Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асылбек Байтанұлы. Фольклор - діни фанатизмнің дау...

28.02.2020 4594

Асылбек Байтанұлы. Фольклор - діни фанатизмнің дауасы 12+

Асылбек Байтанұлы. Фольклор - діни фанатизмнің дауасы - adebiportal.kz

ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Ақпараттық ғасырдың екпінді дауылы Жер ғаламшарының ғасырлар бойы бұйығы қалыппен күй кешкен күңгірт түкпір-түкпірлеріне дейін кеулей жетіп, еріксіз біртұтас жаһандық кеңістікке мойын бұрғызуда. Ақпараттық дәуірдің көз ілеспес жылдамдығымен жарысқан ғылым мен техниканың ғаламат дамуы алдында ғасырлар бойы барша адамзаттың немесе белгілі бір аумақтағы жұрттың санасында берік орнығып, алаңсыз салтанат құрып келген сартап догмалар еркісіз дәрменсіз күй кешуде.

Кеңістік, уақыт, жылдамдық деген ұғымдар бұған дейін адам баласының икеміне келмейтін, дербес физикалық шамалар ретіндегі түсінікте болса, ғылым мен техникалық ашылымдар бұларды да барынша игере бастағандай. Оған мысалды, жүздеп, мыңдап келтіруге болады. Ғажайып ақпараттық дәуір адамзат баласының діни наным-сенім туралы түсінігінде де төңкеріс жасауды бастап кетті десек болады. Біздің халқымыз араб тілінен енген фәни мен бақи деп деп атайтын мынау жарық дүние мен о дүние арасындағы байланыс, адамзат пен оған параллель өмір сүретін өзге жаратылыс әлемі туралы түсініктердің эволюциясы және оған сырттан жасалған шабуылдар, күшпен таңылған жат таным-түсініктер, ұлтымыздың географиялық, климаттық, саяси-әлеуметтік ерекшелігімен біте қайнаса астасқан, жалпыадамзаттық гуманизмнен нәр алған дін ұстану дәстүрі – осылардың бәрі туралы мағлұматтарды ақпараттық ғасырда жаңа дәуір ұрпағының талғам таразысына салып, бірлесе ой қорытуымыз, осының нәтижесінде озығына ұмтылып, тозығынан құтылуымыз керек деп білеміз.

Еуразия құрылығының байырғы жұрты қазақ халқының діни таным-түсінігі сан мыңдаған жылдар жүзінде жүріп өткен тарихи тағдырымен тамырласып жатыр. Қазақ – Әбу Ханифа мазһабындағы ислам дінді халық. Қазақтардың ислам дініне қашаннан ден қойғандығы туралы мағлұматпен мектеп оқулығынан танысуға болады. Қазіргі Қазақстан аумағындағы халықтар 8-9 ғасырларда өмір сүрген Қарлұқ қағанаты тұсында ислам ілімімен алғаш біртіндеп танысқан болса, бұдан кейінгі қағанаттар мен хандықтар дәуірінде Орта Азияда Мұхаммед пайғамбар үмбетінің саны еселеп арта түсті. Жаңаның ескіні ысыра, терістей келетіні сияқты, Ұлы Далаға екпіндей дендеген жаңа діни идеология тәңірлік түркі әлемінің барша құндылықтарын өзгеріске ұшыратты, тіпті көптеген ұғымдар мен түсініктерді, салт-дәстүрлерді санадан, әдеттен мүлде жойып жіберді. Соның бірі – түркілік төл жазуымыз еді. Бір замандарда алып аймақта самсап тұрған тас бітіктердің бірен-саран жұқанасы сонау Орхон мен Енисей бойында барша бояу-болмысымен сақталып қалмағанда, біздің осы бір ғажайып құндылығымызды әлем мойындар ма еді, жоқ па еді, кім білсін. Жаңа дін, жаңа мәдениет демекші, ауыз әдебиетіміздегі «Қорқыттың өлімнен қашуы» дейтін тәмсілді ислам мен түркілік – екі мәдениеттің қақтығынан туған ишаралау деп түсінгіміз келеді.

Түркі дүниесінің ислам дәуіріне дейін өмір сүрген ұлы тұлғасының бірі – Қорқыт десек, Қорқыт туралы алуан түрлі әфсана аңыздар қазақ даласынан Анатолияға дейін тарағандығының өзі бекер емес. Қазақтың аңыздарында Қараспан атуының етегінде туды дейтін Қорқыттың өмірге келуінің өзі ерекше бір хикмет. Анасы оны үш жыл көтеріп, жылына бір толғатып жүріп Қорқыт дүние есігін ашатын еді ғой:

Қорқыт туған кезінде

Қараспанды су алған,

Қара жерді құм алған

Ол туарда ел қорқып

Туғаннан соң қуанған!

Қобыздың түп атасы болып саналатын Қорқытты кейбір дереккөздерде ислам дінінің ғұламасы ретінде қарастыратыны бар. Бірақ ислам дінінің қобыз, домбыра, бақсыларға қырын екенін ескерсек, Қорқытты ислам дінінің ірі өкілі ретінде қарастырудың негізі жоқ сияқты. Танымал ғалым Серікбол Қондыбай Қорқыт және оған қатысты аңыздарды бағзы дәуірлердегі жалпыадамзатық ұғым-түсініктермен біртұтас қарастыратыны бар. Қорқыттың желмаясына мініп алып өлімнен қашуы, ақыры «қайда барса да ажалдың құрығынан құтылмайтынындығына көзі жетуі де бекерден-бекер алына салған сюжет емес. «Қайда барсаң, Қорқыттың көрі» жағдайға жетіп, мына бес көндік жалғанның баянсыздығына опынған Қорқыт Сырдың бойын қобыздан сарнай естілген өмір жырына бөлеп отырып, қапияда қазасы жетпей ме, аңызда. Өлімнен қашу, мәңгілікке ұмтылу дейтін утопиялық хал әлем халықтары әдебиетінің бәрінде дерлік бар. Қорқыт та осы күйді кешкен болар. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, Қорқыттың дәл осы өлімнен қашуы – өзге емес, Ұлы Далаға жаңа дін ислам дендеп еніп, қалың бұқара жаппай жаңа дінді қабылдап, тәңіршілдіктің көшбасшысы Қорқыт абыз бен оның шәкірттерінің басын атуға да, тасқа да соғып, мына өмірден баз кешкен тәркі тағдыры болса керек дейміз.

Ұлттың ұлт болмағы, ұлттың ұлт екендігінің басты сипаты – тіл. Бұл талассыз аксиома десек, кез келген сырттан келген таным, идеологияның әу дегендегі шабуылын қарсы алатын, оған төтеп беретін – тіл. Тіл – ділдің негізі. Тіл күйзелсе, жеңілсе, ұлттық ақыл-ойлау да өзгеріске ұшырап, ұлттың ділі де кеміріліп, күйректенетініне мысалды алыстан іздеудің қажеті шамалы болар. Арғы түркінің, бергі қазақтың дарабоз ғұламалары мұны әзелден-ақ парықтаған, сақтанған, сақтандырған, әрекет жасаған.

Сөйлер сөзі ақиқат, ашар көңіл құлпыңды.

Міскін зағип Қожа Ахмет, жеті атаңа рахмет,

Парсы тілін білемін, құп көремін Түркімді! –

дейді Қожа Ахмет Яссауи өзінің хикметінде. Жат тілдің көлеңкесіне ілесе келген жат діл біртіндеп дендей бастағанда туындаған қарсылық, біліммен, білікпенен жасалған тосқауылдың нышаны бұл. Түркі дүниесінің ұлы ғұламасы, діни реформатор Қожа Ахмет Яссауи ислам діні канондары жергілікті халықтың бағзыдан бергі діни таным-түсінігімен қайшы келген жағдайлардың тігісін жатқыза, түркілік таныммен, әдет-ғұрыптармен синтездеп, бұл діннің түркілік Орта Азияға етене түрде қанат жаюына өлшеусіз үлес қосты.

Күншығыста пайда болып, қуаттанып, күнбатысқа жөңкіле шабуылдап, ұлы қоныс аударулар жасаған көшпелілердің соңғы толқыны – Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары құрған алып империяның бір бұтағы Алтын орданың ханы Өзбектің тұсында ислам мемлекеттік дін болып жарияланды. Алтын Орданың ыдырағаннан кейін оның жұртында құрылған ірілі-ұсақты хандықтардың барлығы ислам дінінде болғаандығы, олардың қандай тариқатты ұстанғандығы турасындағы мәліметтер де ұлтымыздың дін тұтыну тарихы тұрғысында маңызды болғанымен, біздің қаузайтын тақырыбымыз – халқымыздың исламға дейін ұстанған діни ілімі – тәңірлік туралы болмақ.

Тәңіршілдік – түркі-монғол халықтарының дүниетанымдық сенімдер жиынтығы. Тәңіршілдік сенім бойынша барша әлемнің, адамзат қоғамының Жаратушысы әрі Иесі – Ұлы Тәңірі. Күлтегін ескерткішіндегі: «Көкте – Тәңірі, төменде – қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған», деп басталатын мәтіннің бір ғана осы сөйлемінде тәңірлік діннің басты түсінігі, түпқазығы жатыр. Тәңіршілдік ондаған ғасырлар бойы Ұлы Далада салтанат құрды. Замандар өткенде батыстан жеткен жаңа дін исламға еркісіз орын босатуға тура келді.

Ұланғайыр Даланың парсылық өркениетпен шектесетін тұсынан бастап, әр қиыры әрқилы уақытта, әр түрлі деңгейде ислам дінін қабылдады. Әсіресе, табиғаттың қас-қабағын бағып, жылдың төрт мезгілінде жартылай отырықшылық салтымен әлденеше рет қоныс жаңалайтын, тұрақты мінәжат үйі жоқ көшпелілер үшін ислам дінінің барша парыздарын толық мүлтіксіз орындау мүмкін де емес еді. Дала көкжалы Махамбеттің: «Мұсылманшылық кімде жоқ? Тілде бар да дінде жоқ», - дейтіні осы болса керек.

Қазақ халқының өзге кейбір туыстас халықтармен салыстырғанда таза діни фанатизмге соншалықты бейім еместігінің мәні де осы көшпелілікте жатыр. Дегенмен, бағзы бабаларының сорабымен сайын сахараны көктей көшкен қазақтар соңғы екі ғасыр жүзінде толықтай дерлік отырықшылық өмір сүру салтына көшті. Осыған байланысты, халықтың кеңістікті игеру, тану ауқымы да, өмір сүру салты да үлкен өзгеріске түсті және бұл үрдіс тоқтаусыз жалғасуда. Қысқасын айтқанда, қазіргі күні ислам дінінің бірнеше ағымының ортасында қазақтың діни таным кеңістігі үшін бітіспес күрес жүріліп жатыр. Қазаққа бұған дейін жат есебіндегі, яғни қазақтан шыққан жолын қуушылар бұрын болмаған өзге де діндер мен секталар да қарап жатқан жоқ, олар да қазақтың топырағына орнығудан дәмелі. Қазақтың дінтұтыным әлемінде жүріліп жатқан осы бір бір қым-қуыт доданың ішінде тәңіршілдік те бар. Мынау ғажап ашылымдар заманында адамзаттың санасы діншілдік пен дінсіздіктің көкпар лағына айналғалы қашан.

Бір анық байқалатын жағдай: қазақтың діни нанымында исламдық түсініктермен мидай араласып кеткен тәңіршілдік пен зороастризм ғұрыптары мен салттары қай қашаннан бері өміршеңдік танытумен келе жатыр. Бұл турасында Шоқан Уәлиханов «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты мақаласында» былай деп атап көрсетеді: «Қазақтар, әуелден, Мұхаммедті білмей тұрғанда да Алла менТәңіріге бірдей табынып, мұсылман әулиелерінің басына құрбандық шалып, бақсылардың құдіретіне де сенді, пайғамбар ұрпақтары қожаларды да құрмет тұтты. ...Осылай екі дінді араластыра табыну ешқандай қайшылыққа жатпаған, қазақтар екеуін де қосып ұстаған». Шоқанның бұл пікірді осыдан 170 жыл бұрын айтқанын ескерсек, қазақ қазіргі күні де осы қалыппен келе жатыр десек артық айтпаған болар едік. Себебі, тәңіршілдік наным-сенімнің сипат-белгілері ислам дінді қазақ халқының сана-сезімінде күні бүгінге дейін елеулі түрде сақталумен қатар, соңғы кезде тәңіршілдікті ұлттық дін ретінде көтеру идеясын ұстанған адамдар да көптеп табылады. Оған қарсы шығушылар дәстүрлі діндерге тән пайғамбары, кітабы, жүйеленген шариғи заңдары жоқтығын, тек ырымдар мен ғұрыптар ғана барлығын алға тартса, тәңіршілдікті қолдаушылар аталған дінді ұстану үшін Тәңірмен арадағы делдал сипатындағы елші пайғамбардың қажеті жоқтығын алға тартады. Ислам діні бір Аллаға сөзсіз бағынушысы, яғни Жаратқанның құлы ретінде қарастырылса, тәңіршілдік ұстанымда адамзат Жаратқанның баласы ретінде танылады. Тәңіршілдікте сөзсіз бағынушылық жоқ. Бірақ мұның өзі анархияға жетелемейді, түрлі ырымдар мен тыйымдар Тәңірінің қаһарына ұшыраудан сақтандырады. Шындығында ғасырлар ғасырлар бойы ұлттық менталитеттің негізін қалыптастырып, шытынатып, шатқаяқтатпай ұстап келе жатқан – осы ырымдар мен тыйымдарға негізделген өмір сүру салты, айнымас дағдысы ғой. Соның бір мысалы: қазақтағы еркек пен әйел заты арасындағы туыстық қарым-қатынас. Қазақ – жеті, кейбір жағдайда одан да көп ата арасында қыз алыспайды. Жеті атаға дейінгі рулас әйел заты – қазақ еркегі үшін әпке-қарындас. Оны жыныстық объект ретінде қарау, мұндай қадамға бару, тіпті ойлаудың өзі ауыр күнә, Көк тәңірінің қарғысына ұшырап, аруаққа шет болу деп түсінген қазақ қоғамында орынсыз ерсі қылықтарға жол берілмеген. Мұндай жойдақсыз масқара жағдай – отбасы, әулеттің ғана емес, рудың намысы ретінде қарастырылған. «Қызға қырық үйден тыю» деген тыйымның мәні осында. Бұл дәстүрді бұзғандар аяусыз жазаланып отырған. Қалқаман мен Мамыр оқиғасы – осының дәлелі. Ислам діні немере туыстардың балаларына үйленуге рұқсат бергенімен, қазақ халқы ғасырлар бойығы мұсылмандық тарихында мұны еш қабылдаған емес. Біздің мақсатымыз – ислам дінінің адамгершілік сипаттарын жоққа шығарып терістеу емес, қазақ халқының дәстүрлі мәдени дүниетанымы өзге жақтан қабылданған, күшпен таңылған ешбір таным-сенімдерден кем еместігін, керісінше, ұлттың бар болмысымен тұтастықта екендігін айта отырып, оқырманды аз да болса ойландыру еді. «Ертеден келе жатқап әдет-ғұрып, салт-сананың қайнар көзі, қазір біз шамандық — ескі наным ден атап жүрген, кезінде, бүкіл халық табынған нағыз дін еді», - деген Шоқан Уәлихановтың түйінді пікіріне қарап, қазақтың дәстүрлі салт-санасының, әдет-ғұрпының қаншама қысастықтар мен шетқақпайлық күйді кеше отырып, осы күнге дейін жойылмай келе жатқан өміршеңдігінің мәнін түсінгендейміз. «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» мемлекет құраушы ұлтымызды, тәуелсіз мемлекетімізді көлденең қауіп-қатерден сақтаудың басты тетігі – заманауи білім-ғылыммен қарулану, діни наным-сенім тұрғысында тым тереңдеп кетпей, ұлттық таным аясындағы сарабдал, салқынқанды ұстанымнан айнымау болса керек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар