Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Сүт аңқыған өлеңдер...

08.03.2020 4268

Сүт аңқыған өлеңдер 12+

Сүт аңқыған өлеңдер - adebiportal.kz

Мәриям Хакімжанова. Ана сыры

Дүние ұзақ сапар, бір кең сарай,
Адамзат алуан-алуан келген талай.
Біреулер сайрандаса тамашалап,
Біреулер азап шегіп өткен жылай.
Өмірдің талай асқар биігінен,
Кім өткен не сүрініп, не құламай.
Жүрегін оққа ұстап ер шабады,
Күн туса, ел басына екі талай.
"Айда аяқ, жылда жілік жоқ, шырағым,"
Деп бастады кәрі ана сөзді осылай.
Жанарсыз жасаураған көздің нұры,
Тереңнен тербегендей сөздің түрі.
Жүректің кілтін ашып жібергендей,
Аузынан шықты атылып өмір сыры.
Нұрланды, ажарланды әжім беті,
Біткендей дүниеден барлық мұңы.
Қарт ана қайта жасап нұрланғандай,
Кайтадан шешек атып жастық гүлі.
Шарықтап қуанғаннан кетті қиял,
Шертіліп жүрегімнің нәзік қылы.
Карт ана күлім қакты шаттанғандай,
Алдында ақын қызы баптанғаңдай.
Өмірден көргендерін күймен шертті,
Сақталған ой казынасын ақтарғаңдай.
Күй толқып тасқындады екі шектен,
Күй сыры ой төріне сақталғандай.
Қосылып кейде ана саңқылдайды,
Қарт көмей ақ күміспен қақталғандай.
"Жаңа өмір" күйдің аты деп шертеді,
Алдында ұл-қызының мақтанғандай.
Серпіліп кенет ана кетті шалқып,
Он саусақ жорғалайды шекте калқып.
Шегінен домбыраның сорғалаған,
Отырды үйдің іші күйге балқып.
Нәзік үн жүрегімді аралады,
Кейде ащы, кейде қоңыр баяулатып.
Тереңнен тербетілген теңдік күйін,
Күйші ана теңселеді шалқи тартып.
Кейде күй мыңқылдайды бас пернеде,
Булығып өксігендей әлденеге.
Күңіреніп кейде сарнап жөнеледі,
Саусағы шекті кабат сермегенде.
Кейде күй безілдейді "беу-беу" кағып,
Басқанда сағадағы төрт пернені.
Шаттанып сыңқылдаса кейде аққудай,
Кейде тасып ағындап төгіледі.
Өткен өмірін ананың күй баяндап,
Аяғандай зарланып еңіреді.
Казақ қызының азабы бір кездегі.
Күй сазынан елестеп көрінеді,
Кейде ана көздің жасын алады іркіп,
Кайран жастық өттің дейді жасын сүртіп.
Кимешектің етегін серпіп тастап,
Қомданғаңдай канатын қыран бүркіт.
Катпарланған кабағын кағып тастап,
Касын керіп күлімдеп, кейде мүлгіп.
Кайран жастық өттің деп өкінеді,
Тулағаңдай жүрегі бұлқып-бұлқып.
Күйші ана күңірентіп күйін тартты,
Тояр ма тыңдап құлақ күйді тәтті.
Осы күй тербеткендей тындаушыны,
Тым-тырыс отырғандар маужырапты.
Сұлу күй сорғалаған сылаң кағып,
Тал бойын талайлардың балбыратты,
"Шіркін-ай, күй-ақ екен" деп қозғалып,
Таңырқап талай адам таңдай қақты,
- Сендерге сақтағаным тағы да бар,
Деп ана тартқан сайын карқындатты.

Күләш Ахметова. Ақын – Әйел

Басқа әйелде басқа арман, басқа мұрсат,
Отырады асықпай әңгіме айтып.
Ал мен үшін әрбір күн – қас-қағым сәт,
Еркіндікке енбеймін енді қайтып.
Бар бейнеті ақынның жүр ме өтеліп,
Гүлдей нәзік көңілімді кім ескерген.
Бір жеңіліс, бір жеңіс, бір қателік...
Қажыдым бұл қарусыз күрестерден.
Күтусіз деу сәбилер, гүлдерім де,
Әйел үшін ақындық – ерек сынақ.
Өз ісімді үлгермей жүргенімде
Хат жазады көбісі көмек сұрап.
Уақыттағы мазасыз әр мағына
Уайым боп жетеді қазір маған.
Білем маған ешкімнің арманына
Қөңіл бөлмей отыру жазылмаған?
Іс табамын қиналып бұлай үнсіз,-
Аяғаннан әзірше сыр ұқпай ел?
Мен де одан да болмадым уайымсыз,
Парықсыздау, әдемі, қылықты әйел.
Көп күрсініп отырам не түндерде,
Қуаныштың алыстап әні керім.
Ойға оралып жалғыздар, жетімдер де,
Тынышымды алады бәрі менің!
Қабағымды қандай күш ашар мына,
Жақсы кештің керген жоқ шәрбаты ұнап.
Жүргендеймін әйелдің басы орнына
Кішірейген жер шарын орнатып ап.
Тәтті ұйқыға жібермей дауылдай түн,
Өлең іздеп отырам бұрышта ана.
Әлемдегі өмірмен ауырмайтын
Жандар ұйықтап жатыр-ау тыныш қана.
Отырғанда мазасыз ғашықтай тым
Мазасыздық сәт сайын жанымда үдей,
Жиын-тойдан қайтуға асықпайтын
Әйел болғың келеді кәдімгідей.
Кәдімгідей жақсы әйел болу қиын.
Жыр іздейді жүрегім, қолым, миым.
Қыс па, жаз ба, білмеймін оның күйін,
Ауа райы мен үшін – көңіл күйің.
Қайда жастық – қызығы мол шақтарым,
Көкжиегім барады көлемденіп.
Төгілді де бадана моншақтарым,
Әлдиледі қайтадан өлең келіп.
Қасиеті өнердің жебесінде,
Еркіндіктен не пайда мен аңсаған?
Қалдырарсың атымды ел есінде,
Рақмет сол үшін, өлең саған!

Қанипа Бұғыбаева. Бала емізіп отыр ана

Бала емізіп отыр ана, ойын бөлмей басқа түк,
Бұл минуттан басқалардың көксегені бос бақыт.
Бала емізіп отыр ана, бір өмірді алға алып,
Мейірімі күн нұрындай махаббатқа жалғанып!
Қайран дүние-ай, қайтіп айтам аналардың сол шағын,
Ақ мамасын қорғап жатқан нәрестенің саусағын.
Қайтіп айтам шымырлаған тұла бойды теңіздей,
Айту айып, ана болып бір өмірді емізбей!
Көздерінен шуақ отын жарқыратып, маздатып,
Бұл шағынан анаға түк керек болмай тәж-бақыт.
Бәрінен де ерек болып, еш дүниеден жасқанбай,
Баласын ол емізеді, жерді емізген аспандай!
Тұла бойы тұрса ананың тамыры иіп, нөсерлеп,
Тебе ме, деп әттең дүние-ай, шошынамын «есер» кеп.
Ана көкірек жаңбыр болып тұрса бір сәт сіркіреп,
Қорқытпаса екен деймін, аспан асты күркіреп!
Басына ұстап шексіз-шетсіз бақыт деген шатырын,
Бала емізіп отыр ана, ақырын жүр, ақырын.
Еміп жатқан күн нұрындай, мейірімнен, қызудан,
Әз ананың әппақ сүтін, лайламасын қызыл қан!
Бала емізіп отыр ана, бір өмірді алға алып,
Болашақпен бүкіл жаны сол арқылы жалғанып.
Жан-жүрекке ана-жердей, алысқа бір жол шегер,
Ей, адамзат, әкет әрі, қолыңда оқ болса егер!

Фариза Оңғарсынова. Әйелдің монологы

Сенің от құшағыңда
дүниені ұмытып талқысыдым.
Жүрегімді өртеді жан ыстығың.
Мынау байтақ әлемде тек екеуміз
жүргендейміз айналып ғарышты мың.
Көзімді ашсам шырын сәт көзден ұшып
кететіндей жанарды тарс жұмдым.
Сен аймалап алқындың,
одан сайын есімді шығардың да,
мен балқыдым көміліп қылаң нұрға.
Жақсы сөздің барлығын саған айттым,
ішімнен бе, әлде үн шығардым ба…
Сен жанымда жүрдің де
жанарымды толтырдың жылылыққа
(жан жылуын балар ем ұлылыққа).
Тәттілігін сезіндім бұл өмірдің,
әр күніне тоймадым құнығып та.
Қайырымды да боп кеттім. Қатыгез жан
дірілдеген жүрекпен сыр ұғып па?!
Бірақ өзің айныдың.
Ұмыттың да жастықтың жұмақ күнін,
сен мысқылдап, мен болсам жылап тұрдым.
Өмір деген бұрқанған дарияға
бұрымымнан ұстап ап лақтырдың.
Сонда ғана есейіп, бұл жалғанда
бәрі алдамшы екенін бір-ақ білдім.
Сенің от құшағыңда
ардан аттап, қалдырдым пәктігімді,
ләззатқа батырған ақ түнімді.
Айырдым мен аяусыз енді кимес
ақ көйлекті тігілген сәтті күнгі…
…Мен күнәкар емеспін ар алдында,
құдайың да кешеді тап мұнымды.

Марфуға Айтқожина. Анашым

Анашым!
Болармысың енді де алаң,
Күн туды көретұғын елді де аман.
Арада отыз жылды сабылдырып,
Басына қабіріңнің келді балаң.
Басына келді балан қабіріңнің,
Сеземін,
Сарқылғанын сабырыңның.
Аз ба екен жер бетінде өзегі өрт боп,
Азабын тартқан жандар сағынудың.
Жүрген соң сағыныштан қанат байлап,
Өзіне адам биік талап қоймақ.
Кездесер осы күннің сәтін тосып,
Жүрегім тайдай тулап,
Таң атты ойлап.
Көзіме көрінбейді
Қосағашын,
Қалайша көңіл енді босамасын.
Жанарым –
Тұнып аққан тұма болды,
Туған жер аттаған соң босағасын.
Кездесіп тұрмын үнсіз талайыңмен,
Кезінде шуақ төккен арайым ең.
Кім білсін,
Енді қашан соғарымды,

Қабіріңнен топырақ алайын мен

Азия Мағыпер. Анаңның сыйы – асылың

Айдың сынығы

Анамның түсті қолына.

Бұлттардың тозған жұлығы

Даланың тиді жонына.

Манағы айдың сынығын

Жүзік қып маған сыйлады.

Бұзылмай бұла қылығы,

Пәк қалсын деді-ау иманы.

Кірбеңдеу жетті ғасырың,

Кірлемей қайтіп өтесің.

Анаңның сыйы – асылың,

Далаңның сыйы – зекетің.

Ғасырдың тартқан шылымы,

Қырсық боп қымтап мұз үстін.

Көзіне уақыт ұрының,

Сәулесі түсті жүзіктің.

Сәулеге шомды маңайым,

Тұрды-да қойды тау қалғып.

Аразға жақын ағайын,

Азабын жүр аужал ғып.

Көрінді күллі дүние,

Көрімді тобыр жүр қазып.

Қойшының қоңыр үйіне,

Қожаңдап кірді мырза жұт.

Мырзалар тосын молайды,

Бір хабар жетті сұмдықтан.

Торғайы әнші тоғайды,

Шаң жұтқан.

Мені де мүжіп мұң,

Сағымға еріп сандалғам.

Көзінен өткен жүзіктің,

Біреуге алданғам.

Жанат Әскербекқызы. ХІ ғасыр өлеңі немесе Қыпшақ қызының
Оғыз оғланына арзуы

Жанарымда күн күлгенмен түн жылап,
Мен жұртыңда қала бергем тұнжырап.
Оғыз-оғлан, қайрылмастан кетіп ең,
Қиыр жайлап, ұзадың-ау тым жырақ.

Өкпек желді өңменіңнен өткеріп,
Өткен істі ағайынға өкпе ғып,
«Барар жерім – Балқан тау» деп кеткенсің,
Ала бұлтты сауырыңа бөктеріп.

Көшті уақыт тұяғында күліктің,
Ата жұртты, ару қызды ұмыттың.
Сайын дала самалына мұң шаққам –
Шылбырына оратылып үміттің.

Қуқыл тартып құла дүзде гүл-өңім,
Қара жолға қарайлаумен жүдедім.
Сағынышым нажағай боп ойнаған
Түлей түннің қақ айырып түнегін.

Тағдыр айдап Ұрым кеткен Оғланым,
Құрылықты дүбірлеткен Оғланым,
Ұрын келер ғұрпың бар-ды жұртыңда,
Сол ғұрпыңнан түңіл деп пе ем, Оғланым!

Арғымағын тарпаң еткен Оғланым,
Жат қамалын талқан еткен Оғланым,
Бөтен жұртта бөрілі ту көтеріп,
Түркі даңқын қалқан еткен Оғланым!

Аманат жұрт менде қалған, Оғланым,
Жүрегімді шерге малғам, Оғланым.
Тәнім – тасқа, жаным – жасқа айналып,
Көмбе болды мендегі арман, Оғланым!

Түске айналдың, ғайып болып өңімнен,
Бұл ғасыр да бұлт боп көшті көгімнен.
Саған тағар түк кінәм жоқ... әншейін
Бір бейкүнә сезім қалды егілген.

Ата жұрттың айта аламыз жайын біз,
Маңдайдағы жазмышқа да қайылмыз.
Қайта оралып соғар болсаң қарсы алар
Балбал мүсін болып тұрған айым-қыз.

Гүлнар Салықбай. Секемшіл көңіл сыр берер

Өкінді, гүлім, өкінді –
Бүршігін енді аша алмай.
Кешіккен ұшақ секілді
Ауа райынан аса алмай.



Секемшіл көңіл сыр берер,
Тұрғызар үміт құласаң.
Кешіккен ұшақ бір келер
Күтуге оны шыдасаң...


Сол күннен қайда жүр дерек?..
Жан бар ма оны есіткен?!
Гүлдердің жөні бір бөлек –
Көктемі мәңгі кешіккен.


Қызады нанның күресі,
Сенісер жандар селдіреп.
Көзімнің көркем үлесі
Қарайды маған мөлдіреп.


Бітпеді қызық түс әлі,
Асықпай мен де кетем деп.
Жанымның жалғыз ұшағы
Кешікпей ұшса екен тек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар