Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жәнібек Әлиман. Гүл ерінін сүйген шық

13.03.2020 973

Жәнібек Әлиман. Гүл ерінін сүйген шық 12+

***

Ештеңе жоқ алданар...

Жалғыз екем... (анық тұлғам сезілді)

Көктегі Күн – зарықтырған сезімді.

Тік қарасам Ол да ағызып түсердей

Жанып тұрған көзімді.

Күн басымен ол да, бірақ, білмейді-ау,

Үзетінін мендік ұлы төзімді...

Өмірсіңді өзегіммен мен содан

Ойлай берер болдым жалғыз өзімді...

Өзімді ойлап тынғаным –

Сезім бойлап – Құдайды ойлап тұрғаным...

Жалған өмір, несін онда бұлдадың?

Мен емеспін... сенсің менің құрбаным...

Қайғы-мұңға бауырынан жараған

Тағдыр батқан қу жаным-ай, қу жаным!

Алда күткен қандай сор һәм нендей бақ?!

О, бейшара, тағдырыма сен бе айғақ?!

Сор ұсынса, сорбатпақтап, сүрініп,

Қол ұсынса бақыт – оған сенбей қап,

Дүниеге табылмайды мендей жат.

Қанатына ұшып жүрген шер байлап.

Бақ пенен сор малшылаған бар күнін,

Жан сұраған әр күнім...

Мен деген ол – маңдайдағы тағдырым,

Хақтың өзі күңіреніп қашаған.

Қалай-қалай қиыстырып жасаған?..

Пенделердің арасында пері боп

Соның сырын жазып жүрген зарлымын!

Ал, не дейсің сорым ба,

Бәйіт оқып, бәдік болған қорымда?

Күнә қылған жүрек пе әлде ақыл ма,

Сезім шығар... қанға батқан қолым ба?

Қырсығым жоқ Жаратқанға жасаған

Тұрғаны жоқ Ол да менің жолыма.

Сорлайтынын біле тұра сезімнің

Мына өмірден неге күттім мағына?

Не күтемін тағы да?

О, Жасаған, шүкір Сенің барыңа!..

Арылу...

(С.Сағынтайға)

Жанымды қоятын жер таппай...

Қонатын ел таппай,

Қара түн – қайғыны хат қылып,

Баратын жерімді Хақ біліп...

...Абылды қоятын жер таппай,

Қабылдай қайғыдан күйредік,

Қарғадан үйреніп,

Қарғадай жиреніп,

Көрге әкеп тыққанмен бауырды,

Күнәні жерлеуге шарам жоқ,

Алдайтын күш қайда Тәңірді?..

Ішімнен қайғы жеп,

Жанымды

Ап қашқым келеді басымнан...

Бауырмен қоса өзін жерлеген

Қабылдай қайғылы мен деген

Жасырман...

Ми тергеп,

Сең соғып, күй тербеп,

Бейкүнә Абылдай,

Қанжұтқан қапалы Қабылдай,

Қарғадай ұсқынсыз – өмірдің

Түсінен жазу боп бөліндім

Күшімен Тәңірдің...

Жазудан арылдым,

Жазудан жаңылдым...

Бір таңба басқаннан:

Мақшардан

Аяндай бақсы алған...

Көк қошқар түссе де аспаннан,

Жанымды ап қашты арман...

Өрнек сап, түр салып,

Өзгеше оянған бір шабыт,

Жазылған жаңа хат –

Алла мен жүректің арасы –

Қас-қағым замат-ақ!

Аяқсыз, басталған…

***

Құдай сынды қарап тұрдым – уақыт боп:

Дүниеге батпақтап жүр батып көп.

Жаза салдым маңдайына кещенің

Қарамай-ақ бақытқа да бақыт деп...

аспаған да, таспаған да кенере,

Өмір деген ойыншық па, немене?!

Күн дегенің күміс табақ – сатып ал,

Ай дегенің алтын толы тегене.

Жарылыстан қопарылсын жарты әлем,

Жұмысым жоқ әлем сыйған картамен.

Анау өтсін орын-тақта шіреніп,

Ақын өтсін аспан тіреп арқамен...

Сүймек ішім күймегі шын, бұ да сын,

Ақиқат па, арқа тоссын шыдасын.

Уақытқа жазып қойғам о баста

Айтшы, қане, оған қайсың куәсің?

Құдай сынды...

Ауар емес түкке есім,

Қалар емес дүниеге жүк, қосым.

Өкінерін білмей өткен – сен емес,

Мен қоямын мына өмірдің нүктесін!

***

Ешбір мазам болмады бүгін тағы,

Өршеленіп шашқандай жын ұлпаны.

Боран кейде бұрқанған бақсы емес пе,

Бақсы болу бұл күнде жақсы емес те...

Бақсы болмақ түгілі, жақсы болу...

Жақсы болу емес пе жақсы көру?!

Жақсы көру бұл күнде түлкіге ұқсап

Ін ішінде жек көру қасқыр елін...

...Ақыл-есі тұп-тұнық бақсы емес пе ед,

Бақсы болу бұл күнде жақсы емес тек...

Арқасында тұратын бақсылардың...

Көне-көне дәуірлер – кескіні Ардың!

Бақсы ойларға байланған ол замандар

Кеудемде жүр, өзіммен жасты емес пе?!

(Сарынымен сыналап көшкен еске).

Бақсы жайлы не дейді көшкен аңыз,

Жақсы жайды біз содан еске аламыз.

Көшкен аңыз кетіпті тым қартайып,

Ол екеуміз сонда да дос боламыз.

Мүмкін үміт сыйлаймыз келер жасқа,

Келер жасқа, замандас көре алмасқа.

Бақсы ойларды уақытқа жазу үшін,

Адамзаттың ұлғайтып аз ырысын.

Ал сенікін, ақ боран, түсінбеймін,

Менікі ме, менікі – өзім үшін!

Түк келмейді қолымнан одан басқа...

Енді сен ғап, жын ұрған бақсыдайын

Жан тарпып тұр ішімде өлең қасқа!

Серт пенен дерт жазылған жоғалмасқа...

***

Жас ағады аулақта...

Абай

Сен мені табалай бер,

Осылай білгенінше шамалайды ел.

Төбеңнен аспан құсап төңкерілсем

Қарамай көр!

Солай ғой – сеңгір өлең,

Қарғам-ай, не тілейсің енді менен...

Әлі күн естігем жоқ жан баласын

Басына аспан құлап өлді деген.

Барлығы үйреншікті, ә?

Күн шыға гүл ерінін сүйген шық та...

Жалғанға ақын көзбен қарашы өзің

Үйден шық та...

Болмаса... қаралай бер,

Кей-кейде сезесің бе, қарамай көр:

Осынау дүниені бауырына ап

Өксиді, елжірейді баладай жел...

***

Ол келгенше басталмаған ештеңе...

Оянғанда, күндіз, түнде, кештеде.

Тілсіз әлем тұра берген тұнжырап

Өткен-кеткен түспегендей еске де...

Тар арнада ақындық та тулаған,

Даламда ана батырлық та тумаған.

Қуаныш та шаттық ертіп келмеген

Қасірет те көкіректі улаған...

Іңір солай тұра берген іңір боп,

Жарытып па күйкі тірлік ғұмыр боп?..

Жас баласын жақсылыққа жұмсаған

Қарт анасы күтпегендей күлімдеп...

Бәрі орнында өтіп жатқан – жат, өгей,

Адаспаудың өзі кейде қате ғой?..

Ай да туған, Күн де шыққан ақырын

Суық нұры салқын қабақ әкедей...

Қауырсынды қан нұрына матырып,

Болса да ақын жазбағандай аһ ұрып.

Көгершіндер көңілдерден бұрқырап

Қанатына ұшпағандай хат іліп...

Мейірімге шөлдемеген қаталап –

Ой үнінде тілдеспеген – жат алап...

Алыстаған мен шығармын... сен емес

Сен емессің мисыз жүйрік Махаббат…

***

Қазақта үйінен шықпаған деген сөз бар...

Автор

Тысқа шығып жүріп келсем дедім мен –

Тағы алданып алдамшы бұл өмірден.

Көше толы кейіпкерлер қаптаған –

Анау – ашаң, мынау қалай семірген?

Мына бейбақ қыртыс-қыртыс бет-жүзі

Темекідей мыжылыпты шегілген.

Түсімде емес, өмір құшып өңімнен,

Үйден шығып жүрейін бір дедім мен...

Мынау – сылбыр, ана біреу елірген.

Темекіні мыжып тастай салғандай

Анау тіпті шаршаған-ау өмірден?!

Кісілердің арасынан паң біреу,

Анадайдан көзге ұрады алдымен.

Ит жетектеп өткен анау сол иттің

Соңында өзі кеткендей-ақ қарғымен...

Жалт ете қап бөксе тұсы, балтыры,

Мына қардың жер жарғанда қарқылы,

Ауладағы алпыс еркек арқырап,

Бәлкім тұрып жерді бір-бір тарпыды!

Тағы алданып алдамшы бұл өмірден,

Тысқа шығып жүріп кетсем дедім мен...

Мен мінетін көлік болмай шыға ма

Ана автобус, мына такси көрінген?

Үйден тысқа шықпай жатып – көшеге,

Осындай ой кештім екен нешеме?

Құдіретті Құдай жазған пешене

Неғып осы жүр деп тап-тар көшеде?!

Көкке қарап қоям кейде... десе де...

***

Уа, жапырақ!

Ала жаздай тілеуіңді тіледім,

Қараша кеп сені де алды бұл өлім.

Топырақтың нәсілі деп өзіңе

Қанжылады жүрегім.

Арзымады тілегім.

Сен бір өлсең, арманың не, мені іштен

Ар алдында қуырып жеп тірі өлім...

(Бір-ақ өлген сен не деген ірі едің?!)

Суығанмен жаттай Күн,

Ар адамның тағдыры ғой, сатпаймын.

Қара суық қағынады, мен жерде

Қурап қалған сені ызадан таптаймын.

Өшім сенде қалған ба?

Қол созатын кезімде осы арманға,

Жалғыз өзім жаттан бетер суынып,

Жар бола алмай барам неге жалғанға?!

Аспан ғана тұр биік,

Ала жаздай асыраған нұр құйып.

Мен ызадан жарыларға шақ қалам

Бұлт ішінен Күн қарайды кіржиіп.

Бәрі осылай шешінбек,

Онсыз қайтпек, етіңнен ет кесіп жеп.

Жалғыз-жарым күнәм болса жасаған

Оны да Алла, білем, өзі кешірмек.

Кешірмейтін сендер ғой деп пе едіңдер?!.

***

Патшалардың көрініп ішпейтіні сияқты...

Жұрт көзіне түспейтіні сияқты...

Қорлық екен мына жай:

симфониялық оркестр концертінің

ортасында қол соғуға болмайды екен,

Құдай-ай?!

Бірақ, соны білмей ме екен, біле ме,

Ел соңында орындықта ең шеткі,

Отырған жан кеш үстінде қол соқты!

Елдің бәрі жалт қарады сол жанға,

Бәлкім, надан, қараңғы деп қорлауға.

Анау, білем, еркіндігін көрсетті

Адамдарға ақыл-ойы кем, шекті.

Сөйтіп оның рухындағы еркіндік

Күллі залға табиғатын ерсі етті.

...Мен қайранмын мәдениетке көптегі!

Тым сыпайы көрінетін боп, тегі.

Ел қатарлы жата берер мүләйім

Жетпей бара жатса-дағы оттегі...

Маған әлгі жігіт қатты ұнады

Жастау албырт ақын еді ол, өйткені.

Ақын екен баса алмаған арынын,

Ұлы өнердің біле-тұғын қадірін,

Ақын екен: азаттығын жанының,

Бостандығын арының,

Жасырмайтын,

Мінезіне сата алмайтын жабының...

Бұл мінезім жақпаған соң амалсыз,

Сіз де маған тасырайып қарарсыз.

Адамзаттық мәдениетті сылтау ғып,

Қарсы айтуға қырық мысал табарсыз.

Маған мейлі...

Жұрттың бәрін разы ғып,

Ел қатарлы жалтақтаудан қажыдым.

...Саған қалай жетпеді осы, қайранмын,

Сол қасиет маған қойған жазылып.

«Халық жауының» баласының сөзі...

Тәңір сүйген болады кісі нендей,

Жұрт сүймейді жүрген соң кішіреймей.

Мына заман еріксіз Әлиманның

Төрт қасқырын есіме түсірердей...

Шерменде қып заманы – өткен тынып,

Көз алдыма келеді төрт бөлтірік.

Төрт бөлтірік – төрт қасқыр өрттен шығып –

Төрт құбылам қарап тұр мен нетпекпін?

Қанды кекке көздері кеткен тұнып...

Төрт бөлтірік – төрт бөрі өрттен шығып,

Жанарлары, қарап тұр неткен суық.

Төніп беріп төртеуі төрт жағымнан

Елеске еніп кеудеме кетті ол сіңіп...

Жүрек шаққа қалады жарыларға,

Жалғыз Тәңірі ұқпаса жан ұғар ма?

Содан бері ұлиды қасқыр қаным

Жолап кетсе жаныма жабы, қарға...

Мазамды ала бермеңдер, өтінемін!

Жалған күліп жалғанға беті керім.

Әлиманның төрт ұлы – төрт қасқыры,

Жарып кетіп жүрмесін қапияда

Жарып шығып ақынның көкірегін...

.....................................................

Тегімдегі, ей, менің бөрі кием,

Сені маған жазған ба Тәңір-ием?!

Адамы аяр заманда солай Алаш,

Бөрі болып кетеді жан аямас,

Аспандағы Алланың әмірімен!

Қытай қорғаны

(Таласбек Әсемқұловты оқығанда)

Қаптап өрген құмырсқа жұрт бұл дейтін,

Құмырсқаның бәлесі аз-ау білмейтін.

Білмейтіні жоқ-ау, бірақ, бір нәрсе

Үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін...

Жер бетіне қорған, қала, қамал сап,

Еркіндікті келеді адам әлі аңсап...

Ол аз десең, өмір-дастан шындығын

Көлегейлеп көрсетпейді – заман-шақ.

Ал, несі ұлы?

Мен қытайға таң қалам,

Және таң ғап қарайтындай ол маған.

Қалың қытай түсінде сол қорғаннан

Асып түсіп, батып бара жатады

Өмірінде Азаттыққа болмаған...

Тұтқын

Боран соққан даласы емес Алаштың,

Заман соққан ақ түрмеде адастым:

Кең атырап, салтанатты ақ орда,

Нән қалалар, құпиясын жаңа аштым...

Сонда туа сотталған бір ұланмын,

Неге, әйтпесе, ақталуға құмармын?

Іргесі бек тұрқы қайда Алаштың,

Түрмесі жоқ жұрты қайда Тұранның?

Түрім мынау бұға-бұға түнерген,

Күнім мынау ұрмай-соқпай тірі өлген.

Кім жасаса соған таңмын, Тұранның

Даласын да түрме қылып жіберген.

Құранды да жүлдеге іліп жіберген!

Боран соққан даласы емес Алаштың,

Заман соққан ақ түрмеде адастым:

Күттім, жаным, әділетті Құдайдан

Тұтқын жаным! Келмейді енді жақ ашқым!!!

Тәсіл

Өмір дейтін елді алдайтын тәсіл ме,

Қор боппын ғой, сонда өмірлік бәсім не?

Анау жаңа, мынау ескі тәсілдер

Әнебіреу екеуінен көшірме.

Сұм сұрқия басшысына бас иген

Жып жылмағай тәсіл туды тәсілден.

Туысы боп пайда көрсе алады,

Жұмысы жоқ адамдық ой, асылмен...

Арман толы көңілдерді небір пәк,

Тәсіл жыққан: алдап-сула, ебін тап.

Сол тәсілмен мансапқа жет, төрге шық,

Құрмет тұтып ұлықтайды сені ұрпақ!

Біздің жақта сондай өзі нән тәсіл,

Сол жеп қойды жан-жүйкемді жарты асыл.

Масыл болды – кіріп алып үйіме

Тәсілдерді іске асырып Һәм тасыр.

Тәсіл төре, тәсіл ұлы саясат,

Көнбей ме оған қырып таста, жоя шап.

Ертең саған тудырады бір тәсіл

Ішіңе әкеп ит жұтпайтын қоя сап...

Ебін тауып екі асайды ол қалайда,

Жерін тауып жеті асайды ол, қарай ма?

Адамзаттың аттап кетті ол басынан

Сен абай бол, жарай ма?!.

Сурет ашық ғаламтор кеңістігінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар