Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Болмыстың мәні – адалдық...

05.10.2021 4299

Болмыстың мәні – адалдық 12+

Болмыстың мәні – адалдық - adebiportal.kz

2014 жылы, сәуірдің 17-і күні әйгілі колумбиялық жазушы Габриель Гарсиа Маркес дүниеден өтті. Көзі тірісінде-ақ жалпақ әлемді қаламымен жаулаған қайраткер өмірінің соңғы жылдарында қатерлі ісік ауруына шалдығып, есте сақтау қабілетінен айрылды. «Ол темекіні көп шегетін, әрі ылғи ой үстінде жүретін. Қан обырына шалдығуының басты себебі осы шығар», - дейді ұлы Гонзала Гарсиа. «Адам қартайған шағында артына қарағыштап, сүрген өмірінің, жүрген жолының мән-мағынасыздығын көрсе – ең үлкен қасірет сол. Мен қолымнан келгенше жақсы өмір сүруге тырыстым және өмірді шынайы баяндаумен ғана шұғылдандым» деген қаламгердің өз сөзіне қарап, әдемі қартайғанын көруге болады.

Габриель Гарсиа Маркес 7 роман, 47 повесть және 10-ға жуық киносценарийдің авторы. Латын Америка әдебиетінің шырағын магиялық реализмге толы шығармаларымен қайта жаққан қаламгер Кариб теңізінің жағалауындағы Колумбияның Аракатака қаласында туған. Жастайынан түрлі аңыз-әпсаналарды, мифтік қиял-ғажайып ертегілерді естіп өскен құймақұлақ баланың болашақта әдебиетке қадам басып, қалам сілтеуіне ата-әжесінің қолында тәрбиеленуі сөзсіз ықпал етті. Тіптен, Маркестің көптеген романдарының артқы фонында өзінің туған ауылы тұратынын аңғару қиын емес. 1967 жылы испан тілінде жарық көрген "Жүз жылдық жалғыздық" романы әлем оқырмандарының назарын бірден өзіне аударып, жазушының атағын асқақтатқан, мәртебесін өсірген, мерейін асырған сом дүние еді. Романның таралымы 30 млн данадан асып, 35-тен астам тілге тәржімаланған. Өзіне көңілі толмайтын жазушы қолымда сиқырлы таяқша болып, қателігімді түзетуге мүмкіндік туа қалса "Жүз жылдық жалғыздық" романын қайта жазып шығар едім, өйткені өз деңгейінде пісіп-жетілуіне, толысуына, ойларымды тиянақтауыма уақыт аздық етті», - дейді. Дегенмен, әлемді өзгерткен жазушыларының тізіміне кіретін Габоның (қысқа есімі) бұл романы 1982 жылы Нобель сыйлығын алды.

Габоның бізді толғандырған туындысы: «Жұқпалы аурулар мезетіндегі махаббат» немесе «Оба дерті кезіндегі махаббат» (Любовь во время холеры). Роман 1985 жылы жарық көрген. Шамалауымызша, романды Нобель сыйлығын алғаннан кейін жазған. Себебі, оқиғаны баяндау стилінде Габоның бұрынғы жұмбақ, қиын да күрделі сарыны аса байқалмайды. Осы романға қатысты журналисттерге берген сұхбатында Фермина Даза мен Флорентино Ариcтің (басты кейіпкерлер) арасындағы махаббат хикаясы ата-анасының арасындағы оқиғаға негізделгенін жеткізген. Америкалық режиссер Майк Ньюэллдің түсіруімен романның экранизацияланған нұсқасы 2007 жылы шығып, киносүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Романдағы сөз жеткісіз аристократтық сұлулыққа ие Фермина бикеш өзіне ғашық Флорентино Аристің іңкәр көңілінен бас тартып, әкесінің ұйғарымымен доктор Урбиноның зайыбы атанып, тұрмыс құрады. Бұл уақыт - Испания қалашықтарындағы оба індетінің күшіне мініп тұрған мезеті еді. Бір шетінен хикаяның жұқпалы індетпен байланысты аталуы осыдан шығар. Ал сағы сынған Флорентино үмітін үзбейді. Алдындағы жалғыз сүрлеу жол, қайткен күнде кері шегінбей, соңына дейін бару-тын. Оның іңкәрлігінің екпіні үдеп, жалыны жылдар жылжыған сайын күшейе түседі. Бағытынан кері қайтпауға бекінген Флорентино бақандай елу жыл күтіп, құрмет пен атаққа, байлық пен мансапқа, көл-көсір дәулетке кенелген саудагерге айналады. Қартайған шағында доктор Урбино қаза тауып, ақыр аяғында Флорентино сүйіктісімен қауышу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Сюжетінің қысқаша тәпсірі осылай.

Кітап сыртындағы жазуды көзіміз шалғанда шығарма бейсаналық тұрғыда махаббат тақырыбына арналғанын шырамытамыз. Алайда, ондаған, жүздеген, мыңдаған романтикалық хикаяттардың желісіне ұқсамайтын, қаламгердің өзіндік сюреалисттік қорытындысына куә боламыз.. Маркестің көру нүктесі реалистік көзқарастан бір қадам әрі көкжиек сызығы. Әдебиеттің міндеті адам табиғатының түкпіріне тереңдеп, сырына бойлап, құпиясына қанығу. Габоның айтып отырған махаббаты қай махаббат? Тән құмарлығынан биік сабыр мен сенімнің мәселесі ме? Қарттықта махаббат бола ма? Сезім тәкаппарлықты жеңуге қауқарлы ма? Өнер өнегені өмірден ала ма? Болмаса, жазушы өзіндік көркем шындығы арқылы өмірден биік шығарма үлгісін жазып шыққан ба? Осы тақылеттес сентиментальды сауалдардың жауабын сюжеттен іздейміз.

Кез келген әлем әдебиетінің жауһарын әлеуметтік және ұлттық контекстке сілтеме жасамай, қабылдау қиындық туғызады. Естай мен Қорлан, Жібек пен Төлеген, Қалқаман мен Мамыр, Еңлік пен Кебек, Қозы мен Баян, Ақбөбек пен Қайып секілді қос ғашықтырдың баянсыз махаббатын қазақ әдебиетіндегі лиро-эпостық жырлардан оқып өстік. Әке батасынан аттап өту, жесір дауы, таптық теңсіздік, әмеңгерлік, жастай атастырылу, рулық дау-жанжалдарға байланысты қосылмай өткен ғашықтардың бас бостандығы ғасырлар бойы шешімін таппаған өзекті мәселе болатын. Жоғарыда сөз еткен романдағы Фермина мен Флорентиноның қосылмау себебі де осы. Әкесінің туған қызын сіңірі шыққан кедейге қимай, дәулетті дәрігерге ұзатуы ғой. Соның кесірінен бейкүнә тағдырлар бүлінеді емес пе?

Ұжданның жауы – құмарлық. Болмыстың мәні – адалдық. Венаның үшінші мектебі «Логотерапияның» негізін қалаушы Виктор Франкл «Ғұмыр мәні» туралы ілімінде адам жанын экзистенция тұрғысынан талдап шығармашылық, күй кешу, қарым-қатынас құру арқылы тағдырымызға берік болу жайын айта келіп, үлкен құндылықтыр тудырушы ретінде махаббатты алдыға шығарады. Ішкі-сыртқы мәнге жетелейтін құндылықтарды Зигмунд Фрейд «жыныстық құмарлық қанағаттандырады» десе, шәкірті Альфред Адлер «атақ-абыройға жету арқылы» ішкі эгоның сұранысын өтеуге болатынын айтады. Бұлардың екеуімен де келіспейтін Франкл кез келген нәрседен мағына көруге шақырып, махаббатты екі топқа бөліп қарастырады. Біріншісі, екі жаратылыс мүшесі бір-бірінің сыртқы сән-салтанатына қызығып, сұлулығына сүйсініп, тән ләззатына бөленіп, жыныстық құмарлықты қанағаттыру үшін қосылса, екіншісі, физиологиялық құмарлықтан ада шынайы махаббат. Екінші тармаққа жататын махаббат түрі бір-бірін толықтырып, кемшілігімен қоса қабылдайтын, парасат пен пайым биігіндегі жолығысу. Тән ләззатынан жоғары тұратын шынайы сүю һәм болмысты риясыз қабылдау мәселесі.

Махаббат тақырыбы турасында қалам тербеген Абай Құнанбайұлы осынау кіршіксіз сезімді төрт-ақ жол өлеңмен өрнектейді:

Ғашықтық, құмарлық пен - ол екі жол,

Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.

Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,

Мен не болсам болайын, сен аман бол.

