Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Марфуға Бектемірова. Аралап жүріп жер-көкті жылдарым өтті

17.07.2020 761

Марфуға Бектемірова. Аралап жүріп жер-көкті жылдарым өтті 12+

ЖАН СЕРІГІМ

Байлық та,

Төгіледі, шашылады,

Атақ та,

Шарқ ұрады, басылады.

Менімен мәңгілікке сапар шектің,

Жан серігім, өлеңім қасымдағы.

Алдымызда,

Қанша өмір, жарық қалды,

Уақыт қанша,

Қызықты алып қалды?

Мән бермедік, сенбедік, өкінішті...

Бар екені Алланың анықталды.

Дұшпанның,

Қолы жетпес қызғанса да,

Жүрегі,

Жамандардың мұз болса да.

Не көрсек те екеуіміз бірге көрдік,

Алдымыздан,

Шықса да құз қаншама.

Жанымыз,

Сезгеніне шүкір дедік,

Тоты құстай,

Таранып күтінбедік.

Өмір-бақи,

Толғанып, өлең жазып,

Жыртықты да,

Жамадық, бүтіндедік.

Жетім болдық,

Жыладық бірге екеуіміз,

Кедей болдық,

Сонда да бірге екенбіз.

Ғашық болып екеуіміз бір Аллаға,

Өтсек ертең дүниеден бірге өтерміз.

КӨРНЕКТІ

Ұмытқан жоқ ем,

Аралап жүріп жер-көкті,

Жылдарым өтті,

Кеудемнен ызғар жел де өтті.

Ұмыттың мені,

Ұмыттың мені, амал не,

Жырыма сені бөлеп ем,

Қайран Көрнекті!

Сағынышқа толы,

Шілденің күні шөлдетті,

Балауса күнім,

Балалық шағым сенде өтті.

Дәл мендей енді туатын мына ғасырда,

Жырлайтын ақын бар ма екен сені,

Көрнекті?!

* * *

Тағы бір ақын туар ма Көрнектімде,

Менен соң келер екен кезек кімге?

Өлеңім-рухым, тілім, мен оларсыз,

Өзімнің Отаныма керекпін бе?

Хабарын күткен сәтте күрең желден,

Құр тастан не пайда бар шіренгенмен?

Ұясын таба алмайды кейбір құстар,

Ұшырып кең аспанға жібергенмен.

КӨКШЕНІҢ ЖҮРЕГІМІН

Ардақтаймын халқымның әдет-ғұрпын,

Аманбысың ағайын, бауыр-жұртым.

Қызың болып қаламын елін сүйген,

Сағынышпен ортаңа келіп тұрмын.

Қалам берді қолыма ұстасын деп,

Жақсылықты жолымда ұстандым тек.

Шабыт берді көңілге қалықтаған,

Өлең жазсын, әндерін шырқасын деп.

Талант берді өнерін қорғасын деп,

Өнерімен өз жерін қолдасын деп.

Махаббат берді жүретін жолдасым деп,

Сәби берді өмірін жалғасын деп.

Жолымды ашқан аңсаған арманыма,

Мен ғашықпын көліңе, орманыңа.

Тәуба деймін ішімнен, шүкір деймін,

Қорғаушымның әйтеуір болғанына.

Кеш болды деп сұрама, кешің неге,

Өтті жылдар зымырап, есіңде ме?

Шақырғанда туған ел, туған жұрты,

Туған қызы осылай кешіге ме?

Менсінбес те біреулер кім еді деп,

Мақтанамын өз халқым біледі деп.

Қайда жүрсем туған жер, лүпілдеген,

Ойла мені «Көкшенің жүрегі» деп.

Ешкім де айыра алмас сенен мені,

Мақсатым сол, өзіңе келгендегі.

Туған ел тыңда мынау бір жүректі,

Соғып жатқан өзіңнің кеудеңдегі.

2008 жыл.

ӨЗГЕРІС

Өзгеріпті япыр-ай,

Өмір деген,

Қоңыздар да өрмелеп,

Шықты әне, көрінбеген.

Келемін мекен іздеп,

Бұл дүниеден...

Өз орнымды таба алмай,

Өмірден мен.

Көнем желге,

Алысқа алып қашсын,

Көре алмастар,

Есі шығып, талып қалсын.

Айласы жоқ адамға,

Өмір сүру қиын екен,

Аңқаулықпен адам боп,

Жарытпаспын.

Тұрғам жоқ,

Шу жоқ жерде шулағым кеп,

Тұрғам жоқ,

Толқын жоқта тулағым кеп.

Кейбір қу күлген кезде...

Өкінемін,

Мен неге,

Айлакер боп тумадым деп.

Келеді кейде оны,

Қалқан қылғым,

Келеді,

Кейде оны талқан қылғым.

Есемді жібермеспін-десем,

Тағы,

Алдымнан шыға келер,

Аңқаулығым.

Жүргендеймін далада,

Лағып, бекер,

Кейбір көлшік,

Өзен боп ағып өтер.

Ортекелер он рет,

Алдыңды орап,

Түлкілер,

Қолдағыны қағып кетер.

Немересі едім мен,

Мұңлы Атаның,

Түнде отырып,

Құдайға тіл қатамын.

Сезім деген,

Бір алып құрылыс қой,

Сол құрылысты,

Қалай мен қиратамын?

ҚҰБЫЛЫС БАР

Елесіңмен, қоштасқанда өзіңмен,

Шығыс жақтан көгілдір нұр сөнбеген.

«Ұмытпаймын» дедің жалғыз сөзіңмен,

Бірақ өзім айтқаныңа сенбегем.

Берілетін өмір бар ма қосымша,

Бүгін-жақын, ертең-алыс, әрқалай.

Бұл дүниеде мен неліктен осынша,

Бір қателік жібергенмін байқамай.

Кейде өзім қайран қалам бірақ та,

Құбылыс бар өзгермейтін сол маңда.

Сол бір жерден ашылады кітап та,

Сол бір жерде тоқтағандай жылдар да.

Бар ғой мына сөздерде де терең мән,

Білмеймін тек қашан көзім жетерін.

Жүрек-тастан жаратылды деген жан,

Білген шығар оның оттан екенін.

2010 жыл.

* * *

Ештеңе етпес күн суығы, күн ыстығы,

Ұғу керек жаныңмен дұрыс мұны.

Ойлағаным өмірде алдыменен,

Отанымның, елімнің тыныштығы.

Сүңгіп кетсем қараңғы ой-тұманға,

Мойнымдағы үзілер бой-тұмар да.

Ойран-топан боп жатса бұл дүние,

Өлең жазып осылай отырам ба?

Залымдардан айқай сап ұрандаған,

Қу түлкіден құйрығы бұлаңдаған.

Сақта елімді соғыстан, қасіреттен,

Сұрағаным сол болсын бір Алладан.

* * *

Күн әрине, сенді саған,

Шын сүйді деп ойлады.
Жетер емес енді шамам,

Бол махаббат қорғаны.

Менде жаным үміттердің,

Сөнді соңғы шырағы.

Сезімімді үгіткенің,

Менің ыстық,

Көз жасыма тұрады.

Құны кеткен дүние бұл,

Ұмыт, дәтің жетсе егер.

Махаббаты оның маған деген,

Адал қызметімен шектелер.

Әңгімені айталық кел,

Жараспас үнсіз тұрғаның.

Жаңғырығын қайтарып бер,

Жылаған жүз жылдарымның.

2002 жыл.

ШЫНДЫҚТЫ ІЗДЕП

Қара аспан түйе берсін қабағын,

Шындық іздеп жолға шықтым қарағым.

Жазылатын емес орман өссе де,

Орнына мына ескі жараның.

Аспан жаққа жәудірейді жанарым,

Шындық іздеп жолға шықтым, қарағым.

Іздесем де кездеспеді ол маған,

Көше кезіп, үлбіреді табаным.

Көшесінде тентіреумен қаланың,

Шындықты іздеп талай жүрдім, қарағым.

Альпинистер өрлеуші еді биікке,

Мен неліктен төмен түсіп барамын?

Шыңға қарай қалай құлаш жаямын,

Тасты бассам дірілдейді аяғым.

Құзда өскен қыран құстың баласы ең,

Сол шындықты тауып берші, қарағым.

МАХАББАТТЫҢ КЕЛУІ

Махаббатсыз...

Ауыз бармас айтуға да,

Күн шығып,

Қараңғыда ай туа ма?

Махаббатсыз,

Қаңырап бос қалады,

Алтын сарай,

Алтын үй, алтын қала.

Махаббатсыз,

Меңіреу, құла дала,

Қызығынан,

Құстардың ұя да ада.

Дүниені билейді,

Әңгүдік жел,

Қара құзғын,

Қонады мұнараға.

Махаббатсыз...

Дүние салқын қанды,

Сағыныштың,

Оңай ма сарқылғаны?

Соны ойласам,

Жүрегім дір-дір етіп,

Қалам алған,

Қолдарым қалтырады.

Махаббатсыз...

Түндерде азап бардай,

Ащы жара,

Жазылмас жаза ақталмай.

Сезімдері,

Соқырға жанар беріп,

Махаббаттың келуі-

Ғажап қандай!

* * *

О, туған жер!

Күннен-күнге арта түсті қадірің,

Қадіріңді бір адамдай таныдым.

Саған келіп өксігімді бастым мен,

Мына өмірдің көріп талай тамұғын.

О, туған жер,

Қадіріңді таныдым.

Дәл өзіңдей,

Жанашырдың жақсы екен болғаны,

Құшақ жайып қарсы алады,

Тауы, көлі, орманы.

Жалаңаяқ жүгірем кең далада баладай,

Табаныма қадалған тікеніңе қарамай.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар