Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Айзат Рақыш. Киелі қоңыр өлең иесі

11.03.2020 938

Айзат Рақыш. Киелі қоңыр өлең иесі 12+

Киелі қазақ поэзиясында небір дүлдүл ақындар өткені баршаға аян. Бүгінде сол өткен ұлыларды аңсап, «қазір ондай ақын жоқ» деп жыламсырайтынымыз да рас. Бір қазақтың басына Алладан сыйдай берілген Абай екеу болса қалай болар еді? Жә, болжау мен көріпкелдікті шетке ысырып, ақиқатқа көз салайық. Иә, Абайлар мен Шәкәрімдер қайрылып келмесі анық. Бірақ бұл қазіргі қазақ поэзиясы өлместің күйін кешіп тұр деген сөз емес. Махамбеттей «Мен, мен едім, мен едім» деп асқақ рухты жыр жазбаса да, Қасымдай «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп мөлтек сырын жайып салмаса да, қазіргі қазақ өлең өнерінде атап айтарлықтай, жауһар жырлы ақындар баршылық. Сондай Тәуелсіздік кезеңі туғызған бір топ жас ақындар шоғырының ішінде Біржан Ахмер есімін ерекше атағым келеді. Оған себеп көп-ақ. Ендігі сөз ақын Біржанның поэзиясының өзіндік табиғаты мен үлкен буын ақындарымен сабақтастығы жайында болмақ.

Қазақ ақындарының жырларынан қазақылық бояу іздейтінім бар. Әйтпесе оны қазақ ақыны деп атап қайтеміз? Сол атауға мейлінше лайықтықты жас қаламгер жырларынан көрдім. Ол-асып-таспайтын сабырлы, арнасынан лықсып кетпестей салмақты қоңыр жырдың иесі. Қазақ үшін киелі қоңыр ұғымы ақын өлеңдерінде күмістей реңге ие. Қайсыбір жас ақындар «ХХІ ғасырдағы жаңашыл жыршымыз» деп әсіре қызыл тіркестерге ерік беріп, желөкпе атой салып, жеңілтек халге душар болатындары бар. Ал Біржан жырларында берекелі қоңыр күй, ескі, бірақ ғажайып ұлттық бояу салтанат құрып тұр. Сөзімізге ақын жырларынан ұзінділер келтірейік. «Ымырт түссе, қанат жайып адырға ән» өлеңінен үзінді сөйлетейік:

...Қоңыр төбе,

Оңашада қоңыр мұң,

Жерді шарлап қоңыр ойдың құсымен,

Арлы өлеңге жан бітіріп отырмын,

Жүректегі құдіреттің күшімен.»

Қоңыр төбеде қоңыр мұң құшағында қоңыр ойын шарықтатқан жас ақын! Мұңының өзі қастерлі-арлы өлеңге жан бітіру қамы. Бұл өлеңді оқығанымда төбе басында жалғыз шөккен шежіре қария да елес берді. Туындыларына өзі тарапынан айтқан мөлтек сырын бір тармағынан «ұстап алдым»: «Жырыма ұқсап қоңырланған жер беті...» Ақын өз жырындағы қоңыр күйді оқырманына сыр ғып күбірлейді.

Ақын табиғатында тұтасқан қоңыр әуен «Аққу күйі» өлеңінде тіпті қоюлана түскен. Тағы да үзіндіге кезек берелік.

«Беу, домбыра, өміріме өң берген,

Сенен ұлы сағынышты сезгем мен.

Сенің қоңыр дауысыңа анамның,

Құрсағында жатқанымда-ақ тербелгем...»

Қазақтың көнеден бергі тынысы- домбыра болса, сол ежелгі киелі қоңыр үн ақын өлеңіне сағыныш болып қонған. Мұнда домбыра шанағынан төгілген қоңыр үнге балқитын нағыз қазақ баласының жаны бар.

Жаңа ғасыр поэзиясының өкілі Біржан көненің көзімен бүгінді сөйлетіп отыр. Оның жырларында сал-серілермен сабақтастық байқалады. Дәлел келтірейік. Ақан серінің өлеңінен үзінді:

«Көзіңнің құмартамын қарасына,

Ғашықтық құлағың ал наласына...»

Ғашығының қара көзіне құмартқан Ақан сері. Ал Біржан Ахмердегі ғашықтық жыры қалай нақышталады? Үзіндіге тіл бітірелік.

«...Күнім, саған жарасар күрсіну де,

Тылсымы көп көзіңе түн сіңуде...»

Біржан өлеңінің бояуын қалыңдатып, «қара көзді аруға ғашықпын» деп сүреңсіз бере салмай, «көзіне түн сіңген» деп бейнелеп берген. Сондай-ақ, «Жүрегім жүрегіңмен үндеседі» өлеңінде Біржан қыз сипатын «Көздерің-қоюланған түн кешегі» деп өз үнін қайталай, үндестіре жалғайды. Сұлуының жанарынан сыр ұғатын сонау серілік дәстүр бүгінгі жаңа кезең поэзиясы өкілінен табылғаны да зор қуаныш.

Ғашықтық жырлары, әсіресе, мөп-мөлдір. Ақын сүйгенін «күнім, жарығым» деп еміренеді. Қазіргі «тым жаңа» кей ақындардың басым көпшілігі «жаным» деген сөзді жиі қолданып, оны жаттанды, ешбір сезімсіз бір сұрқай сипатқа сіңіріп жіберді.Ал Біржанда «жаным» сөзі аса көп қайталанбайды. Сонысымен де бағалы. Серілік дәстүрмен тағы бір үндестік сарын «қалқатай» сөзін орынды, әсерлі қолдана білетіндігінде. Ақан серіден бір үзінді берелік:

«Ой, қалқа, біздің көңіл қайда жатыр,

Толқыған он төртінде айда жатыр...»

Сүйіктісіне «қалқа, қалқатай» деп тіл қататын сал-серілер дәстүрі Біржан ақында жалғасын тапқан. Дәлел ұсынайық.

«...Жас тамғанын көріп пе едің, қалқатай,

Жанарынан жылқының?»

Жүйрік ат, сүйген қалқа, аруына жан сырын тебірене ақтарған ақын жігіт ықылым заманда қалған серілерді елестетері даусыз. Сондықтан Біржан өлеңдерінде өткенмен өрелі идеялық, тілдік сабақтастық бар деп сеніммен айтсақ еш қателеспейміз. Көненің сынығы жаңа ғасыр әдебиетінде де көрініс тапқаны үзілмей келе жатқан әдеби ұдерісті көрсетсе керек.

Ендігі сөздің орайы жас қаламгердің тілдік шеберлігінде. Жалпы, жас ақын алғашқы өлеңімен-ақ өзіндік қарымын, көркемдік деңгейін аңғартып үлгерген. Тек Біржан Ахмерде ғана кездесетін жаңа тілдік тіркестер мен ғажайып бейнелі құралдарды шоғырымен атап өтейік. Жер бетін «құсни хаттай шимайланған» деп, өмір мәнін «қара жүрек, ақ арман» деп көркемдеп беру ақынның төл тіркестері. Мұндағы қара жүрек сұм жүрек ұғымын білдірмейді, керісінше қазақтағы қасиетті қара түстен нәр алған тіршілік бастауын нақыштайды. Ақын «маңдайдағы жазмыш желі» тіркесін өте сәтті тудырған. «Құлын-арманның кісінеуі», «қыз-ауаның күлкісі», «құс-көңілдің шын ғашығын іздеуі» тек Біржанда ғана кездесетін, әрі жас қаламгер қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңба етіп енгізген бояуы әсерлі бейнелі тіркестер. Кейде ақын шабыты шарықтап, «көк теңіздің кісінеген дауысын сеземін» деп аспандап кетеді.

Міне, жас ақын жырлары әлдекімге еліктеуден ада, жалаң жаттанды тілден таза. Көркем сөз кестесіне ұлттық нақышы қосылып мөлдіреп тұр. Қазақы философияға толы иірімдері оқырманының жан-дүниесіне қонақтап қалу үшін туғандай. Жазғанынан жазары көп жас Біржанның қазақ поэзиясына басқан салмақты қадамының тұңғиық ғаламға айналарына жырлары кепіл.

Сурет ашық ғаламтор кеңістігінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар