Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
«Кірекей – Күнекей» – әпсанамен өрілген әңгіме...

30.04.2020 6802

«Кірекей – Күнекей» – әпсанамен өрілген әңгіме 12+

«Кірекей – Күнекей» – әпсанамен өрілген әңгіме - adebiportal.kz

Дәурен Қуаттың «Кірекей – Күнекей» әпсана-әңгімесі – арқаны кеңге салып оқитын емес, қыл қобыздың қатты ширатылған шегіндей жүйке-жүйең шымырлап отырып оқитын шығарма. Иә, жер бетіндегі барлық мақұлқат біткенмен адамды бітістіретін дүние көп. Жер-анадай ортақ мекенді жайлап, нәсіпті табиғаттан теріп отырған соң, шиыр жолдарды тоқайластырып, ғұмырды алмастырып беру санадан тысқары емес. Аюдың адам баласына достығы мен жаулығы, соның ішінде әйелге ынтық болуы туралы сюжет аңыздар мен әпсаналарда бар, тіпті жазба әдебиетімізде де кездесетін дүние. Осындай сюжетке бой ұрғанда қаламгер қандай мақсат көздеп, не айтқысы келді деген сұрақ туындайды.

Әңгіменің басынан-ақ автор оқырманын жын-перілер, жезтырнақ сияқты мифтік бейнелер арқылы ирроционалды әлемге жетелеп әкеледі:

«... Кемпір тырнағын кезеп ұмтылғанда, Аңшы қыл шылбырды шірене тартты да, қарағайдың діңіне орап жіберді. Сөйтсе, кемпірі – кемпір емес, кәдімгі жезтырнақтың өзі екен, қыл шылбырдың қылын суырып түте бастағанда, Аңшы шақпақ тұтатып үлгерді. Шылбырды үзіп тастап қаша жөнелген жезтырнақ: «Аңшы, мен сенің қыр соңыңнан бәрібір қалмаймын. Қатыныңды жадылап, балаңның балғын тәніне шеңгелімді бір қандармын. Осы Қойқаптағы жынның бәрін ізіңен өргізермін!» – деді айқайлап».

Автордың әңгімедегі тартысты аю мен адамның арасында өрбітуді көздей отырып, аңшының жезтырнақпен арбасуынан бастауы оқырманын бейсана әлемге даярлаудан туған-ау деп топшыладық. Әрі оқырман қиялы түрлі тосын жағдайға даяр болсын дегеннен де шығар, суреттеліп отырған әлемнің тосын күйі кейіпкердің іс-әрекетінен де, заттық әлемнен де байқалады.

«Қараша үйді айналдыра басқан белдеу арқанды саумалай тартып, бұрау салған Аңшы терістіктен соққан тікенек желге жауырынын тосып тұрып қалған. Сол кезде бүлдіргісін шаңыраққа түйген тобылғы сапты дырау қамшының ұшына байланған аспалы бесіктегі сәби іңгәлап қоя берді».

Күлдіреуштен арқан саумалатып, бесікті іліп қою көшпелі ел өмірінде болған десек те, дырау қамшының бүлдіргісін шаңыраққа түйіп, өріміне бесік байлау қай замандардың көрінісі дегізгендей. Ал аңшының әрекеті қалыпты әкенің ісінен бөлек. «Аңшы сәби үнінен беймаза күй аулап, елең қылған жоқ»; («беймаза күй аулау» қандай мәнде қолданылғаны белгісіз), енді бір кезек: «Бесіктегі сәби үн сала шырқырайды» («үн салу» тіркесі басы артық көрінді), Сәби бесігінде шырқырап жатыр. «Ішегі үзіліп кете ме, қайтеді?» Аңшы қолына найзасын ұстап, дөң басына барып отырды.

Автор оқырманын дүлей күштер мекендеген өзге кеңістікке тарта отырып, ондағы болмысы бөтен адамдар әлеміне әкелгенін бірер штрихпен береді.

«Күннің астын жайлаған Күдері ердің қызы», «тұяқсыз қос мұңлық: Ажырай баба мен Айбүбі әже» де архотиптер дерлік.

Кәрі жылан – Бапының төрелігіндегі аңдар сотына «қара дүлей» аюдың түсуі, қабылан, қарсақ сияқты қазылардың айып сөздері, сот төрешісінің істің мән-жайын айтуға кезек беруі – би сотының көріністері деуге келеді.

«Қара Дүлей Алтын шаңырақтың ұшпа тасы – айыпкердің орнына барып қонжиды. Егер айыпкер ақталса, ұшпадан бері түсіп, қауымның ортасына оралады, ақталмаса, ұшып өледі». Бұл көрініс аң-құс әлемінің көне заңына саяды.

Жалпы оқырман әңгіменің басынан-ақ, әлдебір ойға – бөгде, санаға – жат өзгеше әлемге тап келеді. Авторлық баяндау да, суреттеулерде де бөтен әлемнің кескін қалыпын қанықтырып, көне полотноның қыртысын жазғандай тәптіштеледі.

«Аштық пен шөл әйелді тағы да естен тандырған. Әуелде ол апанның ішінде ақ сөңке болып шашылған сүйек-саяқты кеміріп, шайнап, түгел жұтып алды. Сосын, қара үңгірден салбырап түсіп тұрған шөп тамырларын талғажу етті. Оның бәрін түгесіп біткен соң, уыстап топырақ асаған-ды».

Баяндау тілі кейіпкердікінен айтарлықтай ажыратылмаса да, автордың тілдік бояуы қанық, экспрессивтік-эмоциялық фоны басым, сөз саптауы жатық. Кейбір «шөп–шаламыңа құрсағым толмай жүр»(құрсақ асқа қатысты қолданылмаса керек) деген тұстары болмаса, тұтас мәтінде сөз талғауы орынды. Әңгімелеу мен суреттеу тілінде, сөйлем құрау жағынан үйлесетін қаламгерлік қалыпты аңғартады. Баяндалып отырған уақыт пен кеңістікті беруде заттық әлемді, құбылыс, көріністерді шығарма сипатына қарай бағындыру байқалады. Шығарманың тілі мен стилінен, сюжет желісінен авторға тән бір ерекшелік көрінеді. Ол нені де болса шегіне жеткізе суреттеуге тән белгілер, максимализмге бой ұру. Жалпы максимализм қазіргі қаламгерлер прозасының бір сипаты сияқтанады.

«Әйел тас үңгірде талып тіріліп, талай күн зар қақты. Әйелдің зарына қосылып жел жылады, аспан күңіренді. Таулардың беткейлері мен шатқалдарын шарлап өскен қарағай мен қайыңның белі қайысты. Заңғар құздардан құлап, тас-талқан боп ағатын өзендер өкірді. Құстар құса құшып, аңдар аҺ ұрды. Жын-перілерге дейін түнеріп, Тәңірінен тосын зауал күтті. Ақыры бір күні Тәңіртаудың ұшар шыңынан шаңқ етіп көтерілген ата қыран: «Жарандар, бұл бір сұмдық іс болды. Енді біз Жаратқанның қаһарына ұшыраймыз!» – деп жар салды» немесе. «Әйел апаннан шықты да, бүлдіргенге бас қойып, жата қап жайылды».

Жайылу малға айтылатын сөз десек те, тағы қалыпқа түскен әйелдің іс-әрекетін жеткізу үшін қолданылған ба деген ойға әкеледі.

Әңгіменің оқырманды үнемі ширықтырып, жағымды-жағымсыз күйде ұстап отыратын баяндау түрі кейбір тұстарда шегінен асып кететіндей:

«…Кезекті бір жорықтан олжалы оралып, аю мен әйел апандарында ауыз жаласып жатқан. Кенет аю әйелді икемдеп бауырына тартты. Бұл кезде қара дүлейдің тікендей өткір сабалақ жүніне оранып алып ұйықтайтын әдет тапқан әйел де аюдың ыңғайына көне берді...».

Автор кейбір тұста интимдік баяндауды әңгімені тұздықтау үшін көбірек қосатындай да көрінеді. Тіпті аңдар сотында да «қылық танытып қылмия қарасқан» кірекейлер жүр.

Әңгіме орайында «аюқарақат», «аютабан», «аюбүлдірген» «аюбастікен», «аюдән», «аюдәрі», «аюжаңғақ», «аюжидек», «аюқурай», «аюқұлақ», «аюшөп» «аюжүн» деген атауларды әпсанадан таратуы ұтымды тәсіл.

Сонымен автордың «Кірекей-Күнікейі» қандай ойды жеткізгісі келді дегенде әңгіменің өн бойынан оқырманның өзі байқап, бағамдайтын тұстары жетерлік. Тәңіртауды мекендеген тіршіліктің бірнеше бейнесі көрінеді. Олар Тәңірінің жаратылысы: адамдар әлемі, хайуанаттар әлемі, өсімдіктер әлемі. Сонымен қатар кеңістікте өмір сүріп жатқан жын-перілер әлемі бір бөлек, тіпті ертегілер әлемінен хабар беретін жылан Бапы да бар. Ал табиғаттың осы жаратылыстарының өзі бірнеше концептілік мағынада бой көрсетеді. Ол: табиғат – ана – топырақ, адам – аю – адам сияқты алмасуларды құрайды. Ана мен сәби, ер мен әйел, аңшы мен аң арасындағы байланыстар да әңгіме барысында сюжеттік тізбек құрайды.

«Топырақ тоқ ішегіне толып, ішінен тысқа құрғақ төгілгенде әйел «шіріген екенмін» деп ойлады. «Міне, мен шірідім, – деді әйел бейсаналы түйсігінде күбірлеп, – топырақтан жаралған едік, түбінде топыраққа айналады екенбіз ғой. Сен – мен, мен – сен екенмін, топырақ! Оттан, судан жаралмай, топырақтан иленген балшықтан тірілгеніміз қандай жақсы болған! Торғын топырақ, сен неткен жұмсақ едің?»деген монологтар адам топырақтан жаралған деген ұғымға өріс береді.

Әйел бейнесінің де түрлі сипатын, өсу, өзгеру динамикасын көруге болады. Әйел – «бесіктегі бөбегінің аузына бал омырауын тосып» мейірленетін ана, «жұбайлық міндетін ұмытқанына ұялған қылықты жас сұлу», «төсектегі тән тоятына құмартып, қаны тулаған әйел», енді бірде «әмірі асқан ерке қатын», «әйел-падишағы» болып түрленеді.

Әйелдің кірекей бейнесі: «Толқынды қара шашы тобығына түсіпті, өне бойын тегіс аппақ қыл жауып қалған(адам денесіне ақ қыл жабу шынайылықтын шалғай әлемнің көрінісі болар деп түйдік). Шашына оранса, әйел қара кірекей кейпіне еніп, шашын түрсе, ақ кірекейдің бейнесінде көрініп, дүлейдің тағылық өміріне біржола өткен еді» деген сипаттау да әйел образын түрлендіріп, кірекейге айналған әйелді нанымды беруден туған. Енді бірде әйел – аңшы «ақ аю» кейпіне өтеді.

«Арада талай жыл өткен. Бапы Балқы сан түледі. Шойнақ қарсақ аңдардың түсін жори-жори алжыды. Шаған бұғының мүйізі қарағай бұтақтанып көк тіреді. Аңшының сақал-мұрты Тәңіртаудың ақ қар, көк мұзына малынды. Тек Толағай ұл ғана тау-тасты кезіп, аңшылық саят құрып, сайран салып жүр. Бір күні ол таудан ырғала басатын, кең жауырынды, сом тұлғалы, көзі алақандай қара жігітті ертіп келді». Адам баласының кірекейге айналуын санаға жүк түсіретін күрделі құбылыс ретінде қабылдаған оқырман, «бетінің жартысын көз алған дүйім кеуде жігіттің» адамдар арасына оралуын секем-сезіксіз қабылдайды.

Әпсанада Тәңіріден кейінгі табынарымыз адам десе де, сол адамның залалы мен зардабын көрген мақұлық иесінің қайтадан адам болып оралуы пәлсапалық ойды астарлап, оқырманына «жаратылыстың барлығы біртұтас әлем, «инь мен янь» сияқты әлемнің хаосты реттеуші жігі оңай ажырап ауысу, өзгеру құбылыстары арқылы жүруі де кәдік деген ойды сыналап жеткізгенін аңғарамыз.

Береке Жұмақаева,

Сүлеймен Демирель университетінің профессоры


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар