Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

20.03.2021 3249

Ақын Фитрат 12+

Ақын Фитрат - adebiportal.kz

Ей, таулары көк аспанға сəлем берген кең өлке,

Неге сенің басыңа түсірді бұлт көлеңке.

Фитрат

Абдурауф Фитрат – жиырмасыншы ғасыр өзбек əдебиеті мен мəдениетінің ірі өкілі. Түркі әлемінің айтулы тұлғасының əдебиет сыны, тіл, драматургия, поэзия, публицистика, журналистика саласындағы еңбектері бір төбе. Орта Азияда жәдидтік ілімді жалғастыруымен түркі халықтарының рухани серпілуіне өзіндік үлесн қосты. 1926 жылы ғылымдағы зор еңбегі үшін профессор атағы берілді.

Мемлекет жəне қоғам қайраткері 1938 жылы 5 қазанда репрессия құрбаны болып, Ташкентте атылды.

Фитраттың «Ислам мемлекеттері неге ойран, неге қарабазар болуы керек? Мұның себебі неде? Бұл бейшаралардың неге жеуге наны жоқ» - сынды маңызды сұрақтары əрі ойлары халыққа əсер етпей қоймады. Біздің оны тек бауырлас ұлттың перзенті деп санауымыз əділетсіздік болар еді. Тар шеңберден шығарып алып өзінің бар өмір бойы көксеген сол қанды жолда қиылған жанын, азат түркі жұртымен табыстыруға тиіспіз. Бауырын құшағына тарта шырылдаған, көз нұры, түн қараңғысынан алып шығардай жарқыраған айы боп туған, енді бірде бөгде қолдан, жаттың көзінен қорғап иманына орап сақтаған түркі жұртына, мұқым түрік перзентіне махаббаты бұл сөзсіз, Фитраттың түркішілдігін көрсетті. Ақын Мағжанның, қайраткер Мұстафаның Түркістанды қалай көкке көтергеніндей Фитрат та түркі бесігін күзетуде, түзетуде сол биіктен бір мысқыл төмендеген жоқ. Мұны «Анам сенсің» өлеңінен-ақ аңғаруға болады.

- Анам! Сені құтқармаққа айтшы жаным керек пе?

Намыс пенен арымды, иманымды ал көмекке.

Темір менен Шыңғыстың қаны тасып тамырда,

Қасіретіңді көргенде қайысады қабырға.

Жау сұққалы келгенде жүрегіңе қылышын,

Көкірегімді тосамын қалқан етіп Ұлысым.

Тула түркі теңізі рух болып қашанда,

Тұран жауы тұншығар айналып ұр, топанға.

Текті Тұран жігіттері қара қылды қақ жарған,

Ақыршы айбын асырып арыстандай жаулардан - дейді ақын.

Бұл – Отанды қорғаудың, Отанды сүюдің биік те парасатты сипаты еді. Ислам салтанатына қарауылдық қылған Тұран жерін түркі баласының қолынан оңайлықпен алынбайтынын жырлайды. Намысын, иманын жау қылышына қалқан ғып беруге əзір ақынның өршіл рухын аңғарамыз.

«Жұрт қайғысы» – жалынды ұранға толы рухты туындысы.

- Ей, Ұлық Тұран, арыстандар өлкесі.

Тар жол, тайғақ кезеңде де үзілмеген желкесі.

Қарашы енді маңайыңа күйге түстің сен қандай?

Тарылды ма әлде осынша саған біткен кең маңдай?

Ей, Шыңғыс, Темір, Оғыз бен Аттилланың бесігі!

Тәңірінің саған енді қандай болмақ кесімі.

Құлдыраңдап барып тағы неге түстің құлдыққа?

Тарих неге көзін жұмып қарайды екен шындыққа?

Дүниені тітіреткен қайда ұлдарың жүректі?

Неге жарып шықпайды қап-қараңғы түнекті?

Тұяғымен жер тарпыған қайда таудай оғландар?

Менің ащы зар үнімді солай қарай жолдаңдар!

Батырларың қайда алып қорғап тұрар жеріңді?

Жеңілді ме шыныменен неге кері шегінді?

Неге қиды өзгелерге ашық күрес майданын?

Ұлып тұрмын көк аспанға болмағасын қайраным...

Жер жүзінде кеше еді құрғандығың салтанат,

Үнді, Иран, Еуропада қағандарды алқалап.

Қайда сол бір жүрістерің, қайда сол бір бектерің?

Қайтармайды қылышпенен неге кеткен кектерін?

Сен бір жалғыз емессің ғой мәңгі өшпейтін даңқың бар,

Жер қайысқан дүниеде сексен миллион халқың бар.

Дүниені ұстап тұрған сенің текті қаның-дүр.

Қаһарыңа мінде тағы шартарапты табындыр!

Ақын Фитраттың саяси-əлеуметтік поэзиясымен қатар бір арнаулы саласы ол əрине лирикасы. Сыршыл лирикасына Шығыстық дəстүр, шығыстық өлең үлгісі тән.

Фитрат əдебиеттің барлық жанрында қалам тербеді. «Біраз күл» (Бир оз кул), «Сезімімнің тарихы» (Ишқимнинг тарихи), «Тағы жандым» (Яна ёндим..) , «Қор» сияқты өлеңдері лиризмге яғни көңіл күйіне, сезім суретіне толы болуымен ерекшеленді.

Мəселен, «Гөзәлім» өлеңінің алғашқы екі жолында:

- Гөзәлім, теңдессіз гүлістаным,

Райханым жұпарыңмен тыныстадым - деп сұлуды теңдессіз гүлзар, баққа, райхан гүлге теңесе, ары қарай ойын дамыта түскен ақын:

- Мені бекер тастадың,

Тарылды кең аспаным.

Келші, гүлім,

аяғыңа жығылып,

Жүрегімнің төсейін жыр-мақпалын – деп толғайды.

«Тағы жандым» өлеңінің көркемдік қуаты да сүйіспеншілік сезімге толы:

- Жүрегімнің өрттей ыстық алауына қайнаған,

Қайдасың, сен көз жасым?

Жалғыздыққа қалдырғанда айналам

Жанымда сен қалғансың.

О махаббат сенсің жанның қорегі,

Машақатың бірақ, неткен көп еді?

Бұзылғандай бүтіндігі болмыстың,

Жығылғандай үмітімнің терегі.

Қала алмасам жүрегіңнің төрінде,

Құтқара алмас мені тіпті өлім де.

Алтын күндей жарқырап,

Қиялымның сен тұрасың көгінде.

Ішкі тебінеріс, өкпеге толы кеуденің жанайқайы, шарасыз ғашықтың басындағы ауыр хəл, үміттің суалуы, сезімнің алыстауы ақын лирикасында кеңінен көрініс табады.

...Жер жүзінде барлығымды көрсетпекке ұялдым.

Өмірді ойлап мың құбылған, өлімді еске жиі алдым.

Қағба үстін шыр айналған көгершіндей жүрегім

Сырғып сағат тіліменен сені аңсауға құмармын.

Сөзіме неге бақпадың.

Жыладым

Күлдім

Жақпадым.

Ғашық адамның бейнесін «Қағба үстін айналған көгершінге» теңеуі мүлде бөлек сөз, соны теңеу.

- Аппағым, Құдай сақтағай сені,

Көз бәлесінен сақтағай!

Қып-қызыл гүлім, нәп-нәзік үнің,

Ажарың бейне аппақ ай.

Көңілімнің падишасы,

Жүрегімдегі патшадай.

Жарқыра күндей,

Көңілімнің бұлты ашылар.

Алғаусыз соққан ақын жүрегі,

Арманын қалай жасырар, - шыншыл ғашық жүрегімен, шын тілегімен лирикалық кейіпкерін көңіл падишасына, дерт дауасына, жап-жарық айға, көңіл құдайына əлде бұлтына балау автор тарапынан көрініс тапса, өлең нүктесінде анығында қалай атауын білмей аласұрады. Аталған бұл өлеңдер арқылы біз ақын Фитраттың махаббат лирикасының мейлінше толық, əрі жинақы, əрі бөлек екенін аңғарамыз.

Қорытындылай келе, көп қырлы, сан қатпарлы өнер иесінің ақындық мұрасы құнды қазына. Ақынның түркі бірлігін, азаттығын жырлаған поэзиясы да өміршең. Фитрат шығармашылығын жан-жақты зерттеу уақыт талабы.

Көне өзбек тілінен аударған: Алима Момынхан

Өлеңдерін аударған: Арман Шеризат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар