Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Арман Әділбек. Күн де батады

25.01.2020 1010

Арман Әділбек. Күн де батады 12+

Күн де батады

Қарашы, күн де батады,

Ең ыстық,

Ең нұрлы алып жүрек еді ғой ол,

Ішінде аңыз қайнаған,

Рух шулаған,

Сезім сапырылысқан алып жүрек.

Бірақ,

Мен күнге тіке қарай алмаймын,

Түнге де, әрине,

Түн,

Түн де мәңгілік емес болатын,

Жұлдызсыз аспанның ең қараңғы түкпіріндегі қара түсті бостықты

Ешкім де түн деп атаған кезі жоқ.

Үйткені, адамдар

Аяз қарыған терезесін сызғылай беруден өзге ештеңе істей алмайды.

Ал, көзіме,

Көзімнің түкпіріне,

Ондағы шыңырауға қалай қарай алмақпын?

Тереземді кескілеген сәулелер

Бәрібір ол түпке жетпейді.

Біз еске алып көрмеген,

Бірақ ешқашан ұмытпаған істер

Ешқашан күнмен санаспаған екен,

Түнмен жүздеспеген екен,

Ол тек ұйқысыздықтан әбден қалжырап

Сүйене тұрып шылым шегетін қабырға таппаған кезде

Тәнімді сұп-суық қанжардай сызып өтеді,

Көрінбейтін сұп-суық қанжар.

Иә, күн де батады,

Бірақ, мен әлі тірімін,

Көкірегімнің ішіне өскен меңіреу мүктер өзегімді құй батпаққа айналдырған,

Мен оны күнде кешемін

Балшық астында сұлап жатқан көшелерде ілбіп басқандай.

Ал,

Жалаңаш табанымның ізі кеудемде жатады,

Маңдаймда жатады,

Батып бара жатқан күннің оны құрғатуға мүмкіндігі жетпеген,

Мен де күнге сенгем,

Сыйынғам,

Бүгін оған өлген адамның жүзіне қарағандай сұлық қарап тұрмын.

Онымен қоштасқым келмеді,

Кездескен кезім болмаған да сияқтана береді.

Бәлкім, ол туралы

Жер бетін қаптаған шекаралар мен шеңберлерден де асырып ештеңе айта алмаспын,

Солардың бәрін емін-еркін көктей өтіп жүрген құстар да ештеңе айтып көрмепті.

Бұл шарасыздығымды құстардың немқұрайдылығымен теңестіруге болар…

Қаңырап қалған алып сарайлар мен мұнаралар,

Әлде, менің қаңырап қалған жүрегімнің өзі шығар.

Тізем батқан тасты төбеме көтеріп ғапу сұрасам ба екен деймін,

Ғапу сұрасам ба екен деймін біз алдаған дұғалардан?

Сосын, Қорқыттың көріндей күңіренген

Сонау жанарға ғарық болып кетсем,

Ол мені жалғыздықтан да, Мағынасыздықтан да сүркейлі ақиқатымен

Айна алдында жүздестірсе…

Сосын

Өзінің гүлдің бір бөлегі емесін кеш сезінген жалғыз тамшы шықтай

Өмір мен өлімнің алақанынан

Мен де сырғып түссем.

Дәл сол сәтте

Батып кеткен күннің орнындағы үңірейген тесік

Маған қарай жақындап келе жатса…

Иә, күн әлде қашан батып кеткен,

Әлде, тағы да талай батар.

Бірақ, мен әлі де қырау қарыған әйнекті сызғылап

Сыртта үскіріктен жүдеген

Жапырақсыз ағаштардың қарауытқан сұлбасына қарап қоймастан,

Есіктің анда-санда қағылғанын тамашалап

Терезе Жақтауына сүйеніп тұрмын

Ту сыртымнан төніп тұрған жанарымның лебі

Шылымымнң түтінін шұбалаңдата тартып жатқанын да сезбестен.

Қандала

Бұл өлкеде адамдар әлі өмір сүреді.

Былжыраған балшық жолдармен

Езілген етігін сүйрете басып

Еріне кетіп бара жатады

Жаназадан қайтқандай тұнжырап.

Сен оларға әр жолы күн батқан сайын назар саласың.

Күн батқан сайын жаңбыр жауады,

Күн батқан сайын қабырғалардан қандалалар саудырай төгіледі.

Қандалалар - түннің қожасы іспетті,

Саған ең таныс жан иелері де осылар,

Сенің жүздеген,

Әлде, мыңдаған көңіл-күйің,

Шерің,

Шеменің,

Қалтарыстарда,

Бұрыштарда жайғасқан.

Ал, қабырғалар – орта ғасырдағы поптардың көлбіреген кенеп шапанының тозған етегі

Отқа салса жанбайтын,

Суға салса батпайтын.

Сен ші?

Сен әлі де сол баяғы подвалда

Өзіңді қараңғы түннің қанжардай суық сұрақтарымен байлап-матап

Бүктетіліп жатқан дәрменсіз үйкүшіксің.

Телевизормен аралығың ұш-ақ адым,

Тереземен аралығың үш-ақ адым.

Бұл үш-ақ адымды кейде үш ғасыр деп те атауға болады.

Терезеден салбыраған көлеңкелердің икемсіз сұлбасына қарап сурет салғың келеді,

Бірақ, бәрібір сенің ойыңды жан-жағыңда қайшалысып жүрген қандалалар тозған мешіттерге қарай тартады.

Қанға тойып алып кәннен-кәперсіз телевизордың бетінде кетіп бара жатқан біреуін кітаппен былш еткізіп өлтіресің де

Шірк иіс мүңкіген айналаңа қарап

Шарап пен жезөкше жәйлі ойлай бастайсың.

Иә, бұл өлкеде әлі де адамдар өмір сұреді.

Қарашы,

Әне, тағы да жаңбыр сіберлей бастады,

Терезеңе үңіле қарап тұрған қарғаға бірдеңе айтқың келмей ме?

Әлде, сенің осында қашаннан бері тапжылмай жатқаныңа қарап әлденеден дәмелене ме екен…

Оның қабырғаға түскен солғын көлеңкесіне қарап

Көшедегі жалғыз шырақтың әлі өшпегенін білуге болады.

Ал, ол шырақтың түбінде бір топ бұралқы ит әлденеге таласып ырылдасып жатқан болар.

Қандалалардың сылдырлай өрген думанды жүрісіне қарап

Түсіңе тағы да мидай былжыраған батпақ жол кіретінін болжайсың,

Сосын, қолыңа кірпіштей ауыр кітаптан біреу аласың да

Пешке саласың,

Одан шыққан жылуға маужырап

Сеспей қатып ұйқтауыңа болатынын қандалалар да біледі.

Бүл өлкеде қандалалар әлі де өмір сүреді,

Сен де өмір сүресің олармен бірге

Үш ғасырдың алдындағы шірік подвалда бүктетіліп жатып-ақ.

Жапырақ пен жапырақтар

Күз,

Жапырақтар талықси құлап жатыр,

Жел олармен ойнағанды жақсы көретін,

Ұдайы,

Көктемде де…

Олардың да ең жақын досы жел еді,

Әне, енді оларды оятқысы келіп жан ұшырады,

Оятқысы келеді бір рет болса да.

Олар желдің құшағында соңғы рет тербеледі,

Соңғы рет сыбдырласады,

Соңғы рет құлайды,

Соңғы рет ұшады,

Соңғы рет күледі,

Соңғы рет құлазиды.

Олардың бәрі жалғыз,

Ешқашан қайталанбайды,

Біз сияқты бір-ақ рет өмір сүреді.

Олар көп.

Келесі көктемде олардың орнына жаңа жапырақтар шығады,

Жаңа жапырақтар,

Бала жапырақтар,

Олар да күзде қурамақ,

Олар да соңғы сәттерін өткізбек,

Бірақ, олардың соңғы сыбдыры,

Соңғы үні мынау жапырақтардікіне ұқсай ма екен деші?

Бұл бір азалы мезгіл екен,

Айналада қалқыған азалы күбірлер көзіңді жанай ұшады екен,

Көкірегіңді шимайлайды екен,

Қолыңнан жетелейді екен.

Көзімнің ішіне күз көшіп алған сияқты,

Көзімнің ішіне жапырақтар құлап жатқан сияқты,

Сұп-суық жапырақтар.

Жел жәйлі әңгіме

Аулақта ызыңдай соққан желмен

Мен пақырдың

Жел туралы ойлары кезіккен секілді,

Сосын, ойларым оны алып ұшқан секілді,

Алысқа бастағандай,

Әлдеқайда,

Білмеймін оны тағы.

Желдің құмдағы іздерді ғайып қылғанын көріп ем,

Сол іздерді жел өзімен бірге алып кетті деп ойлағам,

Желдің барлығын ұшыра алатынына,

Алып кете алатынына сенгем.

Ол тағы бір күні менің көз жасымды да көтеріп алып кеткен.

Сосын, мен тағы таңданғам,

Жел әлі-ақ өкініштерді,

Өкпе- наздарды,

Қателіктерді,

Күнәларды алып кетеді деп күттім,

Бірақ, ол ұдайы

Менің терезеге салған суреттерімді өшіріп қана кетіп қалатын.

Бүгін

Жапырақтарды шалқыта ұшырған желге қарап тұрып

Мен оның адамдар сияқты біреу екенін түсіндім.

Ол өзінің жел екенін білмейді,

Ол өзінің қолынан не нәрсе келетінін білмейді,

Мен де өзімнің кім екенімді білмеймін,

Ұдайы ұшқан жапырақтардың арасында сандалып жүремін

Төбелердің арасында қаңғырған аруақ құсап.

Әне,

Ол менің өзі туралы ойларыма ілесіп кетіп барады,

Енді қашанғы қайта оралар екен?

Қашан мен жәйлі ойланар екен?

Қай жаққа бастар екен мені?

Алакөлеңке және сурет

Сағаттың сырт-сырт соғылған үні барған сайын зорайып бара жатты.

Терезеден түсіп тұрған шырақтың сәулесі

Буалдыр ғана қараңғылықты кескілеп өтіп қабырғаға өрнек салыпты,

Ағаш бұтақтары,

Және,

Жақтауға сүйей салған әлдебір нәрсенің сұлбасы.

Жарық болғанда ғана көлеңкелер пайда болатынын,

Тіпті аса күшті жарықтың қараңғылықпен айырмасы жоғын,

Қабырғадағы мұнартып тұрған суретке телміріп жатып түсінгендей болдым.

Сырт жақта мен үшін маңызды ештеңе жоқ сияқты,

Жұлдыздар,

Ай,

Бұлыт,

Қар жамылған қала,

Алыстан үні талып естілген көліктер .

Ұйықтап қалудан қорықсам да,

Оянып кетуден қаншама үрейленетінімді,

Өліп қалудан қорықсам да,

Тіріліп кетуден қаншама үрейленетінімді,

Кім екенімді білмеуден қорықсам да,

Кім екенімді білуден қаншама үрейленетінімді ойлап жатып кірпігім айқаса бастады.

– Қайырлы түн,- дегендей сыбыр естілді,

Мырс еттім.

Бағана ғана тартқан шылым түтінінің сөз көлеңкелерінен құйылған мүсінді айнала қалқығанын өң мен түстің ортасында шала-шарпы шырамыттым да,

Қабырғадағы ала көлеңкеге қарап дұға жасадым,

Ол маған түсімде әлдене айтқысы келетін сяқты.

Сағаттың сыртылдаған үні барған сайын әлсіреп

бара жатты.

“Қоңырдың” қоңыр сағымы

(Әбікен Қасенов рухына)

Қардың бетінде қылтиған қурайдың сынған ұшын

Үрлейді желі Арқаның

Бейуақ сайын ызыңдатып.

Топты қарғаның

Тоқсан жыл бұрынғы шаттығын аңсап Қарқылдасқанын естіп

Оянып кетемін ұдайы,

Бейіт үстіне салынған сарайда үрейлі түс көріп жатып.

Дар ағашына байланған арқанды есіп жатып оянып кетемін,

Жазалының басына киілетін қапты тігіп жатып оянып кетемін,

Сәбидің уыз етін салған қазанға от жағып жатып оянып кетемін.

Ояна сала сағатқа қараймын

Он екіні көрсетеді де тұрады.

Ояна сала календірге қараймын,

Он екіні көрсетеді де тұрады.

Ояна сала тысқа қараймын

Әлемды әппақ қар сіресе бүркеп жатады

Жұлдыздарды да басып қалғысы келетінін

Ызбарлы тыныштығымен аңғартып.

Құлағымның түбіне

Сәби күнімде атам шерткен бір әуен келеді сосын.

Дәл сол күйді шертіп бола бергенінде

Әппақ сақалнан сорғалап түскен бір тамшы

Домбыра ішегін быж еткізіп күйдіріп

Үзіп кеткен еді,

Содан кейін домбыра сыңар ішегі тағылмаған қалпында

Ешкімнің қолы тимеген беті тып-тыныш қана тұратын болды

Төр жақта ілініп.

Далада желтоқсанның ызғырық самалы дүниені тынымсыздана кезіп жүр,

Қурайлардың ызыңы қар астындағы әлемді оятқысы келетіндей

Үзіліп барып жалғанып,

Үзіліп барып жалғанып…

Жайшылық

Светофорға телміріп тұрған адамдар жүзінен

Сезім ізін айнытпай табасыз

Жасыл шырақты ондаған жылдар бойы күттім деген.

Іле-шала жарық етеді жасыл шырақ,

Ал, сіз сезесіз сол арада-ақ

Олардың бұдан өзгені күткенін.

Очретте тұрған адамдардың салыңқы иінінен

Олардың осы очретте әлденеше он жыл тұрғанын ұққандай боласыз,

Ілеـшала жатады алдыға қозғалып,

Ал, сіз сезесіз сол арада-ақ

Олардың сарылып күткені бұл емес екенін.

Автобуста сығылысып тұрған адамдардың

Терезе әйнегіне түскен солғын козқарасына қарап

Олардың өз остановкаларына ондаған жылдар бойы әлі жете алмағанын тұйсінесіз,

Автобус пен жолға күмәнданып ұлгірмей-ақ

Шарық етіп ашылып жатады есіктер,

Ал, сіз сол арада

Олардың останвка жайлы ештеңе ойламағанын мойындап ұлгересіз.

Ия, солай, пешенеңдегі жазуды өшіргің келіп,

Пешенеңе әлдене жазуды қиялдайсың,

Бәрібір, біздің күткеніміз ол да емес.

Көрнекі суреттер интернет желісінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар

Көп талқыланғандар