Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Серік Жанболат шығармашылық кешіне шақырады

29.03.2015 176

Серік Жанболат шығармашылық кешіне шақырады


11087197_848277885222091_1014455114_n.jpg
8-сәуір күні Алматы қаласындағы Студенттер сарайында белгілі журналист, композитор Серік Жанболаттың 50 жасқа толуына орай шығармашылық кеші өтеді. Кешке қазақ эстрадасының жұлдыздары, дәстүрлі ән өнерінің дарабоздары қатысады.
Серікбек Мейрамбекұлы Жанболат 1964 жылы Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында дүниеге келген.1981 жылы аудандық «Совхоз туы» газетінде журналистік қызметін бастап, содан бері 30 жылдан астам уақыт бойы теледидар мен газет саласында табан аудармай еңбек етіп келеді. Білікті журналист, іскер ұйымдастырушы Серікбек Жанболаттың авторлығымен Қазақ теледидары саласында әр кездері «Ар» студиясы, «Жігіттің сұлтаны», «Қыз сыны», «Тайбурыл» телебәйгесі, «Үкілі үміт» түркі әндерінің байқауы сынды сәтті жобалар дүниеге келіп, теледидардың алтын қорын толықтырды.
1998 жылы «Хабар» агенттігінде «Сәлем, Қазақстан» таңғы ақпараттық-сауық бағдарламасын ашып, Ақпараттық дирекцияның продюсері, «Жеті күн» және «Бетпе-бет» саяси-аналитикалық бағдарламаларының редакторы әрі жүргізушісі болды. Сондай-ақ Қазақстан республикасының  Президентінің халықпен алғашқы тікелей эфир арқылы сұхбатын да осы Серікбек Жанболат жүргізген болатын. Одан кейін Серікбек Жанболат Қазақстан Ұлттық Арнасы бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарып жүрген кезде  тамаша ұйымдастырушылық қабілетімен қоса, саясаттанушы әрі экономикалық талдауларға бейім маман ретінде жаңашылдық көзқарастағы жаңа заман журналистикасын қалыптастыруға ерекше үлес қосты. Сол кезде бүкіл қазақ көрермендерінің көзайымына айналған «Көкпар» пікірталас, ойсайыс бағдарламасы рейтингі ең жоғары бағдармалардың бірі болды. Теледидар саласында еңбек еткен жылдары Серікбек Жанболат жалпы қазақ телеөнер саласында  бағдарлама жүргізушілерінің өзіндік мектебін қалыптастыруға ұйытқы болды.
Серікбек Жанболаттың шебер әрі жаңашыл ұйымдастырушы екені әсіресе 2004 жылы «Айқын» республикалық газеті дүниеге келген кезде анық байқалды. Жоқ жерден жаңа ақпараттық бағыттағы заманауи күнделікті шығатын газет туғызу, оның алғашқы бас редакторы ретінде ақпарат айдындағы орнын іздеу, өзі басқарған үш жарым жыл ішінде республикадағы ең іргелі басылымның біріне айналдыруы – Серікбек Жанболаттың біліктілігін көрсетсе керек. Осы аз ғана уақыт ішінде «Айқын» газеті Қазақстан Республикасы Президентінің, Журналистер Академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлықтарын жеңіп алды.
2008 жылдың қазан айынан бастап республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық «Алаш айнасы» газетінің бас редакторлығына тағайындалып, тағы бір жаңа тұрпаттағы заманауи басылымды басқарды. Газет дүниеге келген жылы-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Жыл жаңалығы», одан кейін қатарынан екі жыл «Үздік басылым» номинацияларымен марапатталды. Бүгін сол басылым жаңа тұрпаттағы портал ретінде еліміздің ақпарат кеңістігіндегі танымал, білікті де беделді басылымға айналды.
Серікбек Жанболат тарихи-танымдық  деректі фильмдер түсіру бағытында да үлкен еңбек етіп келе жатқан журналист. Оның Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н. Назарбаев жайлы «Біздің таңдағанымыз біріншісі» деректі фильмі көрермендер  мен мамандар тарапынан лайықты бағасын алды. Жас мемлекетіміздің алғашқы қадамдары мен оның кемелдену жолындағы Елбасының зор еңбектерін паш ететін фильм Қазақстан Ұлттық  Арнасының эфирінен бірнеше мәрте көрсетілді. Серікбек Жанболаттың ақиқатқа жол ашқан Шәкәрім жайлы «Мен жау емеспін», «Мұқағалидың шындығы», «Қазақтың қара баласы» атты деректі фильдері өз тарихымызды тануға сүбелі үлес қосқан салмақты туындылардың қатарына қосылды.
Сол сияқты Серікбек Жанболат «Шығысым менің!», «Семейім еркем», «Шыңғыстау аруы» тәрізді елге кең тараған бірнеше әндердің авторы.
Белгілі тележурналист, «Айқын» және «Алаш айнасы» газеттерінің негізін қалаушылардың бірі, деректі киношы, сазгер, білікті ұйымдастырушы Серікбек Жанболат Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты және Президент алғыс хатының екі мәрте иегері. Қазақ журналистика саласына сіңірген еңбегі үшін «Мәдениет қайраткері» төсбелгісі табыс етілді. Қазақстан Журналистер Академиясының академигі.

adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар