқаны болмаса қолға қонған бақ дер ем.

Тағы жорттым түзiммен, төңiрегiм тас қара,

Жабырқаған жанымды жұбатпады жас бала.

Түн қарада тiк тарттым, көлеңкем де ермедi,

Ел дегенiм сорыма сортаң басқан жер ме едi.

Етем iштей шүкiрлiк, иттерi бар қабаған,

Иттерiне өкпелеп қасқыр болдым абадан.

Кiрдiм қанша ауылға, қақтым қанша қақпаны,

Әлде суыт жүрiсiм, әл