Осыдан келіп шығатын қорытынды, шынайы махаббат пен тән құмарлығын екі бөлек қарастыру қажеттігін ұғамыз.

Жазушының оқырмандарға тастайтын кезекті сауалы: қарттықта махаббат бола ма? «Барлық жастағы адамдар махаббатқа бағынады» деген тәмсілді қатал ұстанатын автор қарттық кезеңдегі махаббатты терістемейді. Біз көп ретте жасы егдерген кісілер сезімді ақылға жеңдіреді деген көзқарасты ұстанамыз. Ақын, Ерлан Жүністің «Ұзатылмаған қыз» атты өлеңінде:

Жылай да жылай жастық сарғайды,

Жастық та дұшпан - әр тайса.

Жігіт пен қызда достық болмайды,

Болады, бәлкім, қартайса...

– деген жолдар бар. Соңғы екі тармақта шынайы сүйіспеншілік сезімін жастық шаққа таңып, қарттыққа тән қатынасты достықпен өлшейді. Шығарманың аяқ жағында алғашқы ғашығына оралған Флорентино қаншама жанға өтірік айтып келгеніммен сол жолы ақиқатты жасыра алмай, «адам өз бақытын махаббаттан ғана іздеу керек» демеуші ме еді? Алғашқы ғашығын көргенде жастық аңсары мен қалауы, түйсігінің түкпірінде сақталған құсни сағынышы, орындалмай қалған арзу арман-мұраттары, мөп-мөлдір махаббаты мазалап, құлазуы мүмкін. Әйткенмен, қай ракурстан алып қарасаңыз да қарттықта нәпсілік құмарлық болмайтыны анық дүние.

Жалпылама алғанда махаббат тақырыбы ғасырлар бойы талқыланып келеді. Махаббаттан музасын іздеген шайырлардың, сиқырлы әуез естіген сазгерлердің, өзгеше бояу аулаған суретшілердің толғанысқа толы туындылары адамзат кеудесіндегі ең бір нәзік сезімдердің қылын шертіп, әсерін аулап, мейірімін оятты. Махаббат – он сегіз мың ғаламды жаратушы Тәңірінің тұңғыш сөзі. Осы орайда қазақ поэзиясында есімін алтын әріппен қалдырған ақын, сұңғыла суреткер Жұматай Жақыпбаевтың ықыласы ауған ғашығы Ләйлаға деген шынайы сүйіспеншілігін ерекше айта кеткен жөн. Алғаш рет би кешінде танысып, кейін ғұмырлық жыр-тақырыбына арналған аруды Жұматай бар-жоғы үш-ақ рет көріпті. Үш-ақ рет. Содан құсалы боп, Мәжнүннің кейпін кешкен. Кешқұрым саябақтарға серуен құрмаған. Қасына барып, бір ауыз тілдеспеген. Ләйләні сырттай бақылап өткен Жұматайдың жұмбақ тағдыры турасында сансыз жорамалдардың айтылуы заңдылық. Ол Ләйліге арнап қанша уақыт өтсе де өңі өшпейтін теңдесіз өлеңдер қалдырды. Өзі ұнатқан жаннан махаббат талап етпеді, құшуға құмартпады. Сырттай үнсіз бақылады. Бұл Жұматайдың саналы түрде қабылдаған шешімі, махаббатқа шынайы баға беруі болатын. Флорентино мен Жұматайдың ұқсастығы осында.

Габриель Гарсиа Маркестің романындағы негізгі тақырып шынайы махаббат төңірегінде болғанымен, біз махаббат тақырыбын көкпар ете алмаймыз. Өйткені, ырқымызға бағынбайды, еркімізге көнбейді, игеруге келмейді. Шынтуайтына келгенде махаббаттың өзі адамзаттың сана-сезімін көкпар етіп, сергелдеңге салады, құдыретіне елітеді. "Шын ғашықтар қосылмайды" деген стереотипті бұзғысы келген Маркес өз шығармасын оптимисттік нотада аяқтайды. Әдетте өнер өнегені өмірден алатынына шүбәсіз сенгенімізбен, кей тұстары өмірдің өзіне үйреткісі келетін ым-ишарасын түсініп, ести алмайтынымыз өкінішті. Көңіліміздегі көрікті ойды сыртқа шығарғанда өңі қашатынындай, махаббат жайлы айтуға оқталған барлық талпынысымыз ішіміздегі мөп-мөлдір тұнбаны лайлап, құнын түсіретіндей көрінеді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар