Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Түрленген Түркістан...

01.04.2021 5740

Түрленген Түркістан 12+

Түрленген Түркістан - adebiportal.kz

2018 жылы 19 маусым еліміз үшін көптен күткен үлкен жаңалық болды. Түгел Түркінің төрі саналатын, қасиетті қарашаңырақ Түркістан Елбасының шешімімен облыс орталығына айалды. Бұл тарихи тағылымы мол шешім. Бірлікті ту еткен еліміз үшін жарқын болашақтың бастауы деп білеміз.

Жасампаз жаңашылдығымен дараланып, тұтас Түркінің ақсақалына айналған басшы осылайша Түркістанға жаңаша мазмұн берді. Келбеті күн санап түрленіп келе жатқан Түркістан қазір мүлдем жаңаша сипат алған. Шығыстық үлгіде жанданып келе жатқан көне шаһар алыстан көзді арбайды. Құрлыс қарқынды жүруде. Ал іргелес жатқан Шырайлы Шымкентті үшінші мегаполис етіп республикалық мәртебе берді. Түрленіп түлеген Түркістан түркі әлемінің нағыз орталығына айналып келеді. Түркі дүниесінің мәдени-рухани жауһары іспетті шаһар кемел шешіммен, келісті үлгімен, көркем өнегемен жан-жақты дамудың жаңаша жолына түсті. Алдағы атқарар міндеттері айқындалды.

Ел еңсесі көтеріліп, ерекше қуанды. Кешегі кеңестік кезең төмендетіп келген ұлы рух асқақтады. Халық шаттыққа кенелді. Түркістанның түлеуі түгел түркіні елеңдетті. Баһадүр бабалардың, айбынды Алаш арыстарының аманаты алдында ұрпақ борышын өтегендей болдық.

Түркістан – ұлы қала. Түрік қағанатынан тартқан тамырымыз да, түркілік түбіміз де, тіліміз де осы атаумен үндесіп жатыр. «Ат айналып қазығын тапқандай», жүзімізге нұр сыйлап, жүрекке шам жаққандай күй кештік. Өшіп бара жатқан жадымызды жаңғыртып, жанымызды кіргізгендей болды. Санаға серпіліс, сезімге сергектік сыйлады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Түркістан рухани жаңғырудың жаңаша үлгісін көрсетті. Түгел Түркінің ғалымдары зерттей келе: «Рухани жаңғыру – тұтас түркі халықтардың ортақ олжасы», – деп бағалады. Түр­кістан облысының құрылуы – сол стратегиялық бағдарламаның үлкен жемісі болып табылмақ.

Түгел түріктің түпқазығы болған Түркістанға ат басын сонау 1992-жылы бұрып, бүгінде облыс статусын алып отырған қасиетті өлкенің рухани шырақшысына айналған, осы жерде тұңғыш рет "Түркі тілдес халықтар кітапханасы", "Бейсембай Кенжебайұлының Түріктану музейі", "Түрік халықтарының өнер галлериясы" ашқан, көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек аға Ергөбектің көкейіндегі Түркістанды сұраған едік. Ғалым тереңнен толғай келе: «Түркістанның қадірін бір күн айтып тауыса алмаспыз. Мені президентіміздің: «Түркістан – түрік халықтарының рухани астанасы ретінде түлеу керек» деген бағдарламалық сөзі қуантады. Кеудемдегі перзенттік махаббаттан болар, кеше қазақ хандығының үш ғасыр астанасы болған бұл қасиетті мекен туралы ойым бөлек. Қалың қазаққа қасіретті күнде пана болған, тәуелсіздік алған шақта ана болған шаһар ғой бұл. Түркістан – қай дәуір, қай ғасырда да өз дәуірінің орталығы болған жәдігер қала. Патшалық Ресейдің кезінде уәлаяттың кіндігі болып, кеңестік кезеңде жүдеп, аяққа тасталғандай болды, тарихи әділеттілік жойылды. Біздің Тұңғыш президентіміз сол олқылықтың орнын толтырып, Түркістанды облыс орталығына айналдырды. Енді атына лайық шаруалар жасалу керек қой деп есептеймін» - деген кемел пікір білдірді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар