Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
«Махамбет философиясының» тұсаукесері өтеді

05.02.2015 629

«Махамбет философиясының» тұсаукесері өтеді

Бүгін қазақ әдебиетіне жаңаша көзқараспен келген қаламгер, проза, кинематография және көсемсөз жанрын қатар ұстанған, өзіндік ерекше стилі бар жазушы Дидар Амантайдың туған күні. Осыған орай Алматы қаласының әкімдігі мен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның ұйымдастыруымен Алматы қаласында Ұлттық кітапханасында қаламгердің «Махамбет философиясы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі және Дидар Амантай шығармашылығына арналған баспасөз мәслихаты өтеді. Тұсаукесер рәсіміне Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Асанәлі Әшімов, Рашид Нұғманов, Әлмира Наурызбаева, Әлия Бөпежанова, Мамай Ахет сынды белгілі әдебиет және өнер қайраткерлері қатысады. 

10978501_1525401381057313_8292795090494000303_n.jpg
2014 жылдың қараша айында жазушының “Махамбет философиясы” атты кітабы жарық көрген болатын. Жинаққа өзектес, сабақтас, тақырыптас шығармалары топтастырылған. Автор кез келген туындысында қаһарман мінез-құлқын, қимыл-әрекеті мен пәлсапалық ой-толғауын ерекшелеуге талпынған.
2013 жылы АҚШ-та “Қарқаралы басында” атты кітабының ағылшын нұсқасы басылып шықты. Бұл туралы қосымша ықшам-ақпар беріліп отыр.
“Махамбет философиясы” атты кітапқа “Тоты құс түсті көбелек” және “Топ шеңгел” романдары, “Ібіліспен сүйісу” повесі, “Көзіңнен айналдым” әңгімесі, сонымен қатар, 40-қа тарта философиялық эсселер енді.
Тағы айта кететін жайт, 2011-2012 жылдары Париж, Анкара және Ұлан-Батор қалаларында Дидар Амантайдың кезінде Алматыда жарық көрген “Қарқаралы басында” атты проза кітабының француз, түрік және монғол тілдеріне аударылған тәржіме нұсқалары басылып шықты.
Парижде шыққан кітапқа “Гүлдер мен кітаптар” романы енді, алғысөзін қазақтың даңқты ақыны, заңғар ойшыл Олжас Сүлейменов жазды. Жалпы, бұл кітаптың Парижде жарық көруіне Олжас Сүлейменов зор қамқорлық жасады. Қазақ тілінен французшаға тәржімелеген – Айтқали Бақытов, ал редакторлық жұмысты атқарған – Франция азаматы. Кейін бұл аударма кітап жөнінде мәдениеттанушы Альбер Фишлер сыни мақала жазып, ой-пікірін білдірді.
Ал, түрікше нұсқасы “Гүлдер мен кітаптар” романы мен “Төлеутай ақсақалдың немересі» әңгімесінен құрастырылды, аудармашысы  белгілі шоқайтанушы, қаламгер Әбдіуақап Қара.
Қазақтың көрнекті жазушысы, проза шебері әрі кинодраматург Дидар Амантай ел назарына ұсынған бұл кітабына өзектес, сабақтас, тақырыптас шығармаларын енгізіп отыр. Автор кез келген туындысында қаһарман мінез-құлқын қимыл-әрекеті, пәлсапалық ойы және диалогтары арқылы жан-жақты ашып суреттеуге талпынған. Қаламгердің ойынша, әдебиет дегеніміз — сағынышқа құрылған мөлдір әңгімелер. Кітаптың тілі шұрайлы, бояуы қанық, оқиғалары қызықты. 
Монғолша тәржімесіне “Гүлдер мен кітаптар” романымен қатар бірнеше әңгімелер топтастырылды, тәржімелегендер – Жазгүл Жұмабай мен Нәпіл Базылхан. 
10392303_769820563111473_7433129808761209871_n.jpgЖалпы, Дидар Амантайдың “Қарқаралы басында” атты кітабы – бес томдық шығармалар жинағының алғашқы томы. Екінші томы – “Махамбет философиясы” атты кітабы. Автор алдағы жылдары қалған үш томды шығаруды өзіне мақсат тұтып отыр.
Үрімші қаласында орналасқан ҚХР Шынжаң өлкелік баспасы Дидар Амантайдың “Гүлдер мен кітаптар” романы, “Мен сізді сағынып жүрмін” повесі және отыз жеті әңгімесін бір кітапқа топтастырып, баспадан шығаруды жоспарлап та қойды.
Бүгінгі күні елге белгілі аудармашы Қайша Тәбәрікқызы Дидар шығармаларын қытай тіліне аудара бастады. Бір топ әңгімесі Қытайдың (天涯) («Tian Ya») «Қиян» атты әдеби жорналына шығып та үлгерді.
2010 жылы Сіздердің назарларыңызға ұсынылған “Қарқаралы басында” және 2014 жылы жарыққа шыққан “Махамбет философиясы” атты кітаптары қазіргі таңда орыс, неміс, араб, парсы және кәріс тілдеріне тәржімәланып жатқанын айта кеткен жөн.
Проза, кинематограф және көсемсөз жанрын қатар ұстанған Дидар Амантайдың бұл кітаптары, бір тараптан, қаламгердің қазақ әдебиетінің мәртебесін асыру, шетел оқырмандарына таныту жолындағы және, сонымен қатар, қазақ оқырман қауымы алдындағы есебі тәрізді екені рас. Әлем әдебиетіндегі соңырқалап келе жатқан жаңа ағымдар, ізденістер, бағыт-бағдар, жалпы, роман-әңгімелердің тағдыр-талайы, түрлі ұлт прозасындағы қалыптасқан машық, кезеңдік жазу мәнерлері мен сюжеттік желі, тәсіл және атмосфера, бәрі-бәрі бүгін өтетін қаламгерге арналған баспасөз мәслихатының тақырыбы болары сөзсіз. Қаламгердің “Махамбет философиясы” кітабын астаналық оқырмандар "Абай" кітап дүкенінен алуына мүмкіндігі бар. 

adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар