Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қаламгер Азаматтың әңгімелері

23.04.2015 480

Қаламгер Азаматтың әңгімелері

Қанат Тілепберген

                                              

Ақталмаған үміт


Қолпылдаған қонышына қамшысын сүңгітіп жіберіп, шақшасын ерніне төңкере салды. Насыбайдың қоқымы араласқан түкірігін қарға былш еткізді.


— Жотабай, ет жаққа барып жәрдем бер, - деді Тұзбай. Жотабай мен Сағи Кенжемен салыстырғанда Тұзбайға салқындық танытты. Естімегенсіді.


— Береген қол алаған. Осымен бесінші құрдасымызға он мыңнан көктасқа ақша жинадық. Қалғанымыз төртеу. Сендер де қырылып қалсаңдар, менің көктасыма кім ақша жинайды, а? – деді Жотабай аузын жаппай жөтеліп.


Қисық көшедегі іш құсадан өлген Ораздың қырқы берілуде.


— Келе жатыр. Шындықты бетіне бас. Жақтырмаса көшіп кетсін. Аяма, - деді Сағи табиғи мінезіне салып.


— Ағайыннан ұят. Қоя салындар, - деді өкшесімен мұзды кертіп тұрған Кенже.


— Неменеге қаққан қазықтай қатып қалдыңдар. Жәрдем берсеңдер қолдарың қалтырайма? – Ақкөңіл Тұзбай Жотабайды шынтағынан сүйрелей бергені сол, ашуланған досы қолын қағып жіберді.


— Мүләйімсіме. Өлмеген соң да сүйретіліп жүргенің. Ораздың түбіне жеткенің аздай ауылды бүлдіргенің анау. Ендігәрі менімен амандасушы болма. Қолыңды алмаймын. Елбұзарың ауылға аттап баспайтын болсын. Сендей ағайынның бары не, жоғы не. Танымаймын сені, сен де мені танымайтын бол. Осы уақытқа дейін үндемесек, шалдың баласы деп үндемей келдік. Сенімен араласуды тоқтатамын. Сендер де іркілмей айтыңдар.


— Елбұзарды ауылға аттап басқызба. Талап сол. Жалғыз мен емес көптің сөзі.


— Жотабайдың аузы сасық болса да осы төртеуміз күшіктеймізден бірге өстік. Өкпелеймін десең өзің біл, – деді қамыс қораның шетіне «ысқырған» соң белдігінің тісін қадап тұрған Кенже.


Елбұзар... Елбұзар... Елбұзар... Тұзбайдың желкесі тартылып, аяқ-қолы ұйып, жүрісі қисалаңдап қалды. Пешханадағы аузы кебістей қатындар бәрін естіді. Жүрегін тілгілеген сыпсыңдар келбетін әбіржітіп жіберген. Бірақ әлгінде ғана досы Жотабай тірідей көме салды-ау. Үстел құрылған жаққа қай бетімен жақындайды. Құдықтың түбінде сексеуіл жарып отырғандай кейіп танытты. Кетіп қала алмайды. Кірпігі жасқа шыланған. Әбден ызаланды. Жайшылықта бір соққыға порт сынбайтын жуан томарды үйіп тастады. Ыза тұла бойын қалшылдатып отыр. Пешхананың оймақтай терезесінен сығалағандардың пейілдері таза, Тұзбай жеке басы алтын адам, ал баласы - Елбұзар.


Ұзаққа созылған түнде алқымы қысылып көрпені теуіп тастады. Тастай қараңғы бөлменің қақ ортасында шоқиып отыр.


— Дәмет, елге қарайтын бет қалмады ғой. Не амалы бар? Айтшы. Сөзге тоқтамаған балаға не дерсің? Әлде дұрыстау тәрбие бере алмадым ба? Содан басқа жол құрып қалдыма, айтшы? Неден қателестім? Тіл қатшы маған. Көмектесші, көмектесші...


Суық қабырғаға ілінген Дәметтің портреті мылқау. Тұзбай қосағынан Елтүзер емшектен шыққанда ажырап қалды. Алты қыз алты жаққа тұрмыс құрған. Ауыл Елбұзар деп шулап жүрген жігіт Тұзбайдың алты қыздан соң көрген жар дегенде жалғыз ұлы. Есімі - Елтүзер. Қалада оқиды. Достарымен пәтер жалдап тұрады. Тәп-тәуір жігіт қайбір жылы жиһаз құрастыруға жұмысқа орналасқан. Сол жерде жүріп құрыды.


Сөзі бігіздей Жотабай тұл еркектің жан досы. Ол ауылдастардың айтқан сөзін өзіне намыс көріп, бүгін бар ашуын Тұзбайдан алған түрі ғой. Жотабай осыдан төрт жыл бұрын жалғыз басты досына алдап-сұлдап тоқал әперген. Тоқал демесең, қырық жасқа дейін тұрмысқа шықпай отырып қалған келіншек.


Дәметтің суреті қабырғада ілініп тұрса, ол тоқалдың кеңпейілділігінен. Осы үйге түскелі суреттің бетіне шаң тұрғызбады. Үлкен қызы мұнымен тіл табыса алмағанын несіне жасырайық, қалғандарымен туған анасындай сырлас. Қазанына күйе жұқтырмайды, таба нанның түбін күйдірмейді. Жақсы отана болғанына ауыл куә.


Тұзбайдың мұңлы кірпіктері айқасты. Ораз тіріліп келіп Елтүзердің алқымына айыр тақап тұр екен. Реңі өкпелі адамдікіндей. Құрдасым, сені кінәлай алмаймын. Бүйректен сирақ шығарған тентек мынау. Баламды азғырмағанда, оны үйден қуып жібермес едім. Әй, Тұзбай-ай, әу баста тыйып тастасақ қолымыздан біреу қақтыма? Несіне тайраңдатып қойдық. Ауылдың шығарған үкімі осы. Не сен шаншисын, не мен шаншимын. Таңдауынды жаса. Қарсылық танытсаң аяқ-қолыңды байлап тастаймыз. Әділ үкім көз алдында орындалады. Тұзбай, жақсылығыңды көп көрдім, имандай шыным, мен бұлай болғанын қаламап едім. Ұста айырды... Жотабай, Сағи бала-шағасымен ар жақта ыржалақтап, шырт түкіріп тұрды. Шошығаннан ышқынып оянғанда, қолтықтан кірген жел кеудесіне салқындық сездірді. Терезедегі қыраудың өрнегі әдемі.


Әңгіменің ашығы, бір жолы Елтүзер қаладан әкесінде жоқ сақалды қойып келді. Қап-қара қауғадай жүн бетін басып қалған. Сөзі бөлек. Оңашалана беретінді шығарған. Өмірді «жаңа» қырынан тани бастағанға ұқсайды. Қойнына тыққан «кітабы» да бөтен. Іс әрекеті ақылға қонбайды, қысқасы айныған. Міңгірлеп түсініксіз сандырағын қайталайды.


Ораздың баласының иегіне жүн «өсіргенде» Елтүзер. Қалада жалдамалы пәтерде бірге тұрған. Ораздың төрт баласы бар. Текесақал баласы тіл алмаған соң, адам болмасаң аулақ бол деп бездіріп жіберді. Жүрек құрғыр шыдас бермей ақыры жүріп кетті. Өкінішті.


Тұзбай көң қора есігінің аузында, төңкерілген түбі тесік шараның үстінде отыр. Өзін белгісіз дұшпанмен күресіп жүргендей сезінеді. Балам неге бұзылды? Айтуын айтып жатсақта неменеге түзелмейді? Ағайынның ақылын тәрк еткізген қандай дуа? Ол өз ортасынан безінетіндей қандай күшті торға түскен? Не үшін қырынбайды? Мінезі табан астында неменеге өзгерді? Адам жәйден-жәй адаспайды! Ішкі әлемінде бір күйзеліс бар. Олай болса ішіп кеткені жақсы емес пе еді. Бірақ заманына қарай ауруы. Қазіргі жастар араққа құмартпайды. Бүгінгі қоғамның дерті адамды аяғымен емес, ақылымен адастырады. Сұрақ көп, жауап жоқ. Тұзбай балаға жұдырық иіскетіп көрмеген. Мүлт кеткенімнің себебі сол шығар деп те жорамалдады. Не де болса кешірім жоқ. Түсінде көрген айырдың сабын өзі ұстайды, болмаса өзге біреу табылады. Әбден ойланып бір тоқтамға келді.


Ауыл көктемге ілінді. Қыста айтылған әңгіме өршеленіп кеткен. Қанша жасырсаң да ағайын естиді, біліп қояды. Текесақал кіші әпкесін жездесімен қосып жалмапты. Әнебір күні ауылдың таксистеріне жақындаса «құрыда-құры» дегендей ешбірі мінгізбей қойыпты. Бүгін түнделетіп келген баласын көргенде Тұзбайдың зәресі ұшты. Терезеден қайта-қайта көшеге сығалады.


— Түзелесін бе, жоқ па? Албастыдай болмай айнаның алдында тұрған ұстарамен қырын. Шыдамның да шегі бар. Саған соңғы рет мүмкіндік беремін. Адамға жанын ашима өзі? Оны қойшы. Неге тілімді алмайсың? Жауап бер... – Әкесінің сөздеріне міз бақпай орнынан тұрып кетті. – Балам, амалымды тауыстың. Сені Құдайдан тілеп алдым, санасыз болғанына амал нешік.


Үндемей тұрып кетсе мейлі ғой, әкесіне қарата «ақыл» айтып күбірлегенде Тұзбай терісіне сыймай қаһарына мінді. Талдырып ұрған соң жүнін сыпырып, адам құсатып киіндіріп, ескісін өртеді. Ебіл-дебілі шыққан тоқал көшенің басынан бір топ кісіні көргенін қорқынышпен жеткізді.


Мәсі киген ақсақал табалдырықтан аттағанда Елбұзарды көріп тосырқап қалды. Төрге озған қарияның тізе жағынан істі болғандай Тұзбай жайғасты.


— Бұл балаға Елтүзер деп азан шақырып есім бергенім есіңде ме? Қандай қарама қайшылық десейші. Қайғырма. Бірінші елді бұзған осы. Артынан іле-шала төрт тентек құрдасы адасты. Өз құрдасын Ораздың қандай күйге душар болғанын көзбен көрдің. Талай тентекті тезге салсақ та, дәл мына жағдайда не істерімізді білмей қол қусырып қалғанымыз, жарық жүзімізге көлеңкесін түсірді. Ақсақал басыммен жастарға тура жолды үлгі қыла алмағаныма сенен ұяламын. Қатты айтсам кешір. Үмітің ақталмаса кімнен көресің? «Тікенің болса бойыңда, ауырса да өзің жұл». Әңгіме осымен бітті.


— Елтүзер, екеуміз төбенің басынан шығып, оңашада әке мен бала сияқты сырласайықшы. Мен сені түсінемін, титтей де кінәламаймын да. Сен тұрмақ сенен де зорлар сұмдықты көрсетіп жүр. Білесің бе, марқұм анаң сені жақсы көрді. Уызға жарып өстің, бетіңнен қақпадым. Осы жасқа жетсем де, сенің қылығыңды түсіне алмай-ақ қойдым. Оқуға кетпей тұрып ақылын сап-сау бала едің... Келші, құшақтайыншы баламды. – Әкесі тым салқынқандылық танытып тұр. – Соңғы рет жалынып сұраймын...


Елбұзар жағдайды одан бетер ушықтырды. Тәубеге келудің орнына шатып-бұтып сандырақтады. Әкесінен кешірім сұраудың орнына, бөтен «кітаптан» сусындаған «ақылын» айтты. Әлде жағдайды әдейі ушықтырды ма кім білсін, көзінің нұры сөніп қалыпты. Тұзбай мылтықпен өз баласын гүрс еткізді. Ол бұл шешімге әлдеқашан келіп қойған. Әкесі сондай қадамға барады деп ауылдастар күткен жоқ.


Тоқал баланың қалтасынан тапқан бір жапырақ қағазда жазылған хат: «Әке, сіз анамды ұмыттыңыз...»



01. 05. 2015



Қауышқандар


Сол қателік оның өмірінің астан-кестеңін шығарды. Жас еді, мойындағысы да түзелгісі де келмеді. Қара басын асырап, беталды жүре берді. Маңдайына тұрақты пәтер жазылмапты. Сайқымазақ достарымен беу өмір кешіп жүргеніне мәз. Оның достары да тұрақсыз. Жалданбаған жұмысы, қонбаған темір жол бекеті қалмады. Тағдырының жарық тұсы сол заң бұзып қамалмады. Қаңғыбаста қайбір онған денсаулық. Күйеуімен жараспай ажырасқан келіншекпен көңіл қосып та көрген. Онда да тұрақтамай, келесісін тапса тайып тұратын. Жылы төсекке дәніккен сайын арсызданды. Ыстық тамақ үшін келіншектің алдында өтірігін судай сапырды. Кешкісін есіктің аузынан күтіп алатынды шығарды. Бөтен үй, жұмсақ жиһазда жатқанын мақтан тұтатын. Бұған да жете алмай жүрген еркектер бар ғой. Жалған намысы ояна қалса, әйтеуір өзін ақтап алады. Ақталған сайын еркектік қасиетінің жұқанасы қалмады. Күндіз жалғыз қалғанда ваннаға ыстық су толтырып шайынады, айнаға қарап қырынған жағын сабалап, су шашын әрі де, бері де қайырып тамсанады. Кейде өзі кетеді, кейде мұны қуып шығады. Отыздан асқанда шыққан төбесі – сол.


Уақыт одан бәрін ұрлап алды. Жасы қырықта. Бұрынғыдай сумандап тұрған тіл жаңылыса бастады. Аузы-басын шайып келіншектерге қырындаса, сауырынан ұстатпайды. Әп-әдемі қадам басса да жіңішке белдердің ығына жығылмайтыны несі? Зығырданы қайнады. Мәселені түсінген соң жасы сәл үлкендеулерге ауыз салды. Отыз бестер шамасындағы келіншекті алғашында менсінбейтін. Азуы соларға бататын болғандықтан ендігі ылаңдайтын төбесі қалмағанын түсінді. Байқап көрді. Айырмашылықтар әжептәуір екен. Отыз бестегілердің белдері жуандап, бөкселері жалпиып кетіпті. Олар бояу-сояуды ұмытқалы қашан, бар болғаны тарақ қана қалған. Жалғыз тарақ келіншектің сұлулығына толықтай жауап бере алмайды. Өздерін күтуге аса көңіл бөлмейді, тұрмыс ұмыттырған. Бірінші күйеуінен қалған жалғыз баланы асырап жеткізу үшін жұмыс пен үйдің ортасын тоздырып жүру – олардың үйреншікті әдеті. Анда-санда азаматтық сотқа барып, жеке сот орындаушының қабылдауында болып, алимент төлемей жүрген бұрынғы күйеуінің үстінен арыз жазады. Ес біліп қалған баласы досының, болмаса құрбысының үйіне түнеуге сұранып кеткенде, жападан жалғыз шарапқа сылқия тойып, бар қиындықты басына үйіп-төгіп берген тағдырына қарғыс айтып, еңкілдеп жылайды. Еденді тоқпақтап, пердені жұлып, қолға ілінгенді лақтырып, ашуын басады. Осындай сәтте бұл төсекте үнсіз жататын. Ашуға булыққан сәтте, оның үстіне сылқия тойып алса, ондай келіншек жұбатуға көнбейді. Үнсіз жата берді. Өйткені өткен жолы бір келіншекті жұбатамын деп подъезден бірақ шыққаны есінде. «Беті аулаққа» салып бүркеніп жатыр.


Ауыстырар киімін арқалап қайда барарын білмей көшеде тұр. Алға жүр, кейін қайт, оңға бұрыл немесе солға бас. Оған бәрібір. Еш жерде оны күтіп тұрған есік жоқ. Әзірге өлмейтінін біледі. Күші сарқылмаған. Қара басын асырай алуға шамасы жетеді. Жалданғысы келсе, табылатын жұмыс баршылық. Бәрібір қатынқұмарлығы бойын жеңіп тұрады. Қаланың шетіндегі ірі кәсіпорыннан табылған жұмысқа жалданды. Кезекті жұмыс күнінде біреумен танысты.


— Мен секілді екенсің. Түр-түрін көріп тастадым. Соңғысы тіптен керемет еді. Кездейсоқ таныстық та, шығарып салған кезде сүйісіп алдық. Он жеті жыл бұрын күйеуімен ажырасыпты да осы күнге дейін еркекпен қосылып көрмепті. Өз сөзі ғой. Алғашында сенбесем де, шынымен де солай ма деп қалдым. Кәдімгідей ытырылып қашқақтайды. Не керек, мені сендіруге барын салды. Ұмытып қалғандай, тәжірибесі жоқтай түр жасап алған. Әрі кетсе екі-үш ай, болмаса жарты жыл тыныш жүргені байқалды енді. Таза әйел. Ондайлардың әңгімесін сен жақсы білесің. Пәлелердің оқиғаларын жаттап та алдық қой. Жалғыз қалған соң еркексіз-ақ баланы өзім тәрбиелеп шығамын деп біреудің көзін соған жеткізгісі келеді де, қиындықты көре-көре сынып кетеді. Солар нені дәлелдегісі келеді? Еркектің аты – еркек. Біріншісі мен кейінгі біріншілері бәрібір еркек өзінікін істейді ғой. Сол келіншек маған да әлдеңені дәлелдемекші болып не тапты? Ақылы түзу адам дәледегісі келетін бір-ақ дәлелі жоқтармен тұрақтамайды.


Қайда тұратынын білгісі келіп отырса да сыр бермеді. Асан болса әңгімені сырттай баяндап отыр. Бәлкім бір шеті шығып қала ма деп бұл да әңгімені қоздатты.


— Нені дәлелдегісі келеді дейсің бе? Оны мен қайдан білейін. Өз басым келіншектерді екі топқа бөлемін. Біріншісі, күйеуімен ажырасқандар және күйеуі тастап кеткендер. Осы екі түрдің жаманы күйеуі тастап кеткендер. Ажырасқан келіншектің жарасы ары кетсе бір жылда жазылады. Барлық жақындары естіген соң, беті ашылады да әрі қарай өмірін жалғастыра береді. «Жараспай қалдық, ұрыстық» деп сұрағандарға жауап береді. Ес білгенде баласы сұраса, әкең кезінде мені ұрды, сол себепті ажырасып кеттік деп ауыр да болса шындықты айтуға тура келеді. Сөйтіп әкесі туралы жағымсыз әңгімелерді баланың құлағына құяды. Бір жақты әңгіме болуы мүмкін емес. Ал бала тек бір жақты әңгімеге қанығады. Еркектер не себепті үйіне баруға батылы жетпейтінін көрдің бе? Күйеу баласын иттің етінен жеккөретін нағашы әжесі де төңдіреді. Ал күйеуі тастап кеткен келіншекке жақындары қоятын сұрақтар ауыр соғады. Не деп жауап берерін білмей бас қатады. Өйткені, олар ұрысқан жоқ. Ұрыспаса, таласпаса ерлі-зайыптылар неменеге екі жаққа тарап кетеді? Тастанды әйелдің азабы ауыр. Бәрі үлкен арманнан басталады. Сосын үміттер ақталмайды, көңіл қалады. Неменеге мені тастап кетті деген ой бұларды қатты мазалайды деп ойлаймын. Кінәні біреуден емес, өзінен іздейді. Жақсы жар бола алмағаны санасын жегідей жейді. Ол да дұрыс емес. Бәлкім, безіп кеткен еркектің сапасы да соған лайық шығар.


— Менің де кейде оралғым келеді. Оралайын десем, батылым жетпейді. Балаларым ес біліп қалды. Ал мен олар ойлағандай жақсы адам қалпынан әлдеқашан айнып кеткенмін. Мойындаймын осы жасқа жеткенше түзу іс тындармаппын. Жекелеген адам болмаса қоғамның бұзылып кеткен еш бәлесі жоқ. Мен о баста бұзылдым. Енді сазайымды тартатын уақыт, ессіз қылығыма есеп беретін жасқа жеттім. Тұрақсыз көніл, тұрақсыз іс, мағынасыз өткен есіл күндерім келмеске кетті. Қазір өкініштің құшағында қалдым.


— Дұрыс. Жасымыз отызда болса, дәл қазір осылай көсілер ма едік? Елуге таяп қалған соң ағымыздан жарылып отырмыз. Әйтпесе... Негізінде бар ғой, сол кезде ашуды басып, кешіріммен қарап, арада бір-екі ай өткен соң достасу керек еді. Ендігі әңгімеміз – бос былшыл. Араздасып қалғанда біреудің ақылының құны бес тиын екен. Адам болған соң санасып, ерегісіп кететіміз. Жас кезде басу айтқан сайын өршеленеміз. Шикі өкпе екенімді мойындаймын.


— Жүріп өткен жолымыз дұрыс па? Уақытша болса да бірге тұрған келіншектердің де қылығына таңғаламын. Үміттері не? Сөйтсем, олар да өзіміз секілді жолы болмаған адамдар екен ғой. Жолы болмай, құр сүйретіліп жүрген жандар. Біз де дәл солай. Мені «аға» деп біреудің баласы атағанда ішімнен «кетшіей, әрі, тапқан екенсің ағаны» деп қайыратынмын. Ол баланың да мені өз үйінде көргісі келіп жүргені шамалы екеніне енді миым жетті. Айтуға ұят. Көз алдыма елестетсем, жылағым келеді. Ескі үйім. Қыздарым біреуді «аға» деп шайға шақырады. Қызым іштей тынып жүрген болар. Қызым маған кек сақтап, әрбір «аға» сөзі үшін мені кінәлап жүрген болар. Амал не? Өткенді түзей алмаймын ғой. Жауапкершілікті түсінбеген екенмін. Қателігімнің кесірі бақытты болуға лайық жандардың да болашағына кедергі болды. Бала әке махаббатынан құрғақ сөзге бола бас тартпайды. Осындай жағдайлар оны шалады. Шалғанда қалай?! Ал біз кінәні анасынан, әжесінен іздейміз.


Күздің сіркіреп тұрған кезі. Темекі тұқылы шалшық суға түсіп сөнді. Төмпештеген ірі тамшылар тұқылды аяусыз шалшыққа батырып жатыр. Қас қағым сәтте қапталған қағазынан ажырап қалған мүштігі лайда қорғансыз қалқып қалды. Жұқа қағаз тамшыларға шыдас бермей еріп, су бетінен ғайып болды. Шалшыққа қарап тұрғанда адамгершілік қасиетінен айырылып қалған ет пен сүйек анау мүштіктей қалқитынын ескерді. Жақсы қасиеттің отын өшіріп алсаң, ет пен сүйек сезімсіз қаңғыбасқа айналады. Қаңғыбастың бірі шалшық салған суретке қарап тұр.


Салқын ойы - «сонғысы тіптен керемет едіні» байқап көру. Суыртпақтап жүріп ақыры білді. Мекен-жай бойынша подъезге кіре бергені сол еді, жігіт пен қыз сүйісіп тұрғандықтан сыртқа шықты. Қыздың белінен ұстаған жігітке қарап жас күніндегі өзін көргендей болды. Жігіт шығып кеткен соң бұл екінші қабатқа көтеріліп есікті қақты. Есікті әлгі подъезде тұрған қыз ашқанда, бұл сыпайы түрде өзін таныстырды. «Бұл кім?» деп ар жағынан шешесі де атып шықты. «Есікті өзіңіз жаба салыңыз» деп қыз үлкендерді оңашада қалдырды. Келіншек кім? Ол – осыдан он жеті жыл бұрынғы өзінің әйелі. Есік тарс етіп жабылды. Осылай қауышу үш ұйықтаса да түсіне кірмеп еді. Ішкі сағыныш тіл қатып үлгерместен есік тарс етіп жабылғанда үркіп кетті. Ет пен сүйек асығыс төмен түсті. Қашып барады.


Жұмыс. Ауысымдары сәйкес келген сайын Асанды көріп тұрады. Амандасады. Сыр бермейді. Арада үш жылдан аса уақыт өтті. Ол бүгін Асанмен тағы бір ауысымда.



Шайхана



— Қалада тапшанға жатып қарық болмайсың. Шәуілдеген қаңғыбас иттер көп. Ұйқы құрғыр қаңбаса да таң сәріде сергек оянасын. Шілдеде анда-санда жаңбыр жауады. Ондайда көрпені бүркеніп, үйге кіруге ерінемін. Сегіз сағаттық жұмысқа еті үйренген адам демалыс алғанда әрі кетсе үш төрт күнде ұйқысын қандырып, шаршағанын басқан соң іші пысады. Үйге сыймай, баратын жер іздейді. Жасым отызда, қатын-балашағамды жалбыратып ауылға барсам, ол жақта да сол теледидар. Достарыма барам, азын-аулақ әңгіме, қайтадан теледидар. Қайда барсаң да теледидар. Көк жәшік не айтса, сол тақырыпты талқылаудан әрі аспаймыз. Бізде жеке ой бар ма? Бүгін өзгеше әңгіме айтып демалайықшы.


Жансерік екінші қалбырды ашып, құрттан тістеді. Досы Жасұлан екеуі моншаның шайханасында отыр.


— Жалықтым. Жүйкем жұқарып жүр. Айтылса, сене қалғандай кейіп танытамыз. Мысалға маған бәрібір... Жанымызды семіртетін қызық табыла ма? Әлде жұмысқа жегілген есектей болып кеттім бе, білмеймін... Тұрмыстың қамытынан босанғым келеді.


Жасұлан мырс етіп күлді. Досының әңгімесіне жауабы дайын.


— Көшеде ақша шашылып жатыр, соны сыпырып алатын құлқын жоқ. Сен рухани мешелдіктен алыссың, діңкәләтіп жүрген тұрмысыңа ақшаң жетпейді. Мәселенің төркіні сол ғой. Ақша жетпейді саған. Жайдақ армандайсың. Үмітің сөңіп қалған. Ел қатарлы жүргендей өзіңді жұбатып қоясың. Сенің ойынша, басқалардың сағанағы сарқ. Жалпақ әлемде жападан жалғыз жоқшылықта жүргендейсің. Ренжіме. Өзіңді кедеймін деп санамайсын ба? Себеп табылып айлықсыз қалдын. Не істейсін? Қиналасын. Ал, қалай құтыласын? Жолын іздейсін. Міне, көзін тапсан ғана бай боласын. Ерінсен айлық жұмыс табылады, есесіне уайымнан ұйқын қанбай, жекжатпен араласуға ақша таппай, аянышты күйде қаласың. Саған қарап отырып осылай демеске амалым қалмады.


— Данышпансымай-ақ қойшы. Бірақ, сөзіңнің жаны бар. Жоқ қой, жоғалып қалғыр. Негізі менің миым кеуіп қалған. Сенікі ше? Білем, тұрпайы сұрақ қойдым. Жауапсыз қалдырсаң да ештеңе өзгермейді. Сонда да...


Екі дос бір-бірін жарты ауыз сөзден түсініседі. Сыра жәймен буындарын босата бастағандай.


— Есіңде ме, өткен жылы жылдық табысымның он пайызын қайырымдылыққа жұмсамақшы болып оқталғам. Сол кезде көп ойландым. Реквизитіне ақшалай аударған жөн бе, әлде мұқтаждықтарын анықтап, заттай әпергенім дұрыс па? Он екі айда әжептеуір қаржы жиналды. Толықтырып үстінен қостым. Қалтама салып діттеген қақпаға жете бергенімде ішкі үнім «үйге қайт, ойланып кел» деп табалдырығынан аттатқызбайды. Ішкі үнім өзіме бөтен емес қой. Ойланып-толғанатын несі бар, қайырымдылыққа жинадым ба, демек айнымағаным жөн. Жұмыс мойын бұрғызбай екі демалыс өтті. Қалалық телефон анықтамалығын...


— Е, сен, далбастамай апарып бере салсайшы, - Жансерік досының сөзін бөліп жіберді.


— Қалалық телефон анықтамалығын алып мекемеге қоңырау соқтым. Тұтқаны көтерген хатшы меңгерушімен қосты. Әңгіме арасында өткен жолы күткендерін, неге келмегенімді, қашан келетінімді анықтап сұрады. Қалай ақталарымды білмей, іс-сапарда болдым дей салдым. Мекемеге баратын күні азанғысын айнаға қарап тісімді шайып тұрсам, ішкі ойларым қайтадан қозды. «Ойлан! Меңгеруші қашан келесін деп зыпылдап тұр. Дауыс ырғағынан-ақ жылтыр адам екені аңғарылады. Берген қаржыны қайда жұмсайтынына көзің жете ме? Ол жұмысқа адам аларда пәре алуға еті үйренген. Өзі де сол қызметке отыру үшін біреуге пәре бергенін жақсы білесің. Таза адам болмай шықса, қайтесің? Ойлан!». Құдай сақтасын. Танымайтын кісі хақында жаман ойдың шырмауында қалдым. Баруын барып, тұраққа көлігімді қойып түсейін десем, қолым есікті ашқысы келмейді. Ұйып қалған. Бұлшық етімді уқалап жібермекші едім, сол иығым да салбырап ыңғай бермеді. Көз алдыңа елестетші, сап-сау адам орындықта қозғала алмай отыр. Жұмысым мекемеге кіру, «мәңіз» деп қайтадан шығу. Мақсатым – сол-ақ. Сосын орындықта отырып жұлқына бастадым. Әлденені ішім сезе бастағанда күреске түстім. Қап бәлем, жеткен жерім осы ма? Тыпырлап артқа шалқайдым, ашуланып еденді тепкіледім. Ыза болғаным соншалықты ұртымды шайнап тастаппын. Салмын. Неге? Мекемеге жақындасам, не үшін өзіммен өзім күресемін? Түк түсінсем бұйырмасын.


— Қызып қалсаң үйіңе қайтшы, мылжыңдап отырғаның не? Бұлшық ет... қуасың ба? Қайдағы күрес? Қуықтай салон ішінде кіммен күресіп жүрсін? Қуасын ба? Ноқат десе... – Жансерік жаймасын түйдектеп беліне қыстырды да буға қарай маймаңдады.


Елдің аузы айлық жұмысты сөз қылудан жағы талған. Былайша айтқанда, қазіргі заманның адамы кәсіпкерлікпен айналысуы тиіс. Салықты уақтылы төлесең, саған ешкім соқтықпайды. Будағы ағаш тақтайдың үстінде шалқасынан жатқан Жансеріктің бар арманы - досы сияқты табысты кәсіп иесі болу. Жасұландай болсам, жылына бір мәрте шетелге шығамын, іссапармен ел аралаймын, анша-мұнша адамдар міне бермейтін ұшақпен қатынаймын. Кәсіпкер болу – не деген бақыт?! Қалтаңда мыс-мыс ақша, тұрмыстық қажеттілік қанағаттандырылған, шақырған тойдан қалмайсың, базарлығың құрдастармен салыстырғанда қомақты. Айлыққа телміру не деген ақымақтық? Айдың соңында еріксіз алақан жайып кетесің. Түлен түрткендей атып тұрып әріптесіңнен қарыз сұрайсың, ол сенен сұрайды, сосын қол ұстасып барып есеп бөліміндегі келіншектің мазасын қашырасың. Айлық екі-үш күнге кешіксе үйде сатуға жарамды не барын, осы уақытқа дейін қарыз сұрап көрмеген туыстарыңды іздестіресің. Адам қатты мұқтаж болғанда айла тапқыш. Өтірікті де судай сапырасың. Қарызға ақша алу үшін кімді де болса сендіресің.


— Әңгіме айтып отырсам, тұрып кеткенің қалай? – деді Жасұлан буға кіре салып. Досының тәтті қиялы өрістей берген жерінен үзілді.


— Құлағым сенде, жалғастыра бер... Қоя тұр, есі дұрыс адамның әңгімесін айтшы.


— Қарасам, әуежайдамын. Қалай келдім? Есімде жоқ. Қолымда билет. Дәретханаға тұра жүгіріп мұздай сумен шайындым. Кекілім су. Өзімді-өзім зорлап билетті қайта өткіздім. Жолдан дәріханаға соғып сатушыдан дәрі сұрадым. «Қандай дәрі керек? Дәрігердің қағазын беріңіз қарап көрейін» дейді. Ондай қағаз менде жоқ қой. Расымен қандай дәрі сұрап келдім? Өзім де білмеймін. Қашып шығып көлікте қамалып отырдым. Қайырымдылыққа жиған ақша банкомат «тілінде» болатын, соны жоғалтып алмаудың қамы – ұлтарағымның астына салып қойдым. Зақымдалып қалмас үшін бір аяғыма салмақ салмай сілтіп кеңсеге кірсем хатшы айлығымды қашан көтересіз дегендей менен көз алмай отыр. Есікті ішінен шарт етіп құлыптадым да туфлиді сіресінен басып шештім. Бүлінбеген, майыспапты. Қай жерге қойғанымды ұмытып қалмау үшін кеңселік қағазға орадым да қоқыс жәшігіне тастай салдым. Қоқыстың арасында не жатқанын кім біледі? Есікті тықылдатты. Аштым. «Аға, туфлиіңіздің сыңары қайда?» дейді хатшым. Жалаң аяқ барып есікті ашыппын. Тапқан сылтауым өкшемді қажап жіберді дедім. Сосын...


— Досым, саған не болған? О, заманда, бұл заман ұлтарақтың астына тыққаны несі? Қалтаңнан біреу қағып кете ме? Сен белінен буылған ақша жоғалтсаң да еш жерің қисаймайды ғой. Әңгімең қызық болып барады. О, тоба, мен де алжиын дедім. Жалғастыршы...


Бу. Су сепкен сайын қошқыл иіс бұрқырайды. Қайратты шашын артқа қайырған Жасұлан ыстықты сезбей отыр. Душар болған күйін кітаптан оқығандай етіп қызықты баяндап беруде. Әлгі сұрақ қойылғанда іші қылп ете қалған, оны досы байқамады. Сұмдық сұрақ. Ондай сұрақ қойылады деп мүлде күтпеді.


— Үйге ерте қайтып, салқын суға шайынып бойымды сергіттім. «Экономиканы» оқып бітіре салайын десем, көзім бұлдырап мұрша бермеді. Уқалап көрдім. Жанарым ашылғандай. Кітаптан не оқыдың десей, айтса адам сенбейді. «Табысын табыс па? Қалтаңа ақша түскен еді қайырымды бола қалғаның қай сасқаның? Еңбектеп тапқанды біреуге бере салғаннан не ұтасың? Берме. Оларға бөлінген ақша шаш етектен жетеді. Өзіңе жарат. Ақылды бол. Миллиондап тапқандар... жымқырғандар дегенім ғой, қайырымдылыққа бір тиын жұмсамайды. Қалтаңа он теңге түсіп еді, сенікі не тәлпіш? Ал береқал, жұмсалды деп мөрін былш еткізеді де, «үп» еткізеді. Сен не ұтасың?». Өліп кетейін кітапта дәл солай жазылып тұрды. Шошығаннан кітапты қабырғаға жалп еткіздім. Дереу ғаламторды ашып маған не болғанын анықтау үшін мәтін теруге жайғастым. «Маған не болған?» деп еңгізсем, табылған мәліметтер қайдағы бір сандырақ. «Ауытқулар» деп түймені бастым. Далбаса. Поштамдағы хатты ашсам, кеңседегі он жеті адам қол қойып, айлық көтеруді талап етіпті. Жын ұрған ба бәріңді? Мені ешкім тонай алмайды. Өліп кетейін, ешкімге тоналып, қарап отырмаймын. Кімдікі дұрыс? Таңғы бестерде оянсам, кітап еденде жатыр. Терезені ашып бөлмені желдеттім. Кітапта артық ауыз сөз жоқ. Ғаламтор қосулы күйінде қалыпты. Ешқандай хат жоқ. Қалай түсінем? Маған көз тиді, жорамалым сол. Өзімнен күдіктене бастадым.


Буыны былқ-сылқ етіп денесі жіпсіген досы айтылған әңгімеге ілесе алмай, бажырайып қалған. Көзі кіртіип отыр. Алып-қосқысы келсе де ойын жинақтай алмай әлек. Түрі әйтеуір тыңдап отырған адамға ұқсайды.


— Жасұлан, тоқташы. Сен бойдақсың ғой, солай ма? Солай. Даңғарадай үйің, көлігің, кеңсең бар. Айтшы не жетпейді саған? Әңгіменің тоқетерін айтсай. Сөз жоқ, басынан өткен оқиғаға қызығып, тұшынып тындап отырмын. Тоқетерін айтшы, әйтпесе тек сен ғана сөйлейтін сияқтысың ғой. Маған да жақ ашуға уақыт қалдырсай.


— Өй, сен не айтасың? Айлық аз, жетпейді... жетпейді...


— Кеудеңді көтере берме. Әлде менсінбей отырсың ба?


— Қайдағыны айтпай отыршы. Мен не досын менсінбейтіндей қап-қап ақшасы бар адамға ұқсаймын ба? Әңгіме айтайық дедің, айтып...


— Қалжың ғой, іш пыспау үшін менің сұрағыма жауап берші. Сосын көпіре бер. Келіншек аласың ба, жоқ па?


— Алмаймын. Неге? Қанша жерден сүйіп қосылсам да бір бала туған соң ажырасып кетпейтінімізге сенбеймін. Сен неке куәлігіне қол қоюдың жауапкершілігін білесін бе, білмейсің. Өзіңмен мені салыстырма. Менің жағдайым бөлек. Ажырасатын болсаң, дүниеңді де бөлісетін боласың. Ол – шығын. Шүйке басқа бола шашымды ағарту алға қойған мақсатым емес. Бала-шағамнан қызғанады екен деп қателеспе. Айналамда күліп жүрген қыздардың не көздегенін беске білемін. Керек кезде мен де оларды пайдаланып қоямын. Үйленуден қорқамын. Мен – кәсіпкермін. Түсінші.


— Миыңды есепсіз тапқан қағаз кептіріп жіберсе, қиналатын өзің. Соны ұмытпа!


— Кеңсеге таң сәріде жетіп бардым. Қоқыс жәшігі бос. Жынданып кете жаздап, еден жуатын әпкенің үйіне қоңырау шалсам, біраз уақытқа дейін тұтқа көтерілмей мазам қашты. Қоқысты әдетте жолдың арғы бетіндегі үйдің қарсы алдындағы қоқыс контейнеріне төгетін. Дереу жеттім. Қараңғылау болғандықтан тұрғындар енді оянса керек, жағылған шамдар аз. Қоқысты ақтарайын десем, өзімнен ұялып қарап тұрмын. Қарамайын десем жоғалтамын ғой. Бөтен көз болмағандықтан секіріп түстім де, аяғыммен түбіндегі қоқырсықты қозғалттым. Кеңсенің қалдықтары жатқанымен арасынан табылмады. Үстіме сасық иіс сіңіп қалыпты. Үйге тартып, жуынып алған соң, ал кеп қарқылдап күлейін. Ызам келді. Өзімді мазақ ететін ешкім болмаған соң, тағы күліп алдым. Маған не көрінді? Жоғалмаса одан әрі. Банкоматтың кәртішкесін банкте қайтадан алуға болады. Түс ауа жұмысқа барғанда үндеген жоқпын. Жоғалғаны маңызды емес. Ең бастысы, белгісіз күйден арылдым. Жоғалтып тынғанда өз-өзіме келгендей болдым. Есіме алсам, өзімнен жиіркенемін. Нәжіс жағылған дәрет қағаз, исі әлем ас бөлменің қалдықтары, былжыраған бірдеңкелер... Табаныммен бастым ғой соның бәрін. Қоқыс контейнеріне қалай ғана түстім? Ешқандай арам ойым болған жоқ. Тек қайырымды іс тындырмақшы едім. Жұмыстан ішім пысып ойлап тапқан ермегім еді. Бір жыл ішінде қаржы жинала берген сайын өзгере бастадым. Бұзыла бастадым. Шатасып кеткен сияқтымын. Жоғалды. Дұрыс болды. Құтылдым. Бұл басы ғана, маған үйлену керек. Әйтпесе құримын. Құрғақ ақша миымды кептіріп жіберді. Сен сұрақ қоя аласың...


Қаламгер Азамат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар