Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Абай мұрасын қолдану жолдары

29.07.2020 465

Абай мұрасын қолдану жолдары 12+

Жуырда Досым Омаровтың «Абай мұрасын қолдану жолдары» атты кітабы жарық көрді. Кітапта адамзат өркениетінің құлдырауы, Кеңес Одағының ыдырау себептері, еліміздің бүгінгі өтпелі кезеңнен шығу жолдары Абай ілімі аясында қарастырылады. Рухани жаңғыру мәселесі сараланып, қазақтың ұлттық кодының қалыптасуы, білім алу сырлары, адам өмірінің түпкі мақсаты мен оған жету жолы көрсетіледі. Абайдың «толық адам» ілімі талқыланады. Соңында елімізге өркениеттің сара жолына шығуға мүмкіндік беретін қазақтың ұлттық идеясы ұсынылған.

Хәкім Абайдың 175 жылдығына орай жарыққа шыққан кітаптың авторымен сұхбаттасқан едік.

- Аға, абайтанумен ұзақ жылдар бойы айыналысып келе жатқаныңызды білеміз. Өмірдің барлық құбылыстарына жауапты Абайдан іздейсіз. Жалпы, Абайға жүгінуіңіздің сыры қандай? Бұрынғы еңбектермен салыстырғанда бұл кітаптың ерекшелігі неде?

- Ұлылар ғана адам өмірінің түпкі мақсатын ашып, оған жету жолдарын дұрыс түсіндіре алады. Олардың қарапайым адамдардан айырмашылығы –ой-өрістері адамзатты, бүкіл болмысты қамтитындай шексіздігі. Олар – адамзат ұстаздары. Әсіресе бүгінгі өтпелі кезеңде біз үшін ұлылар мұрасының маңызы өзгеше екені дау тудырмайды. Данышпан Абай сол әлем ұлылары қатарында.

Бұл еңбектің негізгі мақсаты – Абай ұлылығын қоғам өмірінде қолдану жолдарын көрсету. Болмыс – өмір қажеттілігін түгел қамтитын құбылыс. Абайдың ұлылығы да осы болмыспен біртұтастығы, оны толық қамтитындығы. Сол себептен де Ұлы Абай мұрасы өмірдің қандай күрделі сұрағы болса да жауабын беріп, мызғымас тірегіміз бола алады. Оның рухани шапағатынан әркім өзіне тиесілі керегін алады. Хакім Абай шығармаларынан мектеп оқушысы болсын, үлкен ғалым болсын, тіпті кім болса да өзінің аңсағанын тауып, ләззаттанатыны осыдан болса керек.

Оған қайта үңіліп, зер сала отырып, тереңірек ойлап қарасақ, бүгінгі рухани жаңғырудың негізін де данышпан мұрасынан көре аламыз. Абай мұрасының осындай кеңдігі неде? Оның кеңдігі – Абай ілімінің рухани және заттық болмысты бірдей қамтитын толық білім болуында.

Абай мұрасының ішкі және сыртқы мәні бар. Оларды айыра білу керек.

Ұлы мұраның ішкі мәні жердің астында көмулі жатқан қазына тәрізді. Сол мәнді тауып, асыл қазынаны керегімізге жарата алсақ, Абайдың әлемдік деңгейін түйсіне аламыз.

Кейде «Ұлылық тек қана Аллаға ғана лайық, сондықтан адамға байланысты Ұлы деген сөзді қолдануға болмайды» деген ойлар айтылады. Бірақ, біз мына мәселеге көңіл бөлуіміз керек. Алла тағала тәуелсіз және біздің түсінігімізден жоғары жатыр. Ол ешбір мадақты қажет етпейді. Адам ақылы қандай жетілген болса да, ол Алла тағаланы толық түсіне алмайды. Абай сөзімен айтқанда «Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды» (38-сөз). Адамзат сөзі фәни (уақытша) әлемді сипаттауға ғана арналғандықтан, бақи (мәңгі) әлемдегі Алла тағаланы сипаттауға дәрменсіз. Біз Алла тағаланың шексіз қасиеттерін салыстырмалы түрде ғана өрнектей аламыз. Соның өзінде де олар Оның сипатының көлеңкесі ғана, ал шын мәні біздің түсінігімізден жоғары жатыр. Біздің «Алла ұлы» деген сөзіміз Оған ешбір лайық емес. «Ұлы» деген сөз шексіз Алла тағаланың сипатын толық бере алмайды.

Бірақ ұлы деген сөз адамның жоғары қасиеттерін сипаттай алады, сондықтан бұл сөз адамзаттың жоғары жетілген тұлғалары үшін барлық тілде кеңінен қолданылады. Біз де Абай бабамызды «Ұлы Абай» деп атаймыз. Бізге бұл сөз көңілімізге қонымды, жүрегімізге жылы тиеді.

Осы арада айта кететін маңызды бір мәселе бар. «Алла деген сөз жеңіл» деп Абайдың өзі айтқандай, қасиетті сөздерді әулие де, қарапайым адам да айтуы мүмкін. Сөз айту жеңіл. Бірақ әрбір айтылған сөздің өз салмағы болады. Қарапайым адам біреудің айтқанын қайталап, не болмаса оқығанын айтып ақпаратты ғана жеткізеді. Оның айтқаны жүрегінен шыққан ақиқат емес, сырттан қабылданған, сондықтан жеңіл сөз. Ал, данышпандардың айтқандары өздерінің ішкі болмысынан шыққан, сезініп-түйсінген өте салмақты сөздер. Сондықтан олардың сөздерін басқалармен салыстыруға болмайды. Данышпан сөзі – талқыға салуға, не болмаса фәни әлем құндылықтарымен бағалауға келмейтін күмәнсіз ақиқат. Абай сөздерін де осындай дәрежеде қабылдап, мән-мағынасын дұрыс түсіне білуіміз керек.

Сонымен, Абайдың ұлылығы неде? Оның ұлылығын өздерінің шамасына байланысты әркім әртүрлі қабылдайды. Себебі, шебер өңделген асыл әсем тастың қырлары қандай көп болса, Ұлы Абай мұрасы да сондай көп қырлы.

Абайдың әндері құлақтан кіріп бойды алады, қара сөздерінде терең рухани-философиялық мағына жатыр. Ол «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деп халықтың тарихын да жазды, ал насихат сөздерінде үлкен тәрбиелік мән бар. Сондықтан оны ұлы ақын, философ, тарихшы-этнограф, ағартушы, композитор дейміз. Бірақ бұлардың қайсысы болса да Абай ұлылығының негізгі мәні емес. Бұлар оның ұлылығының сыртқы көрінісі, сымбаты ғана.

Оның ұлылығы ішкі мәнде жатыр. Ішкі мән – болмыстың түпкі сыры. Бізге Абай мұрасының сыртқы сымбаты емес, оның ішкі мәні керек. Данышпанның айтып-жазғандарының барлығы, сайып келгенде, болмыстың осы түпкі мәнін түсіндіруге арналған. Сондықтан, Абайдың сырлы сөздері адам болмысын, қоғам өмірін, тіпті бүкіл әлемнің мағынасы мен мақсатын түсіну кілті болып табылады.

М.Әуезов «Зар заман ақындары» деген еңбегінде жүз елу, екі жүз жылға жуық уақытқа со­зыл­ған «зар заман» деп аталған дәуірді шолып шығады. Ол Асан қайғы мен Бұқар жыраудан бастап, Абайға дейін әкеліп, Нарманбетпен аяқтайды. Бұл дәуір ақындары туралы М.Әуезов «ел­ді үйретіп, түзеп тастаймын, мұңын жоқ­таймын деген тілек жоқ», «бір мақсатқа қарай тартқан бағыты болған жоқ», «қалың елге айтқан өсиеті көмескі, ұғым­сыз», «өз за­манының проблемаларын көтеріп айт­қанымен нақтылы шешуін айтып, жолын көрсете алмады» тәрізді ойлар қалдырады.

«Зар заман» ақындары «надан көп­шілікке ешбір үміт артып, жол көрсете алмаса», Абай олардан мүлде бөлек. Ол «наданның көңлін қойып, көзін ашпақ», «көпті ебін тауып, жолға салмақ», «ойлы жас жігіттер үлгі алып», «тіл ұстартып, өнер шашпақ» болды. Осылай халыққа сана-сезімді өзгертетін, бұрынғы құндылықтардың негізінде, заманға лайық жаңа деңгейдің нег

«Абайдың рухани мұрасы» атты еңбегімізде саралау арқылы бір жүйеге келтіріп, данышпан ілімін жанжақты ашып бергенбіз /15/. Бұл еңбекте сол ілімді енді қоғам өмірінде ғана емес, әрбір адам өмірінде қолдану жолдары беріледі.

Рухани ілім бүкіл болмысты қамтитындықтан, ол қол жетпейтін терең, көз жетпейтін шексіз. Сондықтан оны қабылдау деңгейлері де әртүрлі. Абайдың рухани мұрасына арналғандықтан, бұл еңбектен де әркім өз керегін алып, данышпан мұрасын өмірінің өзегіне айналдырар деген үміттеміз.

– Оқырманды өзіңіздің шығармашылық жолыңызбен қысқаша таныстыра кетсеңіз.

– Міне отыз жылдан астам уақыт бойы мен Абайдың және Шәкәрімнің рухани мұраларын жүйелеумен шұғылданып келемін. Ондағы мақсатым – екі ойшылдың рухани мұрасын халыққа жеткізу ғана емес, сонымен бірге олардың ұлылығының мәнін ашып көрсету болды. Бүгінгі күндері мен ол мақсатыма жеттім деп ойлаймын.

– Абай мен Шәкәрім мұраларын түсініп, ойға тоқудың өзі қиын мәселе екені белгілі. Мұндай қиын да, жауапты мақсатты іске асыруға қалай шамаңыз жетті?

– Мен көп жылдар бойы рухани дүниені зерттеп жүрмін. Рухани жол туралы кітап та жаздым. Нәтижесінде теологияның терең сырына үңілдім. Соның нәтижесінде екі ойшылдың рухани мұралары кеңінен ашылып, маған олардың терең сырлы шығармаларын түсінуге мүмкіндік туды.

– Осы арада кейбір адамдарға әлі де түсініксіз болып келе жатқан теологияның не екенін айта кетсеңіз.

– Теология – қазақша айтқанда «Құдайтану». Құдайды таныған адам Оның жаратқандарын да, яғни бүкіл болмысты таниды. Болмысқа қоршаған орта ғана емес, сонымен бірге, адамның өзі де жатады. Ендеше болмысты таныған адам өзін-өзі таниды, және, керісінше, өзін таныған адам – болмысты таниды. Себебі – олардың қасиеттері ұқсас. Көне Грек ойшылдарының «Өзіңді таны, сонда бүкіл әлемді танисың» дейтіні осыны білдіреді. Ондай адам өмір сырларын біліп, тіршіліктің негізгі себептерін түсінеді. Осылай мен өз кітаптарымда Абай-Шәкәрім арқылы өмір сырларын ашып, адам мен табиғатты үйлестіруге ұмтылдым.

– Ол қандай кітаптар еді? Оларға қысқаша тоқтала кетсеңіз жақсы болар еді.

– Негізгі мақсатым халыққа рухани білім беру болғандықтан, алғашқы кітабым Абай ілімін жас ұрпақтың бойына жаңаша көзқараспен сіңіруге арналған «Абайтану» оқу құралы болды. Сонан кейін ұлы ойшыл мұрасын бір жүйеге келтіріп, оны халыққа кеңінен насихаттауға арналған «Абайдың рухани мұрасы», Абай және М.Әуезовтің рухани үндестігіне арнап «Ұлылар үндестігі», салауатты өмір салттарына арнап «Жасару құпиясы», Шәкәрімнің әулиелігін ашып көрсететін «Шәкәрім шыңы», философиясына арнап «Шәкәрімнің үш анығы» атты кітаптарды жазып, елге тараттым. Бүгінгі күндердегі дінаралық шиеленістердің себебін түсіндіріп және толеранттыққа жол ашатын «Единая основа мировых религий» атты еңбек жаздым. Қазақ халқының салт-дәстүрінің қалыптасуы туралы «Тоғызқұмалақ ойынының философиялық негіздері», Азиз Мүсірәлінің әулиелігін және оның тылсымдық қасиеттерін ашып, түсіндіретін «Сопы Мүсірәлі қазақ халқының алғашқы бас пірі» атты шығармалар жаздым. Сонымен бірге қоғамның ғылыми-техникалық, саяси-әлеуметтік, рухани-философиялық салаларына арналған жүзден аса ғылыми-дүниетанымдық мақалалар жарияланды.

– Бұл еңбектеріңіздің негізгі құндылықтары неде?

– Егер қысқаша қорытындылап айтатын болсам, кітаптарымда Абай ілімі аясында педагогика, психология, медицина, валеология тәрізді қоғамдық ғылым салаларының философиялық негіздері берілді. Болмыстың түпкі мақсаты, Жаратушы мен адам қатынасы, жан, рух, ақыл-сезімдердің не екенін түсіндіріп, олардың өзара байланысын көрсеттім. Сана-сезім деңгейлері берілді. Әлемдер байланысы, оның ішінде аруақтардың рөлі мен олардың кім екенін, адам өміріне әсерін баяндадым. Тылсым әлемнің сырын ашып көрсеттім. Тіпті нәрестенің анасының жатырында өзінің денесін қалай қалыптастырып, қалай өмірге келетініне дейін баяндадым. Яғни, болмыс салаларына негізгі бағыт берілді. Бұл бағытпен тіршіліктің түпкі мақсатына ұмтылған әрбір адам әрі қарай үңіліп, ізденіс арқылы рухани жаңғырудың шыңына көтеріле алады.

– Кітаптарыңызда адамның бұл өмірге қалай келуінен бастап қалай өтуіне дейінгі білім негіздерін берген екенсіз. Осындай мақсатыңыз орындалса, онда соңғы «Абай мұрасын қолдану жолдары» атты кітабыңыз не үшін жазылды? Бұл кітапты жазудағы мақсатыңыз қандай болды?

–Шынын айтқанда, мен бұл кітапты жазайын деп жазған жоқ едім. Бұл кітапты жазу жоспарымда болған да жоқ. Себебі, өзімнің шығармашылық мақсатымды орындап, енді рухани жолдың турасына түсу керек деген ой келіп жүрді. Бірақ, тағдыр мені басқа жолға салды.

– Ол қалайша болды?

– Елімізде рухани жаңғыру мәселесі көтерілген соң, бұл мәселенің мәнін жұрттың білмейтінін байқадым. Көпшіліктің түсінігі бойынша рухани жаңғыру үшін кітапханаларды, музейлерді көбейтіп, өткен тарихымызға көңіл бөлу керек екен. Бірақ бұлар рухани жаңғырудың сыртқы көрінісі ғана. Абай көрсеткендей «ішкі мәннің күзетшісі» ғана. Егер жетілудің ішкі мәнін білмесе, адамға бұлардың пайдасы шамалы. Қазіргі заманда кітапханалар мен музей, театрлар жеткілікті. Олардың санын көбейту жақсы нәтиже бермейді. Себебі, олардың көпшілігі бүгінгі күндері қаңырап бос тұр деуге болады. Баратын ешкім жоқ. Ендеше олардың санын көбейтуге арналған қаржы құмға құйылған су тәрізді пайдасыз, босқа шығын болмай ма!? Осылай байқағаным, халық Абай мұрасына көңіл бөлгенімен, бірақ оны өмірде пайдалана білмейді екен. Адамға білім алу жеткіліксіз – оны өмірде пайдалана білу керек. Мен бұған дейін рухани білім берген екенмін. Енді оның өмірдегі көріністерін көрсетіп, қолдану жолдарын беру керек екенін түсіндім. Осындай көп толғаныстан кейін мен Абай ілімін өмірде қолдану жолдары туралы өз ойымды білдіріп мақалалар жаза бастадым. Мысалы, солардың бірі «Егемен Қазақстан» газетінде 2018 ж. 4 маусымда жарық көрген «Жаңғырудың мәні – жүрек көзін ашу» атты мақала болды. Осылай газет-журналдар арқылы өз ойымды білдіре бастадым. Барлығы жалпы саны қырықтан астам мақалалар жарияланды. Ақыры бұл мақалалар жүйеленіп 345 беттік бір кітап болып шықты.

– Бұл кітапта Абай ілімін қоғам өмірінің қандай салаларына қолдану көрсетілді?

–Рухани жаңғыру дегеніміз тек қана білім алу емес. Алған білімді іске асыру. Ал оны іске асыру адамның өмір сүріп жатқан қоғамына байланысты. Сондықтан Абай ілімі аясында қоғам түрлеріне, адамзат өркениетінің не екеніне, оның даму жолдарына көңіл бөліп, көрсеттім. Қоғам өмірі демократия, не болмаса тоталитаризм жолымен дамыйды. Кітапта олардың адам өміріне әсері көрсетіліп, пайда болу заңдылықтары берілді. Бүкіл адамзат өмірі – Абай көрсеткен жан құмары мен тән құмарының үйлесімділігінің көрінісі. Олардан еркіндік пен тәртіп пайда болып, бүкіл қоғам өмірін құрайды. Олардың қуаты мен өзара үйлесімділігі қоғамның демократиялық жағдайын көрсетеді. Еліміздің өткен өмірін мысалға ала отырып, осылардың әсерін көрсетіп, келешекте қалай болу керек екенін жаздым. Қоғамдағы ел басқарушы адамның рөлі, өркениет пен демократия байланысы және өркениеттің құлдырау және өркендеу заңдылықтары берілді.

– Адамзат өркениетінің жалпы заңдылықтарын еліміздің тарихымен қалай байланыстырдыңыз?

– Еліміздің тарихын Абай ілімі аясында қарастырып, Кеңес Одағының ыдырау себептерін көрсеттім. Ол үшін коммунизм идеясына тоқталып, оның утопия екеніне дәлелдер келтірдім. Еліміздің тарихи кезеңдері: Ресей құрамындағы дәуір, Кеңес дәуіріндегі кезеңдер және еліміздің бүгінгі жағдайы сараланды. Нәтижесінде еліміздің өзіндік жетілу жолы ашылып көрсетілді.

– Бұлардың барлығының рухани жаңғыруға қандай қатысы бар?

– Рухани жаңғыруда өткен өмір мен одан алатын сабақтың маңызы үлкен. Адам келешегін қалыптастыру үшін ол ең әуелі өткен өмірінен сабақ ала білуі керек. Кітапта рухани жаңғырудың негізі беріліп, ұлттық кодтың не екені, оның маңызы көрсетілді. Біз көпжылдық бодандық қалыптастырған құлдық психологиядан әлі толық арыла алмай жүрміз. Мұндай еңсені басқан «қой мінезділікпен» қалай рухани жаңғыруға болады?! Сондықтан Абай ілімін пайдалана отырып еуроценристік көзқарастан қалыптасқан көшпелі қазақ жабайы болған деген пікірді жоққа шығаруға кірістім. Мен бұрынғы қазақ жабайы болмаған, керісінше, көшпелі елдер, оның ішінде қазақ халқы, бүкіл адамзат өркениетінің қозғаушы күші болғанын дәлелдедім. Ол үшін көшпенді өмірдің ұлттық кодқа ықпалы, отырықшылыққа өткеннен кейінгі салт-дәстүрдің өзгеру себептері көрсетіліп, оларды қайта қалпына келтіру жолдары берілді.

– Рухани жаңғыру үшін қандай жағдай керек?

– Ең әуелі өмір мақсатын білу керек. Сондықтан Абай ілімі бойынша адам өмірінің түпкі мақсаты беріліп, оған жету жолдары көрсетілді. Сонымен бірге, ең әуелі білім керек екені белгілі. Абай мұрасын білім алуда қолданып, білім алу дегеніміз не, оның сырлары мен деңгейлері көрсетілді. Балаға білім беру барысындағы жіберілетін қателіктер көрсетілді.

– Рухани жаңғыруда біз қандай бағыт алуымыз керек? Оның нысанасы қандай?

– Рухани жағырудың нысанасы – толық адам. Бұл туралы Абай отыз сегізінші сөзінде анық жазып кеткен. «Толық адам» – рухани жаңғырудың шыңы болып табылады. Тіпті жетілудің түпкі мақсаты десек те болады. Сондықтан Абайдың «толық адам» концепциясын жан-жақты талдап, молынан ашуға тырыстым. Абай көрсеткен «жарым адам», «адам» және «толық адам» сатыларын жеке-жеке талданып, олардың жетілу барысындағы алатын орнын, өзара айырмашылығы мен тіршілік жағдайлары баяндалды. «Толық адам» сатысындағы «кәміл мұсылман», «хакім», «әулие» және «пайғамдар» кім екені кеңінен суреттелді.

- Кітап немен аяқталады?

– Халқымыздың рухани жаңғыру жолында ұлттық идеяның маңызы аса зор екені белгілі. Сондықтан Абай іліміндегі қазақтың ұлттық идеясы беріліп, оған жету жолдары көрсетілді. Кітап соңында Абайдың мерейтойын қалай өткізу туралы өзімнің кейбір ойларымды келтірдім.

– Енді сөз соңында, осы құнды еңбектеріңізді көпшілік қауым қалай, қайдан тауып оқи алады? Кітаптарыңызды қайдан табуға болатыны туралы айта кетсеңіз.

– «Абай мұрасын қолдану жолдары» атты кітап жарық көрді. Жуырда «Абайдың рухани мұрасы» және «Шәкәрім шыңы», «Шәкәрімнің үш анығы» атты кітаптар жарық көреді. Бұл кітаптарды «Қазына» кітап дүкені және «Лантар Трейд» баспасынан алуға болады.

- Абай мұрасына арналған осындай маңызды сұхбатыңызға рахмет. Еңбегіңізге Абай аруағы разы болсын!

- Рахмет.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар