Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Сафуан Шаймерденов туралы 10 дерек...

15.04.2020 10235

Сафуан Шаймерденов туралы 10 дерек 12+

Сафуан Шаймерденов туралы 10 дерек - adebiportal.kz

1922-жылы 15-сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы, Преснов ауданы (қазіргі Жамбыл ауданы), Аманкелді ауылында дүниеге келген қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетінің сыншысы, халық жазушысы Қызылжар (Петропавл) қаласының құрметті азаматты Сафуан Шаймерденовтың туғанына биыл 98 жыл толып отыр.

***

Жазушының шығармашылығын кәсіби түрде зерттеп, са­ра­­ла­ған әдебиетшілер төртке бөліп қарастырады: біріншісі – көркем әдебиет, екіншісі – драматургия, үшіншісі – сын, төртіншісі – аударма. 1953 жылы «Болашаққа жол» атты алғашқы романы жарыққа шыққан. Бұл шығарма кейін «Инеш» деген атпен орыс тіліне тәржімаланды. «Қайдасың, Зарина?», «Қыр гүлі», «Әнім сен едің», «Марғау», «Төрт бойдақ, бір қыз», «Өкіл әке», «Түйе көтерген», «Аруана дүние» пьесалары көптеген қазақ театрларының саханасында қойылып келеді.

***

Сафуан Шаймерденовтің ерекше көңіл қойып зертеген дүниесі аударма мәселесі. Аударма саласы жайлы жан-жақты ой қортып, ұзақ жылғы тәжірбиеден шыққан түйіндерін талқыға салып, әртүрлі салыстырмалы пікірлерін қалдырды. Үнді жазушысы Р.Тагордың «Күйреу», «Гәуірмақан» романдары мен «Алтын сағым» деген атпен жарық көрген әңгімелер жинағын, Л.Толстойдың «Альберт» повесін, беларусь драматургі А.Макаеноктың «Трибуналын», француз компазиторы Эрве мен драматург А.Мильяждың «Түлкі бикеш» комедиясын аударды. Мысалға үнді жазушысы Р. Тагорды аудару үшін Индия халқының тұрмыс, салт-са­насымен танысып, қанша жыл деректер жинаған. Мәскеуден шығатын «Индия» журналын алдыртып, түгелдей дерлік танысып шыққан. Аудармаға осындай мол дайын­дықпен, жауапкершілікпен отырған. Тіл бі­лумен ғана шектелмей, өзі аударып отырған шығар­мадағы халықтың тұтас тағдырымен танысып, сол жайлы мағлұматқа қа­нығып барып ары қарай тәржімалауға көшіпті. «Күйреуді» болсын, басқасын болсын жұрттың жылы қа­был­дағаны осыдан болса керек. Жазушының көр­кем аудармалары жайлы сыншы Жұмағали Смағұлов зерттеп, жаз­ған екен.

***

Кемеңгер Мұхтар Әуезовтен тәлім алып, әдебиетке 50-жылдары келген тегеуренді толқынның алды болған жазушыға «Ағалардың алақаны» атты әңгімелер мен повестер жинағы, «Әдеби толқындар» атты кітаптары үшін 1988 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілді. Ал Р.Тагордың «Күйеу» романының аудармасы үшін 1984 жылы Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығын иеленді. Прозасында психологиялық қатпары мол, реалистік дүниелері арқылы қайталанбас қолтаңбасымен дараланды. Сөз зергері, психологиялық прозаның хас шебері 1992 жылы Қазақстан Республикасының халық жазушысы құрметті атағын алды. «Отан», «Құрмет Белгісі» орденінің иегері.

***

Жазушы шығармашылықпен ғана айналысып қоймай әр уақытта өзінің пікірін, азаматтық ұстанымын жасырмай ашық айтып келген қоғам қайраткері. Қазақ тілінің ертеңіне алаңдап шырылдады. Желтоқсан оқиғасы кезінде жанын шүберекке түйіп, кешегі өзін өктем санаған озбыр өкімет тұсында 1987 жылғы 28 мамыр күні Қазақстан Жазушылар одағы пленумында 38 минут сөйлеп, Колбиннен де, басқасынан да жасқанбай қазақтың басына төнген зауалды ашына айтқанына халық куә. «Голощекин деген теке сақал жендет қазақ халқын аяусыз қырып салып едi. Ертең сiздi де ел сол қаныпезер қарақшымен қатар қояды. Жолдас Колбин, өзiңiз уәде еткендей, халыққа iстеген жақсылығыңыз қайсы? Бейбiт шеруге шыққан қарусыз қазақ жастарын итке талатып, солдат күрегiмен сабатып, қынадай қырғаннан басқа не жақсылық iстедiңiз?» деп дүрсе сұрақ қойды. Арыстандай айбарланып отырған Колбин мына сұрақтан кейiн суға түсiп кеткен мысықтай жүнжiп жауап қата алмады, - деп еске алады Жеңіс Шыныбеков. Осы оқиғадан соң жазушының соңынан шам алып түсіп, бір жыл ­бойы ізін аңдығандар да болыпты.

***

Жазушы драмалық шы­ғар­малар да жазды. Драмалық шығармаларының ке­йінгі проза жанрындағы туындыларына өте жақ­сы әсері болғанын, көп сөзділіктен арылып, жи­­нақылыққа үйреткенін айтып отырады екен. Кейін жа­зылған «Ит ашуы» повесін драматургияның әсерімен құлпырып, түрленгенін бір сұхбатында жазыпты. Қай заманда болсын өзгермейтін жағым­паздық, жыл­постық сынды адамның жағымсыз мі­нез­дерін ашып көр­сететін «Дөкей келе жатыр» атты комедиясы Жа­сөспірімдер театрының сахнасында ұзақ жылдар қойыл келген екен. Бүгінде сол пьесалардың сахнадан көрінбей кеткені көңілге мұң ұялатады. Іздеушісі табылмай жатыр ма екен деген де ойға қаласың...

***

Қаламгер өзі туған Солтүстік Қазақстан обылысында бірде-бір қазақ мектебінің болмағандығына қынжылады. 1994-жылы енді салынып жатқан мектептің құрлысы тоқтап қалғанда, сол кездегі премьер-министр Терещенкоға хат жазған осы Сафуан аға болатын. Осылайша, 1996-жылы тұңғыш ұлттық мектептің ашылуына өзі ұйытқы болады. Бүгінде сол білім ордасына жазушының есімі берілген.

***

Алғаш жазушының шығармашылығы туралы пікір айтқан тұлғалар Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов. Жас буыннан «талантты жазушы шықты» деп жұрттан сүйінші сұраған екен. Оқуға түсірген де Сәбең болыпты. Сафуан ағамыз Зейнолла Қабдолов, Мырзабек Дүй­сенов, Рахманқұл Бердібаев секілді азаматтармен курстас болған. Жары Бағдат Көлұзаққызы Шаймерденкеліні де қатар оқыған екен. Сол таныстық махаббатқа ұласып, кейін үлкен отбасына айналыпты. Өмірінің соңғы жылдарында Шоқан туралы кітап жазсам деген арманы болған. Алайда, ұлынан айрылып қалған соң, қайғы қолына қалам ұстатқызбады. Кейін үш жыл бойы ауырып жатып қалады. Осылайша Шоқан туралы жазылмай қала берген.

***

Өзінің замандастарын, әсіресе кейінгі буынның шығармашылығына жіті үңіліп, пікір айтудан ешқашан тартынбаған. Бүгінгі әдибетіміздің алыптарына айналған Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбеков, Есенжол Домбай, Марал Ысқақов, Мұхтар Шаханов, Әкім Тарази, Рамазан Тоқтаров, Софы Сматаев, Төлен Әбдіков, Смағұл Елубай, Гүлнар Са­лықбаева секілді қаламгерлерге жылы пікірін білдіріп, ағалық қамқорлығын көрсетіпті.

***

Ертеректе Елбасы қолынан Отан орденін алып, марапатталған кезде былай деген екен: «Сіз әман­да тыныштық егіп жүресіз. Мен бұндай қасиетті ел басқарған адамның кемеңгерлігі деп білемін. Бірақ тыныштық бар да Тәуелсіздік бөлек. Бұл екі құбылыстың бір-біріне қайшы келетін кездері көп. «Тыныштық, тыныштық» деп жүріп Тәуел­сіз­дігімізден айырылып қалсақ, онда кім болға­нымыз? Менің ұғымымда, жеме-жемге келгенде азаттығымыз үшін тыныш­ты­ғымызды құрбан етуге болады. Дүниелік тарих­тың пайым-үлгісі солай. Ал тыныштығымыздың қамы үшін Тәуелсіздігімізді құрбан етуге әсте болмайды...».


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар